• Ел мұраты
  • 02 Тамыз, 2019

КӘКІМЖАН ҚАЗЫБАЕВ – ЖУРНАЛИСТ, РЕДАКТОР

Кәкімжан Қазыбаев 1929 жылы 10 мамырда Талдықорған облысы Сарқанд ауданы, Бақалы ауылында дүниеге келген. Өзінің алғашқы еңбек жолын Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндерінде есепші болудан бастайды. 1947 жылы Ақсу қазақ орта мектебін бітірген соң, Қазақ Мемлекетік университетінің журналистика бөліміне оқуға түседі. Зерделі жас сабақты үздік оқумен бірге, топ жетекшілігін қатар алып жүрді.

Университет қабырғасының үшінші жылында-ақ «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа орналасады. Ол кезде газетте жұмыс істемек тұрмақ, мақала жазу, газеттен аты-жөніңді көру кейбір жастар үшін арман болатын. Ал, Кәкімжан болса, болашақ ұшар ұясына кірпіш боп қаланып, осы жерден журналистика атты мамандықтың әліппесін меңгереді. Сөйтіп, Кәкімжан Қазыбаевтың жастық шағы мамандығы бойынша алғашқы қадамдары журналистиканың ұстаханасы ретінде әлдеқашан мойындалған, республикаға белгілі жастар басылымы «Лениншіл жас» газетінен басталды. Көп кешікпей-ақ, осы басылымда ол өзінің қабілет-қарымын көрсете бастады. Оның жастар өмірінен жазған ойлы мақалалары мен оралымды очерктері, көркем суреттемелері оқырман назарын өзіне аударды. Жастар газеті атанғаны болмаса, «Лениншіл жас» – қазақ журналистикасының қасиетті қара шаңырақтарының бірі. Бұған дәлел ретінде бүгінгі қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткерлерінің көпшілігі қаламгерлік жолдарын осы газеттен бастағанын айтсақ та жеткілікті. Шығармашылығының алғашқы кезеңін аталмыш газетте өткізу Кәкімжан Қазыбаев үшін үлкен бақыт еді. Өйткені, бұл басылым кеңестік идеологиялық тар шеңбер рухани әлемімізді қыспаққа алып, тынысымызды тарылтып тұрған заманның өзінде оқырман сезімін желпінтетін бірден-бір басылым болғаны рас. «Мен өзім журналистік қызметімді «Лениншіл жастан» бастағаныма қуанамын. Өйткені, мұнда жастық жалынды отқа да, суға да саласың, тыным таппай ізденуде боласың» дейтін К.Қазыбаевтың сөзінен өзгеге ұлағат боларлық өмір іздерін байқағандай боласың. Соғыс жылдарындағы үзілістен соң, 1945 жылдың күзінде қайта жарық көрген «Лениншіл жас» газетінде еліміздегі айтулы оқиғаларға лайықты баға беріліп, жастар проблемалары терең көтерілді. Газеттің 1950-1960 жылдар аралығындағы сандарын парақтағанда, редактор Абай Бейсенбаевтың жер-жерден қаламы ұшқыр журналистерді тауып, төңірегіне топтастыра білгенін айқын аңғаруға болады. Олар Қазақстан журналистикасының бір топ үркердей жұлдыздары Кәкімжан Қазыбаев, Сапар Байжанов, Әбсаттар Бөлдекбаев, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Қалдарбек Найманбаев, Камал Смайлов, Әбілфайыз Ыдырысов, тағы басқалар. Кәкімжан Қазыбаев осы газетте әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Газет шығару оңай жұмыс емес. Әр нөмірдің макетін жасау, көркемдеу, нөмірге баратын материалдарды қарау, материалдарды мазмұнына орай безендіру шеберлік пен ізденісті қажет етеді. Бұл жұмыс оның журналист ретінде қалыптасып, тәжірбиесінің молая түсуіне үлкен жәрдем етті. К.Қазыбаев газеттің ұйымдастыру, нөмірді жоспарлау, көркемдеу ісімен ғана шұғылданып қойған жоқ, қолы қалт еткенде айнала қоршаған ортаны зерттеп, мақалалар жазды. Оның мақалаларының тақырыбы әр алуан, оларда өмірдің көкейкесті мәселелері көтеріліп отырады. «Мен өз басым, осы журналистен асқан таза, асқан қадірлі мамандық жоқ деп білдім, оның дәмін татқасын-ақ! Осы мамандық жолына түскенімді бақыт санадым. Сен халқың үшін қызмет етесің. Сені халқың көреді. Сен халықтың сөзін сөйлеп, соның ойын айтасың. Халық адамысың. Бұдан артық бақыт бола ма», – деп толғанатын Кәкімжанның бұл жүрекжарды сөзі. «Шын журналист болам деген жүрек қалауымды, соған жетемін деген мақсатымды, сол журналистікті беріле сүюді, оған берілгендікті әлі де тастамаймын. Өмірімді соған арнаймын. Соған мансұқ етемін», - деп ағынан жарылады ол әріптес інісі Ә.Ыдырысовқа. Расында да әділдіктің ақ жолынан таймай, бар өмірін осы бір ардақты да, айбарлы журналист мамандығына арнады. К.Қазыбаев күрмеуі көп, күрделі өмір мектебінен өтті. Тылдағы қазақ ауылының Ұлы Отан соғысының ызғары қарып өткен кезеңнің жыртық көңіл, жүдеу жүз ұрпағы оқи жүріп, жұмыс істеді, қаламын қолынан түсірмеді. Газет беттерінде жаңа жерлерді игерушілердің өмірі мен ісі туралы, ауыл шаруашылығы азаматтарының бай тәжірибелері жайлы материалдар жарыса жазылып жатқан кезең. Осы тұста жас журналистің «Лениншіл жаста» «Тракторлар сақадай сай» деп аталатын заметкасы жарық көреді. Қандай бір газетті алсақ та заметкасыз оның бірде-бір нөмірін көре алмайсың. Заметка – жаңалық пен оқиға жайында хабарлайтын шағын әрі ұшқыр қарапайым газет жанры. Бұл тұрғыда публицистика теориясын зерттеуші ғалым, профессор Т.С.Амандосов былай дейді: «Заметка негізінде бір оқиға, бір құбылыс, бір объект қана алынады. Бір мәселе, құбылыс, жақсы бастама, жақсы іс туралы үн қатады да, газет соны оқушыларына асыға хабарлайды». Газеттің бірінші бетіне жарияланған бұл заметка Алматы МТС механизаторларының көктемгі егіске дайындығынан хабар береді. Көктем болса, егін алқабында тыным көрмейтін трактор, культиватор, комбайндардың алдыңғы жылдармен салыстырғанда, сапалы жөнделіп шыққанын айта келе, МТС жанынан тракторшы мамандығын беретін курс ашылғанын баяндайды. Қысқа түрде өмір шындығына негізделіп, дерекке сүйеніп жазылған бұл заметка оған қоятын талаптарға толық жауап береді. Қаламы жүрдек журналист қай салада жазса да мұқият зерттеп, біліктілікпен жазады екен. Оның осындай қырларын өзінің әріптес досы Сапар Байжановқа жазған мына хатынан аңғаруға болады. «Кеше Владимир МТС-нда болдым. Ол қаладан 45 шақырым. МТС-қа барардан бұрын біраз әзірленген едім. Трактор бригадасы жөнінде бірқатар кітаптар оқыдым. МТС жөнінде «Сельское хозяйство» газетінен түрлі материалдармен танысқан едім. Өте дұрыс болыпты. Әңгімем жеңіл болды». Ал, «Жаңа өрлеу» деп аталатын кеңейтілген заметка социалистік жарысты өрістету мақсатында жазылған. Алматы конфет жасау фабрикасы жұмысшыларының еңбектегі табыстары, жеткен жетістіктерін баяндай келе оның сырын да түсіндіре кетеді. Мысалы: «Фабрика ұжымы қуанышты күндерді бастан өткізуде. Вера Власованың комсомол-жастар бригадасы тапсырманы 118-125 проценттен орындап, мінсіз сапалы өнім беруде. Маша Будянова басқарған комсомол-жастар бригадасының мүшелері фабрикаға жаңа келген қотару машинасын жете меңгеріп, белгіленген тапсырманы ай сайын бір жарым есеге дейін орындап, ұжымның зор үмітіне бөленді». Бұдан кейінгі туындыларынан қаламгердің шыңдалып өсе түскені, ізденімпаз, еңбекқорлығы аңғарылады. «Журналист кез келген материалды корреспонденциядан бастап, ең ақырғы өлеңге дейін жаза білу керек». Кәкімжан-журналист заметкадан бастап, журналистиканың барлық жанрларына қалам тартқан. Оның есеп, корреспонденция, мақала, репортаж, очерк, фельетон, рецензия, толғаулары көптеп саналады. Журналистік қызмет атқарған алғашқы жылдарда Талдықорған облысы, Ақсу мектебі өмірінен «Күміс медальға ұсынылып, күзгі сынға қалды» атты сыни корреспонденция жазды. Онда күміс медальға ұсынылған мектеп оқушысының күзгі сынға қалған себеп-сырын ашады. Ақсу мектебінде орыс тілін оқыту сапасы нашар. Орыс тілі пәнін білімі сай емес мұғалімдер жүргізеді. Соның салдарынан үлгірмеушілер саны көп. Яғни, бұған облыстық оқу бөлімі кінәлі. Корреспонденция «Осындай төзгісіз жағдайлар жөнінде аудандық оқу бөлімі оның меңгерушісі Керімбаев жолдастың және облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі Турбин жолдастың ойланатын уақыты жетті» деп аяқталады. Журналист жауапты адамдарды нақты атап көрсетеді. Әрине, сыни корреспонденция жазу оңай емес. Ол үшін білім мен ой өресі аса қажет. Зерттеп отырған объектіні жете біліп және ол мәселеге қоғамдық мақсат тұрғысынан қарау керектігі мәлім. Олай болса, журналистік қадамын енді бастаған К.Қазыбаевтың аяқ-алысы жаман болған жоқ. Нәтижесінде аталған мақалаға орай, іс-шара қолданылып, оқу жүйесі жолға қойылды. Жүсіпбек Аймауытұлы «Ел газетке не жазбақ?» атты мақаласында газет қалың бұқаранікі болу үшін елмен қоян-қолтық араласуы керек екенін айта келіп: «Қайткенде газет елмен жақын араласады?» – деп сұрақ қояды. Оған өзі «Әрине, елдің өз тұрмысын өзіне айнаға түсіргендей ашық көрсеткенде» деп жауап береді. Бұдан баспасөздің міндеті халықтың ойын, сөзін жеткізу, қайсібір мәселені нақты, шындық үлгісінде көрсетуі екендігі айқын аңғарылады. Баспасөздің осы міндетін жақсы түсінетін журналист К.Қазыбаев өз кезегінде өмірдің барлық саласына жіті қарап, қайсібір тақырып төңірегінде ой қозғағанда барынша ақиқатты айтуға тырысты. Публицистика теоретигі В.И.Горохов журналистің үнемі оқиға ортасынан табылуы шығармашылық кезең үшін кәсіби шеберлігін жетілдіру және тақырып таңдауға әсерін тигізетінін айтады. Бұл тұрғыда журналист К.Қазыбаевтың оқиға ортасынан жазылған дүниелері аз емес. Мәселен, оның кейбір салалардағы көруге болмайтын кемшілік, келеңсіздік төңірегінде жазған «Бюро мәжілісі әзірліксіз өтеді», «Басшылық стилі жақсартылсын», «Жат әрекет, жағымсыз іс» деп аталатын есеп, корреспонденциялары бар. «Бюро мәжілісі әзірліксіз өтеді» деген есеп кәсіподақ ұйымының жұмысы жайында. Онда жиналысқа кәсіподақ мүшелерінің аз келгені, сынға қысым жасалғаны, жасырын түрде дауыс беру принципінің сақталмағаны айтылады. Тақырыптың өзін осылай қойып, мәселені ашық жазуы жас журналистің позициясының айқын, көзқарасының батылдығын байқатады. Ал, «Басшылық стилі жақсартылсын» деген проблемалық корреспонденция №3 механикалық зауытта жұмыс жасайтын жастарға арналған. Журналист зауыттағы бірнеше мамандықты меңгерген жастардың жұмыс қабілетінің төмендігіне, білімінің аздығына қынжыла отырып, білімді жетілдіру, еңбек тәртібін нығайту қажеттігіне тоқталады. К.Қазыбаевтың жоғарыда аталған үшінші сыни корреспонденциясы Алматы облысы, Коганович ауданына қарасты қоғамдық орындардың жұмысы жайында жазылған. Автор мұнда іші де, сырты да сүреңсіз үш нысанды сынға алады. Олар 10 асхана, дүкен және демалыс паркі. Аталмыш орындардың жай-күйі көңіл қынжылтатындай. Мұны журналист көзімен көрген, куә болған деректерге сүйене отырып әңгімелейді. Мәселен, асханадағы тазалық мәселесі өте нашар. Тамақтанатын үстел мен еденнің кірі жүрек айнытады. Одан да сорақысы тағам ішінде неше түрлі кездеседі. Бұл аздай, сатушылар шараппен бірге тұздалған балық, салат сатады. Тыйым салынған заттарды сатуға рұқсат етілмесе де, мұның сатушы мен директордың өздері үшін пайдалы іс екенін әшкерелейді. Сондай-ақ, жастардың демалуына, тынығуына жағдай жасалмағанын сөз ете отырып, жақсы концерттер, тұщымды кештер ұйымдастырылса, олар бос даңғазалық пен ішімдікке әуес болмас еді деген ой айтады. «Журналист өзінің өмірде жинақтаған тәжірибесі мен нақты фактілер арқылы тек шындықты айтуға құқылы» болса, К.Қазыбаев шығармаларының дені шындыққа құрылған. К.Қазыбаев тың игеруге байланысты Қостанай өңіріне іс-сапармен барады. Сонда жүріп, тың игерушілер өмірінен бірнеше корреспонденция мен репортаждар береді. Солардың бірі – «Тыңға шабуыл» корреспонденциясы. Бұл – оперативті корреспонденция. Өйткені, «оперативті корреспонденция халық шаруашылығының бүгінгі күннің қойып отырған көкейтесті міндеттерін, кезек күттірмейтін істерін тез және оперативті ұшқырлықпен көрсетуге арналады». Қостанай облысы, Жамбыл кеңшарындағы тыңға шабуылдың алғашқы аттанысы, оның сол күнгі нәтижесі жайлы баяндалған бұл корреспонденция сол уақыттың кезек күттірмейтін ісі еді. Әсіресе, трактор бригадалары арасындағы жарыс кеңінен насихатталды. Жастар газетінің тұрақты тақырыбына арналған осы проблема төңірегінде К.Қазыбаев «Достар жарысы», «Станок жанында», «Қажу жоқ» деп аталатын репортаж, корреспонденция, мақалаларын жазды. Журналистің бұл кезеңдегі алғашқы жазбалары дәуір тынысына сай көбіне қазақ ауылына келіп, қоныстанып жатқан тыңгерлердің тыныс-тіршілігін, күнбе-күнгі өзгеріске толы өңірдің жаңалықтарын айтумен шектеліп отырған. Баспасөз – халықтың рухани өмірінің айнасы. Ендеше, сол айнадан қоғамдық дәуірдің шынайы бет-бейнесінің көрініс табуы заңды құбылыс. Жоғарыда К.Қазыбаевтың газеттің жауапты хатшысы болғанын айтқан болатынбыз. «Жауапты хатшы» деп аталатын бұл қызметтің қызығы мен шыжығы қатар жүруші еді. Жауапты хатшы – редактордың тұтқасы. Газеттің кезекті санын шығаруға байланысты сан жұмыстар бас көтертпейтіні анық. Оның сыртында алдағы санды жоспарлау, апталық, айлық проблемаларды сараптау жұмыстары да бар. Осындай қиын да, күрделі жұмысты істей жүріп К.Қазыбаев өзге журналистерге жанашыр пікірлері мен кеңестерін айтып, оларды ізденіп жүруге, өмірге, айналаға әрбір елеусіз фактілердің өзіне ойлана қарауға үйретті. Кәкімжан Қазыбаев редакция ұйғарымымен Мәскеуге «Комсомольская правда» газетіне тәжірибе жинақтауға барады. Ол осы сапарынан көп нәрсе үйреніп қайтады. «Секретариаттың жұмысын ұйымдастыру, газеттің келесі санын жобалау, апталық, айлық жоспарлау іс-сапардан оралған әрбір қызметкердің есебін тыңдау, жүйелі түрде қызықты хаттар сағатын өткізу жөнінде жаңалықтар енгізді». К.Қазыбаевтың жауапты хатшы ретінде іскерлігі, тапқырлығы осы тұста аңғарылады. Жастар газетінің бетінен көрінген жұртшылық талқысына ұсынылған алғашқы келелі мәселе – жастар тәрбиесі, оларды өмірдің белсенді күрескері етіп баулу жөнінде болды. Кейін оның шеңбері ұлғайып, азаматтық борыш жөнінде проблемаға ұласты. «Ауыл ажары», «Ауылын көріп, азаматын таны» айдарларымен берілген ауыл мәдениеті, ауыл кештері, қазақтың ұлттық ойындары туралы материалдар соның айғағы. Бұл әлеуметтік проблема дәрежесіне дейін көтерілді. Көп ұзамай, газет бетінде сын материалдар беріле бастады. Газет көтерген келелі мәселелер жастар арасында жаңа бір толқын туғызды. Өмірдегі олқылықты, істегі қырсыздықты, келеңсіздікті жоюды талап еткен үндер естіле бастады. Осы кезде «Лениншіл жастың» «Сын семсері» атты сатиралық бұрышы дүниеге келді. Кемшілік атаулыға қырғидай тиетін құрал газет бетінен көрінді. Тақырыбы «Сөз қысқа: бюрократтықты кедергі кеселімен, Түйрейміз өткір сынның семсерімен» деп айбынды берілген бетті журналист Ә.Ыдырысов әзірлепті. Кейін ол «Көреген Ақиқатұлы» болып республикаға танылды. «Міне, «Көреген» боп бас мақала жазып отырмын. Жігіттердің ойынан шыға аламын ба, «Көрегеннің» атынан сөйлеуді маған тапсырды. Бас мақаланы біткен соң макетке кірісуім керек», - деп жазыпты «Ізденіссіз өмір тұл» шығармасында. Сөйтіп, сықақ бұрышының беташарын жазып, тұсауын кескен К.Қазыбаев болды. Кейінгі «Сүзеген сөз» болып көпке танымал болған басқа да сын-сықақтардың төркіні осыдан басталады десек қателеспейміз. Сайын даланы дүрліктірген, бейқам елді біріктірген тың көтеру жылдарындағы замана желігін арқалаған дабылды да дабырлы мақалалар Қазақстан Магниткасына шақырған озық әдістерді қолдау жөніндегі айшықты очерктер өмірдің өктем талабына орай туғаны белгілі. Тың игеру жылдарындағы баспасөз тек тың жерлерді игерудің маңызын түсіндіріп қана қойған жоқ, сондай-ақ тың игерілетін аудандарды кадрлармен, ауыл шаруашылығын техникамен, тұрмыс, құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету мәселесімен де шұғылданды. Міне, осы кезеңдегі қоғамдық саяси өмірдің бел ортасында жүрген журналистер тобының қатарында К.Қазыбаев та болды. Нақ осы тұста оның ізденгіштігі мен тапқырлығы тағы да таныла түсті. Кезекті санды жоспарлау мен макетті жаңаша жасау жарасымды ұштастырылды. Материалдың беттегі орны мен оның ұтымды орналастырылуы, артық-кемі жоқ әдеби әшекейленуі оның мазмұнын байытты. «Макет жасау, материалды орналастыру, басылымның полиграфиялық мәдениетін көтеру нағыз өнерге айналды. Сөйтіп, жауапты хатшының жаңаша ойлайтын жәрдемшілері, тіпті, бүтін бір секретариат қызметкерлерінің мектебі пайда болды. Оның алғашқы шәкірттері – Тельман, Бекежан, Байболсындар еді». Газет бетін ажарлау редакция жұмысындағы күрделі де жауапты саланың бірі. Бүкіл редакция ұжымының күн-түн демей, сарылып еткен еңбегінің ел алдында жарқ етіп көрінер жемісі – оқырман қолындағы газет. Редакция жұмысы газеттің сапасы, сыры мен сынына қарап бағаланады. Заман жайлы, адам жайлы сыр шертетін мазмұнды да ажарлы газет болуы керек. Газет беті бар-жоқтан құралса, материалдар аралас, қалай болса, солай жүйесіз берілсе, сырт көркі тартымсыз, сүреңсіз болса – оқырман көңілі де орта, арлы-берлі аударыстырып, бас-аяғына көз жүгіртіп шығады да, тастай салады. Ал, енді газет беті әдемі әшекейленсе, «мен мұндалап» тұрса, әрі ол көркіне мазмұны сай тартымды болса, оқырман ол басылымды асыға күтеді. Ал, осы міндетті атқарушы, макет жасаушы журналистке қойылатын басты талап «газет бетіндегі материалдардың мазмұнына «арқалап жүрген жүгіне» лайықты, дұрыс та тартымды орналасуын қамтамасыз ету». Бұл тұрғыда распубликалық жастар газеті «Лениншіл жас» үлгі-өнеге болды десек артық айтқандық емес. Бұған газеттің 1955 жылғы таралымын 40 мыңға жеткізу арман болса, 1957 жылы 70 мыңнан асқанын айтсақ та жеткілікті. Әрине, газет тиражының көбеюі тек басылым бетінің безендірілуіне ғана байланысты емес, оған басшылық ететін редактордың, онда еңбек ететін журналистердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп түсінген абзал. Осы кезеңде тың игеруге байланысты газет көлемі де ұлғайды. Бұл үлкеюдің өзі басылымға үлкен серпіліс, жігер әкелгендей газет бетінде жаңа, тың мәселелер көтерілді. Журналист мақаласы арқылы өмірдің өзекті проблемаларын туындатуға болады. Осы орайда Камал Смайловтың «Қыз намысы» мақаласы жарық көріп, беттер, топтамалар ұйымдастырылды. Сондай-ақ Б.Мәдиевтің «Ұланы», Б.Баймаханов пен С.Бөлдекбаевтың «Комсомолдық істің сырлары», Х.Тілемісовтың «Малға 15 мың жасты жіберейігі» сол уақыттың өзекті мәселелері еді. Осындай творчестволық өрлеу жылдары жайында К.Қазыбаев: «Тельманның көмегі үлкен болды. Бағанағы жасаған макеттері әдемі-ақ. Секретариатқа жаңа бір леп келген секілді. Секретариатқа ғана емес, биыл осы бір жаңа леп редакциядағы жас толқынмен бірге келгендей. Тельман, Шерхан, Сейдахмет, Қалихан, Совхозбек, Байболсын. Осы толқын өзіндік өрнегі бар үлкен үміт күттірер толқын. Қырандай қанаттарын қомдап, биікке ұшқысы келеді», – деген ой зерделерін күнделік бетіне түсіріпті. Шынында да, көрегендікпен айтылған бұл – ақиқатқа айналды. «Лениншіл жас» газеті өзіне 3 редакторды таңдады. Олар: Саттар Бөлдекбаев, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов. Жастар газетіне тән жақсы дәстүрлерді дамытуда аталмыш басшылардың сіңірген еңбегі де аз емес. Шерхан басқарған басылымнан «Лениншіл жастың» өрлігі көрінсе, С.Бердіқұлов 20 жылдай уақыт осы газетте редактор болды. С.Бөлдекбаев редакторлық еткен тұста қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың тырнақ алды шығармасы «Жәмилә» повесі қазақ тілінде тұңғыш рет жарық көрді. Осылайша қалам ұстауды үйретіп, бойдағы отты тұтатқан, тұсауын кесіп, тұрлаулы жолға салған «Лениншіл жастан» әдемі өмірлер өріліп, таланттар өсіп шықты. Сол таланттардың бірі Кәкімжан – ел таныған үлкен жүректі абзал азамат, білікті журналист болды. Елімізде жаппай науқаншылыққа айналған жаңа жерлерді игеру идеясы, тың көтеру – қазақ қауымының ұлттық психологиясына кері әсер етті. Ғасырлар бойы түрен түспеген өлкеге шикізат тұрғысынан қарап, ойран-асырын шығарды. Кенеттен келген құбылыстың мәнін түсіне алмаған қазақ ауылы әлеуметтік өмірдің қайшылықтарына бой ұсынды. Адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Әсіресе, қалам ұстаған адамға өзі өмір сүрген бөгде болмысты жазу оңайға соқпаған. К.Қазыбаев журналистік қызметінің алғашқы кезеңдерінде осы бір қағида құрсауында қалып қойғанымен сол кездің шындығын боямасыз беруге ұмтылды. Яғни, оның шығармаларында қоғам мен адам мәселесі алдыңғы орында тұрды. К.Қазыбаев газеттің қат-қабат жұмысының ортасында жүріп осы оқиғаларға арнап «Дәуір аты – Октябрь», «Сөнбейтін нұр», «Ұрпақ мерейі», «Самғау сыры», «Ғасыр шырайы», «Дархандық» атты публицистикалық мақалаларын жазды. Журналист К.Қазыбаевтың «Лениншіл жаста» жарық көрген шығармаларының ішінде ерекше тоқталатынымыз «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» очеркі. Рейхстагқа жеңіс жалауын қадаған қазақ жігіті Рақымжан Қошқарбаев екенін бірінші болып елге таныстырған қазақ баспасөзінде Кәкімжан Қазыбаев болды. Жеңіс күнінен кейін, арада 13 жыл өтсе де, комуналды шаруашылық мекемесінде жұмысшы болып жүрген Рақымжанды ел таныды. Бұрын жау ордасының төбесіне жеңіс жалауын желбіреткен Егоров пен Кантария деп миымызға әбден сіңірген ел үшін бұл үлкен жаңалық еді. Ол қалыптасып қалған пікірге уәж айтып, өзіндік ойды ортаға салудың қиын кезеңі. Тырнақ астынан кір іздеп, тарпа бас салатын заманда бұлайша ой айту батылдық қана емес, батырлық та. К.Қазыбаев оны бұрын басылған дерек құжаттарымен тапжылтпай дәлелдеп берді. Бұл жайында Кәкімжан «сонда Рақаң 1945 жылдың мамыр айынан кейінгі 13 жылдан соң іздеп келген де, газетке жазып шығарған да бірінші қазақ журналисі өзіңсің», - деп қатты толқығаны есімде» деп жазады. Ал, енді жеңіс дүбірінен кейін, біраз уақыт бойы одақтық, республикалық басылым беттерінде Рақымжан туралы материал жарық көрмегені белгілі. Осы ұмытылып кеткен тақырыпты қалай тапты, жазуға не себеп болды? К.Қазыбаев «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарады. Ол кезде пәтер табу қиынның қиыны. Бауыржан Момышұлының жұбайы Жамал сонда машинисткашы болып істейтін. Пәтерден қиналып жүргенін көрген Жамал апай оған үйінде тұруға жағдай жасайды. «Обалы не, Жамал апай мені үлкен ұлындай етіп ұстады. Тіпті, мен жөнінде, Баукеңе жазып та жіберіпті. Бір кезде ол кісінің хаттарында «үлкен ұлыңа сәлем» деген жолдар пайда бола бастады»,- деп жазады ол «Найзағайдай жарқылдап» естелігінде. Осылайша Бауыржан батырдың қолында шаңырақ көтереді. Тұңғыштары дүниеге келгенде шілдеханасын батырдың үйінде жасайды. Бауыржан батыр Кәкімжанды «қара бала», өз баласы Бақытжанды «сары бала» деп атапты. Сол үйде жүріп, бірнеше ғажайып кездесулердің куәсі болады. Зиялы қонақтар келгенде, қара баланы «отырғын» деп, әңгіме тыңдауға шақыратын. Тереңдей түскен таныстық шығармашылық байланысқа қарай ауысады. Б.Момышұлының орыс тілінде жазған «Офицер күнделігі», «Жонарқа» деген еңбектерін қазақ тіліне аударады. Рақымжан Қошқарбаев жайында жазуға себеп болған жәйттің өзі де қызық. Оны ол былай баяндайды: «Бір күні жұмысқа аяқ асты телефон соқты. Дауысын бірден таныдым. – Маған келіп кеткін, - деді. …Әлден уақытта: – Мен сені неге шақырдым? – Білмедім, Бауке! Темекісін сорып, сорып жіберді де, отты көзін қадай қалды. – Білмесең, жаңа осында маған сәлем бере бір жігіт келді. Аты – Рақымжан. Сол жігіт Рейхстагқа ту тіккен. Понимаешь? Сен ұғып тұрсың ба, өзің? - деді. Бұдан әрі өзінің бойын сыздатқан ойларын төгіп салды. – Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Атақты Момышұлы болдым. Мәскеу түбіндегі шайқасты көрдім. Төрт жыл бойы сұрапыл соғыстың небір сұмдық қасіреттері көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз жойқын қырғын! … Біздің басымызға келіп қонған жеңіс деген бақыт – сол анау Рақымжан, Рақымжандар!» Соғыстың біткеніне қаншама уақыт өтсе де, жойқын қырғын ішінде өз қолымен жеңіс жалауын тіккен тарихи адамды білмейтіндігіміз жайлы ашына айтады. Осыдан соң, Кәкімжан қалай да Рақымжанмен кездесуді ойлайды. Бірақ, оның іс-сапарға шығуына байланысты арада уақыт өтеді. Оған дейін кітапханада отырып, батыр жайында жазылған материалдармен танысады. Кездесудің де сәті түседі. Рақымжан Қошқарбаев өзі жайлы дивизияның «Войн Родины» газеті мен орталық басылымдардың жазғаны жайлы айта келіп: – Бірақ, 1945 жылдың 9-шы мамырынан кейін, мен туралы ешкім аузын ашқан жоқ. Содан бері көріп тұрған тілшім, тіпті, қазақ баспасөзінен көріп тұрған бірінші адамым өзіңсің», - дейді. Журналист өз кейіпкерін тапты. Бірақ, кейіпкердің айтқаны әлі жеткіліксіз. Майдангерлердің ішінде де асыра сілтеп айтатындар болады. Енді К.Қазыбаев шындық материалдарын іздеудің қиын жолына түседі. Нәтижесінде «Лениншіл жас» газетінде Рақымжан туралы үлкен очерк жарияланады. Бірақ, Сталин мен партияның бұйрығы бойынша, Рейхстагқа ту тіккендер әлдеқашан белгілі болып, оларға Совет Одағының Батыры атағы баяғыда беріліп қойған. Ал, сол екеуінен де Егоров пен Кантариядан бұрын, бас көтертпес сұрапыл, нөсерлеткен оқтың арасындағы Ысырат көпірінен өтіп барып, Рейхстагқа ту тіккен Қошқарбаев пен Булатов есепке алынбайды. Көп уақыт өтпей-ақ, баспасөз беттерінде «Рейхстагқа ту тіккен жігіт», «Рейхстагтағы жеңіс жалауы», «Рейхстагқа жалау тіккен жігіт», «Қазақ жігітінің ерлігі», «Ең соңғы 360 метр» деген атпен көлемді мақала-очерктері жариялана бастайды. Кәкімжан «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген қағидаға жүгініп, Рақымжан жайлы жүзге тарта деректі құжаттарды жинастырады. Алғашқы очеркін тың деректер, фактілермен толықтырып, Қошқарбаев туралы «Кернеген кек» деректі повесін, Жеңістің 20 жылдығына орай, «Рақымжан Қошқарбаев» атты кітапшасын жазады. Осымен тоқтатуға да болатын еді. Бірақ, азаматтық ар әрі қарай тер төгуге итермеледі. «Жеңістің 20,25,30,35 жылдығына орай, орталыққа Рахаң мен Булатовқа батыр атағын сұрап, оны деректі құжаттармен дәлелдеп, Баукең басшылығымен Әзілхан Нұршайықов ағамыздың ұйымдастыруымен Кәкеңнің Рахаң туралы жазылған еңбектерінің негізінде анықтамалар жазылды. Алғашқы әрекет 1964 жылдың ортасында болды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жолдаған ол хатқа республика Жазушылар одағының 1-хатшысы Ғ.Мүсірепов, ҚСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Ғ.Мұстафин, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты И.Шухов, республика Жоғарғы Президиумының мүшесі Ә.Тәжібаев қол қойды. Мұнан соң, 1968, 1980 жылдары жазылады. Бірақ, екеуі де жауапсыз қалады. «Гәптің неде екені сол жылы Қазақстанның 60-жылдығы салтанатына келген Л.И.Брежнев сапары кезінде белгілі болады. Димекең хат тағдырын Леонид Ильичтен сұраған кезде, ол кісі «Тарихты қайта қарап қайтеміз», - деп жауап берген». Әрине, қазір Қошқарбаевтың көзсіз ерлік жасағанын екінің бірі жақсы біледі. Бұл – кейін талай журналист түрен салған, елдің әбден санасына сіңген, дәл қазіргі күннің белесінен зер салсақ, ешкімді таңқалдырмайтын тақырып. Бірақ, бұл тұста Рақымжан Қошқарбаев есімін біреу білсе, біреу білмейтін еді. Оның үстіне, кеңестік идеология әлдеқашан Берлинде Жеңіс күні зұлымдық ордасының төбесіне ту тіккен батырлардың аты-жөнін жалпақ әлемге әлдеқашан әйгілеп қойған. Бұдан соң, осы тақырыпқа қалам тарту тәуекелшілдің ісі екенін де бағамдау қиын емес. К.Қазыбаевтың қазақ батыры туралы очеркіне елдің елең ететіні де сондықтан. Біріншіден, халқымыз Рейхстаг төбесіне ту тіккен қаһарманның өз ұлтының перзенті екенін біліп, шексіз қуанышқа бөленді. Екіншіден, көзі қарақты оқырман журналистің тапқырлығына тәнті болды. Үшіншіден, бұл шын мәніндегі сенсация болатын, төртіншіден, Мәскеудің бүкіл елге жүргізіп отырған саясатының талаптарына сай келе бермейтін бұл жаңалық Кәкімжан Қазыбаевтың жазу мәдениетінің шеберлігі мен бұлтартпас деректерінің арқасында талассыз қабылданды. Бесіншіден, журналистің жазған дүниесі қоғамдық пікірге қозғау салды. Қошқарбаевтың ерлігі туралы тарихи мәліметтер ұзамай, мектеп бағдарламаларына енді де кетті. Қазақ елінің ұландары кеңестік кезеңнің өзінде «Ана тілі» оқулығынан Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі туралы оқи бастады. Бірақ, қазақ зиялылары қанша сұраса да, ресми Мәскеудің тәуелсіздік таңы атқанша, Рақымжанды батыр деп танымай келгені баршаға белгілі. Сөйтіп, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында журналист К.Қазыбаев қалың елге таратқан «Қошқарбаев – Берлинге ту тіккен батыр!» деген ақпарат ойлы очеркке ғана өзек болған жоқ, бүкіл қазақ қауымының санасына сілкініс әкелді. Журналист мамандығының ардақтылығы да көп дүниенің ішіндегі әлі көрінбей тұрған асылды аршып ала білуінде, дәнін, нәрін оқырманға бере білуінде десек, Кәкімжан Қазыбаев осы асылды жұртшылыққа жарқырата көрсетіп берді. Журналистің адам тағдырына қайта-қайта оралып, оның өмір жолын аса сезімталдықпен зерттеуі жер қойнауынан алтын аршып алып жүрген кеншіге ұқсайды. Әңгіме – әр адамның өмір жолын барлай білуде, К.Қазыбаевтың тапқырлығының өзі, оның тұщымды- шебер журналист, іскер қаламгер екенінің куәсі. «Жақсы журналистке қандай қасиет тән? Нендей талаптың үдесінен шығу керек дегенде, ең әуелі алдындағы ақ қағазға, қаламға адалдық керек: қарақан бастың қамынан гөрі, ел мүддесі, халық тағдыры, Отанның бүгіні мен келешегі қашан да бірінші орында тұруы – басты талап». Осы талап үдесінен шыға білген Қазыбаевтың туындылары үлкенді-кіші рухани нәр алар асыл қазынаға айналды, елдің қамын, болашағымыздың жайын толғайтын публицистикалық материалдары оқырман қауымның көп нәрсеге көзін ашып, көкірегін оятты. Журналист Кәкімжан Қазыбаев шапшаң, өнімді жазады. Оның әріптестерінің естелігінен «қолжазбасының өзінде шимай-шатпақ бола бермейтін, ой ырқына ерік беріп, қиналмай, еркін де жеңіл жазатындығын, сондықтан да, қолжазбалары оқуға да оңай, таза» келетіндігін байқаймыз. Біз бұл пікірдің дұрыстығына публицистің отбасылық мұрағатында сақталған қолжазбаларын оқу барысында көз жеткіздік. Екіншіден, сөйлемдері көп шұбалаңқы емес, қысқа орамды, айтар ойын созбалақтатпай, әсіреқызыл сөзге бой алдырмай, нақпа-нақ көңілге қонымды өріледі. Сөйлемдері тілге үйлесімді, аз сөзбен көп ойды білдіреді. Үшіншіден, К.Қазыбаев туындылары таптаурын болған ескі сүрлеу, оқырманды мезі ететін жадағай, жайдақ пәлсафаларды қаужамай, соны соқпақтарға сілем тартып, өзекті де өрелі мәселелердің жалына жармасуды нысана тұтты. Сондықтан, оның қаламынан туған мақала, очерк, репортаж болсын оқырманды жалықтырмайтын, тілге жеңіл, көкейге қонымды, тартымды шығады. Осынау шығармашылық машығы мен шеберлігі қаламгер Қазыбаевтың жаңалық атаулыны, жақсы атаулыны тез аңдағыш, ізденгіш нағыз кәнігі, шебер журналистке тән сезімталдық, сергектік, әмбебаптық қасиетінен тамыр тартып жатады. Оның тақырып таңдамайтынын, газеттің ешбір жанрын өгейсу дегенді білмейтіндігін, тілінен майы тамған очеркті, теориялық-саяси насихаттық мақаланы, фельетонды да жаза беретіндігінен аңғаруға болады. Әмбебап білгірлігі мен іскерлігі жазуға, аудармаға, макет жасауға ұста, әрі қаламы ұшқыр, мінезі бай, ұйымдастыру жұмысына бекем кемел қасиеттері оның айналасына сүйкімді, беделді болуына, биік тұғырға көтерілуіне кепіл болды. Енді редактор Кәкімжан Қазыбаев несімен ерекшеленеді. Осыған тоқталайық. Қазақ баспасөзінің тарихында бұрынғы «Қазақстан коммунисі», қазіргі «Ақиқат» журналының алатын орны ерекше. Ол – ел басынан кешірген дүрбелең мен сергелдеңнің, қуаныш пен қайғы араласқан аласапыран ғасырдың куәсі. «Ақиқат» журналы – ел тарихының шежіресі. Тіпті, сол тарих белестері оның өзгерген аттарынан-ақ көрініп тұр. «Қызыл Қазақстан», «Ауыл коммунисі», «Коммунист», «Қазақстан коммунисі», «Ақиқат» болып бес рет өзгерген. «Ақиқат» журналының ерекшелігі қазақ баспасөзі майталмандарының ғажайып мектебі болғандығында. Алғаш жарық көргеннен бастап, оның басы-қасында ұлы күрескер, қаламгер, қайраткер жандардың болуы осының дәлелі. Атап айтар болсақ, журналға басшылық еткен А.Асылбеков, Е.Алдоңғаров, Н.Құлжанова, Ж.Садуақасов, журналға белсеніп араласып тұрған С.Сейфуллин, Ә. Байділдин, Б.Майлин, С.Мұқанов, А.Елшібеков секілді қазақтың бетке ұстар қаламгерлері өздерінің үлгілі істерімен артына мол мұра қалдырды. Басылымның «Қазақстан коммунисі» болып жарық көрген 1986-89 жылдар аралығында белгілі публицист, жазушы, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев редактор болып қызмет атқарады. «Қазақстан коммунисі» секілді қазақ баспасөзінің қара шаңырағына басшылық жасау қаламы жүйрік, ойы ұшқыр журналистің шеберлігін ғана емес, қоғамдық және саяси қайраткерлікті де талап етеді. Осы талап биігінен көріне алған Кәкімжан Қазыбаев өзінің өмірлік тәжірибесін, білім мен ақыл-парасатын ұйымшыл ұжым қалыптастыруға, басылымның мазмұнын байытып, тақырыбын кеңейтуге, теориялық-танымдық дәрежесін көтеруге жұмсады. Басылымда ғылыми тұрғыдан ой топшылай білетін, қаламы қарымды, ізденгіш Ә.Ахметов, Б.Баймаханов, О.Батырбеков, Т.Қызықбаев, Қ.Сұлтанов, Т.Ыдырысов, Б.Төлепбаев, Ж.Аупбаев секілді публицистер қызмет ете бастады. «Мақаланы автордың атақ-даңқына қарап бағалама, оқырманға, халыққа берген пайдасына қарап бағала» деген жалтақсыз творчестволық жұмыс стилі қалыптасты. Осының бәрі егемендіктің елең-алаң шағы алдында, өліара кезеңде бой көрсеткен теориялық және саяси журналдағы қасаңдық атты қамалдың сеңін бұзды. Журналистердің мойнына масыл болып мініп алған кейбір айғайшыл басшылар мен ғалымдардың алақол шығармаларына батыл тосқауыл қойылды. Ол басқарған редакциялық ұжым тек партия мен коммунистік идеологияның насихатшысы ғана емес, қайта құруға байланысты барлық мәселелерге үн қосып отырды. Журнал бетінде экология, жер, малшылардың еңбегі мен тұрмысы, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, өнер, еңбек тақырыбына арналған проблемалық мақалалар жарық көрді. Сондай-ақ, патриоттық тәрбие, ұлтаралық қатынас, өндіріс, әлеуметтік саясат, ғылым мен білім мәселелері жайында жаңаша көзқарас, оқырманды елең еткізер дүниелерді көптеп кездестіруге болады. Басылым қайта құру, жаңару процесінде жинақталған бағалы тәжірибелер мен ізденістерді қорытып, жұртшылыққа жеткізуге ұмтылды. «Әлеуметтік саясат – бәрі де адам үшін», «Ғылым мен білім өрісі», «Аграрлық өнеркәсіптік комплекс; тәжірибелер мен проблемалар» айдарымен берілген материалдар осы мақсатты көздейді. Журналда жарияланған материалдардың тақырыбы, айдарлары, жанрлары мен мазмұнына тоқталатын болсақ, өз заманының көкейтесті мәселелерін қозғайтын проблемалық мақала, сұхбат, очерк, пікірталас, «дөңгелек стол» басындағы әңгіме, ой-толғау дүниелердің аз болмағанына көз жеткіземіз. Қайсыбір адам болмасын, алдымен ол – өз заманының, өз ортасының перзенті. Сондықтан, ол өз дәуірінің шындығын ғана шығармаларына арқау етеді. Халқының мәдени-рухани дәрежесін сол уақыт мөлшерімен бағалайды. Бұл кезеңде мынадай өзекті мәселелерге: тұрғын үй салуды жеделдету, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді жақсарту, көпшілік қолды тауарларды шығаруды молайту, ұлтаралық қатынастарды жақсарту, жаңаша ойлау, жаңаша жұмыс істеу мәселелеріне ден қойып отырған. Олай болса, «Қазақстан коммунисі» журналының бұл мәселелерге басымырақ назар аударғаны орынды мәселе. Журналда қайта құруға байланысты өмір нағыз қайнап жататын аудандық, облыстық партия комитеттерінің ескі әннің әуенімен жүргенін, творчестволық ізденіске бағыттаудың орнына жұртты жиналыспен шаршататынын, әкімшілік тұқырту стильге бейімділігін, саяси басшылықты жетілдірудің орнына шаруашылық мәселелерге киліге беруін, қағазбастылықты азайтып, жанды жұмыспен шұғылданудан гөрі қаулы-қарарларды тоғыта беруге үйірлігін, кадрларға сергек қараудың орнына, оларды сапырып ауыстыра беретінін тілге тиек еткен материалдар да жоқ емес. Мәселен, «Қайта құру қалай жүріп жатыр?», «Тұрғын үй – 91: нақты қадам», «Жаңа жүйенің берері мол» т.б. материалдары осы жәйттерді қозғайды. Әсіресе, ғылым мен өнер, әдебиет пен мәдениет мәселелеріне көп көңіл бөлгенін аңғардық. С.Негимовтың «Халық прозасы туралы еңбек», Б.Ыбырайымовтың «Әдеби зерттеудегі игі ізденіс» [1986, № 9], Т.Балақаевтың «Әскери ғылымға қосылған үлес» [1987, № 4], Ә.Кекілбаевтың «Уақытпен үндескен суреткер мұраты» [1987, № 11], Б.Жоламановтың «Опера өнері серпіліс күтеді» [1986, № 4] сын материалдары оқырман тарапынан жоғары бағаға ие болған дүниелер. «Оқырман көтерген проблема» айдарында «Шопанның жанына тиетін жайлар» [1989, № 1], «Еңбек ресурстарын есептей білеміз бе?» [1989, № 5], «Бурабайға араша түсер қайсың бар?» [1989, № 9], «Асулар оңайлықпен алынбайды» [1987, № 10], «Клуб оттары неге жарқырамайды?» [1987, № 6], «Қазақстан тарихын зерттеудің кейбір проблемалары» [1987, № 10], «Басылмаған хаттың дерегі» [1987, № 10] атты проблемалық мақалалар өткір мәселелер көтерген. Мысалы, «Бурабайға араша түсер қайсың бар?» атты мақалада автор Арқаның бір тума мүйісі Бурабайдың көлі мен бұлағы, қарағайы мен қайыңы, шоқысы мен жотасы, ауасы мен саумалы адамға қанат байлайтын жердің орманының оталып, көлінің қотарылып, бұлағының су алып жатқаны ешкімді ойландырмайтыны, жер жәннатының көз алдымызда құрып бара жатқанын ашына айтады. Көтерілген мәселелерге орай, журналдың кейінгі сандарында «Қазақстан коммунисінің» сынынан кейін» айдарымен тұрақты түрде тиісті орындардан жауап берілген. Әлбетте, «Біздің рухани қазынамыз» айдарында берілген материалдар оқырмандардың асыға күтетін тақырыптарының бірі десек қателеспейміз. Г.Бельгердің «Аударма өнерінің кейбір мәселелері» [1987, № 5], Ә.Қайдаровтың «Өмірді шыншылдықпен көркем бейнелейік» [1987, № 1], М.Қаратаевтың «Творчестволық шабыт қайнары» [1986, № 6], Ә.Мәмбетовтың «Өнер өзегі – өмір шындығы» [1986, № 10], Қ.Мұхамеджановтың «Суреткер мәртебесі тынбай ізденісте» [1986, № 11] мақалалары әдебиет пен өнер жайындағы түйінді тұжырымдарға құрылған ойтамызық дүниелер. Белгілі жазушы, аудармашы Г.Бельгер аударманың ел мен ел арасын жақындататын, мәдениетіміз өсіп келе жатқан кезде ұлтаралық, халықаралық маңызы үшін рухани байытудың, достықты нығайтудың бірден-бір қажет құралы екенін айта келіп: «Әрбір ұлттың өзіне тән ғана ойлау жүйесі, сөз орамы, бейнелеу мәнері, қимыл-әрекеті, мінез-құлқы болады. Осындай ұлттық ерекшеліктерді сипаттайтын сөз орамын сол ұлттың көркемдік құралымен беруге тырысу керек. Көркем аударманың негізгі түпкілікті қағидалары аударманың мүмкіндігінше, түпнұсқаның көркемдік қасиеттеріне жақын болуды талап етеді» деп аударма өнерінің қыр-сыры жайлы ой толғайды. Редактордың саяси идеялық даралығы – оның жемісті жұмысының басты шарты. Бұл жеткіліксіз, редактор, ең алдымен, ұйымдастырушы. Редактор теориялық даярлығы күшті, білімді, мәдениетті, кішіпейіл журналист болуы керек десек, Кәкімжан Қазыбаевта бұл қасиеттер толығымен табылады. Ол журналға жаңа көзқарас, тың идеялармен келді. К.Қазыбаев редакторлық еткен тұста «Қазақстан коммунисі» уақыт рухына сай, жаңаша жұмыс істеп, республикамызда өркен жайып отырған өзгерістерді бейнелеуге жариялылық, сын мен өзара сынды өрістетуге, жергілікті тілшілермен, оқырмандармен байланысты нығайтуға күш салды. Журнал ұжымы түрлі аудандарда, еңбек ұжымдарында болып жұртшылық алдында журнал жұмысын қайта құру, қызметкерлердің белсенділігін арттыру, назарды нендей мәселелерге аудару керектігі жайында ашық әңгімелесулер өткізді. Басылымда «Публицист толғауы», «Оқырман көтерген проблема», «Қоғамдық пікір», «Оқырман сұрақ қояды», «Ойыңыз қандай, оқырман?» деген айдарлар пайда болды. Оқырмансыз басылым және басылымсыз оқырман болмайтындығы белгілі. Ал, шындықты айта алмайтын басылымсыз оқырманға жол табу қиын. Бұған оқырманмен тілдесуді мұрат тұтқан редактор және редакция ұжымының түрлі еңбек ұжымдарында өткізген оқырмандар конференциясы мен сырттай лездемесі арқылы көз жеткізуге болады. «Келісіп пішкен тон келте болмас»[1989, № 1] тақырыбындағы оқырмандар конференциясы Жамбыл, Шымкент, Шығыс Қазақстан, Атырау, Павлодар, Талдықорған облыстарын қамтиды. Журнал жұмысының барысы жайлы оқырмандар мынадай ұсыныс-пікірлерін ортаға салған. Мәселен, кітапханашы М.Қуанышева (Шығыс Қазақстан облысы): Әдебиетке бір табан жақын болғандықтан ба, «Қазақстан коммунисінің» кезекті санын қолға алғанда, бірден «Біздің рухани қазынамыз», «Публицист толғауы» айдарларын іздеймін... Сонан соң, Алматы төңірегін көп айналшықтайсыздар, яғни, шалғай облыстар ұмыт қалады. Біз бұлардағы жаңалықтарды да біліп отырғымыз келеді десе, Р.Дәулетов (Атырау облысы) журналдың қоғамды қайта құру, жаңарту, жариялылық жөнінде терең де, дәйекті жазып отырғанын айта келіп, оқырмандарды партия ұйымдарындағы сын мәдениетіне, сын-ескертпелердің орындалуына арналған материалдармен таныстыруын, бұрын баспасөзде жарияланбаған мұрағаттық деректерді басу қажеттігі жайында ұсыныс жасайды. Ал, Жамбыл облысы, Талас ауданының мектеп директоры Ш.Қырқабақов: «Журналдың интернационалдық және патриоттық тәрбие, ұлтаралық қатынастар жөніндегі «дөңгелек стол» басындағы әңгіме-сұхбаттары, сондай-ақ, оқу-ағарту, мәдениет тақырыбындағы жеке мақалалар көкейімізден шықты. Әйтсе де, жергілікті жерлерде мектеп реформасының қалай жүзеге асып жатқаны жайлы сирек жазады, ауыл мәдениетіне аз көңіл бөледі», - деп пікірін білдіреді. Оқырмандармен өткізілген мұндай бүкпесіз ашық сырласу журналға көп пайдасын тигізді. Қаншама құнды ұсыныс, бағалы пікірлер әрқайсысы келелі тақырыптың арқауы болғандай. Ал, «Ойыңыз қандай оқырман?» тақырыбындағы журналдың сырттай лездемесі де басылымның мазмұнын байыту мақсатындағы игі ізденістердің бірі. Қаламгер үшін оқырман пікірі жаңа ойлардың ордасы. Тың шығармалардың, озық идеялардың себепшісі. Журнал оқырмандарға арнап басылым бетінде жарық көрген мақалалар жөнінде пікір алысуға шақырады. Ал, мұндай пікірталастар әсіресе, журнал үшін онда берілетін тақырыптар аясының кеңеюі, өмірмен байланысты күшейту, материалдардың мазмұнының жақсара түсуі үшін өте тиімді болатыны даусыз. Осы тұрғыда «Қазақстан коммунисі» оқырман қауымның биік талғамының үдесінен шығу үшін хал-қадірінше қарекеттеніп, тың ізденіс, талпыныстарға барды. Журналдың сырттай лездемесін ұйымдастырып тұру ниеті де осы мақсаттан туды. Жарық көрген материалдың идеялық-теориялық деңгейі қандай дәрежеде, жетістік-кемшілігін білу, не оқығысы келетінін байқау, журнал жұмысын одан әрі жақсартып, оны өмірге мейлінше жақындата түсу үшін қажет. Публицистика дәуір тарихын жасай отырып, тіршіліктің сан қилы оқиғаларын бейнелей, өткенді бүгінмен, бүгінді келешекпен байланыстыра отырып, болмыстың бүкіл шындығын қалың бұқара алдына жайып салады. Өне бойы дамуда, ілгерілеуде, ізденісте болады. Сондықтан, заман ағымына сай, оқиға мен құбылысты берудегі мазмұн мен түр жетілдіріліп отырады. Ал, публицист шеберлігі оқырманға тіршіліктің болмыс-құбылыстарын сол күйі берумен ғана шектелмейді, одан анағұрлым салмақты, сындарлы қоғамдық мәні бар ой талап етіледі. Бұл тек азаматтық позиция болғанда ғана жүзеге асады. «Қоғамдық пікірден туған мәселелерге жауап бере алмаған публицистика өзінің азаматтық борышын өтей алмайды». Олай болса журналда жарияланған публицистикалық жарияланымдардың пәрменді, ықпалды болуында басылым редакторының үлесі зор екенін аңғаруға болады. Оқырмандардың өздерін толғандырып жүрген өзекті ой-пікірлерін ортаға салу мақсатында «Қоғамдық пікір» айдары дүниеге келді. Қоғамдық пікірдің республикалық басылымдарда жарық көруі қажетті нәрсе. Жұртшылық ел өмірінде не болып жатқанын бұрынғыдан да кең біліп отырады. Өнеге де – сабақ, өкініш те – сабақ. Яғни, мұның жұмылдырушы күші бар деген сөз. Осы бағытта Ш.Жарылғаповтың «Сөздіктер туралы сөз», А.Корабельниковтың «Завод неге тоқтатылды?», С.Бәйменшиннің «Мәңгілігіміздің мәңгілік мәселесі», С.Байходжаевтың «Көкейде жүрген ой еді» мақалалары тіл, білім, оқу-ағарту, өндіріс жағдайларының түйінді мәселелерін сөз етеді. Әсіресе, публицист С.Байжановтың мұрағаттық дерек негізінде жазылған бұрын жарық көрмеген «Қолдан жау етудің не керегі бар?» [1989, № 5] мақала хаты біраз деректерден мағлұмат береді. Онда белгілі тарихшы, 31 жасында Мәскеу Ғылым академиясында докторлық диссертация қорғаған Е.Бекмахановтың зайыбы Халима Бекмахановаға және Қазақстан Орталық Комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметовке жазған хаттары жарық көрген. Тарихшының Иркутск облысы, Бодайбо қаласынан 1953 жылы 4 қарашада Ж.Шаяхметовке жазған хатында: «Тергеу материалдары басынан аяғына дейін түгелдей менің «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты басылымдарына рецензиядан құралыпты. Алуан-алуан тәсілмен қанша әурелесе де, жекелеген адал адамдарды қаралауға дәтім бармады… Менің тағдырымның объективті түрде шешілуіне Сіздің жәрдеміңізді өтініп сұраймын. Мен өзіңіздің көз алдыңызда өстім, менің өткенімді де, қазіргімді де жақсы білесіз. Мені қолдан жау етіп шығару кімге керек», - деп құқайы мол кезеңнің ащы шындығын алдыңа жайып салады. Міне, партиялық журналда осындай мәселелердің өткір жазылуы редактордың редакция ұжымына дұрыс басшылық жасап, әр санының оқырман көңілінен шығып тұруына мән бергенінің нәтижесі. Репрессияға ұшырап, жазықсыз жапа шеккен халқымыздың, ұлттық мәдениетіміздің мақтаныштары А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов жайында зерделі мате-риалдар орын алған. Бұдан басқа да оқырманға ой салатын, білім беретін дүниелерді көптеп кездестіруге болады. «Баспасөзге шолу» айдарында берілген мақалалар облыстық газеттердің жұмысына шолу жасап, ондағы кемшіліктерді атап көрсетеді. Журнал бетінде тарих мәселесі де назардан тыс қалмаған. «Тарихты зерттеуде тереңдік пен әділеттік керек» деген сұхбатта қазақ тарихының күңгірт беттері «ақтаңдақтары» туралы дұрыс айтылмағанын, жеке тарихи оқиғалар мен құбылыстардың әлі де әділ, объективті бағасын ала алмай отырғаны әңгімеге өзек болады. Б.Әлмағанбетовтың «Ер есімі ел есінде», Т.Сыздықовтың «Бостандық жолындағы күрестің жарқын беті» деген дүниелері тарихи факті мен дәлелдер негізінде жазылған. Басылымның бұл тұстағы құптарлық бір ісі ол публицистика хақында, бүгінгі публицистиканың жай-күйі, олардың жеке шығармалары төңірегінде пікір алысулар ұйымдастырып, оның барысын өз беттерінде көрсетіп отырған. Публицистика – қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге, адамдардың санасын қалыптастыруға жәрдемдеседі. Бұл тұста публицист творчествосының түп негізі оның азаматтық позициясы болып табылады. Өмірді жан-жақты бейнелеу, кемшіліктер мен олқылықтарды сынау, адам факторын жандандыруда публицистер не істеу керек, публицистиканың уыттылығын, әсерлілігін, нысаналылығын күшейту жолдары қайсы. Осы бағытта журнал «Публицистика парызы – дәуір тынысымен үндес болу» деген атпен «дөңгелек стол» басындағы әңгіме ұйымдастырды. Қалам қарымын танытып жүрген бір топ публицистер С.Мәуленов, Ә.Нұршайықов, М.Әлімбаев, Қ.Исабаев, М.Сүндетов, А.Сейдімбековтер алға қойған түйінді мәселелер төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Оқырмандарға сөзі қарымды, тілі айшықты, тақырыбы ауқымды, ойды оятатын, оқырмандарын жігерлендіріп, ілгері шақыратын шығармалар қажет. Публицистік туындыларда байсалдылық, байыптылық, зерттеушілік, аңғарымпаздық жетіспей жатады. Көбіне күнделікті тіршілігіміздің жетістіктері дәріптеліп, кемшіліктері қалтарыста қалады десе, енді бір пікір «ақиқат жолындағы күрес жайында ашық жазу жетіспейді. Басты мін көркемдеуші құралдары солғын, тілі кібіртік, ой өрнектілігі көңіл тартпайды. Публицистика сынына ат салысатындар аз» дейді. Бұл «дөңгелек стол» басындағы өрбіген ойлар. «Публицист толғауы» айдары да өз кезінде тұшымды, орамды ойларға құрылған толғамдарымен құнды. Халқының хал-жағдайын ойлаған адамды өмірде өзі көрген өзекті мәселелер толғандырып отырған. Содан барып, публицистік ой-толғанымдардан тұратын туындылар дүниеге келген. Бұған Ш.Мұртазаның «Не жетпейді?» [1989, №1], С.Ақтаевтың «Ұқыптылық – абзал қасиет» [1988, №7], С.Ғаббасовтың «Бойы сергектің ойы сергек» [1987, №6] материалдары дәлел. Журналистика теориясын зерттеуші ғалым Т.Амандосов редакторлық жұмыстың жан-жақтылығын, ол өзінің ой-пікірі мен дүниетанымы жағынан үнемі өсу үстінде болу керектігін айтады [16, 71 б.]. Редактор Қазыбаев қат-қабат жұмыстың ортасында жүріп, өзі де кезең қойып отырған өзекті мәселелерге үн қосып отырды. Осы ретте оның «Белсенді өмірлік позиция: Өзіндік қол таңба» [1986, № 11], «Жаңарудың жарқын нышандары» [1987, № 1], «Туған жер, түтінің де ыстық сенің» [1989, № 9] деп аталатын материалдары бар. Мәселен, «Белсенді өмірлік позиция: Өзіндік қолтаңба» мақаласында жаңа жетістіктерге ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін пайдалану, басқаруды жақсарту, көкейтесті әлеуметтік проблемаларға бет бұру және қоғамда жаңа моральдық ахуал жасау арқылы ғана жетуге болатынын айта келе, ол үшін кездескен кедергілермен ымырасыз күресу, әрбіріне отандық тұрғыдан қарау керек екендігін түсіндіреді. Бұл жолда принципті, ашық айтуды белсендірек ету, сын мен өзара сынды өрістету керек деген талап қояды. Кәкімжан Қазыбаев басшылық еткен бұрынғы «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») өз кезеңінің барлық мәселелеріне үн қосып, өзіндік бет-бейнесімен көріне алды деп толық айта аламыз. Әрине, партиялық журнал болған соң, онда коммунистік партияны насихаттаған дүниелер аз емес. Журналдың саяси әрі ұйымдастырушылық ролін атқарып тұрған бас мақалалар сол қоғамның басты бағытымен, ұстанған идеологиясымен үндесіп, партия алға қойған келелі міндеттермен сабақтасып отырды. Бірақ, бұл заман талабы, уақыт ағымынан туған қажеттіліктер еді. Қорыта айтқанда, К.Қазыбаев ұшқыр ойлы, ұйымдастырғыш, білімді, тәжірибелі редактор болды деп батыл айта аламыз. «Кейінгі төрт жылда ол «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналының бас редакторы болды. Мемлекет қайраткері болып, жиырма жылдай жоғары басшы қызметте істегенімен, қаламы қаз-қалпында еді. Журналдың жұмысын іле жандандырып, тақырып ауқымын кеңейтті. «Жозы басындағы әңгімені» енгізіп, абзал адамдар жайында жақсы очерктер бере бастады. «Жозы басындағы әңгіме» ол жылдары ой айтып, өткір мәселелер қозғап, батыл пікірлерді ортаға салудың оңтайлы тәсілі болатын», - деген С.Ақтаевтың пікірі Кәкімжан Қазыбаевтың сөзден гөрі іске, ізденіске бейім тұратын шебер, идеяшыл редактор болғандығын аңғартады. Ал, бірге қызмет еткен белгілі журналист, публицист Жанболат Аупбаев: «Редакцияда «Әр адам – күрделі әлем, азаматтың асыл басын ардақта, намысына тиме» деген принціптен бастау алатын кінаратсыз, моральдық, психологиялық ахуал берік орын тепті. Оған бауырмалдық пен жанашырлық, ізденімпаздық пен жаңашылдық тән болатын. Мұны оның «қарамағындағы қызметкерлеріңнен талап етпес бұрын алдымен оған жағдай жасауды ұмытпа»,– деген адамгершілік қағидасынан анық байқайтынбыз» [20, 4 б.], – деген пікірі сезімтал басшының кімнің неге, қандай тақырыпқа бейім екендігін айтқызбай біліп, қол астындағы журналистердің мүмкіндігінше сол бағытта ізденуіне жанашыр, жанкүйер болатындығы, ал қызметкерлерді көңілі соқпаған объектіге әкімгершілікпен бас-көзсіз жұмсаудан арашалап алып қалатындығы жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі. Ол басшылық еткен, қазақ мемлекетімен бірге жасасып келе жатқан бұл басылым қашан да дәуір тынысын дөп басып, жарқын қоғам құру жолындағы игі ізденістердің ұйтқысы болды. Журналист ретінде К.Қазыбаевты ерекшелеп көрсететін шығармашылық дара қасиеттері қандай дегенде, алдымен, оның тақырып табудағы талғампаздығы бірден көзге түседі. Әрине, қай журналист болса да, оқырманын елең еткізер, оның ойына ой қосып, санасына сәуле түсіретін қиял қанатын қақтыратын дүниелер жазуды армандайды. Алайда, бұл таңдаулылардың ғана пешенесіне жазылатын бақыт. Дегенмен, Кәкімжан Қазыбаев қол жеткен биігін журналистің жалықпай ізденуінің, инемен құдық қазғандай тер төгуінің жемісі деп білеміз. Ол елең еткізер жаңалықтар мен тосын деректерді жинап, соның егжей-тегжейін зерттей жүрген. Өзін толғандырған тақырып туралы дерек қана жинап қоймай, шикілі-пісілі күйінде ұсынуға асықпай, кезеңі келгенде, толыққанды кемел туындылар беруді дағды етіп алған. Міне, К.Қазыбаев жазған дүниелерде тереңдік пен парсаттылықтың, дәйектіліктің лебі есіп тұратыны сондықтан. Осындай ұлағатты қасиетті жас журналистерге өнеге ету әбден орынды. Заманның ыңғайы қанша өзгергенімен, саясат қанша құбылғанымен, бар болмысын сынын бұзбай сақтап қалатын белгілі бір рухани құндылықтар болады. Он ойланып, тоғыз толғанып, толымды дүние туғызған қаламгер шығармашылығын да сол санатқа жатқызған жөн. Осы тұрғыдан келгенде, белгілі жазушы, қарымды журналист, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың публицистика саласында тындырған еңбектерінің мән-маңызын атап көрсетуге тұрарлық дер едік. Әрине, өз дәуірінің перзенті Кәкімжан Қазыбаевтың жазған дүниелері сол кездегі тіршілік тынысынан, заман ағымынан тыс қалды дей алмаймыз. Басқалар секілді оның шығармашылығы да қоғамда үстемдік еткен идеология аясында өніп-өрістеді. Бірақ, саясат сарынына ілескеннің өзінде қабілет-қарымы, табиғи таланты көзге ұрып тұратын шеберлер болады. Бірқатар басылымдарда табан аудармай ұзақ жыл қызмет істеген Кәкімжан Қазыбаев та солардың санатынан еді. «Журналист болып қалыптасуға қажетті шарттардың бойына жинақталуы мен оның өмірге көзқарасының жетілуіне қарай, журналистің өзіндік дербестігі, творчестволық даралығы қалыптасады», - дейді публицистика теориясын зерттеуші Е.П.Прохоров. Осы ретте танымал публицистің очерктері мен мақалаларындағы ақпарат ұсыну үрдісінің өзіндік ерекшеліктері бар екенін айта кету керек. Ол бүгінгі буынның журналистерін де қызықтыруға тиіс. Себебі, К.Қазыбаев әрдайым тың деректер табуға ұмтылады. Сол деректерді өте мәдениетті түрде оқырман санасына ұғынықты етіп жеткізе біледі. Егер, ол мәліметтердің табылуына белгілі бір кісілердің қатысы болса, олардың есімін атай кетуді тағы ұмытпайды. Журналист К.Қазыбаевтың шығармаларын бүгінгі көзқараспен салмақтап-саралаған кезде, оның қай кезде де адам факторын жадынан шығармағанын көреміз. Қоғамдағы өзгерістерге ықпал етерлік адами қасиеттер, адам танымы үнемі публицистің басты назарында болған. Тың деректер мен елең еткізерлік фактілердің бірқатары осы ұғымдармен тығыз байланыстырылады. Сондай-ақ, ол жаңа мәліметтер ұсынғанда, бұл деректердің елдік мұраттарға, ұлттық ұстанымға қаншалықты жанасатынын әрдайым қаперінде ұстайды.

Зухра ЕРМАҒАМБЕТОВА

799 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз