• Ел мұраты
  • 28 Мамыр, 2019

«ТОҒЫС ТОҒЫЗ» ЖӘНЕ «ЖЕТІ АМАЛ»

Бүркіт НҰРАСЫЛ, әдебиеттанушы

Болмысынан көшпелі өмір салтына негізделген қазақ халқының табиғат туралы таным-түсінігі тым ерекше. Тіптен ешкімге ұқсамайды деуге де болады. Жылдың 365 күнін әрқайсысы 90 күннен тұратын төрт тірі құбылысқа (кейбір зерттеушілер мұны төрт дүлей деп атап жүр) бөліп қарастырады. Бұларды күнделікті өмірде көктем, жаз, күз және қыс деп шартты түрде атағанымызбен бұрынғылар бұл мезгілдерді су, от, топырақ және ауа секілді төрт жаратылыстың патшалық құратын уақыты деп санаған.

Мәселен, көктемде дүниенің барлығын су басады, жазда көк шалғын (от) және ыстық ауа райы орнайды. Күзде шөп сарғайып, ыстық қайтады. Топырақ көрініп, жер демалады. Ал, қыста алдыңғы үш дүлейдің тыныштық тауып боран мен ұйытқыған желдің уақыты келеді. Мұны табиғаттың бұлжымас заңы деп қабылдады, мойындады. Яғни, жазда судың, тасқынның алдын алып, я болмаса қыста қармен алысып әуре болмады. Әрі осы төрт дүлейдің қар, жаңбыр, ыстық, суық, аяз, жел, боран секілді құбылыстарын амал деп атаған. Сондай-ақ, асқан дәлдікке негізделген төл күнтізбеміз «тоғыс» есебімен күн кешті. Осы амал мен «тоғыз тоғысқа» қарап болжам жасаған, малын төлдетіп, көшін түзеген. Сол секілді халқымыздың уақыт пен кеңістікке қатысты өлшем ұғымдары да айрықша. Әлемнің ешбір елінде кездеспейді. «Тоғыс» – үркер шоқжұлдызының қозғалысына негіздеп жасалған дәстүрлі күнтізбеміз. Өкініштісі, сол көнекөз қариялардың азайып кетуіне байланысты бүгінде ұлттық танымға негізделген бұл күнтізбемізден айырылып қалу қаупі бар. Бірақ соған қарамастан зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген азаматтар да жоқ емес. Солардың бірі – белгілі зерттеуші Қадан Қабисатұлы. Қадан ағаның айтуынша, әрбір тоғыс үш күнмен есептеледі. «Айдың үркерді басып өтуі – тоғыс деп аталады. Осы үркерге қарап аталарымыз қыс пен жаздың басын анықтаған. Халықтың «Үркер шаңырақтан көрінсе үш ай тоқсан қысың бар, ел жатқанша үркер жанбасқа келсе жаз шықпағанда несі бар» деп тәмсілдеген. Күз басында үркер іңірде күншығыстан, қыс басында төбеден ал, көктем келгенде күн батыстан көрінеді. Өкінішке қарай, бүгінде тоғыс есебін жүйрік білетін есепшілер мен дана қариялар азайып кетті» дейді ол. Енді, осы зерттеушінің мәліметтерін сөйлетейік: Үркер жұлдызы күн мен айдың ортасында жатыр. Есеп осыған негізделеді. Дәл тоғыс кезінде үркер жұлдызы айдың арғы жағына тасаланып көрінбейді. Үркер қайта көрінгенде тоғыс аяқталып келесі тоғыс басталады. Яғни, есеп бойынша, бір тоғыстан екінші тоғысқа дейінгі мерзім тоғыс айы деп атайды. Үркер жұлдызының күн мен айдың арасындағы орналасуына қарап жылдың нақты қай мезгілі келгені әрі айдың қай тоғыс екендігін анықтап отырған. Көшпелі халық өз шаруашылығы мен көші-қоны тағы басқа да науқанды жұмыстарын да тоғыс есебіне сәйкестендірген. Тоғыс айының ұзақтығын ғылымда 27 күн 7 сағат, 43 минут деп есептейді. Мұны жуық шамамен 28 күнмен есептейміз. Бір жылда 13 тоғыс айы немесе ай мен үркер бір жылда 13 рет тоғысады. Жаз басында Үркер аспан сферасының екінші жартысында көкжиектен төмен кетеді де, жер шарының солтүстік жартысындағы елдерге 40 күн көрінбейді. Қазақ мұны үркер 40 күн жерде жатады деп айтады. Сол 40 күнде екі рет тоғысуға тиіс. Бірақ біз көре алмаймыз, тек он бір тоғысты ғана көре аламыз. 13 тоғысты 28 күнмен көбейткенде 364 күн болады. Бұл мизамша, яғни, қазіргі күн санаудан бір-екі күн кем деген сөз. Бұл күндер жыл аяғында тоғыстан тыс қосылып отырады. Тоғыс есебі бойынша жыл басы - бір тоғыс ай. Ол әрдайым мамыр айына сәйкес келеді. Бұрын жыл басын мамыр айынан есептеген. Бұл айда құстар келіп болады. «Жыл құсы» деген атау осыған байланысты. Сонан соң, 25, 23, 21, 19, 17, 15, 13, 11, 9, 7, 5, 3 тоғыс айлары келеді. Ең ақырғы тоғыс – 3 тоғыс айы. Тоғыс үнемі тақ санға келе бермейді. 4, 6, 8 тоғыс та болуы мүмкін. Қалыптасқан дәстүр бойынша оны тақ санға сәйкестендіріп айта береді. Тоғыс есебі ежелгі түркі және үнді халықтарына белгілі болған. Мәселен, қазақтар, қырғыздар, хакастар, алтайлықтар, тувалар қолданған тоғыс айларының әдеттегі айлармен сәйкестігі мынадай болып келеді: 23 тоғыс – шілде 21 тоғыс – тамыз 19 тоғыс – мизам 17 тоғыс – қазан 15 тоғыс – қараша 13 тоғыс – желтоқсан 11 тоғыс – қаңтар 9 тоғыс наурыз айы 7 тоғыс қаңтар айы 5 тоғыс – көкек (сәуір) 3 тоғыс – мамыр 1 тоғыс – маусым. Амалдар Қазақтың дәстүрлі ұғымында «күннің тоқырауы», «қарашаның қайтуы», «үркердің батуы», «мұздың қатуы», «киіктің матауы», «қыс тоқсан» және «ай тоғамы» деп аталатын жеті түрлі амал бар. Күннің тоқырауы деп күн мен түннің ең ұзақ мезгілдерін атаған. Яғни, маусым айының 21-нен 22-сіне қараған күннің ұзарып, түн қысқаруы. Ал, қысқы тоқырауда (21-22 желтоқсан) түн ұзарып керісінше күн қысқарады. Ай тоғамы – Айдың Үркер шоқ жұлдызымен тоғысуы. Бұл уақытта Ай мен Үркер бір-бірінен алыс түссе жайсыз ауа-райы келе жатыр деп алдын-ала қам жасап, малын жайлы жаққа айдаған. Керісінше Үркер мен Ай жақын туса мал-жанға жайлы болады деп жорамал жасаған. Қарашаның қайтуы – жаз бітіп күз басталатын уақыт. Бұл мезгілде құстар жылы жаққа қайтып, ауа-райы да құбылмалы күйге түседі. Мұздың қатуы – судың бетін жұқа мұз басып, алғашқы қар жауған шақтан басталады. Бұл кезең «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» кезі наурызға дейін жалғасады. Киіктің матауы деп қыркүйектің аяғы, қазан, қараша айының басына сәйкес келеді. Бұл кезде киік, таутеке, арқар секілді тұяқты жануарлардың текесі үйірге түсетін кезді атаған. Осыған байланысты бұл мезгілді «теке бұрқақ» деп те атап жатады. Үркердің батуы – үркердің мамыр айының 10-жұлдызында батып, маусым айының 20-жұлдызына дейін көрінбейтін 40 күн аралығы. Көшпелі бабаларымыз «үркер жерге түспей жер қызбайды», «үркер суға түссе, жаз жаңбырлы болады» дейтіні осыдан болса керек. Сонымен қатар, бұл амалдарға бесқонақ, және кіші қараша, үт және тоқырауын секілді амалдарды да қосып жүр. Бұл амалдар көбінесе еліміздің батыс және шығыс өңірлерінде айтылады. Енді, солардың бір-екі нұсқасын келтіріп өтейік. Қадан Қабисатұлының нұсқасы Тоқырауын амалы – қаңтардың жиырмасында кіріп, жиырма бесінде шығады. Бұл – күн тоқтаған кезге байланысты келетін амал. Ақпан амалы – үт айының онында кіріп, он бесінде шығады. Халық аңызында Ақпан-Тоқпан есімді ағайынды екі жігіт кезекпен қой бағады екен. Ақпан қой жайған күні ауа райы кенеттен бұзылып, қоймен бірге ығып, далада үсіп өлген. Сол қыс жұтқа айналып, содан ақпан амалы қалған дейді. Үт амалы – үт айының жиырмасында кіріп, жиырма бесінде шығады. Наурыз амалы – бірдің айының онында кіріп, он бесінде шығады. Әз амалы – бірдің айының жиырмасында кіріп, жиырма бесінде шығады. Әзді ақ сақалды үлкен қария адамның бейнесімен бейнелеп түсінеді. От амалы – көкектің онында кіріп, он бесінде шығады. Сіріңке жоқ заманда көрші ауылдан от алуға барған әйел қайтып үйіне жеткенше бұрқақтан адасып үсіп өледі. Осыдан от амалы атанған. Керейлерде «от амалы – оңына бақса от алғанша, терісіне бақса оталғанша» деген тәмсіл сөз бар. Сәуір амалы – мамыр айының онында кіреді. Кейбір жылы сәуірде ауа райы бұзылып 40 күнге жалғасады. Қариялар сәуір амалы кіргенде бұлтты бақылайды. Бұлт төніп, ыдырамаса, сәуірдің бұлты қалып қойды дейді. Ол жылы сәуір амалы ұзаққа созылып, бұлт төніп, мұз жауады. Сондықтан, «сәуір болмай тәуір болмас» деген тәмсіл. Саратан Зауза амалы – маусымның онында кіріп, он бесінде шығады. Сары атан түйеге мінген Зауза атты қыз құрбан айтта қыдырып, жолда үсіп өлген дейді. Содан Саратан-Зауза атанған. Амалдар жөнінде басқа қазақ жерлерінде әр түрлі варианттар айтылуы мүмкін. Бұлардың сыртында «көкірекшал», «құралайдың салқыны», «аласапыран», «бұлбұл торғай» сияқты амалдар айтылады. Наурыз айының жиырмасы кезінде аласапыран деген амал кіреді. Құралайдың салқыны – шамамен мамырдың жиырмасында болады. Бұл – аң төлдейтін мезгіл. Сол кезде тау басына бұлт төніп, аспан бұзылады. Аң солай өрлеп бұлтпен тасаланып төлдейді. Амал бірнеше күнге жалғасады. Киіктердің құралайы аяқтанады. Амал аты осыған байланысты қойылған. Бұлбұл торғай амалы – жаз басында болады. Жаз торғайының келуіне байланысты болуы мүмкін. Белгілі зерттеуші, өңіртанушы Есенгелді Нұршаевтың нұсқасы бұдан сәл өзгеше. Қазбек наурызы – 23 ақпанда болады. Бұл кезде інде жатқан тышқан жер бетіне бір шығып, қыс ызғары қатты болса, қайта ініне барып жатады, – дейді. Бұл көлденең шөпке жан кіретін кезең делінеді. Наурыздың ақша қары – 10-15 наурыз шамасында жауады. Бұл ескі күнтізбе бойынша жылдың басы. Ертеде оны «Наурыз-айт» деп, мереке ретінде атап өткен. Қазір де ел арасында ескіше Жаңа жыл ретінде бір-біріне игі тілектер айтып, көрісіп жатады. Мұнда ешқандай діншілдік пиғыл жоқ. Отамалы – 22-27 наурыз шамасында. Бұл кезде ауа райы құбылмалы болады. Сондықтан, оны отамалы-ойылған қыс деп те атайды. Бесқонақ – 8-20 сәуір аралығында. Бұл ескі күнтізбе бойынша ескі айдың соңғы бес күні, жаңа айдың алғашқы бес күні қосылып, 10 күнді құрайды. Сондықтан, бес ескі, бес жаңа деп те атайды. Ертеде «осы күндердің ішінде көктемнің кезі деп қаннен-қаперсіз қыдырып шыққан бес қонақ суыққа ұрынып, үсіп өліпті» деген ел аузында аңыз да бар. Бесқонақтың дауылынан кейін Қаратамақ, Саршыбжық торғай келеді. Құралай – 28 мамырдың о жақ-бұ жағында. Бұл киіктің лағын өргізетін кез. Киіктің құралайындай деген сүйкімділік ұғымы осыдан келіп шыққан. Кіші қазан – 28 қыркүйектен кейін, 4-5 күн шамасында өтеді. Күн суытып, алғашқы салқындық болады. Жиналмаған егінге қауіп төнетіні осы шақ. Үлкен қазан – 8 қазаннан кейін келеді. Салқындық болып, шөп солып, ағаштың жапырақтары түсе бастайды. Кіші қараша – 28 қазан-8 қараша аралығында. Ауа райы құбылып, бұзылады. Қар аралас жауын-шашын, үскірік жел болып, күздіктегі малшыларға қиындық туғызады. Қараша, қаздар мекеніне қайта бастайды. Үлкен қараша – 18-28 қараша аралығында өтеді. Бұл «кіші қарашадан» гөрі, қыстың алғашқы хабаршысы іспетті қаһарлы болады. Киіктің матауы (бұрқағы) – 19-29 желтоқсан аралығында. Бұл кезде көбіне қар жауып, ұйытқыған боран болады. Осы уақыттың ішінде киіктің текелері өзіне табын құрып, шағылысқа кіріседі. Сөйтіп, бұл табиғи науқан 10 күннің ішінде ұйымшылдықпен өте шығады да, көктемде әр ұрғашы киік екеуден лақ өргізеді. Басында айтып өткеніміздей халқымыздың «қозыкөшжер», «итарқасы қиянда» немесе «ит өлген жер», «атшаптырым», «құлан жортпас қу дала» секілді уақыт пен кеңістікке қатысты өлшем ұғымдары да күнделікті өмір сүру ортасы, мен шаруашылығынан сыр шертіп тұрған жоқ па?! Тіптен табиғаттың өзімен, яғни, атам қазақтың анатомиясымен астасып кеткен. Рас, әлемде бірге туғанына «бауырым» деп езіліп тұратын тек қазақ қана. Сөйтсек, мұның өзі даналық екен. Қазіргі медицина адам денесіндегі бауырдың бір бұрышында 300-400 грамм қан сақталатынын анықтап отыр. Жарақат алып, я болмаса оқыс жағдайға ұшырап қан жоғалтсаңыз оның орны осы қормен толықтырылады екен. Қазақ сондай-ақ, «бүйрегім бұрып» тұр деп жатады. Ең қызығы, адамның ішкі мүшелерінің ішінде тек бүйрек қана оңға-солға, жоғары төмен бұрылып тұрады екен. «Қарға тамырлы қазақ» деген сөздің өзінде үлкен мән жатқанын байқауға болады. Сол секілді, «көз ілеспеу», «көзді ашып жұмғанша», «қас пен көздің арасында»,«қол созым», «кірпік қаққанша», т.б тіркестер туралы да көп дүние айтуға болады. Әрі бұлар әлемнің ешбір елінде кездеспейтін тіркестер.

905 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз