• Ұлттану
  • 22 Желтоқсан, 2019

ХАНАФИ МАЗҺАБЫН ЗЕРТТЕУШІ ҒАЛЫМ

Шамшәдин Керім, филология ғылымдарының докторы, профессор, Нұр-Мүбарак университеті Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының директоры

Әшірбек Муминов – қазіргі қазақ шығыстану, дінтану, тарих, исламтану ғылымдарын тосын материалдармен байытып, әдістемелік жағынан нығайтып, өрісін кеңейтуде өз орны бар, танылған ғалым, сирек маман. Оның зерттеу бағыты – Орта Азиядағы және Қазақстандағы ислам, ғұламалардың орны – ханафилік мектептің пайда болуы, дамуы эволюциясы, өкілдері, Ислам сынды күрделі құбылыстың жергілікті жердегі өзіндік көріністерін, мән-маңызы. Жалпы бұл тақырыпты тереңдеп, кең ауқымда кешенді зерделеп жүрген зерттеушілер саусақпен санарлық. 1991 жылы ал-Кафавидің (999/1582 ж. қ.б.) «Катаиб алам ал-ахйар» Мауаннаһрдегі ислам тарихы (ІІІ/ІХ-VІІІ/ХІV вв.)» бойынша дереккөз» атты тақырыпта кандидаттық, 2003 жылы «Орталық Мәуаннаһр қала өміріндегі ханафиттік ғұламалардың қызметі мен орны (ІІ-VІІ/ VІІІ-ХІІІ вв.)» атты тақырыпта докторлық диссертациясын Ташкентте қорғаған. Оның білім алу жолы да «Сабақты ине сәтімен» дегендей, Өзбекстанда дүниеге келіп, орта мектепті үздік бітірген соң, Ташкент мемлекеттік университетінде шығыс тілдер, факультетінде араб, ағылшын тілдері мамандығы бойынша оқумен басталды, одан әрі Араб елдерінде қызмет жасап, білігін, машықтануын ұштаған соң, Санкт-Петербургтегі КСРО Ғылым академиясының Шығыстану институтында мақсатты аспирантураға жолдама алып, Ресейдің академиялық арабтанушыларының дәрістерін тыңдауы, исламтануды қолжазба арқылы зерттеп жүрген С.П.Прозоров сынды ғалымның тәлімін көріп, соның жетекшілігімен диссертация жазуы оны маман ретінде шыңдаған ғылыми орта мектебі болды. Ол кандидаттықты қорғай салысымен 1991 жылы Түркістанда ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде дінтану мамандығына, сабақ беруге тартылды. Бірақ кандидаттық дәрежемен шектеліп қалмай, Ташкент қаласына оралып, ғылыми ізденістерін қайта жалғастырды. Әшекең Түркістанда аз уақыт болса да, бұл жердегі исламмен байланысты материалдарға көңіл аударды. Ол осы өлкеде ертеден қолжазба түрінде көшіріліп, сақталып келе жатқан «Насабнаманың» ең көне нұсқасын Зәкірия Жандарбековпен 1991 жылы бірге бастырып шығарды. Кейін осы кезде басталған жұмысты Зәкірия Жандарбеков басқа да нұсқаларын сипаттап, тарихи тұрғыдан байыптап, кандидаттық жұмысына арқау етті. Әшекең тарихи шаһардағы Әзірет Сұлтан музейі қорына жиналған араб жазуындағы қолжазбалардың каталогын түзудің керектігіне көз жеткізген, міне, сол уақытта қолға алынған бұл каталог 1997 жылы жарыққа шықты. Сондай-ақ Ясауи музей-кешенінде сақталған тарихи құжаттардың өзі де оның қызығушылығын тудырып, кейін бұл тақырыпқа ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан гранттық қаржылай қолдау көрсетілді, осы жоба аясында Б.Көмеков, У.Сұлтанов, Д.Кенжетай, т.б. бірлесе ұжымдық монография дайындалып, 2017 жылы кітап болып жарияланды.Түркістанда басталған «Насабнамаға», Қожа Ахметтің өміріне, әйгілі сопының заманына үңілу қожалардың шежірелерін, тек-тегіне үңілуге, кейін қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің ата-тегін тарата талдауға жетеледі, нәтижесінде орыс тілінде Генеалогическое древо Мухтара Ауэзова (под ред. С.Н. Абашина. Алматы: Жибек жолы, 2011) кітабы басылды. Мен 1994 жылы Түркістанға Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің шығыстану факультетіне қызметке ауысып келдім. Соның алдында осы факультетте Әшекең жұмыс істеп, енді Ташкентке қоныс аударған екен. Жаңа келген кезімде Әшекең туралы жылы лебіздер естіп, өзін көрмесем де, сырттай білуім сол жылдан басталды. Ол Түркістанда екі жылдық мезгілде болғанымен, әріптестерінің де, шәкірттерінің де ғылымға деген өзіндік көзқарасы бар жан ретінде есте қалыпты. Жаңа университетте дінтану мамандығы ашылған екен, оның оқу жоспарында ислам негіздерін игертетін Құран, хадистану, фиқһ сынды араб тілі пәндері қамтылып, түзілгеніне куә болдым. Бұл оқу жоспарын жасауға Әшекеңнің ат салысқанын факультет деканы марқұм Жұмабай Истаевтан білдім. Кейін дінтану мамандығы әл-Фараби университетінде де ашылып, мамандықтың республикалық ортақ стандарты жасалған кезде, ислам пәндері тым азайып, философиялық, жалпы дінтанушылық пәндері көбейіп кетті. Қазіргі рухани-діни өміріміздегі өзекті Ханифилік мазһаб ғалымдарының ғылыми мұрасын жан-жақты зерттеген Әшекеңнің өзек еткен нысанасы хронологиялық тұрғыдан ауқымды ондаған ғасырды қамтиды. Бұл кезеңде Орта Азия мен Қазақстанда ислам ілімдері кең қанат жайып дамыды, үлкен ғұламалар дүниеге келді. Мұнда қамтылған ғалымдар, есімдер өте көп, әрі олардың мұрасы тым ауқымды, әрі бұл осы мол мирасты тауып, қолға түсірудің, түгендеп шығудың өз бейнеті жетерлік. Себебі бұл бағалы қазынаның дені жарыққа шықпаған, әлемнің әртүрлі кітапханаларына сақталған, жарық көргендерінің өздері әр жерде басылған. Әрі оларды қолға түсіргенмен, ескі ақида, фиқһ, усул әл-фиқһ т.б ілім тұрғысындағы орта ғасырлардағы араб тіліндегі еңбектерге қазіргі дәуірде екінің бірінің тісі бата бермейтінін түсіну қиындық туғызатын. Ғалым докторлық диссертациясын жазу кезінде манақиб, табақат кітаптарымен қоса, Мәурғеннаһар өңірінен шыққан ханафилік ғалымның 200-ге жуық кітабы мен 200 ғалымның басына қойылған құлыптастарды саралап, қолданыпты. Әшекең осы өз зерттеуін ғұламалардың еңбектерін жүйелеуге, кезеңдерге жіктеп, әр дәуірдің сипаттарын талдауға арнаған. Ол кандидаттық, докторлық диссертацияларында дереккөздерді толықтыру, тұжырымдар мен түйіндерді жетілдіре түсу арқылы «Ханафитский мазхаб в истории Центральной Азии» (2015), «Научное наследие ханафитских ученых Центральной Азии и Казахстана» (2018) атты монографиялары жарияланды. Бұл тақырыптың айналасында әлі сандаған диссертациялар жазылары хақ. Қазірдің өзінде Әшекеңнің жетекшілігімен осы салада диссертация жазып, ғылыми дәреже алған жігіттер аз емес. Нұр-Мүбарак университетінде исламтану мамандығы бойынша Рһd докторантура ашылғанда, жетекшілік жасауға профессор Әбсаттар Дербісәлі хазірет пен екеуін бекіттік. Әшекеңнің тікелей бағдар беріп, жол сілтеуімен Асқар Әкімханов «Әбу Мансур әл­-Матуридидің «Китаб әт­-Тәуилат» атты Құран тәпсірі», Нұрлан Қайырбеков «Мұхаммад ибн Ахмад әл-Исбиджабидің «Зада ал-фукаха» атты кітабының фиқһтағы маңызы мен орны», Бағдад Манабаев «Орталық Азия мұсылман құқы тарихындағы Али ибн Мұхаммад әл-Исбиджаби (535/1141 қ.б.ж.) орны мен маңызы» атты біз үшін тың материалдарды игеріп, өзекті докторлық тақырыптарда диссертацияларын сәтті қорғап, жоғары білім саласында қызмет жасауда. Жалпы елімізде Ханифилік мазһабты, оның отандық өкілдері мен олардың мирасын саралап, танып-білудің көкейкестілігі артып отыр. Өйткені, тәуелсіздік алғаннан кейін, дін сенімге еркіндік берілген соң, жат ағымдар да тез тарала бастады. Оларға қарсы тұруға, төтеп беруге дәстүрлі Ханафи жолын бекім айырмау, басымдылық беру, отандық ислами мектепті қалыптастыру ұсынылды. Осы дәстүрлі мазһабтан таймауды қуаттаған бір діни, идеологиялық ұстаным ғылыми тіректерін күшейтулердің қажеттілігін туындатты. Оның үстіне, елімізде ислами зерттеулерге мүмкіндік ашылғаннан соң, тың тақырыптарға, беймәлім материалдарды іздеп табуға, ұмытыла бастаған, шаң басып жатқан дүниеліктер, оның үстіне, тарихымызды байытатын мәліметтерге сұраныс артты. Әшекең 2005 жылы Алматы қаласына көшіп келгенде, Қазақстанда біржолата тұрақтап, ендігі өмірін, ата-басы, ұрпақтарының ғұмырын елімізбен байланыстыруға бел буған еді. Оның шәкірттерінің алды профессор, доктор болып, қазір Қазақстан мен Өзбекстанның дінтану саласында жоғары оқу, ғылыми зерттеу институттары мен орталықтарында, мемлекеттік мекемелерде басшылық, оқытушылық, ғылыми, сарапшылық жұмыстарды абыройлы атқаруда. Мәселен, ол Түркістанда аз уақыт еңбек еткенде, дәрісін тыңдаған шәкірттері Досай Кенжетай, Алау Әділбаев, Мұхитдин Пәттеев, Қалмақан Ержан, Шәмшәт Әділбаева, Балғабек Мырзаев т.б., кейіннен Түркияда магистрлік, PhD докторлық диссертация қорғап, елімізде дінтану, исламтану саласын дамытуға үлес қосуда. Әшекеңнің ғылыми табысының сыры неде? Нағыз ғалымдарға тән болмысы – мансапқа қызықпай, тек ғылыми бірыңғай жұмыстармен шұғылдануы, әрі бір арнада табанды жалықпай шұқшия айналысуы, еңбексүйгіштігі пен тынымсыз ізденісі, осы абзал қасиетімен жастарға үлгі болады. Сондықтан да, оның ғылым жолы – жемісті, әрі табысты. Әшекеңнің ғалым ретінде тағы жақсы сипаттары: оның бейтараптығы, ғылыми салқынқандылық, Еуропаның ғылыми әдістемесін игеруі, көп тілді білуі, сол тілде жазылған әдебиеттерді қолдана алуы, әрі шетелдік ғалымдармен байланыста болуы, бірігіп жобалар атқаруы, зерттеулеріне сырттан гранттар, қаржы көздерін таба алуы дер едік. Ол ғылым жолындағы қадамы 1989 жылы Санкт-Петербургке мақсаты аспирантураға түскен кезден басталған сонар, таңдалған бағыт, тақырып, жалғасын тауып, үзіліссіз тарқатылу үстінде. Әшекең – деректанушы. Оның еңбектеріне тән басты ерекшелік – деректілігі, бай ақпаратқа табан тіреуінде. Зерттеуші бірінші Ташкент, одан әрі Санкт-Петербург кітапханаларындағы қорында айлап, жылдап тапжылмай отырған, Еуропа елдеріндегі, кітапханаларындағы мәліметтерді ұқыптылықпен игерген. Ұзақ жылдардан бері Стамбулдағы бай қолжазба қорларын тәптіштеген. Әрі жеткен жетістіктермен қанағаттанбай, үнемі ізденіс үстінде, тың мәліметтер тауып, бұрынғыларды толықтырып отырады. Ғұламалардың мектептері, ортасы, тізбегін құнттап, қолжазбаларға, араб деректерге, «манақиб», «таражирим» кітаптарына, т.б. қайнарларға сүйенуінде. Әшекең – өз саласының білікті маманы. Ол әлемнің қай түкпірінде қандай қолжазба бар, каталогке түсіру бойынша, міне, осыларды анықтауды жалықпай салмақтап, айналымға қосуға тер төгіп келеді. Ескі қолжазбалар бойынша қаталог жасау, бір нұсқаны басқа нұсқаларымен салыстыру, жарыққа шығару, дереккөзі ретінде қолдану бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Мәселен, оның құлыптастарды дереккөзі ретінде қарастырған Самарқандтағы Чакар-Диза мазарындағы ғұламалардың қабірі басындағы жазулары бойынша эпиграфиялық жұмыстарын бөліп айтқанымыз жөн. Әшекең осындай бағыттағы жұмыстарын Айжан Нұрмановамен бірге Батыс Қазақстан облысында, Маңғыстау облысындағы Шақпақ ата және Сейсем ата қорымдарында жүргізіп, оның нәтижелері кітап-альбом болып басылып шықты. Сондай-ақ, Берікбол Жанаковпен бірге Көкше өңіріндегі көрнекті дін қайраткері Науан хазіреттің құлыптасын сипаттап мақала өзегіне айналдырды. Оның зерттеулері тарих, шығыстану, дінтану, исламтану тоғысында әдемі үйлесім тапқан. Елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған кезде, Ташкенттен арнайы шақыртылып алынды. Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында директордың орынбасары болып жұмыс істей жүріп, аталмыш бағдарлама аясында жарыққа шыққан «Араб дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы», «Парсы дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы» атты сериялардың томдарын әзірлеудің ауыр жүктерін көтерісті. Әшекең 2013 жылы Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық университетке қызметке шақырылды. Қай жерде қызметте сол өңірдегі ислам дінін таратушы қайраткерлерге қатысты беймәлім қолжазбалар іздейтін ол аталған оқу орнының Дінтану кафедрасын басқара жүріп, «Садуақас Ғылмани заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» атты қолжазбасын бірнеше ғалымдармен араб әліпбиінен аударып, қазақшаға кітап етіп шығаруды қолға алды. Кейін Стамбулге жұмыс орнын ауыстырғанда, осы бағалы мұраны ағылшынға тәржімәлап, екі том кітап етіп шығуына мұрындық болды. Дін қайраткерінің бұл еңбегінен Орталық Қазақстандағы бір ғасырға жуық тұтас дәуірдегі Ислам туралы аса құнды мағлұматтарға қанығамыз. Әшекең осы кітаптағы айғақтарға сүйене отырып, Ақмола өңіріндегі діни ғұламалардың аты-жөндерін айқындап, осы өлкеде ислами орта, ғұламалар мектебі болғанын негіздеді. Қазір Қазақстанның дін өмірінде із қалдыруымен қатар, мол мирасын аманат етіп кеткен Ғылманидің қолжазбаларын түгендеп, каталогке түсірумен шұғылдануда. Соңғы жылдары Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИРСИКА) Стамбулдегі Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығында жұмыс істейтін оның елімен байланысы үзілмеген. Исламтану, дінтану саласы бойынша ғылыми тәжірибеден өтуге, сапарлап, Түркияға барған жастар Әшекеңе жолығып, дидарласпай кетпейді. Сол қызметінде тек Қазақстан ғана емес, бүкіл бұрынғы Кеңестер Одағынан тәуелсіздік алған Орта Азия елдері бойынша ислами мұралар бойынша жобаларды үйлестіреді. Ол Өзбекстан, Ресей, Германия, Америка, Түркияның өз саласындағы маман ғалымдармен ғылыми байланыстарға дәнекер болуда.

681 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз