• Еркін ой мінбері
  • 25 Қараша, 2019

Қазақтілді БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер

Дина ИМАМБАЕВА, «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналының бөлім редакторы, әлеуметтік ғылымдар магистрі

Соңғы онжылдықта қазақстандықтардың өмірі біршама өзгерді. Интернет және жаңа технологиялардың қарыштап дамуы қазіргі біздің қоғамды мазалайтын мәселелерді көпшіліктің көз алдына жайып салды. Осыған орай мерзімді баспасөздің де міндеті күрделене түсті. Әлеуметтік желілерде әр адам өз парақшасын бұқаралық ақпарат құралы ретінде пайдалана алатын кезеңде кәсіби БАҚ-қа қойылатын талап та зор. Кәсіби журналистердің блогерлерден, қатардағы белсенді әлеуметтен айырмашылығы да сонда, олар ақпаратты шынайы, дер кезінде және нақты фактілер негізінде жеткізуі тиіс. Осыған орай қазіргі жағдайда мемлекеттің әлеуметтік саясаты және азаматтардың әлеуметтік қорғалуы бұқаралық ақпарат құралдарында қалай көрініс тауып отырғанына талдау жасауды жөн көрдік. 

Талдауға республикалық «Айқын» газетінде жарияланған мақалалар алынды. Мұндай таңдау газеттің қазақтілді ортада танымалдығына және   қоғамдық мәселелерге бағдарланғанына байланысты.  Аталмыш басылым күн сайын шығады. Қаралған кезең – 2018 жылдың қазан және 2019 жылдың сәуір айлары.  Оған себеп, 2019 жылдың  6 ақпанында Нұр-Сұлтан қаласында өртенген үйде қаза тапқан кішкентай бес қыз оқиғасы. Бұл қайғылы жағдай биліктен бастап бүкіл қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады. Осы оқиғадан кейін басқару органдары қоғамда күйіп тұрған әлеуметтік мәселелерге жаңа қырынан қарай бастады және белгілі бір дәрежеде түрлі шешімдер қабылданып, іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Талдау үш деңгейдегі: жеке, ұйымдастырушылық және саяси деңгейдегі әлеуметтік мәселелердің қалай жарыққа шыққанына бағытталды. Басты тақырыптар –  халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметі, тұрғын үй, жұмыспен қамту мәселелері, сыбайлас жемқорлық және балаларды қорғау.

Зерттеу әдісі: контент-талдау. Бұл әдіс сандық және сапалық техниканы үйлестіре қолданылды. Сандық талдау «қолмен» жүргізілді.  Сапалық талдау ең өзекті әлеуметтік тақырыптағы 5мақалаға қатысты жасалды. Мақалаларды таңдауда қазіргі уақытқа тән ең өзекті және жалпы тақырыптарды анықтауға тырыстық.

Сандық  талдау.  Басты жиынтық – барлығы осы екі айда әлеуметтік тақырыпта жарық көрген 32 мақала.

2018 жылғы жарияланымдар – 54% (17 мақала).

2019 жылы –  46% (15 мақала).

Талдау кезінде ең жиі кездесетін мәселелер үш топқа бөлінді.

  1. Негізгі проблемалар: баспана, балаларды қорғау.
  2. Екінші топтағы мәселелер: жұмыспен қамту, мүгедектік.
  3. Үшінші топ: қарттар, суицид.

Уақыт динамикасы бойында мына тақырыптағы жарияланымдар басым:

2018 жылы – балалар құқығы (барлық жарияланымның 25%-і).

2019 жылы – көп балалы аналар және баспана мәселесі (67%).

Жарияланымдардың маусымдық ерекшелігі де бар, мәселен, қазан айында қарттар мәселесі көп көтерілген (1 қазан – Қарттар күні).

Мақалалардың типі. Әлеуметтанулық талдау барысында жарияланымдардың мазмұндық жағы да назарға алынды. Мақаланың жанры ғана емес, оның басты арқауы анықталды. Соның нәтижесінде мынадай типтерге жіктелді:

а)  проблемалық мақалалар – аса өзекті, өткір.

ә)  ақпараттық мақалалар – фактілер, статистика, жарнама.

б) превентивтік – түсіндіру, алдын алу.

г) нәтижелік типтегі – іс-шаралар, шешімдер.

Көрсетілген типтер бойынша мақалалар былай бөлінді:

Проблемалық мақалалар –30%.

Превентивті - 20%.

Ақпараттық –  33%.

Нәтижелік – 16%.

Әртүрлі әлеуметтік мәселелерді сипаттаудың өз ерекшелігі бар екені белгілі және сол себепті ол белгілі бір журналистік шешімді талап етеді. Мәселен, тұрғын үй мәселесі санатындағы мақалалар көбінесе ақпараттық сипатта берілген. Не болмаса билік органдарының, «Нұр Отан» партиясының атқарылған жұмыстарының есебі іспеттес.

Жұмыспен қамту туралы жарияланымдар ақпараттық сипатта, негізінен жаңа заңнамалық құжаттарды және жұмыссыздық статистикасын қамтиды.

Жарияланымдардың бағытталған нысаны (объектісі) бойынша екі тип анықталды: біріші нысан – жеке адам немесе әлеуметтік топ.  Екіншісі – әлеуметтік құрылымдар: ұйымдар немесе заңнамалық инстанциялар.

Мақалалардың 78%-де объекті белгілі бір әлеуметтік топ болып табылады, мәселен – көп балалы отбасылар мен құқығы бұзылған балалар.  Қалғаны белгілі бір ұйымдарға немесе заңнамаға қатысты  мақалалар.

Тұрғын үй санатында әлеуметтік аз қамтылған азаматтар, оның ішінде көп балалы аналар мен зейнеткерлербасым. Балалар құқығын қорғау туралы  жарияланымдарда тиісті мекемелердің, реабилитациялық орталықтардың, әлеуметтік қызметтердің жұмысы туралы ақпарат көп беріледі.

Себептер пен шешу жолдары. Талданған мақалаларда себептерді зерттеуден гөрі, проблеманы шешуге  бағдар жөнінде айтылады. Ал ұсынылған шешімдердің басым бөлігі ұйымдастырушылық (билік  органдарының қызметі) деңгейдегі ұсыныстарға жатады. Себептер мен шешімдер көбінесе саяси немесе құрылымдық деңгейге жатқызылады. Ұйымдастырушылық деңгейде қойылған әлеуметтік проблемалар – 25%.

Балалар құқығының бұзылу себептерін авторлар негізінен институционалдық кемшіліктерден немесе белгілі бір мекеменің қызметінен іздейді.

Әлеуметтік акторлар: нақты мамандар, ұжымдар,  жауапты адамдар. ұйымдардың атауы (басқарма, департамент, т.б.), кейде жалпылама аталады (шенеуніктер, әкімшілік, т.б. ).

Сандық талдау нәтижелерінің қорытындысы. Әлеуметтік проблемаларды жарыққа шығарудағы баспасөздің функциясы, зерттеу нәтижелері көрсеткендей, тұрғындарға ақпарат беруге (33%) және өткір, проблемалық репортаждар жасауға (30%) келіп тіреледі. Мұнда превентивті бағыттылық айқын байқалады (20%).

Әлеуметтік мәселелер бірдей дәрежеде жеке тұлғалық, адамгершілік, экономикалық, құқықтық контексте қаралатыны байқалды. Газет  жарияланымдарының фокусы баршаға белгілі негатив жағдаяттардан шығудың жолдарын іздестіруге, қабылдануға тиісті шешімдерді көрсетуге бағытталған.  Оның ішінде, мақалалардың басым көпшілігінде проблеманың себептері аталмайды. Шешімдер көбінесе ұйымдастырушылық деңгейде ұсынылады (тиісті мекемелер, билік органдары). Газет жарияланымдарындағы әлеуметтік мәселелердің объектілері – негізінен қоғамның әлжуаз топтары (78%), сондай-ақ әлеуметтік ұйымдар мен қызметтер.

Газеттік дискурста қазіргі қоғамдағы үрдістердің салқыны байқалады:  әлеуметтік мәселелердің шынайы пайда болу себептері жөнінде үнсіз қалу, ұраншылдық, науқаншылдық.

Сапалық талдау. Сапалық талдау фокусында – ең көп кездесетін проблемалар: кедейшілік, баспанасыздық, балаларды қорғау.  Өйткені, 2019 жылдың көктемінен бері әлеуметтік салаға билік органдарының назары күшейе түсті. Бұған бес қыз оқиғасымен қоса Президент сайлауы да ықпал етті. Билік органдары жаңа заңнамалық шаралар әзірлеп, ұсына бастады. Оның ішінде «Бақытты отбасы» және басқа бағдарламалар бар. Президент Қ.Тоқаевтың әлеуметтік аз қамтылған топтардың кредиттерін кешіру туралы жарлығы да осы негізде қолға алынған болатын. Президент Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде «Қазақстанда қазіргі ең өткір де өзекті мәселе – әлеуметтік мәселе» деп атап көрсетті.

Кедейшілік. Тұрғындардың өмір сапасы және аз қамтылған топтарды әлеуметтік қорғау мәселесіне таңдалу жиынтығына түскен жарияланымдардың басым бөлігі арналған. Мәселен, 2018 жылы оларға жалақы мөлшерін көтеру, зейнетақыны көбейту кіреді. Баспасөз тұрғындардың баспанаға қол жеткізу алмауының себептері мен салдарын белсенді талқылайды. Әсіресе, үкіметтің бір қаулысы шыққаннан кейін дереу үн қосу басым. Мәселен, көп балалы аналарға арналған Атаулы әлеуметтік көмек туралы шешім қабылданғаннан кейін барлық БАҚ өкілдері тұрғындардың осы тобының мәселелерін жиірек қозғай бастады және АӘК алудың жай-жапсары туралы жазды. Яғни, ақпараттандыру – бұл кезеңдегі баспасөз өз міндетін мәселеге қатысты мемлекеттің реакциясын жариялау деп білді.

 Газет тілшілері кейбір мақалаларында мәселегеқатысты жауапты адамды нақты атамайды, абстракт шенеуніктерге қарата айтады, адресат түсініксіз болатыны кездеседі. Тұрғын үй мәселесі тақырыбында бір де бір рет лауазымды тұлға нақты аталмайды.

Балаларды қорғау. Қазақстан қоғамындағы ең өзекті мәселелердің бірі – балалар туралы мақалалар бала құқықтарын әлеуметтік қорғау шаралары туралы ақпараттық материалдардан тұрады. Талданған материалдарды жіктегенде мынадай тақырыптар көрініс берді: жетім балаларды әлеуметтік қорғау, балалар қайырымдылық қорларының қызметі, мүгедек балаларды әлеуметтендіру, бала туу, көп балалылық. Мысалы, Қазақстанда  неге балалар үйлері әлі көпдеген сұраққа басты себеп ата-аналар баласын бағуға жағдайы жоқ деген жауап беріледі.

Әлеуметтік мәселелердің тереңдігі және көп жақты сипаты әлеуметтік саясаттағы түбегейлі шешімдерді қажет ететіні түсінікті. Бұл орайда баспасөз халыққа ақпарат беріп қана қоймай, мәселеге қоғам назарын аударып, резонанс туғызып, баспасөздің актор ретіндегі потенциалын толық пайдалану арқылы өз үлесін қоса алады.  Мысалы, «Айқын» газетінің журналисі  Абылайхан Жұмаштың «Мыңдаған бала мейірімге зәру» атты мақаласында (3 қазан 2018 ж.) елімізде балаларға озбырлық, зорлық-зомбылық және психологиялық соққы көрсету оқиғаларының артып кеткеніне назар аударады. Айталық, 2018 жылдың тамыз айына дейін балаларға қатысты 78 зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген. «Бұл орайда айтпағымыз, бізге бала құқығына қатысты мәселелерге немқұ­райлы қарамай, қылмысты болдырмаудың алдын алу маңызды. Еліміздегі бала құқығының өз деңгейінде қорғалмауы – жауапты орындардың өз ісіне салғырт қарауынан болып отырғандығы анық. Балаларға жылу сыйламау, мейірім білдірмеу, қам­қор­лық көрсетпеу – оларға жасалған қиянат емей немене?!» деп жазады А.Жұмаш. Қоғамда дендеп бара жатқан «педо­филия» дертімен күресудің жолдары жайлы айта келе, журналист ауыр қылмыстың өтемі ауыр жаза екеніне тоқталады. Осы тақырыпқа орай мамандардың пікірін келтірген автор тиісті органдардың назар аударуы қажетілігімен түйіндейді.

Балалардың құқы, мүгедектік әрдайым кез келген социумға тән және оларды сипаттау дискурсы уақыт сайын өзгеріп отырады. Мәселен, соңғы жылдары Қазақстанда мүгедек балалардың дүниеге келуі жиілеген. ДДҰ статистикасы бойынша, Қазақстанда аутизммен ауыратын 35 мың бала бар. Осыған орай, газет тілшілерінің мүмкіндігі шектеулі балалар, оларға арналған әлеуметтік көмек, инклюзивті қызмет, реабилитациялық орталықтар туралы тұрақты түрде жазып отыратыны байқалды.

Журналист Гүлжан Рахман «Тіркеуге тұрғаның үшін – 425 мың теңге» атты мақаласында ана мен бала өлімінің алдын алатын ұтымды ұсынысты қабылдау жөнінде мәселе көтереді. Бүгінде жүкті әйелдердің 70%-і түрлі сырқатқа шалдыққан. Соның салдарынан олардың 11%-і мерзімінен бұрын босанады. Жыл сайын 350 мың нәресте шала туады. Сол себепті «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы жаңа кодекс жобасына жүктіліктің 12-аптасына дейін тіркеуге тұрған әйелге жергілікті бюджеттен 425 мың теңге беруді енгізу ұсынылды. Бұл ұсыныс шынымен қабылдана ма, мәселе сонда» дейді газет тілшісі. Көп балалы аналар осы ұсыныстың қабылданғанына мүдделі. «Бұл бізге үлкен көмек болар еді» дейді олар. Г.Рахман аталған мақаласында жүкті әйелдердің денсаулығы жайында айта келе, бала өлімінің алдын алу жөнінде сөз қозғайды.

  Қазақстандағы өткір проблеманың бірі – баспана. «Айқын» газеті бұл тақырыпқа баса мән беріп, проблемалық сипаттағы мақалаларға орын берген. Мәселен, журналист А.Жұмаштың «Үйі жоқтың күйі жоқ» атты мақаласында ел тұрғындарының не себепті баспанаға қол жеткізе алмайтыны талданған. «Қазақстанда жыл сайын 100 мың пәтер немесе 12 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бірақ, баспанасыз халықтың басым көпшілігі ол үйлерге қол жеткізе алмайды. Себебі, еліміздегі 18 млн халықтың 3,5миллионының басында кредит бар. Осы және басқа да себептерге байланысты баспанасыздық мәселесі азаймай отыр» деп жазады журналист. Сондай-ақ, мақалада автор «7-20-25» бағдарламасының жастар үшін тиімсіздігін келтіреді. Осыған орай жастар үшін басқа тұрғын үй бағдарламасын қабылдауды ұсынады.

  Осылайша, газет тілшілері қазақстандық қоғамдағы басты әлеуметтік мәселелерді барынша қамтыған. «Аутизм мәселесі – қоғам назарында», «Ерекше балаларға бақыт сыйлайық!», «Қарияларға қамқорлық – перзенттік борыш», «Баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі», «Мыңдаған бала мейірімге зәру»,  «Не ішеді балаңыз, тамағына қараңыз!», «Қоларба кедергі емес», «Жемқорлық жерге қаратар», «Не дер едің жарымжан жылағанда» сынды тақырыптардың өзі бұл мақалалардың көтерген жүгі ауыр екенін көрсетеді.

Баспасөз жарияланымдары қазақстандық әлеуметтік өмірдің шынайы ахуалын көрсетуге және әлеуметтік саясаттағы өзгерістердің дәйектілікпен жүзеге асырылуын талап етуге көмектесетіні белгілі. Талдауға алынған республикалық «Айқын» газетінің  жарияланымдары әлеуметтік мәселелерге назар аударудың түрлі сатыда жүру керектігін де көрсетеді. Мәселен, кейбір проблемалар, атап айтқанда, баспанасыздық пен жалақының төмендігі қауіпті сипат алған және олар бірінші кезекте шешілуі тиіс. Бұл тақырыптар газет тілшілерінің мақалаларында жеткілікті айтылған.

Талдау барысында журналистік жұмыс әдістері кеңінен қолданылған: авторлар қоғамдық пікірлерді, статистикалық мәліметтерді пайдалану, тақырыпқа байланысты құзыретті мамандармен сұхбаттасу арқылы проблеманы жан-жақты көрсетуге тырысады. Бұл шазет шолушыларының құзыретті білімге ие екенін көрсетеді және олар проблемаға түсіндірме беру үшін қабілетті сарапшылар мен кәсіби мамандарға жүгінеді. Авторлардың жазу тәжірибесі де жетілген: журналистер әлеуметтік тақырыпқа қатысты барынша сауатты болуға тырысады, кәсіби біліктіліктері жеткілікті.

Сонымен, бұл зерттеуде біз 2018-2019 жылдың екі айында республикалық «Айқын» газетінде жарияланған әлеуметтік проблемалардың динамикасын көрсетуге тырыстық. Зерттеу соңында баспасөз әлеуметтік шындыққа барынша адекватты деген түйін жасаймыз.

Айта кетерлігі, зерттеу барысында салыстыру үшін бірнеше облыстық газет қаралды. Мәселен, Қызылорда облыстық «Сыр бойы», Шығыс  Қазақстан облысының «Дидар» газеті, «Маңғыстау»  облыстық қоғамдық-саяси газеті және т.б. Алайда, облыстық әкімдіктің органдары болып табылатын бұл басылымдарда әлеуметтік тақырыптағы проблемалық мақалалар аз және негізінен ақпараттық сипаттағы жарияланымдар болып келеді.

Адами қатынастар  тұжырымы бойынша, адамдар іс-әрекетінде ең алдымен әлеуметтік мұқтаждық басымдық алады.  Мәселен, қандай да бір ұйымның басшылығы қызметкерінің әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыра алса, қызметкер де өз тарапынан оның бұйрықтарын оң қабылдайды.  Тиісінше,  еңбек өнімділігі, өндіріс тиімділігі өседі. Экономикалық ынталандыру әлеуметтік-психологиялық жағынан жағымды әсер етеді. Керісінше, халықтың әл-ауқатының төмендігі әлеуметтік тыныштық пен тұрақтылыққа кері әсерін тигізуі ықтимал. Демек, елді, мемлекетті басқарудың басты міндеті – тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу, оны неғұрлым  ізгілендіру. Бұл қазіргі қазақстандық қоғамда өте өзекті болып отыр.

Осы орайда адамдар арасында ақпарат алмасу маңызды екенін, ал тиімді ақпарат  басқарудың шешуші факторы болып табылатынын айта кету орынды. Бұл тұрғыда БАҚ-тың ролі айрықша. Тұрғындарға дер кезінде анық та шынайы ақпарат беруде, түрлі әлеуметтік топтардың мұң-мұқтаждықтарын тиісті органдарға жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын қызметі зор. Сондықтан бұл шағын зерттеуде «Айқын» газетін мысалға ала отырып, еліміздегі қазақтілді БАҚ-та әлеуметтік мәселелердің қоғам назарына ұсынылуы зерделенді. Мемлекетті құрайтын қоғам мүшелерінің жеке мұқтаждықтары, қажеттіліктері, мақсаттары болады, адамның жеке және отбасылық проблемалары әлеуметтік тұрақтылыққа әсер етеді. Қоғам мүшелерінің мүддесін ескере отырып жүргізілетін басқару тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімге ықпал етеді.

1492 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз