• Заманхат
  • 28 Мамыр, 2019

РЕСЕЙ МҰРАҒАТЫНДАҒЫ БОДАНДЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР

(Ғұбайдулла Уәлиханов, Cаржан Қасымов,  Кенесары Қасымов, т.б. қозғалысы тарихынан )

Қазақ жерін Ресей империясы тарапынан отарлау мерзімі ХVІІ ғасырдың соңындағы Ермактың Батыс Сібірді жаулау кезінен бастау алады. Бұл отарлау  қазақтарды  туған жерлерінен  күшпен ығыстыру, барлық құқықтарынан айыру,  қорлау, жазалау, қырғынға ұшырату арқылы  жүзеге асырылды. Ұлтымыз оған  тоқтаусыз  жүргізілген наразылық, қарсылықтар, соның ішінде  тең емес қарулы күрестер арқылы  жауап беріп келді. Мұндай жағдайлар еліміздің барша өңірлерінде орын алды. Отаршылармен жеке адамдардың, топтардың қарулы күрестері туралы деректер де молынан кездеседі. Осының өзі азаттық қозғалысының үздіксіз сипат алып келгендігін көрсетеді.  Міне, осылай, біздің халқымыздың бұл қозғалысы  бодандық бұғауынан босағанға дейін үздіксіз жалғастырылып келді.

Мұндай мағлұматтарды Ресей мем-лекеттік мұрағаттарындағы ресми деректерден, сол мерзімдегі жарияланған тағы да басқа тарихи жазбалардан білуге болады. Мысалы, осы мұрағаттағы ХІХ ғасырдың басындағы деректе: «(Қазақтар, Ғ.Қ.) қазіргі Томск губерниясы қалаларына шапқыншылықтар жасап келді», - деген анықтама жасалынған. Қазақ халқының отарлыққа қарсы күресінің кеңінен жүргізілген кезеңі ХІХ ғасырдың 20-жылдарынан, яғни, Ресей империясының арнайы ережелері арқылы қазақ даласындағы дәстүрлі басқару, құқық жүйесін жоюынан бастау алады. Бұл ережелер бойынша бүкіл қазақ жері империяның меншігі деп жарияланды. Осының негізінде өлкені империялық жаңа әкімшілік аймақтарға бөлу, ресейлік заң ережелерін кіргізу, әскери, өнеркәсіптік игеру, қоныстандыру ісі кең көлемде бастау алды. Ата-қонысынан, кәсібінен айырылған қазақтар империяның ешқандай құқықсыз бұратана тұрғындарына айналдырылды. Осы уақыттағы қазақ даласындағы отарлыққа қарсы күрестің тізгінін ресейлік жаңа құрылымдарға наразы болған қазақ сұлтандары Саржан Қасымов, Ғұбайдулла Уәлиханов, Кенесары Қасымов, тағы да басқалары қолдарына алды. Олардың қарулы қарсы әрекеттері туралы мағлұматтар сол мерзімдегі Ресей мемлекеттік тарихи мұрағаттарында молынан кездеседі. Мысалы: Сібір шекара жүйесі ко-мандирі қол қойған «Қарқаралы приказындағы қылмыстық іс туралы» деп аталатын құжаттағы: «1826 жылы қолға түсірілген Саржан Қасымов, қырғыздар Мырзағұлов, Абызов және Балапановтардың шайкасы аса қатал жазалансын. ...Қарқаралы приказынан қыр-ғыздардың қарсылықтарын басуға жіберілген казактарға Байбұрын болыстығының 5 шайкасы шабуыл жасап, бір казак өлтіріліп, жетеуі жараланған», – деген деректер патша әкімшілігінің қазақтардың қарулы қарсылығын қаталдықпен жазалауға шешім қабылдағандығын көрсетеді. 1827 жылдың 26 қазанындағы Ресей императорлық Бас штабы инспекторлық департаментінің Сібір Комитеті төрағасына жазған: «Байбұрын болыстығының 500 адамдық қырғыз қарақшылары Сібір жүйесі казак әскерлерінің жүзбасы Кудрявцев басшылық еткен 14 урядниктер мен казактар тобын қоршап алып, оларға шабуыл жасады, казактар күні бойы қорғанды, алайда, қараңғы түсісімен шабуыл қайтадан басталды, 1 казак өлтіріліп, 6 казак жарақат алды, барлық аттар өлтірілді және жараланып, жарамсыздыққа айналдырылды. Жүзбасы Кудрявцев бастаған казактарға қырғыздардың шабуылын бұдан ары болдырмау үшін жүйеде екі артиллериялық зеңбірегі бар 450 казактан тұратын отряд негіздеу және оны келесі қараша айында далаға жіберу қажет. Ұлы мәртебелі император әскерлері Бас штабы бастығына жүзбасы Кудрявцевті 4 дәрежелі Қасиетті Анна орденімен марапаттап, хорунжий әскери шеніне ұсынамын» – деген мағлұматтар осы мерзімдегі жергілікті қазақтардың патша отарлаушыларына қарсы күресінің бітіспестік сипат алғандығын көрсетеді.Ал, келесі, Императорлық әскерлер Бас штабының бастығына Жеке Сібір корпусының қолбасшысының 1827 жылдың 9 тамызындағы жедел хатында: «Қарқаралы мекенінен 300 шақырым өңірде жаздық жайылымдықтары орналасқан қырғыз болыстықтарында тәртіпсіздіктер, толқулар үнемі орын алуда. ...Олардың адамдары казактар әскерлер тобына қарсы қаруланған шабуыл жасап келеді. Екі казак қылыш жарасын алды. Бүлікшілерге қорқыныш ұялату үшін артиллериядан екі рет оқ атылып, қырғыздардың шабуылдары біраз уақытқа тоқтатылды. Бізден сандары көп, қаруланған 200-ге жуық қырғыздарға қарсы бұйрық бойынша оқ жаудырылды. Бандыларды жазалау үшін таяу арада ...300 адамнан және екі атты артиллериядан тұратын ерекше казак отряды шұғыл жабдықталыну үстінде», – делініп, көтерілісті қарумен басудың қажеттігі баяндалды. Жергілікті қазақтардың мұндай көлемді қарсылықтарын жаныштап, қатысушыларды жазалау мақсатында патша әкімшілігі тағы да басқа әскери шараларды іске асыра бастады. Мысалы, Императорлық әскерлер Бас штабының бастығына Жеке Сібір корпусының қолбасшысы генерал-майор Сент-Лоранның 1827 жылдың 6 қыркүйегіндегі берген есебіндегі: «Кез-келген уақытта Қырғыз-қайсақтардың Орта Ордасында 1822 жылғы Ереженің енгізілуіне қарсы сұлтандар Ғұбайдулла Уәлиханов және Саржан Қасымовтардың жыртқыштарының күтпеген жерден ұйымдастырылатын шабуылдарына ұшырауға болады. Сондықтан да, приказдарға таяу орналасқан гарнизондарды үнемі дайындықта ұстау қажет. Усть-Каменогорскіден Петропавловскге дейінгі әрбір округте екіден артил-лериялық зеңбіректер, екіден офицерлер басқаратын казак топтары болуы тиіс. Солардың ішінде бүлік жайлаған Қарқаралы округіне қазанның басында жыртқыштарды жазалау және оларға ергендерді Қарқаралы приказы Байбура болыстығына қайтару үшін әскери старшина Лукиннің басшылығымен Ямышевадағы Железинск гарнизондық батальоннан 450 адамдық және екі артиллериялық зеңбірегі бар казак ротасы жіберілуі міндетті. Егер, олар жазалаусыз қалдырылса барлық қыр-ғыздарды соңдарынан ертетін болады. Оларды тек қорқыныш арқылы бағынышта ұстауға болады», – деген хабарлама осыны дәлелдейді. 1822 жылғы Сібір қырғыздары Ережесінің қабылдануына байланысты қазақ даласындағы хандық биліктің жойылуына көптеген қазақ сұлтандары келіспеді. Олар мұндай жағдайдағы ресейлік билікті мойындағылары келмей, Қытаймен арадағы өзара байланыстарын жандандыра түсті. Бұл жағдай екінші жағынан қазақ даласын толығымен өзіне қосуды мақсат еткен Ресей және Цинь империялары арасындағы қатынасты шиеленістіре түсті. Қазақ сұлтандарының осындай әрекеттерін болдырмау үшін Ресей жағы нақты қимылдарға көшуді қолға алды. Мысалы, 1823 жылдың 27 сәуірінде Жеке Сібір корпусының командирі инфантерия генералы Капцевичтің Баянауыл тауларына әскерлерімен келген қытай албандарымен кездесуін болдырмау мақсатындағы сұлтан Ғұбайдолла Уәлихановты ұстау үшін жіберілген жүзбасы Карбышев бастаған отрядтың міндеттері туралы бұйрығы шығарылып, онда: «Сібір жүйелік әскерлері Қарқаралы сыртқы округы отрядының бастығы, №7 полк командиры жүзбасы Карбышев Қытай амбаны әскерлерімен Орта жүздің Атығай болыстығының сұлтаны Ғұбайдулла Уәлихановты өз жағына тартуға арналған жоспарын орындатпау мақсатында өзінің батыл және ойластырылған қимылдары арқылы әрекет етуде. Себебі, Ғұбайдулла Уәлиханов бүлікшілерін жинап, Қытай албанымен өзінің елшілері арқылы уағдаласа отыра жасырын түрде Баянауыл тауларында кездесуге келіскен. Жүзбасы Карбышев бұл жолығысуды болдырмау үшін Қытай албанына қарсы бір атты зеңбірегі бар казак отрядын жіберетін болсын», - деп көрсетілді. Осындай мақсаттағы кездесулердің алдын алу, болашақта қазақ сұлтандарының Қытайлық жергілікті билеушілерімен кездесулерін болдырмау үшін шекара шептерін күшейту, шекаралық жүйеде орналасқан қазақтарды бақылауда ұстау үшін қосымша казак әскери бөлімдері жасақталынып, олардың мін-деттері белгіленді. Бұл шаралардың нақтылығына Империялық Жеке Сібір әскерлері бас штабы бастығының: «Жо-ғары мәртебелінің ұйғарымымен Семипалатинскіден Үлкен Қырғыз ор-дасында... тыныштықты қамтамасыз ету, басқа ру қырғыздары тарапынан жасалатын тонаушылықты тоқтату үшін әскери отряд жіберілетін болады. ...Подпоручик Березовский басқаратын бұл отряд екі атты артиллериядан, 300 адамдық төменгі дәрежелі казактардан тұрады, оның құрамында жүзбасы Карбышев, хорунжии Нюхалов бар», - деген арнайы хаты дәлел болады. Ал, «Бұрыннан далада өзінің әртүрлі бүлікшіл әрекеттерімен белгілі болған Орта қырғыз Ордасы Қарпық болыстығының сұлтаны Сар-жан Қасымов өткен жазда басқа да мылтықтармен, қылыштармен қа-руланған қырғыздар тобына басшылық жасайтын бүлікшіл сұлтандармен бірге даладағы керуен жолдарын басып алды және саудагерлерді тонаушылыққа ұшыратты. Осылармен қатар өздеріне жақтастар іздеу мақсатымен ...Сержан және Қашқымбай 400 адамдық қаруланған қырғыздарымен Қарпық болыстығы билерімен келісім жасай бастады», – деген ресми хабарлама патша әскерлері тарапынан көтеріліске шыққан қазақтарды жазалаудың себептеріне айналды. Олардың қазақтардың бұл қаруланған тобын аяусыз басуын: «...150-жуық адам өлтірілді, ...1000 ошақ жүйеде қалдырылы. Келесі қарсылықты басу қорытындысында ...50-ге жуық қырғыз өлтіріліп, 2000 жылқы, 200-ге жуық түйе тартып алынды», - деген ресми хабарлама жеткізеді. Ресей отарлаушыларының осындай қанды жазалауларына қарамастан қазақ халқының қарулы қарсылығы одан ары жалғаса түсті. Әсіресе, мұндай батыл қарсылықтар Кенесары Қасымов бастаған көтерілісі мерзімінде кезінде барынша орын алып, оның жалпыхалықтық наразылыққа айналғандығын паш етті. Аталған наразылықтар жергілікті қазақтардың орыс деревняларына, қоныстары мен селенияларына, орыс саудагерлеріне шабуыл жасау, казак әскерлерінің аттарын айдап әкету, т.б. арқылы білінді. Мұндай мысалдар ресейлік мемлекеттік мұрағат деректерінен молынан кездеседі. Атап айтқанда, 1839 жылдың желтоқсан айындағы екінші полк командирі, әскери старшина Куликовтың Жеке Сібір корпусы штабының бастығы атты әскер генерал-майор барон фон Дерг Ховенге: «1839 жылдың 19 желтоқсанында өзі басшылық жасайтын полктің төменгі дәрежелі казактары 17 әскери аттарынан айырылғандықтары» - туралы жазған хабарламасы жергілікті қазақтардың патша әскерлеріне қарсы ұйымдасқан қимылдарын көрсетеді. Өзбек саудагері Мірқұрбан Ниязовтың Жеке Сібір корпусының командирі генерал-майор Г.И.Глазенапқа жазған: «Қазір Қытай қаласы Құлжаға тауар апаруға дайындық үстіндемін. Сондықтан да, сізден өткен жолғы қайтқан сапарымда қырғыз болыс-тықтарының 15 жылқымды ұрлап кеткендігін ескере отыра керуенді қорғау үшін елу немесе алпыс адамдық казактар отряд жасақтауға бұйрық беруіңізді сұраймын» деген өтініші өңір қазақтарының ресейлік басқару жүйесіне наразылығының кеңінен етек алғандығын білдіреді. Патша әкімшілігі жергілікті тұр-ғындарды қорқынышта ұстау, мұндай қарулы қарсылықтың халықтың арасына кеңінен жайылуын болдырмаудың, оларды үнемі бағынышта ұстаудың барлық жолдарын қолданды. Көтерілісшілерге қолдау көрсеткендердің малдарын тартып алу, үйлерін өртеу, тағы басқалары кеңінен орын алды. Ондай мысалдар ресейлік мемлекеттік мұрағаттары деректерінде молынан кездеседі. Мысалы, Шекара жүйесі Барқармасының 1840 жылдың 29 ақпанындағы Батыс Сібір Генерал-губернаторлығына жолдаған есебінде: «Штабс-капитан Могилевский бастаған отрядтың бүлікшіл қырғыздардан 743 ірі жылқы, 910 құнан, 208 құлын, 85 түйе, 85 ірі бұқа, 38 сиыр, 4 бұзау» тартып алынғандығы жазылған. Көкшетау казак отрядының бастығы Петровқа №3 казак полкының жүзбасы Лукин жазған хабарламада: «1829 жылдың 29 мамырында қырғыздардан тартып алынып Петропавловскіге жіберілген сексен жеті жылқы мен он сегіз түйені бастап бара жатқандығы» баяндалған. Сібір корпусы командирінің 1840 жылдың 1 тамызындағы аға адютант, ротмистр Данилевскийге жіберген нұсқауында: «Бүлікшілерден көптеген жылқы тартып алынды, сондықтан да, сізден казак әскерлеріндегі аттарды толықтыру мақсатында Қарқаралыға барып, өздеріңе қажеттілерін таңдауларыңызды тапсырамын. Сонымен бірге, қолға түсірілген ірі қара, қойлардан қажеттігінше алуға рұқсат беремін. Сіздің Қарқаралыда болған кезде тағы да тартып алынған малдар келетін болса, олардың бар-лығы есаул Потанинге жіберілуі тиіс», – деп көрсетіліп, одан орыс жазалау отрядтарының қазақтардың малдарын ымырасыздықпен талауға ұшыратқандарын көруге болады. Келесі тарихи деректе «1840 жылдың 7 шілдесіндегі жүзбасы Волков бастаған отрядтың бүлікшіл қырғыздардан 14 ірі қара, 3720 қой тартып алынғанын, олардың казак әскери бөлімдеріне таратылып берілгені», – туралы жазылған. Сібір казак әскерлері штабының басшысына 1840 жылдың 14 қазанындағы наразылыққа шыққан қазақтарды жазалау мақсатымен далаға жіберілген казак отрядының командирі жүзбасы Байковтан түскен мәліметте: «Бүлікшіл қырғыздардан түйелер мен ірі қараны есептемегенде 3720 бас қой тартып алынып, казактарға таратылып берілгендігі, 1800 бас қойды қайда жіберу туралы нұсқау күтемін» деп көрсетілсе, «қырғыздардан тартып алынып, Көкшетау приказына 7 ірі, 13 үш жастағы, 6 екі жастағы, 20 құлынды бие, 11 құлынсыз бие, 24 үш жылдық, 13 екі жылдық, барлығы 112 түйе, 409 қой, 80 қозы, 40 ешкі жіберілгендігі» көрсетілген келесі мәлі-меттен орыс отарлаушыларының қазақ ауылдарын күнкөріс көздерінен айырып, қайыршылыққа ұшыратқандарын білуге болады. Полковник Броневскийдің Cібір шекара әскерлері басшылығына 1840 жылдың 14 маусымындағы жіберген есебінде «Гвардиялық штабс-капитан Студоновтың казак әскерлері отряды қырғыздардан 120 жылқы, 56 түйе және көптеген қой малын тартып алып, Көкшетау приказына жіберілгендігі туралы», – баяндалған. Ал, даладағы бүлікшілер қарсылығын басуға арнайы жіберілген отрядтың бастығы майор Гаюсь 1840 жылдың 17 шілдесіндегі есебінде «Осы айдың 9-күні Қыпшақ болыстығына жасалған шабуылдың нәтижесінде қырғыздардан 527 түйе, 229 жылқы, 52 ірі қара, 3955 бас қой тартып алғандығы, соның ішінде 800 қойды урядник Чудков жеке өзі әкеліп қосқандығы» – деген анықтамалар бар. Егер де, нақты мұрағаттарындағы жазбаларды өзара салыстыратын болсақ, казак жазалау отрядтарының қазақтардың қарсылықтарын басуды сылтау етіп, бейбіт ауылдардың малдарын түгелімен тартып алуды жарысқа айналдырғандығына көз жеткізуге болады. Мысалы, оған «Жүзбасы Лебедев бастаған отрядтың 1840 жылдың 20 маусымында даладан жинаған мал саны: «Түйе 1411, ірі қара 78, қой 4633, ешкі 89» – деген дерек дәлел болады. Сібір қырғыздары шекара жүйесінің бастығы полковник Вишневскийдің Жеке Сібір корпусының командирі генерал Горчаковқа жіберген есебінде: «Сіздің 14 қыркүйек күнгі №4664 бұйрығыңызды орындау мақсатында Аманқарағай округі қырғыздарынан 812 жылқы күшпен алынды, сонымен бірге-бір винтовка, бір қылыш, алты найза, алты ертоқым тартып алынып, осы іске белсене араласқан казактарға бөлініп берілді», – делініп, бұдан қазақтардың малдарын тартып алу орыс казактарының қалыптасқан әдетіне айналғандығы анықталады. Отарлаушылардың, солардың ішіндегі казак әскерлерінің қазақ даласындағы бұл оқиғаларға дейін де үнемі орын алып келген өрескел жүгенсіздіктерін олардың бұл қылықтарына толығымен куә болған Ш.Уәлиханов ашына баяндаған еді. «Олардың (қазақтардың,-Ғ.Қ.) күйреуге ұшырауларына, – деп жазады ғалым, – ...кінәлі казактар. Бұл тонаушы тұрғындар өздерін барлық жерлерде көрсете білді. Қырғызбен қалай қатынас жасайды? Өте қарапайым. Олардың барлық жекеменшігі казактар үшін өздерінікіндей көрінеді, сондықтан да, қырғыздың қойын тартып алу, өгізі не жылқысын ұрлап кету жастықтан, еркеліктен басқа ештеңе емес деп бағаланады. ...Тіпті, барлық Сібір әскерлері қырғыздар есебінен күн көреді деп айтуға болады». Міне, осылай, Ресей отарлау-шыларының қатарындағы орыс казактарының қазақтардың жайы-лымдықтары, мүліктері мен малдарына өз меншіктеріндей қожалық жасауы халқымыздың бүкіл бодандық мер-зіміндегі басына түскен айықпас қайғыға айналды. Өз жерінде өмір сүрудің барлық мүмкіндіктерінен айырылып, құлдыққа түскен халқымыздың қолдарына қару алып, оларға қарсы шығудан басқа жолдары қалмады. Міне, сондықтан да, осы тең емес қарулы күресте ба-баларымыздың жазықсыз қандары төгіліп, қырғынға ұшырағандығының көлемін тарих қойнауынан аршып алып, бүгінгі ұрпаққа сабақ ретінде жеткізу парызымызға айналып отырғандығы белгілі. Осындай шарасыздық пен отарлаушыларға деген бітіспес жеккөрушілік ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы қазақ халқының Кенесары қозғалысын қолдап, оған қосылуынан көрінді. Бұл көтерілістің мақсаты, қамтыған аудандары мен көтерілісшілер санының молдығы, Кенесарының батыл қимылдары патша әкімшілігінен оны қатігездікпен басып, қатысушыларды барынша жазалауды іске асыруды талап етті. Мұндай шараларымен Ресей империясы көтерілістің қазақ даласынан асып, басқа да қаналған халықтар арасына тарап кетуінен де сескенгендігі белгілі.Міне, сондықтан да, патшалық билік Кенесарыны жылдам қолға түсіру, оның жасақтарын талқандауды басты міндет етіп қойды. Мысалы,1840 жылғы Сібір казак әскерлері басшысының: Сібір казак отрядтарының 1840 жылғы қырғыз даласындағы сұлтан Кенесары Қасымовтың бүлікшіл тобы мен оның тағы басқа тонаушыларына қарсы әрекеттері туралы есебінде: «1839 жылғы шығыс өңірдегі бізді қолдаушы қырғыздарды сұлтан Сиванқұлдың, батыстағы Кенесарының тонаушылықтарынан қорғау мақсатында табысты қимылдар жасалынып, олардың өкіметке деген сенімдері арта түсті. Тіпті, өткен жылдың соңында Үлкен Орданың Бағаналы және Қыпшақ тайпалары, одан кейін даланың шығыс бөлігіндегі байжігіттіктер де Ресей қарамағына өтуге тілек білдірді. ...Ишим жүйесіне орналасу үшін жаяу әскерлер ротасы, 300 казак және екі атты артиллерия және Атбасарға жаңадан жасақталған тағы да 300 казак жіберілді. Бүлікшіл қырғыздарды басу мақсатымен Қарқаралы арқылы Ақтауға Белсуты және Булынтық өзендері арқылы Ишим жүйесінен гвардиялық штабс-капитан Спиридонов бастаған 200 казак аттандырылды», – делініп, оны қолға түсіруді жылдамдатудың қажеттілігі баса көрсетілді. Тарихи деректерден белгілі бола-тындай, Ресейлік әскери биліктің көтеріліс басшысын жақтастарымен бірге ұстап, тұтқынға алу жоспарлары үнемі сәтсіздікпен аяқталып келді. Соған қарамастан, олар ешқандай тоқтаусыз Кенесарыны қолға түсіріп, жазалауды одан ары жалғастырды. Бұл үшін әскери казак отрядтарының сандары арттырылды. Кенесарының орналасқан жерін анықтап, оны ұстауға барлық шаралар қолданылып, нәтижесін бере бастады. Мысалы, жазалау шараларының басшыларының қатарындағы Сібір қырғыздары шекара жүйесінің бастығы полковник Вишневскийдің 1844 жылдың 24 сәуірінде Жеке Сібір корпусының командирі, атты әскер және инфантерия генералы Горчаковқа жіберген хабарламасында: «Қорғалжын отрядының командирі есаул Рыбин 12 ақпанда Кенесарыны ұстау мақсатында оның ізіне түсті. ...Кенесарының ауылы Жезды Кенгирде орналасқандығы, ал, оның елеулі санды жақтас бандылары және төленгіттерімен Сары Кенгир өзені бойындағы Бурылдай жазығында екендігі анықталды. Есаул Рыбин 20 ақпан күні отрядымен бүлікшілердің ауылына жолға шықты. Кенесарының ауылы Жезды Кенгир бойындағы Акчийты қыстауында отырғандығы белгілі болды. Ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік Сотниковпен ақылдасып, есаул Рыбин Кенесарының ауылына шабуыл жасады. 500 адамнан тұратын бүлікшілер тобының көпшілігі өлтіріліп, Кенесарының үлкен әйелі Құлынжан тұтқынға алынды», деп жазылып, жазалаушылардың Кенесарыны ұстауға деген бітіспестігін көрсетті. Алайда, Кенесарыны қолға түсіре алмаған патша жазалаушы әскерлері оны қолдаушы ауылдардың барлығын өртеп, талқандауға кірісті. Осы жазалау шараларында көзге түскендер марапатталынып, дәрежелері өсірілді. Бұған: «Акчийты өңіріндегі 27 ақпандағы бүлікшіл сұлтан Кенесары Қасымовты қолдайтын болыстықтарды талқандау кезіндегі көзге түскен әскерилер ...Хорунжий Первушкин, урядниктер Алексей Смирнов, Григорий Щербаков, Павел Кондратов, Павел Ворошилов,отрядта болған аудармашы-тілмаш Иван Безверхов, казактар Матвей Кайдалов, Викуль Михайлов, Петр Сотников, ...арнайы марапаттауға ұсынылады» - деген ресми хабарлама мысал бола алады. Патша әскерлерінің жазалау әре-кеттеріне қарсы соғыс өнерін шебер пайдаланып, тұрақты казак әскер бөлімдеріне қарсы ұтымды соғыс қимылдарын жасай білген Кенесарының көтерілісшілері өз кезегінде казак әскерлерін шығынға ұшыратып келді. Көтерілісшілердің осындай нәтижелі қимылдарының бірі туралы Кенесары көтерілісінің алғашқы мерзіміндегі, яғни, 1838 жылғы Жеке Сібір кор-пусының командирі генерал-майор Гладышевтың әскери министр, генерал Чернышевқа жазған хабарламасында толығынан баяндалды. Онда: «Ақтау комендантының міндетін атқарушы әскери старшина Саманов өзінің өткен 1837 жылдың 19 желтоқсанындағы рапортында 27 қарашада Ақтау қа-малына Петропавловск қаласынан Ташкентке бара жатқан керуенді қорғау мақсатында жіберілген хорунжий Рытов бастаған 6 урядник, 48 казактан тұратын отрядтан екі казак келіп, қамалдан 200 верст жерде 800 адамдық сұлтан Кенесары Қасымовтың тобы жан-жағынан қоршап алып, төрт күн бойы қоршауда отырғандығын жеткізді. ... Қырғыздардың отрядқа шабуылы кезінде отряд бастығы хорунжий Рытов, 4 урядник және 22 казак пен фельдшер өлтірілген. Бұл хабарды алған әскери старшина Симанов сол күні 3 офицер, 20 урядник және 120 казак, екі атты зеңбірекпен қоршаудағы казактарға көмекке ат-танды. Құтқарылған казактардың айту-ларынша оқиға төмендегідей тұрғыда орын алған: Хорунжий Рытов бас-таған отряд керуенді қорғай отыра Ақтаудан шығып, өзіне берілген нұсқауға сай 250 верст шыққаннан кейін 4 желтоқсан күні осы жерге 2 урядник, 1 фельдшермен бірге 19 казакты заттарымен және аттардың жемімен тастап, одан ары тағы да 50 верст керуенмен бірге кетті, осы кезде Кенесары Қасымовтың тобы хорунжий Рытов тастап кеткен казактарға шабуыл жасап,олардың барлығын өлтірді. Әскери старшина Симанов тапқан өлтірілген қырғыздардың төрт үлкен моласы казактардың ержүректілікпен қорғанып, күштің тең болмағандығынан олардың жеңілуіне әкелгендігіне дәлел болады... Осыдан кейін Кенесары Қасы-мовтың тобы қайтып келе жатқан хорунжий Рытовтың соңына қайтадан түсіп, 5 желтоқсан күні өлтірілген казактар жерленген жерден 20 верст қашықтықтағы орыннан оларға тағы да шабуыл жасады. Қырғыздар тобы 100 адамнан тұрды. Хорунжий Рытов өзінің 29 казагымен олардың алғашқы шабуылдарына тиімділікпен төтеп берді, алайда, қырғыздардың дәл атылған оқтарынан көп аттарынан айырылған соң қорғанысқа көшіп, қарсылық қатарынан үш күнге созылды. Казактардың винтовкадан жаппай атыстарынан адамдарының көп шы-ғынға ұшырағандығынан Кенесары Қасымов олардың қарсылығын жақын қашықтықтан басу үшін қарағаннан тосқауыл жасап, оны өздерінің алдарына салып дөңгелете отыра казактарға 15 метрге дейін жылжып келді, осы кезде хорунжий Рытов өз командасымен суық қарумен шабуылға көшті. Қырғыздар тобының саны бұл кезде 400 адам болатын. Казактар қырғыздарды бекіністен ығыстырып шығарды, және бір ту, 33 найза, 9 мылтық пен 10 шоқпарларын қолға түсірді, көптеген қырғыздар ұрыс орнында қалды, алайда, Рытовтың өзі және 3 урядник, 1 казак қаза болды, 22-сі жараланды. Тірі қалған казактар бекініс жасауға кірісті. ...5, 6 және 7 желтоқсан күндері Кенесары Қасымовпен болған қақ-тығыста қазаға ұшыраған және жараланғандардың тізімдерін жібере отыра, Аса мәртебелі сізден Хорунжий Рытовпен бірге болған аман қалған урядниктерді және казактарды барлығымыз куә болған ерекше ержүректіліктері үшін марапаттауға ұсыныс жасаймын» - деп жазылған (Осы құжатта марапаттауға ұсынылатын Рытов бастаған 50-ге жуық урядник, фельдшер, казактардың аты-жөндері, әскери атақтары берілген - Ғ.Қ.). Қорыта айтқанда, жоғарыдағы сараланған ресми деректерде ресейлік отарлаудың нәтижесінде еркіндіктерінен айырылып, бодандықтың барлық ауыр тауқыметі мен қасіретін тартқан, одан құтылу жолында қарулы күреске шығып, көпшілігі осы қасиетті соғыста жандарын қиған ұлт-азаттық қозғалысының ХІХ ғасырдың бірінші жартысына дейінгі мерзіміндегі тарихы жарияланған. Осындай нақты мысалдар арқылы ұлтымыздың ресейлік бодандыққа қарсы күресінің жалпы халықтық сипат алып, бітіспестік тұрғыда жүргізілгендігі паш етіледі. Аталған тұрғыдағы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәселен, Сырым Датов, Кенесары Қасымов және басқалар бастаған көтерілістер қазақ-тың ұлттық рухын орнықтыруға, ортақ жау – Ресей патшалығына қарсы күресте қазақтардың барлық күшін біріктіруге талпынған әрекеттер еді», - деген сөзі халқымыздың бірнеше ғасырға созылған, соның ішінде ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы неғұрлым ауқымдылығымен ерекшеленген бостандық жолындағы қарулы қар-сылықтарының мақсатын толығымен ашатындығы белгілі.

675 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз