• Заманхат
  • 28 Мамыр, 2019

СЫРТҚЫ БАРЛАУ ТАРИХЫ

ШЕКАРА ШЕЖІРЕСІ

Қайыржан ТӨРЕЖАН,

журналист

Тоқтасын Садықов Қытай жерінде Пәкстанға кіре тартып жүргенде, Қытай Халық Республикасы мен Кеңес Одағының арасындағы саяси қарым-қатынас бұзылды. Жоғарыда айтып кеттік, Қытай елінде КСРО-ның мүддесін қорғаған барлаушы Әбдіғани Байғариннің жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» орденімен бекер наградталмағаны белгілі. Сол кездерде Кеңес Одағының Қиыр Шығысындағы Қытаймен шектесетін Хасан көлінде және Жалаңашкөл тұсындағы шекарада қарулы қақтығыстар болды. Оның себептерін түсіну үшін тарихқа жүгіну керек. Алпысыншы жылдарда Кеңес-Қытай арасындағы саяси, идеологиялық қатынастар өзгеріп, салқындық пайда болып, Мао Цзедун басқарып отырған Қытай үкіметі КСРО мен арадағы мемлекеттік шекарасының 22 учаскесіне қатысты талап қойды. Сөйтіп, баяғыда жаңсақ жасалған құжаттар бойынша 1,5 миллион шаршы шақырым жер Ресейге өтіп кеткенін мәлімдеді. Оның ішінде Қиыр Шығыс, Тыва, Моңғолия, Қазақстан және Орта Азия елдеріндегі кейбір жер аумақтарына қатысты келісімдер дұрыс жасалмаған деген талас тудырды. Екі көрші мемлекет арасындағы кикілжің осыдан басталды. «Көршіңмен тату бол» деген қағида әр елде бар. Дегенмен, барлық саусақ бірдей емес, қатар қоныстанған көрші үйлердің де араларында келіспеушіліктер, кикілжіңдер болып жатады. Мәселен, біреудің жеріне екіншісі кіріп кететін «жер дауы» дейтін бітпейтін дау бар. Егер мұндай мәселеге әлемдік масштабпен қарайтын болсақ, бұл – мемлекетаралық соғысқа бастайтын үлкен проблема. Мысалы, Израиль мен Палестина, Иран мен Ирак, Әзербайжан мен Армения, Ресей мен Грузия арасындағы қарулы қақтығыстардың басты себебі – жер мәселесі. Шекара проблемалары көптеген елдердің арасында болғанмен оның барлығы келіссөздер арқылы реттеліп жатады. Кезінде Кеңес үкіметі мен Қытай Халық Республикасының арасында да жер аумағына қатысты проблема болды. КСРО ыдырағаннан кейін оның орнында пайда болған жаңа жас мемлекеттер өзара шекараларын белгілеп, іргелерін қымтады. Әрине, мемлекеттік шекараны делимитациялау, демаркациялау оңай шаруа емес, әрқайсысы көрпені өздеріне қарай тартқан тараптар жер бөлісуге келгенде бірден келісе салған жоқ. Өзбекстан мен Тәжікстан, Қазақстан мен Қырғызстан, Қазақстан мен Ресей араларында шекараны бөлген кезде проблемалар болды. Одақтас республикалар арасындағы шекаралардағы проблемалардың барлығы дипломаттардың арқасында оң шешіліп, тігісі жатқызылды. Ал, сыртқы шекара бойынша біраз уақыт шешілмей келген мәселелер болды. Мысалы, айналасында орналасқан бес мемлекет Каспий теңізін қалай пайдалануды әлі толық шешкен жоқ. Бүгінде Ресей Жапониямен Оңтүстік Сахалин және Курил аралдарын бөлісе алмай жатыр. Ресейдің көрші Қытаймен де даулы территориялары бар. Сонымен сәл артқа шегініс жасап тарихи деректерге көз жүгіртейік. Бес мың жылдық тарихы бар Қытай әдетте шекара мәселесіне келгенде өз ұстанымын қатаң және бір ізбен, табанды жүргізеді. Жер аумақтарына қатысты Қытайдың жан-жағындағы барлық мемлекеттерге дерлік өзіндік талаптары бар. ХХ ғасырдың соңына дейін Қытай Халық Республикасына Сянган (Гонконг), Аомыньмен (Макао) арадағы проблеманы және батыс шекарадағы «даулы учаскелерді» реттеу керек болды. Бирмамен арадағы жер дауы шешілді, енді Қытай Үндістан, Ресей аумақтарындағы даулы учаскелерге талап қойып отыр. Қазақстан мемлекеттік шекарасын барлық жағынан заңдастырып алды, бірақ бізде де Қытай елімен шекарада даулы аумақтар болды. Алайда, ежелден іргелес отырған екі елдің арасындағы шекара бірнеше ғасыр бұрын межеленіп, әлемдік тарихтан орын алған. Қазақ-қытай шекарасының қалып-тасуының тарихы ХVIII ғасырдың ортасынан басталып, ХХ ғасырдың аяғында толықтай аяқталды. Бұл күрделі процестің тарихнамасы екі жарым ғасырға созылыпты. Моңғол хандығы құлағанға дейін, ХIV ғасырдың екінші жартысынан бастап ХVII ғасырдың екінші жартысына дейін, 300 жыл бойы Қытай қазақ хандықтарымен шекаралас болған жоқ. Қазақ хандығының құрылуы сияқты саяси маңызы бар оқиғалардан Қытай тыс қалды. Қазақ хандықтары мен Қытай елінің ортасында (1635-1757 жж.) екі жақты бөліп, өзара байланыстырмаған Жоңғар хандығы тұрды. Тек ханьдарға маньчжурлік Цин династиясы билігін жүргізген кезде Қытай шекарасы қазіргі Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан аумағына бір табан жақындады. Қаракерей Қабанбай бастаған қазақ әскері жоңғарларды қазіргі қытай жеріне қарай ысырып тастағаннан кейін Цин билігі 1757 жылы Жоңғар және Жаркент хандықтарын басып алды. Цин империясымен бірге сол тұста Орта Азияға батыстан, солтүстіктен және шығыстан Ресей империясы кіре бастады. Екі экспансияның түйісу нәтижесінде олардың арасында бірнеше мәрте келісімдер жасалып, ХIХ ғасырдың аяғында Орталық Азияның саяси картасын жасау жұмыстары аяқталды. Алайда, бұл процесс барысында сол кездегі «батыс учаскесінде» орыс-қытай шекарасын қалыптастыру толықтай біткен жоқ. Ол патшалық Ресейдің құқығына ие болған КСРО ыдырағаннан кейін, ортаазиялық кеңестік республикалардың орнында бес мемлекет пайда болғаннан кейін де жалғасып, күні кешеге дейін созылды. Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдері қазір Қытай мемлекетімен, анығырақ айтқанда Синьцзян-Ұйғыр автономды ауданымен шектеседі. Бүгінде Қытай жағының ұсынысымен бұл елдер және Ресей Федерациясы ҚХР-мен шектесетін оңтүстік шекараны қайта қарап, жаңа келісімдер жасады. Кеңес-қытай шекарасының тарихы тым тереңге кетеді. Бірақ сонда да Ресей мен Қытай аралығындағы шекара аумақтарында даулы учаскелер қазірге дейін бар. Оның себебін келтіре кетейін. Тарихи деректерге қарағанда, алғаш 1685 жылы қарашада Ресей патшасы Цин империясымен арадағы шекараны анықтап, бейбітшілік және сауда қарым-қатынасын орнату үшін, Қиыр Шығыстағы Амур бойына елшісін аттандырады. Елшінің қасына Мәскеуден 20 нөкер, 1400 күзетші мен қызметшілер еріп шыққан. Сөйтіп, 1689 жылдың 29 тамызында Нерчинск қамалының түбінде екі жақтың елшілері кездесіп, Ресей мен Цин империясының арасындағы шекара жігін анықтау, бейбіт қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қояды. Алайда манчьжур келісімінде өзен, тау, жер атауларын орыстар өздерінше, қытайлар өздерінше көрсеткен. Сөйтіп, бұл тарихи құжатта жер-су атаулары әртүрлі жазылғандықтан және қолдарында жергілікті аумақтың картасы болмағандықтан артынша бірқатар түсініспеуліктер туып, шикіліктер шыққан. Араға жылдар салып екі жақ Амур мен Уссури өзендері бойымен шектелетін және Уссуриден Жапон теңізіне дейінгі шекара сызығын анықтайтын Кяхтынск келісімін (1727 жылы) жасайды. Бұл келісімнің де шала жақтары болған сияқты, құжатты жаңарту үшін екі жақ қайта жиналып, 1858 жылы Аргунь келісімін жасайды. Одан кейін де, 1860 жылы Бейжіңде, 1881 жылы Петерборда екіжақты келісімдерге қол қойылды. Алғашқы жасалған келісімдерде бір-қатар қателіктер жіберілген, екі жақтың құжаттарында айырмашылықтар болған екен. Оның үстіне халықаралық заңдарға сәйкес келісімді жаңартып қайта жасау керек болды. Осылайша өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында екі жақтың шекарасын нақты анықтайтын картаға түсірілген «қызыл сызық» жасалды. Осы келісім бойынша Амур өзеніндегі 1040 аралдың 794-і Кеңес үкіметіне қарайтын болды. Бұл құжатпен Қытай-Ресей арасындағы Қиыр Шығыстан батыс дейінгі шекарасы анықталды. Қытайдың Қазақ елімен шектесетін тұстары 1864 жылы Шәуешек хаттамасында құжатталған. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Кеңес-Қытай арасындағы саяси, идеологиялық қатынастар өзгеріп, салқындық пайда болды. 1962 жылдың көктемінде Шыңжаң өлкесінен Қазақстанға мыңдаған қазақтар мен ұйғырлар өтті. Оған жауап ретінде қытай билігі КСРО-ның Үрімшідегі бас консулдығын және Құлжа мен Харбиндегі консулдықтарын жауып тастады. 1963 жылдың 17 мамырында қытай-кеңес шекарасындағы шиеленістерге байланысты кеңес билігі шекара бойындағы кейбір учаскелерді анықтау бойынша екіжақты келісімдер жасауды ұсынды. Шекара мәселесіне басқа да бірнеше саяси мәселелер қосылып, ҚХР 1950 жылы жасалған экономикалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі келісімнен бас тартты. Осы кезде Мао Цзедун басқарып отырған Қытай үкіметі шекарадағы 22 учаскеге қатысты талап қойып, 1,5 миллион шаршы шақырым жер Ресейге өтіп кеткенін мәлімдеді. Оның ішінде Қиыр Шығыс, Тыва, Моңғолия, Қазақстан және Орта Азия елдеріндегі кейбір жер аумақтарына қатысты келісімдер дұрыс жасалмаған деген талас тудырды. Оның арты КСРО мен ҚХР арасындағы қарулы қақтығысқа соқтырды. 1969 жылдың 15-ші наурызында Кеңес үкіметінің Қиыр Шығысындағы Даманск аралында кеңес-қытай арасындағы алғашқы қантөгіс болды. Одан кейін сол кездегі Семей облысы Мақаншы ауданындағы Дулаты ауылының түбінде 2-10 мамыр аралығында, 13 тамызда Жалаңашкөл маңында қарулы қақтығыстар орын алып, екі жақтан да адам шығыны болды. Сол кездегі екі ел басшылары жүргізген саясат, бір-біріне деген қырғи-қабақ көзқарастың арты осындай қантөгіске соқтырды. Дегенмен екі ірі мемлекеттің арасындағы геосаяси жағдайдың шиеленісіп, ушығып кетпей тұрғанында дипломатиялық және сыртқы барлау қызметі дер кезінде тоқтау салды. Бұл тұста атқарылған мемлекеттік деңгейдегі жұмыстарға қазақстандық барлаушылар да еселі үлес қосты.

ЖАЛАҢАШКӨЛ ОҚИҒАСЫ

Кеңес Одағы мен Қытай Халық Рес-публикасы арасындағы мемлекеттік шекарада болған бір тарихи оқиғаны айтпай кетуге болмайды. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында, алпысыншы жылдардың басында Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қоныстанған қазақтар ол жақтағы экономикалық қиындықтарға байланысты бері қарай, тарихи отанына оралуға ниеттенді. Қытайдағы экономикалық дағдарыстан арып-ашып, азып-тозған Шыңжаң өлкесіндегі қазақ-ұйғырлар лек-легімен шекараға қарай лап қойды. Қауіпсіздік қызметінің отставкадағы полковнигі С.Сағитов сол кездерді былай деп есіне алады: «Жүкен Марденовпен (кейіннен Қазақстан Республикасы барлау басқармасын басқарған генерал-майор) алғаш Семей облысындағы Бақты қазақ-қытай шекарасында таныстым. Бұл 1963 жылдың көктемі болатын. Қытайдағы Шыңжаң аймағының аштықтан күйзелген тұрғындары топ-топ болып біздің шекараны бұзып өтпекші болды. Бүкіл ауыл болып азын-аулақ малдарын алдарына салып, қоржындарын арқалап бері қарай бет алды. Ішінде балалы, жүкті әйелдер, аурулар, қариялары бар, аш-жалаңаш жүдеп-жадаған жүздеген тұрғындар ештеңеге қарамастан Қытай жағынан босып келді. Қытай билігі оларды қару қолданып тоқтатпақшы болды, бірақ жойып жіберуге батпады. Наурыз айында облыстық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бір топ офицерлерін шекараның осы учаскесіне жіберді, солардың ішінде Жүкен екеуміз де болдық. Алматы арқылы ұшақпен Бақтыға келіп, шекарашылармен бірге казармаға орналастық. Бізге әрбір босқынмен жұмыс істеп, құжаттарын, отбасыларын, КСРО-дағы туыстарын тексеру жұмыстары жүктелді. Босқындарды шекарадан өтісімен ашық алаңда қабылдадық. Ауруларды сол жерге шатыр тігіп, дәрігерлер тексеруден өткізді. Үш ауысыммен күндіз-түні жұмыс істедік. Әр офицер бір тумбочкаға тұрып құжаттарды толтырды, түнгі мезгілде автомашиналардың жарығымен жазуға тура келді. Дәрігерлер жұқпалы дерт таралуынан қорқып әлсін-әлсін біздің қолымызды, бетімізді спиртпен сүртіп отырды. Біз бір айдан астам осылай жұмыс істедік. Семейге келгенде азып кеткен түрімізді көріп басқармадағылар бізді танымай қалды. Сөйтіп Жүкен Марденов екеуміз жоғары басшылардан алғашқы алғыстарымызды алған болатынбыз. 1968 жылы қазақ-қытай шекарасында жағдай тағы шиеленісті. 1969 жылы Жоңғар қақпасындағы Жалаңашкөл тұсынан қытай әскерлері шекараны бұзып өтіп, төрт шақырымдай біздің жерге кіріп кетті. Екі жақ та әскерлерін шекараға әкеліп тіреп қойды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті де соғыс жағдайына көшті. Мен барлау мәліметтерін алу үшін соғыс болған аймаққа аттандым. Ол жақта Марденовты тағы кездестірдім. Сол кездегі төрағамыз генерал Евдокименконың тікелей басшылығымен барлау жұмыстарын ұйымдастырып, ҚХР жағынан қашып келіп жатқан адамдармен жұмыс істеп, ол жақтан ақпараттар алу үшін асығыс адамдарды дайындап, аттандырумен айналыстық. Осындай амалдармен алынған мәліметтер жоғары инстанцияларға жіберіліп жатты». Қазақстан шекарашылары жыл сайын наурыз айының ортасында Жоңғар қақ-пасындағы Жалаңашкөлде болған Кеңес-Қытай елдері арасындағы қарулы қақтығысты еске алады. 1969 жылдың 15-ші наурызында Кеңес үкіметінің Қиыр Шығысындағы Даманск аралында кеңес-қытай арасындағы алғашқы қантөгіс болды. Одан кейін сол кездегі Семей облысы Мақаншы ауда-нындағы Дулаты ауылының түбінде 2-10 мамыр аралығында, 13 тамызда Жалаңашкөл маңында шайқастар болып, бізден бірнеше шекарашылар қаза тапты. Өйткені, бұл қарулы қақтығыстарға Кеңес Қарулы күш-тер араласқан жоқ, тек шекарашылардың күшімен ғана тойтарыс берілді. Сол кездегі екі ел басшылары жүргізген саясат, бір-біріне деген қырғи-қабақ көзқарастың арты осындай қантөгіске соқтырды. Кейіннен Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін Қытай Халық Республикасымен арадағы қарым-қатынас түзелді. Қазақстан дербес мемлекет болып бөлініп шыққан күннен бастап, ежелгі көрші Қытай елімен достық-ынтымақтастық қатынаста. Қазір Азиядағы ірі елдер бірігіп Шанхай ынтымақтастық ұйымын (ШОС) құрды. Елу жылдай уақыт бұрын болған Дулаты, Жалаңашкөл оқиғалары қазір тарихи дерек ретінде ғана еске алынады. Қарулы қақтығыс туралы кезінде көп айтылғанмен, соңғы 20-30 жылда ұмытылып кеткен, сондықтан, оның себептерін, неден басталғаны туралы көпшілік бейхабар. Деректерге қарағанда, кеңес-қытай қарулы қақтығысының тарихы тым тереңге кетеді. Жоғарыда айтып кеттік, алғаш 1685 жылы қарашада Ресей патшасы Цин империясымен арадағы шекараны анықтап, бейбітшілік және сауда қарым-қатынасын орнату үшін, Қиыр Шығыстағы Амур бойына елшісін аттандырған. 1689 жылдың 29 тамызында Нерчинск қамалының түбінде екі жақтың елшілері кездесіп, Ресей мен Цин империясының арасындағы шекара жігін анықтау, бейбіт қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қояды. Араға жылдар салып екі жақ Амур мен Уссури өзендері бойымен шектелетін және Уссуриден Жапон теңізіне дейінгі шекара сызығын анықтайтын Кяхтын келісімін (1727 жылы), 1858 жылы Аргунь келісімін жасайды. Осы кездердегі құжаттарда айырмашылықтар болған. Қазіргі тарихшылар оның себебін өздерінше түсіндіреді. Мемлекеттік шекараны межелеп, құжаттаған кезде ресейлік делегация орысша жазған, ал, қытайлықтар қытайша жазған екен. Содан екі жақ та риза болып, қол алысып келіскен. Артынан ол құжаттарда әр тарап өз мүддесін көздеген болып шығады. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында екі жақтың шекарасын нақты анықтайтын картаға түсірілген «қызыл сызық» жасалды. Осы келісім бойынша Амур өзеніндегі 1040 аралдың 794-і Кеңес үкіметіне қарайтын болды. Қытайдың Қазақ елімен шектесетін тұстары 1864 жылы Шәуешек хаттамасында құжатталған. Сонымен «1969 жылғы қарулы қақтығыс қайдан бастау алды?» дегенге келейік. 1964 жылы ақпан айында, талас тудырып отырған шекара мәселесін шешу үшін КСРО-ның бас шекарашысы П.Зырянов бастаған делегация Бейжіңге барады. Алты ай шекара мәселесін талқылаған делегация, Аргунь өзеніндегі бірқатар аралдардың тағдырын шешуді кейінге қалдыруды ұйғарады. Бұған Никита Хрущев үзілді-кесілді қарсы болған: «Барлығын аламыз, әйтпесе ештеңе де алмаймыз...» деп кесіп айтады. Осыдан кейін екі мемлекет бір-бірінен теріс айналып, арадағы бұрынғы жылы қарым-қатынастар жойылды. Қытай жақтан тобыр-тобыр болып жиналып келетін шекара бұзушылар көбейді. 1964 жылдың қазанынан 1965 жылдың сәуіріне дейін саны 150-ден астам шыңжаң тұрғындары мен әскери қызметтегілер мемлекеттік шекараға 36 рет лап қойып, бері өтпекші болған, деп жазады Қазақстан Шекара қызметінен отставкаға шыққан полковник Вадим Гольцев «Пограничные войска в войнах и вооруженных конфликтах ХХ в.» кітабында. 1968 жылдың тамызында екі жүзден астам қытай азаматтары Уссури өзеніндегі екі аралдан шекарашыларды ығыстырып шығарған. Сол жылдары КСРО Қауіпсіздік қызметіндегі Бірінші басқармасының Қытайдағы резиденті болған генерал Ю.Дроздов былай деп жазады: «Біздің қызметкерлер Хейлунцзян мен Харбиндегі отандастарымызбен кездесіп, мәліметтер алды. Қытайлар КСРО шекарасына қарулы күштерін топтастырып жатыр». Шекара бұзушылармен алғашқы шайқас 1968-1969 жылдың қысында басталды. Қытайдың «Гунсы» шекара бекетінің тұсынан шыққан 30-40 адам алғаш рет мылтықтарын иықтарынан алып, біздің шекарашылармен бетпе-бет келген кезде таяқ ретінде қолданған. Осыдан кейін олар шабуылға шығуларын жиілеткен. Ресми деректерге қарағанда, осы аралдарда болған қарулы қақтығыста 248 қытай жауынгерлері мен офицерлері, ал, кеңестер жағынан 32 шекарашы мен офицерлер қаза тапқан. Бір шекарашы жараланып тұтқынға түсіп, жарадан сол жақта қайтыс болады. Оның сүйегін қытай жағы сәуір айында қайтарып берген. Наурыздың 2-15 аралығында болған Дамаск шайқасында кеңестер жағынан 58 адам қаза тауып, 94 жауынгер жарақаттанды. Қарулы қақтығыс барысында артиллерия да, танктер де қолданылды. Қорғаныс күштері соғысқа дайын тұрғанмен араласқан жоқ, тек екі мотоатқыштар ротасы шекарашыларға көмекке келіп, шабуылдаушыларға тойтарыс берді. Сол тұста Забайкалье әскери округында әскери қызметте болған Дүйсенғали Серік-қалиұлы былай деп әңгімелейді: «мен ол кезде Чита облысындағы Оловянная деген жерде ракета әскерінде қызмет етіп жүргенмін. Дамаскіде қақтығыс болған күні 30 жауынгерді іріктеп алып, айдалаға апарып арнайы дайындықтан өткізді. Сол жерде 23 күн болдық. Қытай әскерлерімен Дамаскіде қақтығыс болғанын артынан естідік». Қытайлардың келесі алмақшы болған жері – қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы (Ол кезде Семей облысы) Үржар ауданына қарасты Дулаты шекара заставасының төңірегіндегі ұзындығы – 12, ені – 7 шақырым болатын тоқымдай ғана жер болды. Бұл жерді Мақаншы шекара отрядының №3 заставасы күзететін. 1969 жылдың мамырында заставадағы шекарашылардың саны 70-ке дейін толықтырылды. Қосымша құрамында 17 БТР-ға мінген 182 адамы бар маневрлік топпен күшейтілді. Мақаншыға дербес танк батальоны, Бақтыға мотоатқыштар және танк роталары, Достық стансасына 369-шы мотоатқыштар полкі орналасты. Мамырдың екісі күні ертемен шека-рашылар 30 адам еріп келе жатқан бір отар қойды көрген. Застава командирі майор Р.Зағидуллин шекара бұзушыларды мемлекет аумағынан ысырып тастауға бұйрық алады. Қойшылардың ішінде әскери адамдар да болған. Артынша қытай жақтан тағы отыз шақты қарулы әскерилер кеңес шекарасынан бері өтіп, жотаның басына бекініп алған. Бұларға Үшарал шекара отрядынан көмекке келген техникаларды көрген қытайлар кейін шегінген. Бұл кезде Үшарал әскери әуежайында жойғыш-бомбалаушы ұшқыштар полкі ұрысқа дайын тұрған. Екі жақ келісім жасап, 18 мамырда қытайлар талас тударған аумақтан кетті. Енді бес күннен кейін шекараға тіреп қойған 18 армияның бөлімдері өз орындарына қайтты. Дулаты маңында 38 БТР, 3 танк, 6 минометпен қаруланған 706 шекарашы ғана қалды. Келесі қоқан-лоқыны қытайлар Үшарал шекара отрядына қарасты Жалаңашкөл жақтан жасады. Бұл кезде Қытай үкіметі Жоңғар қақпасына ірі әскери корпустарын әкеліп тіреп қойған болатын. Шәуешек қаласында қытай жауынгерлері арнайы жаттығулардан өтіп жатты. Олардың арасында Дамаск қақтығысына қатысқандар да болды. Шекара сызығы өтетін «Тас қақпалар» маңында жағдай шиеленісті. Қақпалардың – Сол қақпа, Тасты қақпа және Оң қақпасы біздің жақта да, қалғандары қытайларға қарайтын болған. Тамыздың 13 қараған түнде бір топ қытай әскері Тасты және Оң қақпа жоталарына келіп бекінгенін кіші сержант М. Төлепов пен жауынгер Егорцев байқап қалады. Таң атысымен отряд штабының бастығы П.Никитенконың басшылығымен мемлекет аумағынан шекара бұзушыларды шығару операциясы басталады. Тағы бір қарулы топ шекарадан өтіп, келесі жотаға ұмтылады. Екі БТР-ға мінген шекарашылар олардың жолын кеспек болады, осы кезде атыс басталған. Лейтенант Говордың тобы Тасты аталатын жотаға бекінгендерге қарсы шабуылға шыққан. Сол жерде Төлепов қаза тауып, сегіз шекарашы жараланған. Бірақ қытайлар кейін шегініп, Тасты жотасы біздің қолға өтеді. Ольшевский мен Теребенковтың топтары көп ұзамай екінші жотаны да маошылардан тазартады. Қытайлар ұрыс даласында 18 адамынан өлідей айырылып, 3 адамын тұтқынға қалдырып, кейін шегінген. Біздің жақтан екі шекарашы қаза тауып, 13-і жарақат алды. Дамаск мен Жалаңашкөл қарулы қақ-тығысы туралы деректер көп уақыт бойы құпия сақталды. Ұрысқа қатысқандарды марапаттау туралы бұйрыққа 1970 жылдың 7 мамырында ғана қол қойылды. Бұдан кейін екі арадағы шекарада арғы жақтан әртүрлі жекелеген арандатушылықтар болғанмен, қантөгіске жол берілген жоқ.

***

Қытай жағының ол кездегі «даулы учаскелер» бойынша талабы тіпті қисынсыз еді. Егер олардың айтқанына көнетін болсақ Шу-Талас өзенінен Балқашқа дейінгі аралықты, одан әрі Ертістің бойымен Алтайға дейінгі жерді беруіміз керек екен. Онда солтүстік аумақты орыстарға беріп, қазақтар Бетпақдала мен Қызылқұм ғана қалмақ. Естеріңізде болар, сол кездерде Қазақстанның сулы-нулы, құнарлы жерлеріне қытай көз алартып отырғанда, А. Солженицын сияқты ресейлік шовинистер Орталық Азияны «Ресейдің бауырында жатқан жер» деп шықты. Қытай Халық Республикасында «даулы учаскелер» проблемасын көтеруге, көрші елдердің аумағын өздеріне қаратуға қытай халқына үлкен қасірет әкелген Мао бастаған «мәдени революция» себеп болды. Жетпісінші жылдары қытайлықтардың өздері «мәдени революцияны» қатты сынға алды. Кейіннен Горбачевтің «қайта құру» заманында Кеңес үкіметі мен ҚХР арадағы саяси қарым-қатынас түзелді. Екі жақ та шекарадағы даулы мәселелерді консультациялық жолмен шешуге дайын екендігін білдірді. КСРО ыдырағаннан кейін де Орталық Азиядағы мемлекеттермен осындай диалогтар жалғасын тапты. Қазақстан дербес мемлекет болып бөлініп шыққан күннен бастап мемлекеттік шекараны заңдастыруды қолға алды. Қазақ-қытай шекарасының демаркациясы 1994-1997 жылдарда жасалды, ХХІ ғасырдың басында екі жақ келісімінің құжаттары бекітілді. Қазақстан ежелгі көрші Қытай елімен арадағы «даулы учаскелердің» түйінін екіжақты шешіп, достық-ынтымақтастық қатынасты жалғастыруда.

ҰЗАҚ МЕРЗІМДІК ІССАПАРЛАР

1917 жылы қазан төңкерісінен кейін құрылған Кеңес Одағының қарулы күштері, Азамат соғысын қоспағанда, 34 мемлекетте болған 48 соғысқа қатысқан. Осы қарулы қақтығыстардың барлығында, қан шайқастардың ішінде, алғы шепте арнайы дайындықтан өткен сыртқы барлау офицерлері жүрді. Алайда, бұлар Ұлы Отан соғысының ардагерлеріндей емес, осы күнге дейін көп нәрсені ашық айта алмайды. Өйткені, шет елдердегі соғыстарға КСРО Ауғанстаннан басқа ешбір елге арнайы әскер кіргізген жоқ, тек белгілі бір тапсырмаларды жүктеп, шағын ғана мамандандырылған жасақтарды аттандырды. Ондай жерлерге алдымен аттанатындар, әрине, арнайы дайындықтан өткен сыртқы барлау офицерлері. Кеңес қарулы күштерінің шет елдердегі соғыс операцияларына қатысуы кейінгі кездерге дейін құпия сақталды. Сондықтан, басқа мемлекеттердегі шайқастарға қатысқан әскери мамандар, әсіресе сыртқы барлау офицерлері қай елде, қандай соғыстарға қатысқаны туралы құпияны белгілі бір мерзімге дейін ашпауға қолхат беретін болған. Дегенмен, батыр ұлдарын Отаны ұмытқан емес. Бүгінде олар үкімет тарапынан бірнеше ордендермен, медальдермен, бағалы сыйлықтармен марапатталған арнайы қызметтің құрметті ардагерлері. Әрине, олардың арасындағы көпшілігі қазір арамызда жоқ, тіпті барлаушылардың кейбіреулері «ашылмаған» күйі өмірден озды.

СИРИЯ СОҒЫСЫНЫҢ БАРЛАУШЫЛАРЫ

Осындай барлаушыларымыздың бірі, 1972-73 жылдары болған Сирия соғысында жауған оқ пен бомбаның астында жүріп жасаған ерліктері үшін КСРО-ның «Қызыл Жұлдыз», Сирияның «6-шы қазан» ордендерін кеудесіне таққан Сыртқы барлау қызметінің полковнигі марқұм Маман Жүнісов. Маман Жүнісов сияқты кеңестік арнайы қызметтің өте қатал талаптар қоятын мектебінен алпысыншы жылдары өткен майталман барлаушылар Қазақстанда санаулы ғана. Маман аға бала кезінен Ұлы Отан соғысының тауқыметін тартып өсті. Туған жері Семей облысындағы Мақаншының қазақ орта мектебін 1954 жылы бітіріп, Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың шет тілдер факультетіне оқуға түседі. Ағылшын тілін жақсы меңгеріп шыққан Маман Жүнісұлы 1958 жылы Кеңес Одағының 50 студентінің ішінде Англияға оқуға аттанады. Лондон университетінде, Брайтон колледжінде дәріс алып, ағылшын студенттерінің өмірімен, елдің мәдениеті, салт-дәстүрімен танысу үшін Ұлыбританияның бірнеше ірі қалаларында болады. Институтты бітіргеннен кейін Мақаншыға келіп, 1962 жылға дейін Жарбұлақ орта мектебінде ағылшын тілінен сабақ берді. Үш-төрт жыл ауылда тәжірибе жинақтап, қанаты қатайған жігіт Маман сынақтан мүдірмей өтіп, Алматының педагогикалық шет тілдер институтының екі жылдық аспирантурасына қабылданады. Алайда, бітірген соң елдегі жоғары оқу орындарының біріне қызметке тұрып, ғылыми жұмыстармен айналысамын деген жоспарлары бір сәтте өзгерді. Тағдыр оған басқа жолды дайындаған екен. Бір жылдан кейін қалалық партия комитеті Маман Жүнісұлына МҚК органдарына қызметке бару туралы ұсыныс жасады. Тағы оқу басталады. Бұл жолы Мәскеу мемлекеттік университетінің (МГУ) жа-нындағы Шығыс елдер институтындағы араб тілі бөліміне қабылданады. Оны бітіргеннен кейін Мәскеудегі мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшылары Маман Жүнісұлын Каир университетінде тілін жаттықтырып, тәжірибе жинақтау үшін Мысыр еліне жібереді. Барлаушылардың тілінде «ДЗК» (дли-тельная загранкомандировка) деген ұғым бар. Ол «барлаушының ұзақ уақытқа шет елге іссапармен шығуы» дегенді білдіреді. Мәскеу Маман Жүнісовті Сирияға 1972 жылы «ДЗК»ға жібереді. Сирия астанасы Дамаск қаласында орналасқан КСРО елшілігіндегі Бас әскери кеңестің аға офицері болып тағайындалған Маман Жүнісов отбасымен көшіп келіп, қызметке кіріседі. Бұл кезде Сирия Израильге қарсы үшінші соғысқа дайындалып жатқан болатын. – Елдегі жағдай өте қиын болды. Бұл соғысқа көптеген араб елдері тартылды, – деп әңгімелеген еді сол кездегі араб елдеріндегі саяси жағдай туралы Маман Жүнісов, – Сирия күштерін жинақтап, әскери бөлімдерін соғысқа дайындап жатты. Ал, Америка Құрама Штаттары қолдап отырған Израиль әскері Ливан мен Сирияға қарсы қарулы қоқан-лоқы жасауын жиілеткен кез. Сол кезде Кеңес Одағы Израильге басып алған аумақтан шығуын талап етіп, қатал ескерту жасаған болатын. Алайда оған да құлақ аспаған Израиль әскерлері Сирия, Ливан, Египет сияқты араб елдеріне қарсы қарулы шабуылдарын тоқтатпады. Негізгі ауыртпалық Сирияға түсті. Ақырында бұл екі ел арасындағы соғысқа әкеп соқтырды. 1972 жылдың қарашасынан бастап күн сайын дерлік Голан жоталарында немесе израиль-ливан шекарасында қарулы қақтығыстар болып тұрды. 1973 жылғы қазанда басталған соғыс алдын ала дайындалды және оған Сирия мен Мысыр ғана қатыспауы керек болатын. Барлау қызметі оның бәрін біліп, тиісті жерлерге алдын ала хабарлап отырды. Соғысқа дайындықты жасыру қиын. Көпе-көрнеу байқалатын әрекеттерден басқа, сенімді дереккөздерден құпия мәліметтер алу және радио құралдарындағы хабарлардың шифрын оқу арқылы жиналатын ақпараттардан соғыс қалай өрбиді және немен аяқталатынын тұспалдау қиын емес еді. Қандай соғыс болмасын екі лагерьге бөлінген ірі мемлекеттер өздерінің жаңа қаруларын сынайтыны белгілі. Қазір тарихи факт болып қалған, Американың Израильге берген жаңа қаруы туралы біз сол кезде білгенбіз. Бұл танкке қарсы ататын зымырандары бар тікұшақтар, дәл бағытталатын ракеталар мен снарядтар, кассеталық бомбалар, тағы басқа қару түрлері болды. Соған жауап ретінде Кеңес Одағы Сирияға дер кезінде нақты көмек көрсетті. Дамаск тұрғындары Сирия әскерлеріне қажетті заттарды жеткізіп жатқан «КСРО ұшақтарының әуежайға қонуы бойынша сағат тілін түзетуге болады» дейтін әзіл-шыны аралас қалжыңдары әлі есімде. 1973 жылдың 6 қазанында КСРО мен АҚШ жаңа қаруларын сынаған Сирия-Израиль соғысы басталды. Мұны барлаушылар, әрине, алдын ала біліп отырды. Кеңес Одағы елшілігіндегі қызметкерлердің жанұялары бұдан бір күн бұрын кемемен елге қайтарылған. Сол күннен бастап елшіліктегілер казармалық жүйеге көшті. Барлаушылар күн сайын Орталықты соғыс жағдайы туралы тың ақпараттармен қамтамасыз етіп отырды. Барлаушы дегеніміз – Орталықтың көзі мен құлағы болуы тиіс. Тек қана соғыс жағдайы емес, әскери қызметкерлердің, бейбіт тұрғындардың көңіл-күйі сияқты ұсақ-түйек мәселелердің өзі барлаушының назарынан тыс қалмауы керек. Маман Жүнісовқа жүктелген тапсырма – Израиль қолданған жаңа қарудың үлгісін Орталыққа жеткізу болды. Ал, қаруды тек теңіз жолымен Латакия порты арқылы жіберуге мүмкіндік бар. Бұл өте күрделі тапсырма еді. Тапсырма берілген соң оны орындау міндет. Маман Жүнісов тұрып жатқан Дамаск пен Латакияның арасы 700 шақырымнан асады. Жол Ливанның күзетілетін аумағын екі мәрте кесіп өтеді. Онда тұрған екі елдің әскерилері бәрін тексеріп өткізеді, не шығардың, не кіргіздің бәрі есепке алынады. Сондықтан, айналма, жасырын жолдармен жүріп, шекарашыларға білдіртпей өту керек. Маман Жүнісов бұл тапсырманы ғана емес, Орталықтың басқа да осындай қауіпті бірнеше тапсырмаларын мүлтіксіз орындады. Бірде ол шайқастың нағыз қызған кезінде, ұрыс даласының ортасымен КСРО-дан келген қарудың жойқын, жаңа түрін Латакия портынан Дамаскіге жеткізді. Қазір бұл операцияның ешқандай құпиясы жоқ, сондықтан, айта беруге болады. Кеңес Одағы бұл қаруды Сирия астанасын қорғау үшін жіберген болатын. Кеңес резиденті «әшкереленіп қаламын» деп аса қымсынып, қауіптенбеген. Өйткені, Сирия сияқты дос елде еркін жүруге мүмкіндік болды, дейді Маман Жүнісов. Сириялықтар өздеріне көмек беріп жатқан КСРО елінің барлаушысына құрмет көрсетіп, оның жасаған ерліктерін қатты бағалаған. «Мен мініп жүретін көлікті ешкім тоқтатпайтын. Өйткені, олар біздің дос екенімізді білді, «өзіміздікі» деп санады» деп әңгімелейтін Маман Жүнісов. Шет елде жүріп жасаған осындай ерліктері үшін қазақ барлаушысы КСРО-ның «Қызыл Жұлдыз» орденімен, ал Сирия жағынан «6-шы қазан» орденімен марапатталды. Сирия президентінің жарлығымен берілетін «6-шы қазан» орденімен соғыс кезінде асқан ерліктің үлгісін, елге рухани көмек көрсеткен, табандылық танытқан әскери офицерлер ғана марапатталатын болған. Қазіргі ТМД елдерінің барлаушыларын және әскери қызметкерлерін тұтастай алғанда мұндай орденді кеудесіне таққан адам кемде-кем шығар. – Бірде, Дамаскіде жүргенде мынандай оқиға болды, – деп есіне алады Маман Жүнісов, – қызметтес жолдасым екеуміз пәтерге барып тамақтанып алмақшы болдық. Біз көбінесе түнде жүретінбіз. Бомбалау аяқталып, қалада тыныштық орнаған кез. Пәтерімізге келсек тоңазытқышта ештеңе жоқ екен, дүкенге барып, қарынға талғажау болатын бірдеңелер сатып алмақшы болып далаға қайта шықтық. Көшеде әңгімелесіп келе жатырмыз, кенет «әуе дабылы» қағылды. Израиль ұшақтары қаланы бомбалап біткенше тасада тығылып отырдық, тынышталған кезде үйімізге қарай беттедік. Алыстан байқадық, біздің қызметкерлер тұратын үйге бомба түсіпті, қою қара түтін шығып жатыр. Байқап қарасақ, кассеталық бомба бірнеше қабатты тесіп өтіп, тура біздің пәтерге келіп жарылыпты. Егер біз сол жерде тамақтанып отырған болсақ, түгіміз қалмайды екен. Құдай сақтапты. Сол кезде мені «өліп қалды», деп үйіме қаралы хабар жіберген болатын. Артынша қайта хабар жіберіп «тірілтіп» алды, – деп күледі барлаушы. Маман Жүнісов арнайы қызметтен зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қызметтен қол үзген жоқ. Сексенінші жылдарда Қазақ КСР білім министрлігінде Кадр басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. 1992 жылға дейін шет елдердегі отандастармен мәдени байланыс орнату жөніндегі «Отан» (Қазақстан) қоғамы президиумының жауапты хатшысы қызметінде болды. Сол жылдарда шет елдердегі қазақтардың санын анықтау, оларды Қазақстанның тарихымен, экономикасымен, мәдениетімен таныстыру мақсатында Австрия, Алмания, Франция, Бельгия, Нидерланды, Түркия, Қытай елдеріне іссапармен шығып жүрді. 1990 жылы дипломат ретінде Қазақстан мәдениет қайраткерлерінің үлкен делегациясын бастап Түркиядағы қазақтарға апарып, екі ел арасында мәдени байланыстар орнатуға атсалысты. Бұл қазақ делегациясының Түркияға тұңғыш сапары еді. Қазақстанның 70 жылдық мерейтойына байланысты шет елдердегі ағайындардың ішіндегі атақты, беделді адамдарына арнайы шақыру қағазын тапсырып, тарихи отандарына келгендерін ата-бабаларының туған жерлеріне апарып, туыстарымен табысуына мүмкіндік жасаған да осы Маман Жүнісов болатын. Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқығысы келетін шет елдердегі отандастардың балаларын жоғарыда аталған қоғам арқылы атамекенге шақырып, осында келгендердің білім алып, тұрмыстық жағдайын жақсартуға көп көмек жасады. Маман Жүнісов Арнайы қызметтегі жетістіктеріне байланысты бірнеше құрмет грамоталармен, бағалы сыйлықтармен, ордендермен, медальдармен марапатталған. КСРО қарулы күштерінің құрметті ардагері атағымен зейнеткерлікке шықты. Алматыда тұрды. Бес бала тәрбиеледі, он немересі, 5 шөбересі өсіп жатыр. Қазақ даласынан шыққан КСРО барлаушысы 2015 жылы ауыр науқастан қайтыс болды.

***

Сыртқы барлау қызметінің тағы бір құрметті ардагері, «Шет елдердегі соғыстардың батыры» атанған барлаушы ақсақалдарымыздың бірі –Тоқтархан Күзембаев. Бұл кісі екі мәрте алыс шет елдерде ұзақ мерзімдік іссапарларда болып, мемлекеттік маңызды тапсырмаларды орындаған. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың бел ортасында Сирияда, сексенінші жылдардың басында Ауғанстанда ұзақ мерзімдік іссапарда болып, мемлекеттік маңызы бар құпия тапсырмаларды орындаған барлаушы, қауіпсіздік қызметінің отставкадағы полковнигі Тоқтархан Күзембаев бүгінде сексеннің сеңгірінде. Осы уақытқа дейін Сирияда оның қандай маңызды қызметтер атқарғанын әріптестері ғана болмаса, басқа ешкім біле бермейді. Шетелдегі жүргізген құпия операциялары тұрмақ, өзінің барлаушы екенін басқаларға білдірткен емес. Әлі де көп нәрселерді ашық айта алмайды. Дегенмен қарт барлаушы қызмет еткен КСРО бүгінде жоқ, сондықтан, ол заманда мемлекеттік құпия саналған агентуралық операциялардың кейбіреулерін арада 30-40 жыл өткеннен кейін айтуға болатын шығар. Тоқтархан Күзембаев сияқты кеңестік арнайы қызметтің елегінен, өте қатал талаптар қойылатын мектебінен, алыс шетелдерде оқ пен оттың ортасында жүріп қилы-қилы сындарынан өткен ержүрек барлаушылардың ерліктерін халқына, патриоттық тәрбие беру мақсатында жас ұрпаққа жеткізуіміз керек. Тоқтархан Күзембаевтың өмірбаяны барлаушыларға тән қысқа ғана: 1933 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданында дүниеге келді. 1957 жылы Өскемен педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіргеннен кейін бір жыл Целиноград облысы, Атбасар қаласындағы қазақ орта мектебінде мұғалім болды. 1958-1960 жылдары Целиноград, Шығыс Қазақстан облыстық комсомол комитетінде және партия комитетінде қызмет етті. Содан кейін партия комитетінің нұсқауы бойынша мемлекеттік қауіпсіздік органына қабылданып, лейтенант шені берілді. КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жоғары мектебі жанындағы екі жылдық оқуға жіберілді. Арнайы қызмет мектебін бітірген соң Қазақстан МҚК 2-ші басқармасында (қарсы барлау) елге ашық арналар арқылы ресми келетін шетелдіктермен жұмыс істейтін бөлімге жедел уәкіл болып тағайындалды. Жетпісінші жылдардың басында Қазақ КСР МҚК Бірінші басқармасына (сыртқы барлау) қызметке ауыстырылды. Көп ұзамай Мәскеу түбіндегі Балашихадағы барлаушылар мектебіне жолдама алды. Бұл жерде ол шет тілі, дипломатиялық қызметтер, діни дәрістер, десанттық жаттығулар сияқты шет елдерде барлау жұмыстарын жүргізудің барлық қыр-сырын игеріп, құпия қызметтің дайын маманы болып шықты. – Жетпісінші жылдардың басында Қазақстанда шөл және шөлейт жерлердің қалай игеріліп жатқанын көріп, тәжірибе алмасу үшін БҰҰ тарапынан 25 елден ғылыми делегация келетін болды. Қазақ КСР МҚК Бірінші басқармасына Мәскеуден «тіл білетін, арнайы мектептен өткен жас маман керек» деген тапсырма келіп, басшылар менің кандидатурама тоқтапты. Сөйтіп, мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің маманы болып Қазақстанға келген шетелдік делегацияның ішінде бір жарым ай жүрдім. Тапсырма оңай емес – делегациямен келген Израиль, Түркия, Иран басқа да араб елдерінің азаматтарының КСРО туралы көзқарастарын біліп, оларға мінездеме беру, бізбен жұмыс істеуге құлқы бар адамдарды анықтап беру сияқты тапсырмалар бойынша қомақты материал жинап, басшымыздың атынан Мәскеуге баяндама жібердік. Орталық менің жұмысыма жақсы баға берді. 1975 жылы Сириядағы КСРО елшілігіне ІІІ-ші хатшы қызметіне жіберді. Сол жылдары Сирия мен Израиль арасында бірнеше рет қарулы қақтығыстар болып, Кеңес Одағы Сирияға көп қару берді. Қарумен бірге бізден әскери кеңесшілер де көп барды. Мен Бас әскери кеңесші – Сирия ұлттық қорғаныс министрінің кеңесшісі генерал-лейтенант М.Терешенконың көмекшісі болдым. Сондықтан, машинаға мініп басқа қалаларға баруыма, елде еркін жүріп-тұруға құқым болды, - деп әңгімелейді Тоқтархан Күзембаев. Тоқтархан Күзембаев барған кезде (бұл өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасы болатын) Сириядағы саяси жағдай тұрақсыз болып, Израиль мен арадағы қарым-қатынас күрделеніп тұрған. Сирияның қазіргі президенті Башар Асадтың әкесі Хафез аль-Асад Кеңес армиясына арқа сүйеп, КСРО-мен оң саясат жүргізді. Сирия Қарулы күштеріндегі барлық басқару бөлімдерінде КСРО әскери кеңесшілері мен мамандары отырды. Бұлар жандарын шүберекке түйіп, өмірлерін қатерге тігіп өздерінің жауынгерлік борыштарын атқарды. Дамаск, Латакия, Хомс сияқты ірі қалаларды қорғайтын жауынгерлік техникалардың барлығына бізден барған әскери кеңесшілер жауапты болды. Тоқтархан Күзембаев осы тұста Сириядағы әскери-саяси ахуал туралы күнделікті агентуралық-жедел ақпараттарды жинап, «Орталыққа» («Центр») жіберіп отырды. – Машинама мініп шет жақтарды аралап кетем. Ақпарат беретін адамдармен ашық кездесе алмаймын, сондықтан, теңіз жағасында суға түсіп жүріп сөйлесем немесе қасыма кішкентай баламды ертіп, ойнатып жүріп қажетті ақпараттар жинайтынмын. Кейде «информатордың» үйіне іздеп баруға тура келеді. Онда көшелердің аттары арабша жазылады, қасыма зайыбым Аханды отырғызып алып түні бойы кездесетін адамның мекенжайын іздеген кездеріміз де болды. Өйткені, көшедегі адамдарды тоқтатып біреудің мекенжайын сұрау қауіпті, оны да, өзіңді де ұстап бергенмен тең. Сирияның сол кездегі Президенті Хафез аль-Асадтың жеке қабылдауында екі мәрте болып, өзімен ашық әңгімелестік. Оның аздап қазақша сөйлейтіні бар, Алматыдағы 70-ші разъезде тұрған әскери оқу орнында екі жарым жыл ұшқыштың оқуын оқыған. Мені көргенде құшағын жайып қарсы алатын, - деп есіне алады Тоқтархан Күзембаев. Тоқтархан Күзембаев төрт жыл Сириядан «Центр» арқылы КОКП ОК, саяси бюроны, Қорғаныс министрлігін, МҚК маңызды ақпараттармен қамтамасыз етіп отырды. Солардың негізінде КСРО басшылары әлемдік аренада өз саясатын ұстанып, тиісті дипломатиялық шешімдер қабылдады. Агентуралық ақпараттар сонысымен өте құнды құжаттар болып табылады. Сириядағы тыңғылықты жұмыстары үшін Тоқтархан Күзембаев бірнеше медальдармен марапатталды және подполковник шені мерзімінен бұрын берілді. Шет елдегі тапсырмаларды орындап, елге абыроймен оралған Тоқтархан Күзембаев қызметін Қазақстанда жалғастырды. 1979 жылы күзде КСРО Ауғанстанға әскерін кіргізді. Шет елде жұмыс істеген, тәжірибелі барлаушыларға тағы да сұраныс артты. Орталық бұл жолы да Күзембаевты іздеп, Қазақстанға сұрау салды. Оның құжаттарын бір күнде Мәскеуге ұшақпен алдыртып, артынша өзін шақырды. Ол жақта бірнеше ай дайындықтан өткен Тоқтархан аға орталықтың тапсырмасымен Ауғанстанның астанасы Кабулға аттанды. Бұл «халькистер» мен «парчамистер» арасындағы соғыстың нағыз қызып тұрған шағы болатын. Кабулда Күзембаев нақты тапсырмалар алып, Пәкістанмен шекаралас Лағман провинциясына ұшты. – Негізгі тапсырма – Лағман про-винциясында жергілікті қауіпсіздік органдарын (ХАД) құрып, олардың қызметтерін ұйымдастыру. Қасыма Тәжікстанда қалалық парткомның І хатшысы болған тілмаш жігітті алып үнемі пуштіндердің ішінде жұмыс істеуге тура келді, – деп есіне алады Тоқтархан Күзембаев сол бір Ауғанстандағы аласапыран кездерді. – Сонымен қатар сондағы кеңестік қарулы күштер, ішкі істер құрылымдарының жауынгерлік операциялары туралы Мәс-кеуге дайындаған ақпараттарын тексеріп, шындығына көз жеткізгеннен кейін ғана қол қойып жіберіп отырдым. Бұл өте жауапты жұмыс. Өйткені, әскери бөлімдер Мәскеуге жіберетін баянаттарға өтірікті қосып жіберетін болғандықтан МҚК тарапынан бақылау жасауды міндеттеген, сондықтан, менің қолымсыз олардың берген ақпараттарын орталық қабылдамайтын. Саяси мәселелер бойынша да менің келісімімсіз ешқандай шешім қабылданбайтын. Тәртіптік жүйе солай болды. Бес радистен тұратын дербес байланыс орталығы тікелей қарамағымда жұмыс істеді. Кез келген уақытта Кабулға, Мәскеуге байланысқа шығуға мүмкіндігім болды. Бізді екі БТР-мен бір взвод жауынгер күндіз-түні күзетеді. Дұшмандар тәуліктің қай мезгілі болсын шабуылдап, маза бермейтін еді. Ауғандықтарға сенім жоқ, күндіз – дос, түнде – жау. Бірде ұйықтап жатқанда атыс басталды. Палатканы тесіп өткен оқ шекемді жанап өтіп, қарсымда жатқан офицердің аяғына тиді. Төмен жатқан болуым керек, егер басым жастықта жатқанда кім біледі... Тоқтархан Күзембаевтың басшылығымен бірнеше жауынгерлік операциялар сәтті орындалды. Оның бәрі айтыла бермейді. Осындай операциялардың бірі француз әскери барлауының агентін қолға түсіру болды. Француз агенті арқылы өте құнды, құпия ақпараттар алынды. Барлаушының шет елдегі еңбектері елеусіз қалған жоқ. Т.Күзембаев «Қызыл Жұлдыз» орденімен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Грамотасымен және Ауғанстанның «Интер-националист-жауынгерге Ауған халқынан», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Ауғанстанда көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін оған мерзімінен бұрын полковник шені берілді. Тоқтархан аға құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанша, 1988 жылға дейін Қазақ КСР МҚК Бірінші басқармасында бөлім басқарды. Қауіп-қатерге толы Сирия сапарын бастан-аяқ бірге өткізген, соғыс өрті жа-лындап тұрған Кабулда айлап жүрген Ахан апамыз екеуі екі қыз, бір ұл өсір-ді. Немерелерінің алды «Болашақ» бағдарламасымен Америкада оқыды. Ахан апаның алыс шет елде жұбайының қасында басын қатерге тігіп жүруінің өзі үлкен ерлік емес пе? Жақсының жақсылығын айт, дейді. Апамыздың қонақжайлылығы туралы достары, МҚК құрметті зейнеткері Виктор Кривоногов көп айтатын. Сонау жетпісінші жылдардың басында алғаш Алматыға келгенде тұратын жерлері жоқ Кривоноговтар отбасы уақытша Күзембаевтардың отбасын паналапты. «Тоқтархан мен Ахан қолдары ашық, ақкөңіл адамдар, үйінен адам үзілмейді. Қашан барсаң үйінде қонақ болады. Жылына 5-6 студентті оқытып шығарады», деп отыратын марқұм Виктор Михайлович. Туған жердің, ағайынның қадірін алыс елдерде жауапты да, қауіпті қызметтер атқарған Күзембаев сияқты азаматтар біледі.

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ  БАРЛАУ ҚЫЗМЕТІ

КСРО МҚК төрағасы А.Крючковтың 1991 жылы Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетті (ГКЧП) құруға қатысуы және Тамыз ереуілі кеңестік қауіпсіздік органдарының тарихындағы ең ірі қайта құрылуының бастамасы болды. 1991 жылы тамызда үкіметтік байланыс, радиоэлектрондық барлау және криптография МҚК құрамынан шығарылып, тікелей КСРО Президентіне бағынатын Үкімет байланысы комитетіне берілді. 1991 жылы қыркүйекте КСРО МҚК күзет қызметі КСРО Президенті Аппараты жанындағы күзет басқармасы болып құрылды. Сол жылдың 22 қазанында КСРО Мемлекеттік Кеңесінің № ГС-8 қаулысы бойынша КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті: Республикааралық қауіпсіздік қызметі (РҚҚ), КСРО Орталық барлау қызметі (ОБҚ) және КСРО мемлекеттік шекараны күзету жөніндегі комитет болып үш мекемеге бөлініп кетті. Жаңадан құрылған одақтас қауіпсіздік органдары тікелей Президентке бағынатын болды. КСРО Президенті М.С.Горбачев «Мемлекеттік қауіпсіздік органдарын қайта құру туралы» № 124-Н заңға қол қойған 1991 жылдың 3 желтоқсаны КСРО МҚК ресми тараған күні болып саналады. Осыдан кейін, КСРО МҚК жүйесіне кіретін республикалық және жергілікті қауіпсіздік органдары КСРО құрамында болған тәуелсіз республикалардың заңына сәйкес қайта құрылды. Қазақстан Республикасы ҰҚК құрылған 1992 жылдан бері егеменді еліміздің қауіпсіздік органдарының тарихы қайта басталды. Бүгінде сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган ретінде құрылғанына 20 жыл толып отырған «Сырбар» қызметі әлемдік сыртқы барлау ведомстволардың ішінде өз орнын алған. Оның негізгі құндылықтары адам, қоғам және мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылатынын мақтанышпен айта аламыз. Сыртқы барлау қызметінің тарихы енді қалыптасып келе жатыр дегенмен, бұл арнайы қызметтің жеке құрылымға жеткенге дейінгі өзіндік тарихы жетерлік. Бүгінгі Қазақстан ұлттық қауіпсіздік органдары, соның ішінде сыртқы барлау қызметі қалыптасу барысында бұрынғы барлау жүйесінің ондаған жылдар бойы жинақтаған тәжірибелерін басшылыққа алып, жақсы пайдаланды. Олар арнайы тапсырмаларды орындау кезінде шетелдік арнаулы қызметтердің, алдымен КСРО мен Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚК) барлау бөлімдерінің тәжірибелерін негізге алды. Кеңес үкіметі тұсында Қазақстанның сыртқы барлау қызметі, аз ғана уақытта Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі кішігірім бөлімнен осы жүйедегі аймақтық құрылымдардың ішіндегі ірі Басқарма деңгейіне дейін өсті. Сөйтіп, 1997 жылдың 5 қарашасында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының «Барлау» қызметін құру туралы жарлыққа қол қойды. Жаңа құрылған ведомствоны алғаш генерал-майор Жеңіс Қайыржанұлы Рыспаев, одан кейінгі жылдары генерал-майор Өміртай Мақашұлы Бітімов, полковник Ербол Рашатұлы Шаймардановтар басқарды. 2009 жылдың 17 ақпанында қазақстандық барлау қызметі «Сырбар» деген атпен қайта құрылды. Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметін көп жылдар генерал-лейтенант Аманжол Қазыбекұлы Жанқұлиев басқарды. Қазіргі кезде бұл беделді ведомствоға генерал Ғабит Жақыпбайұлы Байжанов басшылық жасайды.

Сыртқы барлау қызметінің әр жылдардағы атаулары

1920-1938 жж. – Қазақ ССР ІІХК шетел бөлімі; 1938-1941 жж. – Қазақ ССР ІІХҚ МҚБ бесінші бөлімі; 1941 ж. – Қазақ ССР МҚХК барлау бөлімі; 1943-1946 жж. – Қазақ ССР МҚХК бірінші бөлімі; 1946-1953 жж. – Қазақ ССР МҚМ бірінші бөлімі; 1953-1954 жж. – Қазақ ССР ІІМ екінші бөлімі; 1954-1969 жж. – Қазақ ССР МҚК бірінші бөлімі; 1969-1992 жж. – Қазақ ССР МҚК бірінші басқармасы; 1992-1995 жж. – ҚР ҰҚК барлау басқармасы; 1995-1997 жж. – ҚР ҰҚК Бас барлау басқармасы, ҰҚК Барлау департаменті; 1997-1998 жж. – ҚР «Барлау» қызметі; 1998-2009 жж. – ҚР ҰҚК «Барлау» қызметі; 2009 – Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін халықаралық аренада республиканың мүддесін өздеріне ғана тән тәсілдермен қорғайтын, арнайы тапсырмаларды жүзеге асыратын толыққанды барлау қызметі пайда болды. Кеңес үкіметі тұсында қауіпсіздік саласында қызмет еткен тәжірибелі қа-зақстандық барлаушылар арнайы қызметтің қыр-сырына жас буынды оқытуға көп көңіл бөлді. Сыртқы барлау қызметінің ардагерлері – А.Байғарин, Ғ.Байжанов, Ж.Марденов, Б.Мешінбаев, Ж.Рыспаев, Ө.Бітімовтер бұл салаға үлкен үлес қосты. Бүгінгі Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік органдары, соның ішінде сыртқы барлау қызметі қалыптасу барысында бұрынғы барлау жүйесінің ондаған жылдар бойы жинақтаған тәжірибелерін басшылыққа алып, жақсы пайдаланды. Осы уақыттың ішінде барлау органдарымен шетелдердегі резидентураларда легалды және легалды емес желілер құрылды. Олар жеткізген құпия ақпараттар ел басшылары тарапынан жоғары бағаланып, маңызды сыртқы саяси және экономикалық шешімдер қабылдауда пайдаланылды. Шекаралық мәселелер бойынша Ресей, Қытай, Түркіменстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерімен арада болған барлық келіссөздер, Қазақстанның мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау жұмыстары да осы сыртқы барлау қызметінің тәжірибелі мамандарының қатысуымен жүргізілуі заңды. Шет елдердің арнайы қызмет өкілдерімен ынтымақтастықта тиімді жұмыс істеу ресми өкілдері арқылы іске асырылады. Шетелдік арнайы қызмет өкілдерімен «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», бірлесіп жұмыс істеу халықаралық тер-роризм, діни экстремизм, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, жаппай қырып-жою қаруының және екіжақты пайдаланылатын технологиялар мен өнімдердің шекаралардан өтуіне қарсы тосқауыл қоюға бағытталған, өте тиімді тәсіл болып саналады. Мемлекеттің қауіпсіздігін, тұтастығын бірлесіп қорғау да үлкен дипломатияны қажет етеді. Бұл да сыртқы барлау қызметкерлеріне тән мінез. Сыртқы барлау қызметінің жауынгерлері істеген ерліктері туралы құжаттар шекесіне «Құпия», «Өте құпия» деген мөр басылып, өздерінің арнайы архивтерінде ұзақ уақыт бойы жата береді. Сыртқы барлау қызметінің ерекшелігі де сонда. Осы ерекшеліктеріне қарап оларды «көзге көрінбейтін майданның жауынгерлері», «интеллектуалды соғыстың рыцарьлары» деп атаған. Кешегі аты аңызға айналған Кеңес барлаушысы Рихард Зорге солардың бірі ғана. Ондайлар көп болған. Жапон соты оны өлім жазасына бұйырғаннан кейін Зоргенің ерліктерін жасырудың қажеті шамалы болды. Сондықтан, Кеңес үкіметінің басшылары жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге пайдалану үшін Рихард Зоргенің ерлігін әлемге паш етіп, одан батыр жасады. Әйтпесе «Көктемнің он жеті сәті» фильмінің кейіпкері Штирлиц-Исаев сияқты жау тылында жанын шүберекке байлап, көзсіз ерліктер жасаған қаншама барлаушылардың шынайы есімдері бүркеме атпен, архивтерде қалды. Өйткені, олардың өздері өмірден озғанымен артында қалып, жұмыстарын жалғастыратын агентуралық желілері болды. Сондықтан, олардың қызметтік құпиялары ашылмады. Қырғи-қабақ соғыс тұсында олардың кейбіреулері елу, одан да көп жылдарға құпия болып қала берді. Қазір де солай.

Тәуелсіз Қазақстанның барлау қызметін қалыптастыруға  үлес қосқан генералдар

Барлаушы дегеніміз – мемлекеттің көзі мен құлағы. Басқа елде жүріп сол елдің саяси, әскери жоспарларын, мем-лекеттік құпияларын жеткізіп отыру агентуралық қызметке жүктелген. Сондықтан, бар-лаушылар елден жырақта ең қауіпті де, қатерлі жұмыстарды атқаруы тиіс болды. Барлаушы шет елде ресми өкілдіктің қарамағында, соның аясында жұмыс істейді, ең бастысы – оның жұмысы сырт көзге «таза» қызметкерлердің жұмысынан ерекшеленбеуі керек. Бұл жұмыстың қауіп-қатерлі жақтары да, романтикалық жақтары да бар және жан-жақты, терең ойлауды, ұстамды психиканы, мықты дене дайындығын талап етеді. Барлаушы өзі мүдделі ортаны табуда, байланыс орнатуда, агентураны қорғау барысында қарсы барлаудың жіті бақылауын үнемі сезінеді. Сондықтан, олардың алдында қатаң бақылау жағдайында құпия мәліметтерді білетін шетелдіктерді өз жағына тарту, онымен астыртын байланыс орнату, өзін қосалқы (двойниктерден) агенттерден, арандатушылар мен афе-ристерден қауіпсіздендіру сияқты күрделі міндеттер тұрады. Бүгінгі күні сыртқы барлау қызметкерлері ғылыми-техникалық, саяси-экономикалық, әскери салаларда, тіпті дипломатиялық бағытта да жұмыс істейді. Сыртқы барлау қызметінің осындай ерекшеліктерін, құпия қырларын сақтай отырып, жариялауға жатпайтын жақтарын айналып өтіп осы қызметтің ардагерлері туралы баяндап отырмыз. Кеңестік кезеңде қауіпсіздік орган-дарында қызмет жасап, сонымен қатар басшылық құрамда болған ардагер-чекистер қазір де қатарда, олар осы заманғы ұлттық рухты күшейтіп, қазақстандық патриотизмды тәрбиелеу мақсатында чекистік озық тәжірибелері мен қалыптасқан дәстүрлерді жас ұрпаққа үйретуден жалықпайды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде ұзақ жылдар еңбек етіп, тәуелсіз еліміздің Сыртқы барлау қызметінің іргетасын қалаған білікті барлаушылардың бірі – Қазақстан Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі Бірінші басқарманың (қазіргі «Сырбар» қызметі) бастығы болған, Қазақ КСР және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орын-басары, ҰҚК органдарының №4 құрметті қызметкері, запастағы генерал-майор Жүкен Баймұхамбетұлы Марденов осындай, айналасына жастарды үйірген құрметті зейнеткер, ақылшы ақсақалдарымыздың бірі. Кеңес үкіметі ыдырағаннан соң, сол өтпелі кезеңде Қазақстандағы барлау қызметінің қайтадан жаңарып құрылуына тікелей басшылық жасаған қауіпсіздік қызметінің генералы Жүкен Марденов болды. Жүкен Баймұхамбетұлы – бұл салада ұзақ жылдар қызмет етіп, генерал шеніндегі лауазымға дейін жеткен тәжірибелі бар-лаушы. 1956 жылы Алматы шет тілдер институтын бітіргеннен кейін Павлодар облысындағы Лебяжі орта мектебінде мұғалім, мектеп директоры болды. КСРО мемелекеттік қауіпсіздік қызметіне 1961 жылы шақырылады. Павлодар облыстық басқармада жедел уәкіл болып бастаған Жүкен Марденов көп ұзамай орталық аппаратқа ауыстырылған. Кейіннен Көкшетау, Шығыс Қазақстан облыстық басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Жүкен Баймұхамбетұлы 1983 жылы МҚК Бірінші басқармасына (барлау қызметі) бастық болып Алматыға қайта оралады. Желтоқсан оқиғасынан кейін, 1987 жылы полковник Жүкен Марденов Целиноград облыстық МҚК бастығы болып тағайындалды. Осы кезде қазақ ауылында туып өскен Жүкен ағаның арқасында облыстағы Желтоқсан оқиғасына қатысқан көптеген жастар «ұлтшыл декабрист» деген қаралаудан арылып, оқуларына, жұмыстарына қайтадан кіруге мүмкіндік алды. Облыстық басқармаға жетекшілік еткен ол тек ұжымда ғана емес, облыс активтерінің алдында да сыйлы болды. Аймақтың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты, облыстық компартияның бюро мүшесі, облыстық және қалалық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланды. Өзінің қызметіндегі және қоғамдық-саяси саладағы осындай жетістіктері үшін Жүкен Марденов 1988 КСРО үкіметінің жарлығымен генерал-майор деген жоғары атаққа ие болды. МҚК жүйесіндегі мол тәжірибесі ескеріле отырып генерал Ж.Марденов 1990 жылы Қазақ КСР МҚК төрағасының орынбасары болып тағайындалды. КСРО ыдырар алдында Жүкен Баймұхамбетұлы төрағаның барлау қызметі жөніндегі орынбасарлығына тағайындалды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін әрбір одақтас республикаға өзінің барлау жүйесін құру керек болды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Бірінші Басқармасы (сыртқы барлау қызметі) бұған дейін Мәскеуге бағынып келген. Арнаулы қызметтің осы уақытқа дейін ортақ болып келген құпия құжаттар базасындағы мәліметтер Мәскеуде ғана болды. Сондықтан, базадағы құпия барлау құжаттарының өзімізге тиесілерін алып, өз архивімізді жасау оңай болған жоқ. Сол кезеңде істелген жұмыстар туралы Жүкен аға былай деп әңгімелейді: «1991 жылы күзде одақтас рес-публикалардың Бірінші Басқарма бастықтары орталықтың нұсқауы бойынша Мәскеуде бас қостық. Жанымда Қазақстан барлауының сол кездегі басшысы полковник Станислав Яковлевич Нестеренко болды. Жиында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі Сыртқы барлау қызметінің сол кездегі басшысы Евгений Примаков баяндама жасайды деп алдын-ала ескертілген болатын. Жиналып отырмыз. Примаков біраз кешігіп келді. Ешқандай баяндама жасалған жоқ, бірден іске көшті. «Құрметті әріптестер, жағдайды біле-сіңдер! Бұдан әрі сыртқы барлау жұмыстарын қалай жүргіземіз? Кімде қандай ұсыныстар бар, бір-бірден шығып ойларыңызды ортаға салуларыңызды сұраймын» деді. «Ұсыныстарымызды алфавит бойынша шығып айтайық» дедім. Ондағы ойым алфавит бойынша Әзербайжан, Армениядан басталып Қазақстанға жеткенше біраз уақыт өтеді, соны пайдаланып айтатын ойымды жинақтап алу еді. Солай болды да. Маған дейінгі республикалардың өкілдерінің аузына қапелімде ештеңе түспей, өз пайдаларына асыратын ешқандай ұсыныс айта алмады. Өз кезегіміз келгенде мен тұрып «Қазақстан Республикасында алдағы уақытта дербес Сыртқы барлау қызметі құрылады. Сондықтан, Евгений Максимович, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің базасындағы бізге қажетті, Қазақстанға қатысты барлық құпия ақпаратты беруіңізді сұраймын. Екіншіден, бізге білікті мамандар қажет. Кадр мәселесін сіздермен бірігіп шешсек дейміз. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнайы мектебінде мамандарды оқыту үшін, мына отырған мәскеулік досым Анатолий Васильевич (арнаулы қызмет институтының бастығы), ертең менен ақша сұрайды. Сондықтан, бізге арнайы барлау мектебінде тегін оқытатын орын бөлуіңізді сұраймын», дедім. Примаков менің ұсынысымды толықтай қабылдады. Артынан басқалары осы мәселені көтерген болатын, оларды Ресей Сыртқы барлау қызметінің басшысы тоқтатып тастады. Кешкісін Евгений Примаков бәрімізді қонақасыға (фуршетке) шақырды. Біз басқаларды ығыстырып келіп, Украина өкілдерінен кейін, Примаковтың жанына жайғастық. Мұның өзіндік дипломатиялық маңызы бар. Отырыс кезінде Примаков қайта-қайта маған қарап «ортақ келісімге қол қоятын алғашқы ресми жиынды қай елде өткіземіз? Украина, Кавказ елдері дайын емес, Белоруссияға ешкімнің барғысы жоқ, қай елді белгілесек екен?» деп қоймады. «Мен төрағаға айтып көрейін, ол кісі Президентімізге ұсыныс түсірсін, рұқсат берілсе Қазақстанда өткізерміз» деп қалдым. Евгений Максимович менің сөзімді іліп алып «Марденов жолдастың ұсынысы бойынша, алғашқы ресми отырысымызды Қазақстанда өткізетін болдық, құттықтаймын» деп жариялап жібергені. Ертесінде жедел байланыс желісімен Қазақстан Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің сол кездегі төрағасы генерал-лейтенант Болат Баекеновке хабарласып, болған жағдайды баяндадым. Артынан ол кісі Президенттің рұқсатын алып, Сыртқы барлау қызметтерінің алғашқы отырысын Алматыда өткізетін болдық. Сөйтіп, тәуелсіздік алған жас мемлекеттердің Сыртқы барлау қызметтерінің алғашқы отырысын Алматыда өткіздік. Мен кейіннен Мәскеудің келісімімен сырт елдерде жүрген қазақ жігіттерді елге шақыртып алып, өз мамандарымызды дайындай бастадық. Осы жігіттер «Сырбар» қызметінің негізін қалауға үлкен үлестерін қосты. Сол кездегі уәделестік бойынша қазақстандық барлаушылар қазірге дейін Мәскеудің арнайы барлау мектебінде дайындалады. Бүгінде Қазақстанның «Сырбар» қызметі әлемдік деңгейде жоғарғы көрсеткіштерге ие болып жүр», дейді Қазақстан Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Бірінші басқармасының (қазіргі «Сырбар» қызметі) бұрынғы бастығы, запастағы генерал-мойор Жүкен Баймұхамбетұлы Марденов. Жүкен Марденов арнайы қызметте істеген жылдарында көптеген барлау, қарсы барлау мамандарын дайындады. Бүгінгі «Сырбар» сыртқы барлау қызетіндегі генералдар мен офицерлердің арасында «Жүкен ағаның шәкіртіміз» дейтіндер аз емес. Отыздан астам орден, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумының мақтау қағазымен марапатталған. Жүкен Баймұхамбетұлы қазір сексеннің сеңгірінде. Сақып апа екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Жұмат – бизнесмен, кіші ұлы Марат – генерал-майор, Ауғанстан соғысының ардагері. Қазір ҰҚК Шекара қызметінің Астанадағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде.

***

Мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы қызметін барлаушы болып бастап мемлекеттік деңгейдегі ірі лауазымдарды атқарған генерал-полковник Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев. Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО СІМ Жоғарғы дипломатиялық мектебін бітірген. Мамандығы заңгер. Университетті бітірген соң прокуратурада тергеуші болып істеді. 1963 жылы КСРО МҚК органдарына қызметке шақырылып, Минск мектебіне оқуға жіберілді. Ұзақ жылдар сыртқы барлау желісі бойынша жедел жұмыстарда болды. Өз ісіне тыңғылықтылығы, практикалық жұмыстарда жинақтаған тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті С.Тоқпақбаевтың қызметтік баспалдақтармен жоғары өрлеуіне, Қазақстанның күш құрылымдарындағы маңызды лауазымдарға жол ашты. Сәт Тоқпақбаев 1986-1993 жылдарда – Алматы облысы бойынша Қазақ КСР МҚК басқармасының бастығы, республика МҚК орталық аппаратында басқарма бастығы қызметтерін атқарды. 1993 жылы Сәт Тоқпақбаев ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары, одан кейін Қазақстан Республикасы ҰҚК төрағасы болып тағайындалды. 1995 жылдың қараша айынан – ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы – ҚР Республикалық гвардиясының қолбасшысы міндетін атқарушы. 1997 жылдың наурыз айынан – ҚР Республикалық гвардиясының қолбасшысы. 1999 жылдың қазан айынан бастап Қазақстан қорғаныс министрі қызметін атқарды. 2001 жылдың желтоқсан айынан ҚР Президентінің кеңесшісі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және ҚР мемлекеттік қызметкерлерінің қызметі жөніндегі комиссияның төрағасы – ҚР Президеті жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы болды. 2002 жылы – «Еуро-Азия Эйр Интернэшнл» ААҚ Халықаралық еуразиялық әуе компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы болды. 2007-2011 жылдары – ҚР Парламенті Мәжілісінің 4-ші шақырылым депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды. Осы жылдардың ішінде көрнекті мемлекет қайраткері Сәт Бесімбайұлы ҰҚК органдары, Президент Күзеті қызметі, Республикалық Ұлан, Қарулы Күштер сияқты тәуелсіз Қазақстанның күштік құрылымдарының қалыптасуына, дамуына үлкен үлес қосты. Сәт Тоқпақбаев күштік құрылымдар саласындағы ерен еңбегі үшін «Даңқ» (1997), «Барыс» (2008) ордендерімен; 14 медальмен марапатталған. «Отан қорғаушы» номинациясы бойынша 2000 және 2001 жылдары «Жыл адамы» (Алтын Адам) атағына ие болды.

***

Қазақстан Республикасы егемендік алып, аяғына тұра бастаған алғашқы жылдарда экономикалық, саяси тұрғыдан біршама қиыншылықтарға кездескені белгілі. Бір тудың астында жетпіс жылдан астам уақыт отырған бауырлас он бес республиканың барлығы да осындай ауыр кезеңді бастан өткерді. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін дербес мемлекеттік басқару жүйесіне көшкен тәуелсіз Қазақстан үшін жас мемлекетімізге тез арада алыс-жақын шет елдермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнату, саяси диалогтарды жоғарғы деңгейде жүргізу, саяси, экономикалық ынтымақтастықты жолға қою сияқты кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу қажет болды. Осы кезде жаңадан құрылып жатқан мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органның қалыптасып, жемісті жұмыс істеуіне оның бұрынғы басшылары елеулі үлес қосты. Сол басшылардың бірі – Алматы қаласындағы «ҰҚК Сыртқы барлау қызметі ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы генерал-майор Болат Нәсіпұлы Мешінбаев. Болат Нәсіпұлы 1943 жылы Алматы облысының Талғар ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Алматы қаласындағы Киров атындағы машина жасау заводында токарь болып жұмыс істеді. 1962-1965 жылдары КСРО Қарулы күштерінің Бас штабында Бас барлау басқармасында әскери борышын өтеді. Әскерден келгеннен кейін Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетіне оқуға түсіп, оны бітірген соң 1970-1971 жылдары «Қарағандыкөмір» комбинатындағы шахталардың бірінде тау-кен жұмыстарының шебері болып жұмыс істеді. 1971 жылы қауіпсіздік органдарына қызметке шақырылды. Болат Мешінбаевтың Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі қызметтік карьерасы осы кезден басталды. Қарағанды облыстық МҚК басқармасының Саранск қалалық бөлімінде жедел уәкіл қызметінде жүргенде жұмысында нәтижелі жетістіктерге жетіп, өзін алғыр, жауапты қызметкер ретінде көрсетті. 1974 жылы аса ірі көлемдегі мемлекеттік меншікті талан-таражға салған топтың қылмыстық істерін ашуға қатысты. «Меховое дело» деп аталған операция сол кездердегі ірі қылмыстық іс болды. Кәсіби дайындықтан өткен, өз міндеттерін тыңғылықты атқаратын болашағы бар қызметкер ретінде Болат Мешінбаевты басшылық 1974 жылы ҚазКСР МҚК Бірінші басқармасына (сыртқы барлау) ауыстырады. Сыртқы барлау бағытында 25 жыл табанды қызмет еткен Болат Нәсіпұлы жедел уәкілден республиканың МҚК Төрағасы орынбасары лауазымына дейін көтерілді. 1985-1988 жылдары Болат Мешінбаев Мәскеуде КСРО МҚК Бірінші бас басқармасында басшылық қызмет атқарды. Сол жақта сыртқы барлау кадрларын дайындап, оларды Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің біріне ұзақ мерзімдік іссапарларға аттандырды. Бұл алыс шет елдерге жі-беретін қызметкерлерінің қауіпсіздігі жағынан да, бүкіл елдің сыртқы саясатына көлеңке түсірмеу жағынан да өте жауапты операциялар болды. 1988 жылы Мәскеуден Алматыға оралған Болат Нәсіпұлы Қазақстан МҚК Бірінші басқармасындағы басшылық қызметті қабылдап алды. 1991 жылдан бастап осы басқармаға басшылық жасады. 1994 жылы Б.Мешінбаев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары болып тағайындалып, қазақстандық сыртқы барлау қызметіне жетекшілік етті. 1997 жылы Қазақстан Республикасының «Барлау» қызметі директорының орынбасары лауазымында жауапты жұмыстарды атқарды. 1997-1999 жылдары ұзақ мерзімдік іссапарда болды. Болат Мешінбаевтың шет елдердегі атқарған құпия операциялары туралы айтылмайды, қалың оқырмандар үшін әлі де жабық болып қала береді. КСРО және Қазақстан Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері Болат Нәсіпұлы Мешінбаев тәуелсіз Қазақстанның ұлттық барлау қызметінің қалыптасуына, оның жұмысындағы басты бағыттарды жаңаша саяси жағдайда анықтауға тікелей өзінің орасан зор үлесін қосты. Сонымен қатар ол кеңестік барлаудың жақсы дәстүрлеріне құрметпен қарап, оларды сақтай отырып, ТМД қатысушы-мемлекеттердің барлау қызметтерінің бірлесіп жұмыс істеу жағына, алыс шет елдердің барлау қызметтерімен жаңа байланыстар орнату мәселелеріне қатты көңіл бөлді. Болат Нәсіпұлының бойындағы жоғары кәсіби біліктілік, адалдық, сыпайылық, кішіпейілдік, айналасындағыларға ілтипатпен қарау сияқты қасиеттер адамдарды өзіне тартты, қандай ұжымда болмасын ол абыройлы, үлкен беделге ие болды. Қауіпсіздікті қамтамсыз ету ісіне қосқан қомақты үлесі үшін және мінсіз қызметі үшін Болат Мешінбаев КСРО-ның сегіз медалімен, КСРО МҚК, Қазақстан Республикасының ҰҚК және Ресей Федерациясы Сыртқы барлау қызметінің ведомстволық наградаларымен марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1995 жылы оған генерал-майор жоғары әскери атағы берілді. 1999 жылы құрметті демалысқа шыққаннан кейін де Болат Нәсіпұлы өмірінің ұзақ жылдарын арнаған ісін әрі қарай жалғастырды. ҰҚК академиясының профессоры ұлттық қауіпсіздік орган-дарының жас буындарымен өзінің өмірлік бай тәжірибесін бөлісіп, дәріс береді. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасы ҰҚК сыртқы барлау ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы ретінде көптеген қоғамдық жұмыстарды атқарады. Қауіпсіздік қызметінің құрметті зейнеткері Болат Нәсіпұлы зайыбы Гүлжәмила Әбдімомынқызы екеуі үлгілі отбасын құрып, екі қыз өсірді, немерелері бар.

***

Қазақстан сыртқы барлау қызметін басқарған генералдардың бірі Жеңіс Қайыржанұлы Рыспаев. Ол 1949 жылы Алматы қаласында туған. Жеңіс Рыспаев 1971-2002 жылдар аралығында Қорғаныс министрлігі және Қазақстан Республикасының МҚК-ҰҚК жүйесінде қызмет етті. Қазіргі кезде отставкадағы генерал-майор құрметті демалыста. Жеңіс Қайыржанұлы өзінің әскери карьерасын Алматы жоғарғы жалпы әскери училищесінде курсант болып бастады. КСРО МҚК органдарына қызметке 1977 жылы келді. 1977-1978 жылдары КСРО МҚК әскери қарсыбарлау жоғары курсында оқыды. 1982-1984 жылдары КСРО МҚК Жоғарғы мектебінде тіл дайындығынан өтті. Ташкенттегі КСРО МҚК Жоғарғы Курстарындағы шет тілдер кафедрасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. 1984-1986 жылдары Ауғанстан Демократиялық Республикасында арнайы шетелдік іссапарда болды. Жеңіс Рыспаев 1997 жылға дейін ҚР МҚК-ҰҚК әскери қарсыбарлау желісі бойынша жедел және басшылық қызметтерді атқарды. 1996-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының бастығы болды. 1997 жылы генерал-майор Жеңіс Рыспаев – ҰҚК Төрағасының орынбасары, Қазақстан «Барлау» қызметінің директоры болып тағайындалды. Жеңіс Қайыржанұлы Рыспаев қауіп-сіздік органдарының жедел-қызметтік баспалдақтарының барлығынан өтті. Әскери қарсыбарлаушы ретінде Түркістан, содан кейін Орта Азиялық әскери округтерінің әскери объектілеріндегі мемлекеттік және әскери құпияларды шетелдік барлаудан қорғау бойынша қарсыбарлау жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ жеке құрамды құқық бұзушылық әрекеттерден қорғады.

ЖЕДЕЛ БАЙЛАНЫС ЖЕЛІЛЕРІ

Кез келген ведомствоның жұмысын арнайы байланыс құралдарынсыз көзге елестету мүмкін емес. Сыртқы барлау қызметінде жедел байланыс, құпия байланыс арналары ерекше маңызды орын алады. КСРО ыдырағаннан кейін Тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, сыртқы барлау қызметі шет елдердегі өзінің өкілдіктерімен, үкіметаралық қарым-қатынастар жасау үшін байланыс желілерін орнатты. Құпияланған байланыс арналарын жасау оңай жұмыс емес екені белгілі. Осы жұмыстарды ұйымдастыру, қалыптастыру міндеті сол жылдарда полковник Тұрлыбек Ниязқұловқа жүктелді. Полковник Тұрлыбек Ниязқұлов 1954 жылы орта мектепті бітірген соң Алматы байланыс электротехникумында оқыды. 1957-1960 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кентау қаласында байланыс аға технигі болып жұмыс істеді. Одан кейін Ташкент байланыс электротехникалық институтына оқуға түсіп, 1964 жылы оны бітіріп шыққан соң Қазақ КСР байланыс министрлігінің №2 радиоорталығында аға инженер, бас инженер қызметтерін атқарды. Тұрлыбек Ниязқұлов 1968 жылы Қазақ КСР МҚК органдарына қызметке қабылданып, КСРО МҚК арнайы және өкілдік байланысты қамтамасыз ету бойынша арнайы радиобайланыс қызметі бастығының орынбасары қазметіне тағайындалды. 1971 жылдан 1995 жылдың маусымына дейін осы қызметтің бастығы болды. Осы кезеңде техникалық жабдықталу жағынан Кеңес Одағында теңдесі жоқ екі ірі объект салынды. Бұл объектілер КСРО шет елдердегі өкілдіктерінен құпияланған радиоақпараттарды жіберу және қабылдауды ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Бұл объектілер арқылы әлемнің кез келген нүктесінен ақпарат алмасуға мүмкіндік туды. Байланыс қызметінің мақтанышы жылдам байланыс қызметін атқаратын аппаратура болды. Кейіннен егемендігін алған Қазақстан Республикасы әлемдегі көптеген елдерде өзінің елшіліктерін аша бастады. Осы тұста ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы радиобайланыс қызметі 1992 жылдан бастап шет елдермен үкіметаралық және Сыртқы істер министрлігі мен сыртқы барлау қызметінің шет елдердегі өкілдіктері арасында құпияландырылған байланыс желілерін орната бастады. Осы жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында Тұрлыбек Ниязқұлов АҚШ, Түркия елдерінде болып, сол жақта жаңа радиобайланыс пункттерін ашты. Қазіргі кезде шет елдердегі барлық елшіліктерде тұрақты жұмыс істейтін Қазақстан Республикасымен арнайы бай-ланыс жүйесі орнатылған. Полковник Тұрлыбек Ниязқұлов арнайы байланыс саласында өзінің көп-теген шәкірттерін тәрбиелеп шығарды. Ауғанстандағы соғыс кезінде радиобайланыс қызметінің 26 қызметкері байланысшы ретінде өздерінің интернационалдық міндеттерін орындады. Т.Ниязқұлов КСРО тоғыз медалімен марапатталған, соның ішінде «За боевые заслуги», «Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдары бар. Өз саласында сіңірген ерен еңбегі үшін Ресей Федерациясының Сыртқы барлау қызметі оған жеке қару – «Марго» тапаншасын тапсырды. Тұрлыбек Ниязқұлов 1995 жылы зей-неткерлікке шықты. 1995-1997 жылдар аралығында «Алтел» компаниясының вице-президенті, 1997-1999 жылдарда «Алматытелеком» Бас директоры болды. Ол ардагерлер ұйымымен үнемі байланыс жасап отырады.

***

КСРО және Қазақстан сыртқы барлау қызметінде отыз жылдан астам еңбек еткен ардагер-барлаушы, отставкадағы полковник Мұрат Хамзаұлы Сыздықов қазір құрметті зейнеткерлікте. 1970 жылы Қазақ КСР МҚК Бірінші (барлау) басқармасына қызметке алынған Мұрат Сыздықовтың бұдан кейінгі өмірі сыртқы барлау қызметіне байланысты өтті. Мұрат Сыздықов осы басқармада қайнап, өз ісінің шебері ретінде шындалды. Мәскеудегі Жоғары барлау курстарын бітіргеннен соң аға жедел қызметкер лауазымынан бастаған ол, Қазақстан Республикасы «Барлау» қызметінің белді бір департаменті басшысына дейінгі сатыдан өтті. Осы жұмыстағы отыз жылдың он жылдан астам уақытын Мұрат Хамзаұлы шет елдерде арнайы тапсырмалармен жүрді. Қытай және ағылшын тілдерін жетік меңгерген маман ретінде Сингапур, Бирма және АҚШ секілді елдерде ұзақ мерзімдік іссапарларда болды. Мемлекет қауіпсіздігі саласында еліне сіңірген ерен еңбегі үшін Мұрат Сыздықов КСРО-ның және Қазақстанның 14 медалімен, жоғары органдардың мақтау грамоталарымен марапатталды. «ҚР ҰҚК Құрметті қызметкері» деген құрметті атаққа ие болды. Оның ұзақ жылдар бойы қазақстандық дипломатияға сіңірген еңбегі қазірге дейін жемісін беруде. 1941 жылы Семей қаласында дүниеге келген Мұрат Сыздықов еңбек жолын 1960 жылы құрылысшы болып бастады. Сол жылы Алматыдағы Дзержинский атындағы Жоғары әскери шекара училищесіне түсуі оның өмірін күрт өзгертті. Сөйтіп, оның 40 жылға созылған әскери қызметі басталды. Әскери оқу орнын 1964 жылы бітіргеннен соң Семей облысындағы шекара заставаларында төрт жылдан аса қызмет істеді. Осы жылдары шекара заставасы бастығының орынбасары, застава бастығы, шекаралық отрядтың саяси бөлімі бастығының комсомол жұмысы бойынша орынбасары, шекаралық отрядтың барлау бөлімінің аға офицері лауазымдарында қызмет етті. Шекара қызметіндегі жылдарда қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Үржар аудандық және Семей облыстық комсомол комитеттерінің мүшесі болады. Семейліктер оны Қазақстан комсомолының ХІ съезінің делегаты етіп сайлайды. 1968 жылы Мәскеудегі МҚК Жоғары барлау курстарына (қазіргі Ресей Федерациясының Сыртқы барлау академиясы) жіберілді. – Шынымды айтсам, мен барлаушы боламын деп ойлаған емеспін. Негізі барлаушы болып тумайды, барлаушы болып қалыптасады. Бір күні застава бастығы шақырып алып: «сені 101-ге жібереміз, барасың ба, келіссең бөліміңе бар да рапорт жаз» деді. 101 деген не екенін білмесем де, барам дедім. Кабинетке келіп, рапорт жазып жатып, бөлімдегілерден «101» деген не?» деп сұраймын ғой. Ол кезде біздің бөлімдегілер кілең соғысқа қатысқан, тәжірибелі, мықты кісілер еді. Олар бір ауыздан «Бәрекелді, 101 деген барлаушылар мектебі ғой, оған жіберсе міндетті түрде бар» деп мені бір жағынан қызықтырып, қамшылап қойды. Осылайша мен Мәскеудегі барлаушылар курсына оқуға кеттім, – деп әңгімелейді Мұрат Хамзаұлы. Жас офицер Мұрат Сыздықовтың сыртқы барлау қызметі осы кезден басталады. Мәскеудің тапсырмаларымен Бирма, Сингапур елдерінде, кейіннен АҚШ-та ұзақ мерзімдік іссапарларға шықты. Сыртқы барлаудағы 30 жылдың барлығын ғылыми-техникалық барлауға арнады. Ғылыми-техникалық барлаудың басқалар көп түсіне бермейтін өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, шетелдік агенттермен жұмыс істеген кезде қағазға жазылған ақпарат немесе ауызша айтылған мәлімет емес, белгілі бір арнайы құралдарды пайдалануға тура келеді. Ғылыми-техникалық барлау саласы осындай жұмыстарға бағытталған. Мұрат Хамзаұлының Үндіқытай елдерінде қалай жұмыс істегені туралы, атқарған операцияларының бүге-шігесін әзірге айтуға болмайды. Сондықтан, оларға тоқталмаймыз. «Болар бала – тегінен» деп бекер айтпаған. Мұрат ағаның әкесі – Хамза Сыздықов белгілі журналист болған. Ташкенттегі жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, Мәскеуде КОКП Орталық комитеті жанындағы жоғары партия мектебін бітірген, Сталиннің алдында болып, қолын алған адам. Бірнеше ордендердің, соның ішінде Ленин орденінің иегері. Павлодар, Семей, Қызылорда, Шымкент және Алматы облыстық газеттерін басқарған. Қызылорда қаласында Хамза Сыздықов атындағы көше бар. Осындай ортада өскен Мұрат Хамзаұлы жан-жақты жан, адамды өзіне баурап алатын табиғи қасиеті де бар. Мұрат аға сияқты нағыз барлаушыдан қызметі туралы бәлендей ақпарат алу мүмкін емес, бірақ өз жұмысының ұңғыл-шұңғылына тереңдемей-ақ өміріндегі кейбір қызықты кездесулері туралы әңгімелеп береді. – Білетін боларсың, Ресейде Евгений Максимович Примаков деген мықты ғалым, саясаткер, барлаушы болды. Сол кісімен екі рет кездестім. Алғаш рет осы Алматыда кездестік. Ол кезде мен сыртқы барлау органының атынан Қазақстан Ғылым академиясында жұмыс істейтінмін. Бірақ ол жайлы қауіпсіздік қызметінің бірінші басшысынан басқа ешкім білмейді. Сол жылдары АҚШ пен Кеңестер Одағы арасындағы қатынас аса жақсы емес еді. Рональд Рейган жақында ғана президент болып сайланған уақыт. Сол Рейганның бір кеңесшісін Примаков жақсы таниды екен. Ол кезде Евгений Максимович Мәскеудегі Шығыстану институтын басқаратын. Сол танысы арқылы Рейганның барлық кеңесшілерін Кеңестер Одағына шақырады. Кездесу неге екенін қайдам, Алматыдағы Ғылым академиясында өтті. Әрине, ондай халықаралық шаралар Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қатысуынсыз өтпейді, әдетте Мәскеуден қауіпсіздік қызметінің өкілдері бірге жүреді. Сөйтсем, арасындағы біреуі менімен Сингапурда бірге болған жігіт екен, Кеңес Одағының Барлау басқармасындағы үлкен бастықтардың бірі болып шықты. Ол салған жерден «Мұрат, Рейганның көмекшілерінің арасында қытай мәселелері бойынша кеңесшісі бар, біз ол туралы жарытып ештеңе білмейміз. Сонымен тіл табысып, мүмкін болса АҚШ-тың Қытай туралы ұстанған саясаты туралы ақпарат алсаң керемет болар еді» деп, маған «тапсырманы» жүктеп жібергені. Басшылыққа хабарлауға уақыт жоқ, бірден «іске» кірісіп кеттім. Ресми кездесулерден кейін, әлгі шетелдікке жақындап, қытай тілінде сөйлесіп, ортақ әңгіме іздедім. Жақын танысып, өзіме үйіргеннен кейін «қазақ халқының салты» деп, үйге қонаққа шақырдым. Бізбен бірге, әрине, Мәскеуден келген «контрразведчик» ілесіп келді. Америкалық қонағым «мынау кім» деп сұрады. Мен оған «МҚК полковнигі, ол ағылшынша да білмеуі мүмкін, ал, біз қытайша сөйлесеміз» деп қалжыңдап қоямын. Сонымен, біздің үйде таңғы сағат төртке дейін «әңгімелестік». Әрине, ішімдік ішілді. Шетелдік өзінің балалық шағынан, қытай мәселесімен қалай айналыса бастағанынан бастап (Тайваньда жеті жыл тұрып, оқыған екен) АҚШ-тың қазіргі саясаты туралы көп әңгіме айтты. Таңғы сағат төртте Рейганның көмекшісін қонақүйге шығарып салып, өзім ас бөлмеде таң атқанша отырып «орталыққа» кететін 6-7 беттік ақпаратты дайындадым. Сол кезде Евгений Примаковпен бірінші рет жақын таныстым. Әрине, ол кезде барлаушы ретінде емес, Ғылым академиясының қызметкері болып таныстым. Екінші рет, арада бірнеше жыл өткеннен кейін Примаковты Нью-Йоркта кезіктірдім. Мен ол кезде Тәуелсіз Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты Өкілдігінің кеңесшісімін және қазақстандық сыртқы барлаудың АҚШ-тағы тұңғыш резидентімін. Ол кезде басшылықтың рұқсатымен ресейлік әріптестермен резиденттің байланысып тұруына болатын еді және де олардың көбісі кезінде бірге қызметтес болғандар. Бірде АҚШ-қа Ресей Федерациясы Сыртқы барлау қызметінің Директоры Евгений Примаков келді. Ресей сыртқы барлауының резиденті арасында уақыт тауып мені онымен кездестірді. Көп әңгімелестік, әңгіме арасында 80 жылдары Алматыда болған жағдайды есіне салып едім ұмытпапты «иә, иә есімде, сол кездегі «ғалым» сен екенсің ғой» деп күліп алды. 1991-1996 жылдары Нью-Йоркте істеген қызметіміз туралы әзірше айтуға болмас. Тек бірнәрсені ғана айтайын, біздің қалай жұмыс істегеніміз содан-ақ айқындалады. Бәрі сол кезде бастау алды. Алғашқы дипломаттар Америкаға Қазақстан Президентінің ұшағымен ұшып барды. Сол кезде қабырғасы қаланған жұмыстың нәтижесі бүгінде көрініс беруде. Біздің Елбасымыздың халықаралық аренадағы сындарлы еңбегінің арқасында Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы абыройы жоғары. Еліміз бұл ұйымның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі. Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі БҰҰ ресми құжаты ретінде тіркеліп, дүниежүзі саясаткерлерінің назарына ілікті. Яғни, біздің алғашқы қадамдарымыз бүгінгі жұмыстың алғышарты болды, – дейді полковник Мұрат Сыздықов. Соңғы ұзақ мерзімді шетелдік іссапардан оралған соң Мұрат Сыздықов қызметін барлаудың орталық аппаратында жалғастырады. Қазақстандық барлау қызметінің қалыптасуына үлесін қосты. Зейнетке шыққанға дейін ол қазақстандық ғылыми-техникалық және экономикалық барлауды басқарады. Мұрат Сыздықовтың ұйымдастырушылық, басшылық қабілеті осы ғылыми-техникалық және экономикалық барлауды басқарған тұста барлық қырынан жарқырап көрінеді. Ол отандық сыртқы барлаудың алдында ғылыми-техникалық және экономикалық барлау бойынша қандай тапсырмалар тұрғанын дұрыс анықтап, оны дер кезінде және дұрыс шешуге қол жеткізді. Оның басқаруымен сол жылдары Қазақстан сыртқы барлауы ғылыми-техникалық және экономикалық бағытта жоғары нәтижелер көрсете білді. Сыртқы барлау даярлайтын хабарламалардың ішінде ғылыми-техникалық және экономикалық тақырыптағы ақпараттардың алар орны әрине ерекше және де оның саяси немесе әскери мәліметтерге қарағанда өз ерекшелігі бар. Сондықтан да, барлау ақпараттарын тиісті ведомстволарға жіберуде Мұрат Сыздықов сол ведомство басшыларымен өте тығыз байланыста болуы заңды. Оларға қандай мәліметтердің қажеттігін тікелей өздерімен ақылдасып, сұрап отырды. Қазір сыртқы барлаудың құрметті ардагері Мұрат Хамзаұлы Алматы қаласында тұрады.

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

852 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз