• Заманхат
  • 16 Тамыз, 2019

Білім берудегі прагматистік ұстанымдар

Дина Имамбаева, «Ақиқат» журналының бөлім редакторы

Қазіргі заманғы білім беру саласының басты мақсаты үйлесімді дамыған, әлеуметтік белсенді, шығармашыл тұлға қалыптастыру болып табылады. Елімізге барлық сала бойынша бәсекеге қабілетті, тез өзгеріп жатқан өмір жағдайларына жылдам бейімделе алатын жоғары білікті мамандар қажет. Оларды даярлайтын бірден-бір сала білім беру мекемелері. Сондықтан да өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие берудің әдістәсілдерін жаңа заман талаптарына сай ұйымдастыру аса өзектіленіп отыр. Осы тұрғыда жалпы білім берудің мазмұны да тұтастай жаңарып, білім беру тұлғалық бағыт алды, яғни оқушылардың бейімділігі мен қызығушылықтарын ескере отырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға баса назар аудару, алған білімдерін жаңа жағдайларда қолдану мүмкіндігін қамтамасыз ету негізгі мәнге ие болды.

Дәл осы мәселелер, атап айтқанда білім беруде жаңа технологияларды қолдану, білім мен тәрбиені қатар алып жүру, адамның өзін өзі үздіксіз жетілдіруі, өмір бойы оқу, социумда бейімделе білу, шығармашыл тұлға даярлау және т.с.с. міндеттер білім берудегі прагматистік ұстанымдардан бастау алады. Прагматизм тұжырымдамасы бойынша тұлғаның интеллектуалдық және адами қасиеттері онымен бірге жаратылған және бұл қасиеттер ең алдымен адамның жеке тәжірибесі арқылы жарыққа шығады. Міне, осыдан келіп прагматизм өкілдері білім берудің міндеті белгілі бір моральдық қасиеттерді, қағидаттарды, тұлғаның құндылықтық бағдарын қалыптастыру емес, керісінше, тұлғаның табиғат берген қабілеттерін оның жеке тәжірибесі негізінде жетілдіру деп санайды. Ақиқат пен мағыналық мәнділіктің өлшемі ретінде практикаға негізделетін прагматистік ағым ХІХ ғасырдың аяғында пайда болды. Америкалық философ Чарльз Пирс бастап берген бұл ағым Уильям Джемстің, Джон Дьюи сияқты ғалымдардың еңбектерінде одан әрі тереңдей дами түсті. «Бірден бір ақиқат – индивидтің тікелей сезімдік тәжірибесі» деп пайымдайды Джемс. Ч. Пирс ақиқат – ғылыми зерттеудің қорытынды нәтижесі (кез-келген аралық нәтиже емес) деп тұжырымдады. Егер бір нәрсе ақиқат болса, онда ол сенімді деген сөз және ол жағдайға қарай өзгермейді. Теория – тәжірибенің тікелей абстрактілі түсінігі, ол өз кезегінде тәжірибені міндетті түрде өз ақпаратымен байытуы тиіс. Осылайша, қоршаған ортаны бағдарлай білетін организм прагматизмнің негізгі зерттеу пәні болып табылады. Бұл тұжырымдар Кант философиясына және білім мен ақиқаттың сәйкестігі (яғни білімнің объективті нақтылыққа сай келуі) теориясына сүйенеді. Прагматизм өкілдері тәрбие дегеніміз баланы алдағы ересек өмірге даярлау ғана емес, ең алдымен оның дәл осы шақта өмір сүруі, тәжірибе жинауы деп қарастырады. Сол себепті тәрбиенің міндеті – баланы нақты өмірлік мәселелерді шешуге, осындай тәжірибе жинақтау арқылы әлеуметтік ортада табысқа, игілікке қол жеткізуге көмектесу. Тәрбиеленушілер кәдімгі өмірде адам бетпе-бет келетін проблемаларды шешудің қағидалары мен әдістерін үйренуі тиіс және сонда ғана оның қоғамдағы өмірге, әлеуметтік ортаға кірігуі табысты болады. Америкалық философ, педагог Джон Дьюи ХХ ғасырда педагогикалық ойлау тәсілін тұжырымдап берген атақты төрт педагогтің бірі ретінде әлемдік дәрежеде танылған. Дьюи прагматизмнің жаңа нұсқасы – инструментализмді дамытты, логика мен таным теориясы саласында прагматистік әдіснаманы жасап берді. Дьюи философиясындағы орталық ұғым – тәжірибе ұғымы (Дьюи эмпиризмі). Бұл философияның мақсаты адамға тәжірибе тасқынында алдына қойылған мақсатына қарай қозғалу және оған қол жеткізуге көмектесу, адам өмірінің барлық саласында тәжірибені жүйелі жетілдіру. Дьюи бойынша тәжірибені жетілдірудің үш жолы бар, олар: - Әлеуметтік реконструкция; - Тәжірибеге «жаңа технологиялардың» ғылыми әдістерін қолдану; - Ойлауды жетілдіру. Әлеуметтік реконструкция – қоғамның өзін жетілдіру – тәжірибені жетілдірудің шарты, өйткені тәжірибенің көп бө-лігі қоғамның ішінде жинақталады. Әлеуметтік реконструкция дегеніміз – меншік қатынастарын жетілдіру, адамдардың неғұрлым көп бөлігін меншік иесі ету, меншікті акцияландыру. Меншік қатынастарын жетілдіру арқылы адамды өз еңбегінің жемісіне жақындату, еңбектің нәтижесін иемденуші паразитті топты (ірі меншік иелері, монополистер) азайту. Материалдық игіліктерді әділетті бөлу. Кедейлікпен күресу, мемлекеттің азаматтардың жағдайын жақсартуға тұрақты қамқорлық жасауы. Адам құқықтарын қамтамасыз ету, демократиялық мемлекетті жетілдіру. Мұның өзі бүгінгі Қазақстан мемлекеті ұстанып отырған «орта тапты» қалыптастыру, қоғамды одан әрі демократияландыру саясатының бір көрінісі. Педагогикадағы прагматизге келетін болсақ, Дьюи тәрбиенің мақсаты – еркін кәсіпкерлік жағдайында «әртүрлі құбылыстарға бейімделе алатын» тұлға тәрбиелеу деп тұжырымдады. Болашақ қоғам мүшесі және отбасын құрушы ретінде балалардың денсаулығына, демалысына, мансабына қамқорлық жасай отырып, әрбір адамның өміріне жағымды ықпал жасауға болады дейді ол. Ол балалық шақтың ерекшелігін зерттеуді ғылыми педагогиканың жолбасшысы деп қарастырды және баланы тәрбиенің саналуан факторлары – экономикалық, ғылыми, мәдени, этикалық ықпал жасаудың пәні етуді ұсынды. Дьюи бойынша, педагогиканың ғылым ретіндегі маңызды бастаукөзі – өмірде тексерілген әдіс. «Бала – барлық нәрсенің бастапқы нүктесі, орталығы және соңы. Оны дамыту тәрбиенің өлшемі болып табылады». Тәрбие – тәжірибенің әлеуметтік мазмұнын тереңдету мақсатымен оны реконструкциялау және жинақтау үдерісі, дейді Дьюи. Баланың жеке тәжірибе жинақтауы оның тұлғасын тәрбиелеуге жетелейді. Осы тұрғыда Дьюи баланың ырықсыз мүдделері және жеке тәжірибесіне негізделетін «инструменталды педагогика» құру идеясын ұсынды. Осы концепция бойынша, оқыту көбінесе ойын және еңбек әрекетіне негізделуі тиіс, мұнда баланың әрбір әрекеті оның танымының, жаңалық ашуының, ақиқатқа жету тәсілінің құралына айналады. Танымның мұндай жолы әдеттегідей балаға білімдер жүйесін хабарлай салуға қарағанда баланың табиғатына анағұрлым сәйкес келеді дейді прагматистер. Оқытудың соңғы нәтижесі ойлау дағдыларын дамыту болуы тиіс, бұл өздігінен білім алуға қабілеттілікті білдіреді. «Оқытудың мақсаттары – өмірлік міндеттердің шешімін таба білу, шығармашылық дағдыларды меңгеру, тәжірибені байыту, өздігінен оқуға және өзін өзі жетілдіруге талғамын қалыптастыру». Дьюидің тұжырымдары 1884–1916 жылдары бірнеше мектепте жүзеге асырылды. Чикаго университеті жанындағы бастауыш мектепте оның әдістемесі бойынша 4 жастан 13 жасқа дейінгі балалармен жұмыс жүргізілді. Мұның себебі мектептегі кейінгі сыныптарда табысқа жетудің негізі мектепке дейінгі мекемелерде қаланады деген тұжырымға сүйенді. Мектептің міндеті оқушыларды өз бетімен шешім қабылдауға даярлау, ортаға бейімделе білу дағдыларына үйрету болды. Тәрбиеші мен мұғалім балалардың қабілетіне сәйкес олардың әрекетін бағыттап отыруы тиіс. Тәрбие баланың туабітті қабілеттерін еркін дамытуға сүйенуі қажет. Дьюи өзінің мектептегі тәжірибесі негізінде өз тұжырымдамасын одан әрі толықтырды, яғни мектеп қоғамдағы өзгерістерге икемді жауап қатуы тиіс, өзі де кішігірім қоғам бола білуі қажет, балаларға қоғамдық ынтымақтастық сезімін және өзара көмек дағдыларын қалыптастыруға кең мүмкіндік беруі тиіс. Тәрбиелеуші және оқытушы орта ретінде мектеп мынадай негізгі міндеттерді орындауы тиіс: өмірдің күрделі құбылыстарын балаларға түсінікті етіп жеткізу, адамзат тәжірибесіндегі кең таралған және маңызды сәттерді зерттеуге таңдап алу, қоғамдық айырмашылықтарды теңдестіруге ықпал ету, «ой бірлігін және әрекет келісімділігін» құру. Прагматистерде білім берудің мазмұны – баланың тәжірибесі, ол білім беруші орта жағдайында байи түседі. Оқушылар үшін тәжірибе жинақтаудың тәсілі – әртүрлі мәселелерді шешу: макет дайындау, проблемалық сұраққа жауап табу және т.с.с. Баланың назары мен әрекеті оның қызығушылығына байланысты білімдерге ауады. Осы тұста Дьюи балаға өмірлік маңызды нәрсенің бәрі қызықты болмауы мүмкін, сондықтан баланың бойында ерік күшін, мінез қасиеттерін дамыту қажет деп есептейді. Қызығушылық пен күш салу арасындағы қайшылық тәрбиешінің балалардың жас ерекшелігін білуі арқылы жойылады дейді Дьюи. Ол мектеп өміріндегі осындай үш кезеңді бөліп көрсетті. Бірінші кезең – төрт жастан сегізге дейін. Ол әсерлену, елестету және әрекет ету арасындағы байланыстардың айқындығымен сипатталады. Екінші – сегізден он бір жасқа дейін – іс-әрекеті мен қызығушылықтарының кеңею кезеңі. Ойын бұған дейінгідей өте маңызды емес. Бұл кезеңде іс-әрекеттің мақсаттары мен құралдары арасында байланыс пайда болады, шығармашылық туады. Үшінші кезең – он бір жастан орта білім алуды аяқтағанға дейін – бала өміріндегі аса маңызды кезең, өйткені ол тұлғаның бүкіл өмірлік күштерінің табиғи өсуіне байланысты. Алайда Дьюидің педагогикалық үдерісте ең алдымен балаға назар аударуға басымдық беруі және оқытуды баланың қызығушылығына қарай құру тұжырымдары жүйелі оқудан бас тартуға, балаларды тәрбиелеуде ғылыми білімдердің рөлін төмендетуге әкеп соқты. Дегенмен, прагматизм идеялары мен жобалау әдісі көптеген елдердің педагогтарының назарын аударды. «Өз елінің санасы», «демократияның дауысы», «ұлттық философ» атанған Д.Дьюи қоғамды демократияландырудың басты тетігі «әмбебап білім алу» дейді. Ол жалпы ағарту ісін, оның ішінде мектепті әлеуметтік реконструкцияның басты құралы, ал педагогика – философияның практикалық көрінісі деп пайымдады. Жаңашыл-педагог және гуманист Дьюи педагогикалық проблемаларға 180-нен астам еңбегін арнады, бұл жұмыстар бүкіл дүние жүзіндегі білім берудің теориясы мен практикасына орасан зор ықпал жасады. Д. Дьюи өзінің «Менің педагогикалық кредом», «Мектеп және қоғам», «Бала және бағдарлама», «Демократия және білім беру» атты еңбектерінде негізгі педагогикалық идеяларын тұжырымдап берді. ХХ ғасырдың басында Дьюи білім беру мәселелерінде халықаралық беделі мойындалған тұлғаға айналды. Ол дәстүрлі авторитарлық білім беруге қарсы шыққан жаңа мектеп пен реформаторлық педагогика қозғалысының лидерлері қатарында басты орын алады. ХХ ғасырдың басында индустриалдық қоғам адам мен қоғамды, ғылым мен техниканы дамытуға материалдық перспективаларды кеңінен аша отырып, тұлғаның шеттелуін одан әрі күшейте түсу қаупін туғызды. Білім берудің тұлға қалыптастыруда қоғам мен уақыт үдерістеріне сәйкес келмеуі әлеуметтік-экономикалық дамуды тежеп қана қоймай, тұлғааралық қатынастар мен қоғамдық тәжірибенің дегуманизациялануының басты себебіне айналу қаупі бар. Индустриалдық өркениет тұрғысынан қоғам – мемлекет арқылы ұйымдастырылатын орасан зор күрделі механизм, ал адамдар өндірістік және әлеуметтік механизмнің бір тетігі, экономикалық, саяси проблемаларды шешуге қажетті шикізаттың белгілі бір түрі іспетті. Индустриалдық өркениет сонымен бірге адамның бостандығы, индивидуализмі, шығармашылық дамуы мәселелерін көтерді, демократия, азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет қағидаларын бекітті. Білім алу қалың көпшіліктің игілігіне айналды. Білімнің интеграциялық қызметі күшейді, өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық салалар арасындағы қайшылықты жеңуге ықпал етті, тұлғаны қоғамға интеграциялау, жалпыға ортақ мәдени нормалар есебінен таптық антагонизмді жұмсарту жүзеге асты. Адамтанудың, психологияның дамуы балаға оқу-тәрбие үдерісінің белсенді субъектісі ретінде көзқарас негіздеуге мүмкіндік берді. Баланы білім берудің басты орталығы ете отырып, Дьюи адам мен қоғам қатынастарын үйлестіру мәселесіне тап келді. Мұның шешімі демократияны дамыту, деді ол. Демократия – педагогиканың басты қағидасы. «Қоғамдық құрылымдар, заңдар мен институттар адам үшін құрылған және олар индивидуумды қалыптастырудың құралы болуы тиіс» деді Дьюи. Кез-келген мемлекеттік- қоғамдық құрылым адам қабілеттерін ашуға жағдай жасауы тиіс. Демократия қоғам және оны құрайтын индивидтердің қарым-қатынасын нақты үйлесімге келтіре алатын тетік деп санады. Қоғамды демократияландыру адамды дамытудың ерекше ортасын құруға мүмкіндік береді, мұндай оқытушы әрі тәрбиелеуші орта ең алдымен мектеп болуы тиіс. Мектеп қауымдастығы қажетті когнитивтік, этикалық және әлеуметтік-психологиялық дағдыларды дамыта отырып, демократияға үйретеді. Сынып демократиялық қоғамның саналы, білімді, әлеуметтік және моральдық жауапты азаматтары қалыптасатын басты бөлімшесіне айналады. Дьюи білім беруді адамды тәрбиелеу, оқыту, дамыту үдерісі ретінде қарастырды, оның нәтижесі социумның өсіп келе жатқан мүшелерін онда қабылданған нормаларға сәйкестендіру болып табылады. «Мектеп баланың табиғи әлеуметтік ортасына неғұрлым жақын болуы тиіс» дейді Дьюи. Тұлға мен мінез мектептегі пәндерден маңыздырақ. Мақсат білім беру мен хабардар ету емес, тұлғаны айқындау. Бүкіл әлемнің білімін меңгеріп, өзін өзі жоғалтып алу өте қорқынышты. Адам проблемалық жағдайдың қиыншылығынан шығудың жолын өз бетімен іздеген кезде ғана ойланады. Егер де ата-ана немесе мұғалім ойлауды ынталандыруға жағдай жасаса, бала да мүмкін болғанның барлығын істейді. Дьюи мектептің маңызды міндеті балалардың бойында рефлексті ойлау және социумда бейімделе білу дағдыларын дамыту деп білді. Егер де мектеп өз оқушысын қоғамға қызмет етуге және шығармашылыққа үйретсе, қоғам да соғұрлым озық және үйлесімді болады. Осылайша Дьюидің педагогикалық концепциясы баланың біртұтас дамуын, тәрбие мен оқыту үдерістерінің бірлігін қамтамасыз етуді көздей отырып, баланың табиғи дамуына педагогикалық жетекшілік етудің моделін жасады. Сөйтіп адамның жеке дамуы мен әлеуметтік тұлға, азамат ретінде қалыптасуы бірін бірі толықтыра отырып, үйлесім тапты. Ч. Пирс, У. Джемс, Д. Дьюи сияқты ойшылдардың педагогика жүйесінде үлкен серпін туғызған және ешқашан да өзектілігін жоймайтын педагогикалық көзқарастарын бүгінгі күнге бейімдей отырып, үйлестіре пайдалану білім беру жүйесінің мемлекет пен қоғам талаптарына сай азамат тәрбиелеудегі жұмысын одан әрі жетілдіруге ықпал етеді. Осы орайда «Қазақстан-2050» стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты бағдарламада жоғарыда аталған көптеген мәселелер айқын көрініс тапқанын айта кету орынды. Жаңа бағыттың басты экономикалық саясаты – пайдалы нәтижеге қол жеткізу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген экономикалық прагматизм. Жеке меншікті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту осы міндеттерден туындайды. Білім берудегі прагматизмге қатысты айтар болсақ, бағдарламада «отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізуге тиіспіз» және «Орта және жоғары білім берудің оқу жоспарларының бағыттылығы мен басымдықтарын оларға тәжірибелік машықтарға үйрету бойынша және тәжірибелік біліктілікке ие болу бағдарламаларын  қосып, өзгерту» делінген. Қазіргі заманда білім атаулы жыл сайын ғана емес, күн сайын өзгеру үстінде. Сол себепті жастар ақпаратпен өз бетінше, дербес жұмыс істей білуі, түрлі салалар бойынша білімдерін үнемі жетілдіріп отыруы, қажет кезде жаңа білім, жаңа мамандық алуға қабілетті болуы тиіс. Олар белсенді іс-әрекет, парасатты шешім қабылдай білу, сыни көзқарас, жаңа идеяларға жақын болу, шығармашылық ойлау, икемділік қасиеттерімен ерекшеленеді. Сондай-ақ ақпараттық қоғам жағдайында мәдениетаралық, еларалық қарым-қатынас ауқымы бұрын-соңды болмаған дәрежеде ұлғайып барады және бұл үдерістен ешбір халық, ұлт, мемлекет тыс қала алмайды. Осыған байланысты жастардың жоғары мобильділік, коммуникациялық мәдениет, төзімділік, бәсекеге қабілеттілік, кәсіби біліктілік сияқты қасиеттерін жетілдіру маңызды. Бұл – кез-келген дамыған қоғам үшін уақыт талабы.

799 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз