• Ұлттану
  • 02 Қазан, 2019

ҚАЗАҚ ЖЕРІНІҢ ӘУЛИЕЛЕРІ

Бақтияр Сманов,

ҚР ҰҒА академигі, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық еңбектері тарихи түп-тамырымызды терең зерделеп, халқымыздың өткені мен бүгініне, болашағына ерекше мән беруге жетелейді. Әсіресе, «Қасиетті Қазақстан» жобасын тарихи-мәдени мұраларды сақтау, қорғау мен насихаттау, оларды танымдық-тәрбиелік мақсаттарда ұтымды пайдалану жұмысы қазіргі қоғамымызда айрықша серпіліс туғызып отыр. Бұл өзекті мәселе «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасында да жалғасын тапты. Мұнда «Тарихи-археологиялық қозғалыстар құру», «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу», «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығару сынды ұлт тарихын ой-санамызға сіңіру бағытындағы келелі міндеттерді жүзеге асыру халқымыздың мәдени-рухани байлықтарының қадір-қасиетін жоғары бағалап, жас ұрпақтың, замандастарымыздың түсінік-танымында оларды одан әрі бекіте түсуге көмек ететіні сөзсіз.

«Қасиетті Қазақстан» жобасы жайлы айтқанда ең алдымен қазақ топырағындағы әулиелі жерлер еске түседі. Көне қазақ жерінің асты пайдалы қазбаларға қаншалықты бай болса, оның үсті де соншалықты рухани игіліктерге толы. Бұған халқымыздың қоғамдық-мәдени өмірінде ерекше орын алатын тарихи мұралар, бүгінгі заманымызға дейін жеткен жауһар ескерткіштер, қастерлі есімдер мен олардың кесенелері молынан дәлел. Олар мемлекетіміздің қамқорлығымен, кейбір кәсіпкер демеушілердің қолдауымен немесе жалпы халықтың қадірлеп-құрметтеуінің арқасында жаңартылып сақталып келеді. Осыдан біраз жыл бұрын Түркия Республикасында болған сапарымызда Стамбулда тұратын Түркия зиялылары қоғамның төрағасы, атақты ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор Нефзат Ялшынташ мырза (бұл кісі елдің бұрынғы президенті Тұрғыт Озалдың досы) барша түркі халықтарының терең тамырлы тарихын, тілін, дінін, әдебиетін, мәдениетін, олардың жоғалғанын қалпына келтіру, қолда барын қайта түлету, жандандыру жөнінде келелі ойлар, тың пікірлер білдірген еді. Осы орайда, ғұлама ақсақал бүгінгі Қазақстанның орны, рухани өмірдегі мән-мағынасы ерекше екендігіне, өйткені мұнда бүкіл түркі жұртына ортақ қасиетті есімдер мен киелі жерлердің өте көптігіне айрықша тоқталды. Әңгіме үстінде қазақ топырағында жатқан барша иісі мұсылман қауымының, әсіресе, түркі халықтарының өркендеп дамуында көрнекті орын алатын тұлғалар – ұлы бабаларымыз Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Ысқақ баб, Баба Түкті Шашты Әзіз, Ақбура, Қарабура секілді әулиелердің есімдерін атауымыз сол-ақ екен, орнынан тұра қос жанары бал-бұл жанып қолымызды алды да: – Бұл айтқандарыңыздың барлығы бүкіл түркі дүниесінің әулиелері, біздің ұлы әруақтарымыз, баға жетпес рухани байлықтарымыз емес пе?! Мен сізге чоқ мәмнүнмін (өте қуаныштымын), – дегені бар. Сонымен бірге, үлкен ғалым Қазақстанды күллі түркі әлемінің қарашаңырағы санайтынын, сондықтан, түрік ағайындар қазақ елін атажұртымыз деп есептейтінін жасырмады. «Әулие» араб тіліндегі «уәли» сөзінің көпше түрі. Ол негізінен екі мағынаны білдіреді: бірі – Алланың сүйікті құлы яки досы, Алланың ең жақын адамы; екіншісі – қамқоршы, басшы деген мағынада. Біздің қолдануымыздағы әулие сөзі осы екі ұғымды да бірдей қамтиды. Сондықтан, «әулие» сөзі, «әулие» термині бізге ислам дінімен байланысты келді деп айтуға толық негіз бар. Халқымызда ерекше қасиетті адам жерленген зират оның атымен аталып, «Қаспан әулие», «Жабай әулие», «Зеріп әулие», «Құралбай әулие» деген секілді әулие сөзі зират, мазар ұғымының баламасы ретінде де қолданылады. Әулие ислам дініндегі қалыптасқан дәстүр бойынша тау-тасқа, өсімдік-ағашқа, өзен-бұлаққа, минерал суға, белгілі бір затқа орай емес, тек адамға ғана қолданылатын анықтама. Оны дәлелдейтін Құрани-Кәрімнің Бақара сүресіндегі Аятүл курсиден кейінгі 257-ші аятта әулие (яғни уәли) жөнінде: «Аллаһу уәлийүл әлләзина әману» (Алла иман келтіргендердің досы) немесе Юнус сүресінің 62-ші аятындағы «Әлә инна әулия аллаһи лә хауфун ғалейһим уә ләһүм йахзануун (Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ және олар қайғырмайды)», – деп берілген қасиетті сөйлемдер. Ислам тарихында ешбір әулие көзі тірісінде «мен әулиемін» деп айтпаған. Ол әулие екенін өзі де сезбеген, оны сырт адам да байқамаған. Тек, сол ерекше қасиетті кісі дүниеден озған соң ғана оны өзінен кейін қалған білетіндер, көз көрген замандастары, жалпы жұрт марқұмның бойындағы өзгеде кездесе бермейтін сапалық белгілері, ізгі істері арқылы оның әулие екендігі туралы ұғымды қалыптастырған. Одан кейінгі ұрпақтар сол әулиені қадір тұтып қастерлеген. Өмірден таршылық көріп, қысылған шақтарында әулие әруағына сыйынып, Алладан медет, көмек сұраған. Бұл кейбір діндарларымыз айтатындай Аллаға серік қосу емес, әулиелерді (Алланың достарын) қадірлеу, қастерлеу арқылы Аллаға жол іздеу, құдайдан сұрау деп есептелген. Бұл, былайша айтқанда, әруақтарды сыйлаған ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан жолы, Аллаға бас июдің баспалдағы іспетті саналған. «Әруақ риза болмай, тірі байымайды», «Әруаққа құрмет – ұрпаққа міндет», «Әруақтан басқа ес жоқ, Көлеңкеден басқа дос жоқ», «Әруақты жерден ат үркеді», «Ойнамағын әруақпенен, әруақ ұрар әр баппенен» деген секілді терең мағыналы халық даналықтары, міне, осыдан қалған. Мұның түп-төркіні төл тарихымызды сыйлау, ұлыларды ұлықтау, қасиетті (сакральды) жерлерді, киелі орындарды құрметтеу ретінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен ұштасатынын көреміз. Әулие жөніндегі мұндай тәртіп, орнықты көзқарас тек ислам дінінде ғана қалыптасқан. Басқа діндерде «әулие» феномені өзгеше және әркелкі жүйеде жүзеге асырылады. Айталық, христиан дініндегі католиктер мен православиелік бағытты ұстанушылар шіркеулерінде қызмет ететін аса көрнекті діни қызметкерлерді, монастырь негізін қалаушыларды, зиялы қауым өкілдерін, атақты діндарларды әулиелер қатарына ресми түрде қабылдаған. Мәселен, пра-вославие дінінің басшылары «әулие» деген атақ беру үшін Орыс православие шіркеуі (басшысы – патриарх Кирилл) Қасиетті Синодының шешімімен бірге Қасиетті Собор шешімін шығарады. Ал, католик-христиандарында әулиелік атақты Рим Папасы Францисктің салтанатты мәлімдемесінен кейін Жоғары Діни кеңес (орган) береді. Ал, түркі халықтарындағы әруаққа сыйыну рәсімі тым ерте – ислам діні келгенге дейін пайда болған. Олай дейтініміз, тәңіршілдік заманының өзінде біздің халық Тәңірі ата, Ұмай ана, Жерге, Суға, Отқа, аспан денелері – Күн, Ай, жұлдыздарға, ата-бабалар әруақтарына сыйынып, күн кешкен. Ал, ислам дінінің қабылдануына байланысты бұл әдет-ғұрыптар мұсылмандық сипатқа ауысып, кең қанат жайды. Мұның біраз белгілері осы күнге дейін өмірде кездесіп келеді. «Әулие» терминінің төркіні ислам дінімен қатар келгенін жоғарыда атадық. Мұсылмандық наным-сенімнің елімізге, тіпті, Орталық Азияға тарауымен бірге бұрынғы тұтынған діни көзқарастар араласып жаңаша ислами бағытта қарқындап дамыды. Бұл, әсіресе, ХІ-ХІІ ғасырларда сопылық немесе тасаууф ілімімен байланысты халықтың ой-санасынан мықтап орын алып, бүгінге дейін сақталған. Өйткені, бұл бағыттың бастауында Мауреннахрдағы ислам дінінің ірі-ірі өкілдері – имам Бахауддин Нақшбанди, Әбдіхалық Ғиждуани, Қожа Ахрар Уәли, Нажмиддин Кубра, Қожа Ахмет Яссауи сынды т.б. аса көрнекті дін ғұламалары тұрды. «Шариғат базарында сайрандадым, Мағрифат бақшасында жайраңдадым, Тарихат сарайында тайраңдадым, Хақиқаттың есігін мен аштым, міне», – деп Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың өзі «Даналық хикметінде» жазғандай, сопылық жолды терең зерттеп, осы бағытты күллі түркі жұрты қабылдады. Сопылық ілімінде әруақтарға сыйыну, дәруіштік, тазалыққа ұмтылу, зікір салу секілді т.б. діни әдет-ғұрыптар қазақтың бұрынғы замандарындағы сенім-нанымдарына ұқсас болатын. Халықтың ислам дінін қабылдауының барысында ежелгі тәңірлік, шамандық дүниетанымдардың кейбір үлгілері сопылық бағыттағы жаңа мұсылмандық ұстанымдармен тығыз араласып, әулие ұғымы жаңаша мазмұнмен толығып кеңейе түсті. Бұған, әрине, қазақ даласына мұсылман дінінің сопылық ілім түрінде енуінің ықпалы зор болды. Бұл жайтты, яғни, діни көзқарастар мен түсініктердің транзитін ұлы Мұхаң (Мұхтар Әуезов) өте жақсы атап көрсетеді: «...Мінеки, бұл ескілік пен жаңаның жасаған бітімі. Бұл сияқты ескіліктің азырақ белгісі, жоғарыда айтқан, мұсылманшылықтың сүзгісінен зорға өтіп келгендер. Мұсылманшылық осы кезде ондаймен алысуда. Сондықтан, жылдан-жыл өткен сайын ескілікті еске түсіретін нәрселер жоғалып барады. Солар жоғалған сайын, қазақ тарихына ескілікті білу, іздеп тауып, ұғыну қиын бола бермекші... Әуелден алыс жерлерден бастауға болмайды. Әуелі өзімізге таныс бергі заманнан бастау керек. Іздеушілер көбейіп, табылған ескіліктің жұрнақтары көбейген соң, сол бұйымдардан құрап, қолға таяқ алып, ескілікті ерте заманға қарай тереңдетіп, жылжи беру керек», – дейді академик-жазушы («Әдебиет тарихы», – Алматы, Ана тілі, 1991. 19-20 беттер). Әулиелер – Аллаға құлшылығынан әсте танбаған, жаны таза, нағыз діндар, тақуа, пәк адамдар болған. Өзі үшін емес, халық үшін қызмет еткен; кедей-кепшіктер, жарлы-жақыбайлар, кемтар-кембағалдардың мұң-мұқтажын ойлаған. Олар жаратылысында өте қарапайым, кішіпейіл, ақниетті, таза жүректі, мейірімді, ақкөңіл жандар болған, обал мен сауапты арашалаған. Әулие ешкімнің ақысын жемеген, ешкімді ренжітпеген, қайта қиналғандарға қол ұшын берген, егер ол бата берсе, оның тілегі қолма-қол қабыл болған немесе түсінде сол әулие аян берген. Айталық, Қобыланды батыр алпыстағы шешесі Аналық пен тоқсандағы әкесі Тоқтарбайдың «әулиеге ат айтып, Қорасанға қой айтып» бала тілеп тентіреп жүрген кезінде табылған бала. Алпамыс батыр да «әулие қоймай қыдырған, етегін шеңгел сыдырған» Байбөрі мен Аналықтың «бір перзентке зар болып», Құдайдан тілеп жүріп көрген жалғыз ұлы. Бозмұнай бай да дәулеті мен сәулеті асып-тасқанымен, баласының жоқтығынан өз құлдарынан қорлық көріп, құсалы болып жүргенде түсінде бір ақ сәлделі адам келеді де: «...Бір өзің Баба Түкті Шашты Әзіз деген әулиенің қабірін тауып, соның басына барып, Құдайдан тілек тіле», – дегенін орындаған соң, Ер Сайын батыр дүниеге келеді; атын да ғайыптан келіп бір адам қояды. Нәрік те зарығып жалғыздықтан зорлық көріп, күндіз-түні тілек тілеп тентіреп-қаңғырып жүргенде, түсінде әруақтар аян беріп Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің қабірін нұсқайды. Соның басына барып тілек тілеп, түнеген соң дүниеге шырылдап Шора батыр келеді. Әулиелердің кереметі жайлы мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сөздің реті келген соң, осы орайда, өз басымнан бұдан 6-7 жыл бұрын өткен бір жағдайды айта кеткенді жөн көріп отырмын. Өзімнен кейінгі марқұм тете інім үлкен ұлының үйленгеніне 5-6 жыл болса да немерелі бола алмай жүргенін, көрші Өзбекстанның Бостандық ауданындағы Бабай Мұрат әулиеге сыйынуға ұлы мен келінін апармақ ниеті барын айтты. Бірақ, сол кезде Ташкентте лаңкестік оқиға болып, шекара тарс жабылған еді. Мен оған ол жаққа әуре болмай-ақ, ата-баба жолымен көне Созақ жеріндегі Құмкентте жатқан Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің басына барып түнеп, әулиеге сыйынып, Алладан тілек тілеп көруіне кеңес бердім. Олар сонда барып бір күн түнеп, баба әруағына сыйынып, құдайдан тілек тілеп қайтты. Содан келесі жылы әлгі інімнің алпыс жасқа толған мерейтойы үстінде келінінің босанғаны туралы хабар келді. Той қонақтарымен бірге біз де мәре-сәре болып, нәрестенің атын Қуаныш деп қойдық. Сол Қуаныш батырымыз сүндетке отырғызылды. Енді биыл мектепке бармақ. Бұл да әулиелер кереметінің ХХІ ғасырдағы өзім байқаған бір көрінісі, бір дәлелі секілді. Әулиенің басқадай да тылсым кереметтері көп. Мәселен, бір өзі жарты әлемді билеген Әмір Темір Қожа Ахмет Яссауидің басына кесене тұрғызбақ болғанда, ұлы әулие жатқан қабірді таба алмай қиналады. Сонда бір ғұлама «Өзің шамалаған жеріңе бір қора қойды үйіріп айдап апарсаң, Әзіреті Сұлтан жатқан жерді қойлар баспайды, айналып жүре береді. Дәл сол жерге күмбез орнатасың», – деп кеңес береді. Байқап көрсе, шынында да солай болып шығады. Содан, Әмір Темір құрылысты бастайды. Бірақ, ғимарат сала бастағаннан қабырғасы көтеріліп қалғанда құлай береді. Сонда, Темірланға түсінде әулие баба «алдымен кесенені ұстазы Арыстан бабқа, содан кейін өзіне тұрғызса құламайтынын» айтып аян беріпті. Сонан соң ғана екі кемеңгер әулиенің осы күнгі зәулім кесенелері қатар бой көтереді. Міне, бұл да ислам дінінде әулиелердің кереметтері ретінде сипатталады. «Арыстан бабта түне, Құл Қожа Ахметтен тіле» деген аталы сөз содан қалған. Және бір айта кететін жәйт, әулие ешкімнен: не патшадан, не бір әкімнен қызмет, үй-жай, дүние-мүлік, тіпті ешқандай көмек сұрамаған; қайта керісінше одан биік мансап иелері де, қарапайым адамдар да өздеріне денсаулық, отбасыларына амандық, береке-бірлік сұрап, «жолым ашылсын, бағым жансын» деген ниетпен бата тілеген. Кейбір жоғары лауазымды адамдардың, ауқатты байлардың өздеріне берген сыйларын әулиелер сол мезетте, халықтың көзінше мұқтаждарға, мүсәпірлерге, жоқ-жітік, жарымжандарға таратып беріп, қайырымдылық танытып отырған. Мысалы, Жалаңаш әулие бабамыз үстіндегі ақ шекпенінен басқа ештеңесі қалмаған, өзіндегі мал-мүліктерінің, киім-кешектерінің барлығын кемтарларға таратып беріп отыратын көрінеді. Содан соң, халық оны «Жалаңаш әулие» атап кеткен екен. Көне қазақ даласы киелі әулиелерге бай. Ыбырайым ата, Қарашаш ана, Ысқақ баб, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Баба Түкті Шашты Әзіз, Ысмайыл ата, Жебрейіл ата, Бабай Мұрат ата (ата-анасы түнеп сыйынғанда осы жолдардың авторы дүниеге келген әулие), Укаш ата, Қорасан ата, Ақтасты әулие, Жылауық ата, Айша бибі, Айбике ана, Домалақ ана, Бегім ана, Жұбан ана, Мың шейіт әулие, Сексен ата, Қаспан әулие, Құралбай әулие, Қарлығаш ата (Төле би), Зеңгі ата, Шопан ата, Шекшек ата, Бекет ата, Жабай ата, Ұзын ата, Қошқар ата, Шақпақ ата, Көктен ата, Ақбура, Қарабура, Маңғыстаудағы 362 әулие секілді көптеген қасиетті әулиелеріміз біздің рухани байлықтарымыз. «Түркістанда түмен баб, Cайрамда бар сансыз баб, Бабтардың бабы – Арыстан баб» демекші, бұрынғы бабалардан қалған «әулиелердің кереметтері болады, ал, машайықтарда мұғжизалар болады» деген ұғым бар. Өйткені, әулиелер Арыстан баб секілді машайықтардың шәкірттері, сондықтан оларда кереметтің кереметі мұғжизалар (таңғажайып оқиғалар) болады делінеді. Әулиелер көп те, машайықтар өте аз. Бүкіл Орталық Азия мен Қазақстанда бары-жоғы 3-4 адам ғана машайық саналады. Арыстан бабтың «бабтардың бабы» болып есептелетіні сондықтан. Алла-тағала адам баласын жақсылыққа жаны құмар, ізгілікке іңкәр етіп жаратқан. Адам ата мен Хауа анадан бастап, ғасырлар бойғы халықтың жамандықпен, жауыздық-зұлымдықпен, әсілі қиянатпен күресіп келе жатқаны да содан. Адамзат жұртына тән бүкіл эмоциялық сезімдер атаулы – қуаныш-қайғы, сүйін-іш-күйініш, ой-сана, ақыл-парасат жұмыр басты пендеге құдайдың берген орасан зор жақсылығы. Сол жақсылықты жақсылықпен қайтарған абзал, ондай мол мүмкіндікті тек игі істерге жұмсаған мақұл. Бұл жөнінде Мұхаммед пайғамбардың хадис-шарифінде: «Күллу таибатун садақа» (барлық жақсы істер – қайыр-садақа), – делінеді. Мұның өзі кез-келген адамды ізгі ниетке, жақсылық жасауға тәрбиелеудің көзі. Адам Құдайдан баланы неге тілейді? Бала – біріншіден, өмір жалғасы, екіншіден ата-ананың, дүниеден озған әруақтардың жақсы істерін әрі қарай дамытушы, олардың өнеге үлгілерін көздің қарашығындай сақтап кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырушы буын. Атам қазақтың: «Әруаққа сыйынғанның екі бүйірі шығады, Адамға сыйынғанның екі көзі шығады» дейтіні де сол себептен болса керек. Өйткені, әруақ тірілерден жылы сөз, жақсы өнеге, игі істер дәметеді. Содан, оны тірілер еске алып сыйлайды, рухын хош етеді. Оған өздерінің де көңілдері жай тауып, міндет-парыздарын орындағанына риза болады. Жеңілденіп, жақсы сезіммен өмірін әрі қарай жалғастырады. «Әруақ сыйлаған азбайды» деген мәтел содан қалған. Бүгінгі ұрпақтың әруақ-рухтардың алдында қарыздар болатынының сыры да екі дүниенің кезекті құбылыс екендігінде жатыр. Бұл – қазіргі тірілер де ертең арғы дүниеге кеткен соң, өздері де әруаққа айналады деген ақиқат шындық. Әулие, діни тұлға жайлы айтқанда, дін туралы мынадай бір тұжырымды ойды айтпасқа болмайды. Кейде айтқанын орындайтын, уәдеде тұратын бір сөзді кісіні ел ішінде «діні берік адам», «діні қатты адам» деп сөз етіп, әспеттеп жатады. Сол секілді, діні берік мемлекеттің де іргесі қашанда мықты, рухы биік, мерейі үстем болған. Ондай ел кез-келген ұлы мемлекетпен терезесі тең дәрежеде сөйлескен, өз ойын бүкпей, еш қаймықпай айтқан. Діні берік, салауатты елдің шаңырағы әсте шайқалмаған; қайта уығы берік, керегесі бекем, берекесі мол болған. Ондай елдің тәуелсіздігіне ешқашан қауіп төнбеген, егемендігіне нұқсан келмеген. Мұндай мемлекетте өмір сүрген халықтың да ой-санасы өте шымыр, патриоттық сезімі әманда жоғары болып, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кетпеген. Мұны бізге көне тарих тағылымы мен күнделікті өмір шындығы көрсетіп келеді. Біздің қасиетті әулиелеріміз, сол секілді қазақ даласының басқа да даналары, ел бастаған көсемдері, би-шешендері, қол бастаған баһадүр-батырлары осынау ұлы мұрат жолында жанын пида етті. Бұл ретте жоғарыда аталған әулие бабаларымыз бен әзиз аналарымыздың, ел қорғаған батырларымыздың әруақ-рухтары алдында ұрпақтық парыз ретінде жасалып жатқан қызметтің, игілікті істердің барлығы имандылықтың өнегелі үлгісін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда егемендігіміздің алтын арқауы болып отырған бұрынғы өткен қасиетті жандарды, ұлы тұлғаларды, әулие бабаларымызды еске алу, оны зерттеп тану арқылы олардың халықтығымыздың қалыптасу кезеңдерін айқындаудағы, ұлттық дамуымыздың дәуірлеу тұстарын екшеудегі алар орны мен бүгінгі өміріміздегі идеялық-әлеуметтік терең мәнін, жалпы жұртшылыққа, әсіресе, жас жеткіншектерге берер тәрбие-тағылымын бағамдаймыз. Мұны да науқаншылдыққа, бос мақтангершілікке, әсіресе, бәсеке-жарысқа айналдырмай шынайы тәрбиелік мақсатта пайдаланған абзал. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» жобасының қойып отырған талабы да осы.

2669 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз