• Тарих толқынында
  • 02 Тамыз, 2019

ШЕКАРА ШИЕЛЕНІСІН ШЕШКЕН ТАНАШЕВ

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау  мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы

Халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда да оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының нағыз азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының беткеұстар мақтанышы болып келеді және қоғамның бүгінгі рухани жаңғыруы кезеңінде де жеке тұлғалардың құбылысы ерекше орын алады. Тарихымызда өзіндік айрықша орыны бар тағылымды тұлғаларды тану, білу – үздіксіз процесс. Әрбір тарихи кезең қайталанбас тұлғаларын өмірге әкеледі. Сол тұлғаларға қоғамдағы тарихи орнына, атқарған еңбегі мен қызметіне орай әрқилы баға беріледі. Тарихи тұлғаны біржақты бағаламай, өмірдегі шынайы бейнесін тану күрделі мәселе. Бұған дейінгі тарихтың даму белестері кезінде кейбір ірі саяси тұлғалар кеңестік саясаттың ықпалына орай, идеологиялық тар шеңбердің аясында бағаланды. Көптеген тарихи тұлғаларымыздың жарқын бейнелері, халыққа сіңірген өлшеусіз еңбектері жөнінде жан-жақты талданып, оларға реалистік тұрғыдан баға берілмеді. Сондай тарихи тұлғалардың бірі – Уәлитхан Шарафиддинұлы Танашев.

Алаш қайраткері У.Танашев туралы «Қазақстан» Ұлттық энцик-лопедиясында қысқаша мәлімет берілген. Уәлитхан Шарафиддинұлы Танашев 1887 (кейбір деректерде 1882 ж.) жылдың шілдесінде бұрынғы жер бөлінісі бойынша Астрахан губерниясына қарасты Ішкі Қырғыз Ордасының Екінші теңіз жағалауы округі, №4 ауылда (қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Мақаш ауылдық округі) балық өндірісі иесінің отбасында дүниеге келген. У.Танашев 1917-1924 жылдар аралығында туған республикамызда жаңа социалистік қоғамды қалып-тастыруға айтарлықтай үлес қосты. 1920 жылдың 26-тамызында Қазақ АКСР-нің құрылуымен Ресей импе-риясының бодандығы тұсында ыдырап кеткен Қазақстанның аумақ-тық тұтастығын қалпына келтіру басталды. Қазақстанның шекарасы алғаш рет 1920-1925 жылдары Қазақ АКСР-і құрылған кезде межеленді. Қазақстанның аумақтық тұтас-тығын қалпына келтіру қазақ халқының болашақ тарихи тағдыры үшін аса маңызды роль атқарды. Сондықтан да, бұл аса қиын да күрделі мәселені шешу үстінде алаш қайраткерлері А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, У.Танашев, А.Тұрлыбаев, Ғ.Тәжібаев, М.Көкебаев, т.б. ұлт мүддесі үшін бар жан-тәндерімен жұмыс істеді. Қазақ революциялық комитеті Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезін ша-қырудың, болашақ республиканың шекараларын анықтаудың барлық дайындық жұмыстарын жүргізді. Бұл күрделі міндеттерді жүзеге асыруда Қазақ ревкомның жанында ұйымдастырылып, А.Байтұрсынов басшылық еткен Қазақ Респуб-ликасының шекараларын анықтау жөніндегі комиссия ерекше ықпал етеді. Қазақ жерін біріктіруде күр-делі де қиын жұмыс алғашқы кезекте ұлыдержавалық пиғылдағы шовинистермен толассыз күрес барысында жүзеге асырылды. Үлкен талас-тартыстар ұйымдастырылып жатқан Қазақ АКСР-інің құрамына Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарының едәуір аймағын енгізу мәселесі бойынша туындады. Даулы мәселелерді шешу үшін Қазақ революциялық комитеті өз өкілдерін Семей, Омбы, Челябі облыстарына жіберді. Тарихи әділеттілік үшін қазақ жерінің аумағын белгілеу ісі бойынша болашақ Қазақ республикасының шекараларын анықтауда РФКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И.Лениннің қазақ халқы-ның өкілдерін қолдағанын атап өткен жөн деп білеміз. Қазақ АКСР-інің қарамағына 1917 жылға дейінгі шекарадағы Орал (Орал, Гурьев, Ілбішін, Темір уездері), Торғай (Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай, Торғай уездері), Семей (Өскемен, Зайсан, Павлодар, Семей, Қарқаралы уездері), Ақмола (Ақмола, Петропавл, Атбасар, Көкшетау уездері мен Омбы уезінің бір бөлігі), сондай-ақ Маңғыстау уезі, Закаспий облысындағы Красноводск уезінің 4-ші және 5-ші Адай болыстары, Астрахан губерниясынан Синеморье болысы, Бөкей Ордасы, Бірінші және Екінші Приморский округінің қазақтар қоныстанған жер аумақтары енгізілді. Қазақ АКСР-інің құрамына Орынбор губерниясы енді. Ал Орынбор қаласы 1925 жылға дейін еліміздің тұңғыш астанасы болды. Сол кезеңдегі ресми мәліметтер бойынша 1920 жылы күзде республиканың жер аумағы 1 871 239 шаршы версті қамтыды, халқының саны – 5 046 000 адам, оның 46,6 пайызын қазақтар құрады. Сонымен, жоғарыда есімдері аталған Алаш арыстарының ішінде У.Ш.Танашевқа жеке тоқталсақ. Ол 1919 жылдың аяғынан бастап Орынбор қаласында «Қырғыз» (Қазақ) әскери-революциялық комитетінің аппаратында болып, негізінен Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік республикасын ұйымдастыру істерімен айналысады. 1921-1924 жылдар аралығында У.Танашев Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінде (Қырғыз (Қазақ) АКСР-ның Мәскеудегі өкілдік алқа төрағасының орынбасары), Ұлттар Істері Халық комиссариатындағы, сондай-ақ, басқа да жалпыодақтық мекемелердегі Қырғыз (Қазақ) АКСР-ның өкілетті өкілі қызметін атқарды. Қазақ АКСР-ның екі бірдей шақырылымында Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланды, төрт жыл қатарынан сол кезде И.В.Сталин басқарған Ұлттар Істері Халық Комиссариаты Үлкен алқасының мүшесі, сондай-ақ Феде-ралдық комитеттің және Жер істері жөніндегі Жоғары Бақылау айрықша алқасының мүшесі болды. Уәлитхан Танашевтың тағы бір есте қалар ісі оның Мәскеуде Ұлттар Істері Халық Комиссариатында қызметте болған жылдары, У.Танашевтың Мәскеуде Қырғыз (Қазақ) АССР-нің өкілетті өкілі болып жүргенде берілген Мәскеу қалалық милициясы №9 бөлімінің Қырғыз Республикасы Орынбор губерниясы берген №61182 еңбек куәлігі негізінде толтырылған еңбек кітапшасында айқын көрінеді. 1921 жылдың 26 қыркүйегінде берілген №17260 санды бұл құжатта Қырғыз Республикасының Бөкей губерниясындағы 2-округтің 3-болысында 1882 жылы туған, Қазан университетінің заң факультетін бітірген жоғары білімді заңгер, бұл күнде 37 жастағы Хадиша Зарифқызы Танашевамен отбасылық ғұмыр кешетін Уәлитхан Шарафиддинұлы Танашев Мәскеу қаласының Мәскеу көшесіндегі 60-үй, 22 пәтерінде тұрады. Өзі Трубников бұрылысының 19-үйінде орналасқан Ұлттар Істері Халық Комиссариатында 1920 жылдың 20 желтоқсанынан бері алқа мүшесі, Қырғыз (Қазақ – А.А.) елінің өкілі деп жазылған. Жалпы, Уәлитхан Танашев араласқан қызметтердің қай-қайсысы да сол кезде әлі қандай да бір істе тәжірибесі жоқ жас республикамыз үшін аса қажетті жұмыстар болатын. Соның бірі – 1920 жылдың 17 тамызында В.И.Лениннің төрағалығымен өткен қазақ өкілдері қатысқан Халық Комиссарлары кеңесінің мәжілісі. Онда Қазақ автономиясы туралы мәселе қаралып, оның соңы айта қаларлықтай қызылөңеш тартысқа айналды. Мәселенің мәні, жаңадан Кеңестік Ресей құрамында Қазақ автономиялық республикасы құрылмақ. Осы кезде бұрынғы Бөкей Ордасының жері енді кімнің иелігінде болмақ? Ресей Федерациясы мемлекеттік архив қорындағы құжаттарға назар аударсақ, шекара мәселесі шиенелісті жағдайда шешілгеніне қанық бола түсеміз. 1921 жылдың 31 мамырындағы Астрахан губерниялық Жер бөлімі коллегиясы мүшелері қатынасқан мәжіліс журналына назар салсақ. Халықты жерге орналастыру бойынша Астрахан губерниясы мен Бөкей губерниясы арасындағы шекараны белгілеу туралы мәселе күн тәртібіне шығарылған. Даулы жер Енотаев уезінің Басқұншақ трактісімен шектесетін жер аумағы 10677 десятина және «Кезекті қоныстағы» (көшіп келіп қонатын жер - А.А.) жер аумағы 50, 997 десятинаны құрады. Осы мәжілістің хаттамасынан байқайтынымыз, 1920 жылдың 16-17 қаңтар күндері шекараны белгілеу жөніндегі Аралас комиссияның отырысы Золотухе селосында өтеді. Николаев пен Волхун селоларының қауымы Енотаев және Ленин уездерінің қазақ жерлерімен шектесетін бөлігіне 4 верст ішкерілей еніп пайдаланған. Сонымен бірге, Жаңа Николаевка, Болхун селоларының тұрғындары да жыл сайын белгіленген шекарадан ішкерілей еніп, жер жыртып, егін егіп, оны жинау жұмыстарын жүргізген. Орыс тұрғындарының пайдалану аумағы 6800 десятина жер, соның ішінде 3500-і жыртылған жер, қалған жерді мал жаюға пайдаланған. Орыс тұрғындары бұл жерлердің Енотаев уезіне қарасты екендігін алға тартса, Қазақ жағының Екінші болыс аумағының өкілі Грачев бұған мүлдем келіспей, 1905 жылғы 25-тамыздағы болыстық жиынның хаттамасын көлденең тартады. Оның пікірінше, бұл жерлерді орыс қауымы жалға алған емес, тек жалғыз-жарымдары ғана жалға алған. Сонымен қатар, орыстармен бірге қазақтар да бұл жерлерді жыртып, егін егіп пайдаланған. Оны Жер Халық Комиссариатының 1919 жылғы 9-қазандағы №40 циркуляр хатымен нақтылайды. Губерниялық жер өлшеушілердің аймақтағы хуторлар мен ауылдарға, қоныстарға бара алмау себебі, бұл жерлер сол уақытта ақ гвардияшылар мен бандылар иелігінде болатын. 1921 жылдың қазан айында РКФСР Федералдық Жер комитетіне Астрахан губерниялық РКП(б) хатшысы, губерниялық Атқару комитетінің төрағасы, губерниялық Төтенше комиссияның төрағасы және губерниялық жер бөлімінің меңгерушісі қол қойған құпия хабарлама жіберілген. Құпия хабарламада атап өтілгендей, Бөкей губерниясымен арадағы жер мәселесі Астрахан губерниялық Атқару комитетінде арнайы қаралған. Біріншіден, даулы Басқұншақ трактісі мен «Кезекті қоныс алмастыруда» орыс ұлты өкілдерінің басымдылығын, екіншіден, төңкеріске дейін орыс шаруалары бұл жерлерді шарт арқылы жалға алған, кейін Өлкелік Кеңес съездерінің шешімдері арқылы реттелген (бұл арада Бөкей облысы кезінде Астрахан губерниясының құрамында болған деген шовинистік көзқарастарын білдіріп кетуді де ұмытпайды), бірақ, бұл шешімдер дұрыс емес, әсіресе, саяси-экономикалық жағынан дей келіп, Енотаев уезіндегі орыс шаруаларының құм арасына бара алмайтындығын, аздаған заемға алған жерде тұрақтап тұра алмайтындығын атап өтеді. Шығарылған шешім екі шекаралық аумақта қалып қойған шаруалар мен олардың шаруашылығына кері әсерін тигізіп қана қоймайды, олардың қазақ даласында қалуы жүргізіп отырған шаруашылықтарының толық күйреуіне алып келеді деген сыңаржақ пікірлерін білдіреді. Экономикалық жағымен бірге, саяси қатерлі жағы бар екендігіне, яғни губерния аумағында қарулы қақтығыстарға алып келу қаупі барлығын және бандитизмнің өрістеуіне жол ашатындығына назар аударады. Шекарадағы даулы аймақты қайта қарауға ұсыныс білдіреді. РКФСР Ұлт Істері Халық Комиссиратына қарасты Федералдық Жер комитетінің 1923 жылдың 23-сәуірдегі Седельников, Астрахан губерниялық Атқару комитетінің өкілі Муравьев, Қазақ АКСР Жер Халық Комиссариатының өкілі Иванов қатынасқан мәжілісте атап көрсетілгендей, астрахандықтар осы жерге байланысты мәселені дүркін-дүркін күн тәртібіне шығарғанын атап өтеді. Ал Федералдық Жер комитетінің 1923 жылдың 24-сәуірдегі мәжілісіне комиссия мүшелері У.Танашев, Берзин, Стрелков, Астрахан губерниялық Атқару комитетінің өкілі Муравьев, Қазақ АКСР Жер Халық Комиссариатының өкілі Иванов қатынасқан. Мәжілістің күн тәртібі 1923 жылғы 23-сәуірдегі Федералдық Жер комитетінде қаралған Астрахан губерниясы мен Қазақ АКСР-інің Бөкей губерниясы арасындағы шекаралық жерге байланысты талас мәселесі. Комиссияның шешімі бойынша Астрахан губерниялық Атқару комитетіне ауыл шаруашылығымен айналысатын губерния тұрғындарының бір бөлігінің көрші Қазақ автономиялық республикасының жерін заңсыз пайдалану әрекеттеріне тосқауыл қою, оның экономикалық салдарын анықтау, сондай-ақ Астрахан губерниясының жерін көрші Қазақ республикасы жерлері арқылы ұлғайтпау шараларының алдын-алу тапсырылады. Аталған хаттамаға комиссия мүшелері, соның ішінде, У.Танашев та қол қойған. Мемлекеттік дәрежедегі барлық құжаттарды дайындау, оны нақтылап қағаз бетіне түсіру Мәскеудегі қазақ елінің өкілі У.Танашев сынды екі тілде бірдей жазатын сауатты адамға тірелсе керек. Қазақстанның мемлекеттік шекарасын орнатудың өзіне тән ерекшеліктері болды. Ол кезде шекараның графикалық қосымшасы бар және мәтіндік сипаттауы баяндалатын картографиялық материалдар іс жүзінде мүлдем болған жоқ. Сонымен қатар, 1920 жылы Қазақ АКСР-і құрылған кезден бастап Қазақстан-Ресей шекарасы бірнеше рет өзгеріске түсті. Қазіргі Астрахан облысының Қызылжар, Володар аудандары, тіпті Астраханның өзі де территориялық жағынан бір кездегі қазақтың ата-бабаларының, дәлдеп айтсақ, Дешті Қыпшақтың жері. Өкінішке қарай, кейіннен Ресей патшалығының қол астына өтуі, кей жерлерді қалмақтардың басып алуына байланысты ата-жұрт тізгіні қолдан шығып кетті. Алаш қайраткері Уәлитхан Танашевтың Қазақстанның батыс шекарасының бір бөлігін нақтылауда және екі елдің шекарасын шегендеуде істеген ерен ісін, ерлікке пара-пар қарекетін бүгінгі өскелең ұрпақ жадында ұстап, үлгі-өнеге тұтуға, туған еліне емірене білуге және патриоттық тұрғыдан рухани жаңғыруға тағылымды сабақ ете білуге тиісті. Себебі, ел аумағын түгендеудегі абыройлы іс ешқашан ұмтылмақ емес.

733 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз