• Заманхат
  • 02 Тамыз, 2019

РОМАНТИКАЛЫҚ СУРЕТКЕР

Қазақтың театр әлемінде өнер деген ұлы ұғымға ғаламат үлес қосқан, сол театрдың іргетасын қаласқан үлкен актер болды. Ол – Шахан Мусин. Әке жазған кішкентай Шаханның жеті жасында бәйге атына мінгізіп, қолына домбыра ұстатып, өнер атты құдіретке қаршадайынан құштар етіп өсірді. Өлең жазуы, поэзия дариясына құлаш ұруы, театр атты әдемілікке өрмелеген артістігі, домбыра шертіп, ән айтатыны, осының бәрі бір бойына сыйып тұрар еді. Тембрі, әдемі баритон даусы да жанға жағымды әсерлі-тұғын. Маңдайы жарқырап, келісті сыртқы бейнесі де, ішкі дүниесі де әсем болатын. Жүрісі, сөз сөйлеуі, дауысы, өзін-өзі ұстай білу мәдениеті, Алла бәрін бір адамға жиып бергендей үлгі аларлық, асылы, бекзат еді. Ешкімге ұқсамайтын күмістей жалтыраған қою шаштарының өзі дала аристократын еске салатын. Шахаң сахнаға өте кеш келген жан. Жастық шабыты, білсем, үйренсем деген талабы басылып, жігері құм болған шағында келді. Неге десеңіз, ол кісінің жастық өмірі айдауда, түрмеде, Сібір жерінде, айдаладағы Колымада өтті. Шахаңа мұндай тағдырды бұйыртқан қандай күнәсі еді?.. Ол 1931-1932 жылдары қазақ деген елге келген, қолдан жасалған аштық апаты болатын. Топалаң тиген қойдай домалап, әрбір жерде аштан қырылып жатқан бауырларын көрген он алты-он жеті жастағы бала жүрегі езіліп, жылап жазған он алты жол өлеңі үшін он сегіз жыл тозақта жатты. Ол мынау еді: Көрші осыны, ағатайым-бастығым, Ел-жұртына болмаса егер қастығың. Аштан қырмай асырашы жатыр ғой Қоймаларда етің, майың, астығың. Көрші осыны ағатайым-наркомым, Өзің қаздың көрін тірі әкеңнің. Баласың да егер маған сенбесең, Айтсыншы анау асқақтаған – крайкомың. Естіп жүрсің, көріп жүрсің білесің, Көрсең дағы көрмеген боп күлесің. Күйбеңдейсің, жорғалайсың жағымсып, Дейсің бе әлде түпсіз түнек түнесін. Қайран елім қарапайым қазағым, Тарттың міне ауру, аштық азабын. Налыма, күт кезең берген тағдырың, Сыйлар екен тағы қандай мазағын?! Сөйтіп, қайран-аға, әрбір күні бір жылдық, Әрбір жылы жүз жылдық тозаққа Сұмырай статьямен кете барыпты. «Мені сақтап қалған жастық елгезектігім болды, жас баламын. Ондағылардың көпшілігі ақылды, білікті, оқыған адамдар. Олар менің бейкүнәлігімді ескеріп, аяушылықпен қарап, қамқор болды». Нешеме рет аштықтан күп болып ісіп кеткен баланы ажалдан алып қалған да осы тағдырластары, айтары жоқ, осы бір мейірімді жандар еді. Аш-жалаңаш, сіңірін сүйреткен боздақтарды елу градус суықта жұмысқа айдайтын. Ауырып, нашарлағанын білсе, атып тастай салады. Барса-келмес қиыр шет, Колыма, дүлей Колыма! Дүлей деппін ғафу ет, Сен емессің налыма. Менің кінәм қайдағы, Қайғысы еді халқымның. Сенің кінәң сайдағы, Ат басындай алтының. Алтыныңды мықшаңдап. Жазықсыздар қазармыз, Ашығып, жүдеп азармыз. Үскіріп сары аязың, Үсінерміз, көнерміз. Қазысып көрдің таязын, Көне алмасақ көнерміз. Менің анам Арқада, Сен де өгей емессің. Шөгіп қалсам арқала, Сен дұшпаным демессің. Қайраты тасыған жас кезі, мәз кезі абақтыда өткен Шахан-аға адалдығынан, кінәсіздігінен тірі қалған. Еркін дүниені аңсаған жазықсыз кейіпкеріміз, өзінің орынсыз жазғырылып, қапаста отырғанын, түбінде әділдік жеңіп, тек аман қалса, азат болатынына сенімді еді. Болсаң-дағы мұз зындан, Қараңғы сыз көрдейін. Пана берші құзыңнан, Жазықсыз ем өлмейін. Маңдайымнан сен сипа, Сен сипашы, Колыма Болар ма екен аз шипа Бір шыбындай жаныма. Колыма 1938. Қайда жүрсе де, қандай қасіреттерді басынан кешірсе де, рухын түсірмеген, туған ел-жұртына деген махаббатын жоғалтпаған, ең кереметі өмірге деген сенімін сақтап қалған. Оның өзі мықтылық. Әйтпесе, сүйегі салдырап итжеккеннің қай шұқанағында қаларын кім білсін? Мыңдап қалған жоқ па? Барша зұлмат шақтарды жеңіп, аман қалуына көмектесіп, күш берген оның өлеңге, өнерге, жалпы сұлулыққа деген іңкәрлігі болатын. Өлең, өлең, ұлы өлкемдей кең өлең, Ешқашан да емес едің ермегім. Сен мәңгілік. Ертелі-кеш мен де өлем, Тек өлгенше бітпесе екен бермегім. Есімнен ешқашан да өшпесін деп, Жайнамаз – өлеңіме күнде еңкейгем. Бірде ащы азалы әуен күңіренсе, Бірде нәзік мейірімі мол өнер. Құдіретінен көтерілсе мың еңсе, Тек сол өнер, үздік өнер, төл өнер. Шахаң болмысында екінің бірінде кездесетін күншілдік, көреалмаушылық, біреуді ғайбаттау, ұсақ-түйекке араласатын қарабайырлықтан атымен ада еді. Өмірдің өзі үйреткеніндей, пендешіліктен жоғары, ұсақ-түйектен биік тұратын. Бәріне юмормен қарап, өзінен үлкенмен де, жаспен де тіл табыса білетін. Рухының күштілігінен «он сегіз жылым бекер өтті-ау, дейтіндей ақжарқын жүзінде қандай да бір мұң, маңдайында әжім, іштей бір өкініш сездірмейтін еді-ау! Алайда, соншама жыл қорлыққа төзіп, адамдықтан айрылмау, іштей іріп бұзылмау, ердің еріне ғана тән мінез. Керемет тектілігінің арқасы. Шахаңның театр сахнасында жасаған кейіпкерлері ешкімге ұқсамайтыны өз алдына бір төбе. Сахнада қай кейіпкерін де көрермен сенетіндей етіп шығаруы тума талант екендігін көрсетеді. Ақан Серісі, Сырымы қандай еді, шіркін! Театрға бара бергің келетін, ағаның қайталанбас өнерін көре бергің келетін. Шахан Мусин театр өнерінің романтикалық кезеңінің суреткері. Халқының бар қасиетін – ақындығын, кеңдігін, әдемілігін сахна төрінен көрсете білген ірі тұлға, қазақ мәдениетінің белді қайраткері, майталман өнерпаз. Ақынжанды, өткір ойлы, тілге шебер, ер көңілді сері адам. Өзінің ылғи да айтып жүретіні: «Әттең, өмірім еркімнен тыс басталып кетті ғой. Егер, дұрыс білім алып, қалауыммен өмір жолына түскен болсам, қылқалам шебері, суретші болған болар ем» – деп. Орындалмаған арман. Сегіз қырлы бір сырлы ағамыз өлеңге, өнерге тез бұрылып, етене араласып кетуіне себеп болған, көмегін аямаған достарына, тілеулестеріне дән риза еді. Ол Шәкен Айманов, Қалижан Бекхожин, Мәжит Бегалин сияқты замандас, қимас достарына арналған өлеңдерінен көрінеді. Шахаңның білім деңгейі, логикасы, танымы кейбір институт, университет бітіріп, ғалым атанып жүрген заман-дастарынан артық болатын. Осысына қызыға қарайтындарға: «Сендерге дәріс берген жергілікті профессорлар ғана ғой, ал, мен Толмачев академиясынан бастап, Мәскеу, Ленинград, Киев университеттерінің, Варшава, Прага сияқты ғылым орталықтарының академиктерінен, профессорларынан білім алдым. Сендер жоғары оқу орнында төрт жыл ғана оқысаңдар, мен керегімше оқыдым», – деп қалжыңдайтын еді. Шахан Мусин 1913 жылы Павлодар облысы Май ауданы Үлкен Ақжар ауылында дүниеге келген. Орта мектепті Семей қаласында тәмамдап, 1930 жылы Алматыдағы Ауыл шаруашылық институтына түседі. Семей драма театрының іргетасын қалаушылардың бірі еді. Балаң жігіт кезінен ұлы итжеккенге – каторгіге айдалып, басына түскен қасіретті көтере алмай, анасы Биғайша қырық жасқа толар-толмаста көз жұмады. Ана жылуын іздеген бала жүрек былайша аңырайды: Жатырмысың, жан ана, Құмнан көрпе жамылып. Сыйғыза алмай санама Жарты есімнен жаңылып. Төрт жетімге қош дедің, Жас едің ғой сен-дағы. Тағдырым-ау өш пе едің Неге төндің сен тағы. Тағдырым бейне жендетім, Алып келед аларын Сен Семейде... мен жетім, Белгісіз қайда қаларым. Тағдыр тәлкегімен кеш бастаған театр өнеріндегі талантының ерекше ашылуына, көздеген тасының өрлеуіне өмірде сүйіп қосылған жары, балаларының анасы, қимас қосағы, белгілі ғалым, академик, ірі тұлға Рабиға Сыздықова апайдың үлесі зор. Тағдырдың осындай керемет адамға жолықтырып, шаңырақ көтеруі – Шахаңның басына қонған бағы. Көрген қисапсыз қорлығының азғантай өтемі. Қазақстан халық әртісі, ақындықты, ән мен күйді серік еткен, құдірет тұтқан зиялы азамат, тарихта орны бар өнер иесі. Шахаңа қимастай бауыр, інісі болып кеткен Тұмекеңнің, ақын Тұманбай Молдағалиевтің арнауы. Ей, Шаха, Сұлу боп несіне тудың, Түсе бердің ғой есіне қудың. Тілесем деп ең еліңе бақыт, Ілесем деп ең көшіне аққудың. Қымызды жайлау, дүбірлі қыстау, Көзіңнен сенің бұлбұл боп ұшты-ау. Судан да таза, сүттен де аппақ, Көңіліңе сенің көлеңке түсті-ау. Сері жүрегім, терең сезімім, Жылдардың сонау керең кезінің. Құрбаны сенсің, сондықтан інің, Жанын шарап қып береді өзінің.

Ұлжан САҒЫНДЫҚ, Қазақ радиосының ардагері, Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты.

402 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз