• Тарих толқынында
  • 24 Маусым, 2019

СЫРТҚЫ БАРЛАУ ТАРИХЫ

МИРМАНОВТЫҢ  МАҢЫЗДЫ  МИССИЯСЫ

Талай мәрте шетелге арнайы тапсыр-малармен шығып, елге абыроймен оралған көптеген барлаушыларымыздың ерліктері ұзақ жылдар бойы айтылмай келді. Ондай құпия құжаттардың кейбіреулері ғана араға ондаған жылдар салып ашылуы мүмкін, ал, дені жабық күйінде қалады. Қазақ барлаушыларының бірі Әбдіғапар Досекейұлы Мирмановтың өмір жолы осындай құпия қалтарыстарға толы. Сыртқы барлау қызметінің отставкадағы полковнигі Әбдіғапар Мирманов елден тыс жерлерде арнайы операцияларды орындағаны үшін екі мәрте Қызыл Жұлдыз орденімен, Ауғанстанның ең жоғары марапаты «Бірінші дәрежелі Жұлдызы» және «Батылдығы үшін» ордендерімен, көптеген жауынгерлік медальдармен марапатталған. Әдетте, Әбдіғапар Досекейұлы өзінің тікелей мамандығы жайлы көп адамдарға шешіле бермейді. Бұл – қалыптасқан барлаушыға тән кәсіби әдет. Әбдіғапар Досекейұлы Ау­ғанс­тан жерінде бірнеше маңыз­ды тапсырмаларды мүлтіксіз орын­­­дап, кеудесіне бірнеше жауынгерлік ор­ден­­дерді тағып, абыроймен орал­ды (бұл операцияларға кеңірек тоқталамыз). Кейіннен басқа да шетелдерге шығып, арнайы тапсырмаларды орын­дады. Мысалы көрші елдердің біріне жиырма шақты рет арнайы сапарлармен барған. Олардың бәрін тілге тиек етпесек те, тоқсаныншы жылдардың басында Солтүстік Кореяға барып қайтқанын айтуға болады. Бұ­рынғы КСРО сияқты сыртқы ше­карасын темір шымылдықпен тұмшалап, сырт жаққа өз азамат­тарын шығармайтын, өздеріне шет­елдік туристерді көп қабылдай бер­мейтін азиялық мемлекеттердің бірі – Корея Халықтық Демокра­тия­лық Республикасы. Бұл елге бар­лау жұмыстарымен бару қазір­дің өзінде өте қауіпті саналады. Бі­рақ Әбекең ол жаққа әдеттегідей жасырын миссиямен, лақап атпен барған жоқ. Қазақстан ғылым ордасының ғылыми қызметкері ретінде ашық барды. Солтүстік Кореяның арнайы шақырумен барған қазақстандық делегацияның құра­мында болып, жұрттың көз ал­дында жүрді. Сөйтіп жүріп, өзіне жүк­телген негізгі жұмысты, құпия тап­сырманы орындап қайтты. Егер, оның сол жақтағы құпия атқаратын «негізгі жұмысы» әшкереленген жағдайда Мирмановтың өзіне ғана емес, ондағы бізге жұмыс істейтін адам­дардың өміріне де қауіп-қатер тө­нер еді, тіпті, жылдар бойы қылыштың жүзінде жү­ріп, бар­лаушылар бір ізге салған құпия аген­туралық желі бір сәтте жоқ болар еді. Әбдіғапар Мирманов Корей Халықтық Демократиялық Республикасына 1992 жылдың басында барды. Бұл КСРО ыдырап, бұрынғы байланыс арналары, барлау желілері үзілген кез еді. Бұрынғы КСРО-ның МҚК Бірінші Бас басқармасы сыртқы бай­ланыстарды қалпына келтіру жұ­мыстарын жүргізіп, жанталасып жатқан. Осы аумалы-төкпелі тұста ондағылар қазақстандық барлаушылардың көмегіне жүгінді. Таңдау бұған дейін шет елдерде талай тапсырмаларды мүлтіксіз орындаған, қарулы қақтығыстар болып жатқан жерлерде жүріп ысылған тәжірибелі барлаушы Әбдіғапар Мирмановқа түсті. Ор­та­лықтан берілген тапсырма – сол елге кеткен кеңес сыртқы барлауы­ның агентімен үзілген байланысты қалпына келтіру болды. Тапсыр­маны орындауға дайындық өте тия­нақты, мұқият жүргізілді. Сол­түстік Кореядағы агентпен кездесу үшін оған дайындық бір жыл бұ­рын, 1991 жылы басталған бола­тын. Ол кезде Кеңес өкіметі әлі та­рамаған. Орталық ол елге сезік тудырмай барудың ең тиімді жолы – ғылыми байланыс жасау деген шешім қабылдайды. Осы бойынша жоспар жасалды. Ресей тарапынан адам жіберу сезік тудыратын бол­ғандықтан, Солтүстік Кореяға Ал­ма­тыдан арнайы делегациямен шы­ғатын үш академикке ілесіп, тә­жірибелі барлаушы Әбдіғапар Мир­манов баратын болды. Деле­гация­ның мақсаты – Ким Ир Сен ке­зінде 1955 жылы марксистік иде­яға қарсы ұсынған, Солтүстік Ко­реяның ресми идеологиясы бо­лып табылатын «Чучхе» идеясын зерт­теу еді. Сөйтіп, арнайы опе­ра­циядан бір жыл бұрын Әбдіғапар Мирманов ҚазКСР Ғылым Ака­демиясына қызметке қабылдана­ды. Әрине, оның барлау қызметі­нен екенін ешкім білген жоқ. Кеңес Одағы тарап жатса да, ор­талық министрліктер, ғылым ака­демиялары әлі де жекеленбей, жұмысын жалғастырып жатқан кез. Жол-жөнекей ғалымдар деле­гация­сын күтіп алып, шығарып салу үшін Ресей қалаларына қызыл жолақты «үкіметтік» жеделхаттар жол­данды. Соның арқасында жол­да бұларға барлық жағдайлар жа­салды. Сонымен, Солтүстік Ко­рея­дағы күндер басталады. Он төрт күн аз уақыт емес. Күнде арнайы бағ­дарлама бойынша іс-шаралар өт­кізіледі, мәдени орындарды ара­латады. Дәл сол уақытта әнші Алла Пу­гачева концерттік бағдар­ла­ма­мен сонда жүр екен, бұларды оған да алып барды. Бір сөзбен айтқан­да, патшаға лайық сый-құрмет көр­сетіледі. Мұндайда уақыт та зы­мырайды, Әбекең болса, ешқай­да шыға алмай, мысы құриды. Жүк­телген тапсырманы орындау ке­рек. – Қайда барсам да қасымнан адам­дар қалмайды. Ал, маған тап­сырманы орындау керек. Жеке сы­тылып шыға алмайсың. Бірде «кері қайтатын билет алу туралы анықтама алу қажет» деген сыл­тау­мен «қашып шығып», «Аэрофлот» компаниясының кең­сесіне келдім. Алматыдан шығарда сә­лемдеме ретінде бір жәшік «По­сольская» арағын салып алып едім, сол жақсы болды. Соның бір-екеуін қолтығыма қысып алдым. «Аэ­рофлот» компаниясының өкіл­дігіндегі елін сағынып жүрген ре­сей­лік жігіттерге орыс арағын құйып бердім. Олармен емен-жар­қын әңгімелесіп, өзім іздеген адам туралы толық ақпарат жинадым. Ол адам туралы қазірге дейін еш­теңе айта алмаймын. Қысқасы, өзі­ме жүктелген орталықтың тап­сырмасын ойдағыдай орындадым. Агентуралық желі қалпына кел­тірілді, кеңестік барлау қызметі жұ­мысын әрі қарай жалғастыратын бол­ды. Мәскеуге тапсырма орын­далғаны туралы дереу хабар жі­беріл­ді, – деп Әбекең сол кездерді ес­ке алатын. Солтүстік Кореядағы екі апта­ны аман-есен өткізіп, қазақстан­дық делегация елге қайтатын бол­ды. 1992 жылдың басы. Одақ тарап кет­кен өлара кезең. Хабаровск об­лыстық комитетіне «Қазақ КСР-нің делегациясын күтіп алу керек» деген «қызыл жолақ» жеделхат жіберілген, бірақ бұларды ешкім кү­тіп алмады. Алматыға билет жоқ. Де­легация Хабаровскінің әуе­жайын­да екі тәулік жатты. Жауын­гер­лік жорықтарда әбден ысылған Әбе­кең ондайға үйренген ғой, тек ака­демиктерге қиын тиді. Пол­ков­ник Мирманов МҚК-нің Ха­баровск басқармасындағы барлау қызметінің басшысын танитын еді. Бірден соған барды. Ол Әбекеңді қуана қарсы алды. Жағдайды бір­ден түсінген әріптесі «Менің бұ­рынғы орынбасарым зейнеткер­лік­ке шыққан, қазір әуежайда қауіп­сіздік бөлімін басқарады, қолынан келмейтіні жоқ, пысық жі­гіт» деп, сөзге келмей, өз көлігіне отыр­ғызып соған алып барды. Ра­сында, бұрынғы орынбасары мықты екен, қауіпсіздік қызметінің полковнигі Әбдіғапар Мирманов пен қазақстандық үш академикті ұшаққа Алматыға дейін билетсіз мінгізіп жібереді. – Алматыға қонысымен ака­де­миктің бірі қоярда-қоймай мені әуежайдан бірден үйіне алып бар­ды. Кабинетіне кіргізіп алып, «Сен тегін адам емессің, кімсің?» – деп сұрақ­тың астына алды. Тапсырма орындалды, енді несін жасырам, «Сырт­қы барлау полковнигі Мир­ма­нов» деп өзімді қайта таныстыр­дым. «Е, бәсе, сондай бір пәлеңнің бар екенін ішім сезіп еді» деп ака­демик риза болып, дастарқан жай­ды, – деп Әбекең жымиып, өткенді еске алушы еді.

ДИПЛОМАТ-БАРЛАУШЫ ТҰРАРБЕКОВ

Халықаралық қоғамдастық Қазақстанның егемендігін мойындағаннан кейін, біздің еліміздің басқа көрші мемлекеттермен арадағы заңды танылған шекарасы болған жоқ, сондықтан, түрлі трансұлттық қатерлер мен геосаяси қауіптер алдында әлсіз болды. Тіпті көптеген халықаралық сарапшылар Қазақстанды діни белгілері бойынша бөлшектенген мемлекет болады деп те болжам айтқан. Көпұлтты республика өзінің тәуелсіздігінің бастауында-ақ саяси-экономикалық жағынан қалыптаспаған мемлекет болып шығуы әбден мүмкін деді. Елдің аумақтық тұтастығын сақтау үшін өзіміздің мемлекеттік шекараларымызды шұғыл түрде халықаралық құқық нормаларына сәйкес нығайту және заңды ресімдеу үдерісін үдете жүргізу керек болды. Ұзақ та тыңғылықты жұ­мыс­тардың нәтижесінде Қа­зақ­станның мемлекеттік ше­ка­ралары қазіргі уақытта то­лықтай заңды түрде ресімделіп, келесідей халықаралық құжат­тар­мен делимитацияланды: * Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы ҚР мен ҚХР арасындағы 1994 жыл­дың 26 сәуіріндегі келісім, ҚР және ҚХР арасын­да­ғы мемлекеттік шекара сы­зы­ғын демаркациялау туралы ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы 2002 жылдың 10 мамырындағы хаттама; * Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы туралы ҚР мен ӨР арасындағы 2001 жыл­ғы 16 қарашадағы келісім-шарт; * Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасы туралы ҚР мен ҚР арасындағы 2001 жылғы 15 желтоқсандағы келісім-шарт; * Қазақстан-Түркіменстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркация үде­рісі туралы ҚР мен Түр­кі­мен­стан арасындағы 2005 жылғы 5 шілдедегі келісім-шарт; * Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы ҚР мен РФ арасындағы 2005 жыл­ғы 18 мамырдағы келісім-шарт. Қазіргі уақытта Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік шекарасы белгіленген және толық жаб­дық­талған. Бүгінде барлық жерлерде де мемлекеттік шекараны күзетудің жаңа технологиялары енгізілуде. Қылмыстық әрекеттерге қатысы бар адамдардың біздің елімізге өтіп кетуінің алдын алатын, шетелдіктердің келуі мен кетуіне бақылау жасаудың біртұтас ақпараттық жүйесі енгізіліп, дамытылуда. Бүтіндей алғанда, қазіргі уақытта республика мен оның азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік шекара мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік еге­мендігіне қол сұғылмау­шы­лық­ты сақтау үшін берік тұғырнама жасалды. Бұл деректерді келтіріп отырғаным, осы жұмыстарға белсене атсалысып, бел ортасында барлау қызметінің қызметкерлері де жүрді. Солардың бірі – Биғали Шәріпқалиұлы Тұрарбеков. Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі ретінде сыртқы барлау қызметінің полковнигі Биғали Шәріпқалиұлы өмірінің соңғы жылдарында Қазақстанның мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау жұмыстарымен айналысты. Шекаралық мәселелер бойынша, Ресей, Қытай, Түркіменстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерімен арада болған барлық келіссөздер осы кісінің қатысуымен өтті. Биғали Тұрарбеков Алматы облысындағы Матай стансасында 1950 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері Шәріпқали ақсақалдың отбасында дүниеге келеді. Жасынан зерек Биғали Сарқан ауданындағы Екіаша ауылында орта мектепті үздік бітіріп, Жамбыл гидромелиоративтік институтына оқуға түседі. Ол кезде барлаушы болу жас жігіттің ойына да келмеген. Институттан алған жолдамамен Шардара су қоймасының құрылысына аттанады. Алғырлығымен, іскерлігімен көзге түскен Биғали көп ұзамай осы жерде бас инженер қызметіне дейін көтерілді. Кейіннен Биғали Шәріпқалиұлы Мәскеудегі жоғары оқу орындарының бірінде білім алып, қытай тілін жетік меңгерді. Қызметін түбегейлі өзгерткен Биғалидің қалған өмірі Қазақстан сыртқы барлауымен тығыз байланысты болды. Ол өзінің білімділігінің, өмірден, алдыңғы көш ағаларынан алған тәжірибелерінің, турашыл, ашық мінезінің арқасында қай ұжымда болмасын сыйлы, беделді азаматтардың бірі болды. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін атқарған қалтқысыз қызметі елеусіз қалған жоқ, бірнеше мәрте мемлекеттік наградалармен марапатталды. Биғали Тұрарбеков Қазақстанның Қытайдағы елшілігі құрамында саяси мәселелер жөніндегі кеңесші болды. Қазақстан Президенті жанындағы Қауіпсіздік кеңес аппаратында қызмет етті. 1997 жылдың 5 қарашасында құрылған Қазақстан Республикасы «Барлау» қызметі директорының бірінші орынбасары болды. Мемлекеттік шекараны делимитациялау жұмыстары аяқталған соң, 2005 жылы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының лаңкестікке қарсы аймақтық орталығының Атқарушы комитеті құрамындағы Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл оның соңғы қызмет орны болды. Биғали Шәріпқалиұлы Тұрарбеков 2006 жылдың 9 желтоқсанында кенеттен келген науқастан дүние салды. Биғали Тұрарбековтың қандай деңгейдегі маман болғанын, еліне қандай пайдалы еңбек сіңіргені туралы басқа адамдардан гөрі, онымен етене жақын болып, бірге жүріп қызмет істеген, отбасымен араласқан қызметтес әріптестері жан-жақты әңгімелеп, нақты мағлұматтар бере алады. ҚР дипломатиялық жұмысының еңбек сіңірген қызметкері Қ.Омаров, ҚР Біріккен араб әмірлігіндегі елшісі А.Мусинов, Сыртқы істер министрінің кеңесшілері – Б.Абылғазин, М.Нұрмағамбетов, қауіпсіздік қызметіндегі әріптестері Ғ.Бекмұхамедов, С.Батаев, К.Бейсебаев, генерал-майор А.Баймұханов, барлау қызметінің отставкадағы полковниктері А.Мейірманов, В.Богацкий сияқты көптеген қызметтес достары ол туралы естеліктер жазды. Биғали Шәріпқалиұлымен бірге жұмыс істеген әріптестері оны еске алғанда, алдымен адамгершілігін, біліктілігін, іскерлігін сөз етеді. Онымен Сыртқы істер министрлігінде ұзақ жылдар бойы үзеңгілес жүрген қызметтесі Қазақстан Республикасы Парламент Се-натының төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаев былай деп есіне алады: – Бұл кісімен мен өткен ғасырдың сексенінші жылдарында таныстым. Биғали Шәріпқалиұлы Пекинге Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігі атынан үш айлық іссапармен келді. КСРО Сыртқы істер министрлігі сол кезде дұрыс шешім қабылдады – әрбір одақтас республиканың сыртқы істер ведомстволары өз қызметкерлерін Одақтың шет елдердегі елшілігіне жіберіп отыратын. Солардың бірі Қытай мәселесінің маманы Тұрарбеков Биғали болды. Ол КСРО-ның ҚХР-дағы консулдық бөлімінің жұмысына белсене араласып, кірісіп кетті және бұл іске кейбір жаңалықтар енгізді. Оның ұсынысы бойынша, ҚХР-дағы ұлты қазақ азаматтармен байланыстар жасалып, қарым-қатынастар дами бастады. Тұрарбеков Биғали арқылы олар Қазақстанның саяси, қоғамдық және экономикалық жағдайлары туралы хабардар болып, шекараның арғы жағында тұратын туыстарымен байланыс жасауға мүмкіндік алды. Сол кезде елшіліктің консулдық бөліміне келген қазақтардың біразы тарихи отанына қайту туралы шешім қабылдады. Биғали Тұрарбековтың егеменді Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің жүйесін құруға қосқан үлесі өте зор. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында, ол консулдық бөлімді басқарып тұрған кезінде, Сыртқы істер министрлігінің бірінші алқа мүшесі болды. Биғали Шәріпқалиұлының басшылығымен консулдық қызметтің негізгі құжаттары құрылып, олар соңынан Кеңес дәуірінен кейін пайда болған кеңістікте тиімділігі жағынан маңызы зор іс екендігі дәлелденді. Осы кезде шет елдермен консулдық мәселелер жөніндегі маңызды келіссөздер басталды. Қазақстанның гуманитарлық байланысына біраз ауқымды үлес қосатын келісім шарттарға қол қойылды. Президент Н.Назарбаев Қытай елінде Қазақстанның елшілігін ашу туралы жарлығы шыққаннан кейін сыртқы істер басшылығы Биғали Тұрарбековты осы өкілдіктің кеңесшісі етіп тағайындап, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге жіберді. Ол кезде Пекинде қазақтың сыртқы істер ведомствосының ешбір құрылымы болмаған еді. Осындай қиын жағдайда Тұрарбековтың алдында елшілікке ғимарат табу, қызметкерлерге пәтер іздестіру, банктен есепшот ашу, Қытайдың қызмет орындарымен тығыз байланыс орнату мәселелері тұрды. Бұл мәселелердің барлығын ол абыроймен атқарып, сол елшіліктің екінші басшысы ретінде тағы талай жыл қызмет істеді. Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жан-жақты дамуына үлкен үлес қосты. Осы ғасырдың басында Биғали Шә-ріпқалиұлы Тұрарбеков Қазақстан Рес-публикасының шекарасын делимитациялау және демаркациялау жұмысына белсенді араласып, Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі дәрежесінде үкіметтік делегацияны басқарды. Бұл жұмыста ол өзін шекара жұмысын жақсы білетін маман ретінде көрсете білді. Көршілес елдермен болған келіссөздерде Қазақстанның стратегиялық мүддесін қорғап, мемлекеттік шекараны заңды түрде бекітуге маңызды үлес қосты. Шекараны заңдастыру жұмысы аяқталғаннан кейін, оның еңбегі зор бағаланып, Елбасының жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ол кісімен сыртқы барлау қызметінде, Сыртқы істер министрлігінде бірге қызмет істеген, Қазақстан Республикасының шекарасын делимитациялау және демар-кациялау жұмыстарын бірге атқарған осындағы, шетелдерден келген әріптестері және достары марқұмды жиі еске алып, жыл сайын Алматыда бильярдтан Биғали Тұрарбеков атындағы жарыс ұйымдастырады. Қазақстан Республикасының алғашқы консулы Биғали Шәріпқалиұлымен қызметтес болған әріптестері, жора-жолдастары мен достары оны еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға үлкен абыройлы үлес қосқан азамат, Қазақстанның патриоты ретінде әрқашан мақтанышпен еске алады.

АУҒАНСТАН СОҒЫСЫНДАҒЫ БАРЛАУ ОПЕРАЦИЯЛАРЫ

(Бұл бөлімде баяндалатын барлау операцияларына қатысқан кейбір адамдардың есімдері шартты түрде алынды) 1978 жылдың сәуірінде болған Ауғанстандағы төңкерісті Кеңес үкіметі қолдағаны белгілі. Сол кездегі саясаттың ығына қарай, «Ауғанстан Үкіметінің басына халықтың мүддесін қорғайтын нағыз патриоттар келді», деген пікір қалыптастырылды. Алайда, Ауғанстандағы саяси ахуалдың ақиқатын аздаған адамдар ғана білді. Шын мәнінде бұл төңкеріске мұрындық болған ауған халқының алдағы тағдыры қандай болатынын көз алдына елестете де алмайтын ат төбеліндей ғана азғантай топ еді. Үкімет басына келген «халкист» Н.Тараки билік басында көп отырған жоқ, келесі жылдың қыркүйегінде билік Хафизулла Аминнің қолына өтті. Кеңес әскері Ауған жеріне кіргеннен кейін, белгісіз себептермен «парчамистер» күш алып, Амин өлтірілді. Сол кезде Ауғанстанда билікке таласқан ресми үкімет пен оппозиция (моджахедтер) арасында қарулы қақтығыстар басталған болатын. 1978 жылғы Сәуір төңкерісінен кейін «Парчам» (Ту) және «Халық» партиялары Ауғанстан халқын екі жікке бөлді. Күрестің басты мақсаты Ауғанстан жерінде толықтай саяси бақылау жүргізу болды. Осы тұста КСРО Саяси Бюросы дос елге қол ұшын беріп, сыртқы агрессиядан қорғау керек деген тұжырым жасады. КСРО-ның Ауғанстан жеріндегі соғысы (1979-1989жж.) Ю.Андропов, Д.Устинов, А.Громыко, Л.Брежнев сияқты Кеңес Одағы компартиясы Саяси бюросының санаулы ғана мүшелерінің қабылдаған шешімінен басталды. Әскер енгізу туралы шешім КОКП ОК Саяси бюросының 1979 жылдың 12 желтоқсанындағы отырысында қабылданып, аса құпия қаулымен бекітілді. Нью-Йорктегі Колумбия университетін бітірген Амин АҚШ-қа бүйрегі бұрып, Кеңес Одағынан сырт айнала бастауына байланысты, Хафизулла Аминді құртып, орнына Чехословакияда елшілік қызметте жүрген Бабрак Кармальды отырғызу керек және кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауғанстан жеріне кешіктірмей кіргізу керек деген шешім осыдан кейін қабылданды. Сөйтіп, КСРО Саяси Бюросы Ауған елін басқарып отырған шах Хафизулла Аминді алып тастап, орнына Бабрак Кармальді отырғызу туралы идеясын күш көрсету арқылы жүзеге асырды. Бұл кезде НАТО да қарап жатқан жоқ болатын. Кеңестік барлаушылар америкалықтардың 29 желтоқсан күні шах сарайына тікұшақтан шабуыл жасауға дайындалып жатқандығын жеткізді. Америкалық жасақтың алдын орау үшін МҚК-нің арнайы дайындықтан өткен «Зенит» тобы жіберілді. Бұл топтың ішінде қазақстандық жігіттер де дайындықтан өткен болатын, бірақ олар бұл операцияға қатысқан жоқ. 27 желтоқсан күні кешкісін МҚК Бірінші Бас басқармасының Балашихадағы 8 бөлімінде дайындықтан өткен арнайы жасақ Кабул әуежайынан президент сарайына қарай бағыт алды. Колоннаны полковник Бояринов басқарды. Сөйтіп НАТО арнайы жасағы жоспарлап отырған шабуылға екі күн қалғанда, алдын ала ойластырылған «Шторм-333» операциясы бойынша Ауғанстан президенті Амин отырған Тәж Бек сарайына КСРО МҚК-нің «Зенит» тобы тұтқиылдан шабуыл жасады. Диверсиялық арнайы топтың командирі Кеңес Одағының Батыры полковник Григорий Бояринов шах сарайына жасалған шабуыл кезінде қаза тапты. 1979 жылы католиктер Рождество мей-рамын тойлап жатқан кезде кеңестік жүк ұшақтары Кабул әуежайына әскерлер мен техниканы тасымалдай бастады. Ұшақтар әрбір 3 минут сайын көтеріліп, қонып жатты. Кеңес әскері қосымша жердегі техникалармен де тартыла бастады. КСРО үшін он жылға созылған Ауғанстан соғысы осылай басталған еді. Ауған соғысында негізгі рөлді МҚК қарамағында болған шекара әскерлерінің, сыртқы барлау бөлімшелері, сондай-ақ психологиялық соғыс жүргізу үшін мемлекеттік қауіпсіздік органдарының ресурстары атқарды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, МҚК басшысы Андропов Ауғанстанға кеңестік әскерді кіргізуге қарсы болған. Алайда, Ауғанстанға арнайы іссапармен әскери кеңесші ретінде барған кеңестік офицерлер бұған дейін бір-екі жыл бұрын сол елдің тұрақты әскерінің ішінде жүрді. – Мен барған кезде Ауғанстандағы Тараки бастаған Халық демократиялық қозғалысы жасаған төңкеріске айдың жүзі болған жоқ. Революцияның сойқан ізі сайрап жатқан Кабул әлі есін жиып үлгермеген, ауғанстандық тұрақты әскери бөлімдер соғыс жағдайында тұрды, – деп әңгімелейді сол жылдарда Ауғанстан армиясында әскери кеңесші болған КСРО Қарулы күштерінің офицері Альберт Сәрсенов. – Осыдан үш апта бұрын Кабулда болған тарихи оқиғаны екі ауыз сөзбен айта кетейін. Халық демократиялық партиясының лидері Таракидің бастауымен шах сарайына шабуыл жасалу жоспарланған. Сөйтіп, Кабулдан 15 шақырым жердегі Пули Чархиден шыққан Аслан Ватанжа басқаратын танк батальоны сәуірдің 7-сі күні шах сарайына қарай бет алады. Сол мезгілде оларға көмек ретінде Баграм әуежайынан жойғыш ұшақтар шығып, шах сарайына бірнеше мәрте әуеден соққы берген. Отбасымен қолға түскен шах атылды. Оның сүйегі Надир шах мазарының артына жерленді. 1979 жылдың 25-26 желтоқсаны Амин үшін тозаққа айналды. Дүниені дірілдеткен біздің ұшақтарымыз Кабул әуежайына бірінен соң бірі толассыз қонып, десант түсіріп жатты. Ертесінде Дарломан ауданындағы төбеге салынған Аминнің сарайына штурм басталды. Аминге біздің аспаз алдымен у беріп өлтірмекші болған, артынан оны біздің дәрігерлер аман алып қалды. Алайда, штурм кезінде оқ тиіп, Амин қаза тапты. Әйелі мен балалары Кабул түбіндегі Пули Чархи түрмесіне қамалды. Амин биліктен кеткеннен кейін, «Парчам» партиясының өкілі Мухамед Рафи Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Қаңтар айының басында ауған армиясының басшылары түгелдей ауыстырылды. Мен кеңесші болған полктің командирі, Халық партиясының мүшесі орнынан алынды, оның орынбасары Нұрахмед өзін өзі атты. Осылайша Бабрак Кармальдің билік басына келуі ауған армиясы үшін нағыз «катастрофа» болды. Солтүстіктегі көрші елдің коммунистері халкистерді не үшін парчамистерге сатып жібергенін жергілікті халық түсінбей дал болды. Осылайша КСРО он жылға созылып, абыройсыз аяқталған соғысқа кірді. Кеңес Одағы қолдаған жаңа билік ауған жеріне тұтастай үстемдігін жүргізе алған жоқ. Соғыстың ұзаққа созылуына бір жағынан осы себеп болды. Бұл соғыстың абырой әпермейтінін Кеңес үкіметінің басшылары арада 3-4 жыл өткенде-ақ түсіне бастады. Бірақ, тым кеш, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін түсінді. 1983 жылдың 19 мамырында Пәкістандағы елші В.Смирнов КСРО-ның Ауғанстандағы әскерлер контингентін алып шығуға мүдделі екендігін ресми түрде жариялады. Саяси Бюро осылайша балшыққа кіріп алып, енді былғанбай шығудың жолдарын іздестіре бастады. 1986 жылдың ақпанында болған КОКП XXVII съезінде М.Горбачев әскерді кезеңге бөліп, ауған жерінен шығару жоспарын жасау керектігін мәлімдеді. Ал, 13 қарашадағы Саяси бюроның отырысында Михаил Горбачев «Біздің Ауғанстанда соғысып жатқанымызға алты жыл болды. Егер, бұл іске басқаша келмесек әлі 20-30 жыл соғысатын боламыз» деп мәселені көлденеңінен қойды. Оның сөзін Бас штабтың бастығы маршал Ахромеев те қолдады: «Біз Кабулды, провинциалдық орталықтарды бақылауға алдық, бірақ, басып алған жерлерімізге билік орната алмадық. Біз ауған халқы үшін күресте жеңіліс таптық» деп ағынан жарылды. Сөйтіп осы отырыста Ауғанстандағы барлық әскерді екі жылдың ішінде алып шығу туралы келісілді. Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауғанстаннан шығару кезінде Солтүстік Ауғанстандағы саяси жағдай бұрын-соңды болмаған деңгейде шиеленісті. Женева келісіміне сәйкес, Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін толықтай Ауғанстан жерінен шығару 1988 жылдың екінші жартысында жаппай жүзеге асырыла бастады. 1989 жылдың 15 ақпаны соңғы күн болып белгіленді. Осы кездерде АҚШ Пәкістан үкіметі арқылы ауғандық оппозицияға белсенді қолдау көрсетті. Американың Ауғанстан ісіне араласу операциялары Пәкістанның солтүстік-батыс аймағындағы Пешавар қаласынан басқарылды. Пешавар Альянсындағы жеті партияның ішінде Б.Раббанидің Ауғанстанның Исламдық қоғамы, сондай-ақ, Гулбеддин Хекматиар басқаратын Ауғанстан Ислам партиясы басымдыққа ие болды. Басқа ұсақ топтарды, кейіннен елдегі бірінші посткоммунистік президенті болған С. Моджадеди, ваххабиттер қолдау көрсеткен Сайаф, доктор Гейлани, Халес, Нәби дегендер басқарды. Тәжік ұлтынан шыққан Раббанидан басқа моджахедтердің көшбасшылары дәстүрлі пуштун элитасына кірді. Сырттан келетін көмектердің басым бөлігі пәкістан армиясы мен барлауы ерекше қолдайтын Хекматиярдың құрылымдарына тиесілі болды. Әрине, өңірдегі жағдайға қарай шиит ұйымдарының әскери белсенділігі Пешавар альянсы жасақтарының Ауғанстан аумағындағы іс-әрекеттеріне жетпейтін. Тек елдің батысындағы «Хезбоалла» жасақтарының бұл жағынан біршама артықшылықтары болды. Ауғанстанның ислам бірлігі партиясының шиит-хазарлықтардан тұратын жасақтары, Мазаридің қарамағындағы «Вахдат» партиясы Ауғанстан орталық бөлігіндегі Хазараджаттың кейбір аудандарын бақылаумен ғана шектелді, бірақ, олар Ауғанстанның үкіметтік күштеріне қарсы аса қатты белсенділік танытқан жоқ. Негізгі ауғандық қарсылық күштерін орналастыруда Б.Раббаниға оң көзімен қарайтын тәжік ұлтының дала командирі Ахмад Шах Масуд ықпалын жүргізді. Оның жасақтары стратегиялық маңызы бар Панджшер шатқалында орналасты. Бұл жерден олар Кабулға тікелей қауіп төндірді және Саланг асуы арқылы солтүстікке қарай КСРО шекарасына шығатын жалғыз жолды жауып тастады. Ауған кампаниясы кезеңінде А.Ш.Масуд әскерлері өздерін оппозиция күштерінің ішіндегі ең саны көп және жылдам қозғалатын, тәртібі күшті қарулы құрылым ретінде көрсетті. Ауғанстанның солтүстігінде Хайратон қаласынан бастап кеңес-ауған шекарасындағы аумағы арқылы Балх, Саманган, Бағлан, Парван провинциялары, Саланг асуы арқылы әрі қарай мемлекет астанасы – Кабулға дейінгі аралықта стратегиялық тұрғыдан маңызды асфальтталған автокөлік жолы бар. Бұдан әрі, кабулдық билік елдің оңтүстігіндегі, ішінара батысындағы Джалабад, Кандагар және т. б. қалаларды осы жол арқылы жабдықтауды қамтамасыз етті. Елдің солтүстігіндегі тұрақтылықты ұлттық құрылымдар, мәселен, генерал А.Достумның 53-ші өзбек дивизиясы, сондай-ақ Надери басқаратын ауған исмаилиттер қауымы және басқа күштер қамтамасыз етті. 1989 жылдың 23-26 ақпандағы «Тайфун» операциясы Кеңес әскерлерінің ауған жеріндегі он жылға созылған соғыстағы ең ақырғы шайқасы болды. Ақпанның 4 күні Кеңес Армиясының соңғы бөлімі Кабулдан шықты, ал, 15 ақпанда 40-шы Армияның қолбасшысы генерал-лейтенант Б.Громов Термез қаласында «Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен толықтай шықты» деп басшылыққа баяндады. Қаншама қазақ отбасына қасірет әкелген айдаладағы Ауғанстан соғысы біз үшін осылай аяқталған болатын. Ауған соғысы аяқталған жылы «Правда» газетіне соғыстағы адам шығынының жалпы саны жарияланды. Онда қаза тапқандар – 13 833 адам деп көрсетілген. Бірақ, ондағы көрсетілген адам шығыны саны жыл өте көбейе түсті. 1999 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша, ішінде майданда өлгендер, жарадан, аурудан, оқыс жағдайлардан қайтыс болғандар, хабар-ошарсыз кеткендер бар, барлық қаза тапқандардың саны Кеңес Одағы Армиясынан – 14 427 адам, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен – 576 офицер, Ішкі істер министрлігінен – 28 адам. Барлығы – 15 051 адам. Жараланған, контузия алғандар – 54 мыңға жуық, ауырғандар – 416 мың адам. Кеңес Одағының ауған соғысынан көрген зияны осындай қасіретті болды. 1979 жылы Кеңес Армиясын кіргізген кезден басталған соғыс Нәжиболла үкіметі құлаған 1992 жылдың 28 сәуіріне дейін жалғасты және әлемдегі ең ірі екі держава – Кеңес Одағы мен АҚШ тарапынан ғаламат ресурстар жұмсалды. Америкалық әскери-экономикалық күштер Ауғанстанды КСРО ықпалынан шығарып алуға күш салды. Моджахедтерге АҚШ, НАТО-ға мүше Еуропа елдерінің кейбіреулері, Пәкістан, Қытай, Египет, Иран елдерінің әскери мамандары, арнайы қызметтері көп көмек көрсетті. Кабул үкіметіне қолдау көрсету КСРО бюджетіне оңай түскен жоқ, деректерге қарағанда, жылына 800 миллион АҚШ доллары бөлініп отырған. Ал, 40-шы Армияны Ауғанстанда ұстау үшін және тактикалық ұрыстарға Мәскеудегі басшылар жыл сайын 3 миллиард доллар жұмсаған. Кеңес Одағы әскерін шығарғаннан кейін, Ауғанстандағы Нәжиболла режимі тағы үш жылдай тұрды. 1991 жылы оның қолдаушысы КСРО ыдырап, жеке-жеке мемлекеттерге бөлініп кетті де, экономикасы тұралаған Ресей Ауғанстанға ешқандай көмек бере алмады. Сөйтіп 1992 жылы сәуірде моджахедтердің дала командирлері коалициясы Нәжиболла билігін төңкеріп тастады.

«ЗЕНИТ» АРНАЙЫ ЖАСАҒЫ

Ауған жеріне қолына қару ұстап, алғаш кірген арнайы дайындықтан өткен МҚК офицерлері екендігі бұрын айтылмайтын, енді-енді ашыла бастады. Өйткені, олар орындаған көптеген жауынгерлік операциялар «аса құпия» грифімен әлі де архивте жатыр. Ауғанстан соғысына қатысқан қазақстандық қауіпсіздік қызметінің офицерлері бүгінде отставкаға шыққан ардагерлер. Кеңес әскері Ауғанстанға кірмей тұрып, бірнеше мәрте Кабулға астыртын барып, Кремльдің жүргізіп отырған саясатына аса қажетті ақпараттар жинаған да, Ауғанстан астанасындағы Тәж Бек сарайына шабуыл жасаған Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі сыртқы барлау қызметкерлері болды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің «С» басқармасындағы сегізінші бөлімі ақпараттық және ғылыми-зерттеу барлау құрылымы ретінде НАТО елдеріндегі арнайы қызметтерге қатысты барлық жағдайды бақылап отырды. Бөлім «айрықша кезеңдерде» КСРО аумағынан тыс жерлердегі диверсиялық операцияларды орындайтын, кез келген мемлекетте «дербес жұмыс» істей алатын арнайы резервистерді дайындады. 1969 жылдың 19 наурызында КСРО Министрлер Кеңесінде өткен МҚК коллегиясында, Жоғарғы МҚК мектебі құрамында Офицерлер құрамының білімін жетілдіру курсын (КУОС) ашу туралы шешім қабылдады. КУОС – шет елдердегі жедел-жауынгерлік операцияларды орындау үшін жіберілетін өте құпия отрядтарды басқаратын, жан-жақты, кәсіби сауаттылығы жоғары офицерлерді дайындады. Оның кураторы КСРО МҚК Бірінші Бас басқармасының (сыртқы барлау) «В» бөлімі болды, ал, базасы Мәскеу түбіндегі Балашихадағы ескі барлау мектебінде орналасты. 1979 жылы 27 желтоқсанда Ауғанстан астанасы Кабулдағы Тәж Бек сарайына шабуыл жасаған «Зенит» арнайы тобы осы КУОС-тан жасақталып шықты. «Зенит» арнайы тобының құрамы, операциялары туралы құжаттар осы күнге дейін өте құпия сақталып келді. Диверсиялық арнайы топтың командирі Кеңес Одағының Батыры полковник Григорий Бояринов болды. Сол жылдары Ауғанстан жерінде барлау жұмыстарын жүргізетін КСРО МҚК «Каскад» арнайы жасағы құрылды. Осы «Каскадтың» құрамында қазақстандық «Алтай» тобы болды. Олардың Ауғанстанда атқаратын міндеттері – елдегі шынайы жағдайларды анықтау, жергілікті тұрғындардың саяси, әлеуметтік ахуалдарын білу, жедел байланыстар орнату, біздің елден барғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету т.б. болды. 1969 жылы Қазақ КСР МҚК бейресми барлау желісі бойынша, соғыс кезінде, сондай-ақ, бейбіт уақыттарда арнайы шара-ларды жүзеге асыратын дербес парашютті-десант полкі (полк особого назначения) құрылған. Қазақстандық дербес полк генералдары Болат Мешінбаев, Жеңіс Рыспаев, Өміртай Бітімов сияқты сыртқы барлау қызметі басшыларының көмегі арқасында Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін де сақталып, біраз жылдар жұмыс істеген, кейіннен таратылды. Бұл да қазақстандық барлау қызметі тарихының бір кезеңдері. Қазақ КСР МҚК құрамындағы резер-вистерді дайындайтын арнайы полкті Ұлы Отан соғысының ардагері, полковник Шаймардан Уахатұлы Бастимиевтің өзі құрып, ұзақ жылдар оған басшылық жасады. Сексенінші жылдарда Ш.Бастимиев дайындаған «Алтай» арнайы жасағы Ауғанстан соғысында көптеген жауапты тапсырмаларды орындады. Бұл кезде бұл топқа адамдарды жинау қатаң құпия жағдайда, тиісті аңызға сәйкестендіріп жүргізілді. Сондықтан, ауқымы жағынан өте ірі ұйымдастыру жұмыстары атқарылды. Орталық қойған талаптар бойынша, жедел тапсырмаларды сәтті орындау үшін, соғыс жағдайында автономды өмір сүру үшін материалдық-техникалық базаны дайындау керек болды. Сонымен, әскери комиссариаттар арқылы әскери жиынға 900-ден астам КСРО МҚК арнайы резервистерін жинап, Қапшағай қаласындағы Әскери әуе десант базасына орналастырылды. Бір апта бойы олардың әрқайсысымен жекелеп әңгімелесіп, жеке басының іскерлік, моральдық-психологиялық жағдайын мұқият тексергеннен кейін 50 адам іріктеліп алынды. Олар 10-12 адамнан тұратын жедел топтарға бөлінді. «Алтай» арнайы тобының дайындық кезеңі аяқталғаннан кейін, бұларды бүкіл жабдықтарымен (БТР, жүк машиналары, әртүрлі атыс қарулары, далалық ас үй, азық-түлік, медикаменттер т.б.) әскери-жүк ұшақтарына тиеп, Ферғана маңында орналасқан Орта Азиялық Әскери әуе десантының негізгі базасына жеткізді. Онда «алтайлықтар» әскери, дене жаттығуларын, тактикалық-техникалық және атыс дайындықтарынан өтті. Орталықтың жоспары бойынша, «Алтай» Газни провинциясында бекініп, сол жерде тапсырмаларды орындауы керек болатын. «Алтай» арнайы тобын дайындаған, резервистер полкінің командирі Шаймардан Уахатұлы Ауғанстан жеріне аттанатын командасын Ферғанаға дейін өзі алып барды. Сол жерде батасын беріп, жігіттерін шетелге шығарып салды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Бірінші бас басқармасы атқаратын қызметі негізінен құпия болғандықтан, бұл мекеме қызметкерлерінің істеген ерліктері көп жарияланбады. «Нелегал» төс белгісінде жазылған «Во славу державы, без право на славу» деген сөзден осыны аңғаруға болады. Мысалы, Кеңес үкіметі тұсындағы мемлекеттік деңгейдегі маңызы зор құпия операциялар туралы арада жиырма-отыз жыл өткеннен кейін ғана естіп-біліп жатырмыз. «Алтай» тобының Ауғанстан жерінде орындаған операцияларға кейінірек тоқталамыз. Шаймардан Бастимиев 1923 жылы Павлодар облысы Лебяжі ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін, 1941 жылы әскери комиссариаттың жолдамасымен Семей авиамектебінде дайындықтан өтіп, 1942 жылы Алматы әскери жаяу әскер училищесінде оқуын жалғастырды. Оны бітірген соң, Орынбор облысында жасақталған 333-ші атқыштар дивизиясына түседі. Сол жылы дивизия Сталинград түбіндегі сұрапыл шайқасқа кірді. Ш.Бастимиев барлау тобының құрамында бірнеше мәрте жау тылына рейдке шығып, құнды мәліметтер әкелді. Желтоқсан айында Калач қаласының түбіндегі ұрыс кезінде ауыр жараланып, контузия алады. Госпитальдан жазылып шыққаннан кейін, оны Свердлов қаласындағы Қарсы барлау Бас басқармасының «Смерш» жоғары мектебіне оқуға жібереді. Оны 1945 жылдың тамыз айында бітіріп, Румыниядағы әскердің Оңтүстік тобына қарсы барлау басқармасына жіберіледі. Кейіннен бұл топ таратылып, ол Измаил облысының МҚК басқармасына қызметке тағайындалды. 1947 жылы мамырда Қазақ КСР МҚК ауысып, ұзақ жылдар осында әртүрлі лауазымда қызмет етті. 1982 жылы КСРО МҚК Қазақстандағы айрықша міндеттерді атқаратын полк командирі қызметінен зейнеткерлікке шықты. Шаймардан Уахатұлы Бастимиев «Отан соғысы» орденімен, екі жауынгерлік және бірқатар мерекелік медальдармен, КСРО МҚК төрағасының грамотасымен марапатталған. «Кеңес барлауының ардагері» деген белгінің иегері. Төменде осы кісінің қарамағында қызмет еткен барлаушылардың ерліктері туралы баяндалады.

«ЗЕНИТ» АРНАЙЫ ЖАСАҒЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ

Бұдан отыз жыл бұрынғы Ауғанстан жеріндегі қиын-қыстау кездерді бастан өткерген, «Алтай» арнайы тобында болған қазақ офицерлерінің бірі, Сыртқы барлау қызметінің отставкадағы полковнигі Төлеухан Боқажанов. Төлеухан Қадырұлы Боқажанов Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында туып-өскен. 1969 жылы Алматыдағы Шет тілдер институтының ағылшын факультетін бітіріп шыққан соң, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Минск қаласындағы Жоғарғы мектебіне оқуға жіберілді. 1974 жылы Мәскеу түбіндегі Балашихада орналасқан МҚК Жоғарғы мектебінің диверсанттар дайындайтын бөлімін бітіріп шықты. Осы уақыттың ішінде ол Кавказда, Тула қаласында арнайы соғыс тактикалары, топография, барлау қызметі мен партизандық күрес тәжірибелері, жарылғыш заттар және әртүрлі қарулардың түрлерін қолдану, әуе-десанты, дене жаттығулары, таулы жерлерде арнайы операцияларды орындау сияқты жан-жақты жауынгерлік дайындықтардан өтті. 1975-76 жылдары Мәскеудегі Жоғарғы МҚК мектебіндегі барлаушылар дайындайтын Офицерлік құрамның білімін жетілдіру (КУОС – курсы усовершенствования офицерского состава) курсында оқыды. Балашихадағы барлаушылар мектебінде дайындықтан өту өте қиын болатын. Мұнда тек сан мәрте електен өткен, ақылына күші сай жан-жақты жігіттерді ғана шақыртатын. Сондықтан болар, КУОС-ты әр жылдары он шақты ғана қазақстандықтар бітіріп шықты. Жетпісінші жылдардың ортасында диверсанттар курсын бітірген қазақстандықтар – Нағашыбай Атшабаров, Сабыр Имандосов, Төлеухан Боқажанов, Қабдолда Бекжанов, Наград Сайкенов сияқты сайдың тасындай офицерлердің Ауғанстанға алғаш аттанған чекистердің ішінде болуы заңды еді. КУОС-қа сыртқы барлау желісі бойынша, КСРО МҚК «С» басқармасындағы «В» бөлімі жетекшілік жасады. Курстың базасы Горький шоссесінің 25-ші шақырымында тұрған Балашиха-2 деген ескі қаладағы, 1936 жылы құрылған бұрынғы 101-ші барлау мектебінің аумағында болды. Бұл бөлімнің басты міндеттерінің бірі – соғыс жағдайында, айрықша тапсырмаларды орындайтын бригадаға (бригада особого назначения) қарайтын МҚК арнайы резервін (жалпы саны 4500 адам) дайындау болды. Бригаданың бөлімшелері Украина, Қазақстан, Өзбекстан, Хабаровск мен Краснодар өлкелері, Мәскеу мен Ленинград облыстарында тұрды. Бұлар соғыс бола қалған жағдайда өз бағыттары бойынша шекаралас елдерде барлау-диверсиялық жұмыстарды атқаруы тиіс болды. Кеңес үкіметінің соғысқа қалай кірісіп кеткенін басы-қасында жүріп, барлау мәліметтерін жинаған Төлеухан Қадырұлы былай деп әңгімелейді: – 1980 жылы 11 шілдеде КСРО МҚК төрағасы Юрий Андропов мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің 77 қызметкерін, негізінен КУОС-ты бітіргендер, Ауғанстанға аттандыру туралы шифртелеграммаға қол қойды. Бір аптадан кейін, КОКП ОК және Министрлер кеңесінің «Каскад» айрықша отрядын құру туралы №165-200 қаулысы шықты. Онда «1980 жылдың 15 тамызынан бастап отряд Балашихадағы Дайындық орталығынан Ауғанстанға аттандырылсын», делінген. 22 шілде күні Ю.Андропов «Каскад» отрядының Ауғанстандағы атқаратын қызметіне қатысты барлық мәселелер белгіленген №00100 бұйрығына қол қойды. 1980 жылдың шілдесінен 1984 жылдың сәуіріне дейін «Каскадтың» 5 арнайы бөлімдері кезекпен Ауғанстанда болды. Ауғанстан жерінде «Каскад-1» мен «Каскад-2» – 6 айдан, «Каскад-3» - 9 ай, ал «Каскад-4» – бір жыл болды. Мен онда 1980-81 жылдары болдым. «Каскадтың» негізгі міндеттері – ауғанстандықтарға жергілікті жерлерде қауіпсіздік органдарын құруға көмек көрсету, бандқұрылымдарға қарсы жедел-агентуралық жұмыстарды ұйымдастыру, қатты қарсылық көрсеткен ауғандық режимнің бітіспес жауларына қарсы арнайы шараларды ұйымдастыру, жүзеге асыру т.б. болды. Отрядтың командалары Кандагар, Газни, Жалалабад, Герат, Файзабад сияқты Ауғанстанның ең ірі 8 әкімшілік орталығында орналасты. Осы «Каскадтың» құрамына Қазақстанда жасақталған «Алтай» отряды болды. Отряд Қапшағайдағы әуе-десанты базасында жасақталған кезде резервтегі 900 адамның ішінен мінезі, іскерлігі, моральдік-психологиялық жағы есепке алынып, жеке-жеке әңгімелескеннен кейін, 50 адам ғана іріктелініп алынды. Бұлардың өзі 10-12 адамнан топқа бөлінді. Біздің Ауғанстанға барған басқа әскери қызметтің офицерлерінен айырмашылығымыз – ол жақта қатардағы жауынгер ретінде жүрдік. Менің әскери шенім майор болғанмен, ешқандай айыру белгілері жоқ, қатардағы жауынгердің формасымен жүрдім. Тәртіп солай болды. Бізбен бірге әскери резервте тұрған аудандық, облыстық партия комитетінің қызметкерлері, ауыл шаруашылық мамандары да («резервистер») Ауғанстан жерінде қатар жүріп, жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Біз негізінен барлау жұмыстарымен айналыстық және қазақ, өзбек, тәжік халықтары араласып тұратын жерде ақпарат алу біз үшін оңай болды. Өйткені, жергілікті тұрғындармен араласып кеттік, түріміз келеді, тілді түсінеміз. «Каскадтың» құрамындағы Балтық жағалауынан, Украина, Сібірден келгендерге барлау ақпараттарын алу қиындау болды, – дейді Төлеухан Боқажанов. Газни провинциясының губернаторының өтініші бойынша, 1980 жылдың қазанында 12 адамнан тұратын (1 БТР және 1 жүк автокөлігі) Төлеухан Боқажановтың тобы, ең шеткі кишлактарға халықтық билікті орнатуға баратын 200-ден астам жергілікті белсенділер мінген 20 жүк машинадан тұратын керуенді душмандардан қорғау үшін бірге шықты. Керуен провинцияның таулы аймағындағы елді мекендерге барып митинг өткізеді. Бірнеше шақырымға созылған керуен басында «Алтай» отрядының жүк машинасы, одан кейін БТР келе жатқан. Тау шатқалының жіңішкеріп, тарылған жеріне келгенде, бұлар дұшмандардың тосқауылына тап болды. Алдыңғы көліктің жүргізушісіне бірден оқ тиіп, қаза тапты да, керуеннің жолы жабылып қалды. Екі жақтан бірдей бораған оқтан бүкіл керуен қырылып қалатындай қауіпті жағдай туды. Осы кезде БТР-да болған Төлеухан Боқажанов жауып тұрған оқтың астымен бұқпантайлап жолды бекітіп тастаған керуеннің алдындағы машинаға жетті. Дереу оқ тиген рульдегі алматылық чекисті көтеріп, БТР-ға әкелді де, өзі қайта барып, тұрып қалған көліктің руліне отырып, қауіпті шатқалдан алып шықты. Осылайша ол арт жақта тіреліп қалған керуенге жол ашты. Майор Боқажановтың көзсіз ерлігінің арқасында екі жүзден астам адам аман қалды. – Біз сол маңдағы бір қыстаққа келіп бекінгенбіз, дұшмандар түні бойы бізді атқылап шықты. Ертесінде кері қайту үшін бізге базадан көмек сұрау керек болды. Байланысқа ашық текстпен шығуға болмайды, рацияны жау тыңдауы мүмкін. Сондықтан, мен базадағы Наград Сайкеновке қазақ тілінде қысқаша бір ғана сөз айттым. Наград мені бірден түсінді: «Болды!» деп қысқа жауап берді. Көп ұзамай, оның көмекке жіберген танкілері келді. Артынан мен тосқауылдан шығарған көлікті қарасақ, 20-дан астам жерден оқ тесіпті. Ағылшынның ірі калибрлі винтовкасымен атқылаған екен. Керуенге тосқауыл қойып, шабуыл жасаған банданың басшысы сол аймақтағы моджахедтердің белгілі командирі, Кеңес Армиясының Бас штабы академиясын бітірген майор Саид Жагран екенін көп ұзамай білдік. Ол кезде КСРО жылына мыңдаған ауғандық офицерлерді оқытып шығаратын. Сондықтан, бұлар соғыс тактикасын жақсы білетін, дала ұрыстарына өте шебер офицерлер болды, – деп әңгімелейді Төлеухан Боқажанов. Төлеухан Боқажанов Ауғанстаннан келгеннен кейін Талдықорған, Семей, Алматы облыстарында сыртқы барлау желісі бойынша қызметтерде болды. ҚР ҰҚК Орталық аппаратында жауапты қызметтерді атқарды, зейнеткерлікке ҚР ҰҚК сыртқы барлау бастығының орынбасары лауазымынан полковник атағымен шықты. Нақты нәтижелер берген шетелдік операцияларды дайындаған және мінсіз қызметі үшін КСРО және Қазақ КСР МҚК, Қазақстан ҰҚК, Ауғанстанның, Ресей Федерациясының және Украинаның мемлекеттік және ведомстволық наградаларымен марапатталған. Төлеухан Қадырұлының кеудесінде бір орден, 30 медаль, 10 белгі жарқырайды. 1994-2009 жылдары құқық қорғау органдарының тәжірибелі мамандарынан құралған «Альфа-Қазақстан» қауіпсіздік қызметінің құрылтайшысы, директоры болды.

***

Ауғанстан жеріне арнайы жасақ құра-мында алғаш барған барлаушылардың бірі Қабдолда Ешенұлы Бекжанов. Ол 1968 жылы Мәскеудегі Транспорт инженері институтын бітіргеннен кейін, Ақмола облысында локомотив депосында жұмыс істеді. Келесі жылы Мәскеудегі Жоғарғы МҚК мектебіне түсіп, оны 1971 жылы бітірген. Содан бергі жылдарда, 2000 жылы отставкаға шыққанға дейін МҚК-ҰҚК органдарында басшылық қызметтерде болды. 1979 жылы Балашихадағы Офицерлер құрамының білімін жетілдіру курсына (КУОС) шақырылғанда, Қабдолда Бекжанов Целиноградта (қазіргі Астана) қызметте болатын. Барлаушылар мектебінде КСРО-ның әр түкпірінен іріктеп алынған 55 офицерден тұратын алғашқы «Зенит» арнайы топ жасақталады. Бұларды Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры Григорий Бояриновтің өзі дайындады. Бірнеше ай бойы жан-жақты дайындықтан өткен арнайы отряд сол жылы шілде айында жауынгерлік тапсырма алып, Кабулға аттанды. Бұл кезде Кеңес армиясы Ауған жеріне әлі кірмеген болатын. Барлаушылар мектебінде КСРО-ның әр түкпірінен іріктеп алынған 55 офицерден құралған алғашқы «Зенит» арнайы жасағы туралы «Вся жизнь – атака» кітабында Ресей сыртқы барлау қызметінің ардагері В.Суродин былай деп жазады: «5-го июля выяснилось, что груз будет по частям перебрасываться самолетом АН-26 с экипажем погранвойск из Ташкента в Кабул, а часть личного состава отряда во главе с Мелкумовым Кабдалдой Ешеновичем будет занято погрузкой, сопровождением и охраной груза. Группа же отряда в составе 32 человек во главе с Г.И.Бояриновым вылетит в Кабул самолетом погранфойск ЯК-40.» Бұл жердегі Мелкумов Бекжановтың лақап фамилиясы. Кабулға жеткеннен кейін, олардың Ауғанстанда атқаратын міндеттері – қарсыластардың жоспарлары, терактілерге дайындықтар туралы ақпараттар жинау, жасырын қару-жарақ базаларын, қоймаларын анықтап, жою, елдегі шынайы, жағдайларды анықтау, жергілікті тұрғындардың сая-си, әлеуметтік ахуалдарын білу, жедел байланыстар орнату, біздің елден барған-дардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету т.б. болды. – «Шторм-333» операциясын КСРО МҚК Бірінші Бас басқармасының бейресми барлау бастығы генерал-майор Юрий Дроздов басқарды, – деп әңгімелейді Қабдолда Бекжанов, – операцияға «Зенит» тобынан 30 офицер және МҚК-нің «Гром» қарулы жасағының 40 жауынгері қатысты. Өмірінің соңғы кезінде Хафизулла Амин ешкімге сенген жоқ, өзінің резиденциясына бекініп алып, ешқайда шықпай, жатып алды. Оны ең жақын, сенімді деген екі мың жауынгері күзетті. Олардың сыртынан Ташкентте жасақталып, Ауғанстанға астыртын жіберілген, ауған әскерінің формасын киген біздің «мұсылман батальоны» қорғап тұрды. Шах сарайына баратын жол өте тар болатын. Кешкі сағат 19.00-де алғашқы жарылыс болып, байланыс торабы істен шыққан кезде, үш БТР-ға мінген «зенитшілер» шабуылға шықты. Бірінші машина бірден істен шықты. Ұрыс кезінде біздің командиріміз Григорий Бояринов қаза тапты. Шабуыл ұзаққа созылған жоқ, бас-аяғы 40 минутта аяқталды. Артынан көмекке «мұсылман батальоны» келді. Шах сарайына шабуыл басталған кезде, «Зенит» тобының жігіттері, он-он бес адамнан тұратын арнайы жасақтар басқа мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасап, бір-екі сағаттың ішінде телеграф, Ішкі істер министрлігі, ХАД (қауіпсіздік қызметі), түрме, прокуратура сияқты маңызды құрылымдарды басып алды. Одан кейін не болды?.. 9 жылдан астам уақытқа созылған соғыс болды. Көптеген адамдар қайтпады немесе хабар-ошарсыз кетті, мүгедек болып қалды. Бұл соғысты Ұлы Отан соғысымен салыстыруға келмейді. Ол кезде біздің әкелеріміз отан үшін шайқасты, жауларын анық көрді. Ал, Ауғанстанда басқадай жағдай. Халық күндіз қолдарына кетпен, күрек ұстап дихан болып жүреді де, кеш батысымен оларын Калашников автоматына ауыстырады. «Шторм-333» операциясына қатыс-пағанмен, Қабдолда Бекжанов 1979-1981 жылдар аралығында Ауғанстан еліне үш мәрте өтіп, мемлекеттік құпия саналатын арнайы тапсырмаларды сәтті орындап қайтты. Екінші рет Қабдолда Ешенұлы Ауғанстанға 1980 жылдың ақпанында тапсырмамен барды. Сол кездерде МҚК «Каскад» отрядына біріктірілген «Алтай», «Карпаты», «Тибет» деген атпен бірнеше арнайы топтарды құра бастаған. Бұл жолы шетелдік операциялардың қыр-сырын жетік меңгерген арнайы бөлімнің аға жедел уәкілі өзі сияқты сайдың тасындай жігіттерден тұратын «Алтай» жасағында болды. Орталықтың жүктеген тапсырмасы бойынша бұлар бейбіт кәсіптің мамандары ретінде Газни провинциясындағы алыс қышлақтардың билік органдарына көмектесіп, тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізулері тиіс болатын. Алайда, соғыс болып жатқан елде арнайы дайындықтан өткен офицерлер қалай бейбіт жұмыс істесін. – Ауған жеріне келген күні-ақ дұшмандармен қарулы қақтығыс болды, – деп есіне алады Қабдолда Ешенұлы. – Ол кезде шалғай елді мекендерге бекінген көптеген диверсиялық, террористік бандқұрылымдар болды. Олар жиі-жиі бейбіт халыққа шабуыл жасап, партия қызметкерлерін, дәрігерлерді, мұғалімдерді, тіпті, үкіметтен жер алған шаруалардың өзін өлтіріп кетіп жүрді. Мектептерді өртеп, ауызсу қоймаларын улады, электр стансаларын жарды. Біз осындай жағдайда жұмыс істедік. Дұшмандар дайындаған диверсиялық әрекеттердің алдын алу біздің міндетімізге кірді. ҚР ҰҚК Құрметті қызметкері, Ауғанстан соғысының ардагері, отставкадағы полковник Қабдолда Бекжанов жасы жетпістен асса да, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. «Казахстанская правда» газеті атындағы ауған ардагерлері мен Майдан клубы» қоғамдық бірлестіктің төрағасы. Бір ұл, бір қызынан алты немере, шөбере сүйген бақытты ақсақал.

***

Сол кездерде алғашқы «Алтай» арнайы тобының құрамында Ауғанстанға барған барлаушы қазақтардың бірі – Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің полковнигі Наград Сәйкенов. Наград Сәйкенов 1943 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Сол кезде майданға кеткен немере ағасынан хат келіпті. Соңғы шайқастарда ерлік жасап, көзге түскенін, награда алғандығы туралы жазыпты. Қазақ ырымшыл ғой, жаңа туған сәбиге Наград деп ат қойыпты. Бекер ырымдамаған екен, кейіннен Наград ағамыздың өзі де Ауғанстан соғысында болып, көптеген наградаларға ие болды. Бірақ, оған жетуге дейін ондаған жылдар бойы еліне еңбек етіп, тер төкті. Өскемен педагогикалық институтын бітірген Наград Қасенұлы бірнеше жыл Марқакөл ауданында мектепте сабақ берді. Аудандық комсомол комитетінің 2 хатшысы болып сайланды. 1970 жылы аудандық партия бюросының шешімімен Мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне жіберіледі. Мәскеудегі МҚК жоғарғы мектебін бітіргеннен кейін, қытай тілінің маманы ретінде Наград аға әр жерлерде жауапты қызметтер атқарды. 1978 жылы МҚК Бірінші Бас басқармасының (сыртқы барлау) «В» бөліміне қарасты Мәскеу түбіндегі Балашихадағы ескі барлау мектебінде орналасқан арнайы жасақ тобының оқуын бітірген, Ауғанстандағы 1978 жылдың сәуірінде болған төңкерістен кейін, Кабулға бірінші болып кірген екі-үш қазақтың бірі осы Наград Қасенұлы Сәйкенов. – 1978 жылы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Бірінші басқармасына аға жедел уәкіл болып ауысқан соң, бала-шағамды алып, Алматыға көшіп келдім. Бір күні басшылар шақырып алып, Орталық аппарат арнайы тапсырманы орындау үшін мені Мәскеуге шақырып жатқанын хабарлады. Менімен бірге сол кезде Талдықорған облысында Екінші басқармада істеп жүрген аға жедел уәкіл, кейіннен генерал болған Сабыр Имандосов баратын болыпты. Бізді не үшін шақырып жатқанын, қандай тапсырма болатынын ешкім білмейді. Ол кезде Бірінші басқарманың бастығы полковник Жәдігер Шайхин болды. Үйдегілерге тек іссапармен Мәскеуге бара жатқандығымызды айтып жолға шықтық. Сабыр Имандосов екеуміз бұрыннан таныс болатынбыз, МҚК жоғарғы мектебінде ол менен бір курс төмен оқыған. Сол жолғы Мәскеуге сапарымызда тағы бірге оқитын болып, 1977 жылы КУОС-тағы дайындықтан бірге өттік. Алғашында мұнда да ешкім нақты ештеңе айтпайды, тек арнайы тапсырмамен шет елдердің біріне баратындығымыз мәлім болды. Ауғанстанға жүретінімізді жан-жақты дайындық аяқталып қалғанда бірақ білдік. Бізді бір күнде жинап, сол кездегі МҚК бастығы Андроповтың Ту-134 ұшағымен шет елге асырды. Киіміміз қарапайым ғана болды, қолымыздағы автоматтарымызды орап алғамыз, сондықтан, сырт көзге біз әскерилерден гөрі туристерге ұқсайтынбыз. Мәскеуден Ташкентке келіп бір қондық та, қайта ұштық. Амудариядан асқан соң, бізге Ауғанстан шекарасынан өткенімізді хабарлады. Алғашында Баграмға қонатын болғанбыз, артынан жағдай өзгеріп, Кабул әуежайына қонатын мүмкіндік туды. Ол кезде Ауғанстандағы жағдай шиеленісіп, ушығып тұрған болатын. Бізді Кабулдың ортасында жеке орналасқан биік дуалмен қоршалған, бұрын америкалық бір әйел тұрған үлкен үйге қоныстандырды. Бұл жерден ешкімге байқатпай, елеусіз көшеге шыға сала, жүргіншілердің ішіне сіңіп кетіп, ақпарат алатын көздерді табу да оңай еді. Шапан тігіп, моншақ жасап сататын жергілікті қазақтарды тауып алдым. Олармен жақын араласуға Орталық рұқсат берді, бірақ, сақ болуымды қатаң тапсырды. Амин басқарған билік Кеңес Одағын жақтырмағанмен, қарапайым халықтың біздің елге деген көзқарасы жақсы болды. КСРО-ның Ауғанстандағы сол кездегі елшісі Александр Пузанов деген егде адам еді. Дәл сол кезде елші ауысып, Татарстанның бірінші хатшысы болған Тебеев деген келді. Ол да, Амин де 1929 жылы туған құрдас болғандықтан, жақындасып, тіл табыса ма деген саясат болған. Бізге белгілі болғаны – Амин 1965 жылы Америкада оқыған, сауатты, қайратты, жұмыс істей білетін адам, сол жақтағы студенттер қауымдастығын басқарған. Бәлкім, сол кезде-ақ ЦРУ-дың көзіне түсіп, қармағына ілінген болуы мүмкін. Хафизулла Амин Кеңес үкіметіне ашық қарсы шыға алмай, АҚШ жаққа икемделіп, түлкібұлаңға салып жүргені сезіліп қалды. Оның үстіне, америкалық агенттермен астыртын кездескені де белгілі болды, – дейді соғыстың алдында Кабулда астыртын барлау жұмыстарын жүргізген Наград Сәйкенов. Бұлар Аминнің бекінісіне жасалған «Шторм-333» операциясына тура он күн қалғанда өздеріне жүктелген тапсырмаларын орындап, елге қайтты. «Келесі жылы қайта Кабулға барғанда, операцияның қалай өткенін көзімен көрген жігіттер қолмен койғандай етіп әңгімелеп берді. Шабуыл басталғанда, әуе десенты 5-10 минутқа кешігіп қалған, соның кесірінен біраз шығын болыпты. Бізді дайындаған командиріміз Григорий Бояриновтің маңдайына штурм кезінде оқ тиіп, қаза тапқан. Аминді өлтірген Бояриновтың орынбасары Эдуард Козлов деген біздің жігіт болды. Бірге жүретінбіз, бойы екі метр болатын», – деп есіне алушы еді Наград Қасенұлы. Құрметті демалысқа шығар алдында Ауған соғысының ардагері Наград Сәйкенов бес жыл Қазақстан Республикасының шетелдермен достық және мәдени байланыс қоғамы президиумының төрағасы орынбасары қызметін атқарды. Наград Қасенұлы 2017 жылдың көктемінде Алматыда ауыр науқастан қайтыс болды.

«ДАРБАНД» ОПЕРАЦИЯСЫ немесе Ауғанстанда автомат сатқан Әбдіғапар

Ауғанстанда болған Кеңес әскерінің шектеулі контингенті арасында сыртқы барлау қызметінің көптеген барлаушылары болды. Олар негізінен Ауғанстан арнайы қызметімен бірлесіп, солардың құрамындағы оперативтік топтармен жұмыс істеді, әртүрлі арнайы операцияларды ұйымдастырды. Сондай оперативтік топтардың бірін полковник Әбдіғапар Мирманов (құрдастары оны Андрей деп, жастары кішілер Әбеке деп атайтынбыз) басқарды. 1986 жылы Мирмановты КСРО Мем-лекеттік қауіпсіздік комитетінің Бірінші Бас басқармасы Мәскеуге шақыртып алды. Ол кезде подполковник Әбдіғапар Мирманов Талдықорған облыстық МҚК басқармасындағы барлау бөлімінің бастығы болатын. Әр республикадан іріктеліп, арнайы шақыртылған 17 адам негізінен МҚК басқарма бастықтарының орынбасарлары мен дербес бөлімдердің бастықтары еді. Бұларды Мәскеуде төрт ай бойы арнайы дайындықтан өткізіп, дари, пушту тілдеріне оқытты. Ауғанстанға кіретін кезде барлаушылардың аты-жөні, мамандықтары өзгеріп, әрқайсысының «аңыз» өмірбаяны болды. Әбдіғапар Мирманов болса Ауғанстан шекарасынан экономикалық өкілдіктің құрамында жұмыс істейтін техник-механик болып өтті. Әбдіғапар Досекейұлы шет елде өзіне жүктелген арнайы тапсырмаларды тыңғылықты орындағаны үшін, соғыс жағдайында жасаған ерліктері үшін екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, Ауғанстанның «Бірінші дәрежелі Жұлдызы» орденімен және басқа көптеген наградалармен марапатталды. Ол кезде КСРО-ның кеңесшілері Ау-ғанстанның әр провинциясында жұмыс істеді. Ауғандықтар оларды «мушаверлер» деп атады. Мұндай кеңесшілер аппаратында МҚК, ІІМ, Қорғаныс министрлігінде, тіпті, партия, комсомол тарапынан да кеңесшілер болды. Фарьяб провинциясындағы кеңесшілер аппаратын біз жақтан барған 31 мушавер құрады. Оларға жалпы басшылықты Әбдіғапар Мирманов басқарған МҚК оперативтік тобы жасады. Оперативтік топ атқаратын басты жұмыс – бандқұрылымдардың жиналған жерінен, олардың базасы туралы, керуен жолдары жөнінде ақпараттар алу және сол ақпараттарды пайдаланып, бандиттік топтарды жою, іштеріне кіріп іріткі салу немесе агентуралық ықпал жасап, оларды халық билігі жағына тарту болды. Әсіресе, ескерту ақпараттары бұлар үшін өте құнды болды. Мәселен банды құрылымдардың бірі ауылшаруашылық немесе әскери объектілерге шабуыл жасауға дайындалып жатқандығы туралы түскен ақпарат көп адамның өмірін, материалдық шығыннан сақтап қалар еді. Барлау мәліметтеріне қарағанда, 1987-1989 жылдары Фарьяб провинциясында жалпы саны 11 мыңға жуық 150 бандқұрылымдар болған. Олардың 90 пайызы Ауғанстан ислам қоғамы партиясының мүшесі болғанмен, араларындағы 3 мыңнан астамы ғана «халықшылардың» бітіспес, қас жауы деп танылды. Қалған 4 мыңы «алдағы саяси жағдайлар қалай болар екен?» деп әліптің артын тосып отырды. Тағы екі мыңға жуығы елдің қауіпсіздік қызметі және царандойға (милиция) жұмыс істеді. Көтерілісшілер жеті аудандағы негізгі 7 базаға шоғырланды. Олардың қолдарында 250 ауыр артиллерия, 7 мыңнан астам зымыран-снаряд, сансыз миналар мен жарылғыш заттар сақталған 13 қару-жарақ қоймалары болды. Әбдіғапар Мирманов бастаған оперативтік топ мұндай құпия ақпараттарды алып, орталыққа баяндап қана отырған жоқ, оларды қарсы операцияларға жақсы пайдалана білді. Кішігірім қарулы топтарды жергілікті қауіпсіздік қызметінің опербатальондарын пайдалана отырып, өз күштерімен жойды. Опербатальонның құрамында екі атты взвод бейресми жағдайда жұмыс істеді. Радиостанциялармен, жеке қарумен жақсы қаруланған атты сарбаздар бейбіт шаруалар сияқты өз үйлерінде тұратын болған. Олардың негізгі міндеттері – сырт көзге бандқұрылымдардың бірі сияқты болып жүріп, қару тасымалдайтын керуендерді тұтқиылдан басып алу. 1987 жылдың қазанында оперативтік топтың басшысы полковник Мирмановқа Кабулдан «Фарьяб провинциясындағы Қайсар қыстағында бекінген Исмаил тұранның бандқұрылымына жақын арада ағылшындық «Блоупайп» зениттік-ракеталық кешені керуен арқылы жеткізілуі тиіс, қарап қалмаңдар» деген құпия ақпарат келеді. Мирмановтың тапсырмасымен атты сарбаздар жол торуға шығады. Көп ұзамай, бақайшағына дейін қаруланған 11 моджахед күзетіп келе жатқан керуен қолға түсті. Бұл операцияны Мәскеу жоғары бағалап, топ жетекшісі подполковник Әбдіғапар Мирманов пен мәскеулік майор С.Созиновты мемлекеттік марапатқа ұсынды. Сол кездерде моджахедтер Пәкістандағы Пешавар әскери базасында шетелдік мамандардан дәріс алып, арнайы дайындықтан өтетін болған. Шетелдік арнайы қызметтің мамандары кейде керуенге ілесіп, басқа провинциялардағы бандқұрылымдарға шығып, ұрыс тактикасына, диверсиялық жұмыстарға үйретіп жүрді. Солардың бірі, Ален Гион деген атпен «журналист» болып жүрген француз арнайы қызметінің адамы Мирманов тобының қолына түсті. Тергеу кезінде ол ешқандай газеттің тілшісі емес, арнайы тапсырмамен жүрген офицер екенін мойындады. Француз Ален Фарьяб провинциясына Расул Пахлавонның бандасын соғыс тактикасына үйретуге келген екен. Шетелдік әскери кеңесші Аленмен бірге Расулдың ағасы да қолға түскен. Бұл екеуімен үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, бандалық құрылымға қайта жіберіледі. Солардың ықпалымен Расул Пахлавонның бандасы райларынан қайтып, халықтық-демократиялық үкімет жағына өткен. Өте сәтті аяқталған операцияның нәтижесінде қаншама адамның өмірі сақталды. Мирманов басқарған оперативтік топтың Фарьяб провинциясындағы ерліктері туралы құжаттар Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивтерінде жатыр. Әбдіғапар Досекейұлының өзі мамандығы жайлы көп адамдарға шешіле бермейді. Барлаушы мамандығына байланысты қалыптасқан кәсіби әдет. Әбекең бірде Ауғанстан соғысы кезіндегі өзі басқарған «Дарбанд» операциясы туралы әңгімелеп берген еді. Құрамында 250 атты бас­ке­сері бар Саид Алаудиннің бан­да­сы 15 қыстақ кіретін ірі аймаққа ық­палын жүргізген. Қа­тар­ла­рын бір сәтте он есеге дейін кө­бей­туге мүмкіндіктері болды. Бұлар жер­гілікті тұрғындарды то­нап, азық-түліктерін тартып алды, қару-жарақ алу үшін әскери қой­ма­ларға, ауған жеріндегі кеңестік шекарашыларға шабуылдар жа­сады. Біздің барлаушылар сондағы аген­туралық желі бойынша, бан­да­ның құрамындағы бір-екі адамды өз­деріне тартып, ақпарат алып тұр­ды. Қауіпсіздік жағын бірінші ойлайтын Саидтың бір орында ұзақ отырмайтындығы және оған кеңестік шекарашылар ұстап жүр­ген АКСУ автоматының қатты ұнай­тыны тыңшылар арқылы бел­гілі болды. Мирманов басқаратын бар­лаушылар тобы шекарашы пра­порщик арқылы, құндағына ра­диомаяк жасырылған АКСУ ав­то­матын Алаудиннің адамына са­та­ды. Біраз күн оперативтік техни­ка­ның көрсеткен орны мен тың­шылардың Саид туралы берген ақ­параттарын салыстыра отырып, бәрі дұрыс екендігіне көздерін жеткізгеннен кейін, Мирмановтың тобы банда басшысын құртатын оң­тайлы сәтті күтті. «Бұл операцияны біз Дарбанд қыстағына бекінген бандқұрылымына байланыстырып осылай атадық. Әрбір елді мекенде Саид Алаудиннің ұранын күтіп, кез келген уақытта атқа мінуге дайын, бес қаруын сайлаған сенімді жігіттері отырды. Бұлар күндіз дихан-шаруа кейпінде жүреді, ал, түнде қарапайым халықты тонап, азық-түліктерін тартып алады, қару-жарақ алу үшін әскери қоймаларға, біздің шекарашыларға шабуылдар жасайды. Тіпті, ашық бас көтере бастаған соң, провинцияның Әскери кеңесі Алаудиннің бандасын жою туралы нақты шараларға көшу керек деген шешімге келді. Бұл операцияны орындау менің тобыма жүктелді. Ең алдымен бізге, маңайындағы ең жақын достары, оққағарларымен бірге, Алаудиннің көзін жою керек болды. Агентуралық желі бойынша, банданың құрамындағы бір-екі адамды өзімізге тартып, ақпарат алып тұрдық. Тыңшыларымыз арқылы білгеніміз, Саидқа біздің шекарашылар ұстап жүрген автомат қатты ұнайды екен. «Қара түсті, қысқа АКСУ автоматын кім әкеліп берсе сұраған ақшасына сатып аламын» деп маңайындағыларға айтыпты. Біз оған бұл жағынан «көмектестік». Шекарашы прапорщик арқылы, құндағына радиомаяк жасырылған АКСУ автоматын Алаудиннің адамына саттық. Біраз күн оперативтік техниканың көрсеткен орны мен тыңшыларымыздың Саид туралы берген ақпараттарын салыстырып, бәрі дұрыс екендігіне көзімізді жеткіздік. Сөйтіп ыңғайлы кезді күттік. Тыңшылар арқылы Саидтың жанына 15 нөкерін алып, салт атпен Тұрпахту қыстағына жұма намазына баратындығын білдік. Белгіленген уақытта алдын ала дайындаған екі МИ-24 (біз оны «крокодил» деп атайтынбыз) тікұшағына «Көтеріл!» деген команда бердім. Саидтың қолындағы автоматқа салынған радиомаяктың көрсеткен бағытымен ұшып отырып, бір топ салт аттылардың үстінен шықтық. Банда екі топқа бөлініп қашты. Екі тікұшақ та Алаудин бастаған топтың соңына түсіп, реактивті снарядтармен банданы күл-талқан етті. Алаудинді құртқанмен, оның Дарбанттағы бекінісінде қару-жарақ қоймасы қалды. Басшыларының жоқтығын пайдаланып, бандадағы агенттеріміз арқылы қауіпсіздік қоршауындағы посттардың бірін ірі ақшаға сатып алдық. Келісілген уақытта кеңес шекарашыларының мотоманеврлік топтарының бірін сатылған бандиттер посттан білдіртпей өткізіп жіберді. Шекарашылар тұтқиылдан соққы берді, артынша провинцияның халық билігі күштері шабуылды бастады. Ұрыс бес сағатқа созылды. Банда толықтай жойылып, қару-жарақ, азық-түлік қоймалары қолға түсті. Азық-түлікті жергілікті халыққа таратып бердік», деп бұл операцияның бүге-шігесіне дейін әңгімелеп беріп еді Әбекең. «Дарбанд» операциясын сәтті аяқтап, көрсеткен ерліктері үшін полковник Әбдіғапар Мирманов және қазақстандық шекарашылардың мотоманеврлік тобының командирі А.Н.Астанин «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Отставкадағы полковник Әбдіғапар Мирманов өмірінің соңғы күніне дейін Алматы қа­ла­сындағы «ҚР ҰҚК Сыртқы барлау ардагерлері» қо­ғам­дық бірлестік төрағасының орын­басары міндетін атқарды. Үнемі ширақ жүретін Әбекең ардагерлер арасында өткізілетін барлық мерекелік, спорттық шараларды өзі ұйымдастырып, бел ортасында жүретін. Жастарды патриоттық тәр­биелеудегі ерен еңбегі үшін Қа­зақ­стан Республикасы Президенті­нің Жарлығына орай берілген «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі оның соңғы наградасы болды. 2017 жылдың 22 наурызында 76 жас­қа қараған шағында ауыр науқастан қайтыс болды.

ҰҢҒЫСЫЗ АТЫЛҒАН ОҚТҰМСЫҚ

1988 жылдың күзі. Солтүстік Ауғанстан. Кеңес Одағы әскерлерін Ауғанстан жерінен жеделдетіп шығарып жатқан кез. Осы тұста дұшмандар кек алу мақсатында елдеріне бет алған кеңестік әскери бөлімшелерге шабуылдарын жиілетіп, үдете түсті. Бұл кеңес әскерлері үшін өте қиын, қауіп-қатер күшейген кезеңдердің бірі болды. Дәл осы кезде Талғат Әмірғалиев Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Ауғанстандағы өкілдігінің Саманган провинциясындағы (орталығы – Айбак қаласы) жедел топ бастығы қызметін атқарып жүрген. Қазан айының салқын күндерінің бірінде Талғат Әмірғалиев Дальхаки елді мекеніне шұғыл операцияларды орындау үшін жолға шықты. Жанына өзінің қарамағындағы жедел топтың бандитизммен күрес желісі бойынша жауапты кеңесші Борис Сынковты (Мәскеу қаласы және Мәскеу облысы бойынша МҚК басқармасының қызметкері) ертіп алған. Бұл дұшмандардың жиі-жиі тұтқиылдан шабуыл жасап, белсенді әрекеттерге көшкен кезі еді. Барлаушылардың жолға шығудағы мақсаттары – біздің әскери автоколонналар өтетін Хайратон-Кабул автомагистралі бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Мұндай жағдайда барлаушылардың қызметі дұшмандардың шоғырланған жерлерін, күштерінің мөлшерін, қару-жарақ қоймаларын анықтау болып табылады. Барлаушының сезімталдығы алдамапты, көп ұзамай, өз нәтижесін берді. Бұлар жол бойында тасада жатқан жиырмадан астам жауынгерлік ракеталар үстінен түсті. «Смерч» ракеталары шығар» деп шамалаған Талғат Әмірғалиұлы оқтұмсықтарды қалайда дұшмандардың қолына түсірмей, тезірек қауіпсіз жерге алып кету қамына кірісті. – Ракеталарды жолдың маңынан тезірек әкетіп, серіктес ауғандық жедел батальонының аумағына, қауіпсіз жерге жеткізу үшін дереу рация арқылы жергілікті Қауіпсіздік қызметі министрлігінің Саманган провинциясы бойынша басқармасына шығып, көмекке жедел топты жіберуін сұрадым. Өйткені, оқтұмсықтар басқа адамдардың, соның ішінде, жергілікті бандқұрылымдардың қолына түскен жағдайда олар Кеңес Армиясына, ауған қарулы күштеріне, тіпті жергілікті тұрғындарға қарсы соққы беруге пайдаланылған болар еді. Біз Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті өкілдері ішінен аталған қаруларды кімнің тастап кеткенін анықтамақ болып едік, ешқандай нәтиже шықпады. Ауғанстан жерінен елге қайтарылып жатқан әскери бөлімдердің бірі қарбалас кезінде қалдырып кеткенге ұқсайды. Жедел топпен ақылдасып, жауынгерлік ракеталарды Саманган провинциясында тұрақты жағдайды орнату мақсатында, жергілікті биліктің қорғанысына көмек көрсету үшін пайдалану керек деген шешімге келдім. Бұл «Кеңес армиясын Ауғанстаннан шығарудың соңғы фазасы» ретінде белгілі тарихи кезең болатын. Бір жағынан, менің тобым бақылау жасайтын аумақта моджахедтердің белсенді қимылдарына тосқауыл қою керек болды. Осылайша иесіз қалған оқтұмсықтарды бандқұрылымдарға қарсы пайдалану жергілікті күштерге де, бізге де тиімді болды. Ертесінде бірнеше ракетаны провинция орталығы Айбак қаласының сыртына алып шықтық. Жерді қазып, ракеталардың ұшуын бағыттайтын ұңғы жасап, оқтұмсықтарды соған орнаттық. УАЗ автокөлігінен электр сымдарын тартып, электр ағынының тұйықталуы арқылы ракетаны іске қостық. Жауынгерлік ракеталар алдымыздағы бандқұрылымдар бекінген тау сілемдеріне қарай бағыт алып ұшты. Әдетте, Кабул-Хайратон даңғылы мен провинция орталығын ракета-артиллериялық қаруларынан осы тұстардан атқылайтын. Біз нысананы моджахедтердің бекінісіне қарай шамалап бағыттадық. Келесі күні тағы бірнеше жауынгерлік ракеталарды осындай тәсілмен жібердік. Оқтұмсықтардың жарылған жермен арақашықтық шамамен 40-45 шақырымдай болады. Бірақ, таулы жер болғандықтан бәрін көріп тұрдық. Алғаш ракеталар жарылғанда сұйық, ақшылтым түтін бұрқ етіп аспанға көтерілді де, тез сейіліп кетті. Енді біраз уақыттан кейін, жерді дірілдеткен, қою қара түтінді қатты жарылыстар басталды. Жарылыстардың күштілігіне қарап, ракеталарға жоғары сапалы жарылғыш заттар, аумақты зарядтар салынғанын аңғаруға болады, – деп есіне алады сыртқы барлау полковнигі Талғат Әмірғалиев. Жауынгерлік операцияның нәтижесі туралы жедел топтың жетекшісі Талғат Әмірғалиев шифртелеграммамен Өкілдіктің басшысы генерал-лейтенант Быстровқа баяндады. Әмірғалиев тобының қолымен жасалған акцияның нәтижесі көп күттірген жоқ. Бандқұрылымдардың белсенділігі бәсеңсіп қалды, Кабул-Хайратон автодаңғылын атқылау біраз уақытқа дейін тоқтатылды. Осы операцияның арқасында Кеңес Армиясының және Ауғанстан Қарулы күштерінің көптеген жауынгерлері ажалдан аман қалды. Бірнеше күннен кейін, Саманган айма-ғында болған әскери-жедел операцияның нәтижесі туралы подполковник Талғат Әмірғалиевтің өз аузынан тыңдағысы келген Ауғанстандағы КСРО МҚК Өкілдігінің жетекшісі В.П.Зайцев оны Кабулға шақыртты. Өткізілген шараға КСРО қауіпсіздік қызметінің генералы ризашылығын білдірді. Жауынгерлік жағдайда ірі габариттік ракетаны азғантай топтың стандартты емес тәсілмен, жаудың тірі күшіне күйрете соққы беріп, аса тиімді пайдалануы – әлемдік тәжірибеде бірінші рет екендігі ерекше атап өтілді. Генерал-лейтенант В.Зайцев «Осындай арнайы мақсаттағы топтардың оқтұмсықты пайдалану тәжірибесінің шағын қақтығыстарда, жауға тұтқиылдан соққы беру және қиын-қыстау жағдайларда артықшылыққа жету үшін болашақта кеңінен қолданылуы мүмкін», деген баға берді. Әңгіменің соңына қарай генерал-лейтенант В.П.Зайцев атқарылған жұмыс-тың нәтижесі туралы КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстандағы Бас әскери кеңесшісі, армия генералы В.И.Варенниковке тікелей баяндайтын болды. Талғат Әмірғалиевті байланыс офицеріне қосып, өзінің автокөлігімен армия генералына аттандырды. Осы жерде айта кеткен артық болмас, Кабулда отырған КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстандағы Бас әскери кеңесшісі, армия генералы В.И.Варенниковтің жеке қабылдауында болған жалғыз қазақ – подполковник Талғат Әмірғалиев қана. Операцияның нәтижелі болғандығын осыдан-ақ аңғаруға болады. «Бас әскери кеңесшісінің кабинетіндегі баяндама біраз уақытты алды, кездесуге осы оқиғаның детальдары қызықтырған бірнеше әскери мамандар қатысты. Өз кезегінде армия генералы Варенников атқарылған жұмысты пайдаланудың маңыздылығын атап өтті, болашақта арнайы мақсаттағы топтардың жауынгерлік операциядарында осындай тәсілді қолдануға болады деген тұжырым жасады. Соның бұйрығы бойынша қолданылмаған ракеталар Ауғанстандағы Кеңес Әскерлерінің шектеулі контингенті өкілдеріне тапсырылды», дейді Талғат Әмірғалиев. В.Зайцев және В.Варенниковпен кезде-суден кейін жедел-жауынгерлік шараны нәтижелі орындағаны үшін Талғат Әмірғалиевке алғыс жарияланды. КСРО армия генералының қабылдауынан көтеріңкі көңілмен шыққан Талғат Әмірғалиев Кабул қонақүйлерінің бірінде КСРО МҚК Өкілдігінің Фарьяб провинциясындағы жедел топтың бастығы подполковник Әбдіғаппар Мирмановты кездестірді. Екеуі қонақүй маңындағы мейрамханада шүйіркелесіп біраз отырып, алыстағы ел-жұртты сағынышпен еске алды. Мемлекеттік тәуелсіздік алғаннан кейін, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіп-сіздік комитеті органдарына елдің жоғары басшыларын әр салалардағы өзекті, соның ішінде жабық барлау ақпараттарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ, Қазақстанның мүддесіне қызмет ететін ірі ауқымдағы шаралар өткізу жүктелді. Сол жылдары барлаушы, интернационалист-жауынгер, 1986-1989 жылдары Ауғанстанда ұзақ мерзімдік іссапарда болған полковник Талғат Әмірғалиев ҚР ҰҚК Бас барлау басқармасындағы саяси барлау бөлімін басқарды. Ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік мекемелерінің бірін «бүркеніп» 1993, 1994, 1995 жылдарда және 1997 жылдың сәуір-мамыр айларында бірнеше мәрте Ауғанстанның орталық және солтүстік Балх провинцияларындаға Мазари-Шариф, Шиберген, Сари-Пуль, Джаузджан қалаларына қызметтік іссапарлармен шығып, ол жақтағы Ауғанстанның Солтүстік Альянс басшыларымен, олардың ортасымен кездесті. Бұл операциялар әлі жабық болғандықтан, ештеңе айтылмайды.

СЫРТҚЫ БАРЛАУ ОФИЦЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

Ресей Федерациясының Сыртқы Барлау қызметі КСРО кезінде шет елдерде өте құпия жедел-жауынгерлік операцияларды орындаған қазақстандық әріптестерінің ерліктерін ешқашан ұмытқан емес. Қазақстанда 1980 жылдың шілдесінде Ауғанстан аумағында арнайы тапсырмаларды орындайтын «Алтай» отряды жасақталған болатын. Осы отрядтың құрылғанына 30 жыл толуына байланысты Мәскеудегі мемлекеттік қауіпсіздік қызметі ардагерлерінің қоры Қазақстан сыртқы барлау қызметінің бір топ ардагерлерін наградаға ұсыныпты. Қазақстандағы Ресей Федерациясының Бас консулдығының өкілі Ресей Сыртқы Барлау қызметінің медальдары мен орденін құпия қызметтің қазақстандық қырандарына тапсырды. Қазақстандық барлаушылардың Ресей құпия қызметінің марапатына араға ондаған жылдар салып, отыз жылдан кейін ие болуының өзіндік себептері бар. Кезінде шет елде арнайы тапсырмаларды орындаған офицерлердің барлығы дерлік басқа фамилиямен жұмыс істеді және олардың атқарған қызметтері қаншалықты қауіпті болса, құпиялылығы да соншылықты еді. Сондықтан, нағыз барлаушылар туралы құжаттар көп жылдар бойы құпия сақталуы заңды нәрсе. Алайда, олардың ерліктері, сол кездерде басшылық жасаған Мәскеу тарапынан ескерусіз қалған жоқ. Бүгінде Ресей арнайы қызметі батырларымызды араға ұзақ уақыт салып орден, медальдармен марапаттап жатқаны соның куәсі. Бірақ, олардың жеке құжаттарында жазылған деректер арқылы қандай маңызды, құпия тапсырмаларды орындағанын Мәскеу білгенмен, өз батырларының істеген ерліктерін Қазақстандағы отандастары біле бермейді. Олардың омырауларындағы Кеңес Одағының және кейіннен берілген Ресей Федерациясының орден, медальдарына қарап, сол кездерде арнайы тапсырмалармен шет елдерде қызмет еткен қазақстандық барлаушылардың сіңірген еңбектерін Кеңес Одағының арнайы қызмет ведомствосы өте жоғары бағалағанын байқауға болады. Ресей Федерациясы мемлекеттік қауіп-сіздік қызметі ардагерлерінің қоры Қазақстан сыртқы барлау қызметінің бір топ ардагерлерін естелік наградаларға ұсыныпты. Ресей Федерациясының Сыртқы барлау генерал-лейтенанты П.А.Судоплатов атындағы «генерал-лейтенант СВР РФ П.А. Судоплатов – основатель спецназа КГБ СССР» медалімен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының сыртқы барлау жөніндегі орынбасарлары болған генерал-майор Жүкен Марденов, генерал-майор Болат Мешінбаев, Қазақстанның «Барлау» қызметінде директор болған генерал-майор Жеңіс Рысбаев, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында Қазақстанда жасақталған «Алтай» арнайы отрядының оставкадағы полковниктері – Виктор Прудников, Әбдіғапар Мейірманов, Төлеухан Боқажанов, Виктор Шиян, Қабдолда Бекжанов және Бекежан Құлбековтер наградталды. Сонымен қатар, И.Г.Старинов атындағы «Патриарх советского спецназа» орденін, 1979-1980 жылдары үш мәрте Ауғанстанда арнайы тапсырмаларды орындаған, МҚК-нің «Зенит» арнайы отрядында болған, кейіннен Қазақстан Республикасының «Барлау» қызметінде арнайы бөлімнің жетекшісі болған Қабдолда Бекжанов иемденді. Сондай-ақ, Ресей Сыртқы барлау қызметінің ардагерлері А.Цветков, В.Суродин жазған «Вся жизнь – атака» атты кітабы генерал-майор Жүкен Марденов пен полковник Қабдолда Бекжановтың атына арнайы жазылған авторлардың қолтаңбасымен жіберіліпті. Қазақстандық барлаушылардың Ресей сыртқы барлау қызметі бүгінгі күнге дейін бағалап отырған сол кездегі ерліктерін, сол кездерде МҚК «Каскад» отрядына біріктірілген «Алтай», «Карпаты», «Тибет» деген атпен бірнеше арнайы топтардың құрылғанын, Алматыда 1980 жылдың басында елден тыс жерлердегі диверсиялық операцияларды орындайтын, кез келген мемлекетте «дербес жұмыс» істей алатын, арнайы операциялардың қыр-сырын жетік меңгерген арнайы бөлімнің офицерлерінен «Алтай» атты жорық командасы құрылып, Ауғанстанға аттанғанын жоғарыда айттық. Олар сол кезде Мәскеудегі КСРО МҚК Бірінші Бас басқарманың тапсырмаларын орындады. Қазақ барлаушылары атқарған арнайы операциялар туралы мәліметтер Ресейдің арнайы қызмет архивтерінде сақтаулы. Сондықтан, оларға қазірге дейін Ресей Сыртқы барлау қызметі тарапынан құрмет көрсетіледі. Біздің ардагерлерді Мәскеуге шақырып, сыртқы барлау қызметіне қатысты атаулы күндерді бірге мерекелейді. Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің жүз том кітапқа жүк болатын сан қилы, әр тараптағы жұмыстары жайлы қысқаша баяндап беруге тырыстық. Сыртқы барлау туралы бұл айтылған мәліметтер тек «айсбергтің» су бетіндегі бөлігі ғана. Сыртқы барлаудың бір ерекшелігі – оның дәл қазір немен айналысып жатқанын болжап-білу мүмкін емес. Қазіргі уақытта қызмет етіп жүрген барлаушылар туралы да қандай да бір ақпаратты айта алмаймыз. Алайда, құпиялық белгісі алынған деректерге қарап отырып-ақ олардың аса маңызды мемлекеттік жұмыстарды атқарып жүргенін түсіну қиын емес. Бұл қызметтің қалыптасуына, даңқын асыруға үлес қосқан әрбір ардагер барлаушы өзі туралы жеке кітап жазуға лайық. Ол алдағы уақыттың еншісінде. Ондай шығармалардың әлі талайы жарыққа шығатыны да даусыз, өйткені, халық өз батырларын білуі тиіс. Жастармен патриоттық тәрбие беруге бағытталған кездесулерде «бүгінгі күннің барлаушылары немен айналысады?» деген сұрақ ардагер-барлаушылардың алдынан жиі шығады. Бұған нақты жауап беру өте қиын. Өйткені, барлаушы дегеніміз көпшіліктің көз алдында жүрген футбол ойыншылары немесе даңғаза телешоуларда көрініп қалғысы келетін «сахна жұлдыздары» емес. Олардың бүгінгі еңбектері, ерліктері арада жылдар өткен соң ғана жарияланып, белгілі болуы мүмкін. Сондықтан, сан-сақта елеусіз жүріп, елінің мүддесі үшін маңызы зор істерді атқаратын, өз өмірін қатерге тігіп, көзсіз ерліктерге баратын барлаушыларымызға тиісті бағасын беруге тиіспіз.

(Соңы. Басы өткен сандарда)

736 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз