• Тарих толқынында
  • 02 Тамыз, 2019

МҰХТАР ӘУЕЗОВ ҚАРҚАРАДА КІМДЕРМЕН КЕЗДЕСКЕН?

Жексен АЛПАРТЕГІ, журналист

Атақты жазушы Мұхтар Әуезов «Қилы заман» кітабын жазу үшін албан көтерілісі болған Қарқара жайлауында 35 күн болған деген әңгімені бірде жазушы Тұрдақын Жексенбайдың ауызынан естідім. Ол кісі кітапты Қытай жерінде төтенше жазумен жазылған нұсқасынан оқығанын айтты. «Шынымен, Мұхтар Әуезов көтеріліс болған Қарқарада болып, оған қатысқан адамдармен кездескен бе? Кездессе кімдермен жолыққан екен?» деген сұрақтың туындауы анық.

Бұл жөнінде әкем Сағымбектің ертеде айтқан әңгімесі де себепші болды. Әкем Ұзақ батырмен немерелес. Ұзақтың әкесі Саурықпен менің әкемнің әкесі Оспан бірге туған. Хат танымаса да сөзге ұғымтал, бір айтқанды тез қағып алатын зеректігі бар еді. 1916 жылғы көтерілісте он бір жаста болыпты. Немере бауыр болғандықтан, Ұзақты көріп өскен. Көтерілістегі қанды қырғын мен ақ патшаның зұлымдық саясатын кейбір кездері айтып отыратын. «Заман қиын болды. Ақ патшаның жазалаушы отрядтары ауыл-ауылды шауып, білгенін істеді. Қарулы жасақтан қорыққан ел тау мен тасты паналап кетті. Біздер Шәкірамбалдағы Майшұқырда және сол жердің сай-саласына қоныстандық» десе, шешеміз де кішкене балалар жыласа, «жылама, орыс келе жатыр, орыс...» деп, өткен күндердегі сөздерін айтып жұбататын. Мұны біз кейін ұқтық. Себебі, патша жарлығына қарсы шықты деп, жазалаушы отряд ауылдың зәреқұтын алса, олардың айуандық әрекеті әркімнің көз алдында істелген. Сол қорқынышты жағдайды кім қалай ұмытсын. Бұл сөз мұндаға дейін айтылып келгені де үлкендердің есінде. Патшаның жарлығына қарсы шығып, «солдатқа бала бермейміз, бала өлгенше, шал өлсін» деген ержүрек жандардың бекер құрбан болғандары да көптің есінде ұзақ сақталып келді. Әкем «1916-жылдағы сол қырғын және үркіншілік албанның талай арыс азаматтарынан айырды. Халық үшін жан қиған Ұзақ батыр, данагөй Жәмеңке, ер тұлғалы Тұрлықожа пен Әубәкірлердің және басқалардың ерліктері ескерусіз қалды. Солардың ерліктері, елге үлгі болған боздақтардың құрбандықтары бағаланбай қалғаны, жарыққа шықпағаны қалай?» деп отыратын. Кейде Ұзақтың әкесі Саурықтың қалмақпен соғысқаны, отаршыл келімсектерге қарсы шығып, Колпаковскийдің әскерлерімен айқасқанын да айтатын. Есіл ерді ақыры Жаркент жақта ұстап, үзеңгісіне у жағып өлтіргенін де әңгіме ететін. Ағасы Саурықпен бірге соғысқан Шалтабайдай ақын-күйшінің тағдыры да оңай болмапты, Сібірге айдаған» деп, оның өлеңдерін жатқа талай айтқаны бар. Жанғабылдай жүйрік шешеннің тапқырлығын әңгімелегенде, естігендер риза болушы еді. Бұл әңгімені ауылдағы көнекөз қариялар тереңнен қозғап, сөз еткенін де естіп өстік. Бірақ, кеңес заманында бұл тақырып жабық болғаны тарихи шындық. Ел қорғаған батыр, есепсіз мал жинаған бай, дінді уағыздаған молда, шаршы топқа түскен шешен кеңес үкіметінің жауы деп, оның ұрпақтарының бәрін кезінде қудалауға ұшыратқаны белгілі. 1975 жылы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы» ұзақ уақыттан кейін әлемге танымал қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың алғы сөзімен екінші рет жарыққа шықты. Кітапта көптің айтып жүрген албан көтерілісінің қаһармандарының ерліктері толық баяндалып жазылғанын әкем естігенде қатты қуанды. «Бәрі дұрыс, жақсы жазылыпты, айна қатесіз шындық. Оқиғаны көзбен көргендей баяндапты.Бәрекелді!» дегені есімде. «Енді, Саурық батыр мен Шалтабай жарыққа шықса шіркін» деп қалғаны бар. Кейін мен Алматыға келгенімде, Мұхтар Әуезовтің үйінде өтетін Халық университетінің сабағына қатысып жүрдім.Университет бір сабағын атақты ғалым Әлкей Марғұланға арнады. Әлекеңдей ғұламаның сабағына ел көп жиналып, жұрт ол кісінің сөзін мұқият тыңдады және көп дерекке де қанықты. Әлекең Мұхтармен Ленинградта бірге оқығанын айта келіп, жазғы демалыста екеуі елге бірге қайтпақ болыпты. Бірақ, Мұхтар аяқ астынан Алматыға барып, Қарқарадағы албандардың ұлт-азаттық көтерілісі туралы жазамын деп, жолымыз екі айырылды. Мұхтар ойын іске асырып, «Қилы заман» деген кітапты дүниеге әкелді. Кітап 1928 жылы жақсы шықты. Бірақ, түрлі себептермен кейін шықпай қалғаны өкінішті деді. Тағы бірде университетте көрнекті тарихшы Ақай Нүсіпбековпен де кездесу өтті. Тарихшы ғалым Мұхтар Әуезовпен қалай танысқанын еске алды. Жазушы 1927 жылдары Қарқарада болған албан көтерілісі болған жерді аралап, оқиғаға қатысқандардан дерек жинағанында қасында болғандығын әңгімеледі. Жазушы Жәмеңке ауылына, одан кейін Ұзақ батырдың ауылына барған. Ақбейіт, Қабан-Қарағай, Мыңжылқы, Шырғанақ Бөлексаз, Дөңгеленсаз жайлауларын да аралаған. Алматыға қайтарында Қызылбөрік болысы Серікбайдың ауылында болып, Асы жайлауы арқылы қайтпақ болған. Жолай Серікбайдың жесірі Көкшегір атанып кеткен Қанікенің үйіне де түскен. Қаніке Әуезовке жағдай жасап, оқиғаның қалай болғандығын айтып беріпті. Бірер күннен кейін Қаніке Асы жайлауындағы Құнанбайдың ауылына ұзатылған қызына баруға дайындалып жолға жазушымен бірге шықты. Тауда Қаніке атынан түсіп, бір гүлге ерекше назар аударды. «Еңлік шығыпты, Еңлік!» дегенде Мұхтар «не дедіңіз?» деп гүлдің атын сұрады. «Мен Еңліктің гүл екенін білмейді екенмін» деген де, Қаніке «гүлді келіншек кезімізде кептіріп, бетімізге жағушы» деді. Бұған Мұқаң таңданыс білдірді деген еді тарихшы. Бұл жерде Серікбайдың әйелі Қаніке Жетісудың атақты күйшісі Қожекенің қызы екені айтылмай қалды.Жазушының көтеріліс болған жерді көзімен көріп, материал жинағанын Қарақол абақтысынан тірі шыққан, көтеріліс басшыларының бірі Әубәкірдің ұрпақтары да растайды. Батырдың жақын туысы Әбілқасым Нұрмұханбетовтің «Ұлы жүз. Жәнібек шежіресі» кітабында «Мұхтар Әуезов Әубәкірді көрген бе?» деген материалда біраз жайтқа қанық ететін тұстары да аз емес. Автор жазушы Тұрсын Жұртбаевтың «Бейуақ» кітабынан деректер келтіреді. Ең алдымен Фатима Ғабитованың күнделігіне сүйеніп, Мұхтар Әуезовтің 1927 жылы июль айының бас кезінде Алматыға келгендігі жазылыпты. Жазушы көп кешікпей Қарқараны бетке алған. Жолай Қараш-Қараш асуы арқылы көтеріліс толқыны болған Асыны аралап, күншығыстағы Шырғанақ, Бөлексазды басып, 1916 жылы ақ патшаға қарсы көтерілген Қарқараға келген. Бұл деректі 1905 жылы Кегеннің Жалаулысында дүниеге келіп, 1975 жылы Кеген ауылында өмірден өткен, руы айт Есенаман Қосымбаевтың естелігі растайды. «Бұл өлкеде Ораз Жандосов бастаған өкімет адамдары жиі болып тұрды. Ыдырыс Көшкінов пен Ілияс Жансүгіров жұбын жазбайтын. Ол кезде Кеген, Қарқара, Шырғанақ елді мекендері, әр аймақтық ауылдық кеңеске (сельсоветке) қарайтын. Мен хатшысы едім. Сырттан келген адамдар жұмыстарын алдымен бізге айтатын. Біз қажетті жәрдемімізді жасап, жұмысын бітіруге көмек жасайтынбыз. 1927 жылдың шілде айында Алматыдан М. Әуезов келді. Сөйлестік. Келу сапарының маңызын айтты. Біз жәрмеңкедегі халықтың басын қосып бердік. М. Әуезов халық алдында сөз сөйледі. Ерекше шешендігімен танылып, халық ықыласын өзіне бірден аударды. Мен Қараштың сазына (Бөлексаз бен Кегеннің ортасындағы жазық жер) екі қазақ үй тіктірдім. Біреуінде келген кісілердің әңгімесін тыңдап, қымыз ішетін ас үй, екіншісінде өзі отырып жазу жазатын. Осылайша бір ай шамасында жатып, қилы заман материалдарын жинаған. Мұхтармен таныстығым осылай басталып, одан кейін Алматыға келгенде отбасында да бір-екі рет болғаным бар» деп жазады. Сонымен, жазушы бір ай шамасында арнайы тігілген киіз үйде кімдермен кездесті екен деген сұрақ туындайды. Бұған біз біраз шегініс жасап көрелік. 1970 жылдары әкеміз Энгельс атындағы (қазіргі Қарасаз) колхоздың қойын бағып, Қошқар мен Қарасаз ауылының арасындағы төте жолындағы қыстауында отырды. Мен 9-сыныпта оқитынмын. Кешке қарай үйге бір салт атты қария келіп қонды. Әке-шешем келген қонаққа құрмет көрсетті. Қария Сарыжаз ауылынан әкеме арнайы келіпті. Қонақ пен әкем түннің бір уағына әңгіме дүкен құрды. Райымбай батыр, Жанқабыл, Ұзақ, Жәмеңке, Диқанбай және Саурық батыр мен Шалтабай жайлы әңгімелер айтылды. Ертесінде келген қонақ аттанып кетті.Әкемнен ол кісінің кім екенін сұрағанымда, «сұңғыла адам екен, елдің тарихын жинап жүрген Қабылбек Сауранбаев деген қария» деді. Содан кейін, Қабылбек қария десе, құлағым елең етіп жүрді. Бірде ел Алматыдағы Райымбек батырдың басын тұрғызады екен, оны Қабылбек қария ұйымдастырып жатыр деген әңгімені де естідік. Ол жылдары батыр бабамыз туралы көп айтылмайтын. Көбінесе, кеңестік төңкерісшілер, ақтармен соғысқандар, лениншілдерді көбірек дәріптейтін уақыт еді. Ал, Райымбектей батырды тек көнекөз қариялар айтып, елді, жерді қалмақтардан қорғаған ерліктерін еске алып, өткен тарихты әңгіме ететін. Солардың бірі Қабылбек қария еді. Қария шежіреші болумен қатар, Кеген, Жаркент және Нарынқол өңірінде ел тарихын жинаушы болғандығын кейін білдік. Елден жинаған мұраларын Алматыдағы ғылым академияға тапсырып отырған. Бұл жөнінде марқұм, әдебиетші, әрі зерттеуші нарынқолдық Тілеужан Сақаловтың естелігі растайды.1981 жылы жасы сексеннен асып, өмірден өткен қариямен тірі кезінде Тілеужан Сақалов кездесіп, әңгімелескен. Әңгіме барысында Қабылбек қария 1916 жылғы албан көтерілісіне қатысқандардың бірі болғандығың естелікке кірген. Және де Мұхтар Әуезов кімдермен кездескені, оқиғанын қалай болғандығы жөнінде деректер бар.Естелікте: «Мұхтардың «Қилы заманын» жазарда 12-кісі- Байқұлақ (Қыстық), Долабай (Құсық), Қабылбек Сауранбаев (Алжан), Алдаберген Қойшыбеков (Алжан), Әубәкір Солтанбеков (Жәнібек), Заманбек (Қыстық), Күреңбай (Қоңырбөрік, Майлы), Дәмен Әділбек (Таңатар), Абыр (Жарты), Иса болыс (Шажа), Жанқабыл (Алжан), Мәсімхан (Қызылбөрік) деген кісілермен Иірсуда Ыдырыс Көшкіновтің үйінде екі күн отырып айттық. Олар бірнеше адам бөліп-бөліп жазып алды депті. Сонымен қатар, Қабылбектің Ұзақпен таныстығы, әрі жақын болғандығында кездеседі. «Мен Ұзақтың шабарманы болдым, оның өз тарихы бар. 1916 жылы Сарыжаздан астыма бір жақсы ат мініп, Қарқараға келсем, ел іші гу-гу екен. Келіп Ұзаққа сәлем бердім, ол кісі: «Балам, мен қайда жұмсасам, сонда барасың» -деді де мені атқосшы қылып алды. Алматыдан Тайлақ деген адам келіп, Алматының айналасындағы ел патшаға қарсы көтеріліске шыққалы жатқанын хабарлап хат алып келіпті. Тайлақ бұдан бұрын помещикке қарсы тұрып, баласын өлтіргендіктен Қырсібірге 15 жылға айдалған. Абақтыдан екі орыс, үш қазақ қашып келіп, Бекболатқа жолыққан. Бекболаттың хатын Қарқарадағы Ұзаққа табыстаған. Батырды алғаш қуаттаған айт Тұрлықожа болды. Бұдан кейін ел баталасып, бала бермеуге келісті. «Солдатқа бала берсек- бала өледі, бермесек шал өледі» деген сөзді Ұзақ батыр бірінші болып осында айтты. Батырдың бұл сөзін тағы қуаттаған Тұрлықожа болды. Ел осыдан кейін баталасып, бала бермеуге келісті. Тұрлықожаның әкесі Жансерке де, Бекболаттың әкесі Әшкей де патшадан шен-шекпен алған адам екен. Сондықтан, Бекболаттан хат келгенсін, Тұрлықожа бірден қуаттады. Осы кезде Ұзақтың ағасы Түнқатар: - Өз балаңды алып қалуға шамаң келмей ме?-деп қарсы шықты. - Менің балам Албанға тұтқа бола ма, жөнсіз сөз айтпа!-деп тойтарып тастады Ұзақ батыр. Алғаш бала бермейміз деген де Ұзақ пен Серікбай (Қызылбөрік), Қазыбек (Шүйке) және Жаңабай (Қоңырбөрік) - делінген естелікте. Қабылбек қарияның айтуынша, патшаның жарлығына қарсы шыққаны үшін алғашқы түнде бес адамды ұстапты. Ұзақ Саурықұлы, Бекдайыр Солтанқұлұлы (Айт), Қазыбек Шорманұлы (Шүйке), Кәрібоз Қаңтарұлы (Құрман) және Сыбанқұл Арғынұлы (Құрман). Екінші күні таңда патша әскері сегіз адамды - Жәйшібек Бектенұлы (Аламан), Тұрлықожа Жансеркеұлы (Айт), Құрман Әділбекұлы (Таңатар), Жаңабай (Қоңырбөрік), Білал Разақұлы (Алжан), Қағазбек (Алжан), Әубәкір Солтанбекұлы (Жәнібек) және Нүке Ыстыбайұлын (Алжан) ұстаған. Үшінші күні үш адам – Серікбай Қанайұлы (Қызылбөрік), Әбдіқалық Байсегірұлы (Аламан) және Алдабарген Қойшыбекұлын (Аламан) ұстап қамаған. Бұл жерде Жәмеңке шешеннің аты аталмайды. Мүмкін, Қабылбек қария ұмытып кеткен болар. Бірақ естеліктің бір жерінде «Жәмеңке орта бойлы, қара торы адам еді. Шоқша сақалды, сұйықтау мұрты бар, дауысы жіңішкелеу, орта, етті кісі еді» деп сипаттапты. Елдің игі жақсылары ұсталып қамалғаннан кейін жиналған көпшілік Ұзақтарды босатып алу үшін ояздың приставына өтініш айту үшін сары Оразай Қожағұлұлын, алжан Жанқабыл Әтекұлына Тайлақты қосып жіберді. Алғашында сөзді Оразай бастағанымен кейін Жанғабыл шешен сөйлепті: - Біз боз бие айтып, сойып келіскеніміз рас. Бірақ солдатқа баратындарға тілек- талап қойдық, сондықтан Ұзақты шығарып беріңдер,- деді. - Бұл үшеуін де ұстау керек. Бірақ халықтың өкілі болғансын, амал жоқ,- деді ояз орысшалап. Қабекеңнің естелігінде Тайлақ олардың айтқанын түсінді депті. Және де Қарақол, Жаркент, Алматыдан солдат шақырып отырғандарын да естіген. Ұзақ батырларды Қарақолға айдайтындарын да ұққан. Бұл сөздерді Жанқабыл халыққа жеткізді. Ертесінде халық Қарқараға шабуыл жасады депті естелікте.Бір айта кетерлік жағдай, ояз адамдары ел арасына тыңшы да жіберіп, көтерілісті ұйымдастырушыларды бақылап та отырған екен. Солардың бірі Шалабай деген жігіттің тыңшылық еткенін Ұзақтың адамдары да біліпті. Оны Ереуілтөбеде Қабылбек ұстағаны да жазылған. Қабылбек Сауранбаев кеңес өкіметі орнағаннан кейін, партия қатарына өтіп, түрлі қызмет атқарған. Өз ісіне адал жан халық жауы болып, түрмеге де отырған. 1916 жылғы Қарқара-албан көтерілісі туралы «Он алтыншы жыл» деген дастан жазған адам. Дастан Әуезовтің «Қилы заманындағы» көтеріліс басшыларының іс-қимылымен үндесіп келеді. Яғни, тарихи дастан. Жазушы бұл сапарында талай адамдармен кездесіп әңгімелескен. Кейбірлеріне өзі атпен барып жолыққан. Сондай дәлелдің бірін Ұзақтың Дәуленхан деген баласынан туған Жанәбіл де растайды. 2000 жылдары Қытайдан Алматы облысы Жамбыл ауданы Жайсан ауылына көшіп келген ағаға сәлем беріп барғанымызда, батыр аталары туралы біраз әңгіме айтты. «Үлкен атамыз Саурықтың жайлауы Сырт болған екен. Сырттағы Дәулетханның үйіне Мұхтардың іздеп келгенін шешеміз Ұлбай айтып отыратын. Дәуленхан мұсылманша оқыған. 1932 жылдардағы қиын қудалауында Мылжылқыдан 14 еркек,14 әйел, барлығы 28 жанды бастап, Қостөбедегі әкесі Ұзақ отырған қыстауы арқылы Қытайға өтіпті. 1945 жылы 49 жасында қайтыс болды» деген еді. Сөз соңында айтарымыз, Мұхтар Әуезов өзінің ойына алған Қарқарадағы албандар көтерілісін аса құштарлықпен жазып шыққанын туындысынан білу қиын емес. Жазушыға дейін 1921 жылы «Средазбюро» 1916 жылы көтеріліс болған Жетісудің жер-жеріне комиссия шығарып, материал жинатқан екен. Оның хатшысы Ілияс Жансүгіров болыпты. Материалдар Фатима Ғабитова үйінде сақталып келген болса, оны 1925 жылы Ағарту комиссары болған Смағұл Садуақасов Фатиманың үйіне келгенде танысып, Ілияс жинаған қолжазбаларды аса қызығушылықпен оқығаннан кейін: «Бұл материалдар әттең бір жақсы жазушының қолына түссе, соншама құнды тарихи роман жазылар еді» деген пікірді айтқанын Фатиманың естелігінен оқуға болады. Сол пікірді екі жылдан кейін Мұхтар Әуезов ұшқыр қаламына арқау етіп жазып шыққан.

1021 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз