• Заманхат
  • 04 Қараша, 2019

КӨЛСАЙ МЕН ҚАЙЫҢДЫ – ЖЕРДЕГІ ЖҰМАҚҚА САЯХАТ

...Бұл өңірге бет түзеген сайын менің көңілім мен көкірегімді мұң торлап, өткен уақыт көшінің көлбеңдеген көріністеріне еремін. Бәлкім, бұл бала кезімде атам айтатын әңгімелер мен өзім оқыған кітаптардағы тарихи уақиғалар тұтасып, түпсанамда жаңғыра көз алдыма келетінінен болар. Әлде ата-бабаларымның қанымен, апа-әжелерімнің әлдиімен жеткен өн бойымдағы тектік сарынның олар өмір сүрген өңірде қалған елестеріне елең етуі ме екен... Иә, Көкпек жазығына иек тірегеннен даладан жеткен жусан иісіне елтіп, көліктің терезесіне үнсіз үңіле сол ойлардың жетегіне шым-шым бата беремін...

Жазықта зымыраған көлік дөңгелектері жаңа ғана түу алыста секілді көрінген көгілдір таулар мен ақбас шыңдарды бірте-бірте жақындата береді. Бақай, Торайғыр, Бұғыты таулары – кішкентайымнан құлағыма сіңісті атаулар. Көлік заулаған сайын көлбей жатқан төбелер айқындалып, бауырында жалғыз-жарым малшы үйлері ағараңдайды. Аспан төрін еркін шарлаған құмай құс қанатын кере көзін төменге бір салып, «бұл жердің иесі менмін» дегендей маңғаз ұшып өтеді. Жол-жөнекей қасиетті Райымбек ата бастауына бір тоқтап, мұздай суынан қана ішіп, бетімізді жуу, әулие атамызға дұға ету әдетімізге айналған. Бірақ бұл жолы жолаушыларын діттеген жеріне жеткізуге асыққан жүргізуші қасиетті бастау жанынан зу етіп өте шықты. Бала кезде құлағымда қалған әңгіменің бірі Аласаның асуына жеткенде ылғи да қайта жаңғырады. Аштықтан қашқан ел аман қалу үшін осы асу арқылы арғы бетке үдере көшкен деседі. Көкірегі қарс айрыла көшті бастаған ер-азаматтың соңынан ерген елдің қасіретті гөй-гөйі мен зарлы наласы аласа жоталардың қатпар-қатпарына сіңіп қалғандай. Жүрек тұсың зілмауыр тартып, көмейіңді ащы өксік кернеп, өзің де сол еріксіз көшпен бірге артыңа қарай-қарай кетіп бара жатасың... Асудан шыққан соң көз алдыңа тұтас бір панорама келіп тұра қалады. Қарсы алдыңдағы қарлы шыңдары аспанға шаншылған тау беткейіне дейін астаудай созылған жазықты қақ жарып Шарын өзені ағып жатыр. Шарын шатқалына ұласатын өзен суының жан-жағы терең жар, төменге көз салсаң басың айналады. Осынау табиғат сыйына тамсанған саяхаттаушы топ өзеннің ыңғайлы бір тұсына аялдап, жапатармағай осы көріністі мәңгілікке сақтап қалатын рәсімге кірісті. Жол жалғасты. Тау шатқалдарын бойлай мың иірілген тас жол Жалаңашты бетке алар тұста жазық далаға ұласса, бөктердегі елді мекеннен ары қарай қайтадан иір-қиыр жоталарды аралап Саты ауылына жеткізеді. Саты – Көлсайдың қақпасы іспетті. Көлдің кереметін көргісі келген қонақтар көбінесе осы ауылға тоқтайды. Ауыл тұрғындары алыс-жақыннан келетіндерді күтуге бейімделіп-ақ қалған. Туристерге арналған үлкенді-кішілі жеке үйлер жеткілікті. Біз де өзімізді күткен топтың басшылығымен ауылдық Мәдениет үйі мен мешіт маңындағы тұрғынжайға көлікті тіредік. Түскен бетте жусан мен ермен, ашқылтым айран аралас ауылдың иісі аңқып қоя берді. Таныс иіс, таныс ауыл, таныс маң... Қонақ күтуге дайын үй иелері бізді орналастырған соң, түстенуге беттедік. Дастархандағы ауылдың құрт-майы мен кілегейі, жаңа сойылған жас малдың еті аузымызға тиісімен көңіліміз жадырап сала бергені рас. Ар жағымызға ел қондыра отырып, жергілікті әкімдік қызметкерлері мен қонақтар өзді-өздерін таныстырды, сапар бағдарламасының мән-жайын білдік. Бірден Көлсайға аттанатынымызды естіп, тамақтан соң жолға жиналдық. Сұлулығымен талайдың аузының суын ағызған көрікті көлді бетке алған адам қарасы көп. «Ұзынқұлаққа» жететін жарнама жоқ, сірә. «Сұлуды көрмекке» дегендей, әсем дүниені бір көру үшін жан-жақтан, тіпті алыс шетелден де жұрт ағылып келіп жатыр. Даңғыраған тас жол туристерді көлдің басына бір-ақ жеткізеді. Төменде тостағанға құя салғандай мөлдіреп жатқан табиғат жауһарына төбеден көз салғанда-ақ «Ах!» деп аузын ашқан жұрт жанына жетуге жапырлай жанталасады. Біз де көл басында тоқайласатынымызды біліп, тарам-тарам болып баспалдақтармен төменге тарттық. Міне, Көлсай – көз алдымызда. Табиғат дейтін тылсым құдіреттің ғажап туындысы. Аспанмен таласқан биік таулардың алақанға салған аяулысы. Баяу ескен самал жел көл бетін тербей, болар-болмас толқытады. Күн сәулесіне шағылысқан тұп-тұнық су беті айнала қоршаған тауды бойлай өскен мәңгі жасыл әлеммен одан сайын ажарланып, түрлі-түске бояла құлпырады. Бейне аспан асты әлемінің барлық сыры осында тұнып қалғандай. Қайықтағы серуен бұл көріністі одан әрі жандандырып, өзіңді көлдің бір бөлшегіне айналдырып жібереді. Шіркін-ай, осынау ғаламат сұлулық аялдай тұрса деп қайықтан түскің келмей, уақыттың өтпеуін тілейсің. Көлге көз алмай қарап отырып, көңілдегі кіріңнен, бойыңдағы бүткіл дертіңнен арылып, анадан жаңа туғандай кейіпке енесің. «Енді қайтып кірлемесем, былғанбасам екен» деген тілекпен жанарыңды суырған сұлулыққа табына түсесің. Бәлкім, жаратушының өзі осы тектес тылсым да сұлу құбылыс арқылы адамдарды пендеуи ойлардан арылтып, періштеден пәк болмысына оралтуды көздейтін болар... Сұлулықпен тілдесіп жүріп, уақыттың қалай өткенін де білмей қалыппыз. Көлсайдың тамашасы жағаға жақын орналасқан киіз үйлердің маңындағы кешкі асқа жалғасты. Оған жеткенше біраз биікке өрлеп, өкпеңе салмақ салуға тура келеді. Бірақ мұнда шаршау деген сөзді ауызға алу мүмкін емес, тіпті ол күнәмен тең ғой. Жол-жөнекей қалың өскен қарағаймен сырласып, таудың қызыл-сары гүлдері көз қуантып, бір сәт қой тастарға отырып деміңді алып, тағы да ойларыңмен оңаша қаласың... Сап түзеп таласа өскен қалың жынысты тау беткейі сені де зеңгір көкке жетелеп апаратындай. Адамдар да осы ағаштар сияқты бір-бірімен таласа-тармаса биікке ұмтылатыны рас қой. Бірақ, бір айырмашылығы, ағаштарда адамдағыдай көреалмаушылық, іштарлық дейтін дерт жоқ, олар бір-бірімен теңесе, бірін-бірі таптамай биікке бірдей қол сермейді. Ымырт үйіріле тау аңғары тым-тырыс мүлгіген күйге енді. Үп еткен жел жоқ. Қаланың у-шуына үйреніп қалған біз де құлаққа ұрған танадай тыныштыққа берілдік. Ас-ауқат қамдаған топтан басқасы табиғатты өзінше тамашалап, рахат сәттен ләззат алуға кірісті. Бірге келген қыз-жігіттерге қарап отырып, көз алдыма бұрынғы өмір бейнесі келе қалды. ...Әне, әдемі жүзін төгілте салған жаулығы жасыра алмаған Гүлмира күміс білезік таққан аппақ білегі әнтек жарқ етіп, шарадағы қымызды сапыра құйып отыр. Талдықорғандық сұлу қыз Фариза қосетек көйлегі желбірей, шолпысы мен шашбаулары сыңғырлап өте шықты. Анау қырда бес қаруы белінде, сауыт-сайманы жалт-жұлт еткен Жарас пен Нұргелді батырлар қосынына асығыс аттанып бара жатыр. Қарагер атын ойнақтата шапқан Тұрдыбек болса ауыл тұсынан қалың жылқыны дүсірлете қайырып барады. ...Қиялдағы көріністі кешкі асқа шақырған дауыс бұзды. Былқыта пісірген етті тамсана жеп, асау қымызбен тоғын басқан топ әзіл-қалжың әңгімесімен тып-тымық тау аңғарын біраз дүрліктірді. Аспанда сансыз жұлдыз шырақтарын жаққан кезде ас та қайырылып, алау маңына беттедік. Ойын мен әнге берілген қыз-жігіттер тау ішінің түнгі салқынына елең етер емес. Ауылдағы қонақүйге қайтар кезде түн жарымынан ауып та қалған еді. Күні бойғы таусылмас әсер мен таза ауаға мас болған біз кеш жатып, ерте тұрсақ та ұйқымыз қаныпты. Кеше ғана көл суында еркелей шоршыған патша балықпен оразамызды ашқан соң, Қайыңдыға жиналдық. Әзірге тас төселе қоймаған кедір-бұдырлы жолмен жүруге ыңғайлы шағын автобусқа сығылыса мінген бізге жол бастаушы Саты ауылы әкімдігінің бас маманы Мәлік Ыдырысов ағамыздың өзі болды. Жол-жөнекей өңір тарихы туралы мағлұмат берген Мәлік аға осынау сұлу мекенді ұрпақтарына қалдыру үшін арқа еті арша, борбай еті борша болып қорғаған қарапайым да қадірлі адамдар жайында ауыр да мұңлы сыр шертті. Алағай да бұлағай төңкеріс жылдары отаршылдардың қанды қылышынан бүкіл ауыл болып қырылып қалған оқиғалар ел жадынан ешқашан өшпек емес. Сол қасіретті кезеңдерді сол күндердің еріксіз куәсі болған тау мен дала ішіне бүгіп, үнсіз қайғыра қоштап тұрғандай. Тағдырлы халықтың талайлы тарихының ізі жатқан бұл мекен туралы айтатын әңгіме, шертетін сыр аз емес.Батырлардай мығым денелі Мәлік ағаның өзі де сол бабаларымыздың өзіндей, көзіндей көрінді, ақсақалдардан естігені мен құлағына құйғаны, көргені мол адам. Жол бойында қайыңды орман алдыңнан шығады. Бұл әсем ағаштар адамның емес, табиғаттың төл туындысы. Көлдің Қайыңды аталуы да содан. Мәлік ағаның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын мамыр айында қалың қар жауып, қайыңдарды сұлатып салыпты. Содан қайыңды орман біраз азайып, сиреп қалған. Бірақ табиғаттың бұл сынағы қайыңдардың сұлулығына нұқсан келтіре алмағаны көрініп тұр. Әсіресе, жаңа өскін жас бұталар тіршіліктің мәңгілігін сездіріп, көңілге сенім ұялатады. Автобустан түскен соң көлге жеткенше біраз жаяу жүру керек. Бірақ бұл жолды да місе тұтпадық, өйткені жол жағалай өскен жеміс-жидекті көргенде биікке өрмелеу түкке тұрмайды емес пе. Таудың бүлдіргені мен таңқурайын тамсана теріп талғай жеп, аяғыңа оратылған гүлдерді таптауға қимай аялай қарап алға озасың. Әне-міне дегенше көл де жарқ етіп алдыңнан шыға келеді. Қайыңды! Аспантаулар өлкесінің тағы бір тамаша пұшпағы. Биік тау қоршаған әсем көл ортасындағы көкке ұмтылған ағаш діңгектерімен үйлесе ешбір жерде жоқ сұлулық тапқан. Бір кезде тау жыныстарының орын алмастыруы салдарынан өзеннің бөгелуі нәтижесінде пайда болған бұл көлді табиғаттың ғажайып құбылысы санайды. Сонау мұздықтардан жүйтки аққан асау өзеннің суы тау аңғарының табанында көлге айналып аялдап, ары қарай қайтадан арнасын тауып аға жөнеледі. Жаныңа тыныштық пен сабыр сыйлайтын бұл маңның сұлулығын тілмен айтып жеткізу тым қиын. Айнала жартастар қоршаған көлдің басталар тұсына жаяулап шығып, күркіреген өзеннің жағасына жеткенде тағы бір рахаттана тыныс аласың. Жасыл желек көмкерген өзен жағасында қанша уақыт болса да отыра бергің келеді. Тасқа соғылған ерке де сұлу мұздай тамшылар бетіңе тигенде, бүкіл денеңді дір еткізетіні бар. Судай сұлу өзгеше әлем өзіне баурайды. Тастан тасқа секірген өзен суы айналасындағы балғын шөптерді аялай сипап өтіп, алға жөңкіледі. Жағадағы жасыл құрақ өзінше сыбдыр-сыбдыр етеді. Осы сұлулық пен тыныштықты ешкім бұзбаса екен, әсем жерге Табиғат-ананы сүйе білетін жандар ғана аяқ басса екен деген тілекпен өзен маңынан ұзай бердік. Сонымен, Көлсай-Қайыңды сапары да аяқталуға тақады. Жол бастаушы ағаларымызбен бірге Саты ауылының кіреберісіндегі ақшаңқан киіз үйлерге бас сұғып, қонақжай шаңырақтан дәм тату бұйырды. Туған жерін түлетуді мақсат тұтқан кәсіпкер азаматтардың тындырған істері мен алдағы жоспарларын естіп-біліп, бұл өңірдің болашағы кемел екеніне көзіміз жете түсті. Тілші қауымға тік тұрып қызмет көрсеткен, бірге туған бауырындай жік-жапар болған Қайрат Омархалық, Мәлік Ыдырысов, Сырым Есенханұлы ағаларымыздың риясыз ықылас-ниетіне ризашылығымызды айтып қоштасып, Алматыға апаратын жолға түстік. Көңілді қимастық сезімі меңдеген күйімізде қара жолға шыққан біздерді асқар тау да қол бұлғап шығарып салғандай. «Ата-бабамыздан қалған киелі өңірді ешқашан жат жұртқа таптата көрмесін! Көлсай мен Қайыңдыға жатжерліктер мен жаттілділер тек қонаққа келсін!» деген тілек көкейде тұрды. Жүрек тербеткен бұл ойларды автобустың ортасын би алаңына айналдырған жастардың ойнақы әуендері мен көңілді дауыстары да бұза алмады. Көріскенше, Көлсай! Қош бол, Қайыңды! Біз мұнда әлі талай келеміз!

Дина ИМАМБАЕВА, Алматы – Саты – Көлсай – Қайыңды – Алматы

646 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз