• Заманхат
  • 02 Қазан, 2019

МАХМҰТ ҚАШҚАРИ – ҚАЗАҚТАРДЫҢ БЕДЕЛІН САҚТАП ҚАЛҒАН ҒҰЛАМА

Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы

Бұл мәңгілік жәдігерлік таусылмас-түгесілмес, азып-тозбас бір байлық болсын деп, бір Тәңірге сыйынып, осы кітапты түзіп шықтым М.Қашқари.

Осылай демеске амал жоқ! Бүгінде көпшілік үлкенді-кішілі дүкендерде иогурт деген дәмді тағамның сатылатынын біледі. Ал, енді, «Иогурт қайдан пайда болды?» деген сұраққа, кім де болса «шет елде» деп жауап берері сөзсіз. Сонымен қатар, «Үтік қайдан пайда болды?» немесе қазір көптеп сатылып жатқан «тренажер көзілдіріктерді ойлап тапқан кім?» деп сұрасаңыз да «шет елде» деген жауап аларыңыз анық. Шындығына келетін болсақ, иогурт та, үтік те, тренажер көзілдірік те біздің бабаларымыздың ойлап тапқаны. Әрине, бұған бірден сене қою қиын. Себебі бүгінгі қоғамның біразы, әсіресе жасы үлкендер кешегі кеңес өкіметінің қазақтар туралы «жазу-сызуы болмаған, қараңғы халық» деген саяси жарнамасына сеніп өскендер. «Тәуелсіздік туын көтеріп, егемендік өрісіне өз бағытымен шыққан жас мемлекетіміз үшін тарих – көне дәуірлердің куәсі ғана емес, сонымен бірге ол осы жерді мекендеген халықтың зердесі, парасат-пайымы, бүгінгінің негізі, ертеңінің бағдары. Ұзақ уақыттар бойы бұрмаланып келген халқымыздың тарихын егемен еліміздің жалпыұлттық мүддесі тұрғысынан қайта жазудың аса маңыздылығы осында». Бұл сөздер 1997 жылы жарық көрген Махмұт Қашқаридың кітабына «Жолың болсын, жәдігер» деп жазылған тілек сөзден алынды. Махмұт Қашқари кім және ол қалайша тарихы бұрмаланып келген қазақтардың беделін сақтап қалды? Ғалымның «Түркі сөздігі» еңбегін баспаға дайындаған филология ғылымдарының кандидаты Асқар Құрмашұлы Егеубай: «оның толық аты Махмұт Құсайынұлы, бабасы Мұхаммед. Ата-бабасы Барсханда туған. ...Өзі де осы құнарлы Талас, Шу топырағында, Барсхан қаласында дүниеге келген» деп жазды. Демек, ғалым қазақ жерінің тумасы. Онда неге тегі Қашқарға қандай қатысы бар деген сұраққа ғалым Әмір Нәджіб «ХІ-ХIV ғасырлардағы түркі тілдерінің тарихы» атты еңбегінде: «оның Қашқари деген лақап аты Қашғарда дәріс алып, сонда тұрғандығын ғана аңғартады» деп жауап берген. Махмұт Қашқари өзі туралы: «Сонымен мен сол түркілердің (түріктердің емес. – Б.О.) қызыл тілге ең шешендерінен, ең әдемі әңгімешілерінен, ең бір зеректерінен, ең білгірлерінен, ежелгі асыл тайпаларынан уа соғыс ісінде мықты найзагерлерінен болғандығымнан, олардың шахарлары мен сахарасын бастан-аяқ аралап шықтым». Ғалым он бірінші ғасырда өмір сүрген түркілердің (түріктердің емес. – Б.О.) сөздерін, және сол сөздердің қасиет құпияларын анықтап, сөздігіне пайдаланған. Мұқият реттеп, әбден тәртіпке келтіріп жүйелеп шығады. Ұлы бабамыз өзінің өте керек, үлкен жұмыспен айналысқанын саналы түрде пайымдап: «бұл мәңгілік жәдігерлік уа таусылмас-түгесілмес, азып-тозбас бір байлық болсын деп, бір Тәңірге сыйынып, осы кітапты түзіп шықтым да, оған «Диуани лұғат-әт-түркі – Түркі тілдерінің сөздігі» деген ат бердім» – деп баян етеді. Осы жерде айта кететін жәйт бар. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны хижра бойынша 462 жылы жазылған, ал, Махмұт Қашқаридың сегіз кітаптан тұратын еңбегі хижра бойынша 464 жылы басталып 466 жылы аяқталған. Екі ғұлама да бұл деректерді аталмыш еңбектерінде көрсеткен. Әрі екеуінің де өмір сүрген дәуірі мен білім алған жері де бір болғандықтан, бір-бірімен таныс болып, шығармашылық қарым-қатынаста болған деп топшылаймын. Осы сөздік арқылы бүгінге жеткен сөздер он бірінші ғасырдағы біздің бабаларымыздың тұрмысының жан-жақты көрінісі. Сондықтан, біздер бабаларымыздың тұрмысы қандай болғанын, қандай сөздерді қолданғанын және олардың нендей жаңалықтар ойлап тапқанын да біле аламыз. Ал, енді, сөздіктен мысалдар келтірейін: «Көзілдірік – аттың қылынан тоқылған, көз ауырғанда, не көзді қарықтырғанда көзге тартып, киіп алатын нәрсе. Оны - Көздік деп те атайды» (1 том, 589-бет). Бұл бүгіндері оптика дүкендерінде сатылып жатқан пластмассадан жасалған шұрқ тесік тренажер көзілдіріктердің мүмкіншілігін біздің бабаларымыз сонау он бірінші ғасырда-ақ білгенін және сондай көзілдіріктерді жасап қолданғанын дәлелдейді. Қазір парик деген жасанды шаштың бар екенін бәріңіз де білесіздер. Қала көшелерінде «Қымбат бағаға шаш сатып аламыз» деген хабарландыруды да оқыған боларсыздар. Осы парик қашан ойлап табылды? Махмұт Қашқари бұл туралы былай деп жазған: «ӨҢІК – қатындардың ешкі жүнінен өрілген жасанды шашы. Бұл сөз «басқа деген мағынадағы – «өңі» сөзінен алынған» (1 том, 165-бет). Басқа-басқа, біздің бабаларымыз кең дала төсінде жылқы, түйе малының көмегімен ғана жол жүрді деу де қате. Махмұт Қашқари өз сөздігінде біздің бабаларымыздың сумен жүзетін кемелерінің болғанын да нақты жазып кеткен: «Ұшан – екі желкенді кеме» (1 том, 152-бет). Осылай жазған ғалым бұл ұғымның қыпшақ сөзі екенін де нақты белгілеген. Орыс тілінде «товарищ - жолдас» деген сөз бар. Бұл сөз орыс тіліне біздің бабаларымыздың сөздік қорынан енгендігін ғалымдар өткен ғасырда жазған еді. Махмұт Қашқаридің сөздігінде: «Тауар үшін, еске де алмай алланы, Буындырар туған-туыс ұлдарын» – деген өлең сөздерін келтірген. Он бірінші ғасырда қолданыста болған осы сөз жиырмасыншы ғасырда Ресей большевиктері бастаған революцияның ең көп қолданылатын сөзі болар деп кім ойлаған? Бүгіндері неше түрлі-түсті суреттермен көркемделіп жарнамаланып жатқан косметика тауарларынан аяқ алып жүргісіз мына заманда, осы бір адам бетін, денесін әрлейтін кремдер де бізге Еуропадан келді деген ой бар. Ал, енді, аталмыш сөздікте: «ЕҢЛІК – әйелдер беттеріне жағатын қырмызы қызыл бояу, (1 том, 146-бет)» деп жазылған. Демек ұлы дала қыздары косметиканың не екенін тек жиырмасыншы ғасырда емес, көп ғасырлар  бұрын білген. Сөздіктің 1 томының 116-бетінде «ОПА – опа-далап» деген сөз де келтірілген. Бүгінде электр үтігі жоқ қазақ үйін таба алмайсыз. Ал, кімнен сұрасаңыз да «ҮТІК» деген сөз қазақтыкі дейтін адамды кездестіру оңай болмас. Дегенмен де үтікті біздің бабаларымыз сонау он бірінші ғасырда қолданып, киімдерін үтіктеген. Сөздікте: «ҮТІК – күрек пішінді темір құрал, киімнің қыртыстарын жазу үшін оны қыздырып киімді бастыра сылайды»деп жазылған, (1 том, 97-бет). Жалпы, Махмұт Қашқаридың сөздігі өте бай, сүбелі еңбек. Бұл сөздіктен сол кезгі киім, жеміс-жидек, тамақ, қару-жарақ, өлшем, ыдыс-аяқ, ойын, бояу және тағы басқа да дамыған қоғамның жетістіктері деп саналатын көптеген мағлұмат алуға болады. Ол кезгі өмірді, әсіресе, қару-жарақсыз көзге елестету өте қиын. Сөздікте қару-жараққа байланысты да мағлұматтар өте көп: АШҰҚ – дулыға (1,96), темір қалпақ; ОҚЛҰҚ (оқтық) – садақ (1,131); СҰРҚАШ – жиде ағашының сығып алынған шырыны. Онымен қылыш, қанжар және үлкен пышақтардың саптарын бекітеді (1,514); ҰЛҰН – ұшы жоқ жебе (1,108); ШЫҒЫЛБАР – қысқа оқ (1,551), тағысын тағылар. Ғалым сол кезгі медицина жетістіктерінің қандай деңгейде болғаны туралы да көп мәліметтер келтірген. Мысалы: АНДЫЗ – жерден қазып алынатын, асқазан, іш құрылысы ауруларына емге қолданылатын өсімдік тамыры (1,145); ОРДЫ – денедегі түкті жүнді түсіруге қолданылатын қоспа (1,154); ӨТРҮМ – іш босататын дәрі (1,137). Бұдан бабаларымыздың медицина ғылымын сол кездің өзінде жақсы меңгергенін, әрі басқа елдермен тәжірибе алмастыру үрдісі болғанынан білеміз. Мысалы: Ұрағұн – Үндістаннан әкелінетін дәрінің бір түрі (1,167) екен. Демек, Үндістан елінен дәрі әкелінсе, сол елге дала емшілерінің ем-домдық дәрілері де жеткізіліп тұрды деуге толық құқымыз бар. Басқа мемлекеттермен де осындай қарым-қатынас болған. Бүгінгі таңда кітап, қағаз, ксерокөшірме құрылғысы, теледидар, телефон, автомобиль, ұшақ, т.б. өркениеттілігімізді білдіретін көптеген заттар бар. Ол кездің де өзіндік өркениет белгілері болған: АЛ (қызыл) – қою сары, қызғылт сары түсті жібек мата. Одан хандар байрақ істейді, дәулетті жоғары лауазымды адамдардың аттарына жабу жасайды (1,111); ЕТІКЛІК – былғары, етік тігілетін құрым (1,183); ЕСІКТІК – есік не босаға жасайтын ағаш (1,183); ҮКЕКЛІК – сандық жасауға дайындаған ағаш (1,184). Өздеріңіз оқып отырғандай сөздікте «жасайтын, жасауға, жасайды» деген сөздер бар. Бұл сол кезгі бабаларымыздың шет ел тауарларын алуменен қатар өздері де керек заттарды жасайтын кәсіпкерлік өндірістер де болғанын білдіреді. Ал, енді, қандай бір өркениет білім жазу-сызусыз болуы мүмкін емес. Осы жерде бізден он ғасыр бұрын ғұмыр кешкен бабаларымыз жазуды қандай құралмен жазды деген сұрақ туындайтыны да рас. Бұл сұраққа Махмұт Қашқари: ОШ – тауда өсетін ағаштың бір түрі, түркілер (түріктер емес. – Б.О.) қаламды содан жасайды (1,64), деп жауап береді. ОҚЫТҚАН – деген сөзге Махмұт Қашқари бабамыз «кісіні оқытатын жазба ол» деп түсіндірме жазуы, сол кезде қоғамның өзіндік білім беру жүйесі болғанын дәлелдейді. Құрметті оқырман! Бұл шағын мақаламда мен он ғасыр бұрын ғұмыр кешкен Махмұт Қашқари бабамыздың сіз бен бізге қалдырып кеткен мұрасындағы байлықтардың бір кішкентай ғана ұшын баяндадым. Мың жыл бұрын өмір сүрген ғұлама ғалым Махмұт Қашқари өзінің сөздігі арқылы бабаларымыздың рухани мазмұнын сақтап, бүгінге жеткізді. Көптеген жылдар бойы «қазақ артта қалған көшпенді халық» деген менменсіген саясат иелеріне тосқауыл қойып, бүгінгі қазақ халқының беделін биікке көтерді. Бабамыздың еңбегінің ғасырлар бойы шет елде жатқан нұсқасын ғалым Асқар Құрмашұлы Егеубай көп жылдар бойы зерттеп, отандастарына ұсынды. Ендігі жерде осы бір ұлт жәдігерінің әр бетін ашып танысып, сол кезде де бабаларымыздың басқалардан еш кем болмағанын, кейбір мәселелерде тіпті оқ бойы озық болғанын біліп түсіну бүгінгі әр қазақтың мүддесі әрі міндеті. Демек бүгін де, ертең де, алыс болып көрінетін болашақ заманда да қазақ халқы дамыған өркениетті елдердің алдыңғы қатарында болуға толық мүмкіншілігі бар. «Білгенге маржан» деп бабаларымыз біліп айтқан. Махмұт Қашқари бабамыздың кітабы осы игі мақсатқа жетуде үлкен көмекші құрал.

 

1517 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз