• Заманхат
  • 02 Қазан, 2019

ИННОВАЦИЯЛАР ӨНДІРІСКЕ СЕРПІН БЕРЕДІ

Дина ИМАМБАЕВА, «Ақиқат» журналының бөлім редакторы

Қазақстанның әлеуметтік саясатының басты мақсаты – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтардың бақуатты өмір сүруі. Бұл – қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі екені баршаға белгілі. Қазақстанның индустрияландыру жөніндегі бағдарламалары да ең алдымен халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға негізделген. Осы бағдарламалар аясында атқарылып жатқан бүкіл экономикалық іс-шаралардың әлеуметтік астары бар. Оның ішінде жұмыспен қамту, тұрғындардың әл-ауқаты, орта тапты қалыптастыру, инфрақұрылымды көтеру және т.б. көптеген игілікті шараларды жүзеге асыру арқылы қазіргі заманғы әлеуметтік мәселелердің шешімін табу көзделген.

Индустрияландырудың 1-бесжыл-дығы дағдарысқа қарсы әрекет етудің табысты тәжірибесін берді деуге болады. Өңдеуші өнеркәсіп көлемінің өсу қарқыны алғаш рет дәстүрлі өңдеуші салаларға қарағанда әлдеқайда жоғары болды. Жалпы, индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында машина жасау саласында теміржол вагондарын шығару 10 есеге, дизельдік локомотивтер 2,5 есеге артқан. Осы бес жыл ішінде отандық автоөндірісте жеңіл автокөлік шығару 12 есеге, тракторлар 6 есеге көбейген. Ал, мұнай қондырғыларын шығару бұған дейінгі көрсеткіштен 3 есеге өсті. Бірінші бесжылдықта барлығы 770 жаңа кәсіпорын ашылып, онда 75 мыңнан астам адамға жаңа жұмыс берілді. Қазіргі таңда Қазақстандағы индустрия саласында еңбек ететін халық саны 1 миллионнан асады. Индустриялық-инновациялық даму-дың бір шарты елдегі ғылымға бөлінетін қаржы көлемімен, ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен, ол жеткен нәтижелермен өлшенеді. Жалпы кез-келген мемлекеттің ғылымға деген көзқарасы ЖІӨ-нің деңгейі бойынша бөлінетін шығынмен есептеледі. Халықаралық академиялық кеңес дамушы елдерге ғылымды қаржыландыруды кем дегенде ЖІӨ-нің 1,5 пайызынан кемітпеуді ұсынады. Ал, халықаралық бағалау бойынша ғылымның жеткілікті дамуы үшін ЖІӨ-нің 1,7%-ы қажет. Атап айтқанда, Қазақстанда мемлекеттің ғылымды қаржыландыруы: 2002 жылы – 0,13%, 2003 жылы – 0,14%, 2004 жылы – 0,16% ЖIӨ бөлінген, ал, 2014 жылы – 0,24% болды. Осыған орай жуырда ҚР Президенті Қ.Тоқаев еліміздегі ғылымды қаржыландыруды ұлғайтуды ұсынды. «Біздің елімізде ғылымды қаржыландыру 0,13%-ды құрайды, ал, дамыған елдерде – 2,5%. Сондықтан, Үкімет бұны ескеруі тиіс. Ғылымсыз ешқайда бара алмаймыз» деді Президент. Ол дамыған елдер тәжірибесі бойынша ғылымға жеке секторды тартудың түрлі тетіктерін жетілдіру қажеттігін атап айтты. «Қазіргі әлемде ғылымсыз бір қадам аттап басу мүмкін емес. Ең бастысы, бұл сапалы және прогрессивтік ғылым. Ғылымның мәртебесін әлі де көтеруге тиіспіз, оның ішінде жүйелі іс-шаралар жүргізу қажет. Бұны алдағы уақытта әзірленетін білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында ескеру керек» деді ел басшысы. Елбасы Н.Назарбаев та «Қазақс-тан-2050» атты Жолдауында экономиканың жаңа салаларын дамыту үшін ғылымды қаржыландыруды ұлғайту – ЖІӨ-нің кем дегенде 3%-ы қажет екенін айтқан болатын. Ол зерттеулер мен инновацияларды, және сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерциялауды қолдау керек екендігін баса көрсетті. Ғылымды қаржыландыруды бұдан былай кезең-кезеңмен ұлғайтқанда ғана еліміз дамыған елдердің көрсеткішіне жақындай алады және ғылымның мәртебесі де түбірімен өзгереді. Осылайша, алдағы уақытта Қазақстандағы индустриялық-инновациялық үдерістерді жүзеге асыруда елдегі ғылыми әлеуеттің рөлі өзектілене түседі. Мамандар ғылым мен технология саласындағы дамудың маңызды негізін құрайды. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруде де ғылыми кадрларды кәсіби және жеке тұлғалық жағынан дамытудың артықшылығы зор. Бұл ретте ғылыми зерттеулерге қойылатын талаптар қатаң, біріншіден ол – сапа, яғни ғылыми мәнділігі, жаңалығы және іске асырылатындығы. Екіншіден – релеванттылығы, яғни ғылыми зерттеулердің елдің қазіргі және болашақ қажеттіліктеріне сәйкестігі және өнімділігі. Ол үшін жаңа білімдерді жинақтап, біздің жағдайымызда қолдана білу қажет. ҚР Президенті Қ.Тоқаев жоғарыда келтірілген сөзінде атап көрсеткендей, қазақстандық өндірістің ғылыми қамтымдылығы ғылым мен бизнес, яғни, кәсіпкерлер арасындағы байланысты тығыз үйлестіру, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін кеңінен тарату арқылы жүзеге асырылады. Бұл үшін ең алдымен нақты өндіріс салаларының инновация енгізуге деген қызығушылығы болуы міндетті. Қазақстандағы өнеркәсiптің көптеген салалары үшiн бәсекелi технологиялық әзiрлемелер – тау-кен-металлургиялық кешені, химия және мұнай химиясы, биотехнологияның ядролық және әртүрлi салаларға және басқаларына арналған ғарыштық технологиялар саласын қамтиды. Республикамызда катализ, органикалық синтез, микробиология, металлургия саласында әлемдiк деңгейдегі күшті ғылыми мектептер қалыптасқан. Міне, дәл осы салаларға үлкен серпіліс қажет. Ең бастысы, ғылыми-зерттеу институттарының инновациялық даму талаптарына жауап беруі. Өндiрiске жаңа өнiмдердi енгiзу, жаңа коммерциялық тиiмдi технологияларды қолдану, сондай-ақ, инновациялық және жоғарғы технологиялық жобаларды басқара алатын кәсiби инновациялық менеджерлер – мамандар институтын жетілдіру қазіргі уақыт талабы. Өйткені, ұлттық экономикалық дамудың инновацияларға көшуi бүкіл қоғамның инновацияларды қабылдауынсыз, яғни инновациялық мәде-ниетсіз және инновациялық процестердi басқару мен инновацияларды iске асыруды жүзеге асыруға қабiлеттi кадрлар санының жеткілікті болуынсыз мүмкiн емес. Осы орайда «инновациялық адам» деген ұғымға түсінік беретін болсақ, ол – білікті, жігерлі, іскер, тапқыр, ұжыммен жұмыс істеуге бейім және үздіксіз білім алуға дайын адам. Ал, осындай адамдарды қоғам да, мемлекет те қолдау керек. Жаңашыл, өнертапқыш адамдарға тиісті көзқарас қалыптастыру, әлеуметтік перспективаға кепілдік беру маңызды. Инновациялық адамның қалыптасуына ең алдымен білім беру жүйесі жауап береді. Бұл үшін білім беру уақыт талаптарына сай болуы тиіс. Осы себепті Қазақстандағы білім беруді жаңарту, әлемдік деңгейге көтеру міндеті сонау тәуелсіздік алған жылдардан бері қойылып келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың 1990 жылдардың өзінде-ақ «Болашақ» бағдарламасы арқылы жастарды шетелдің көрнекті оқу орындарына жіберуі ел болашағын ойлауының бір көрінісі. Қазір кәсіптік колледждерге дуальды оқыту жүйесінің кеңінен енгізілуі де содан. Өйткені, жоғары білікті мамандарға деген сұраныс ешқашан тоқтамақ емес. Инновациялық және технологиялық идеяларды дүниеге әкелетін адамдар – негізінен жастар мен ғылыми сала қызметкерлері. Инновациялық даму үшін басты ресурс – кадрлар. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университетi аумағында екі мыңға жуық шаршы метрді алып жатқан технопарк теориялық білімді тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мұнда көптеген ғылыми зертхана жұмыс iстеп, жүздеген жоба iске асырылуда. Заманауи технопарк отандық өнертапқыштардың бастамаларын жүзеге асырып, әлемдік сұранысқа ие болуына жол ашады. Қазіргі күнде Назарбаев университеті халықаралық ғылыми-зерттеу университеті дәрежесінде жұмыс істеп жатыр. Бұл өз кезегінде ғылыми-зерттеу жобаларын нарыққа тартуға көмектеседі. Технопарктің басты мақсаты – осындай жобаларға көмек жасау, қолдау. Ұлттық экономиканың жедел және тұрақты дамуы еліміздегі инновациялық бастамалардың артуына байланысты. Яғни, тың идеясы мен ұшқыр ойы бар әрбір азамат ел өркендеуіне өз септігін тигізе алады. Индустриялық-инновациялық бағдарламаны табысты жүзеге асырудың маңызды шартының бірі жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету екендігі сөзсіз. Еліміздегі қазіргі еңбек нарығындағы жағдай инновациялық экономика талаптарын қанағаттандыруға сай келе бермейтін жағдайлар ұшырасады. Сондықтан, жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмай, қолданбалы және ғылыми-зерттеу бөлімшелерін құруы және дамытуына баса назар аударылып отыр. Өйткені, алдағы уақытта экономика қоятын талаптар тек өсе бермек, сол себепті қажетті кадрлар даярлау үшін кәсіптік оқу орындары мен ЖОО-лардың сапасын көтеру – кезек күттірмейтін маңызды шарт. Олардың барлығы қазіргі заманғы еңбек нарығын қамтамасыз ету үшін қажет. Сарапшылардың айтуынша, ҮИИДМБ-ны жүзеге асыру 2010-2014 жылдары бірінші кезекте – өңдеу өнеркәсібін жеделдетіп дамыту есебінен экономиканы әртараптандыру үдерісін іске қосуға септігін тигізді. Бірінші бесжылдық барысында, сондай-ақ, мемлекеттік қолдаудың түрлі құралдары мен саясаттың жаңа бағыттары тестіленіп, өнеркәсіпті дамыту институттарының тиімді жүйесі құрылды, шикізаттық емес салаларды дамытуға маңызды ірі жобалар қолдау тапты. Жалпы Қазақстанда индустрияландырудың бірінші бесжылдығында 3 трлн теңге жеке инвестицияға 1042 жобаның 770-сін жүзеге асыру аяқталды. Жаңа жобалар аясында 75 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Мемлекеттік бағдарлама тек жаңа кәсіпорын ашуды білдірмейді. Оның мазмұны қандай, міне, осы маңызды. Мысалы, машина жасау саласында өндіріс көлемі 2008 жылмен салыстырғанда 16,2 пайызға ұлғайған, минералды өнім (құрылыс материалдары) өндірісі – 10,6%-ға, жеңіл өнеркәсіп – 8,3%-ға, химия – 5,6%, дәрі-дәрмек – 5,6% өскен. Бұған қоса, Өскемен мен Қостанайда автомобиль кластері құрылып жатыр. Бұл сала елімізде бұрын ешқашан болған емес. 2020 жылы Қазақстанда автомобиль өндірісі жылына 300 мың бірлікке жетеді деп күтіледі. Мұның бәрі ЖІӨ-ден өз көрінісін тапты. 2012 жылы – ЖІӨ-де ҮИИДБ шеңберінде енгізілген жаңа өндіріс үлесі 1,5%-ды құрады. 2015 жылдан бастап индустрия-ландырудың екінші бесжылдығы басталды, ол 2010-2014 жылдарға арналған ҮИИДМБ сабақтарының жаңа мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өнеркәсіпті үдемелі дамытуға бағытталған. Екінші бесжылдықтың негізгі мақсаты өңдеу өнеркәсібін әртараптандыруды ынталандыру және бәсекеге қабілеттілікті арттыру болды. Талдау нәтижесі бойынша 6 басымдықты сала таңдалды: өңдеу өнеркәсібі, металлургия, химия, мұнай химиясы, машина жасау, материал құрастыру, азық-түлік өнеркәсібі. ҮИИДМБ-2-ні жүзеге асыру үшін 2015 жылы жалпы 200,7 млрд теңге жоспарланған. 2015 жылдың бірінші тоқсанында ресми автомобиль нарығы өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 27,3%-ға төмендеген. Алайда, жеңіл автомобильдер арасында шетелдік көліктерді сату азайған. Оның орнына қазақстандық өндірістің Chevrolet бренді автомобильдерін сату ұлғайып, ол алғашқы бестікке кірген. Сондай-ақ ресейлік, жапон және өзбек автомобильдерінің үлесі де төмендеді. Бұл жағымды көрсеткіштер ҮИИДМБ-1 жүзеге асырғалы бері Қазақстанда машина жасау саласында жаңа кластер қалыптасуының нақты нәтижесін білдіреді. Темір жол машинасын құрастырудың жаңа тұтас бір инновациялық кластері пайда болды: локомотивтер, күш агрегаттары, вагондар, толымдаушылар. Қазақстан барлығы 150 жаңа өнім түрін игерді. Бұл машина жасау, фармацевтика, химия өнеркәсібі өнімдері. Автоөнеркәсіптің үлесі 2013 жылдың өзінде 2008 жылмен салыстырғанда төрт есе өсті. Машина жасау саласының үлесі 18,3 пайызды құрады. 2013 жылы отандық кәсіпорындар 37 мыңнан астам жеңіл автокөлік құрастырды. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда шамамен 2 есеге артық және 2008 жылдың көрсеткішінен 11,6 есе көп. Өндіріс көлемі 2013 жылы 2008 жылмен салыстырғанда 12 есеге немесе 13,5 млрд теңгеден 156,5 млрд теңгеге дейін артқан. Бірінші бесжылдық көшбасшы жоба-ларының бірі – «Тальго» жолаушылар вагондарын шығаратын зауыт. Вагондардың 40 жылдық қызмет мерзімі бар, олардың құрылымы Қазақстанның шарттарына бейімделген. Қазақстандағы индустриялан-дырудың нақты жетістіктері мен кем-шіліктерін саралайтын болсақ, оң нәтижелері мынадай: - экономикалық макродеңгейде біршама тұрақтылық орнады; - тиісті инфрақұрылым құрылды және нарықтың дербес субъектілері қалыптасты; - экономиканың ашықтығы жоғарылай түсті; - халықтың әлеуметтік жағдайы едәуір жақсарды; - өндірістің құлдырауы жойылды. Еңбек нарығына әсер ету қажеттігі салдарынан индустрияландыру бағдар-ламасын жүзеге асыру барысында кадрлар даярлауға ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы жұмыс қазіргі таңда белсенді жүргізіп келеді, қомақты қаражат бөлініп, жаңа білім беру бағдарламалары мен материалдық база болады. Олар индустрияландыру бойынша іске қосылған кәсіпорындарда жұмыс жасайтын 55 мыңға тарта техникалық мамандарды даярлайтын болады. Индустриялық сатыдан индустрия-лық-инновациялық өнеркәсіп өндірісіне өту жаңа типтегі жұмысшы, програм-мист, оператор, технолог түріндегі өндірістік үдерісті басқарушыларды алып келеді. Автоматтандырылған, жоғары автоматтандырылған құрал-жабдықтарда жұмыс істейтін жұмысшылар бағдарламалық-сандық басқару аппараттарында еңбек етеді. Ірі индустриялық жобалардың айналасында шағын және орта бизнес жобалары құрылады. Ірі компанияларға қызмет көрсету және тауарлар қажет. Осы тауарларды өндірушілер жұмыс орындарын құра алады. Бұл инновациялық шағын және орта кәсіпкерлікке жол ашуды білдіреді. Елімізде инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз ету міндеті қойылған. Өйткені, дамыған экономика біліктілігі жоғары кадрларды талап етеді, оларды дайындайтын ЖОО, кәсіптік-техникалық колледждер екені белгілі. Мәселен, дуальды оқыту бойынша студенттер тікелей кәсіпорындар мен мекемелерде тәжірибеден өтіп жатыр. Мұның бәрі өндіріс орындарын білікті жұмысшылармен қамтамасыз ету және сонымен бірге халықты жұмыспен қамту мақсаттарынан туындайды. Айталық, жұмыспен қамтудың 2020 жылға дейінгі жол картасы аясында 2011-2014 жж. 260 мың адам жұмысқа орналастырылды, 120 мың адам оқуға тартылған. Бұл бағдарлама жалғасын табуда. Инновациялық мемлекеттің бір белгісі – электронды үкімет, яғни ақпараттық және коммуникациялық технологияларды кеңінен қолдану. Инновациялық саладағы үлкен бір жетістік деп Қазақстанда мемлекеттік қызмет порталы автоматтандырылған жүйесінің құрылуын айтамыз. Бұл билік органдарының жұмысын тиімді, ашық және қолжетімді ету үшін қажет. Электронды үкімет – мемлекет пен азаматтың өзара әрекеттестігін, арақатынасын ақпараттық технологиялардың көмегімен үйлестіретін біртұтас тетік. Ол мемлекеттік органдардағы ұзын-сонар кезектерді жойып, анықтамалар, куәліктер, рұқсатнамалық құжаттар және т.б. алуды оңайлатады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы «Бір терезе қағидатының» пайдасын халық көріп отыр. Қазір Қазақстанда бүл қызметтің дамуы жеделдей түсті.

Халықаралық рейтингтер бойынша бағалайтын болсақ, кестеде көрсетілгендей, Қазақстан соңғы жылдары бұл салада үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Электронды үкіметті дамыту (E-Government Survey) индексі бойынша еліміз 193 елдің арасында 65-орында тұр, ал Ресей – 27-орында. Ал, Желілік қоғамға дайындық индексінде (Networked Readiness Index) Қазақстан – 38-орында болса, Ресей – 56 орынды иеленген. Жалпы қоғамдық салалардағы, инфрақұрылым мен әлеуметтік саладағы инновациялар мемлекеттің экономикалық табысының айқын көрсеткіші десек қателеспейміз. Бұл тұрғыда ҚР орнықты даму жолына түсті деп нық сеніммен айтуға болады. Осы тұрғыда «Жаһандық инновациялық индексті» құрастырушы халықаралық институттар әлемнің түрлі елдерінде инновациялық қызметті жүзеге асыруда «жергілікті ерекшеліктерді» қолдануды ұсынады. Мұндағы басты идея инновацияларды дамытуда басқа бір елде табыспен жүзеге асқан дайын жобаны көшіріп алу үнемі оңтайлы бола бермейтініне келіп тіреледі. Ал, жергілікті инновацияларды дамытуға ықпал ету үшін ең алдымен ұзақ мерзімдік стратегия құру қажет және ол сол елдің ерекшелігіне, оның тарихы мен мәдениетіне негізделуі тиіс. Оған қоса бұл стратегия халықаралық нарықтарға шыға алатындай тәсілді іздестіруі және талантты адамдарды, яғни адам капиталын тиімді қолдана білуі міндетті. Сонда ғана инновациялық салада жетістікке жетуге болады дейді халықаралық сарапшылар. 2014 жыл қорытындысы бойынша Қазақстан Дүниежүзілік банктің бизнеске жағымды ахуал қалыптастыру жөніндегі «Бизнес жүргізудің жеңілдігі» («Doing Business») рейтингі бойынша 50-орын алды, бірақ осы индекстің «Халықаралық сауда» көрсеткіші бойынша 186-орында тұр. Жалпы халықаралық рейтинг нәтижелері Қазақстанның инновациялық дамудағы жағдайының нақты бейнесі. Мысалы, «Жаһандық инновациялық индекс» (GII) әлем елдеріндегі инновацияның деңгейін көрсететін ірі және жан-жақты көрсеткіш болып саналады. Мұнда еңбек өнімділігі, инновациялардың экономикалық өсімге ықпалы ескеріледі. Халықаралық инновациялық индекстің бағасы елдердің инновациялық қызметінің коммерциялық нәтижесін және сол елдің үкіметі мен мемлекеттік саясатының инновацияларды қолдауын білдіреді. Мысалы, 2014 жылғы GII индексінің басты тақырыбы – инновациялардағы адам факторы деп аталды. Осы жылғы рейтинг бойынша алғашқы ондықты Швейцария, Ұлыбритания, Финляндия, Нидерланд, АҚШ, Сингапур, Дания, Люксембург, Гонконг (Қытай) құрайды. Жалпы тізімде Қазақстан 32,8 баллмен 79-орында тұр (салыстыру үшін Ресей 49-орынды иеленген). 2013 жылы Қазақстан 84-орында болатын, сөйтіп 5 пунктке көтерілген. Ал, Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің аймағы бойынша Қазақстан 2-орынды алады. Осылайша, еліміз инновациялық үдерісте адами факторды күшейту жолымен жаңа жетістіктерге ұмтылып отыр. Осылайша, индустрияландыру процесі ұлттық экономиканың қайта құрылуының басталуына түрткі болды және оның өсімінің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Бірқатар жағымды нәтижелер қалыптасты. Мысалға, өңдеуші өнеркәсіптің озық өсімі, еңбек өнімділігінің артуы; сонымен бірге, өнеркәсіпте жұмыспен қамтылғандар саны 125 мыңға артып, 1 млн адамнан асты. Жаңа өндірістерді құру бойынша отандық және шетелдік инвесторлармен жұмыс басталды. Мысалы, тек қана өңдеуші өнеркәсіпте шетелдік инвесторлардың қатысуымен 5 млрд доллар сомаға 59 жоба жүзеге асырылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жеке іс ашуға микронесиелерді мыңдаған адам алды, нәтижесінде қосымша жұмыс орындары құрылды. Индустрияландыру картасы аясында кәсіпорындар 2013 жылы 1,2 трлн теңгеге өнім шығарды. Индустрияландыру картасының енгізілген жобалары жалпы 2,8 трлн астам теңгеге өнім шығарды, оның ішінде 2013 жылы - 1,2 трлн теңге немесе өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлемінен 6,5%. ҮИИДМБ жүзеге асыру аясында Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның «Инновация» факторы бойынша Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі халықаралық рейтингісінде 31 пунктке көрсеткішін жақсартты. Қазіргі уақытта еліміз осы көрсеткіш бойынша 85-ші орында. Әрине, инновациялық бастамаларды дамыту үшін қолданылған шаралардың алғашқы нәтижелері Қазақстанның инновациялық болашағына оптимистік көзқарас үшін негіз бола алады. Негізінен, сфераның өзі – инновациялар, ноу-хау және технологиялық жаңалықтар жаңашыл әдістерді талап етеді. Алдағы уақытта ағымдағы экономикалық жағдайды ескере отырып, қолдау шараларын кеңейту маңызды.

384 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз