• Заманхат
  • 02 Тамыз, 2019

ӘЛ-ФАРАБИДЕН ӘЛИХАНҒА ДЕЙІНГІ... ардақты аталарымыздың ермегі

Құлтөлеу МҰҚАШ

жазушы

Әрбір адамның аңсары ауып, жаны құмартатын әуестігі бар. Бірақ, осының мән-мағынасына онша бойлай бермейміз. Егер, арнайы зерттеу жүргізсе, Қазақ елі тұрғындарының белгілі бір пайызының қандай қосалқы іспен шұғылданатынын анықтауға болар ма еді?.. Әйткенмен, ондай есептің уақыты жете қойған жоқ-ау. Сондықтан, мұндайға «халық санағын жүргізу кезінде біршама көз жеткізіп қалар ма едік», деп те ойлап қоясың. Мұндайда жаңа заман адамының әлгіндей «ерігуге» уақты жетпейтіні де еске түседі. От ала қашқызғандай қарбалас тірлік артық қимылға мұрша бермейтіні рас. Жас ұрпаққа, тіптен, қиын – күнбе-күнгі ауырлап бара жатқан сабақтарынан бөлек мектептегі түрлі үйірмелері мен секциясынан артылмайды. Одан қит етсе смартфонына жармасады. Сөйткен, көпшілігінің «ермегі» осымен тәмәм... Халықаралық тілде «хобби» делініп жүрген әрекетке белгілі ақын-жазушыларымыздың, жалпы өнер адамдарының жуықтығы қызықтырады. Сол арқылы-ақ, бұ кісілердің шығармашылық лабораториясының талай қырын аңдар едік.

Ал, назар аумағын біршама кеңейтіп, тарихқа тереңдей түссек, Әбунасыр әл-Фараби сынды ұлы тұлғаларымыздың бүкіладамзаттық масштабтағы теңдесіз қызметі арасында бір сәт сергіп, атқа мініп, туған табиғатпен етене қауышып, саят құрып, суға жүзіп немесе ас пісіріп... шабыт шыңдауға уақыт тауып отырғанын байқаймыз. Және сондай «әуестіктің» өзін халықтық мүддеге ұтқыр ұластырғанын көреміз. Мәселен, жетпіске жуық тіл біліп, астрономия, философия, логика, этика, метафизика, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларында 150-ге тарта трактат жазып қалдырған әл-Фараби бабамыздың өз қолымен қобыз, домбыра аспаптарын жасаған шеберлігіне көз жеткіземіз. Әмбе соларды керемет тартқан орындаушы, композитор, ақын екендігін біле түсеміз. Кейбір әдебиетте ғұлама ғалымның қобыз сарыны арқылы адам емдегені айтылады. Таңғажайып қабілетімен әлем ғалымдарын тамсандырған осынау ұлы ойшылдың бейнесі келе-келе өз жазушыларымыздың да қаламына арқау болғаны мәлім. («Аққан жұлдыз», ­С.Мұқанов; «Ақын арманы», Д.Әбілев; «Ұстаздың оралуы», Ә.Әлімжанов; «Фараби», Д.Досжанов; т.б.). Бұларда да асқан оқымысты бабамыздың ұлттық музыкаға қатысты қырлары қамтылады. Мысалы, Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» романында «Фарабидің екі шекті домбырасындай сиқырлы екен» дегендей жолдар бар. Реті келгенде айта кетейік, ұлттық-фольклорлық ансамбльдерде кең қолданылып жүрген сазсырнай аспабы кейінде табылған әл-Фарабидің «Үлкен музыка кітабы» деректері бойынша жасалғанын көпшілік біле бермеуі мүмкін... Сол секілді, бастауыш білімді қазақ, қыпшақ-шағатай, араб және парсы тілінде алған Шоқан Уәлихановтың да әуелден музыкаға бейім болғаны айтылады. Өйткені, аға сұлтан ұлының жастайынан ел ішіндегі белгілі ақындармен, күйшілермен жиі араласып, қазақтың ауызша және музыкалық халық шығармашылығымен жақын танысуына мүмкіндігі мол болған. Ал, оның бейнелеу өнеріне деген алғашқы сабақтары Аманқарағай округіне жиі келіп тұратын орыс саяхатшылары: географтар, топографтар, суретшілерден басталады. Елгезек, алғыр бала осыларға қатты еліктеп, өз бетімен көп машықтанады. Әсіресе, оған шығыстанушы, суретші А.Сотников орасан ықпал етеді. Кейін, Омбыдағы кадет корпусында көркемсурет пәнінің оқытушысы Н.Померанцев жас Шоқанды үйіне ертіп әкетіп, талмай баулиды. Әуелгіде жұмысты қарындаш пен тушьтан бастаған ол біртіндеп су бояумен жұмыс істеу құпияларын игереді. Солайша, біртіндеп шеберлік шыңына көтерілген ол, Қазақ даласының небір әсем көріністерін бейнелеумен бірге портрет жанрын да керемет меңгеріп шығады. Мұнымен қатар, табиғаты әсем өлкеде туып-өскен Шоқанның ертеден қалыптасқан үлкен саятшылығы, аңшылыққа әуестеніп, құс салып, ит жүгіртуге бейімдігі, өсімдік дүниесін жетік білуі алдағы атақты саяхаттарында, Қашқар сапарында, Батыс Қытай мен Шығыс Түркістан халықтарының, ұйғырлар мен қырғыздардың мәдениеті, әлеуметтік құрылымы, географиясы, тарихын зерттеп, орасан материал жинауда зор пайдасын тигізеді. Одан соң, Шоқан ғажайып журналист еді. Әлкей Марғұлан әділ бағалағанындай, Шоқан күнделіктерінің өзі көркем очерк стилінде жазылған... Ал, «жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп, жабырқаған көңілің көтерілер» дейтін Абайдың композиторлығы қалың бұқараға әуелден белгілі. Дана ақынның «Қансонарда бүркітші шығады аңға... Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын, біле алмассың, құс салып дәм татпасаң» дейтініндей, жақсы атқа, қыран құсқа құмарлығы да аян. Және жыл сайын салтанатын келістіріп, құсбегілерін, мергендерін сайлап, құс салып отырған. Ақынның ұлы Тұрағұлдың айтуынша, балаларының да әрқайсына құс салғызған көрінеді. Әр түрлі мезгіл арасында «екі жүз елу шамалы құсы қолыма келіп кеткен шығар, – дейді ол. – Тулақтың Шолағындай құс көргенім жоқ деп айтып отырушы еді. Бір жылы жайлауда біреудің бір қоңыр қасқа атын бес құлынды биесін беріп алды да, оған көңілі толмай, бауырға түскенде бес түйесін беріп, Қуқұла деген Қаракесекте атағы шыққан атты алды. Жасында атқа болдырмайтын жүргіш болыпты. Мен есімді білген кезде алысырақ жерге арба жегіп, отыз-қырық шақырымдық жерге салт атпен жүруші еді»... Абай атамыз, сондай-ақ, дойбы, карта сықылды ойындардың бәрін де бір кісідей ойнапты. «Сөйтсе де, мен білген кезде салынып қызықтанып ойнайтұғын ойыны – тоғызқұмалақ еді, – дейді Тұрағұл әкесі туралы естелігінде, – Қай-қайдағы тобықты ішіндегі ойыншы шалдар келіп, ай жатып, ойнап қайтушы еді. Сондай ойыншы шалдардың дәулеті нашарлары кейде соғымдық қой, тай, тайынша алып, иә атқа мініп қайтқаны да болды... Таңертеңгі шайды ішкен соң, құмалақ басталады. Менің әкем көйлекшең күйінде, басында тақиясы, бауырына ақ жастығын басып, құмалағын ойнап жатады... Құмалақтан әкемді жеңген адам көргенім жоқ». Осындайда біздің бір еске түсетіні, Абайдың інісі Оспан екеуінің қомақты бәйге тігіп, ауыл әйелдерін жаяу жарыстыратыны... Бұл да бір қызықты ермек түрі болса керек қой... «Алаш» көсемі, Қазақстандағы Уақытша үкіметтің комиссары, Алаш автономиясының төрағасы Әлихан Бөкейхановтың да ірі журналист, этнограф екенін білеміз. Бізді елеңдеткен бір әңгіме оның бағбандығы жөнінде еді. Қазіргі Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауданында туған ол кейін Ресейде тұрғанымен, атамекеніне жиі оралып соғады екен. Өзі кезінде немере ағаларымен бірігіп осындағы Тоқырауын өзені жағасына ақ қайың егіпті. Күндердің күнінде сол ағаш үлкен тоғайға айналады. Кейбір деректерге қарағанда, «Ақтоғай» атауы осыған орай пайда болыпты. Көзіқарақты оқырман білуге тиісті, кейбір кітаптарда Әлиханның марқұм әкесі мен ағасының зираты басына тіккен екі алып еменнің фотосуреті көрініс беріп қояды. Сөйтсек, оны Әлекең жас көшет түрінде Оңтүстік Америкадан алдырып, отырғызған көрінеді. Тағы бір «Алаш» серкесі Ахмет Байтұрсынов фотограф және композитор ретінде танылған. А.Затаевичтің айтуы бойынша, ол шебер домбырашы, әрі тәуір әнші. Зерттеуші «Қазақ халқының 1000 әні» еңбегінде: «Ахмет Байтұрсынов өз халқының әндерін жақсы біледі және оларды тамаша орындайды. Қазақ елінің тарихын, этнографиясын, тұрмысы мен әдет-ғұрыптарын терең білетіндіктен, ол Торғай, Ақтөбе, Бөкей ордасы, сондай-ақ Қарқаралы өлкесінің әндерін жазғанда маған көп жәрдемдесті, тамаша екі күйді тіпті өзі орындады» деп жазады. Мағжан Жұмабаев та он саусағынан бал тамған шебер екен. Қолөнер бұйымдарын керемет жасаған. Әсіресе, қамыстан себет тоқуға бейім болыпты. Кейде сол себеттерді сатып, тұрмыстық қажет өтеген. Ағаштан түйін түйген Мағжанның қолынан шыққан бұйымдарына жолдастары да қатты қызығып, жоғары бағалап, тапсырыс беріп отырыпты. Марқұм ақын Дихан Әбілев болса, Жүсіпбек Аймауытовтың ісмер етікші екенін тамсана әңгімелер еді...

ЖҮСЕКЕҢНІҢ ЖАНЫНДА ЖІП ЕСЕ МЕ...

Сол жолғы бір сөз керемет әсерлендіріп еді. Ғажайып суреткер Жүсіпбек Аймауытовтың етікшілігі жөніндегі сөз. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Халық жазушысы Дихан-баба Әбілев осы ағасының ісмерлігін беріле әңгімелеген. Таяғына қос қолдай сүйене отырып, арасында алыс қиырға көз тігіп қойып, қоңыр дауысы күмбірлей, толғана, тебірене шешілді. Аң-таң болып тыңдадық. Бірақ, қайтып келе жатып, қарт қаламгер сонша неге тамсанды екен, етік тігу о заманда тіршілік салтына айналғандай дағдылы да нәрсе емес пе; оған өмірдің өзі итермелейтін шығар деп ойлағаным есімде. Бертініректе пайымдасақ, Аймауыт ақсақал ағаш пен темірден түйін түйген ұста екен, ұлдары Ахмет, Жақыпбекпен бірге Жүсіпбекті де түрлі қолөнеріне ертеден-ақ баулыпты. Болашақ жазушы кейін мұндай бейімділігінің рахатын көріп бағады. Бозбала шақта Павлодарда әділетсіз мұғалімдермен арпалысып, патша өкіметі тәртібіндегі ауылшаруашылығы мектебінен шығып қалған тұсында да, Семей семинариясында оқып жүрген кезінде де қаңылтыр бедерлеуші, балташы, ағаш шебері жұмыстарын кезек атқарып, кәдімгіше қажет айырған. Сол жылдары Әлкей, Мұхтар, Қаныш сынды алғыр замандастарымен етене араласа бастайды. Сөйтіп, осынау идеялас жігіттермен бірге ақырындап, үлкен ұлттық мүдде бағытындағы қым-қуыт күрес істеріне кіріседі. Әрине, бұл ә дегеннен атойлап айқасқа шығу емес, алғашқы пісіп-жетілу, ширығу, есею үстіндегі тартысты сәттермен қатар, жалынды жастық шақтың романтикаға да толы қызықты бір кезеңітін. Жүсіпбектің сол аласапыран заманға негізделген «Қартқожа» романы бас кейіпкері ана тілімен қатар, татарша, орысша, латынша, арабшаға жетік білікті аудармашы, қарымды журналист, әрі дарынды суретші ретінде көрінеді. Қарапайым отбасынан шығып, үздіксіз оқу, талмай іздену нәтижесінде парасат биігіне көтеріліп, өз болмысын өзі шыңдаған жаңа дәуір адамы. Егер, жазушының қаһарман бейнесіне қалай да өз жан-жүрегінің сыры қосылатын заңдылықты ескерсек, жиынтық бейне ­– Қартқожа Тоғанбаев тұлғасы арқылы автор кейпі де айшықтала түсетіндей. Жүсекең осынау тұстарда ән падишасы Әміре туралы да әйгілі әңгімесін жазады. Әуелетіп ән тербесе, бірде баяу ғана ақ самалдай аңқылдап, енді бірде, дауыс екпінін үдете көтеріп, көк-теңбіл аспанды аунатып жерге түсірердей күркірете шырқатқан өнерпаздың көңіл түкпіріне терең бойлаумен қатар, әуен әлемінің нәзік қалтарыстарын кәнігі маманша қаузау недәуір кәсіби дайындықты қажет етсе керек. Мұндағы сәттілік сыры неде десек, қаламгердің өзі де тәуір әнші, домбырашы, композитор екен... Жүсіпбектің музыкаға жуықтығын, өзге де өнерге өте жақындығын ақын Әбділда Тәжібаев та жақсы айтады. Ол жазушыны алғаш он алты-он жеті жастарында кездестірген секілді: «1926-28 жылдары Шымкент қаласындағы педагогикалық техникумда оқытушы болып жүргенде мен оны өзім көрдім (Онда Бауыржан Момышұлы екеуміз Ғани Мұратбаев атындағы интернатта тәрбиеленуші едік)... Мен оның Қожа Ахмет Яссауи ғимараты жөнінде жазылған ұзақ очеркін, әнші Әміре туралы әңгімелерін әлі ұмытқан жоқпын. Он саусағынан өнері тамған – домбыраның неше түрлі шешендерін жасаған, көк салылап саптамалы етік тігетін, күміспен, жезбен әшекейлеп ер-тұрман жасайтын Жүсіпбек жастарға бұл өнерлерін де көрсетіп отыратын. Ол жас қауым үшін өте сүйкімді жан болды» (Тәжібаев Ә. «Есімдегілер: Естеліктер, эсселер. – Алматы. Жазушы. 1993. – 338 б.). Бұл жолдар да талай жәйтті аңғартып тұр. Күмбірлеген домбыра, саптама етік, әсем ертоқым жасау үшін қолдың епсектігі ғана емес, әбден шыңдалған мол тәжірибе қажеттігі түсінікті. Бәрінен бұрын, ғасырлар бойы халқыңның қанына сіңген салт-дәстүріне, ұлттық мұраға деген шексіз құрмет, тіл жетпес сүйіспеншілік керек шығар. Және аса талғампаз, эстет адам осынау өнерді жас ұрпақ бойына дарытуды қастерлі міндет деп санаған. Осы дүниелерге тән айшықты мәнер, ұлттық калорит Жүсіпбек шығармаларынан да айқын аңғарылып тұрады. Бәлкім, қаламгер туындыларының басты құдіреті ­– осында... Жүсекең сонау жылдары жас Бауыржанға да айрықша үлгі-өнегесімен ұмытылмастай ықпал еткенін түйсінеміз. Кейін батыр да: «...Қазақтың поэзиясында Мағжаннан соңғы ақын Жүсіпбек Аймауытов. Ол кісінің «тән жүйесі, жан жүйесі» деген кітабын оқығандардың бірімін. Жүсіпбек – философ, психолог. Біздің қазақтың тарихындағы ұлы педагог, ақын кісі болған... Оған документальный дәлелім бар. Ол кісі қазақтың бірінші гимнінің авторы» деп жазыпты (Момышұлы Б. Көз алдымда бәріңсің. – Тараз. 2007. 20-бет). Жазушының тіршілік машығы туралы қызы Музаның естеліктері бағалы. Оның айтуынша, күндіз қоғам жұмысынан босамайтын әкесі шығармашылықпен тек түнде ғана айналысқан. Арасында домбырасын шерте отырып, ой теңізін кешкен. Одан соң ол жазу үстеліне қажетті кейбір нәрселерін өзі жасап алатын көрінеді. Мысалы, сызғышқа дейін жонып алыпты. Сол сияқты, Жүсекең қолынан шыққан заттардың бірі ­– әжептәуір салмақты, үлкен сия сорғыш. Пресс-папье. Бүгінде Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақталған осы бұйымын жазушы әлдебір ой шешімін іздеген сәтінде бір шетінен басып қалып, әрі-бері тербетіп, толғанатын әдеті бар екен. Бұл дүниелердің бетіндегі қаламгер түсірген өрнек те өзгеше. Қазір ойласақ, етік тігу ісіне белгілі кезеңнің өзі мәжбүрлегеніндей, Жүсіпбек Аймауытов тұстастарына әдебиеттің бірнеше жанрында еңбектенумен қатар, жалпы рухани бағыттағы барлық саланың жүгін қайыспай көтеруге тура келген екен. Бұлар мұзжарғыш кеме секілді, басты бәйгеге тігіп, озбыр билік, зұлым күштермен тайталаса жүріп, тағдыры күрделі елдің баспасөзінің, ғылым-білімінің, әдебиетінің, мәдениетінің, театрының іргетасын қалаған. Айталық, бір ғана Аймауытов тек ақын-жазушы, сыншы, драматург, аудармашы ғана емес, журнал редакторы, педагог-ғалым, актер, режиссер секілді... көптеген міндеттерді қоса атқарыпты. Қысқасы, қырық бір жылдық аз ғана ғұмырында қыруар іс тындырған. *** Дихан атамыздың Жүсекең етікшілігіне таңдану сырын да кешірек ұғынғандаймыз. Шеберді жұмыс үстінде көрген бұ кісіге ісмердің ерекше әдібі қол жетпейтін қиялдай болған екен-ау. Иә, етік тігу технологиясы да жатқан бір ғажап үдеріс емес пе. Сөйтсек, ғаламат жазушы нені қолға алса да, әр істің иін қандырып, шырқау шыңына жеткізіп, жұтындыра, жарқырата орындайды екен ғой... Әдебиет тақырыбы қозғалса, «әлем, әлемдік деңгей» дегенді жиі айтамыз. Қарап отырып, сол атағы жер жарып, халықаралық дәрежеде жоғары бағаланып жүрген кейбір шығармалар Жүсекең туындыларының жанында солғындау көрінер ме еді деген де ой келмей қалмайды. Бұл асыра айтқандық емес; жоғарыда аталған «Қартқожақ» немесе «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» хикаятының қай-қайсын парақтасаңыз да, суреткердің оқушыны ә дегеннен еліктіріп тарта жөнелетін айрықша дыбыс, ырғақ үйлесімі арқылы қазақ еліндегі қаны сорғалаған небір дүрбелең, қияпат аласапыран жылдар шындығына қалай сүңгіп кеткеңізді аңдамай отырасыз. Жазушы мейлінше құнарлы тіл, айрықша баяндау, түрлі тағдыр иелері табиғатына терең бойлау мәнерімен осынау Алаш деп аталатын «ғаламшардағы» жалпы адамзат ғұмырына тән мәңгілік бітпес тартыстар сырын қопара ашады. Әйткенмен, бұл кесек полотнолар кең машстабта әлі күнге дейін лайықты бағасын ала алмай жүргені жасырын емес. Заңғар Мұхтар Әуезовтің өзі осы жазушыны аса жоғары бағалап, үлкен ұстазым деп санауы бекер дейсіз бе... Ал, біз үшін Жүсекең биігі, тіпті, алыс арман екені түсінікті.

МҰХАҢНЫҢ ҚЫРАН ТАЗЫЛАРЫ

Заңғар суреткер Мұхтар Әуезовтің де әрбір пенде баласы секілді алуан түрлі ермегі болғанын аңғарамыз. Дегенмен, қазақтың сайын дала, салқын тау, самал белдері қойнауында туып-өскен жанның бәрінен бұрын жастайынан құс салып, ит жүгіртуге құштарлығы елеңдетпей қоймайды. Әйгілі Әлкей Марғұлан бір естелігін: «Көңілі сүйген ісі – қасқыр алатын алпауыт аққасқа тазыларға құмар болу еді, ­– ­деп бастап, 1926 жылы осы досына Баянауылдан сондай иттердің екеуін жеткізіп бергенін, сол қыста бұлармен қасқыр қаққан жас жазушы әлгі көріністі «Көксерек» хикаятында ұтқыр пайдаланғанын жазғаны бар. – Шіркін, мұндай итті бұрын ешқашан көрген емеспін. Кедей-кепшіктің малын қынадай қырып жүрген көкжалды алқымынан қысып илегенде рахаттанып қарап тұрдым, – дер еді Мұхаң»... (Марғұлан Ә. Жадымда қалған жақсы күндер //. Жұлдыз. 1977. №9. – 142-149 б.б.). «Көксеректегі» түз тағысы мен құбарлан тазы арасындағы айқас суреттері көзіқарақты оқырманның есінде шығар: «...Ағындап келіп, аржаққа шығып алып көлденеңнен шапшып-секіріп келіп, Көксеректі құлақ шекеден ала түсті. Көк шолақ бұл жолы да жығылмады. Аққасқаны көтере жоғары шапшыды. Алғашқы алған жерден Аққасқаның аузы босап кетті. Екеуі бетпе-бет келіп шапшып тұрып, қаршылдасып ұстасты. Енді бірінен-бірінің босап кетуіне жол жоқ. Бұл күй неғылса да біреуінің астына түсуімен біту керек. Және етіне тіс тиіп, ашынып алған Аққасқа қазір де долылықтан өртенгендей еді. Қасқырмен көп кездесіп, қырқылжың тарта бастағаннан бері қарай Аққасқа бойына тіс тигенше, онша өлерменденбеуші еді. Дәл қазіргі күй жалғыз тал қылына шейін қоздырып, күйдіріп-жандырғандай. Көксерек те бағанадан қалыспаған итке енді шын ойынды бастаған. Алдыңғы аяқтарымен ұстасып тіресіп тұрып, сол сәтті андығанда екеуі де тез іс бітпейтінін ұққандай болды. Қозданған қан толқынып кеп, тағы бір дем басқа шыққанда, Аққасқа қарсы алдында арандай ашылып тұрған ауызға сақ еткізіп тістерін салып жіберді. Бұл қасқырдың төменгі тістері мен тілін қоса шайнағанда, қасқырдың жоғарғы азулары Аққасқаның тұмсығының екі жағынан жоғарғы ұрттарына келіп, кірш-кірш кірді. Ашулы тістер сытыр-сытыр, қарш-қарш шайнасады, әлі шапшысып тұр». Өзі көзбен көруі былай тұрсын, аласұрып, осынау қан майданның қақ ортасында жүретіндіктен, мұншалықты ширақ қимыл, тірі сурет Әуезов шығармашылығына ежелден тән. Мұхаң өстіп қазаққа ғана лайық колорит, айшықты бояу-нақыш, айрықша романтикалық детальдар арқылы жаужүрек, дана халықтың тыныс-тіршілігінен телегей-теңіз сыр ақтарады. Ал, атақты жазушының атқұмарлығы, аңшылығы, мергендігі туралы Сапарғали Бегалин, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Ғабит Мүсірепов әңгімелері арқылы біршама қанықпыз. Мұхаңның домбыра тартқаны, бұл аспаптың шешенін іздеп табуы сияқты әңгімені де індетсе, бірқатар қызықты жәйтке кезігер едік. Жазушының домбыра ұстап түскен түрлі фотосуреттері талай сырды айғақтайды. Ал, қаламгердің әншілігі жайындағы бір қызықты деректі композитор Латиф Хамидидің естелігінен кездестіреміз: «Москвалық қонақтарымен (ұмытпасам, ғалымдар болуы керек) бір келгенінде Мұхаң: «Кәне, Латиф, пианиноңды тартып, менің даусыма қосыла ғой», ­– деп, қоңыр даусымен бір ән шырқады. Бұл – Абайдың немересі Ақылбай айтқан ән екен. Мұхаңмен көп жыл таныс, табақтас, творчестволық серіктес бола жүріп, ән салғанын тұңғыш рет естіп, бірінші рет көзіммен көргенім еді. Қонақтар Мұхаңның ән салғанына риза болып, қол шапалақтап қошеметтеп, Ақылбайдың әнін екінші рет орындатты. Бірнеше жылдан кейін мен ол әнді нотаға түсіріп, Ермек Серкебаевқа бердім. Ол оны біраз уақыт концерттерде орындап жүріп, кейін грампластинкаға жаздырыпты. Бір күні Мұхаң біздің үйімізде қонақ болғанында, сол пластинканы өзімнің және Ермектің атынан сыйлап ұсынған болатынмын. Мұхаң пластинканы қолына алып, балаша қуанды. Ризашылығын білдірді. Мұхаң менімен әрдайым қалжың қағысатын мінезі бар-тұғын. Бұл жолы да: «Латиф! Бұл қалай! Пластинкада сенің және Ермектің аттары жазулы. Менің есімім неге жазылмаған? Бұл әнді бірінші рет саған айтып жаздырған мен емес пе едім», – дегенінде, бұл сөздің қалжың екенін біле тұрсам да, қатты қысылып қалдым. Шынында да, Ақылбайдың әні Мұхаң айтқанға дейін ел-жұртқа беймәлімдеу еді. Ұлы Мұхаңның тұңғыш ән салған сол бір қоңыр әуені – ең соңғы қайталанбас үндей құлағымда мәңгі қалып қойыпты» (М.Әуезов туралы естеліктер. – Алматы: Жалын. 1997. – 191 б.). Болашақ жазушының 1913 жылы бозбала шағында Семейде тұңғыш құрылған «Ярыш» («Жарыс») футбол командасында жартылай қорғаушысы болып ойнағаны көптен айтылып жүр. Жазушы осы спорттың белсенді жанкүйері де екен. Бұл жөнінде бізге ақын Тұманбай Молдағалиев: «1951 жылы Алматының «Динамосы» мен Ленинградтың «Динамосы» ойнағаны есімде. Оның ұмытылмайтын бір себебі – ойынға қызын ертіп жазушы-ұстаз Мұхтар Әуезов келген еді» – деп әңгімелеп беріп еді («Қазақ Әдебиеті». 24.08.2001 жыл). Мұхтар аға допқұмарлық әдетін өле-өлгенше тастамағанын аңдаймыз. Мәселен, мемлекет қайраткері Ілияс Омаровтың естелігіне зер салайық: «Мұхаң дүние салардан бір жеті бұрын көңілін сұрауға Москва түбіндегі емханаға бардым. Мұхаң бір топ кісілермен бірге телевизордан біздің футболшыларымыздың түрік футболшыларымен ойынын көріп отыр екен. Ойын біткен соң екеуміз далаға шықтық. Мұхаң ренжіген реңмен: – Ойын нашар өтті, қызғылықты болмады, – деді. – Дегенмен, біз жеңдік қой, – дедім. – Бәлі, сондай жеңіс бола ма екен! «Бір де ноль» деген немене? Ойында қызғылықты сурет болған жоқ, тапқырлық кездеспеді, борсалаңдап жүгіре бергенді мен жаратпаймын, – деді. Мұхаңның бұрын футбол ойнағанын білмейтінмін, сондықтан ол жолы керемет жанкүйерлігіне таңқалдым. Ауыр сырқатын естіп келгендіктен, ұлы ағамыздың дидарына зейіндірек қарағым келді. Оның қоңырқай жүзінен, қазақтың даласындай кең маңдайынан, сөйлеп кетуге әзір тұрғандай ұмсына біткен иегінен, сергек қабағынан, байсалды, орнықты жүріс-тұрысынан, сом денесінен туған халқына тән асыл қасиеттерді түгел көргендей болдым». Егер Мұхаң әуескерлігіне қатысты мұндай сөзді қаузай берсек, гәп бірталайға созылуы мүмкін. *** Түрлі жазбалар бойынша, Мұхтар Әуезов үйінде «Дос» деген ит ұстағанынан хабардармыз. Әйткенмен, сол иттің нақты аты «Шындос», сондай-ақ: «Басы арыстанның басындай, қара ауыз, шолақ құйрық, тайыншадай сары ит» дегендей жалпылама сипаттау болмаса, оның немістің боксер тұқымынан екені дәл жазыла бермейтін секілді. Өкініштісі, Мұхаң қайтыс болғаннан кейін Шындостың да тағдыры шырғалаңға түсіп кеткендей... Әңгіменің «әппісімілләсін» «Көксерек» хикаятына арқау болған алғыр тазыларға арнап едік. Базбір ағайын «сол шығарманы автор Джек Лондон туындыларына еліктеп жазған» дегенді айтып қалып жүр. Ал, шындығында, Қазақ қоғамының тірлігі әуелден ит пен құстың тартысындай, сыртқы дұшпанмен ғана жағаласып қоймай, осы күнге дейін өзара да қарпысқан-шарпысқан, барымта-қарымта, ұдайы арпалыспен жалғасып келеді емес пе. Әмбе ғасырлар бойы қанға сіңген саятшылық, аңшылық, қақпаншылық өмір салты кейінде тіптен жандана түскендей. Бұл жерде бөлек құрылықтағы шетелдіктерге еліктеп-солықтайтындай не бар. Қайта, Мұхаң осы бір шағын дүниеде сонау дария-ғұмыр қазақ философиясынан там-тұмдап қана ой үзіп, әлі де қаншама зерттеуге жүк боларлықтай шешуі күрделі, ауқымды тақырыпты қозғап беріпті. Күйеуінің атақты Сарықасқа мен Аққасқа тазыларының әңгімесін зайыбы Валентина Николаевна да жақсы білгені байқалады. О кісі де өз естелігінде: «Бұл тазылар Мұхтар Омарханұлының аяқ жағында жатады екен, кейде көрпесінің ішіне кіріп кететін көрінеді» – деп жазыпты. Осындай қарапайымдылықтан-ақ қаламгердің мінез-құлқы аңғарылады. Туған халқымен, елдің салт-дәстүрімен мейлінше біте-қайнасып, үнемі сол «бұлақтан» сусындайтыны, қанаттанатыны, шабыттанатыны андағайлайды. Одан соң белгілі бір әуестіктің жасампаз жазушы шығармашылығында орасан орын алатындығына көз жеткізе түсеміз. Оның түрлі қақтығысты ситуациялар арқылы тылсым тұңғиыққа бойлап, ізденіс ауқымын соншалықты кеңейтіп, алған тақырыбын құныға зерттеп, тереңнен маржан тергендей, ақыры табысқа жетпей қоймайтынын байқаймыз. Мұндай «лаборатория» хас шеберлерге ғана бұйыратын бақыт шығар.

МАХАМБЕТТІҢ МҰҢЫ

Жаралғалы бері аласапыран арпалыспен өтіп келе жатқан адамзат ғұмырындағы қазақтай тағдыры күрделі елің туралы толғанатын сәттер жиі. Сондайда, халықты өрге сүйреген сайыпқыран серкелер елестейді. Бірақ, солардың болмысына терең бойлай қоймайтының да еске түседі. Кезінде: «...Осындайда толарсақтан саз кешкен небір алмағайып кезеңдерде кеудесін оққа төсеп, көш басынан көрінген анау Асан қайғы, Ақтанберді, Қазтуған, Шалкиіз, Доспанбет, Сыпыра, Бұқар жыраулар... Махамбет кескіндері елес беріп өтеді. Бұл тұлғаларды да бұлыңғырлау бейнеде, көбіне дерексіз (абстрактілі) кескінде қабылдайтынымызды ойлайсың. Яғни, адамдық тағдыры болмағандай, мәселен, жар сүймегендей, ұрпақ тәрбиелемегендей көреміз. Тек, ел қамын жеп, от ауыз, орақ тіліне сүйеніп, ұрандаумен өткен секілді» деп жазған да екенмін («Қазақ Әдебиеті». 27.12.2013). Ертеректе мұндай «түйткілдің» бір жауабы нұсқасын Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» романынан тапқандай елеңдеп қалғанымыз бар. Мәселен, ақын мен оған сыйға тартылған Хиуа сұлуы екеуінің аралығындағы диалогке көз жүгіртсек: « – Сен Отаныңа қайтпақшысың ба? – деп сұрады кәнизәк. – Иә, – деп жауап қатты бұл. – Мені өзіңмен бірге ала кетесің бе? – Жоқ. – Осында қалдырасың ба? – Жоқ. – Падишахқа қайтармақсың ба сонда? – Жоқ, жоқ, жоқ!.. – Кешір мені, мырзам, – деді жас әйел, – Еркін жүріп-тұрып, тең дәрежеде сөйлесуге үйреткен өзіңсің. Мені күң емессің деп өзің айттың ғой... Әйелдің қадірі тек сұлулықта емес, менің ауылымның қыздары жүздері ашық жүреді, дауласа қалса ерлерге есе жібермейді деп өзің айттың ғой. Мен сенің жаныңда қалғым келеді... Білем, – деді одан соң аптығыңқырап, – Білемін, қожайыным. Бұрын қалай ойыма келмеген! Сен өлтіресің мені. Өйткені, сүйесің! Мен бақыттымын, мырзам. Даярмын бәріне... Аллаға шүкір. Өзіңе адал, таза күйімде қалуым үшін, екеуіміз Алла-тағаланың гүлзар бағында жолығу үшін өлтіріп кетесің. Сенің қолыңнан ажал табуымның өзі бір бақыт. Қабылдаймын соны...» – деген жолдарды оқимыз (Орыс тілінен аударған автор). Мөлшерлеп көрсек, Махамбет Хиуада жүргенінде отыз төрт жас шамасында екен. Жоғарыдағы үзінді ертегі емес; нақты деректерден өзек алатын шығармада көркемдік шындық жатыр. Автор тарихи романын, бір қарағанда, осылайша, мән-мағынасы «өте саяз, жеңіл» көріністен бастайтындай. Ал, қазақтың жыр семсері бұл сәтте іштей қатты ширығып, жаралы көкжалдай өз жанын өзі жұлып жеп, патшалық билік пен жергілікті ханның озбырлығына қарсы күрес қамымен жүрген еді. Бірақ, жазушы осынау қым-қуыт тартысты салған беттен атойлатпай, бірден дауылдата жөнелмей, буырқанған алапат рух сырын Махамбеттің нәзік жан әлемі қалтарыстары арқылы тым тереңнен, шымырлата, сыздықтата суыртпақтайды. Ақын шығармашылығын кезінде керемет талдаған Мұхтар Әуезов: «Махамбетте жалтартпа, тұспал сөз, ой көмбесі жоқ, нақты, тура сөз. Оның... жыры екпінді, келте, кесек бір қимыл жыры. От шашқан, іші-тысы бірдей тұтас жыр. Бұл жыр – көтеріліске үндеген жыр» – депті. Махаң атамыз өзі де бір өлеңінде: – Әй, Шонты би, Шонты би! Домбыра тартсам, келер күй. Шын ажалың жетпесе, Ажалдан бұрын өлмессің, Жалаңаш бар да жауға ти! Ажалдан бұрын өлмессің, Тілесем ­­­­– тілек бермессің, Жыласам – көзімнің жасын көрмессің. Алақандай Нарында Мүкәммалым шашылды, Жүр десем оған жүрмессің. Құр әңгімеден басқа Еш нәрсені білмессің! – деп төпелетеді. Осы жерде біз ақынның «Домбыра тартсам, келер күй» деген сөзіне жармаса кеткіміз келіп тұр. Өйткені, бұл айтқымыз келген негізгі тақырыбымыз үшін қажет. Және дауылпаз ақынның қияпат кек сарыны, лықсыған жігерлі ой толқынымен қатар әлгіндей «интимдік» жағдайларға қатысты көңіл ауанын, негізінен, «өсекші» өлеңге емес, сол домбыра шанағынан төгілетін күйлеріне сыйғызғанын жеткізуге тырысамыз. Иә, Махамбет бабамыздың жеті күйі бар екен. Оларды алғаш 1958 жылы Атырау өлкесінен Алматыға арнайы келген Оразғали Сүйінбеков деген ақсақал Ахмет Жұбановқа орындап берген көрінеді. Оны Ахаң магнитофонға жазып алады. Мұны бізге, сонау, 1980 жылдар басында философ, этнограф Мұстафа Ысмағұловпен бірге осы жағдайға тікелей куә болған ұстазымыз, көрнекті тарихшы ғалым Нәумет Көшекбаев ағайымыз әңгімелеп берген-ді (Сөз орайында айта кетейік, Нәкең, тіпті, студент аудиторияларында осы жолдардың авторына Махамбет күйлеріне қатысты түрлі иллюстрация салғызғаны да бар). Бірақ, Ахаң қайтыс болғаннан кейін жазылған дыбысты ретке келтіру ісі бір кезең аяқсыз қалғандай болады. Композитор таспаны консерваторияның фонетека қорына сақтауға берген екен. Мұны 1979 жылы жоғарыда аталған қос ғалым күйші Қаршыға Ахмедияровтың қолына әкеліп тапсырады. Ал, Қаршекең осыларды қайта «тірілтіп», нотаға түсіріп, «Шашақты найза, шалқар күй» деген атпен жеке жинаққа кіргізеді, күйтабақ шығарып, халыққа жариялайды... Аталған музыка тұсауын кескен Қаршыға Ахмедиярұлының айтуынша, қағыстары күрделі күйлер екі домбырашының бірі игере қоятындай оңай дүние емес; ырғақтық өрнектері алдырмас асудай, шоқтығы биік шығармалар. Әлбетте, әрқайсына тән сыр-сипаты бар. Айталық, Қаршекең құрастырған «Махамбет күйлерін орындаушыларға көмек» деген еңбекте: «Қайран Нарын» – орташа, салмақты, ойлана; «Жұмыр, Қылыш» пен «Жауға шапқан», «Өкініш» – екпінді, жүрдек, нығыздап, күреп қаға; «Исатайдың Ақтабаны» – ­­жеңіл ойнақы; «Шілтерлі перде» – орташа, «Жайық асу» – орташа, салмақты дегендей «мінездеме» беріліпті. Мұхтар Әуезовтің Махамбет Өтемісұлы жырларына қатысты тағы да: «Бір жерінде қат-қабаттап кетіп, өзге бір жерінде шанжау-шанжау түсіп, тырағайлап отыратын ұйқас; сөз қыздырмаға айналған сайын аяқтағы ұйқас айнығыш; қазақтың ертеректегі ауызша жырында екпін-тасқын аяқтағы ұйқастан шықпайды; сөз-сөздің басында келетін дыбыстар күйімен, үндесетін орайынап шығады... бұрынғыша тізбек суреттерді... іштей байланыстырып, не қарсы қоюмен, не үйлестірумен байланыстыра отырып, алғашқы бірбеткей ереуіл-қарсылық шабуыл сарынымен бітіреді» деп келетін уәжін, бәлкім, наркескен ақынның күйлеріне қатысты да айтуға болар ма еді... Әйтеуір, ел азаттығы жолындағы арпалыста жиырма бес жасынан бастап бірнеше мәрте түрмеге де түскен намысы асқақ ақынды торықтырған, жабықтырған, жүрегін ауыртқан, күйіндірген немесе сүйіндірген жан тебіренісінің бәрін осынау дүниелер арқылы аңғаратынымыз анық. Махаң қырық екі жасында мерт болыпты. Жазушы Тәкен Әлімқұловтың дәл сол күнді суреттейтін әйгілі «Қараой» әңгімесі ойға оралады. Онда да: «Махамбеттің есіне Әуестің баяғы кезі түсті. Талшыбықтай солқылдаған аққұба қыз осы. Қалыңдық ойнауға мас болған балаң жігіт Махамбет сыр алып, сыр түйіскен ыстық күндер лаулап өтіп кетіпті. Ағайын-аймақтың өсек-аяңы, күдіктің көңіл қажауы, қызғаныштың күйдіруі, кірбеңдік, қырғиқабақтық түп-түгел ұмыт болыпты... Бұл күнде байын айналшықтаған баянды бәйбішеден басқа қызық, бөтен ермек қалмағандай. Махамбет ішінен: «Өмір шіркін қалайша тез өтіп кеткен!» деп бір қойды» – деген сөйлемдер бар. Қарап отырсақ, бұл да бір сонау түп өзектен күңірене егілетін қоңыр әуен іспеттес тұңғиық шығарма екен... Әрине, Махамбет күйлері әшейін ермек деңгейінен зәу биікте екені түсінікті. Кейде, самал желдей лекілдеп басталып, біртіндеп мыңдаған ат тұяғы дүбіріне ұласатын сұрапыл рух екпіні... кейде ақ жауындай сыбдырға көше қалып, одан найзағай отына суарған алмас қылыштай қайта жарқылдайтын еркіндік жаршысындай көңіл өрекпітер күрескер ақын жанының мұңы мен сырындай сиқырлы әуен, расында да, әуескерлік деген ұғым аясына сыймайды. Бұлар мағынасы, тіпті, жалынды жырдан да терең, мәңгілік дүниелер...

509 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз