• Тарих толқынында
  • 28 Желтоқсан, 2019

ӘЛЕМДІК ГЕОСАЯСАТ ШЕҢБЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН

Ахмет БҰРХАНОВ, саяси шолушы, экономист

Бүгінгі күнде әлемдік геосаясат өзекті мәселеге айналып, ірі державалардың тартысы әбден шегіне шығып тұр. Осының анық куәсі бола отырып, бұл текетірестің бізге қатысы жоқ деп ойлау үлкен қате. Алысқа бармай-ақ, жақын тарихтан білетініміздей, геосаяси шайқастар соғысқа ұласып, бірде жаңа мемлекеттердің пайда болуына әкелсе, кейбір мемлекеттердің жерінен айырылып, тіпті, әлем картасынан өшіп кетуіне де негіз болып, жатқанын әсте естен шығармаған жөн.

Жаһандану саясатының тығырыққа тірелуінің басты себебі – нарықтық кеңістіктің жер шарында шегіне жетуі деп білсек, сауда соғысының басталуы – әлемдік державалардың дүние нарығын қайта бөлу қарекеттеріне қарбалас кіріскенін білдіреді. Сондықтан да, енді сауда соғысы әлем нарығы қайта бөлінгенше толастамақ емес. Бұл жолда қарсы тараптар әскери күш қолданудан да тайынбауы әбден мүмкін. Соңғы төрт-бес жыл ішінде әлемдегі АҚШ пен Ресей және Қытай арасындағы қырғиқабақ геосаяси күрес ушығып, әбден өрби түскені белгілі. Бүгінде әлемдік саясат сахнасына мақсаттары қарама-қайшы үш держава шықты. Қазірше негізгі текетірес сыртқы көзге АҚШ пен Ресей арасында болып жатқандай көрінгенімен, шешуші күрес экономика саласында болатынына АҚШ пен Кытайдың арасында «сауда шайқасының» басталып кеткені дәлел. Дональд Трамптың «АҚШ-тың әлсірей бастаған гегемондығын қалпына келтіремін» деген желеумен билік басына келгені белгілі. АҚШ бұл мақсатына кедергі келтіретін негізгі қарсыластары – Ресей мен Қытай деп санайды. Ресей АҚШ-тың әскери күш қолдануына шектеу қою мүмкіндігіне ие болса, Қытай АҚШ-тан экономикалық қаржы үстемдігін тартып алу мүмкіндігіне ие бола бастады. Қазіргі күнде әлемдік сауда кеңістігінің басым бөлігі АҚШ бастаған Батыс Еуропа, Канада, Австралия, Жапония және Оңтүстік Корея елдерімен бірге Қытай иелігінде. Босап қалған бұрынғы КСРО нарықтық кеңістігін иеленуге Қытай мен Түркияның да белсенді қатысуына елімізге ағылып келген тауарлар легі куә. Өткен ғасырдың 80 жылдар аяғынан бастап АҚШ Еуропа Одағымен бірге, әлем нарықтық кеңістігін барынша кеңейтуге бағытталған жаһандану саясатын жүргізіп келгенін де айта кетуіміз керек. Осы дәуір ішінде Батыстың пайда қуған трансұлттық корпорациялары, өндіріс орындарының біразын Қытайға көшіріп, батыс елдер нарығына жол ашып берумен бірге, Қытайдың әлем фабрикасына айналуына жағдай жасаған болатын. Батыс елдері сол өндіріспен бірге, экономикалық қуаты мен технологияларының да Қытайға өтіп кеткенін кеш байқаған сияқты. Әлем өндіріс ошақтарының Қытайға көшірілуі оған сауда әріптестерін экономикалық жіптермен шырмауына жағдай жасатып, бұл жіптер Қытайда есіліп, олардың мойнына салынған арқанға айналуына алып келді десек, қателеспейміз. Бұл арқанды үзуге Еуропаның қауқары жоқ, бірақ, АҚШ-тың оған мойынсұнбайтыны анық. Қытайдың экономикалық экспансиясының АҚШ- қа да жеткенін мойындаған Трамп, әлем нарығында Қытай кеңістігін біраз қысқарту мен тежеу мақсатында сауда соғысын бірінші бастағанын айта кетуіміз жөн. Өндіріс қуатының бірталайын трансұлттық корпорациялары шет елге көшіріп жіберуіне қарамастан, АҚШ әлі де орасан әскери қуатқа ие, доллар арқылы әлем экономикасының қаржы тізгінін ұстаумен бірге, қор биржалары арқылы тауарлар бағасын реттеп отырған алып мемлекет. Қытай соңғы кезге дейін АҚШ-тың барымына барып, сауда соғысын болдырмай, келісімге келіп тырысып баққанмен, онысынан түк шықпады. Дегенмен, соңғы 20-30 жыл ішінде батыс елдерінің көмегімен индустриалдық алып державаға айналған Қытай да бұл шайқаста оңайлықпен берілмек емес. Ресей жайлы сөз қозғар болсақ, Путин басқарған дәуірде негізгі билік жүйесін Мәскеуге жинап, мұнай, газ басқа да маңызды шикізат саласын үкімет бақылауына алды. Екінші кезекте армиясын заманауи әскери ұшақтармен, суасты кемелерімен, шапшаң зымырандармен қайта жасақтап, суық қарулануды жүзеге асырды. 2015 жылдан бастап, Сириядағы ұрысқа араласып АҚШ пен Батыс елдерін Таяу Шығыстан ысыруға кіріскені белгілі. Негізгі мақсат – Катардың газын Сирия арқылы Еуропаға өткізбеу, екіншісі мұнай бағасын реттеуге қатысу. Үшіншіден – Таяу Шығыста әскери жағынан орнығып, мұнай-газ негізінде ең мықты энергетикалық державаға айналу. Егер, доллардың күші мұнайда екенін ескерсек, бұл мақсаттар өте тереңде жатқанын білуге болады. Сонымен бірге, Ресей соңғы жылдары, Еуропаның газ нарығын бағындыруға тер төгіп жатқаны күнделікті ақпараттардан мәлім. Осы құбырлар Еуропа мойнына тасталып жатқан арқан десек, ол арқанның тізгіні Мәскеуде болмақ. Енді бұл жағдайда «Северный поток 2»-ге қарсы АҚШ- тың жанталасып қарсыласуы түсінікті болса керек. Келешекте Ресейдің газ құбырларын, екі Корея үстінен және Сахалиннен Жапонияға дейін тарту жоспары да жоқ емес. Бұл әлемдік сауда соғысы геосаяси тұрғыдан Ресейге өте тиімді екені анық. Дәлел ретінде, Қытай өзінің АҚШ-пен салыстырғанда, әскери әлсіздігі мен мұнай тәуелділігін ескеріп, осы шайқаста Ресейдің өз тарапында болуына аса маңыз беретіндігін атап өтуге болады. Сонымен бірге, Трамп пен Путиннің кездесулерінен де АҚШ-тың бұл текетіресте Ресейдің Қытайға тізе қосуын қаламайтынын көруге болады. Осы тұста бұл сауда соғысы Ресейдің екі алып бақталастарына қолбайлау болып отырғанын айта кету керек. Себебі, бұл кикілжің Ресейдің Таяу Шығыстағы ықпалын күшейтіп, сонымен бірге, АҚШ-ты бұрынғы КСРО аймағынан кетуге мәжбүрлеуге септігін тигізуде. Осы тақырыпта АҚШ пен Ресей тартысында географиялық картасы жыртық көрпе күйін кешкен Украина мен Грузияны атап өту орынды. Еуроодақ, НАТО құрамына енгені Балтық бойы республикаларына не өркендеу, не қауіпсіздік алып келмеді. Керісінше барлық ірі өндіріс орындары жабылып, халқының төрттен бірі Еуропаға көшіп кетті. «Русофобиялық» саясатына жауап ретінде, Ресей олардың порттары арқылы тасымалданатын транзит көлемін барынша азайтып, бүгінде Балтық бойы елдерінің жағдайы мүшкілдене түскенін байқаймыз. Келтірілген дәйектер аталған елдердің өз мүддесіне лайық жолын таңдай алмауынан деп білуге болады. Геосаяси шайқас ірі державалардың өзара санкциялармен шектелмей, қарсыластарының бүйірінде аймақтық соғыстармен бірге түрлі-түсті революциялар ұйымдастыру арқылы да іске асырылып жатқанын естен шығармаған жөн. Осының негізінде нарық кеңістігімен сол елдердің байлығын иемдену мақсаттары жатырғанын ұға білу өте маңызды. Сонымен қатар, айналамыздағы геосаяси қарсыластар мүдделері қайшы келетінін, біреуі демеп жатса, екіншісі аяқтан шалуы мүмкін екендігін де ұмытпаған жөн. Басқаша теңеумен айтсақ, бұл әлем әлі де ертегідегі қалың ормандағы сияқты, орман патшалығына таласқан үлкенді-кішілі жыртқыш аңдарға толып жүргенге ұқсайды. Осы тұста АҚШ-тың әлем үстемдігі жолындағы Таяу Шығыстағы ұрыс-жорықтарын атап өту артық емес деп ойлаймын. «Ядролық қару асап жатыр» деген желеумен 2004 жылы Иракты басып алып, ел Президенті Саддам Хусейн дарға асып өлтірілгенін бүкіл дүниенің БАҚ құралдары таратқаны мәлім. «Араб көктемі» деген атпен Египет пен Тунисте төңкеріс ұйымдастыруымен бірге, Ливияның қиратылуын, Муаммар Каддафидің хайуандарша өлтірілуін де араб жұртшылығының ұмытпасы анық. Сирияда азамат соғысын ұйымдастырып, Иракта түзілген «ИГИЛ» деген атпен белгілі содырларды қаруландырып, Асад үкіметіне қарсы айдап салғаны да анық. Енді, Қазақстанның екі алып көршілеріне келер болсақ, олардың да жоғарыда айтып өткен «орман патшалығына» таласып жүрген жайы бар екенін атап өткен орынды. Ресейді жыртқыш аюға, Қытайдың аузынан от шашқан айдаһарға теңелуі де бекер емес дер едім. Әлемдік геосаясат тұғырынан Қазақстанның жағдайына қарасақ, Еуразия кеңістігінде еліміздің салмақты рөл атқаратыны белгілі. Сонымен бірге, кең-байтақ жері, мол табиғи байлығы, екі көршілес алып держава арасындағы әскери, экономикалық, транзиттік маңызы, ғаламдық билікке ұмтылған державалардың таласын тудыру да әбден мүмкін. Айта кететін жайт, қазіргі таңда ел басшылығының жүргізіп отырған сыртқы саясаты – бүгінгі күндегі мүмкін болған бірден-бір дұрыс ұстаным екенінде, осы тіресіп жатқан «Үлкен үштік» билігінің Қазақстанға деген қарым-қатынасынан білуге болады. Сонымен бірге, әлемдегі құбылмалы геосаяси жағдайда дұрыс жол таңдау да өте маңызды мәселе. Осы кезге дейінгі өз жемісін беріп келген көпвекторлық саясатты да шегіне жеткені байқалады. Қазақстанның сыртқы саясат бағытымен экономикасының өркендеуіне екі алып көршіміз Ресей мен Қытайдың ықпалы зор екенін, сонымен бірге, қаржы тұрақтылығы АҚШ пен Батыс Еуропа жүйесіне байланғанын да естен шығаруға болмайды. Әлемдік геосаясат сахнасындағы шайқаста тепе-теңдік саясат ұстану жолы да тарыла түспек, сонымен бірге, бір жақты болу да өте қиын мәселе. Дегенмен, үшке айырылған бір жолды таңдау Қазақстанның көкейтесті мәселесі болмағы анық. Бұл мақаламыздың мазмұны, «әлем нарығы әлдеқашан бөлінген немесе біздің қатысуымызсыз бөлінбек» деп, қол қусырып отыру үшін емес, керісінше, әлем тынысы тамырын баса отырып, өзгерістерді тиімді пайдалану арқылы, экономикамыздың «жайылым өрісін» кеңейту мақсатындағы таңдау жолын сараптауға бағытталады. Егер, әрбір таяқтың екі ұшы бар екенін ескерсек, ғаламат өзгерістерде сол сияқты қиындықпен мүмкіндік қатар жүреді. Мысалы, КСРО-ның құлауы елімізге әлеуметтік-экономикалық күйзеліс алып келгенмен, екінші жағынан баға жетпес тәуелсіздікке қол жеткізуімізді тездеткенін де айта кеткеніміз орынды. Қазіргі технологиялық заманда тауар шығару күрделі мәселе емес, өндіріс құралдарын сатып алып, мамандар жалдап, көліктен бастап, кез келген тұтыну тауарларын миллиондап шығара беруге болады. Басты мәселе – өндірілген тауарлардың бағасы мен сапасынан да бұрын, шикізат көзі қайда, кімге сату. Өзімізді айтпағанда, әлемнің ең дамыған елдерінде өндіріс күштері толық жүктелмеген, себебі қойма толып тұр. Бұл тек біздің елімізде емес, жер шары халқының да тұтыну мүмкіндіктерінің әмиянына байланысты шегіне жеткенінің белгісі. Ал, өндіріс мүмкіндіктері болса шексіз, тек шикізат болса жетіп жатыр. Әлем нарығын үйрену – неліктен еліміздегі даяр немесе өңделген өнімдерге қатысты экономикалық жобалар өлі туылатын себебін, қойылған мәселенің тамыры қайда жатқанын анықтауға септігін тигізеді. Еліміздің кез келген тұрғыны ірі қала көшелерінде қайда қараса да жапон, неміс немесе кәріс көліктеріне көзі түсері анық, тіпті қоярға орын жоқ. Ал, сауда кешендеріне бас сұққандар қытай, түрік, басқа да шетел тауарларынан аяқ алып жүре алмайды. Бұл бүгінгі күнде үйреншікті құбылыс, басқаша айтсақ, «етіміз өліп кеткен». Отандық тауарларымыздың сауда сөрелерінен сирек көрінуі кәсіби ортадан басқа ешкімді мазаламайды. Қазақстанның тәуелсіздік алған тұста да, қазір де әлемдік нарық кеңістігінде шикізат сатудан басқа оиы жоқтың қасы. Ешбір ел, жылдар бойы иеленген өз орнын өздігінен бермек емес. Сондай-ақ, әлем нарығында өз орнын ойып алу да оңай шешілетін мәселе емес. Бұл мәселенің негізі айналамыздағы геосаяси ортада жатқанын байқау қиын емес. Бір ғана мысал келтірейік, алып көршіміз Қытай өзін етпен де, астықпен де қамтамасыз ете алмайтыны анық. Солай болса да, ол көрші отырғанымен, Қазақстаннан, тіпті, Ресейден де айтарлықтай көлемде ет немесе дән сатып алмайды. Себебі, ол етті Австралиядан, астықты АҚШ пен Канададан сатып алады, орнына өз тауарларын сатады. Қытай негізінен нарық кеңістігінен тыс елдерден даяр өнім сатып алмайды. Олар өзара қалыптасқан нарық кеңістігін соғыссыз бұзбайды. Енді, даяр өнімді айтпағанда, мұнай, шикізат өнімдерін сату үшін де «әлемдік делдалшылар» (трансұлттық корпорациялар) көмегіне жүгінуге тура келетіні де жасырын емес. Не нәрсе болса да сату, сатып алудан әлдеқай да қиын екеніне көз жеткізе отырып, осы «әлем нарығы» түсінігіне қысқаша тоқталайық. Капиталистік экономиканың көздеген мақсаты - үнемі пайда табу, тауарлардан басқа, көзбен көріп қолға ұсталмайтын нәрселер болса да, қалай да сатып, пайда табу десек, ал, сол тауарларды өзара еркін сату мақсатында қалыптасқан ортаны нарық кеңістігі деп атауға болады. Негізінде ешқандай еркін нарықтық кеңістік жоқ, «әлемдік нарық» әрқилы одақтық, экономикалық және сауда келісімдері арқылы бөлінген. Оның үстіне, әрқайсысының өз стандарттары, сертификациялау сияқты шарттары бар. Мысалы, Еуроодақ нарығына шығу үшін, экспорт шарттарын орындау жылдар бойы пысықталып, кедергілердің бәрінен өткен жағдайда, квота мәселесі қаралады. Сонша қиындықпен қол жеткен экспорт квотасының көлемі «мысықтың көз жасындай» көзге ілінбес болуы да мүмкін. Осы тұста Еуропа Одағының Грузия, Молдавия винолары мен Украинаға берілген бидай квотасын мысалға келтіруге болады. Жаһандық арпалыс жағдайында Қаз-ақстанның ұстанар бағыты мен көздеген орны жайлы пікір жүргізер болсақ, дағдарыс – дамуға, соғыс – жеңіске алып келетіні сияқты, жаһандық өзгерістерде елімізге зор мүмкіндіктер тудыруы ықтимал. Бірінші кезекте қалыптасып жатқан «Үлкен Еуразия» кеңістігінде энергетика нарығынан тікелей салмақты орын иелену маңызды деп санаймын. Себебі, әлем энергетика нарығының «аймақтық тізгінінің» өзі ел байлығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететіні сөзсіз. Екінші мәселе – кен байлығымызды шамамыз жеткенше қайта өңдеп сату болса, үшіншісі – негізінен Қазақстанда жасалған азық-түлікпен елімізді қамтамасыз етуге ұмтылу нақты мақсат дер едім.

593 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз