• Ұлттану
  • 24 Маусым, 2019

ӘЛЕМ ҒАЛЫМДАРЫ ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ТЕГІ МЕН ТУҒАН ЖЫЛЫ ЖӘНЕ МЕКЕНІ ЖАЙЛЫ

Әбсаттар қажы Дербісәлі, ҚР ҰҒА-ның корреспондент- мүшесі, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

1975 жылы Алматыда тұңғыш рет қазақ жерінің кемеңгер перзенті, отырарлық ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуы ЮНЕСКО-ның айтулы мерзімдер календарына кіргізіліп, үлкен салтанатпен аталып өтті. Оның алдында Қазақ ССР Ғылым академиясы Философия және право институты жанынан ашылған әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы Отырар ойшылының араб, ағылшын, неміс, француз, чех және т.б. тілдердегі бірқатар шығармаларын дүниежүзінің түкпір-түкпірінен жинап, Алматыда қазақ, орыс тілдеріне аударып жариялады.

Жалпы, Әбу Насыр әл-Фарабиді әлемдік, Кеңес және Орта Азия мен Қазақстан ғалымдары М.Штейншнейдер, Г.Зутер, Ф.Дитерици, А.Решер, Б.Ғафуров, С.Григорян, А.Сағадиев, Ю.Завадовский, Ә.Марғұлан, А.Машанов, О.Жәутіков, А.Қасымжанов, Ә.Нысанбаев, Ә.Дербісәлиев, А.Көбесов, М.Бурабаев, Қ.Жарықбаев, М.Хайруллаев, К.Тәжікова және т.б. зерттеді. Олар кезінде жекелеген монографиялар мен аса құнды мақалалар жазды. Сөйтіп, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған дәуір данышпанының еңбектерін зерттеу елімізде де 70 жылдардан бастап қолға алынды, қарқынды жүрді. Докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғала бастады. Содан бері де біраз жыл өтті. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де бұл игі іс тоқтаған емес. Еліміз егемен болған соң бұл игілікті іске әсіресе кең жол ашылды. Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ұлттық университетте ұлы баба шығармашылығын зерттейтін ғылыми орталық құрылды. Олар бірнеше халықаралық және республикалық та ғылыми теориялық және практикалық конференциялар өткізді. Мен де бұл істің басы қасында болып келем. Иә, алдағы 2020 жылы Әбу Насыр-дың туғанына 1150 жыл толмақ. Оны биік деңгейде өткізу жайлы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары тиісті мекемелерге ұсыныс жасады. Соған байланысты, ҚР Сыртқы істер министрлігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне хат жолдап, әуелі Әбу Насырдың дәл туған жылын, туған жерін және ата-тегін анықтау мәселесін тапсырды. Мәдениет мекемесіндегілер оларды анықтауды ҚР Білім және ғылым министрлігіне тапсырды. Ол ұлы ғалым атын алып отырған жоғары оқу орнына және Р.Б.Сүлейменов атындағы шығыстану институты мен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, Философия, саясаттану және дінтану институттарына жүктелді. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми хатында: «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО-ның 2020-2021 жылдарға арналған атаулы күндері және оқиғалары күнтізбесіне ұсынуға қатысты хатын қарастырып, келесіні хабарлайды. Аталған мәселені пысықтау барысында әл-Фарабидің туған жылына қатысты ғылыми ортада бірыңғай пікірдің жоқ екендігі және түрлі деректердің кездесетіні туралы ақпаратты ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жинақтағаны белгілі. Осыған орай, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын атап өту мәселесін пысықтап, жинақтау ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жүктелгенін, сонымен бірге айтулы тұлғаның туған жылын ЮНЕСКО-ның атаулы күндері және оқиғалары күнтізбесіне ұсыну ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің бастамасы екенін ескере отырып, ғалымның туған жылына қатысты даулы мәселені талқылау бойынша кездесуді Министрліктер үйінің ғимаратында Сіздердің екі мемлекеттік органның уәкілетті тұлғаларының төрағалығымен өткізгенді жөн деп санаймыз» делінген. Сонымен, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының атынан мен де осы мәселені зерделеуге кірістім. Орта ғасырларда қазақ жерінен шыққан, еңбектерін қасиетті Құран тілі – араб тілінде жазған ғалымдар мен кемеңгер ойшылдар көп. Солардың ішіндегі ең көрнектісі, әрине екінші Аристотель атанған Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби. Оның өмірі мен шығармашылығын зерттеуді жаһан ғалымдары (АҚШ, Еуропа, Азия, Африка) күні бүгінге дейін жалғастырып келеді. Ең әуелі мен Әбу Насыр өз шығармаларын туындатқан араб тіліндегі қайнар көздерге үңілдім.

Әбу Насыр әл-Фарабидің тегі жайлы араб тілді дереккөздер не дейді?

Ортағасырлық шежіреші, тарихшы ғалымдардан: – Джамал ад-дин Әбу-л Хасан Әли бин Йусуф әл-Қифти (1172-1248) «Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан Әбу Насыр әл-Фараби»; – Ибн Әби Усайбиға (1203-1270) «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед Узлаг (Ұзлақ, Ұзақ – түркі есімі, араб қаламгерлері және Еуропа ғалымдары да оны бұрмалап жазуы мүмкін – Ә.Д.) бин Тархан»; – Ибн Халликан (1211-1282) «Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Аузалаг» (Узлағ, яки Ұзақ болуы мүмкін)» деп көрсетсе, – Әбу Насыр әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабы» атты 1500 беттен тұратын еңбегінде ғалымның аты-жөні: «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби» деп жазылған. Ал, замандасымыз Фаруқ Саъд Әбу Насырдың өмірі мен шығармашылығына арналған монографиясында оны «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки» деп көрсеткен. Ал, өзге ел оқымыстылары ше? Иран. Ирандық ғалымдар «ат-түрки – түркілік» деген сөзді әдетте жазбайды. Өйткені, олар Әбу Насыр әл-Фарабиді парсы текті санайды. Дін қызметінде жүргенде, бірде Теһранда өткен халықаралық конференцияға бардым. Арасында әдеттегідей Иранның ұлттық кітапханасында болдым. Кітапхана директоры Иран президентінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі де екен. Әңгіме арасында Әбу Насыр әл-Фарабиді қазақ жерінің перзенті деп қалып ем, ол: – «Әл-Фараби Иран ғалымы» деді. Кітапхананың үлкен залдарының бірі де Әбу Насыр әл-Фараби атымен аталады екен. Мен Әбу Насырдың қазақ жерінің перзенті екенін дәлелдеуге тырысып ем, ол бастырмалатып өз дәлелін келтіріп, көнбеді. – Отырар перзентін Иран ғалымы дейтіндей сіздің қандай уәжіңіз бар дедім. – «Әбу Насыр Орта Азияны саманидтер билеген кезде өмір сүрген, Саманидтер парсылар еді» – деді ол. Қазақ жерінің оңтүстігі Саманидтердің билігінде бар-жоғы 180 жыл ғана болды. Оның өзінде олар тек билік басында ғана тұрды. Ал, жергілікті халық түркі тектілер еді дедім мен өз уәжімді айтып. Ортағасырлық араб ғалымдары да Әбу Насыр әл-Фарабиді Арыс өзенінің Сырдария өзеніне құяр сағасындағы Отырар шаһарында туған деген. Отырар кейіннен Фараб аталды. Әбу Насырдың өмірбаяны жайлы ортағасырлық шежіреші Ибн Халликан (1211-1282) біраз дерек қалдырған. Оның еңбегі сіздердің кітапханаларыңызда болса керек. Директор-кеңесші мырза көмекшісіне кітапханадан Ибн Халликанның «Ұлы адамдардың қазасы жайлы кітап» атты еңбегін алдыртты. Қосылып оқыдық. Онда Әбу Насыр Иранда туған деген сөз жоқ еді. Ибн Халликан: «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Аузлаг [Ұзақ] «әл-Фараби, түрік [текті], көрнекті ойшыл (ал-Хаким)...» делінсе, тағы бір жерінде «Әбу Насыр түркі [текті] еді, ол «өз елінде туып, өз елінде өсті... Ол түркі тілін және өзге де тілдерді білді, бірақ араб тілін емес. Араб тілін оқуды бастаған ол, оны кемеліне жеткенше игерді, сонан соң ғана ойшылдық ғылымдар (улум ал-хикма) жайымен, яғни (философиямен – Ә.Д.) айналысты» деп жазылған. Сөзден ұтылған директор-кеңесші амалсыз үнсіз қалды. [Абу-л Аббас Шамс ад-дин Ахмед бин Мұхаммед бин Әбу Бакр бин Халликан Уафайат әл-ағйан уа абна аз-заман. Бейрут [жылы көрсетілмеген], 5 том, «Әл-Фараби әл-файласуф» - «әл-Фараби философ», 153-157-беттер]. АҚШ. Әбу Насыр әл-Фарабидің библиографиясына арнаған еңбегінде АҚШ ғалымы Nicholas Rescher оның тегін: «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби»; Германия. Атақты неміс шығыс-танушысы Карл Брокельман (1868-1956) Отырар ғалымының аты-жөнін «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узалаг әл-Фараби; Түркия. Түрік ғалымдары Ismet Binark, Nejat Sefergioglu Отырар ғалымын «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлик әл-Фараби ат-түрки»; – Тағы бір түрік ғалымы Yasar Aydinli «Әбу Насыр Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби»; – Түркияның Ислам энциклопедиясында «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки, 258/871-872 жылы туған деп саналады» деп жазған. Сонымен Отырар ғалымының тегін көпшілік деректерге жүгіне келе «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки» деп көрсеткенді жөн санауға болады. Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жылы мәселесі: Өзбекстан. Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жылы жайлы мұсылман шығысы және Еуропа ғалымдары арасында шынында да бірізділік жоқ. Олардың зерттеулеріндегі көрсетілген мерзімде 2-3 жылдық айырым бар. Әбу Насыр әл-Фарабиді арнайы зерттеген өзбек ғалымы, академик Мұзафар Хайруллаев: «Год рождения Фараби в различных исследованиях указывается по разному, в советской литературе чаще всего 870» дейді.

Араб тілді дереккөздер ше?

– Сирия Араб Республикасының аста-насы Дамаск шаһарының «Баб ас-сағир қабырыстанындағы Әбу Насыр зиратында: «Әбу Насыр әл-Фараби атымен көбірек белгілі Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ, [һижраның] 260 жылы [біздің жыл санауымыз бойынша 873 жылы Фараб шаһарында туған, һижраның 339 жылы [950 жылы] қайтыс болды» деп жазылыпты. Жоғарыда аталған Фаруқ Саъд Әбу Насырдың туған жылын һижраның 259 жылы яғни 870 жыл; Nicholas Rescher (АҚШ) де Әбу Насырдың туған жылын 870; Түрік ғалымдары (Түркия) Ismet Binark пен Nejat Sefergioglu Әбу Насырдың туған жылын 870; Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығын ұзақ жылдар зерттеген қазақ ғалымы, атақты философ, профессор Х. Қасымжанов (1931-2000) Мәскеуде шыққан «әл-Фараби» атты еңбегінде Әбу Насырдың туған жылын 870 деп көрсеткен. Бұдан шығатын қорытынды. Энцик-лопедист ғалымның тегін: «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки», ал, туған жылын һижраның 258, яғни 870 жыл деп көрсеткен жөн. Әбу Насырдың туған жылын анықтау мәселесі өткен ғасырдың 70-жылдары да көтерілген. Онда ғалымдар мен үкі-мет орындары ақылдаса келіп, Отырар ойшылының туған жылы 870 деп көрсетуге келіскен. Сөйтіп оның туғанына 1100 жыл болдыға санап, 1975 жылы 1100 жылдығы тойланды. Араб елдері де (Ирақ Араб Республикасы және т.б.) осыған келісті. Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында жоғарыда айтылғандай, Алматыда әл-Фараби зерттеу орталығы құрылып, Әбу Насыр әл-Фараби еңбектері Еуропа және араб тілінен де орыс, қазақ тіліне аударылғанда, зерттеулер жүргізілгенде Мәскеу және Қазақстан ғалымдары да Отырар ойшылын «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки» және туылған мерзімін 870 жыл деп көрсетіп отырды. ЮНЕСКО ортағасырлық ойшылдардың туған жылы мәселесі сөз болғанда 50-60-қа жуық жылдарға дейінгі алшақтықты ықшамдап жібереді екен. Ал, Әбу Насырдың туған жылы туралы айырмашылық бірнеше жыл ғана.

Әбу Насырдың туған жері (Фараб) жайлы

Ортағасырлық араб тілді деректерде Фараб атты (қыстақтың) Өзбекстанда да бар екені айтылады. Өзбекстандағы Фараб Бұхара қаласының батыс жағында, Әмударияға жақын жерде. Ал, деректердің басым көпшілігінде жоғарыда айтылғандай Әбу Насыр туған Фарабтың Арыс өзенінің Сырдарияға (Сайхун) құяр сағасында екені айтылады. Ғалымдар да осыны мойындайды. Ал, Ауғаныстанда да Фараб деген қыстақ бар дегенге келсек, оның аты Фараб емес, Фарйаб. Ол Хорасан өлкесінде. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін шыққан еңбектерде тәжіктер Әбу Насырды Тәжікстанда, өзбектер Өзбекстанда туған деп келді. Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап қана Әбу Насыр әл-Фараби қазақ жеріндегі Отырарда (Фарабта) туған, түркі тайпасынан шыққан ғалым деп жазыла бастады. Бұл ретте Мәскеудегі КСРО Ғылым Академиясы Шығыстану институтының директоры, КСРО ҒА-ның академигі, тарихшы, ғалым Б.Ғафуров: «Әл-Фарабиді қазақ етіп көрсетуге тырысу да жасанды әрекет болады. Ол заманда ұлт болып бірігу процесі аяқталудан әлі тіпті алыс еді. Сол сияқты оны өзбек деп кесіп айту да әділеттілік бола қояр ма екен? Фактілер негізіне сүйене отырып, әл-Фараби кейін қазақ халқының құрамына қосылған түркі тайпасынан шыққан.., дей аламыз» деп жазды. Бұған ешкімнің де осы күнге дейін алып қосары болған емес [Б.Ғафуров. Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық көзқарастары туралы//әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. Алматы 1995, XVIII –бет.]. Алматыдағы Қазақ ұлттық университеті біраз жылдардан бері Әбу Насырдың бірқатар шығармаларын шығарумен қатар, жыл сайын әл-Фараби оқуларын өткізуді дәстүрге айналдырды. 2006 жылы наурыз айының бірінші онкүндігінде менің жетекшілігіммен, құрамында ҚазМУ-дің сол жылдардағы ректоры, академик Төлеген Қожамқұлов, Отырар ауданының әкімі Әлімжан Құртаев, Білім баспасының директоры жазушы, журналист Ж.Нұсқабаев, Шәуілдірдегі әл-Фараби музейінің меңгерушісі Абдулла Жұмашев болып Сирия Араб республикасына аттандық. Дамаскінің оңтүстік жағындағы «Баб ас-Сағир» қабырстанындағы Әбу Насыр әл-Фарабидің және қазақ жерінің тағы бір перзенті Сұлтан Захир ад-дин Бейбарыс (1287-1277) пен кезінде крест тағушы Еуропалық басқыншыларды талқандаған Салах ад-дин әл-Аийубидің (1138-1193) зияраттарында да болдық. Елге оралған соң, сапар жайлы мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа баяндап бердім. Келесі 2007 жылы 4-7 наурыз аралығында Елбасының Сирияға ресми сапары болды. Онда мен де болдым. Сол жолы Н.Ә.Назарбаев әл-Фараби зиратын ретке келтіру, онда мәдени орталық салу жайлы Сирия үкіметімен келісе келе, ол үшін қаражат та бөлдірді. Ол нысанның аяқталғаны жайлы мен Сирияның бас мүфтиі доктор Бадр ад-Дин Хассуннан 2012 жылы Уфада Ресей мұсылмандарының құрылтайында бірге болып сұхбаттасқанда естіген едім. Сирияда соғыс тоқтаса, оның ресми түрде ашылатыны сөзсіз. Сириядағы Әбу Насыр зиратына біз Отырардан арнайы топырақ ала барып, баба зияратына қойдық. Қайтарда ұлы ғалым зиратынан туған жеріне де топырақ ала келдік. Отырарға жиналған жұрт алдында облыс әкімі Болат Жылқышиев Отырарда Әбу Насыр әл-Фарабиге рәмзи кесене салынатынын айтты. Бірақ ол басқа қызметке ауысқан соң орындалмай қалды. 2018 жылдың желтоқсан айының соңында Әбу Насырдың туған жыл, туған жері мәселесін талқылап, бір шешімге келу үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, ректор академик Ғалымқайыр Мұтановтың төрағалығымен Түркия және ҚазҰУ, сондай-ақ Қазақстанның Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, Философия, саясаттану және дінтану институттарының белгілі ғалымдары бас қосты. Оған Астанадан арнайы келген ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова да қатысты. Онда ғалымдар Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығына байланысты ойларымен бөлісті. Ғалымдар ЮНЕСКО-ға Қазақстан атынан хат жазып, 2020 жылы Алматыда Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуын кеңінен атап өту жайлы ұсынысты қолдады. Мен сол мәжілісте Отырардан өзге де 30-ға жуық ғалымдар мен ойшылдар және Әбу Насырға байланысты мәселелерді зерделеп, бас баяндама жасадым. Оны жиналған ғалымдардың бәрі қолдап, менің зерттеулеріме қолдау білдірді. Менің дәлелдерім мен уәждерім орнықты десті. Қорытынды: Әбу Насыр тек түркі халқы, оның ішінде қазақ жұрты ғана емес, бүкіл ислам өркениетінің, қала берді, бүкіл дүниежүзінің мақтанышы, бүкіл адамзатқа ортақ ірі тұлға. Ал, енді, кемеңгердің қазақ жерінде туылғандығы біз үшін үлкен мақтаныш, сол үшін де біз өзімізді ұлы ғалымның ұрпақтарымыз деп мақтануымыз заңды деп ойлаймын.

509 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз