• Келелі кеңес
  • 12 Желтоқсан, 2012

Қазақ театрындағы авторлық құқық туралы

Аманкелді МҰҚАН, өнертану кандидаты, театртанушы

Үстіміздегі жылдың 20-25 наурыз аралығында еліміздің М.О.Әуезов атын­дағы мемлекеттік академиялық драма театры өзінің дәстүрлі «Театр көктемі – 2012» фестивалін өткізіп, бір жылда жасаған жаңа жұмыстарының қортындысын жасады. Биылғы фестиваль КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, профессор Шолпан Жандарбековаға арналып әр кеш сайын халқымыздың тамаша актрисасы жайлы естеліктер айтылып, рухына тағзым етілді. Бұл фестивальдің басты ерек­ше­лігі, сахнада көрсетілген 5 спек­такль­дің 2-і әдеби түпнұсқаға негіз­делгендігі. Әдебиет болғанда да танымал қаламгерлеріміздің сүйекті шығармаларына заманымыздың белгілі жазушы-драматургтерінің пьеса етіп қайта жазып сахналық нұсқасын жасауы. Сәбит Мұқановтың белгілі «Балуан Шолақ» атты повесін драматург Дулат Исабеков «Шың басындағы шындық» атты драматургия жанрына ауыстырып, бұдан 70 жыл бұрын дүниеге келген халықымыздың біртуар талантты ұлы Балуан Шолақтың ғұмыры жайлы көркем туындыға жаңаша дем берді. Фестивальдің беташар қойылымына осы туынды Есмұхан Обаевтің режиссурасында «Жаужүрек» деген атпен көрерменге ұсынылды. Театр репертуарына жақында енген ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің оқырманға барар жолы ауыр да ұзақ повесі негізінде Нұрлан Оразалин сахналық нұсқасын жазған «Қилы заман» тарихи драмасы да осы үлгіде жалғасқан. Қазақ халқының басына төнген нәубетті 1916 жылындағы ұлт азаттық көтеріліске шығу себеп-салдарының трагедиясынан сыр суыртпақтайтын қойылым театр фестивалінің жабылған соңғы күні Әубәкір Рахимовтың режиссурасымен бас театр сахнасына екінші мәрте тұсауы кесілген болатын. Өзгеге ұқсамайтын драма шығарма­ларына тапшылық көрген қазақ театрының классик жазушылардың өлмес туындыларына назар аударып сахнаға икемдеуі әлемдік театр тарихында қай кезде де көрініс беріп отырған үйреншікті құбылыс. Театрдың мұндай қадамын қуаттай отырып өнер ұжымының репертуарында көрініс берген, бізге ой салған бір мәселе төңірегінде пікір білдіруді жөн көріп отырмыз. Авторлық құқық деген мәселеге тірелгенде өнердің қай саласы болмасын дау-дамайсыз болмайтыны әлемдік тәжірибеден белгілі. Оны біз қазір өмірдің сан саласынан да жиі көріп жүрміз. Осы мәселені ертең, түптің-тү­бінде алдынан шығатынын ескере отырып, театр неге шыққан тегі белгілі, про­задан – пьесаға айналуы жолы бірдей жасалған аталмыш екі шығарманы екі түрлі авторлық иелікте көрсетуі бізге ой салды. Фестиваль бағдарламасындағы алғашқы шығарма авторлығына драматург Д.Исабеков ие болып, повестің негізгі авторы С.Мұқановтың аты аталмауын түсінбедік. Ал, екінші қойылымда Н.Оразалин сахналық нұсқасын жазып шыққан «Қилы заманда» бұл авторлыққа байланысты дерек көзі М.Әуезов, Н.Оразалин болып, толық көрсетіледі. Біздің ойымызша келтірілген екі мысалдан театр соңғы қойылымда мәселені дұрыс шешкен. Осыған ұқсас көрініс Ғ.Мүсірепов атын­дағы Қазақтың академиялық жас­тар мен балалар театрының тұсаукесер спектаклі болған режиссер Т.Теменовтің «Карменситасынан» да анық көрініс берген. Мұнда спектакльдің музыкалық көркемделуі ерекше әңгіме тақырыбы боларлықтай. Режиссер қойылымның барлық сахналарын музыка көмегімен көркемдейді десек қателеспейміз. Испан халқының сан алуан ырғақты-интонациялық бояуы мол музыкалық бай мұрасы спектакльде жеке, хор, түрлі аспаптар құрамында орындаулармен берілген.Бұл қойылымды музыкасыз елестете алмаймыз. Аталмыш қойылымды атақты француз композиторы Ж.Бизенің жазып қалдырған «Кармен» операсының өлмес музыкасынсыз елестету тағы қиын. Режиссер опе­раның басты кейіпкері Карменнің сү­белі музыкалық мінездемесі болған «Хаба­нерасын» өз спектаклінде вокалды және аспапты орындауда өңдеп, сонымен бірге, кеңестік көрермендердің жадында жақсы сақталып қалған «Табор уходит в небо» кинофиліміндегі композитор Эмиль Лотянудің белгілі музыкалық композицияларды да еркін қолданады. Бірақ, режиссер «Карменнің» опера музыкасының танымал бөлігін өз сах­налық қиялында орнымен қолдана отырып, сол музыка авторы Ж.Бизені не­месе өзгелердің музыкалық мәтіні ретінде қолданылғанын бағдарламада, атын атап, түсін түстеп кетпеуі де бізге ой салды. Ертең, күн тәртібінде өткір тұр­ған авторлық құқық туралы мәселе көтерілер болса, үлкен даудың басы да осыдан бастау алмақ. Соңғы кезде тек театрларда ғана емес өзге салаларда да, осы тақырыпта даулы мәселелер жиі-жиі көтеріліп келгенін белгілі. Тілге тиек болған пьеса мәтіні, музыкасы, аранжировкасы, т.б. секілді авторлық құқыққа байланысты айтыс-тартыстардың туындауы осындай, иесі белгілі шығармаларды нақтылы ашып көрсетпеуден. Болмаса, композитор Р.Шедрин өзінің «Кармен сюита» балетін жазғанда негізгі авторды мойындап, алдымен – Ж.Бизені, кейін өз атын қойған болатын. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің кәсіби композиторымыз Ғазиза Жұбанова да «Баттерфлай ханым» балетін жазып сахнаға қойғанда, алдымен түпнұсқа авторы Дж. Пуччини, кейін Ғ.Жұбанова болып бағдарламаға енген. Сол секілді, қазір, кез келген теледидар бағдарламасы мен концерттік бағдарламада орындалған, көркемдеуге қолданылған ән-күйдің авторы жайлы нақты айтылу заңдылық. Автор дүниеден қайтқанына мейлі 70, мейлі 100 жыл өтсін, иесі белгілі мә­тін немесе музыка авторларының аты-жөнін бағдарламада көрсетіп оты­ру өркениетті елдер суреткерлері шығар­машылық қарым-қатынасының басты шарты болмақ. Өлісі бар, тірісі бар біреудің интеллектуалдық еңбегіне зама­нымыздың «интеллектуалдары» қиянат жасап жатуы болмайтын құ­былыс екен. Республикамыздың жетекші театрлары сахнасында көрініс берген жекеленген бұл мысалдар, әлемдік тәжірибеде қалыптасқан авторлық құқық туралы құжаттармен реттеледі және өнер ұжымдары мен жеке суреткерлер де, сол құжат шеңберінде әрекет етуге тырысады. Ал, біздің кейбір режиссерлеріміз сол құжаттың үстемдігін мойындағысы жоқ. Аталмыш мәселеге немқұрайлы ке­ліп, заңды белінен басқан. Егер, жөн­делуі қиындық тудырмайтын осындай кемшіліктерді орнына келтірмесе театрларымыз авторлық құқықты реттеу жөніндегі бақылау органдарының араласуымен авторлық құқық қорғайтын әділет органдарының назарына ілігіп, әбігерге түсіп жатуының ауылы алыс емес. Қазақстанда бұл заң беріде қабыл­данған құжат десек те, дана халқымыз дәстүрінде әлімсақтан айтылып, орындалып келген «Әруақтар риза бол­май, тірі байымайды» деген аталы сөз­ді қайда тастамақпыз? Ғасырлар бойы қалыптастырған халқымыздың эти­калық нормалары ХХІ ғасырда да өзінің өзектілігін жоймай жұмыс істеуде. Ал, біздің театр қайраткерлеріне ондай даналықты есте ұстап жүру, оның заманауи үлгісі болған авторлық құқықты сақтау мен қорғау ісінде сауаттылығын арттыра түссе де артықтық етпес еді.

596 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз