• Еркін ой мінбері
  • 02 Тамыз, 2019

РАДИО ТІЛІ ЖӘНЕ ЖҮРГІЗУШІ

Әр салада кәсіби қажеттіліктен қалыптасқан тілдік орта болады. Әр қандай тілдің қолданыс аясы тілдік ортамен тығыз байланысты. Тілдің қолданылуы, өнімділігі және ортасы өзара қою қарым-қатынаста болып қана қалмастан, бір ауыз сөздің нарқы да көп жағдайда тілдік ортаға ықпал етеді, тіпті, тілдік ортадан айрылған сөз-сөйлемнің де дұрыс-бұрыстығын ажырату қиынға соғады. Демек, «тілдік орта» дегеніміз адамдардың тілді қолдану ортасын көрсетеді. Әдетте тілдік ортаны ішкі және сыртқы орта сынды екі түрге бөлуге негіз бар. Ішкі орта деп белгілі үзінді мен өлшемді мәтінді, сыртқы орта деп үзіндіден тыс еркін ортаны айтады.

Радионың тілдік ортасы телетіліне де, қарапайым тұрмыстық тілге де ұқсамайтын өзгеше орта. Радиоға кескіннің қажеті болмағандықтан, жүргізушіге көрерменнің де қажеті жоқ. Сондықтан, жүргізуші – үні естілгенмен, өзі көрінбейтін көмескі тұлға іспетті. Адами үнжарияны, әуен-сазды, дыбыс ұлғайтқыш кернайларды қамтыған дауыс – радионың бірден-бір заттық материалы әрі айналыс түрі (формасы). Сондай-ақ, қауымның радио бағдарламасын қабылдап тыңдауындағы бірден-бір, дабыл (сигнал). Дыбыстық тіл немесе үнжария радио берілімдерін таратудағы ең басты тәсіл. Жүргізуші мен тыңдарманның өзара ауыс-күйіс жасауындағы маңызды түр (форма). Радио жүргізушілері кескінге түспейтіндіктен, тележүргізушілеріне қарағанда шектемеге аз ұшрайды да, көп жағдайда қысылмай еркін отырады. Демек, радионың тілдік ортасы аса тылсым ақпарат орны есебінде күнделікті тілдік орта ұқсамайды. Соған орай, мұндағы еркіндік те салыстырмалы болады. Радио жүргізушілерінің сөз-сөйлемі мәтінді толық жеткізу иқтуаты мен эстетикалық құнға ие үнжария тәсілі ретінде әдеттегі тұрмыстық ауызекі тілден бастау алған болса да, кәдуелгі қарабайыр сөйлеу дағдысынан әлдеқайда мәнерлі радио тілі (Тілдік ортасы) шартты және жасампаздық сипат алатын дауыс өнері саналады. Төменде біз жүргізуші игеруге, әрі шешуге тиісті үш түрлі байланысқа тоқталамыз.

«Ірі» мен «Кішінің» арақатынасы

Радионың тілдік ортасында жүргізуші «Ірі», әрі «Кіші» рөлдердің біріккен тұлғасын құрайды. Мұндағы «Кішілік» бай мазмұнды дербес ой мен айқын даралыққа ие жеткізуші тұлға болса, ал, «Ірілік» дұрыс жұрт аңысына жетекшілік ету мен жеткізу борышын арқалаған меңгеруші тұлғаны меңзейді. «Кіші» мен «Ірі» менен түбегейлі қол үзіп, шексіз шарықтай алмайды. Бірақ, «Ірінің» илеуіне көніп, жай ғана микрофон немесе жаршы да бола алмайды. «Кіші меннің», «Ірі меннің» меңгеруінде өзіндегі түрткілік иқуат пен жасампаздық қуатты толық әйгілеуі керек. Жүргізуші өзінің рөлі мен орнын дұрыс танып, борышы мен жауапкершілігін айқындап, «Кішілік барысында ірілікті» орындап, жүргізушінің сөйлеу құқығы дұрыс жұрт аңысына жетекшілік ету мен қалың қауымның арман-тілегіне қызмет өтеу екендігін» жете тану қажет. Соңғы жылдары бір бөлім жүргізушілер өзіндегі кіші және ірі рөлдердің қатынасына көңіл бөлмей, тіпті, мүлде ескермей, радио тілін қарапайым тұрмыстық тілге барынша жақындатып, бағдарлама мен бір мезеттік жүргізу мүмкіндігін өз алдына жеке меңгеріп, өз қалауына қарай тіл-жағын безеп, шек пен шартты ескермейтін болып барады. Бағдарламаны еркін, жанды, қызықты жүргіземін деп орынсыз мақал-мәтел, қажетсіз қалжыңдарды араластырып, радионың тылсым табиғатына нұқсан келтіруде. Әрине, табиғи, жаттық, жайдары сөйлеуге ешкімнің қарсылығы жоқ. Алайда, жеке-дара стиль қалыптастырып, өзі боп сөйлегеннің жөні осы екен деп, тым қарабайырлыққа жол беріп, көшеде жүргендей көкіп-шату тыңдарман қауымға қандай ләззат бағыштап, нендей білім беріп, не жайлы ақпарат таратпақ?! Радио бағдарламасын жүргізушілер қашан да өз бойындағы ірілік пен кішіліктің арақатынасын дұрыс шешіп, жалпы жағдайды жадында сақтап, тәртіпке қатаң бойұсынып, микрофон алдындағы сөйлеу құқығын жеке басының меншігіне, менмен үстемдікке айналдырмай, сөздің салмағын, нарқын бағамдап, дәуір дауысының дәріптеушісі, қоғамдағы дұрыс салттың қорғаушылары болуға құлшынуы керек.

«Жалпы» мен «Жалқының» арақатынасы

Радионың тілдік ортасында әр бағдарламаның өзіне тиесілі анықтамасы мен стилі болады. Бірі айбынды, кең тынысты, бірі жеңіл де көңілді, тағы бірі жаңашыл да жайбарақат, ендігі бірі ұтқыр да байсалды қасиеттерімен ерекшеленеді. Алайда, әрқайсы бағдарламаның мұрат-мақсаты, бұқаралық өтімі негізінен жүргізуші арқылы әйгіленіп, іске асады. Демек, жүргізуші белгілі ақпараттық ортадағы мәлім бір медияның өкілі. Ол жеткізуші салауатымен өзіндік даралыққа сүйеніп, көздеген нысанаға сай ақпарат сұранысын анықтап, әр алуан тілмен, нышандармен тыңдарман қауыммен тіке, тең, ықпалдас тұрғыдан ауыс-күйіс жасау барысында ақпараттың мазмұнына, формасына, таралуы мен өніміне жетекшілік етіп, сәйкестіру, меңгеру рөлін ойнайды. Сондықтан, жүргізуші болған адам бағдарламаның сипатына құрмет етіп, сол негізде өз ерекшелігін көрнектілендіріп, өзіндегі жалқы қасиет пен бағдарламаның жалпы қасиетін лайықты ұштастыру керек. Бағдарламаның жалпылық сипатына бағыну жүргізушінің міндеті, әрі борышы. Ал, елден ерек бөлекше қасиетті әйгілеу жүргізушінің құқығы, әрі жауапкершілігі. Бағдарламаның жалпылық сипатынан шеттеген сайын, жүргізушінің даралығы әлсіреп, өміршеңдігі азаяды. Жүргізушінің дара қасиеті бағдарламаны жандандырып, баурамын күшейтеді. Егер, жүргізушіде өзіндік ерекшелік болмаса, бағдарлама тартымдылығынан, еліктіргіш қуатынан айырылады. Сондықтан, жүргізуші ең әуелі бағдарламаның сипаты мен стиліне лайық жеткізу формасын таңдауы керек. Егер, жүргізуші бағдарламаның ерекшелігін ескермей, сөйлеу дағдысы мен бағдарламаның арақатынасын меңгермей, беталды лағып немесе әлдебіреуге еліктеп сөйлесе, бағдарламаның тиесілі үлгісі бүлінеді. Шынайы да, нақты (реал) өмірде әр адамның тіршілік ортасы, кешірмесі, мінездемесі, құн көзқарасы, құлқы мен тұрқы, құбылысқа ой жүгірту қабілеті, аңғарымы, түсінік-талғамы, түйсінуі мен бейнелеуі, сабақ қабылдап, тәжірибе жинақтау қуаты әртүрлі деңгейде болғандықтан жүргізушінің де бағдарламаның мазмұнын жіліктеу өресі мен жеткізу тәсілі ұқсамайды. Соған орай, оның өнімі де қилы-қилы болып тыңдарманға әртүрлі әсер етеді: бірі қарапайым да жүрекке жылы тисе, бірі жеңіл де әзілкештігімен қызықтырады, бірі берік сенімге баулыса, ендігі бірі аса орнықты байыптылығымен баурайды. Жеке-дара жүргізу стилі радио бағдарламасын сан алуан түрмен, мазмұндық, формалық, монтаждық тәсілдермен әрлендіріп, тыңдармандардың таңдау кеңістігі барынша кеңейді. Дүрмекке де ілеспей, жаңалықтан да қалыспай, басты бағыттан ауытқымай, өзіндік өрнек қалыптастыру үшін радио жүргізушілері үнемі үйреніп, толассыз ой жүгіртуі, іштей толысып, ойлау дағдысын жаңалап, бейнелеу қуатын еселегенде ғана бағдарламаның қауымдық сипаты мен жалпылық құнын жоғарылату барысында өзінің де даралық қасиетін анағұлым әйгілей түсері хақ.

Жаңалық ашу мен жүйелендірудің  арақатынасы

Жаңа медия мен дәстүрлі медия жаппай ауқымға айналған ірі текшеде радио тек талғам, мазмұн, форма, стиль қатарлы түрлі жақтардан үздіксіз жаңалық ашып, тыңдарманға анағұрлым жақындап, қызмет етіп, тіпті де, көп қауымды өзіне баурағанда ғана базардан тиесілі орын иелейді. Қазіргі кезде радио бағдарламасын жүргізудегі тіл ұстартуда көптеген жаңалықтар жарыққа шықты. Бұрындары салауат пен тілсім қатар өрілген сөйлеу стилі бірте-бірте әдеттегідей ауызекі түс алған бейнелеу тәсіліне бейімделіп, өзгеше түрдегі тұрмыстық, бұқаралық мәнерге бет алды. Мұндағы басты нышандар тіршілік тынысындай жылы леп, жүрекке жылы тиер сөз-сөйлем, тыңдарманды сырлас досындай сезініп, етене шүйіркелесу, емін-еркін әңгіме-дүкен құрып, әсерлі дыбыстық орта қалыптастыру жақтарынан айқын көрінеді. Көптеген радио берілімдерінде жүргізушінің сөз ойнату, тіл қолдану тәсілі бай мазмұн, алуан бояумен ұштасып, әріптестер студияға шақырылған қонақпен, тыңдарман қауыммен тілдесу барысында басым көп мөлшердегі кәсіби тіл, шеттен енген дыбыстық аударма нұсқалар, жергілікті сөздер, интернеттік айтылым қатарлылар түгелдей жүргізушінің сөздік қорына еніп, мұның ішіндегі жаңаша атау, баламалар, жаңғырған қолданымдар жуық жылдардан бергі жаңа азат, тың талғам, қоғамдық тұрмыстағы жедел өзгерістер мен жұртшылықтың өзгеше ойламын әйгілеп, лайықты қолданса, жарасымды әзіл-қалжыңға, көңілді сыр-сұхбатқа құрылған көркем де, ықыласқа толы әсер қалдырады. Шетелден дыбыстық тұрғыдан қабылданған ауызекі сөздер, ғылыми атау-терминдер, сондай-ақ, дәуір сұранысы бойынша, қазақ тілінің заңдылығын негізге алған, сан-салаға саятын жаңа атаулар сөздік қорымызды молайтуға, тыңдарманның көз аясын кеңейтуге сеп болуда. Мысалға: жоғары қарқынды тасжол дегенді сайрақ, автокөлік тоқтататын алаңды көлік қаңтару орны деп қабылдау өте орынды. Тіке толқында еркін көсіліп, тап бермеде тауып сөйлейтін жүргізушілерге тыңдарман дән риза. Жүргізуші тілінің тұрмыстық сипат алуы белгілі дәрежеде жанды, бетбе-бет, дұрыс жеткізу қуатын әйгілеп, зор мөлшердегі тыңдарманның қалауынан шығып, бағдарламаның өтімін, тыңдалу салыстырмасын жоғарылатты. Бұқаралық мәнермен, салт-саналық сарынмен сөз саптаған жүргізушілердің ақпарат жеткізуі, көңіл-күй шарпылысын меңгеру жағындағы кәсіби кәнігілігі бұқаралық ақпарат құ-ралдарының адамның жан-жүрегіне жақындауында едәуір рөл ойнады. Алайда, бәз біреулері орашолақ тіл, сүреңсіз сөздермен бағдарламаның бояуын қашырып, кейде білсін-білмесін, шет тілдерін, жерлік диалектіні және интернеттегі екіұшты ұғынықсыз атауларды тықпалап тыңдармандар мен оқымыстылардың сөгісіне ұшырап жатады. Радионың тілдік ортасында жүр-гізуші жергілікті жағдайға, тыңдарман қауымға шынымен жақын болғаны жөн. Бірақ, ол тұрмыстық айтылымнан айнымай қалсын дегендік емес. Радио тілі қарапайым тұрмыстық тілден үн, мәнер, бейнелеу жағынан жоғары тұруы шарт. Мейлі қандай жаңашыл болсақ та, радио тілінің сыны мен сипатынан, жүйесі мен киесінен ажырауға, мазмұндық және формалық жүйеден аттап өтуге болмайды. Қағаз бетіндегі таңбадан дыбысқа көшу барысында белгілі өлшем мен шектен шығып кетпей, жасампаздық тұрғыдан көркем өреге көтеруіміз керек. Жүргізуші аузындағы сөзге кітаби озық үлгіні, жүйелі бұқаралық бояуды, көркемдікті сіңіру негізінде жаратылыс сыйлаған жалпақ тілден эстетикалық сезімге бай жағымды тілге, қоңыраулаған үнге қол жеткізу керек. Қорытып айтқанда, радио бағ-дарламасын жүргізушілердің тілдік жүйесі салыстырмалы жүйе, таратып айтқанда, толассыз құбылып тұратын даму жолындағы жүйе. Ал, жаңалық ашу соны жүйелендіру, арнаға салу барысындағы серпіліс. Сондықтан, жүргізушілер өзінің мәдени өресі мен кәсіби деңгейін үздіксіз жоғарылатып, тіл ғылымының негіздеріне құрмет етіп, жаратылыс сыйлаған тамаша үнімен, тартымды тілімен қоғамға өнеге болуы керек.

Гүлнар СОЛТАНШӘРІПҚЫЗЫ, ҚХР, Орталық радиосы Қазақ бөлімінің дикторы

811 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз