• Еркін ой мінбері
  • 04 Қараша, 2019

КАСПИЙ АЙМАҒЫ: ГЕОСАЯСИ ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫҢ ТОҒЫСУ НҮКТЕСІ

Каспий маңы елдеріне кіретін Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан мемлекеттерінің ортақ интеграциялық мүдделі байланыстары бар. Географиялық жағынан Каспий теңізі, оның суын, түбін, жер қойнауын, табиғи ресурстар мен әуе кеңістігін қоса алғанда, тараптардың құқықтары мен міндеттемелеріне байланысты мүдделі көзқарастары бар. Интеграция – бұл обьективті экономикалық процесс. Халықаралық еңбек бөлінісінің қажет-тіліктерін қамтамасыз ете отырып, елдердің бірігуі шеңберінде біртұтас шаруашылық кешенін құру. Негізгі ғылыми анықтамасы осы. Мемлекеттер ортақ заңдарға бағына отырып, өздерінің қызмет бөліністерін орталықтан бақылайтын органдарға береді. Осы бағыттағы интеграциялық ортақ байланыстарды осы елдердің гуманитарлық бағытта тығыз интеграция орнатып, жұмыс істеуі маңызды. Каспий елдерінің интег-рацияға деген қызығушылығының артуы Кеңес Одағы ыдырап, пайда бол-ған ТМД-ны құруынан бастау алады. Сондықтан, қазіргі кезде Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық, саяси-әлеуметтік жағдайының дамуы үшін Каспий маңы елдерінің қандай да бір тәжірибелерін пайдалану керек. Бұл мүдделес елдердің стратегиялық дамуы үшін маңызды қадам болмақ. Осы интеграциялық байланыстардың құқықтық статусын анықтау арқылы жаңа процестерге жол ашылады. Каспий маңы елдерінің Саммитінде де осы мәселелер азаматтардың адам құқықтарын қорғау, демократия құндылықтарын жоғары қоюға байланысты, «еркіндік, қауіпсіздік және құқық тәртіп кеңістігін» құрды. Бұл жерде Каспий маңы елдерінің ортақ ұстанымдары ескерілді. Сырттай қарағанда, нәтиже бермейтін жәй ғана қағазда жазылған дүние болуы мүмкін. Алайда, мемлекеттердің өзара байланысы, экономикалық-әлеуметтік, рухани-мәдени гуманитарлық интеграцияның нығаюына алып келеді. Осы арқылы елдердің шекаралық-аумақтық мәселелері де толықтай шешіледі. Каспий маңы елдері өз ішіндегі тәртіп пен қауіпсіздікті реттеу үшін біршама жұмыстарды бастап кетті. Қауіпті, не қауіпсіз аймаққа жататын ішкі бөліністерді де атап өткен жөн (Иран мәселесі, Ресей Федерациясының проблематикасы). Каспий маңы мемлекеттері үшін – ортақ сыртқы саясат және қауіпсіздік атмосферасын құру басты мақсаттардың бірі. Бұл елдердің құқықтық базасын құруға қатысты ортақ шешімдер Саммитте айтылды. Арнайы құжат жасалып, қол да қойылды. Бұл 5 мемлекет ортақ экономикалық саясат, ортақ сыртқы саясат және ішкі қауіпсіздік мәселесін жүргізіп келеді. Ын-тымақтастық және әріптестік бағыттағы жеткен жетістіктері де аз емес. Бұл Каспий маңы елдерінің аз да болса жеткен жетістіктеріне жатады. Интеграциялық байланыстардың маңызды құрамдас бөлігі ретінде мұсылман әлемі, Ресей, посткеңестік кеңістік Қытай және Шығыс Азияға қатысты ұстанымдары бойынша елдер бейтарап саясат ұстанғандары жөн. Алайда, оның тиімділігі туралы әзір бірдеңе деу ертерек. Мүмкін, ширек ғасырдан кейін ғана нәтижеге қол жеткізуге болады. Бір жылдары Каспий маңы елдері саяси және экономикалық тұрақсыздықтың алдында тұрды. Қазіргі жағдай басқа, бүгінде бұл елдерге трансұлттық кәсіпкерлік обьектісі ретінде қарайды. Себебі, бұл теңіз кеңістігі әлемдік жаңа дәліз, тұрақты экономикалық дамудың ыстық нүктесіне айналды. Ең бастысы, елдер арасында саяси-экономикалық тұрақтылық бар. Яғни, бұл жерде де ірі теңіз коммуникациялық дәліздің орны бар. Ең бастысы, бұл құрлық дәліздеріне қарағанда, арзан һәм қауіпсіз болып саналады. Қазақстан тоғыз жолдың торабында, геосаяси жағынан өте маңызды аумақта орналасқан мемлекет. Алайда, бұл жерде Қазақстанға қатысты тәуекелді тұстар жетерлік. Себебі, аймақтық сыртқы саясатты жүйелеп, кешенді түрде жолға қою үшін стратегиялық мүдделердің де негіздерін іздеу керек. Шанхай бестігі, ЕврАзЭс, Ұжымдық қауіпсіздік келісімінің ұйымы (ОДКБ) сынды халықаралық шаралар біздің елдің ұйытқы болуымен ғана өтіп келеді. Мұның өзі бұл тәуекелге мықты дайындықтың барын білдіреді. Кешегі өткен Каспий маңы елдерінің Саммиті де осы шеңберге кіреді. Каспий маңы елдері интеграциясының өзектілігі-оның саяси және экономикалық-әлеуметтік дамуы мен мәдени-рухани ұстанымдары бойынша ерекше бағаланады. Каспий маңы елдері интеграциялық байланыстарды Одақ, не белгілі бір ортақ кеңістік құрып шешуді міндет деп санамаймын. Алайда, бұл елдер біріге отырып, экономикалық және әлеуметтік тұтастықты сақтағысы келсе, бір-бірінің мүдделеріне зиян жасамауы керек. Кез келген интеграциялық байланыс белгілі бір тәртіп жағында ғана жасалуы керек. Байланыс бұзылса, тәртіп кетеді. Бұл байланыс елдер басшыларының көзқарастары тұрғысынан емес, халықтың ортақ қатынасы, болашаққа бағдарланған ортақ стратегиялық байланысты сақтау үшін жасалу керек. Әйтпесе, бұлардың барлығы қағаз жүзінде қалуы ғажап емес (Мемлекет басшылары кетеді. Халықтар достығы, бірлігі сақталады). Саяси элита мен мемлекет басшылығындағы Тұлға-лардың жеке көзқарастары бойынша құрылған ұйымдар мен байланыстардың ұзаққа бармайтынын тарих сан мәрте дәлелдеді. Интеграциялық байланыс ішкі саясатта емес, сыртқы саясатта ысылған Тұлғалардың мемлекет басқарудағы ерекше тәсілдері мен методологиялық көзқарастары арқылы жүзеге асады. Бұл жерде жеке бастың бәсекелестігі жүрмеуі тиіс. Қазақстан көрші елдер интеграциясы үшін үлгі болар елге айналды. Каспий маңы елдері үшін де осындай қағидаларды бұзбады. Бұл үлкен жетістік һәм зор абырой (көрші елдерге барғанда осы абырой қатты байқалады). Каспийге қатысты интеграциялық шарттардың дұрыс құрылуына негіз болды. Осы шарттардың сақталуы, бұлжымастан орындалуын қамтамасыз етуге бар күш -жігерін салып келеді. Осы тұрғыда арнайы Конвенция да қабылданды. Конвенция ұлттық аймақтарды шектеу; юрисдикциялар мен егемендік; жер қойнауын пайдалануға құқықтарды жүзеге асыру; транзит пен тасымалдау; су асты құбырлары мен кабельдерді төсеу; қоршаған ортаны және Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын қорғауға байланысты мәселелерді реттейді. Каспий маңы мемлекеттерінің әскери қызметі тұрғысынан алғанда, қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы тұру, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, қауіпсіздік мәселелеріне айрықша назар аударылған. Ең бастысы, біздің ел кез келген интеграциялық байланысқа жұтылып кетпеудің жолында. Қазақстан ұлттық рух, діни наным-сенімдері бойынша Түркі әлемі Шығыс интеграциялық жүйесімен де, Батыстық үлгімен де тең дәрежеде байланыс орнатып, алға жылжып келеді. Саяси-экономикалық, мәдени-рухани ұс-танымдары бар. Каспий маңы елдерінің интеграциялық-стратегиялық негіздері саяси деңгейде Қазақстан басшылығының көшбасшылық көрегенділігінің арқасында нығайды. Каспийдің құқықтық мәртебесі, теңіздегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың негізгі мәселелері, сондай-ақ, Каспий маңы мемлекеттерінің халықаралық қатынастарының жекелеген аспектілері бойынша ұстанымдары құжат түрінде жасалды. Интеграция аясында Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы келісім, Каспий теңізіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісім және Каспий теңізінің гидрометеорологиясы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер де жасалып үлгірді.

Аида ЕРТІЛЕУОВА, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инженеринг университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» менеджментінің магистранты.

726 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз