• Заманхат
  • 16 Тамыз, 2019

ТІЛ – ТАРИХТЫҢ ТІРІ ТҰҒЫРЫ

Сөз бен жазу

Тіл – адам баласының бойындағы баға жетпес байлық. Ол адам адам болып жаратылған әу бастан туа біткен қасиет болса керек. Алғашқы адамдар тілсіз, дыбыс шығару қабілетінсіз жаратылса, олардың интеллектуалды өресі ұшқан құс пен жүгірген аңдағы секілді инстинкт деңгейінде қалар ма еді, қайтер еді? Алғашқыда тілдің қалыптасуына адамдардың ұжымдасуы, бастарының бірігуі түрткі болғаны сөзсіз. Екі қолға бір күрек қана бар тағылық пен жабайылық заманында жеке дара күн көру мүмкін емес еді. Шағын аумақтағы жинақы топ үлкейе келе, ортақ тіл қалыптастырды. Әу бастағы оның жұтаң тілі, келе-келе сол өңірді мекендеген рудың, тайпаның тіліне айналған тәрізді. Тіл шыққан сәт, біріншіден, адамдар қауымын ең биік әлеуметтік қауымдастық – адамзатқа айналуға жол ашты, екіншіден, тұңғыш интеллектуалды серпіліс еді әрі бұдан кейінгі барша серпілістердің атасы, айталық, «неолиттік революциядан» бүгінгі нанотехнологияға дейінгі, үшіншіден, бастапқыда кімнің кімге алыс-жақын тұрғанын, тарихи тағдырын білуге шылбыр ұстататын өлшем құралы. Тілдік қоры адамдар қауымының, нақты халықтың даму сатысын, ділін, ойлау жүйесін, еңбек бөлісінің қай саласына бейім екенін көрсетеді.

Адамдар қауымының есеюімен тілі, тілдің жетілуімен адамдар қауымы кемелденді. Бұлар бірінен бірін ажыратуға жатпайтын тұтас жаратылыс. Тіршілік иесінің ақылымен немесе қолымен дүниеге келген жаңа нәтиже, өнім, жаңалық сол сәтінде тілден атау, есім, сан, сын, өзгеріс, қимыл, өлшем түрінде көрініс тапты. Сөздік қордың ұлғаюы адамның жадын жасартты, санасына серпін берді, танымын тереңдетті. Оның барша болмыс-бітімі – отбасылық және туыстық қарым-қатынасы, куанышы мен реніші, кәсібі мен мамандығы, еңбек бөлінісі мен өнімділігі, өмір мен өлім, Отаны мен әлем жайлы дүниетанымы – бәрі тілімен өрнектелген. Тіл мен sapiens – түйдей құрдастар. Тілдің жаны мен сәні – сөз. Алғашқы сөз корпусы адамдардың кездесуі, қоршаған табиғатты игеру немесе соның құбылыстарын айыру барысында қалыптасса керек. Демографиялық өсім, адам мен табиғаттың жақындасуы мен тұтасуы, экономикалық тұрақтылық сөздің саны мен сапасын арттырып қойған жоқ, оны материалдық, рухани, әлеуметтік, әскери, т.б. күшке айналдырды. Еңбек бөлінісінің тереңдеуімен ол әлеуметтік-кәсіби сипат алды. Тіл мен сөзге әркімнің жеке тағдырынан бастап бүкіл әлем, оның халықтары мен мәдениеттері сияды. Екіге екі қосқанда төрт болатынын да, таулар мен мұхиттардың жаратылу себептерін де тек тіл арқылы ғана жеткізе аламыз. Тілдің құдіреті – адамды, халықтарды, тарихты қозғалысқа әкелетіні. Дер кезінде айтылған сөз, жұмсалған тіл үлкен тарихқа тұғыр болады. Сөздің байлығы барынша көрінетін сала – әдебиет пен өнер. Түркі әдебиеті Орхон жазуымен құрдас. Оның ауыз әдебиеті шағындағы байлығы, тарихы, поэтикасы мен композициясы қырғыздың «Манасында» толық көрініс тапқан. Ал «Алпамыс», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырлары Гомердің «Илиада», «Одиссея» поэмаларымен қатар тұруға лайық. Өнері одан да әріден бастау алатынын жартастағы суреттерден, сақтардың «аң стилінен» анық көрінеді. Осыншама ғасырларды аттап өткен тіл мен сөз жұтаң болуы еш мүмкін емес.Абайдың: «Туғанда дүние есігін ашар өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген жолдарын тіл құдіретіне тағзым ретінде ғана емес, өлмейтін «менді» - ақылды өлетұғын «менікінен» - тәннен жоғары қоюы деп қабылдасақ, есте жоқ ескі заманнан қалған қорғандарға, зираттарға, жәдігерлерге қарап, жердің кімге тиесілі екенін, этникалық шекараның қалыптасуын ұғынуға болады. Әдебиет пен өнерде туған жерге, тілге, халыққа шексіз сүйіспеншілік пен махаббатты сомдаған шығармалар болашақ геолог пен агрономды, механизатор мен ұшқышты, дәрігер мен шахтерды тәрбиеледі. Осыдан кейін тіл тарих тұғыры мен киесі емес деп кім айта алады. Ол ұлттық жадты, сананы, танымды, сезімді билеп алғандықтан тарих қозғалысына екпін берді. Тілде халыққа тән мінез, діл, өмір салты – бәрі тұр. Тарих сілемі де бар. Ресей ғалымы С.Г.Тер-Минасова жеке тұлға мен ұлттық мінез-құлықты қалыптастырудағы лексика мен грамматиканың рөлін ағылшын, орыс тілдері дерегінде зерделей келіп, «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» кітабында мынадай пайымға тоқтапты: «Ағылшын тілінен қонақжайлылық туралы не жағымды, не жағымсыз мәнді иеленетін тілдік бірліктерді мүлде кездестірмедік. Ал орыс тіліндегі «Незваный гость хуже татарина» мақалы о баста татарлардың Русь жеріне басып кіруіне байланысты қалыптасқан. Сол уақыттан бері жүз жыл өтсе де, орыс және татар халықтары бір мемлекетте өмір сүріп келе жатса да, өткен тарихи оқиғалардың белгісі ретінде тілде сақталып қалған». XX ғасыр басында А.Байтұрсынұлы қазақша сөз тұлғаларын беске бөлгені белгілі: түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қосалқы сөз, қосымшалар. Жаһандану қазіргідей әлемді жайлап кетпегендіктен басқа тілден ауысқан кірме сөз мәселесі ғылыми талдауға түспеген еді. Кіре қалғандарының өзі түркі тілінің заңдылықтарына бағындырылып айтылатын: кровать – кереует, поезд – пойыз, самовар – самаурын... Тілдік үстемдік пен икемділіктің бұл да бір айғағы. Тіл өсу немесе өшу үстінде болатынын ұғыну үшін сол тілде қанша сөз бар екеніне назар аударсақ жетіп жатыр. Мәселен, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай шығармаларында 9 мың сөз қолданылған екен. Ал арада жарты ғасыр өткенде «Абай жолы» эпопеясында М.Әуезов 16 мың қазақ сөзін пайдаланыпты. Кеңестік жылдары қазақ тіліндегі сөздер 10 том көлемінде жинақталса, тәуелсіздік тұсында ол 15 том болып жарияланды. Мамандардың есептеуінше, әдеби қазақ тілінде 130 мыңнан астам сөз бар. Ең бастысы, түркі тілдерінің сақталуына қазақ тілі шешуші үлес қосты. Себебі, біріншіден, 1931-1933 жылдарғы ашаршылыққа дейін түркі халықтарының ішіндегі ірілерінің бірі қазақтар болса, екіншіден, ежелгі замандардан бері қазақтар түркітілді этностардың қақ ортасында өмір сүріп келеді. Түркі тіліне тән әуезділік пен байлық қазақ тілінде молынан сақталғанын ғалымдар XIX ғасырда-ақ айтқан болатын. Өкінішке қарай, бұл үрдіс барша түркі халықтарына тән деуге негіз жоқ. Мемлекеттілігінен айырылып, бодандық қамытын киген қырым татарлары мен ноғайлардың, Еуропа мен Америкадағы түркі диаспораларының тілдерінде келешек бар деп айту өте қиын. Қалың славян тектестердің ортасында қалған әрі түркілік шет аймақтағылар – хакас, сақа, башқұрт, чуваш, тывалықтардың тілдік әлеуеті өте әлсіреп кетті. Түрлі себептермен әлемде екі апта сайын бір тіл жойылуда. 400-ден астам тілге жойылу қаупі төніп тұр, жеті мың тілді әлем халықтарының 0,2 %-ы ғана 3,5 мың тілде сөйлейді. Демек, тіл мен сөзді сақтау түркі халықтарының өмірін ұзарту үшін күрес болып табылады. Тіл мен сөз дүниеге келген сәттен тап сол тіл мен сөздің көптің игілігіне айналуымен үздіксіз артқан интеллектуалды-инновациялық әлеуеті арқасында адам қоғамдағы өзгерістердің объектісінен субъектісіне айналды. Талбесікте тербелген адамның, халықтың сәби шағынан барлық есею белестері, біріншіден, тіліне сүйенумен мүмкін болды, екіншіден, сөздік қорына молынан енді. Тарихи география мен ономастика, терминология мен фразеология, қысқасы ғылым атаулының бәрі халықтың, жердің, тілдің байланысын, өзара ықпалдастығын қуаттап отыр. Ең маңыздысы, тілдік және аумақтық бірегейлік пен біртектілікті ғылыми тиянақтау, методологиялық басшылыққа алу түркі халықтарының этногенезінен бүгінгі жай-күйіне дейін дұрыс ашуға, қоршаған ортаны, әлемдік кеңістікті игеруде, төл тарихымызды түзуде өзіміздің, кейде тіпті өзгенің сүбелі үлесін әділінен баяндауға асыл арна салады. Жер мен тілдің тарихтағы базистік, тұғырлық құдіретін мойындау үшін бұл екеуі өздерінің жасампаз миссиясын адамзатқа сарқылмас қуат беріп, интеллектуалды көкжиек ашқан әлемдік және дәстүрлі діндерден де бұрын бастағанын түсінсек жетіп жатыр.Тіпті мемлекетаралық соғыс жариялаудың сылтауы – сөз, себебі – жер болған жағдаяттар аз емес. Мұны ежелгі грек, шығыс, көне қытай жазбаларында сақтардың, түркілердің туған жер үшін аянбай соғысқаны жайлы мәліметтері де куәлендіреді. Жер мен тіл мәселесін алдыңғылардың айтқанына сүйенумен француз ойшылы А.Франс ХІХ ғасырда да қаперге салыпты. Тілді қалыптастыруда басты рөлде халық тұратыны жайлы Платон мен Вольтерге сілтеме жасаған ол егер бұл іспен ғалымдар айналысса, тіл күңгірт әрі ауыр болып шығар еді дейді. Тарихтың ізі тілде жатқанын былайша пайымдайды: «Все деяния нации, все установления, постепенно создававшиеся ходом истории, оставили свой отпечаток в языке. В современной речи находишь следы, оставленные в ней церковью и феодализмом, крестовыми походами, королевской властью, обычным правом и правом римским, схоластикой, Возрождением, Реформацией, гуманизмом, веком философии, революцией и демократией. Можно без преувеличения сказать, что филология, недавно превративщаяся в позитивную науку, стала неожиданной помощницей истории». Өміршең идея жалғасын табуда. Әлем таныған қайраткер О. Сүлейменовтың сөзімен айтсақ, «егер біз сөзді оқуды үйренсек, жер, өзен, тау, арал аттарынан тілдердің материк және мұхит бойынша қозғалу бағдарын анықтауға болады. Сондықтан этимологияның рөлі артады. ... Сөздіктер кез келген этносқа – үлкеніне де және кішісіне де – өзінің шыққан кезінен бастап өткені жайында толығырақ білуге көмектеседі. Ауызекі сөз өзінің мазмұны және құрылымында жарықшақтар мен асыл бұйымдардың мұражайлық жинағына қарағанда, көбірек тарихи шындықты сақтайды». Осыдан-ақ отандық және түркілік ортақ тарихи зерттеулерді жүргізуге түрлі мамандық иелері тартылуы керектігін және пәнаралық методологиялық байланыс қажеттілігін пайымдауға негіз бар. Тілді сақтау мен байытудың пәрменді шарты – жазу. «Біздің заманымыз, - деген екен А.Байтұрсынұлы «Тіл-құрал» кітабында, - жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық даражаға жеткен заман. Алыстан ауызбен сөйлесуге болмайды. Жазумен дүниенің бір шетіндегі адам екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі онан да артық». Жазуға апарар жол тасқа салынған таңбалар мен суреттер арқылы басталған. Халықтың ғұмырын ұзартып, бәсеке мен болашақ үдерісіндегі рөлін арттыратын, интеллектуалды және рухани қазынасын, білім мен ғылымды, тәжірибе мен тағылымды тек тілі арқылы ұрпақтан ұрпаққа жеткізді. Бұл мүмкіндік жазу шыққаннан кейін әлденеше еселеп артты. Тарихтағы ұлттық ерекшелік барынша айшықталынатын тұс – осы. Біздің ойымызша, адамзат баласының алғашқы қауымдық құрылыс сатысында тым ұзақ бөгеліп қалуының басты себебі – жазудың жоқтығы. Айталық, қазақ даласындағы қола дәуірі он ғасырға (ж.с.д.XVIII-VIII ғасырлар) созылыпты. Бұл – жылқы малын қолға үйреткен, ежелгі металлургияны меңгерген ғасырлар. Басқаша айтқанда, жазу мәдениеті орнықпаған ортада материалдық өндіріс саласындағы революцияға пара-пар сілкініс тарихты түзушілерді – халықты, тұлғаны, билікті тез арада түбегейлі өзгерте алмайды екен. Жазу шыққаннан кейінгі дәуірлерде қоғамның даму қарқыны мен мүмкіндігі мейлінше шапшаңдады. Өйткені ақылға, ойға, интеллектуалды ілгерілеуге үдеу қосатын ақпаратты-деректі базаның ұлғаюы, дәлдігі және қаз-қалпында сақталуы ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен жалғастықты сары майдай сақтауға ғана емес, әкеден баланың өте тууына, еңбек өнімділігінің артуына, адамдарды уақыттың сынағынан, сын-қатерінен абыроймен алып шығуға қызмет етті. Адамзат өркениетіне баға жетпес олжа салған алғашқы жазулардың бірі түркілік руна екенін биік методологиялық қарым-өремен аша алсақ, бабаларымыз әлемдік тарихтың өзегінде тұрғанын қапысыз ұғынамыз әрі ұғындыра да аламыз. Ауызша тарихты, айтылған тарихты бекерлемейміз. Уақыт өте келе, ұрпақтардың ауысуымен олардың түпнұсқа мәтіні ұмытылатыны, кейінгі оқиғалармен, кейіпкерлермен қисынсыз толығатыны, бірнеше нұсқада өмір сүре беретіні белгілі. Қалай болғанда да, жазба мұра мұндай «толықтыруларға» ұшырай бермейді. Әрине, оның мазмұны мен мәтініне заманының ұстанымы, саясаттың ықпалы таңбасын түсірмей тұрмайды. Сонда да жазба деректің бәсі жоғары. Байырғы түркі жазуының кілтін дат ғалымы В.Томсен 1893 жылы ашты. Бұл – түркология ғылымы туған жыл. Оған дейінгі 40 жыл бұрын Ресей ғалымдары түркі тілдерін зерттеуге кіріскен еді. Бұл орайда тірі түркі тілдерін, яғни қазақ, татар, түркмен тілдерін зерттеуге шығыстанушылар В.В.Григорьев, А.А.Бобровников, Н.И.Ильминский айтарлықтай үлес қосты. XX ғасыр басында В.Томсен дәстүрін В.В.Радлов пен П.М.Мелиоранский, 20-30 жылдары А.Н.Самойлович, Г.Ибрагимов, Қ.Жұбанов, т.б. жалғастырды. Соғыстан кейінгі жылдары түркілік тіл біліміне С.Аманжолов, С.Кеңесбаев, Ғ.Айдаров, М.Жолдасбеков, А.Қыраубаева, А.Аманжолов жегіліп, ұлттық тарихи сана мен таным ауқымын, өресін адам қызыққандай ілгерілетті. Енді қазақ әдебиетінің тарихы VIII ғасырдан басталатын болды. Түркітанушылар шоғыры Әзербайжан мен Өзбекстанда, Татарстан мен Моңғолияда, Түркия мен Венгрияда қалыптасты. Халықаралық Түркі академиясының Астанада, Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркістанда шаңырақ көтеруі қазақ түркологтары еңбегінің өтеуі. Бүгінде түркі мемлекеттерінің ғалымдары ізденісімен түркология ғылымы әлемдік танымалдыққа қол жеткізді. Түркология Орталық Азия халықтарының тарихына кім де болса құрметпен қарауы керек екенін дәлелдеді. Бұл жазу тарихына да қатысты. Қазақстандағы түркітану ғылымын әлемдік деңгейге көтерген ғалым Қ. Сартқожаұлы соңғы жылдарғы зерттеулерінде түркілік жазудың төрт түрін – 1. фразеограммалар, 2. логограммалар, 3. силлабограммалар (буындық жазу), 4. фонограммалар – жан-жақты талдады. Еуразияда бұл мұраның үшмыңжылдық тарихы бар екенін әрі ол түркілердің рухани шығармашылығының жемісіне жататынын дәлелдеді. Қытай деректерінде «шуцы» терминімен, грек-рим мәліметінде «скиф жазуы» атауымен, түркілер «бітіг» деп айдарлағанын алға тартты. Қытай елінде білім алған қазақ азаматы Ғ.Ғаббасұлы соңғы 50 жыл аясында қытайлық тарихшылардың, тілшілердің ізденісімен ғұн бітігіне 136-дан 500-ге дейін таңба тән екенін дәлелдей алғанын жария етті. Олар Моңғолия, Германия, Венгрия, Болгария, Норвегия, Ресей және Қытай елдеріндегі ғұн тайпаларынан қалған көне қорымдар мен қоныстардан табылған екен. Осының бәрін егжей-тегжейлі зерттеген қытай ғалымдары ғұн бітігінің болғанын, оның алғашқы элементтерінің тарихы кем дегенде 7 мың жылдың тереңінен бастау алатынын тиянақтаған. «Ғалымдар пәнаралық салыстырудың нәтижесінде ғұн бітігі мен «түркі руни» жазуының ұқсастығы 90 пайыздан жоғары, ал «ғұн бітігі» мен Еуропадан табылған «руни» жазуының ұқсастығы 80 пайыздан жоғары екенін байқап, мұндай ғажайып ұқсастықта ақылға қонымды сабақтастық бар деп ұйғарды. Ғұн бітігінен «түркі жазуы» дамыған, ғұн жазуының бір тармағы Еуропаға азиялық жуан-жуандар (немесе аварлар) арқылы жетіп, «руни жазуы» деген атпен орныққан»,- деп жазады Ғ.Ғаббасұлы. Қазақ ғалымы Т. Жұртбайдың тарқатуы бойынша түркі дүниесінің ұзына тарихында 16 жазу үлгісі, 18 әліпби қолданылыпты. Түркілер төл жазуынан басқа да жазба мәдениет үлгілерін пайдаланғанын дәйектейді. Олар: 1. VII-VIII ғасырларда қытай иероглифін дипломатиялық қатынас кұралды жазуы ретінде қолданған. 2. Брахми жазуын байырғы түріктер IV-VI ғасырларда дипломатиялық қарым-қатынас құралы ретінде қолданған. 3. VI-VIII ғасырларда түркілер соғды жазуын еларалық мәмілегерлік ісіне пайдаланған. 4. Біріккен түрік қағанат дәуірінде (789 жылдан бастап) Тоғыз-оғыз (керей), Сегіз-оғыз (найман) тайпалары соғды жазуының бірнеше әріптерін, жазудың жазу бағыттарын өзгертіп пайдаланды. 5. Манихей жазуы. Манихей әліпбиі III ғасырда пайда болды. Ол түркілердің арасында шамамен 760-805 жылдар аралығында қолданыста болды. 6. Араб әліпбиі. Араб әліпбиі ислам дініне дейін қалыптасып үлгерген. 7. Сириялық әліпбиі. Бұл жазулармен христиан дінінің уағыздары, Талас бойындағы құлыптастардың эпитафиясы жазылған. 8. Қидан жазуы. ХІ-ХІІ ғасырда «қара қытай» деген атпен белгілі болған моңғол тектес халық. Қидандарда «үлкен» немесе қытай иероглифі, «кіші» немесе қиданның ұлттық иероглифі болған. Осы кіші жазумен мыңдаған шежіре, кітаптар, деректер, ескерткіштер қалған. Өкініштісі, бұл жазудың бүгінге дейін кілті табылған жоқ. 9. Моңғол жазуы (ХІІІ-ХХІ), жоға-рыдан төмен қарай жазылады. Моңғол жазуының негізінде ойраттар – «тот» (анық) жазуын, манжур ханы Нұрхаштың бұйрығымен Дахай деген оқымысты 1632 жылы «манжу» жазуын өмірге әкелген. 10. Армян жазуы (V ғ.). Солдан оңға қарай жазылатын аршакид (пехлеви) әріпінің негізінде жасалған. Түркі-қыпшақтар осы армян жазуын пайдалана отырып, түркі-қыпшақ сөздіктері мен уағыздық әдебиеттерді дүниеге әкелді. Бұл әліпби әлі күнге дейін пайдаланылады. 11. Қазақ әліпбиі. Қазақ жазуы. А.Байтұрсынұлы жасап шыққан. 1912 жылдан бастан қазіргі күнге дейін пайдаланып келеді. 12. Латын әліпбиі (1928-1940). Қазақ ұлтының он жыл көлеміндегі рухани мұралары осы әріппен жазылды. 13. Кириллица. Қазақстандағы қазақтар 1940 жылдан бастап қазірге дейін қолданып келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев жазғандай, кеңестік жылдары қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалды. Осылардың бәрі түркі дүниесінің тарихына, мәдениетіне, халықтың жасампаздық әлеуетіне әсер етпей қалмады. Халықтардың аралас-құраласы, оның ішінде жазу мәдениетіндегі ортақтық қашанда рухани береке-байлықты арттырады. Сананың ашықтығын куәлендіреді. Екі жақты үдерістің қайсы бірінші, қайсы екінші болғанын анықтау интеллектуалды тарихты түзуге, өркениеттер ықпалдастығын ұғынуға қосылатын олжа екені күмәнсіз. Дегенмен бұлардан этнотарихқа көлеңке түсіретін кемшілік іздеу, бір жазу иесін екіншісінен жоғары санау шынайы ғылымға жат ниеттен ғана туындайды. Сонымен, түркі тілі ж.с.д. ғасырлар шегінде пайда болған. Дәл жасын анықтау мүмкін емес, әрине. Өз заманының темірқазықтай интеллектуалды көрсеткішімен байланыстыра жобалай аламыз. Міне, осы тұрғыдан келгенде петроглифтердің айтары көп. Өйткені жартастағы суреттер адамға тән интеллектуалды әлеуеттің биік деңгейін, оның авторлары өзара тілдесе алғанын қуаттайды. Демек, Ұлы Дала тілі палеолитке барып тірелуі бек мүмкін. Сақтар қай тілде сөйлегені әзірге түпкілікті ғылыми шешімін тапқан жоқ. Дегенмен тілдік дамудың жоғарғы сатысы – төл жазуы болғанға ұқсайды. Есік қорғанынан табылған күміс тостағанның түбіндегі 26 таңбалы мәтінді мамандар он нұсқада оқып отыр. Сақтардан беріде тарихтан белгілі этностар – ғұндар, печенегтер, половецтер, булгарлар, оғыздар, қарлұқтар түркі тілінің тасушылары. Осылардан қалған немесе осылар туралы жазба мұралар – түркілік тарихтың сынығы, асылдың тұяғы. Тап бүгінгі күнге келсек, түркі тілінде сөйлейтін ірі этностар әзербайжандар, қазақтар, өзбектер, татарлар, ұйғырлар, түріктер, қырғыздар, түркмендер болып табылады. Жойылуға таяу қалғандары – тофалар (1 мыңға жуық адам), долгандар (7,5 мың), шорлар (10 мың). Түрлі геосаяси, халықаралық, тарихи бетбұрыстар түркі жазуын ығыстырғанмен таңбалануына бөгесін бола алмады. Бүгінде түркі халықтары үш түрлі әліпбиді қолдануда: 1. Түркілік тәуелсіз мемлекеттер, Қырғызстаннан басқасы, латын әліпбиіне көшкен. Қазақстан латыншаға көшуді 2025 жылы аяқтайды. 2. Ресейдегі түркілік этностар кириллица жазуын қолданады. 3. Қытайдағы түркілер (қазақ, ұйғыр) араб жазуын қолдануда. Жазудағы әралуандық түркі халықтарының жақындасуына бөгесін туғызуда. Түркі тілі өте көне тілдердің бірі болғандықтан өзімен араласқан-құраласқан этностардың тіліне ықпал еткеніне қоса, өзі де солардың ықпалын бойына сіңіре дамыды. Әсіресе араб, парсы тілдерінен енген сөздер баршылық. Дегенмен түркілік түбір сөздердің өзгермей сақталатын қасиетіне байланысты тасушылардың өздері танымай қалатындай өзгеріске түркі тілі ұшыраған жоқ. VIII ғасырда тасқа түскен Күлтегін жазуын XXI ғасырдағы қазақ пен өзбек, қырғыз бен ұйғыр түсіне алатыны – бүгінгі күннің ақиқаты. Таңбалануын танымайтыны рас, бірақ мазмұнын, айтпақ ойын, ұғым-түсініктерін қиналмай-ақ түсіне алатынына түпнұсқа мен бүгінгі тілдегі нұсқаны салыстырумен көз жеткізе аламыз: Түпнұсқа: Беңгу таш тоқытдым, бiтiдiм Аны көрiп, анча бiлiң Қазақ тілінде: Мен мәңгiтас тіктім (тұрғыздым), Бұны көріп бiлiңдер! Түпнұсқа: Үзе түрк теңрiсi Түрк ыдуқ иiрi, субы Анча тiмiс: Түрк бүдүн йоқ болмазун тiйiн Бүдүн болчун тiйiн Қаңым Елтерiс қағанығ Өгiм Iлбiлге қатунығ Теңірi төпесiнте түтып Иегерү көтермiс ерiнч Қазақ тілінде: Көкте түркi тәңірiсi Түркiнiң қасиеттi жерi-суы Былай дептi: Түркi халқы жоқ болмасын дейiн Халық болсын дейiн Әкем Елтерiс қағанды Шешем Елбiлге қатынды Тәңірi төбесiне ұстап Жоғары көтерген екен. Шағын ғана үзінді тарихты түзуші үш күштің – халықтың, тұлғаның, биліктің іс-әрекеті айтумен, жазумен, түпкі мақсатты дәлме-дәл анықтаумен басталатынына көз жеткізеді. Тіл – адам ақыл-ойының айнасы. Ақыл-оймен қабылданған шешім, ашылған жаңалық, бүгінгі міндетті тиянақтау, болашақты болжау, қысқасы тарих қозғалысы сөзден бастау алады. Інжілде: «басында сөз болды, ал сөзді құдай жаратты» делінген ғой. Демек, тіл – тарихтың интеллектуалды тұғыры.

Тіл қызметі – тарих қозғалысы

Тілдің тарихқа тұғыр екенін оның атқаратын функцияларынан байқай аламыз. Тіл неғұрлым көп әрі күрделі функциялар атқарса, тарих қозғалысына ықпалы соғұрлым ауқымды да пәрменді болмақ. Тілдің атқаратын қызметіне қатысты түпкілікті әрі толық қалыптасқан тұжырым ғылымда жоқ. Дегенмен, басты-басты функциялары мыналар: 1. Коммуникативті функция. 2. Когнитивті (таным) функция. 3. Номинативті функция. 4. Аккумулятивті функция. Коммуникативті функцияның мәні – адамдардың бір-бірімен байланысқа түсуі, бірін-бірі ортақ тілде түсінуі. Кейде хабарласу функциясы деп те айдарланады. Басты нәтижесі соңғы жаңалық пен өзгерісті жеткізу, бөлісу, тарату болып табылады. Коммуникативті функцияның артықшылығы мен өзектілігі оның шапшаңдығымен және дәлдігімен анықталады. Жаңалықты тез жеткізуге құштарлық пен сұраныс бір тілде сөйлейтін екі адамның алғаш байланысқа түскенінен бүгінгі күнге дейін қылаудай кеміген емес. Радио мен телеграфтың, телефон мен интернеттің дүниеге келуінің басты себебі осында жатыр. Тілдің тап осы функциясы арқасында талай драма мен комедия, жеңіс пен трагедия тарихта орын алды. Дер кезінде жеткізілген хабар адамдарды қапы қалдырмайды, қате ақпарат тарихи қате шешімдер мен қадамдарға ұрындырады. Шыңғыс хан құрған империяның жағымды жетістіктерін сөз қылғанда, тарихшы ғалымдар почта байланысы мен жолдардың сапасы өте жоғары деңгейде тұрғанын баса көрсетуі бекер емес. Жаңалықтың шапшаңдығы тарих қозғалысындағы бетбұрысқа тікелей ықпал етеді. Мәселен, Кеңестер Одағының басшысы Сталин фашистік Германиямен соғыстың болатынын біле тұра оны неғұрлым кешеуілдетуге тырысты. Бүгін-ертең немістер жағы соғысты бастайтыны жайлы жасырын ақпараттарды алса да, Қызыл әскерді тырп еткізбестен казармада ұстағанды жөн санады. Егер соғысты немістерден бір сағат бұрын бастауға бұйрық берілгенде, Ұлы Отан соғысының тарихы мүлде басқаша қалыптасар еді. Бұған айғақ ретінде 1943 жылғы Курск шайқасын айтсақ болады. 2019 жылы Қазақстанда орын алған мына оқиғадан да тіл мен сөздің тарихтағы факторын көре аламыз: 9 маусым күні Президент сайлауы өтті. 10 маусымда Қ.Тоқаевтың жеңіске жеткені белгілі болысымен оны бірінші болып құттықтағандардың ішінде жеті үміткердің бірі Ә.Қосанов та бар еді. Саяси мәдениет пен этика тұрғысынан келгенде Ә.Қосанов ешқандай ағаттыққа барған жоқ. Бірақ үміткердің жақтастары: «Жұрттан бұрын құттықтадың, бәрімізді сатып кеттің» деген негізсіз ашумен танымал азаматтың арына тиетін сөздер айтты, жүрегін ауыртты. Егер сол құттықтауын Ә.Қосанов 3-4 күн кейінірек жібергенде, Қазақстанның қазіргі саяси тарихындағы жағымсыз оқиға орын алмас еді. Тілдік ахуал мен келешек сол тілде қанша адам сөйлейтінімен анықталатыны рас. Дегенмен коммуникативті функция салаларының әртараптылығы мен функционалды басымдығы тағдыр анықтағыш рөл ойнайды. Көптілді елде коммуникативті функцияның тепе-теңдігіне қол жеткізу оңай емес. Мәселен, Қазақстанда 130-дан астам этнос өмір сүруде. Осылардың тілін бар салада тепе-тең қолдануға мүмкіндік жоқ. Қаражат та жетпейді. Ресейде бұл мәселені былай шешті: орыс тіліне федералды мемлекеттік мәртебе берілген, ұлттық субъектілерде орыс тілімен қатар жергілікті байырғы этностың тіліне мемлекеттік мәртебе заңмен бекемделген. АҚШ-та әр штаттың тіл туралы өз заңы қабылданған, бірақ ағылшын тіліне федералдық деңгейде мемлекеттік мәртебе берілмеген. Түрлі-түрлі тәжірибе жинақтала тұра, коммуникативті функцияны Ресейде орыс тілі, АҚШ-та ағылшын тілі атқарады. Когнитивті функция адамдардың бірін бірі танымдық тұрғыдан тілдесу арқылы байытуын білдіреді. Өмірлік тәжірибемен, бақылаумен, эксперимент жасаумен, басқа да жолмен жиналған білімді, нәтижені, заңдылықты, ақиқатты ауызша немесе жазбаша түрде жеткізуге болады. Әрине, халықтың жалпы даму деңгейі шешуші рөл ойнайды. Мәселен, нарықтық қатынастардан хабарсыз кешегі Кеңестік одақтас республикалар тұрғындары капиталистік әлемнен келген қаптаған экономикалық терминдерден ғасырлар тоғысында есі шығып, оң-солын танымай қалғаны шындық. Уақыт өте келе соның бәрі нарықпен біте қайнасып, күнделіктегі қолданымдағы ұғым-түсінікке айналды. Когнитивті функция халықаралық басымдыққа ие тілді меңгерумен де ашыла түседі. Түркілік кеңістіктегі әр ғасырда қыпшақ, шағатай тілдері, еуропалық империялар аумағында испан, француз тілдері үстемдік құрса, бүгінде ағылшын тілі оқ бойы алға шықты. Демек, халықтың төл тілі ғана тарихына тұғыр бола алады деуге негіз жоқ. Қай тіл пәрменді жұмыс істеуімен адамдардың қасиетін, тіршілігін, ізденісін толық немесе ішінара қанағаттандырса, танымын, ой-өрісін, жандүниесін байыта алса, сол тіл тарихтың шығыршығын айналдыратын тұғыры болады. Тіл – тарихтың тірі тұғыры деуіміздің бір сыры осында. Бірақ әлемдік тілдің екі тізгін, бір шылбырынан ұстауға жанталасумен туған тілді қауқарсыз, елеусіз қалдырсақ, орны толмас өкінішке ұрынамыз. Әзірге түркі халықтарының бір де бір тілі БҰҰ-ның алты тілімен – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерімен бәсекелесе алмайды. «Әлсіз» тілге мемлекеттік қолдау қажет, «мықты» тіл өзі-ақ өркендей береді. Тілінен айырылған халық – жоғалған халық. Тарихынан ажыраған, тарихын түзуден қалған халық. Номинативті функцияның екі қыры бар: 1. Заттың, әрекеттің, құбылыстың атауын білдіреді. 2. Атау, есім беру үдерісін бейнелейді. Мұнда да қатып қалған қағидат жоқ. Нақты мысалдармен қазақ тіліне байланыстыра айтсақ, аграрлық отар өлке тұсында бабаларымыз жылқы малын 400-ден астам атаумен түстеген екен. Бүгінгі ұрпақтары соның көп болса 10-15 түсін ғана біледі. Киіз үйге қатысты тілдік қорымыз да жұтаң тарту үстінде. Есесіне тап сол аграрлық салада жер шаруашылығы өніміне, бау-бақшаға, IT-технологияларға, автоматизация мен механизацияға қатысты жаңа атаулар дүниеге келуде: помидор – қызанақ, капуста – қырыққабат, совхоз- кеңшар, аэропорт-әуежай, вертолет-тікұшақ... Номинативті функция негізінде адам өмірі мен әрекетіндегі жаңа үрдіс жатыр. Бұл тілдік қордың жай ғана толығуы емес, тарих қозғалысының тілде бейнеленуі, тарих қозғалысына тілдің тұғырлық ықпалы. Қазақстанда жат сөздерді жүйелеумен, «жерсіндірумен» Мемлекеттік терминология комиссиясы айналысады. Бұл жұмыс тіл мен тарих жанашырларын бей-жай қалдырмайтыны 2019 жылғы маусым айында Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың халық алдында есеп беру кездесуінде анық көрінді. Ведомство басшысы терминологиялық қорға мониторинг жүргізілгенін, осыған орай бұрын қазақ тіліне аударылған 3 300-ден астам жалпыға бірдей қабылданған термин мен ұғым қайта қаралып бекітілгенін айтты. Олардың 300-ге жуығы – халықаралық терминдер екен. Мысалы, «мұражай» деген сөз «музей» болатын болды. Мұрағат –архив, тағы сондай-сондай нәрселер деді сала басшысы. Бұдан бөлек, азатжол – абзац, пайыз – процент, сынып – класс, құрсым – шина, теңгерім – баланс, әнұран – гимн, мұқаммал – инвентарь, ақау–дефект, шегендеу–демаркация, мейрамхана – ресторан, қимыл – анимация, ал «әлеует» деген «потенциал» болып қайта өзгертілді. Іле-шала әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде қарсы пікірлер жарияланды. Танымал ғалым Ш.Құрманбайұлы көшелі ұсыныс айтты: «Біріншіден, Терминком жұмысын түбегейлі қайта қарау, оның жұмыс істеу тәртібін түбегейлі өзгерту керек. Мәселе оның құрамында емес. Жұмысты бұлай ұйымдастыру бүгінгі күн талабына мүлде жауап бермейді. Бұл іспен кәсіби мамандар тұрақты түрде айналысуы тиіс... Екіншіден, жалпы тіл,терминология мәселесі мамандар мен жұртшылық алдында ашық, жария түрде талқылануы керек. 4-5 жыл бұрын бекітілген терминдерді елдің енді біліп, қызу талқылап жатуы – сол ашықтықтың жоқтығын, ақпараттың уақытылы таратылмағанын, жұмысты ұйымдастырудың әлсіздігін, терминологиялық жұмыстардың кәсіби деңгейде жүргізілмей отырғанын айқын көрсетеді. Үшіншіден, термин мәселесін лауазымы мен беделі зор басшылар, министрлер әкімшілік жолмен, пәрмен берумен емес, тілші, терминтанушы және осы іспен тікелей айналысып жүрген сала мамандары ақылдасып, кеңесіп шешуі керек. Сонда ғана сапа болады. Әйтпесе, бұл жыр бітпейді, әлі талай даудың куәсі боламыз. Нәтижесінде ұлт тілі ұтылады, оның терминқоры зардап шегеді. Төртіншіден, ...азатжол, мұражай, әнұран, мұрағат, пайыз, сынып, теңгерім, ақау, әлеует сияқты атаулар халық жақсы қабылдап, қолданысқа еніп кеткен, мейлінше ұтымды жасалған терминдер деп санаймын. «Халықаралық термин» деген – шартты ұғым. Кейбіреулердің «халықаралық» деп шаң жуытпай жүрген терминдерін көп ұлт баяғыда өз тіліне аударып алған немесе ол ұғымдарға ұлттық танымына сәйкес атау берген...». Мемлекеттік сыйлық иегері, профессор Б.Қалиев те қазақ тілінде қалыптасқан терминдерді өзгертуге наразылық білдірді: «Егер біз мұндай ұсыныстарға бас изей беретін болсақ, мемлекеттік тілді дамытудың орнына оны тек отбасылық тілге айналдырамыз. Интернетті – ғаламтор десек, әлеммен байланыса алмай қаламыз ба, әлде кеденді – таможня десек, кеденіміз жақсарып кете ме? Әуежай, ұшақ, тікұшақ сөздерінің не жамандығы бар? Термин дегеніміз – сөз. Барлық халық өз терминдерін өз ұлтының тілінің негізінде жасап алады. Сөздің, терминдердің сыртқы формасы, яғни дыбысталуы, айтылуы, жазылуы, оқылуы ұлттық, ал мағынасы халықаралық болуы керек. Мемлекеттік тіл деген не? Мемлекетте тұратын барлық азаматтар, ұйымдар, ұжымдар, мекемелер осы қазақ тілінде сөйлеуі керек. Ал тілге жүрдім-бардым қарауға болмайды, тіл қазақ халқының ең бірінші белгісі. «Мен қазақпын» деген сөз қазақтың белгісі емес, оның ең бірінші белгісі – тіл». Түптеп келгенде, ұлттық негізде қалыптасқан терминді бекерлеу тілдің дамуын тежеу, тарихқа жасалған зорлық болып табылады. Номинативті функцияның қисынды жалғасы – аккумулятивті функция. Оның мәні – қоғамға да, адамға да қажетті ақпараттарды сақтау және кәдеге жарату. Ақпаратсыз тарихты зерттеу, тіл мен тарихтың өзара ықпалдастығын түсіну еш мүмкін емес. Аккумулятивті функцияның маңыздылығы мен шапшаңдығы күн санап өсіп келе жатқанын ақпарат көлемі жылына 30%-ға ұлғаятынынан байқалады. Жаңа ақпарат, ұғым-түсінік ескіні мүлде ұмыттырмау керек. Номинативті және аккумулятивті функцияларда кереғарлықтар орын алғанда, біріншіден, ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен жалғастық бұзылады, екіншіден, халықтың тарихи жады да, тарихи санасы да дұрыс қалыптаспайды, үшіншіден, тілдің тарихқа тұғыр екені қаперден шығып, ғылымда ақиқатқа апаратын жолдан, практикада ілгерілей даму бағыт-бағдарынан адасамыз. Биік технологиялар, кешенді цифрландыру жазба мұраны, тарихи ескерткіштерді, материалдық емес мәдениеттерді, бейнежазбаларды сақтауға шексіз мүмкіндік беріп отыр. Осыған қарамастан мұражайлар мен мұрағаттардағы сирек құжаттардың, қолжазбалардың, жәдігерлердің бұзылуына, сақталмауына, жоғалуына жол беру – нағыз қылмыстың өзі. Қазақстан жағдайында тілдің аккумулятивті функциясын толық атқармау «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын бекерлеуге саяды. Тілдің басқа да функциялары баршылық. Мәселен, аксиологиялық функциясы не жақсы, не жаман сұрағына жауап іздейді. Мұның тамаша үлгісіне «Ырқ бітігті» жатқызуға болады. Ғалым Ғ. Айдаров кезінде «Ырқ бітігті» тәкпірнама деп түсіндірді. «Ырқ бітігте» адамның түсін жорудың нұсқалары (65 нұсқа) берілген. Мәтінде қағанның тағын сыйлауға, байлықты құрметтеуге, еңбексүйгіштікке үгіттеген, ұрлық-қарлықты даттаған, жерді, табиғатты, қоршаған ортаны аялауға шақырған, отбасындағы береке-бірлікті дәріптеген, бала тәрбиесіне зор мән берген, алдағы күннен түңілмеуді насихаттаған ой-тұжырымдар, қағидалар мейлінше мол. «Ырқ бітігтің» «күні-түні алтын тақ үстінде отырып қуанамын. Сонша біліңдер: игі ол» деген түс жору нұсқасымен басталуы сол заманның идеологиялык позициясын көрсетсе керек. Ескерткіш жас ұрпаққа арнау сөзбен аяқталады: «енді сүйікті ұлдарым, біліп қойыңдар, - делінген онда. - Бұл Ырқ бітіг игілікті ол. Барыс жыл екінші айдың он бесі күні Тайғунда тұратын тәуекелдігі Буруа - Құры шәкірттері Ісіг-Санғун және Ита Чуқ үшін жаздым». Апелятивті функция, идеологиялық функция, ұлтаралық қатынас функциясы, эстетикалық функция, тағы басқа функциялар бар. Бір де біреуі адамның абстрактылы ойлап табуымен дүниеге келген жоқ. Практикада, адамдар өмірінде маңызды рөл ойнағандықтан туындады. Осынысымен тіл тарихтың тұғыры, екінші жағынан адамның интеллектуалды болмысының айнасы ретінде тіл функциясы оларды теорияға, ғылымға айналдырды. Тілдің функциялары биліктің саясатымен, елдегі демографиялық, қоғамдық-саяси ахуалмен, тарихи қалыптасқан дәстүрмен, т.б. факторлармен жүзеге асады. Біреуінің орындалуындағы толымсыздық пен әділетсіздік тарих қозғалысына жағымсыз реңк береді.

Түркі әлеміндегі тілдік ахуал: ұмтылыс пен іркіліс

Түркі халықтарының антропологиялық келбеті, ұстанатын діні біртекті емес. Бұлардың арасында еуропоидтар да, моңғол тектестер де бар. Негізгі діні ислам. Алайда христиандықты қабылдағандар қатары қалың. Шаманизм мен тәңірілік сенім-нанымдар сақталған. Тілдік алуандық бұдан да көп. А.Н.Самойлович түркі тілдерін 6 топқа жіктесе, В.А.Богородицкий 7 топқа бөледі. Н.А.Баскаковтың пайымдауынша, түркі тілдерін классификациялау дегеніміз – ол түркі халықтары мен тілдерінің даму тарихын дәуірлеу болып табылады. Шыққан тегі бір бола тұра, бүгінде түркі халықтары Алтай семьясына кіретін 40-қа жуық тілде сөйлейді. Бір-бірінен мүлде алшақтап кеткен тілдер бар. Азия мен Еуропаның ұлан-ғайыр кеңістігіндегі түркі халықтарының ұлттық-тілдік ахуалы аса ауыр жағдайдан мейлінше қолайлы жағдайға дейін ортада жүріп жатыр. Бұларды үш топқа жіктеуге болады: 1. Түркілік бес тәуелсіз мемлекетте (Әзербайжан, Қырғызстан, Түркменстан, Өзбекстан, Түркия) ұлттық-тілдік құрылыс мәселесі уақыт талабына сай дәрежеде шешілуде. Мұнда мемлекеттік тілге қатысты Заң қабылданған, тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы (тұжырымдамасы) жүзеге асырылуда. Терминологиялық, ономастикалық комиссиялар жұмыс істейді. 2. Саны тым аз болғандықтан немесе мемлекеттік егемендігі шектеулі түркілердің тіліне қатер төніп тұр. Онсыз да аз зиялыларының басым бөлігі жат тілде білім алып, жат құндылықтарға тәрбиеленгендіктен туған тіліне араша түсуге қауқарсыз. Ал тарихты түзудің пәрменді күші билік демографиялық азшылықтың атынан сөйлеуге өкілеттігі болғанмен басқа тілді, басқа дінді орталық биліктің айтқанынан шыға алмайды. 3.Мемлекеттік мәртебесі заң жүзінде бар болса да қолданылуы орасан қиыншылықтарға тап болған түркі тілдері. Бұл топқа қазақ, татар тілдері кіреді. Екінші топқа Ресей мен Қытайдағы түркі тілдері жатады. Хақас халқының жартысынан көбі өз тілінде сөйлей алмайды. Балаларының негізгі дені орыс мектептерінде білім алуда. Тілдің тасушылары – ересектер. Мемлекеттік мәртебесі бола тұра, хақас тілі от басы, ошақ қасы деңгейінде, тұрмыстық қолданыста қалып отыр. 1 млн-нан астам тасушысы бар, Башкортостан Республикасының мемлекеттік тілі саналатын тілдің болашағы бұлыңғыр. 2009 жылы ЮНЕСКО «Апат қаупіндегі әлем тілдерінің Атласында» (Atlas of the Worlds languages in Danger) «қолданыс аясы тұрмыстық саламен шектелген» деген анықтама беріпті. Сахалар тілі орыстанып жатыр. БАҚ беттеріндегі материалдардың сөздік корпусы 42%-ға дейін орысшадан кіргені ахуалдың күрделілігін білдірсе керек. Чуваш республикасында теле-радио хабарлар төл тілінде жүрмейді. Құжат айналымы тек орыс тілінде. Чуваш жастарының барлығы дерлік ана тілім деп орыс тілін көрсетуде. Чуваш тілінде бір де бір сайт жұмыс істемейді. Мұнда орыстандыру саясаты толық күшіне енген. Халықтар мидай араласқан қазіргі жаһандану заманында нәсілдік, діни, ұлттық ортақ жақындықтан гөрі тіл мен ділдің ортақтығы маңыздырақ. Ақиқат үшін Абайды нашақор, Әуезовты қатардағы ғана жазушы деп түсіндіретін қандасымыз Мырқымбаевтардан қазақ тілі үшін қанатымен су сепкендей қызмет етіп жүрген әзербайжан қызы Асылы Осман, Абай мен Гетенің рухани үндестігін ұлықтаған неміс Г.Бельгер мың есе қымбат. Тілдің қасиеті мен құдыретін танымаған жан – тарихты оп-оңай тәрк ете салатын қауіпті субъект. Ұлттық-тілдік құрылыс мәселесінде Татарстан мен Қазақстандағы ахуал түркі әлемін алаңдатпай қоймайды. Татар тілінің тасушылары 5,5 млн-ға жуық. Ресей федерациясында бұл тілде сөйлейтіндер орыс тілділерден кейінгі екінші орында тұр. Татарстан Конституциясы бойынша татар және орыс тілдері мемлекеттік саналғанмен мектептерде татар еместерге татар тілін оқу міндетті емес. Демек, орыс тілін білу ғана міндетті. Президент М.Шаймиев тұсында татар жазуын латыншаға көшіруге шешім қабылданған еді. Мәскеу мақұлдамай кері қайтарып жіберді. Татар тілі жанашырларының наразылығы әлемге аян. Бірақ Кремль билеушілері оны құлағына қыстырып отырған жоқ. Әрине, Қазақстандағы тілдік ахуал-ды татар еліндегімен салыстыруға болмайды. Бірақ тәуелсіздік мұраты мен құндылықтарына кереғар сәттер баршылық. Мемлекеттік мәртебе алғанына 30 жылдай уақыт өткенмен сыры мен жыры да, зары мен дауы да таусылмаған қазақ тілі төңірегіндегі ойтолғау-тұжырымдарды, ұсыныс-пайымдарды мақсат-міндетіне қарай әлденеше топқа жіктеуге болады. Олардың бірінде азаттық шапағатымен ұлттық тіліміздің тас қапастан босап, еркін дамуға бет түзегені дәйектеледі, екіншілері мемлекеттік басқару жүйесінде қазақ тілі қағажу көріп отырғанына қынжылады, үшіншілерінің алға тартатыны - барша қазақстандықтардан бұрын қазақтардың өздері ана тілінде сөйлеуге енжарлығы, мұрнын шүйіре қарайтыны, төртіншілері жат халықтың, әсіресе орыс халқының сөзі, ұғым-терминдері жобасыз көп қолданылатынына, тіліміздің шұбарланып, қойыртпақтанып бара жатқанына өкінеді. Дегенмен үш ғасырға жуық қыспақта қалумен тұла бойына батпандап енген дерттен тәуелсіздік тұсында қазақ тілінің тәп-тәуір айығып қалғанын жоққа шығару ақиқатқа қиянат болар еді. Саясатта, ғылымда, БАҚ-та, ономастикада, терминология саласында, жарнамада, білім жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясы, тоталитарлық заманмен салыстырсақ, көз көріп, құлақ естімеген дәрежеде кеңіді. Қазақ мектептерінің, мәдениет мекендерінің, газет-журналдарының ондап-жүздеп шаңырақ көтергеніне бойымыз үйреніп қалды. Өткен күннен белгі жоқ деген – осы. Целиноград Астана атанады, Коммунистік даңғылы Абылай хан есімін, Карл Маркс көшесі Кенесары есімін алады десе, жан баласы ол күндері сенбес еді. Бірақ өмірдің заңы үздіксіз алға басуды талап етеді. Тәуелсіздіктің нығаюымен мемлекеттік тілге артылатын жауапкершілік жүгі күн сайын салмақтанып келеді. Қазақстан халқының 60 пайыздан астамын қазақтар құрап отырған шақта, 1 млн-дай қазақ шетелден тарихи Отанына оралған тұста, әлемдік бәсекеге қабілетті 30 мемлекет қатарына кіруге белді бекем буған Қазақстанда қазақ тілінің толыққанды мемлекеттік тілге айналмауы – мемлекеттілігіміздің қалыптасқанына күдік тудырады, елдігімізге сын, бабалар сөзі мен тарихын қастерлемеу. Ауруын жасырған - өледі, деген халықпыз. Ашығын айтсақ, Қазақстанның билігі орыс тілді, халқының құрамы түркілер екенін таяу-алыс шетел тегіс біліп болды. Бір ғана дәлел келтірейік. Шығыста – тіршіліктің барометрі базар. Алматыда, Астанада қытай азаматтары сауда жасайтын базарлар бар. Осы қытайлар басқаларға түсінікті, өздеріне тиімді болу үшін жасанды жаңа есім таңдап алыпты. Олардың араларында, өкінішке орай, Ерлан, Нұрлан, Қайрат, Сәуле жоқ, шетінен Андрей, Саша, Катя, Коля, Алина. Орысшаны да бірсыдырғы игеріп алған. Қазақстан қазақша сөйлеп тұрса, келімсек қытай орысшаны керек қылар ма еді. Бұған шетелдегі елшіліктеріміз қазақша жұмыс істеуге шорқақ екенін қосыңыз. Ендеше халықаралық беделіміз, келбетіміз, имиджіміз ұлттық бояуға қанықпай, басқа елдің үлгісін қайталаумен қалыптасуда. Мұны айтқандағы ойымыз Қазақстанды Ресеймен жанжалдастыру емес. Әңгіме әлемдік қауымдастыққа Қазақстанның өз болмыс-бітімімен, ерекшелігімен кірігуінде жатыр. Бұл үшін мемлекеттік тілдің барлық функцияны атқаруының маңызы зор. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәмілегерлікті, әбжілдікті, интеллектуалды кемелдікті талап ететін іс. Мақсатқа жетудің шарттары, тетіктері, әрине, шексіз көп. Әсіресе төмендегі төрт мәселеге айырықша мән беру керек. Біріншіден, тарихты жасайтын халық екенін тағы да қайталай, мақұлдай отырып, тарихтың тағдыры биліктің, билеушінің қолында қала беретінін қаперден шығармауымыз керек. Алысқа бармай, кешегі КСРО-ның тағдырын еске алайықшы. Сталин мен сталинизмнің билік басына келуі алып державаны қанға бөктіріп, әлемдік өркениеттен қиясқа алып кетсе, Горбачев пен қайта құрушылардың бастамасы ұлт республикаларын өзара ырылдастырып, сол КСРО-ның тарихына нүкте қойып тынған жоқ па. Сталиндік кезеңнің өзіндік ұлттық-тілдік, кадрлық саясаты, Горбачев кезеңінің тағы Бас хатшы мақұлдаған өзіндік ұлттық-тілдік, кадрлық саясаты болғаны ақиқат. Егер Мәскеудің құдіреті жүріп тұрған социалистік Қазақстан басшылығына Н.Назарбаев емес, болмыс-бітімі кеңестеніп, яғни орыстанып кеткен, ұлттық бағдар мен құндылықтан жұрдай маргинал-мәңгүрт «қазақ» келгенде, тіл туралы алғашқы Заңымыз сол 1989 жылы қабылданар ма еді, қабылданбас па еді, бір құдайға аян. Қазақстандағы тілдік үдеріс мүлде басқа арнаға түсіп, бүгінгі ахуалға зар болуымыз әбден мүмкін еді. Бұдан шығатын қорытынды біреу: мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілінің Қазақстанда өзіне тиесілі функцияларды атқара алмауына кінәлілер - билік басындағы үлкенді-кішілі басшылар. Қазіргі Қазақстанда басшылардың негізгі денін қазақтар құрайтынын еске алсақ, қазақ тілінің обалына жөргегінен жеріген, паспорты бойынша ұлты қазақ, заты бөтен қазақ баласы қалып отыр деуге толық негізіміз бар. Алдағы уақытта қазақ тілін еркін меңгермеген, дүбара қазақ баласын ең болмағанда білім, ғылым, мәдениет, гуманитарлық саладағы басшы қызметке тағайындауды доғармай, мемлекеттік билік вертикалын қазақша сөйлетпей, ана тіліміздің маңдайының ашылатынынан дәмету ұсталмаған аюдың терісін бөліскендей құр бекер әурешілік. Екіншіден, тіл туралы алғашқы Заң қабылданған 1989 жылы туған бала 30 жасқа қарады, төлқұжатын алды. Болашақ басшы осылардың арасынан шығады. Бұдан былайда мемлекеттік тілді білмейтін студентті Президенттің Тіл туралы Заңдарын орындамаған азамат ретінде танып, Қазақстан атынан шетелге оқуға жіберуді тоқтату керек. Бүгін қазақша сөйлемей тұрған қыз-жігіт басқа елге оқуға кеткен соң, мемлекеттік тілден мүлде қол үзеді. Қазақ тілін білмей, яғни Президенттің заңдарын құлағына қыстырмай өскен жасты «Болашақ» бағдарламасынан қаржыландыру - сыпайылап айтқанда, өзімізді өзіміздің мазақтағанымыз, турасына көшсек - ұлттық қауіпсіздігімізді бәске тіккеніміз. Ұлттық тірек-болмысы қалыптаспаған қазақстандық талантты студентті барған елінің арнайы органдары алдағы күні пайдалану үшін қармағына түсірмейтініне кім кепілдік бере алады. Ешкім де. Ал ертең сол азамат үлкен мансапқа жетіп, Қазақстан қауіпсіздігіне қатер төндірсе, бармағымызды шайнап қалмаймыз ба? Тарихта мұндай оқиғалар аз кездеспейді. Үшіншіден, барлық оқу орындарында, мектептерде, лицейлерде, гимназиялар мен колледждерде, университеттер мен институттарда Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті, өлкетану пәндері қазақ тілінде жүргізілгені абзал. Бұл іс-шара мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңітіп қана қоймайды, қазақ тілін игеруді ерте бастауға мүмкіндік береді, келешекте қосымша қаржы жұмсауды азайтуға жол ашады. Қазақ баласын қазақ тілінде оқытпай ұлттың көсегесі көгермейтінін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҰҒА академигі Ө.Айтбайұлы былайша түйіндепті: «Жаратылыстану ғылымдарының бәрін ағылшынша оқытамыз деген сөз – абсурд. Математика, физика, химия пәндерін мектепте қазақша оқып өстік қой, олардың бәрінде қазақша қалыптасқан терминдер бар. Академик Қаныш Сәтпаевтан бастап, небір мықты ғалымдардың бәрі жаратылыстану пәндерін қазақша оқыған. Солар кімнен кем? Қазақ мектебінде балаға көптеген пәндерді ағылшынша оқыту – қазақ тілін құртумен бірдей. Егер балаға қазақ тілінде білім берілмесе, оның кімге қажеті бар? Ал білім береміз бе, терминдердің қазақшалануының маңызын білу керек». Кеңестік заманда 33 жасқа дейінгілерді балалар мен жастар қауымына жатқызатын өлшем болды. Бұлар бүгінгі Қазақстан халқының жартысына жуығын құрайды. Енді бар күшті жастардың қазақша сөйлеуіне салу керек. Ересектерден қайран жоқ демейміз. Олармен де жұмыс жүре береді. Әйткенмен Қазақстан халқының болашағын құрайтын жастарды мемлекеттік тілде сөйлетпей болашаққа үміт арту елес қуғанмен пара-пар. Өйткені тілмен даритын ұлттық код пен рух әлжуаз жерде жаһанданудың табанына тапталып, ұлттық әлеуетімізден біржолата айырылып қалуымыз ғажап емес. “Мен жастарға сенемін” деген екен М.Жұмабаев. Содан бері бір ғасыр өтті. Заман өзгерді, заң өзгерді, орта өзгерді, адам өзгерді. Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс Ресей империясының тас қамалынан босадық. Батыстың жағымды табыстарымен қабаттаса әлем-жәлемі келді, тұтынушылық мәдениет белең алды. Ойы онға, санасы санға ыдыраған жастарымыз жаһандану салмағына шыдамай, жігерін жасытып алуы бек мүмкін. Төртіншіден, мемлекеттік тілді менсінбейтін, әжуалайтын, қорлайтын, бұрмалайтын бірде-бір факт құқыққорғау органдарының назарынан тыс қалмауы керек. Тіл туралы Заңды бұзғандар жауапқа тартылсын, қомақты көлемде айыппұл төлесін, қызметтен алынсын. Бұл үшін тіл басқармалары мен прокуратура қызметкерлері арасында тығыз байланыс, ынтымақтаса жұмыс істеу ынтасы болғаны жөн. Маңдайшадағы жазулар, жарнамалар, дүкен, базар, дәмхана, ойынхана атаулары қазақ және орыс тілдерінен басқа тілде – ағылшынша, қытайша, немісше, өзбекше, т.б.с.с. жазылмауын қадағалайтын күн жетті. Қазақстандық патриотизм осындайдан басталады. Отарлаудың зардабын шегіп, тілінен, ұлттық құндылықтары мен ұстанымдарынан айырылып қалған, айырыла жаздаған халықтар аз емес. Өткен ғасырдың ортасында Индия ағылшынша, Алжир французша сөйлегені тарихтан белгілі. Бүгінде олар өз негіздеріне қайта оралды. Ал түрлі жағдайлармен ассимиляцияға ұрынған этностардың қасіретін ешкім айтып жеткізе алмайды. Қаншама қасіретті бастан өткерсе де, құдайға шүкір, қазақтар ассимиляцияланбады. Әйткенмен біршама қандастарымыздың тілдік-мәдени тамырынан ажырағаны, этникалық сәйкестігін жоғалтқаны, тәуелсіздіктің келуімен жаңа ахуал мен құндылықтарды жатырқап, рухани шошынғаны, жанын қоярға жер таппай, күйзеліске түскені рас. Рухани жаңғыру бағдарламасы идеологиясын жүзеге асыруға басымдық беруге тура келеді. Кімде кім шын жүрегінің қалауымен ұлттық тарихтың тұғыры мен патриотизмді іздейтін болса, оны көктен іздеудің қажеті жоқ. Ол ана тіліне тағзым мен адалдықтың төңірегінде тұнып тұр. Тек соны көретін сана, ұғатын зерде керек-ақ. Түйіп айтқанда, адамның адамдық белгісі мен жасампаздық қарымының коды – тіл. Аумақтық бірлік пен тілдік біртектілік негізінде түркі этносы, мемлекеті, барша әлемі қалыптасты. Бұлай дейтін себебіміз түркі халықтары – Еуразияның сайын даласының автохтонды тұрғындары. Физикалық антропология жағынан шыққан тегі, уақыт өлшемі бойынша тас дәуірінен белгілі тарихы, кеңістік тұрғысынан алғанда өмір сүрген аумағы ортақ болғандықтан арғытүркілер мен түркі халықтарының тілі бір қайнаркөзден басталатыны күмән туғызбаса керек. Бүгінге жеткен-жетпеген түркі халықтарының сақталған я сақталмаған тілдерінде, сөздік қорында ортақ тарихының қалың қыртысты ақпараты, ішіне бүккен құпиясы, баршаны тамсандырған байлығы жатыр. «Жақсы сөз – жарым ырыс», деген қазақ философиясының бастауын ж.с.д. 1,5 мың жыл шамасында дүниеге келген заратуштра дінінің «Авеста» кітабынан көруге болады. Аңызға айналған сақ ойшылы Анахарсистен қалды деген мына сөздер ерекше назар аударуға лайық: «– Адамның бойындағы ең жақсы және ең жаман нәрсе не? – дегенде: – тіл, – деп қысқа қайырыпты». Тарихи-тілдік бауырластық «Көроғлы», «Қорқыт», «Алпамыс», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сынды дастандардың түркі халықтарына ортақтығынан ғана емес, М.Қашқаридің, Ж.Баласағұнның, А.Яссауидің, С. Сараидың, С. Бақырғанидың, т.б. ойшылдардың шығармаларындағы руханиятқа, тәрбиеге, мемлекетке, билікке қатысты қағидалардан да менмұндалап тұр. М. Қашқари: «Тәрбие басы – тіл», «Игі істің басы – сөз», Ж. Баласағұн: «Кісіге құт тілден», «Дүние тез өтеді, сөз мәңгілік қалады», С. Сараи: «Жаза айтылған бір сөзбен де жүректі жаралауға болады», депті. Мыңдаған жылдар бұрын айтылса да, әрбір түркілік жанға бүгін де түсінікті ережелер әрі тілге тағзымның мәңгілік үлгісі осындай-ақ болар. Артта қалған ғасырлар тәжірибесіне көз жіберумен тілдің ғұмыры халықтың бәсекеге қабілеттілігімен ұзаратынын, бөтеннің қысымына қарсы тұра алмаған халықтың тілі қолданымнан шығатынын, тіпті жоғалатынын байқауға болады. Байырғы түркілердің «Мәңгі ел» құру арманының, тәуелсіз Қазақстанның «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының өзегінде тіл тұр. Тілдің жоғалуы – тілден айрылған халық үшін тарих қозғалысының тоқтағаны, жасампаз қуаттың өшуі. Қазақ әлемі мен түркі дүниесінде жаңа тіл пайда болатын заман енді келмейді. Түркі халықтарының жақындасуы, мемлекеттерінің интеграциясы ортақ тіл табуға итермелейтініне куә болармыз, сірә. Ол да түркілік тарихтың тұғырын бекемдеуге септеседі. Мемлекеттік мәртебесі бар тіл міндетіне сай қолданылмаса, яғни басты-басты функцияларын толық әрі дәлме-дәл атқара алмаса, сол тілдің тасушысы болып табылатын халықтың тарихы табиғи-ырғақты үдерістермен түзілмейді, зерттелуі мен насихатталуы да ақиқаттан аулақ кетеді. Тұғыры қандай болса, тарихы сондай. Ақаулы іргетасқа тұрғызылған тарих шежіресінің осалдығы түбінде әшкереленеді.

5423 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз