• Еркін ой мінбері
  • 28 Мамыр, 2019

ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК ЖӘНЕ ӘЙЕЛДЕР ҚҰҚЫҒЫ

Соңғы жылдары дүние жүзі бойынша әрбір мемлекеттің тұрақты дамуға қол жеткізу үшін қоғамда гендерлік теңдік орнату және төзімділік мәселелері өзектілене түсті. Әйелдер қозғалысы барлық елдерде қоғамдық-саяси сипат алып, өз ықпалын күшейтуге бағыт алды. Олар гендерлік әділеттілік қағидасын басты ұстаным ретінде басшылыққа ала отырып, мемлекет пен қоғам өміріндегі әйелдер мен ерлер ролінің арақатынасын теңестіруді мақсат етеді. Бұл, әсіресе, билік саласындағы қатынастарды қамтиды. Сол себепті, саяси билік жүйесінде гендерлік теңдікті қалыптастыру мәселесі әйелдерге деген дәстүрлі көзқарастарды қайта қарап, прогрессивті заңдылықтарды ескеруді талап етеді.

Жалпы, әйелдердің құқын қорғау мәселесі тарих барысында қоғамдағы әйелдерге деген көзқарас, күш көрсету, құқығын таптау, ер адамға бағыныштылықта ұстау сияқты мәселелерге жауап ретінде көтерілгені мәлім. Біртіндеп әйелдердің проблемасын заң жолымен шешу тәжірибесі қалыптасты. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап гендер мәселесі тиісінше осы саладағы құқықтық-нормативтік заңнамалар арқылы заңды негізге ие болды. Гендерлік үдерістерге қатысты құқықтық ережелер ең алдымен Халықаралық еңбек ұйымының конвенциясында көрініс тапты. Ол еңбеккер әйелдердің құқықтарын қорғауға арналды және Ерлер мен әйелдерді тең бағалы еңбегі үшін бірдей марапаттау туралы Конвенция деген атпен 1951 жылы 29 маусымда қабылданды. Бұл Конвенция әлемде бірінші рет еңбекке ақы төлеуде жынысы бойынша дискриминацияға жол бермеу туралы сөз қозғады. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1993 жылы 20 желтоқсанда әйелдерге қатысты күш көрсетуді жою жөніндегі Декларацияны қабылдауы осы салаға халықаралық сипат берді. Мұндағы 2-бапта әйелдерге физикалық, жыныстық және психологиялық күш көрсетуге отбасы мен қоғамда ғана емес, сонымен бірге мемлекет тарапынан та тыйым салу ерекше назар аудартты. Сондай-ақ, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, саяси және азаматтық Халықаралық пактілер осылайша адам құқықтарына қатысты әмбебап құжаттар болып табылады. Мұнда әйелдердің жеке өзіне қатысты құқықтық ережелер мен жалпы адам құқығы туралы заңнамалар бар екендігін атап айту қажет. Соның өзінде тек әйелдердің құқын қорғайтын заңнамалар да жалпы адам құқықтарынан бастау алады және одан тыс қарастырыла алмайды. Дегенмен, әлем елдері бойынша гендерлік әділеттілікке қол жеткізу ісі әлі де қарқынды сипат алмай отыр. Тіпті, дамыған мемлекеттердің өзі бұл мәселені әлі толығымен шеше қойған жоқ. Бұл ең алдымен қоғамда қалыптасқан таптаурындарға байланысты. Әйел мен ердің арасындағы айырмашылық олардың биологиялық табиғаты, қоғам, ұлттық ерекшелік, салт-дәстүр, білім жүйесінің жағдайы, отбасындағы тәрбие, қоғамның даму деңгейі деген алғышарттарға келіп тіреледі. Осыған байланысты гендерлік таптаурындар арасында ер мен әйелдің белсенділігі мен әрекетшілдігіне байланысты билік пен басқару саласына қатысу ерлердің пайдасына шешіледі. Билік үшін талап етілетін қасиеттер – рационалдылық, салқынқандылық, шешім қабылдау, батылдық, табандылық, жігер, өзіне сенімділік, күш, көшбасшылық және т.б. тек ерлерге тән саналады. Ал, әйелдердің бойындағы нәзіктік, сақтық, эмоциялар, енжарлық, бағыну, тәуелділік, жұмсақтық, әлсіздік биліктің табиғатына мүлдем жат. Осыдан келіп, маскулиндік қоғам өміріне араласуға тікелей жолдама беретін болса, феминдік отбасымен байланыстырылады. Қоғамның шарықтап дамыған қазіргі кезеңінде де бұл таптаурындар аса өзгере қойған жоқ. Қазақстандық қоғамның дамуы әлеуметтік салаға басымдық беруге ықпал етті және оның ішінде әйелдердің мүдделері мен құқықтарын қорғау маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Гендерлік теңдік – жалпы адам құқықтары теңдігінің құрамдас бөлігі. Қазақстан Республикасының Конституциясының 14-бабында «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе басқа да жағдайлар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп, гендерлік теңдіктің негізін қалаушы тұжырым жасалған. Сондай-ақ, бұл құжатта мемлекеттің ең басты қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екендігі айқындалған. Әйел-ана мәселесіне Елбасы Н.Назарбаев тарапынан да айрықша көңіл бөлінгені белгілі. Мәселен, «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауда: «Мемлекет үшін және менің жеке өзім үшін де ананы қорғау – ерекше мәселе» деп атап көрсетті. «Біз Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болулары үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет. Әйел заты әрдайым біздің қоғамның теңқұқылы мүшесі. Отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс. Заң, мемлекет және мен біздің ханымдарымыздың жағындамыз» делінген. Бұл тұжырымдар еліміздегі гендерлік теңдік үрдістеріне үлкен серпіліс беретін және нақты міндеттер жүктейтін маңызды бағдар. Қазіргі кезде гендерлік теңдікке қатысты өзекті мәселелердің бірі – саяси және мемлекеттік басқару саласындағы әйелдердің алатын орны. ҚР-ның гендерлік теңдік туралы стратегиясының маңызды бір бағыты да осы саладағы әйелдердің ролін арттыру болып табылады. Қазақстанда басқару және саяси билікте ер адамдардың артықшылығы басым. Әкімшілік-басқару құрылымы негізінен ер адамдардан тұратын институт болып қалып отыр. Шешім қабылдау үдерісіндегі мұндай айқын айырмашылық билік қатынастары саласында өзіндік теріс жайттар туғызбай қоймайды. Бүгінгі күнгі Қазақстандағы гендерлік үдерістердің нақты ахуалына билік саласындағы әйелдердің құрамына талдау жасау арқылы көз жеткізуге болады. Әйелдердің саяси мәртебесі олардың құқықтары қалай жүзеге асырылатынының айқын көрінісі. Соңғы кезде бұл салада үлкен ілгерілеушіліктер байқалады. Бұған ең алдымен елімізде жүргізіліп отырған әлеуметтік реформалар ықпал етуде. Дәл қазіргі тұста Қазақстанда биліктің атқару органдарындағы басшы әйелдердің саны өсіп келеді. Бүгінгі таңда ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Білім және ғылым министрі лауазымдарын әйел адамдар атқарады. Сондай-ақ, әйелдер 9 облыс әкімдерінің орынбасарлары қызметінде, олар тиісінше 12%-ды құрайды. Мемлекеттік қызметтегі әйелдер, барлығы 47,8 мың – 55%. ҚР Парламентінің екі палатасына назар аударатын болсақ, Парламент Сенатындағы 47 депутаттың 3-і әйел, яғни барлық депутаттардың 6,4%-ы. Сенат төрайымы – әйел адам. Әйел-депутаттар Мәжілісте – 26%, яғни әрбір төртінші депутат әйел (2011 жылы 15,9% болатын). Ал, жалпы әлем елдері парламентінің заңнамалық құрылымындағы әйелдердің орташа үлесі – 20% (2013 жылғы мәлімет). ҚР-ның облыстық мәслихаттарында әйелдер орташа 13%-ды құрайды, ең көбі Қостанай облысында – 32%. Соңғы 10 жылда атқару органдарында басшылық қызметтегі әйелдер өкілеттігі 2 есе өскен және 20,7%-ды құрайды. Бұл көрсеткіштер еліміздегі гендерлік теңдіктің іс жүзінде қарқын алып келе жатқанын дәлелдейді. Жалпы алдағы уақытта биліктегі әйелдер үлесін 30%-ға жеткізу көзделген. Гендерлік теңдіктің қазіргі жағдайы қазақстандық қоғамдағы нақты қатынастарды талдауға негіз береді. Әлемдік тәжірибе бойынша, қоғам әлеуметтік-бағдарлы және тұрақты болуы үшін билік құрылымындағы гендерлік арақатынас 30-40% әйел және 60-70% еркек құрауы тиіс. Осыған сәйкес Қазақстанда да әйелдердің мәртебесі мен ролін көтеру жөнінде түрлі деңгейдегі іс-шаралар атқарылуда. Оған қоса нарықтық қатынастарды нығайту, орта және шағын бизнестегі әйелдердің үлесін ұлғайту мәселелерінде жағымды үрдістер баршылық. Ғалымдардың пікірі бойынша, әйелдер бәсекеге қабілетті, жұмысына тиянақты, оқуға, ізденуге, өзгеруге бейім, сенімді келеді екен. Бұл – жаңа ғасырдың талаптарына әбден сәйкес, яғни бүгінгі күні креативтілік, инновациялық белсенділік, жаңалыққа құмарлық айрықша бағаланады. Әйелдер осы жағынан көзге түсуде. Бұған дәлел ретінде елімізде бизнес пен түрлі кәсіп салаларында үлкен жетістіктерге жеткен әйелдердің өте көп екендігін келтіруге болады. Демек, әйелдер қазіргі еліміздің алдында тұрған іргелі мақсаттарға – Қазақстанның дамыған 30 елінің қатарына қосылуы, бәсекеге қабілеттілікті, экономикалық өсімді қамтамасыз ету ісіне лайықты үлес қосуға дайын. Әрине, бұл жұмыстар әйелдің мына дүниедегі ең басты міндеті – өмірге бала әкелу, оған тәрбие беру, отбасының ұйтқысы болу және т.с.с. ысырып тастауға жол бермегені абзал. Билік саласындағы гендерлік теңдікті орнату үшін ең алдымен оның қалыптасуы, даму ерекшеліктері мен кемшіліктерінің себеп-салдарына зер салу қажет. Жалпы билік туралы ғылым – кратологияда тұлға оның физиологиялық және әлеуметтік қатынастарынан басым тұрады және тұлғаның кәсіби қасиеттері басқару қызметінің талаптарына сәйкес келуі тиіс. Яғни, кадр мәселесінде кәсібилік жыныстық ерекшеліктен үстем. Міне, сондықтан, әйелдердің билікке қатысуы кешенді мәселе болып табылады, оның ішінде отбасы, бала тәрбиесі, білім алуы, кәсіби біліктілігін жетілдіруі, қызметтік өсуі және т.б. бар. Осы мәселелерді ескере отырып, әйелдерді билікке тартуда олардың тұлғалық қасиеттері, кәсіби біліктілігі, құзыреттілігі алдыңғы орынға шығып, тек сан қууға жол бермеу маңызды. Осы тұрғыда мемлекеттік қызметтің басты талабы – кәсіби маман болу екендігі заңнамаларда атап көрсетілген. ҚР-ның Мемлекеттік қызмет туралы заңының «Мемлекеттік қызметтің принциптері» атты 3-бабында: «жалпы қол жетімділік, яғни, Республика азаматтарының мемлекеттік қызметке қол жеткізуге және өз қабылеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бойынша жоғарылатылуға тең құқығы» көрсетілген. Бұл жыныстық өзгешелігіне қарамастан кез-келген азамат өзінің қабілетімен саяси билікке араласа алатынын дәлелдейді. Мұндағы кадрлардың кәсібилік негізіне мән беру ерлер мен әйелдердің билікке қол жеткізудегі теңқұқылығын білдіреді. Қазіргі кезде Қазақстанда мемлекеттік қызметке деген көзқарас түбірлі өзгерістерге ұшырады. Н.Назарбаевтың 5 институттық реформасының біріншісі «Экономикалық бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруды және мемлекеттік қызметтерді ұсынуды қамтамасыз ететін қазіргі заманғы, кәсіби және автономиялы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» деп аталады. Мұнда: «Мемлекеттік қызметке қабылдау үшін біліктілік талаптары қатаңдатылуы тиіс. Мемлекетке қызмет ету біздің қоғамымыздың бірлігін нығайту үшін негіз болуы тиіс» деп, республикамыздың дамуы үшін кәсібилікке ерекше маңыз берілген. Тек кәсіби мемлекет қана барлық салада орнықты дамуды, алға қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз етеді және оған ерлер мен әйелдер бірдей қатыса алады. Гендерлік үдерістердің дамуда әлеуметтік факторлар да жетекші роль атқарады. Бұл, әсіресе, қоғамдағы әлеуметтік стратификацияға байланысты. Cоңғы жылдары Қазақстанның әлеуметтік құрылымында жаңа таптар, топтар, жіктер пайда болды: бизнесмендер, кәсіпкерлер, фермерлер, банкирлер, жеке фирмалардың, дүкендердің, қонақ үйлерінің, мейрамханалардың иелері. Әсіресе, жаңа әлеуметтік-кәсіби топ – бизнесмендер қалыптасты. Жалпы алғанда әлеуметтік стратификация бойынша қоғамда жеке адамдардың табысы және экономикалық жағдайына байланысты топқа, жікке бөлінушілік күшейді. Бұл үрдістердің жеделдеуіне ең алдымен жеке меншік, нарық қатынастары ықпал етті. Мұндай үдерістердің басы-қасында әйелдердің де жүретіні сөзсіз. Бүгінгі таңда елімізде кәсіпкерлікке тартылған әйелдер үлесі 50%-дан асты. Мұнда да әйелдер өздерінің жаңалыққа бейімдігін, ашықтығын, еңбекқорлығын көрсетті. Бизнеске ұмтылу әйелдердің қаржылық еркіндікке ие болу, өзінің білімі мен қабылетін іске асыру талабынан туындайды. Гендерлік үрдістердің дүниежүзі бойынша маңызды мәселеге айналуы осы салада арнайы зерттеулер жүргізуді талап етеді. Осы тұрғыда алдағы уақытта елімізде гендерлік әлеуметтануды дамыту үрдістері өзекті. Ол орта деңгейлі теория ретінде индивидтердің немесе гендердің әлеуметтік институттармен өзара қарым-қатынасын, тұлғаның ген-дерлік ерекшеліктерін, гендерлік үдерістің қоғамға трансформациялануымен айналысатын болады. Сондай-ақ, ол әлеуметтік қатынастардың даму үдерісін, ерлер мен әйелдер қауымының өзара әрекеттесуін және әлеуметтік мәртебелерінің эволюциясын зерттейді. Гендер тек әлеуметтік роль ғана емес, сонымен бірге қоғамның әлеуметтік инс-титуттарындағы ерлер мен әйелдердің өзара әрекеттесуін, әлеуметтік қатынастарын да сипаттайтын құбылыс. Яғни, гендер қоғамның әлеуметтік құрылымының өлшемі болып табылады. Мұнда нарық жағдайында кез-келген әйел бүкіл күш-қуатын жұмсап, өз бизнесін бастап, аяғынан нық тұрғызу арқылы кәсіпкер атана алса, ал, саяси билікте лауазым саны шектеулі. Яғни, бұл әйелдерден үлкен қайрат-жігерді, өз өміріндегі, мысалы отбасында белгілі бір шектеулерге баруын талап етеді. Заң шығару және атқару билігі саласындағы әйелдер мен ерлердің санын теңестіруге ұмтылыстың өзіндік негіздері бар. Мысалы, еркектер табиғи ерекшелігі бойынша жанжал туа қалған кезде күшке басымдық беретін болса, әйелдер әртүрлі жағдаяттарда негізінен компромиске, сұхбаттасуға, келісімге, мәмілеге келуге бейім. Демек, биліктің түрлі салаларында әйелдердің санын арттыру арқылы өзекті мәселелерді шешуде үйлесімге, тепе-теңдік орнатуға жол ашылады. Мысалы, парламенттегі әйелдердің көп болуы балаларды қорғау, отбасы мәселелері бойынша оң шешімдер қабылдауға септігін тигізеді. Әйелдердің көшбасшылық әлеуеті олардың талап-тілектерінен туындайды, яғни, іскерлікке, топтың алдында жүруге деген мүдделілік әйел адамның өз мақсатына қол жеткізуі үшін барлық күш-қуатын жұмылдыруына, өзінің азаматтық ұстанымын аяғына дейін жеткізуге деген мақсаткерлігін білдіреді. Әйелдерге қатысты кемсіту көріністері көбінесе қандай да бір саладағы теңсіздікпен сипатталады. Кемсітушілікті жою немесе алдын алу үшін кемсітуге ұшыраған тұлғалар белсенді қатысуы тиіс. Сондай-ақ, осы кемсітушілікті туғызатын себеп-салдарды қарастыру, оның түрлі тетіктерін түзету арқылы жоюға қол жетеді. Жынысы бойынша кемсіту негізінен қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы әйелдердің үлес салмағының төмендігінен және кәсіптік-мансаптық мәртебесінен көрініс тауып отыр. Елімізде жоғары білімді әйелдер саны ерлерден жоғары – 58,3%. Ал, білім деңгейіне келсек, мұнда әйелдер ерлерге жол береді: ғылым докторлары арасында ерлер екі есе көп (2134 – ерлер, 1034 – әйелдер). Профессор ерлер – 1638, әйелдер – 627. Қазақстандағы еңбекке қабілетті тұрғындар арасында әйелдер – 4,2 млн, ерлер – 4,3 млн. Алайда, жұмыспен қамтылу жағынан арақатынас тең емес, әйелдер көбінесе жоғары біліктілікті қажет етпейтін жұмыс орындарына тартылған. Ресми тіркелген жұмыссыз әйелдер – 59,5%, ерлер – 40,5%. Экономика саласына байланысты еңбекке ақы төлеу мөлшері де әртүрлі болатыны белгілі. Орташа айлық жалақы ерлерде – 100%, ал әйелдерде – 67,6%. Бұл көрсеткіш еліміз бойынша әйелдердің жалақысы анағұрлым төмен жұмыстарды атқаратынын көрсетеді. Негізінен әйелдер қызмет көрсету саласында қамтылған. Жалдамалы жұмысшылар арасында орташа жалақы ерлер үшін – 92 мың, әйелдер – 61 мың. Жалақының төмендігі әйелдердің әртүрлі игіліктерді пайдалану, демалу, денсаулығына көңіл бөлу, отбасы жағдайы және т.б. мәселелерге ықпал етеді. Оған қоса бүгінгі жалақы мөлшері кейіннен олардың зейнетақы көлемінен де көрініс табатынын ескерсек, жағдайдың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Дегенмен, Қазақстанда әйелдер қоғамдық өмірдің барлық саласына еркін қатысып, өз әлеуеттерін жүзеге асыруына толық мүмкіндіктер берілген. Тек мемлекеттің заңдарымен қоса қазақ халқының салт-дәстүрі де әйел адамға ешқандай қатаң шектеусіз еркіндік беруімен, қаталдық танытпауымен ерекшеленеді. Халқымыз қашанда әйел-ананы ерекше құрметтеп, отбасының киесі санаған. Ал, қазіргі заманға сай әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару ісіне тарту, олардың бизнеспен айналысуына да қолайлы жағдай жасалуы сол үрдістің заңды жалғасы іспетті. Осылайша, Қазақстандағы гендерлік үдерістердің сипаты осы саладағы мәсе-лелерді оң шешуге серпін береді. Бұған мемлекеттік деңгейде тиісті көңіл бөлініп отыр. ҚР Президенті жанындағы отбасы істері және демография жөніндегі комитеттен бастап түрлі бірлестіктер мен қауымдастықтар осы бағытта үлкен жұмыс-тар жүргізуде. Бұл бағытта гендерлік теңдік орнату үдерісіне ер адамдардың өздерін белсенді тарту, қатыстыру осы салада оң үрдістердің басымдық алуына алып келеді. Сондай-ақ, әйелдердің мансаптық өсуіне нақты уәждемелердің болуын қамтамасыз ету үшін, әсіресе, қоғамда қалыптасқан таптаурындарды жою маңызды. Қазақстан әйелдері өздерінің әлеуметтік белсенділігімен, білім деңгейінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Мұнда адамның өзі де өзінің ішкі әлеуетін аша білуге ұмтылуы, қабілеттерін шыңдауға дайын болуы тиіс екендігін атап айтқымыз келеді.

Кенжалы ТОЛЫСБАЙ, философия ғылымдарының кандидаты

2139 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз