• Ұлттану
  • 02 Тамыз, 2019

ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМДАҒЫ ЖАҢА КӨЗҚАРАС

Қазіргі таңда «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жалпы саны 48 оқулық аударылды. Оқулықтар философия, әлеуметтану, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, дүниежүзі тарихы, әдебиет теориясы, халықаралық құқық және бизнес, қазіргі заманғы педагогика, өнер тарихы, интернет психологиясы, стратегиялық менеджмент, маркетинг негіздері, ұйымдық мінез-құлық, медиа және бизнес-коммуникация, адам ресурстарын басқару, дипломатия, оринтализм және семиосфера секілді бағыттарды қамтиды. Жоба ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асуда.

Жаңа оқулықтарды қазақ тілінде басып шығарудың мақсаты – жалпы гуманитарлық білімнің маз­мұны мен сапасын мүлде жаңа деңгейге көтеру. Өйткені, Кеңестік кезеңде гуманитарлық ғылымдар саясатқа қызмет етіп, коммунистік идеологияның құралы болды. Бұл жөнінде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында: «Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек» делінген. Сондықтан, жаңа жобаны жүзеге асыру арқылы ескі сарыннан арылып, гуманитарлық ғылымдар саласына жаңа серпін беруге ерекше назар аударылып отыр. Бұған дейін «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында 48 оқулық аударылған болатын. Олардың саны күн өткен сайын толығуда. Жуырда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылып басылған әлем әдебиеті теориясының жинақтары таныстырылды. Жиында кіріспе және 4 томдық антологиядан тұратын «Әдебиет теориясы» жинағын ағылшын тілінен қазақ тіліне аудару барысы, аударма сапасы мен жаңа ғылыми ұғымдар, терминдер қолданысы талқыланды. Ғалымдар бір топ батыс әдебиетшілері дайындаған еңбектің мазмұны мен құрылымы, оларды оқу бағдарламасына енгізу мәселелеріне тоқталды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, «Әдебиет теориясына кіріспе» және 4 томдық «Әдебиет теориясының антологиясы» еңбегінің жалпы редакциясын басқарған, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов аталған жинақтардың ауқымы кең екенін, авторлар әдебиет мәселесін анағұрлым кеңінен қарастырғанын және жинақтың әдебиеттану ғана емес, өнертану, театр, кино сияқты басқа салаларға да қатысы бар екенін атап айтты. Мұнда әдебиеттегі орыс формализмі, структурализм, феноменология, постструктурализм, психоанализ ұғымдары, постотаршылдық және трансұлттық таным туралы түсінік беріледі. Мәселен, ХХ ғасырдың 50-60 жылдары пайда болған структурализм, постструктурализм ағымының негізгі өкілдері – М.Фуко, Ж.Деррида, Ж.Бодрийар, Ю.Кристева Ж.Делөз, Ж.Лиотар сияқты зерттеушілердің еңбектеріндегі философиялық және әдіснамалық дүниетаным кезінде әдебиет, саясат, лингвистика, философия, мәдениет салаларына жаңа леп әкелген болатын. Жинақ авторлары әдебиеттанудың осындай өзекті мәселелерін әлемдік әдебиеттегі көрнекті шығармаларды мысалға келтіре отырып талдайды, жаттығулар береді. Бір ерекшелігі, авторлар әдебиетті фольклордан – ертегі сияқты ауызша әдебиет түрлерінен бастап қарастырады. Кіріспе мен төрт кітапта мыңға жуық әдеби шығармалар талданған және оқуға ұсынылатын туындылар тізімі берілген. «Әдебиет теориясы шығарманы қалай жазудың құпиясына баулитын теориялық толғамдар емес, оның ғасырлар бойғы тәжірибесін жинақтап, саралап, қорытынды байламдар жасап отыратын тәжірибелік негіздегі ғылым саласы. Оқулық авторлары да мәселеге осы тұрғыдан келген. Олардың көркем әдебиетке деген көзқарасының өзі біздегі кеңестік кезеңде қалыптасқан ұғымнан әлдеқайда кең. Авторлар  жиырма жылдан астам коллеждерде қазіргі әдебиет теориясынан сабақ бере жүріп, жинақтаған тәжірибелерін қорытып, жетілдірумен болған. Әрі еңбектің қолданылу өрісінің кеңейетініне күмән келтірмеген авторлар  осыншама тыңғылықты ізденістері мен жинақталған материалдар негізінде жалпы көлемі бес кітаптан тұратын оқулықтар кешенін даярлады. Бұл жинақ отандық әдеби орта үшін үлкен олжа» деді К.Матыжанов. «Әдебиет теориясы» антологиясы бірінші томының ғылыми редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісімақова жаңа ғылыми ұғымдар мен терминдер туралы ой бөлісті. Ғалым «Әдебиет теориясының топтамасы қазақ оқырмандарына әлемдік әдебиет теориясының жаңа зерттеу бағыттарын ұсынады. Отандық әдебиет саласында қалыптасқан кейбір түсініктерді бұзып, мүлде жаңа тұрғыдан таныстырады» деді. «Әдебиет теориясы» антологиясы екінші томының ғылыми редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызы екінші томда ұсынылған тұжырымдар бүгінгі әдеби туынды табиғатын тану үшін де, теориялық талдаулар негіздерін қалыптастыру үшін де қажетті дүниелер екеніне тоқталды. «Антологияның екінші томындағы мен ерекше назар аударған тақырыптар Р.Барттың «Автордың өлімі» және «шығармадан мәтінге» тақырыптарында ұсынылған маңызды тұжырым-талдаулары. Тек ол ғана емес, «Билікке құштарлық» атауымен енген Ф.Ницшенің, «Дифферанс», «Қатерлі толықтама» тақырыбындағы Жак Дерриданың, «Түс жору» мен «Тылсым» атауларымен ұсынылған З.Фрейдтің тұжырымдары бүгінгі әдеби туынды табиғатын тану үшін де, теориялық талдаулар негіздерін қалыптастыру үшін де қажетті дүниелер» деді ол. Жаңа жинақтың аудармашыларының бірі, филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп басылымның ерекшелігі бірнеше ғылымның бір жинаққа топтастырыла берілуінде екенін атап өтті. «Басылымда гуманитарлық ілім мен жаратылыстану ғылымдарының түйісуі көптеген әлемдік танымдағы ерекшеліктерді анықтауға мүмкіндік береді. Жаңашылдығы көп жинақта 75 автордың еңбегі топтастырылған. Әр автордың, ғалымның өз бағыты бар. Мұндай күрделі, әрі терең мазмұнға өрілген еңбекті бірден аудара салу мүмкін емес. Басылымда орыс тілінде де толық қабылданған нұсқасы жоқ жаңа ұғымдар бар. Соған қарамастан, әлем әдебиеті теориясын қазақшалау жұмыстарын жалғастыра бермекпіз деді әдебиетші- ғалым. Сондай-ақ, жиынға қатысушы басқа да әдебиетші-мамандар әдеби мәтіндерді қабылдау және шығармаларды теориялық тұрғыдан зерделеу, оқырманның әдеби талғамы, адамзат дамуындағы әдебиеттің алар орны жөнінде ой-пікірлерін жеткізді. Әлем әдебиетінің озық туындыларын қазақ тіліне қайта аудару, көркем әдебиетті аудару ісін бір жүйеге келтіру, «Әдебиет теориясы» атты серияны бұдан әрі жалғастыру, жаңа оқулықтарды жоғары оқу орындарында пайдалану жөніндегі әдістемелік құралдар шығару жөнінде ұсыныстар айтылды. Сонымен, «100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ оқырмандарын, әдебиетшілерді, гуманитарлық мамандық иелерін әлемдік әдебиет теориясының тың зерттеу бағыттарымен таныстыратын жаңа басылымдар жарыққа шықты. Ғалымдар мен тілші-мамандар бұл кітаптардың қазақ тіліне аударылуы қазақстандық әдебиет саласы мен ғылыми ортаның күшеюіне, тіліміздің заманға сай әлеуетін арттыруға зор үлес қосатынын атап айтты. Әдебиет теориясы жинақтары 10 мың дана таралыммен еліміздегі жоғары оқу орындарының кітапханаларына таратылады. Сонымен қатар, оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың бейнедәрістері сияқты үш форматта қолжетімді және осы оқулықтар негізінде дайындалған онлайн курстар «Қазақстанның ашық университеті» платформасына жүктеліп, еркін қолданысқа берілді. Аталмыш жинақтар «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының нәтижелі жұмыс жүргізіп отырғанының нақты дәлелі. Қазірдің өзінде жоба аясында шыққан жаңа оқулықтар бұрынғы тар аядан шығып, әлемдік білім кеңістігіне ықпалдасуға, қазақ тіліндегі ғылыми лексиканы байытуға, шетелдік ғылыми орталықтар мен баспа ұйымдарымен тығыз әріптестік орнатуға септігін тигізіп отыр. Осы аз ғана уақыт ішінде шет тілдерінен қазақ тіліне тікелей аударатын жаңа буын аудармашылар тобы қалыптасты. Ең бастысы, гуманитарлық жоғары оқу орындарында оқитын студенттер мен магистранттардың заман талабына сай білім алуына барлық жағдай жасалып отыр.

Дина ИМАМБАЕВА

464 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз