• Еркін ой мінбері
  • 02 Тамыз, 2019

БІЗ ӘЛІ ДЕ КӨП ІС АТҚАРАМЫЗ

Түркияда өзіндік ерекшелігін жоғалтпай, ұлттық дәстүрлерін қастерлеген, әрдайым ана тілін сақтауға ұмтылатын өте ұйымшыл қазақ диаспорасы мекендейді. Соңғы бірнеше жыл ішінде бұл жерге қазақ көшіп-қонушыларының жаңа толқыны келді. Түркияның түркі халықтарына деген жылы, әрі бауырлас қарым-қатынасының арқасында бұл елдегі қандастарымыз өздерін жайлы сезінеді. Биылғы мамыр айында Анкара қаласында өзінің бір жылдығын атап өткен «Көк ту» Қазақ мәдениеті қауымдастығының құрылуы Түркияда өмір сүретін тәуелсіз Қазақстан азаматтары үшін маңызды іс-шара болды. Осы орайда «Көк ту» қауымдастығының төрайымы Ләззат Мұқсатова-Мулазимоглу xаныммен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Оркестрдегі жұмысыңыз, гастрольдер мен концерттермен қатар, сіз отбасы тіршілігімен айналыса жүріп, Қазақ мәдениеті қауымдастығын басқарып отырсыз. Ләззат Серікқызы, осыншама күш-қуат қайдан келеді және жалпы өзіңіз жайында айтып өтсеңіз? – Мен музыканы сүйетін, тату-тәтті көп балалы отбасында дүниеге келдім. Ата-анам малшы болды. Олар бізге, жеті балаға, жақсы білім беруге ұмтылды, сол үшін мен оларға ризамын. Ата-анам, апа-сіңлілер мен аға-інілерім мені әрдайым қолдап, жетістіктеріме қуанып жүреді, концерттен кейін, қоңырау шалып, міндетті түрде құттықтайды. Мен Талдықорған қаласының № 1 мектеп-интернатында оқығанмын. Осы күнге дейін біздің тәлімгерлеріміз, сынып жетекшім Кенже Бакишева мен тәрбиешім Дариға Өрісбаеваны ризашылықпен еске аламын. Олар бізге біліммен бірге жауапкершілік, әділдік, дербестік сезімдерін дарытты. Сол кезде мектеп-интернатымызға музыка мектебінің оқытушылары келіп, дарынды балаларды жинаған болатын. Содан 10 жасымнан музыка мектебінде оқи бастадым. Музыкалық мектептен кейін, К.Байсейітова атындағы музыкалық училищені бітіріп, консерваторияға түстім. Консерваторияда қобыз сабақтарын профессор Меруерт Каленбаева жүргізетін. Мені өнерге баулып, әрдайым қолдау көрсеткен кәсіби педагогтарым болғанына қуанамын. – Көптеген адамдар саяхаттауды армандағанмен, Отанын тастап кетуге бел бумайды. Кейбіреулері бөтен елге үйрене алмайды. Не себептен Түркияда қалдыңыз? Қиындықтар болды ма? – 1989 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына қобыз мамандығы бойынша халық аспаптары факультетіне түстім. Екінші курста оркестрлік дирижерлау конкурсында екінші орынға ие болып, «қобыз-прима» және «халық аспаптар оркестрінің дирижері» мамандықтары бойынша оқуымды жалғастырдым. 1992 жылы консерваторияның ректоры Д.Қасейінов «дирижерлау» мамандығы бойынша білімін жалғастыру үшін Түркияға төрт студентті жіберді, солардың қатарында мен де болдым. Сөйтіп 22 жасымда алғаш рет шетелге бардым. Тіл білмеймін, үйімді, туыстарымды сағынып, қиналған кезім болды. Уақыт өте келе, түрік тілін де үйрендім. Түркиядағы оқуымды бітіріп, Отаныма ораламын деп шешім қабылдадым. 1993 жылы Хаджеттепе университетінің консерваториясына оқуға түстім. Көп ұзамай, мен «Жібек жолы» көркемөнерпаздар ансамблінің мүшелерімен таныстым,олардың репертуары түркі тілдес музыкалық шығармалардан, соның ішінде, қазақ әндерінен тұратын. Мені ансамбль құрамында өнер көрсетуге шақырды. Анкарада болашақ күйеуіммен, жергілікті түрік азаматымен таныстым. 1994 жылы біз үйлендік. – Қазір немен айналысасыз? Қай жерде жұмыс істейсіз? – Мен отбасыммен Анкарада тұрамын, Түркия – менің екінші Отаным. Белсенді қоғамдық өмір сүремін, жұмыс істеймін, кәсіподақ мәжілістерінде біздің музыкалық ұжымның мүддесін білдіремін, «Көк ту» Қазақ мәдениеті қауымдастығын басқарамын. Жұбайым Санжар халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымында жұмыс істейді. Қазақ тілінде еркін сөйлеп, мәдениетімізді біледі. Ұлым Шыңғысхан Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халық-аралық қатынастар факультетінде білім алуда. Қызым Умай лицейдің 9-сыныбында оқиды, пианинода ойнайды, биге қатысады. Университеттен кейін, лицейде музыка мұғалімі болып жұмыс істедім. «Жібек жолы» ансамблімен концерттерде өнер көрсеттім. 2000 жылы Мәдениет министрлігіне ауыстым. Сол кезде ансамбль мемлекеттік оркестр мәртебесіне ие болып, мен оның құрамына ендім. Бұл оркестр әлі күнге дейін жұмыс істеп келе жатқанын атап өткім келеді. Қазір ол «Түркі тілдес елдердің музыка және би оркестрі» деп аталады. – Қауымдастық қысқа мерзім ішінде бірнеше ауқымды іс-шаралар өткізді. Қазақ мәдениеті қауымдастығын құру идеясы туралы айтып берсеңіз. – 2018 жылы наурыз айында Анкарада Қазақ мәдениетінің қауымдастығын құруды шештік. 2018 жылдың мамыр айында Анкара қаласының әкімшілігінен оның ресми мәртебе алғандығын растайтын хат келді. Біздің ұйымымызды құруға түрт-кі болған себептердің бірі – төл мәдениетімізді жоғалтпауға, тіл мен дәстүрді сақтауға, сондай-ақ, түрік халқын және барлық тілек білдірушілерді қазақ халқының мәдениетімен, тарихымен, дәстүрлерімен таныстыруға деген үлкен ниет. Біз үшін қауымдастықтың маңызы өте зор. Өскелең ұрпақ өз халқының тарихын, ана тілін, мәдениетін ұмытпаса екен дейміз. Біз Түркияда тұрамыз, бірақ, толық ассимиляциялануды қаламаймыз. Біздің балалар, өкінішке қарай, ана тілін білмейді. Сондықтан, біз тек тілді ғана емес, Қазақстан тарихын, оның мәдениетін үйрететін курстар ашуды жоспарлап отырмыз. Қазақ тағамдары, домбыра және дәстүрлі қолөнер курстары болады. Түркияда көптеген қазақстандықтар оқиды, жұмыс істеп жатыр. Біз жерлестерімізбен бірге Наурыз, Тәуелсіздік күні сияқты мерекелерді бірге тойлаймыз. Концерттер мен кездесулер, көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастырамыз. – Екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда «Көк ту» Қазақ мәдениеті қауымдастығы қандай рөл атқара алады? – Меніңше, қауымдастық бірлескен мәдени іс-шаралар, фестивальдар, көрмелерді, концерттер ұйымдастыруда және өткізуде өкілетті әріптес бола алады. Мәселен, қазақстандық және түрік музыкалық ұжымдарының қатысуымен Мәдениет күндерін, Қазақстанның Түркиядағы Тәуелсіздік күндерін және Түркияның Қазақстандағы Тәуелсіздік күндерін бірлесіп мерекелеу. Сондай-ақ, Астанада біздің елдеріміз арасындағы тығыз дипломатиялық қатынастар туралы тарихи көрме өткізгіміз келді. Осман империясы кезінде Осман сұлтандары мен Қазақ хандары, сондай-ақ, Бұхара хандары арасында белсенді хат алмасу жүргізілген. Анкарадағы Ұлттық кітапханада және Қажи Байрам университетінде көрмелерде ұсынылған карталар мен хаттар сияқты 50 экспонат бұған айқын дәлел. – Ләззат Серікқызы, қауымдастық ұйымдастырған концерт пен көрмеге шақырғаныңыз үшін ризамын. Іс-шаралар жоғары кәсіби деңгейде өтті. Дегенмен, кедергілер мен қиындықтар бар ма? – Біздің қауымдастық бір жыл ішінде Қазақстанның мәдениетімен, музыкасымен және тарихымен таныстыру жұмыстарын атқарды. Оған Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, түркітанушы-профессор Хулья Касапоглу, АТО Анкара сауда палатасы басқармасы, ТҮРКСОЙ өкілдері және т.б. қатысты. Сондай-ақ, Әзербайжан, Қазақстан және Қырғызстан артістері мен би ұжымдарының қатысуымен концерттер өткізілді. Жұмысымыздағы басты қиындық – қаржы проблемасы. Бізде әлі күнге дейін кеңсе жоқ. Іс-шараларға Түркия муниципалитеті қаржы бөліп көмек көрсетті, демеушілерді іздестіруге мәжбүр болдық. Қаржыға байланысты әлі іске асырылмаған қызықты жобалар бар. Мысалы, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мейрамында режиссер Е. Тоқмұрзиннің «Алаш туы астында» фильмі тегін көрсетілді. Ол үшін үлкен алғысымызды білдіреміз. Біз бұл фильмді сатып алғымыз келеді, ресми хат та жаздық, бірақ жауап әлі жоқ. – Ләззат Серікқызы, қауымдастықтың алдағы жоспары туралы айтып берсеңіз, анкаралықтар мен елорда қонақтарын немен қуантасыздар? – 2018 жылы Қауымдастық таныстырылымына Қазақстаннан стилистер мен дизайнерлер келді. Олар қазақтың ұлттық киімі туралы кітап ұсынды. Біз оны түрік тіліне аударуды және түрік модельерлері мен дизайнерлерімен бірлесіп дефиле көрсетілімін ұйымдастыруды қолға алдық. Бұл түрік ұлттық киімі мен қазақ халқы киімінің синтезі болады. Жобаны Түркияның Білім министрлігімен бірлесіп өткізуді жоспарлап отырмыз, сондай-ақ, Қазақстан өкілдерін ынтымақтастыққа шақырғымыз келеді. 1 шілде «Домбыра күнін» атап өтеміз. Алда көптеген жобалар мен жоспарлар бар, бірақ, бәрі қаржылық мүмкіндіктерге байланысты. – «Көк ту» Қазақ мәдениетінің қауымдастығы Қазақстан Республикасымен өзара іс-қимыл байланысы қалай дамуда? – Біздің Қазақстан Республикасының Елшілігімен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Елшілік қызметкерлері бізге ақпараттық қолдау көрсетуде. Қауымдастықтың тұсаукесерін және ресми ашылуын елшілікте өткіздік. Көптеген бірлескен іс-шаралар өткіземіз. Бұл ынтымақтастық біз үшін өте маңызды – өйткені, бізге әлі көп нәрсе жасау керек. Қауымдастық жергілікті қазақтардың мәселелерін шешуге атсалысады және тарихи Отанмен өзара қарым-қатынасты дамыту мақсатында түрлі жобалар мен жоспарларын қарастырамыз. Біз концерттер, конференциялар мен көрмелерді өз күшімізбен ұйымдастыра отырып, Қазақстан Үкіметінің, Дүниежүзілік Қазақтар қауымдастығының, «Отандастар» қорының, Мәдениет министрлігінің, меценаттар мен демеушілердің қолдауын күтеміз. – Әңгімеңізге рахмет. Сіздерге және «Көк ту» Қазақ мәдениеті қауымдастығына өркендеу мен табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан Диляра МОРТАШ

502 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз