• Тарих толқынында
  • 02 Тамыз, 2019

ШАҒЫРДАН ШАШЫЛҒАН ШҰҒЫЛА

[caption id="attachment_8635" align="alignleft" width="316"] Сабырбек ОЛЖАБАЙ – Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты, Ресейдің Халықаралық психология академиясының Құрметті мүшесі[/caption] Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі

Бүгінде сексен жастан асқан Жұмабек қарияны тыңдап отырсаңыз, тұнған тарих, тұнған шежіре. Оның бір басынан өткен қызықшылықтары мен қиындықтары бір кітапқа жүк болады. Біз қысқартып айталық.

Жұмабек қарияның басынан өткен, оның жүрегіне жүк артқан мына бір оқиға біздің де көңіл теңізімізді толқытқан. 1961 жылдың сәуір айында анасы Төреқыз босанған соң, қайтыс болып кетеді де, дүние есігін жаңа ғана ашқан Молдабек шырылдап қала береді. Атасы 87 жаста, үйге кіріп-шығуының өзі мұң. Әкесі 55-те. Үйде үйелменді-сүйелменді бес бірдей бала бар. Молдабек ана сүтін ембей жатып, жетім қалса, Әлібек әлі төртте ғана. Жаңа түскен келін Нұриланың емізулі қызы тағы бар. Міне, отбасындағы осы ауыртпалықтан соң, ағайындардың ақылымен Жұмабектің әкесі Қансейіт шарананы Шымкенттегі сәбилер үйіне өткізеді. Жұмабек шақалақ еңбектей бастағанда-ақ соңынан іздеп барып тұрған. Ол үш жасқа толғанда сәбилер үйіне барса, ондағылар Молдабекті балалар үйіне өткізгелі жатыр екен. Осы хабарды естіген Жұмабек байыз тауып отыра алмады. Қасына інісі Жаңабекті ертіп, сәбилер үйін аңдыды. Басшылармен кездесіп, бауырларын өз қамқорлықтарына алатындықтарын жеткізді. Алайда, тілі былдырап орыс тілінде шыққан Молдабектің екі ағасына көнгісі жоқ. Оған сәбилер үйінен өзге жер керек емес. «Не надо, не пайду» деп шырылдайды. Алайда, бауырды қалай ғана көзің қияды. Жұмабек пен Жаңабек інілерін шырылдатып отырып, темір жолға алып келді. Шағыр станциясынан түскенде бүкіл ауыл оларды қарсы алды. Ауладан шығып көрмеген Молдабек Шағыр ауылына үйрене алмай, көпке дейін жатсынып жүрді. Тіпті, әкесіне де жуи қоймады. – Ауыл жиын-тойсыз болушы ма еді? Аналар балаларын жетектеп тойға алып барады. Той дастарханынан балаларына кәмпит, күлше, басқа да тәттілер алып, сәбилеріне береді. Үш қарындасым, екі інім той өтіп жатқан үйдің босағасынан сығалап қарап тұрады. Телміріп тұрған бауырларымды көргенде, ішіме пышақ қадалғандай болады. Әке шіркін тойға бала ілестіре бермейді. Міне, мен осылай жастайымнан ширығып өстім. Атама, әкеме, бауырларыма қолқанат болу үшін ертерек ержеткім келді, – дейді Жұмабек ата. Атасы Болысбек алпыс төрт жасқа толғанда, әжесі Қадиша алпыс жеті жасқа келгенде, Жұмабек дүние есігін ашады. Олар осы жасқа келіп көрген немерелерін қатты еркелетеді. Қадиша жас жағынан күйеуінен үлкен еді. Ол кезде үлкендер бәтуәласып қойған соң, жастар олардың шешіміне қарсы тұра алмайтын. Болысбек аңшылықты кәсіп етті. Құс салды, тазы жүгіртті. Қақпан құрды. Осылайша, отбасын ішім-жемнен кенде еткен жоқ. Жұмабек атасы мен әжесінің мейірім шуағына бөленіп өсті. Жүрегіне жылылық ұялатты. Қиналған кездерінде қолтығынан демеді. Болысбек пен Қадиша немересін жақсы көргені сондай, оны «Төрепатша» деп атады. Тегінде, төре болған да, патша болған да жаман емес. Алайда, екі бірдей қасиетті есімді қосамжарландырып арқалап жүру жігіттің жігітіне ғана жарасады. Жұмабек атасы мен әжесі өбектеп қойған осы атқа лайық болуды ер жетіп, ат басын тартып міне бастағалы өзінің басты борышы санады. Бәлкім, оны келер күндерінде шығар биігіне жеткізген атасы мен әжесінің ақ тілегі мен ақ батасы шығар. Жұмабектің әкесі Қансейіт темір жолда тексеруші болып жұмыс істеді. Қансейіт қолына майшам алып, өзінің аумағына кіретін станциядан оңтүстікке қарай 4 шақырым, солтүстікке қарай 8 шақырым жерді аралап шығады. Темір жолдың тәртібі қатал, жартылай әскерилендірілген режиммен жұмыс істейді. Жұмабек бала болса да әкесінің жұмыстан қалжырап келетінін сезеді. Сондықтан, әкесінің мазасын алмауға тырысады. Ертерек ер жетіп, атам мен әжемді, әке-шешемді осы ауыр бейнеттен құтқарсам-ау деп армандайтыны осы кез. Бала арман. Бала тілек. Сол кездің балалары ерте есейді емес пе? Жұмабек те белі қатпай жатып ауыр еңбекке жегілді. Ол кезде тұрғындар көмірді көрген жоқ. Әр үйге отын үшін 7 шпалдан берілетін. Бұл бір қысқа жетпейді. Сондықтан, әйелдер қыстық отынды ерте бастан дайындай бастайды. Тезек жабады. Даладан жусан шауып әкеліп, текше-текше етіп жинайды. Жұмабек те осы жұмыстың ортасында жүреді. Қыста шешесі отынды үнемдейді. «Отынды шапқанға жаққыз, малды тапқанға баққыз» деген тәмсілдің не үшін айтылғанын Жұмабек сол кезде-ақ анық түсінді. Олардың отбасын қысқы бұрқасыннан сақтап қалған темір пеш еді. Иә, барлық нәрсе тапшы еді. Екі-үш кісіге бір табаққа тамақ құйып, ортасына бір қасық қояды. Сол жалғыз қасықпен үш адам тамақтанады. Үйде көрпе-жастық та аз. Отбасындағы барлық бала бір көрпенің астында ұйықтайды. Бәлкім, сол жалғыз көрпе жылуы шығар-ау, олар бір-бірін өте жақсы көріп, бір-біріне сүйеу болып өсті. Бауырыңның қызу денесі жылытып жатқан түндер оның есінде қалып қойды. Есек пен өгізге соқа жегіп, жер жыртқан күндерді ол қалай ұмытады. Атасы Болысбек даладан дуадақ, қырғауыл, үйрек, киік, ақбөкен атып әкеледі. Үйде ет көп болғанымен, нан таптырмайды. Болысбек кейде аңның етін немерелері үшін нанға айырбастайтын. Осылай міріге сіріні жалғап күн көріп жүргендерінде соғыс оты бұрқ етті. Бұл кезде Жұмабек небәрі үш жаста ғана болатын. Сәби санасында көптеген суреттер өшіп қалады дегеніңізбен, бұл күндер оның жадында әлі де жаттаулы күйінде тұр.Сірә, өшіре де алмас. Не керек, 1943 жылы 37 жасында әкесі Қансейіт әскерге алынды. Бұл кезде Жұмабек бес-алты жаста. Бірақ ол әкесінің ауыр сапарға аттанып бара жатқанын бала болса да ұқты. Сондықтан да, ешкімге көрсетпей тұншыға жылады. Қансейіт ұлын тікесінен тік көтеріп алып, бетінен құшырлана сүйіп, жегулі арбаға отырғанда, оның іші қан жылап тұрды. Отбасында жеті адам қалған. Атасы Болысбек 69 жаста. Қадиша әжесі 72-де. 36 жастағы әкесінің інісі Әмірсейітті 13 жасында түйе шайнап, содан ақсақ болып қалған-ды. Анасы Төреқыз бен бір жастағы інісі Жаңабек және жиендері Шекер бар. Міне, осы жеті бірдей жанның соғыс жылдарындағы азапты өмірі Жұмабектің жүрегіне өшпестей болып жазылды. Сол жылдары ауыл тұрғындарында мал болмады. Ауылдың әйелдері кеңшардың қойын сауысып, еңбектеріне сүт алып қайтатын. Арыстан Ташкентке қарай күнде бір пойыз өтеді. Ол отбасында соғысқа кеткен адам бар үйлерге бір бөлке қара нан үлестіреді. Осы бір бөлке нан ертесіне дейін жетуі керек. Міне, осы қиыншылықтар Жұмабектің жүрегіне қанағат, нысап, сабырлылық дәнін сеуіп кетті. Ол бастауыш сыныпқа соғыс біткеннен соң, яғни, 1946 жылдың қыркүйегінде сегіз жасында барады. 1950 жылы бастауыш сыныпты бітірген Жұмабек Арыс станциясындағы №21 жетіжылдық мектепке келеді. Мұнан соң, №22 орыс мектебі жанындағы интернатқа ауысады. Интернатта 120 оқушы бар екен. Сабаққа алғыр, тындырымды, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын Жұмабек мұғалімдер көзіне түсіп, сол жылы-ақ интернат балаларының жетекшілігіне сайланады. Орта мектепті үздік бітірген Жұмабектің алдында сан тарау жол жатты. Сонда мектеп директоры Сәрсен Жүнісов оған бағыт-бағдар берді. – Жұмабек, сен мұғалімдер жетіспей жатқанда, интернатта сабақ беріп жүрдің. Сенің бойында ұстазға тән қасиеттер барын байқаймын. Сенен жақсы педагог шығады. Қазір ауылыңда мұғалім жетіспейді. Білім бөлімімен келісіп қойдым, Шағырдағы мектепке бар. Одан кейінгісін өмір көрсетеді, – деген ұстазы. Міне, содан табан аудармастан осы мектепте 40 жыл бала тәрбиесімен айналысты. Еңбек ете жүріп, жоғары оқу орнын бітіріп алды. Бастауыш мектепті жалпы орта мектебіне айналдыруда Жұмекеңнің еңбегі ересен. Мектепке заманауи үлгідегі еңселі ғимарат салынды. Бастауыш сынып мұғалімдігінен директорлыққа дейінгі сатыдан өткен Жұмекең басшылықты ізбасарларына тапсырып, зейнеткерлікке шықты. Алайда, ол қол қусырып қарап жата алмады. «Береке-ҚЖ» атты өндірістік кооператив ұйымдастырып, оған жетекшілік етті. Қазір ұжымда 700 қой, 20 жылқы, 15 сиыр бар. Қой қоздап, қорада шу болып жатқан көктем айында Шағырдың сайын даласы дүбірлі еңбек мерекесіне бөленген. Жұмекеңнің шаруашылығы мұнымен шектеліп қалған жоқ. Ол ауыл маңында бау да өсіреді. Бүгінде осы бауда 300 түп жеміс ағашы жайқала өсіп тұр. Ауыл азаматтары Жұмекеңнің елді мекен тұрғындары үшін ұңғыма қаздырғанын, Шағыр мен Монтайтас аралығына асфальт жол салдырғанын мақтанышпен айтып отырады. Осылай Шағырдан шашылған шұғылаңыз ауылдастарына нұрын себелеп тұрыпты.Осындай еңбектері ескеріліп, мемлекеттік бірқатар марапаттарға ие болды. Арыс ауданының құрметті азаматы атанды. Жұмабек Қансейітұлының шаруашылығы жайындағы айтпағымызды осымен доғарып, мақаланы аяқтай салуға да болатын еді. Дегенмен, Жұмекеңнің айтпаса болмайтын тағы екі-үш қырын оқырмандарға сүйіншілеп жеткізу борышымыз сияқтанды да тұрды. Жалпы, Жұмекең жастайынан өнер саласына жақын жүрді. Оны мектепте оқып жүргенінде жас ақындар айтысына қатысқанынан да аңғаруға болады. Осыдан бірер жыл бұрын, облыстық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, бірінші орынды жеңіп алғаны тағы бар. Бізді және бір қуандырғаны Жұмабек Қансейітұлы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің байырғы авторы болып шықты. Бұған газеттің насихат бөлімінің меңгерушісі П.Кәдеевтің Жұмабек Қансейітұлына 1974 жылы 14 шілдеде жазған хаты куә. Осында көз сүйсіндіретін бір сөйлем бар. «Осы мақалаңызға қарағанда Сіз тәуір жаза алады екенсіз. Егер мүмкіндігіңіз болса, сол өзіңіз тұрған ауылдан бізге келешек көптеп әрі әр сала жөнінде, әсіресе саяси оқу барысы, қабырға газетінің жұмысы туралы жазып тұрсаңыз. Кейде озаттардың суретін жіберуге де болады» депті ауыл мұғаліміне хат жолдаған Пайыз ағамыз. Жұмабек газет қызметкерінің осы үмітін қал-қадерінше атқарыпты. Оның жазуға біршама төселгенін «Шағырым – шаттық мекенім» атты кітабынан да аңғардық. Онда автор ұрпақ тәрбиесі, Отан, Атамекен туралы толғамды ойлар айтады. Жұмекең сонымен қатар үлкен шаңырақтың тұтқасы. Ол жұбайы Нұрила апа екеуі 2 ұл, 10 қыз тәрбиелеп өсірді. Осы тұста Нұрила апа жөнінде азырақ тоқталып өткіміз келеді. Ол келін болып түскенде, отбасында тоғыз жан бар еді. Нұрила оныншы болып тіркелді. Сексен төрт жастағы қарт атасы Болысбек бар. Жұмабектің әкесі, оның қайынатасы Қансейіт 52 жаста, енесі Төреқыз 41 жаста еді. Жұмабектің інісі Жаңабек 16 жаста. Артықгүл 7, Пернекүл 5, Шынаркүл 3 жаста. Әлібек бірде ғана.1959 жылы олардың алғашқы перзенттері Маржан дүниеге келді. Ал, 1961 жылы сәуір айында енесі Төреқыз бала үстінде қайтыс болады. Екінші қызына аяғы ауыр Нұрила осы жетім қалған жандарды жабырқатпау үшін барын салады. Ол кезде дүкенде ұн қат. Тұрғылықты адамдар есегімен, өгізімен жер жыртып, бидай егеді. Сол бидайды қол диірменмен тартып, ұн алады. Қазіргідей жарық, газ жоқ. Әйелдер даладан арқалап отын тасиды. Бір үйдің тауқыметін арқалаған Нұрила апа шын мәнінде нағыз қазақ қыздарындай қайсарлық танытты. Оның төзімділігі мен сабырлылығына, ақыл-парасатына ауылдастары, абысын-ажындары да таң қалушы еді. Қазақ қыздарының, аналардың ерік-жігері, төзімділігі қашан да бізге үлгі емес пе?! Нұрила талай рет емізулі қызын есек арбаға салып алып, ауыл әйелдерімен жусан шабуға барған күндерін әлі ұмытпаған. Одан келгеннен соң, диірмен тартып, ұн ашытып, нан көмеді. Отбасындағы он адамға тамақ дайындау оңай деймісіз. Түнде емізулі қызын ұйықтатып, атасының, күйеуінің, қайны-қайынсіңлілерінің киімдерін жуады. Нұрила көктемде қырға шығып, қозықұйрық та терді. Ол үшін таң сыз бере тұрып, төрт сиырды сауып, сүтін дәу қазанда пісіріп, бір бөлігін айран етіп ұйытып кетеді. Қозықұйрықты қайынатасы Шымкентке апарып сатып қайтады. Осы аралықта Нұрила күбі пісіп, май алып, құрт жаяды. Бір үйлі жанның тамағын дайындап зыр жүгіреді. Жұмабек қолы қалт еткенде, Ташкент базарына барып, мата сатып әкеледі. Сол маталардан түрлі пішінді киімдер тігеді. Осылай Нұриланың тігінші аты шықты. Сөйтіп жүріп, он төрт құрсақ көтерді. Тегі, Жаратқан адамның пейіліне береді деген тап рас. Осы пейілінің, жансебіл еңбегінің арқасында ол бүгінде бақытты әже атанып отыр. Нұрила Мардан деген кісінің қызы. Анасынан жеті жасында жетім қалады. Ол екінші шешесі Күләнданың қолында өседі. Күләнда Нұриланың атын атамай «Әппақ қыз» деп өтіпті. Мұнысы бәлкім, Домалақ ананың есімі Нұрила болғандықтан да шығар. Ұл-қыздарының барлығы жоғары оқу орындарын бітірген. Осы ұрпағынан 40 немере,15 шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Екі ұлы да ішкі істер саласында қызмет етеді. Шаяхмет те, Дінмұхамед те полиция полковнигі. Шаяхмет Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік Ұлттық университетінің заң факультетін бітірді. Дінмұхамед те осы жоғары оқу орнының түлегі. Тіпті, үлкен қызы Маржан да осы университеттің түлегі. Ол да заң факультетін бітірген. Шахаризада кітапханашы мамандығын алды. Жаңыл медициналық академияны тауысты. Нұрбала медициналық колледжін, Ботакөз медицина институтын бітіріп, өз мамандықтары бойынша еңбек етіп жүр. Жұмагүл Қаз МҰУ-інің филология, Элеонора Қаз МҰУ-інің шығыстану факультетінің түлектері. Элеонора филология ғылымдарының кандидаты. Гүлгүл де Қаз МҰУ-інің шығыстану факультетін бітірген. Элеонора араб тілін, Гүлгүл түрік тілін меңгерген. Гүлгүл Түркияда докторантурада оқып келді. Лаурасы медициналық колледжді бітіріп отыр. Үлкен немересі Мақсат техника ғылымдарының докторы. Бүгінде Алматыда политехникалық институтта ұстаздық етеді. Екінші немересі заңгер. Нұр-Сұлтан қаласында Ғарыш агенттігінде қызмет атқарады. Шағырдан шыққан шаруаңыздың осындай-осындай қырлары бар. Иә, жас ұлғайғанда ақылды қария – ағынды дария болғанға не жетеді? Осы тұрғыда Жұмекеңнен үлгі алсақ, әбден-ақ жарасады. Өнегелі, мерейлі отбасы дегеніңіз осындай-ақ болар. Түркістан облысы

554 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз