• Заманхат
  • 02 Қазан, 2019

XXI ҒАСЫР. ДАҒДЫ ЭКОНОМИКАСЫ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің назарына

Мырзагелді КЕМЕЛ,

экономист, 2017 жылдың үздік оқытушысы

Біз 15 жылдан бері бүкіл әлем, оның ішінде Ресей де бар, білім экономикасынан «дағды (машық) экономикасына» көшіп бара жатқанын, біздің ғылыми-талдау мекемелері бұл мәселеде жақ ашпай отырғанын айтумен келеміз. Қолдайтындар жоқ емес, дегенмен нақты ұмтылыс жоқ. Бүгінгі күндері университеттерімізде жыл сайын әзірленіп жатқан мамандар өндіріске жұмысқа келгенде маман ретінде қызмет етуге дайын емес екендігін, жоғарғы оқу орындарын бітірушілердің басым бөлігінің алған білімдері нақты өмірге сай емес екенін жасыра алатындай жағдайдан алыстап барамыз. Білікті профессорлық-оқытушылық құрамы толық саналатын Нұрсұлтан қаламыздың өзінде кейбір оқу орындарын бітірушілердің мамандығына сай жұмысқа орналасуы 15-40 пайыз аралығында. Бұл – өте өкінішті жағдай. Бұл статистиканың өзі оқу орындарының басшылығының бітірушілерден жұмысқа орналасқаны немесе магистратураға түскені жайлы формалды ақпарат алуымен жақсарып тұр. Жаңа технологиялар мен автоматтандыру ғасырында (роботтану мен жасанды интеллект дәуірі туып келе жатқанда деп аспандамай-ақ қоялық), біздер үшін үйреншікті үдерістердің белгілі бір бөлігінде, жаңа мамандар талапқа сай болуы үшін жаңа дағдылар мен қабілет қажет етіледі. Мельбурн университетінің профессоры, XXI ғасырда халықаралық бағалау мен дәріс беру және талапқа лайықтылық жобасының жетекшісі (ATC21S) Патрик Гриффеннің айтуынша, «XXI ғасырдағы дағды экономикасы» деген терминнің айтқысы келетіні – кез-келген дағдының, емтиханның және білім беру нәтижелерін талдаудың бір ғана бағыты. Бірақ, бұл – қазіргі уақытта көптеген білімді адамдардың назарын аударып отырған ерекше бағыт. Бұл тұжырымның мәні мынада: индустриялық ғасырда білімділікті анықтаудың түйінді дағдылары – оқу, жазу және арифметика болған. XXI ғасырда болса, акцент сыни ойлау, өзара іс-әрекет пен коммуникацияға қабілеттілік, іске шығармашылықпен қарау болуы тиіс. Кейбір ғалымдар бұл талаптарға қызығушылықты қосады, дегенмен бұл дағдыдан гөрі, сапа, адамның жеке қабілеті дегенге келеді. Нарық экономикасына көшу жылдарынан бастап, білім беру жүйесі, индустрияландыру басталуына орай ірі өндірістік кәсіпорындар пайда болғалы бері, күнбе-күн өздерінің жұмыс орындарына келіп, ешбір артық сұрақ қоймастан, 8-10 сағат конвейерде тұрып немесе компьютерде отырып, өзінің тар шеңбердегі жұмысын атқара беретін жұмысшылар талап етілді. Осыған орай, қазіргі индустрияландыру дәуірінің өзінен бас тартып, конвейерлік еңбектің түрлендірілген формасына көшу алдында, қайталана беретін көп қарапайым әрекеттерді орындау үшін жұмысқа алынатындардың саны күрт азаю алдында тұрғанымызда, болашақ мамандарды білім жинауға бағыттай беруде мағына қалмайды. Өйткені, бұдан былай, қарапайым операциялар роботтандыру мен цифрлық технология заманында автоматтандырылған түрде орындалады. Демек, адамдарды бұрынғыша оқыта бермей, керекті-керексіз білімді жинау мен есте сақтауға үйрете бермей, ойлауға, өз бетінше ақпарат іздеп тауып, оны сыни бағалауға үйретуіміз керек. Жақын жылдары оқу орындарының бәрі ескі, «индустриялық» оқу бағдарламасынан инновациялық экономика мен ақпарат экономикасы үшін кадрлар дайындайтын оқыту жүйесіне көшуге мәжбүр болады. Сабақ беру тәсілі де өзгеретін болады – Интернет пен инновациялық технологияның көмегімен мектеп пен жоғарғы оқу орындарының оқушылары бүгінде кейбір салаларда өздерінің оқытушыларынан да жоғары танымға ие. Сондықтан, ендігі оқытушылар білім жеткізушілерден педагог ұйымдастырушыларға айналатын болады. Әрине, бүгінгі оқытушылар үшін бұлай өзгеру оп-оңай болмас. Постиндустриялық дәуірдің оқу бағдарламалары сыни ой-өрісін дамытуға, коммуникативтік дағдыға, шығармашылық тапқырлық пен өзара іс-әрекет дағдысына бағытталуы тиіс. Өйткені, бұл дәуірде тұлғалар арасындағы қатынасты дұрыс құру қабілеті көбірек қажет болады. Әлдебір өндірістік үдерістің қайталана беретін, автоматтандырылған соң, бұл салалардағы еңбектің шекеге әбден тиген бөліктері бұдан былай керек болмайды және оны қайтара алмаймыз, қол еңбегін бұдан былай болмайтын салаларға қайтара алмаймыз. Ауызды қу шөппен сүрте бергендей болмайық, осы талаптарға әбден сай келетін профессор-оқытушылар оқу орындарында жетерлік. Өзім білетін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Экономика факультетінде Бауыржан Исабеков деген ғылым докторы бар. Ол мемлекет қызметінде де жұмыста болған, жоғарғы оқу орындарында да кафедра меңгерген, әбден ысылған қызметкер. Өзі профессор бола тұра, докторанттар мен магистранттардан гөрі бакалавриат студенттерімен оқыту үдерісін дағды экономикасына сай ұйымдастыруға құмар, студенттермен жұмыста теориялық білімге барынша аз уақыт бөледі, сабақты өзбетінше сыни бағалау мен ақпараттануға бейімдеп ұйымдастырады. Мұндай ұстаздар әрбір оқу орындарында да жетерлік. Осы кезге дейін көп елдерде білім беру жүйесі оқушыларды қаншалықты көп білуге, яғни білім жинауға бейімдеген болса, бұдан былай жағдай өзгеретін болады. Сонымен қатар, бүгінгі кей мамандықтар қажет болмай қалады немесе оқытуды қайта қарастыру қажет. Мәселен, қазіргі кезде заңгер мен экономист мамандығы қажет көлемнен асып кеткен. Бір кездегі Білім министрі, Заң университетін ұйымдастырушы және бірінші ректоры болған Нағашыбай Шәйкеновтің идеясы бойынша, заңгерлік мамандықты еліміздегі облыс орталықтары мен республикалық дәрежедегі қалаларда ғана арнаулы университеттерді оқыту ұсынылған еді. Қазір қай жерде оқу орны болса, сол жерде алдымен заңгерлік мамандығы ашылады. Бұл жағдайда білім беру сапасы жайлы айтудың өзі орынсыз.Кеш болса да, жоғарыдағы ұсынысты өмірге енгізуге тиіспіз. Әлемдік үрдіс те осы пікірлерді мақұлдайды. Заңгерлік бағыттағы мамандардың рөлі қатты өзгерді. АҚШ-та 80 пайыз соттасу шараларын заңгерсіз ақ, олардың мүдделерін қорғайтын адвокат жалдамай-ақ, адамдардың өздері жүргізеді екен. Бізде де адамдардың сауаты ашылған, соттасар болса, өз мүдделерін қорғау үшін интернетте отырып, ұқсас мәселелердің үлгісімен жасай бастады. Еліміздегі «Медиация туралы» заң да осы мүддеге қызмет етуде. Осы секілді пікірді «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша айтуға болады. Республикадағы елуге жуық оқу орындарының бакалавриат пен магистратурасында осы пән оқытылады. Оларда сабақты негізінен экономистер жүргізеді, сондықтан, тек экономика саласына бейімделген дәрістер оқытылады. Ал, «Мемлекеттік басқару» мамандығы экономикаға ғана емес, заңгерлік, әлеуметтану, саясаттану, философия салаларына да қатысты. Бұндай әмбебап мамандар республика бойынша екі қолдың саусағының санына жетер-жетпес қана. Қалған оқытушылар біржақты, өз мамандығын ғана білетіндер. Сын айтқан соң ұсыныс та айтылғаны ләзім. Біріншіден, бұл пәнді бакалавриатта оқытудың қажеті жоқ. Ол мамандықты бакалавриатты бір мамандық бойынша бітірген, өмірді тани бастаған жағдайда таңдаған дұрыс. Екіншіден, магистратураға негіз етіп Президенттің Мемлекеттік басқару академиясының құрамындағы облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда ғана оқытуымыз дұрыс. Үшіншіден, пән аты «Мемлекеттік және жергілікті басқару» аталуы Ресейден жасалған көшірме. Біздің елде осы кезге дейін жергілікті басқару мемлекеттік басқарудың құрамдас бір бөлігі болғандықтан, осы сәтті пайдаланып, пән атауын: «Мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» деп өзгертіп алу керек. Осы секілді өзгерісті журналистика мамандығына да жасауға болады. Себебі, журналистер өте көбейіп кеткен, оларды дайындаушы оқу орындарының сапасы да көңіл көншітерліктей емес. Қазіргі журналистердің бірталайы сенсациялық ақпаратқа құмар, мәселені бұрмалап, қызықты етемін деп, мағынасы мен түпкі идеясын жоққа шығарып жатады. Осыған орай журналистік мамандықты да бакалавриатта емес, магистратурада бастау қажет. «Кәсіп» деген түсініктің өзі болашақта жоққа шығады. Өйткені, дағдының адамда бар типтік көлемі маңызды болмайды, әр жолы, нақты мақсатқа арналған дағдыларды қайта құрау қажет болады. Мұны «жобалық тәсіл» деуге келеді. Жобалық және мақсаттық тәсілдер біртіндеп оқытудың дәстүрлі тәсілдерін жоқ етеді. Қазір бұл идея онша түсініксіз көрінгенімен қажеттілікке айналды. Кәсіпкерлік қызмет факторы – жаңа идеяларды табу мен оларды бизнеске айналдыру қабілеті. Әлемдік ғылыми айналымда кәсіпкерлік қабілет бүгінгі әлемде дамытуға жататын негізгі түсінік ретінде беріледі. Абу Дабиде болған Бүкілдүниежүзілік экономикалық форумда үш тізім жасалды: - сауаттылық тізімі (базалық сауат, санай білу, ғылыми және мәдени сауат), лайықтылық тізімі (мәселені және проблемаларды шешу қабілеті, шығармашылық ыңғай, т.с.с.) және керекті сапа (қызығушылық, кәсіпкерлік қабілет, ұжымда еңбек ету қабілеті, т.б.). Жоғарыда айтылған Мельбурн университетінің мамандары XXI ғасыр дағдысының тізімін жасады. Онда: «сыни ойлау дағдысы, күрделі мәселелерді шешу мен өзара іс-әрекет» бір кешенді дағдыға біріктірілуі – күрделі мәселелерді ұжымдық жолмен шешу дағдысына айналуы тиіс деді. Енді мектеп оқушылары мен студенттерді осы дағдыға оқытуға әлеуметтік желіні пайдалану ұсынылуда. Түйіндеп айтқанда, әлем экономикасында дағдының мынадай түрлері бар: - сыни ойлау: мәселенің шешімін іздеу, талқылау, талдау, ашып көрсету, ақпаратты қорыту: - зерттеушілік дағдылары мен тәсілдері; - креативтілік: артистік, қызығушылық, көзге елестету, инновация, өзін таныту; - белсенділік: табандылық, өзбетінше қызмет, жоспарлау, өзін тәртіпті ұстау, жағдайға бейімделу; - коммуникация: сапалы ауызша және жазбаша сұхбат дағдысы, ел алдында сөйлеу қабілеті мен байыпты тыңдау; - әріптестік: лидерлік, командада жұмыс істеу, виртуалды коворкинг; - медиа-сауаттылық: ақпараттық және коммуникациялық технологияны білу, мәліметтерді қарау мен талдау; - жауапкершілік: азаматтық, этикалық және әлеуметтік сауаттылық, жеке және әлеуметтік жауапкершілік; - ғаламдық сана: мультимәдени лайықтылық, гуманизм. Әр адамда да білімді қалай алу мен жұмыс іздеу тәжірибесі бар. Бұл күндер өте келе күрделеніп келеді. Өйткені, нақтылықтар өзгеріп жатыр. Экономиканың жаһандануы, көп түрліліктің өсуі мен мәдени байланыстардың кеңеюі, тез жүргізіліп жатқан технологиялық өзгерістер жеке адамдар мен тұтас қоғамға жаңа уайымдар туындатуда. Соған дайын болу – бүгінгі саналы азаматтың басты міндеті.

510 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз