• Заманхат
  • 28 Желтоқсан, 2019

ТАСАРАЛ – АТАМЕКЕНІМ, ТАСАРАЛ – ТАБИҒАТТЫҢ ЕСКЕРТКІШІ

Ғалия Майкотова, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Ауыл – қазақтың түп қазығы, рухының қайнар көзі. Ауылдан қол үзу қазақ үшін түп-тамырынан ажыраумен бірдей. Қазақтың телегей теңіз тарихы, дәстүрі дала өмірінде қалыптасқан. Дала бізге небір даналарды берді. Біле білсек, бәрі де даладан, ауылдан бастау алады. Қазақ баласы үшін «Ұлы дала» дегеніміз – туған жер, туған ауыл. Демек, Мемлекеттің тірегі, іргетасы да – осы ауылда, тамырымыз да ауылда. Ауыл қазақ үшін барлық құндылықтарды жинақтаған қасиетті ұғым.

Тасарал – Балқаш көлінің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан шағын арал.  Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданына қарасты ауылдық мекен. Арал Кенесары мен Ағыбай батырдың сарбаздары дем алатын орын болған деседі.Судың ортасында орналасқан сол Аралға Ағыбай батыр жылқысымен жүзіп барған деген де деректер бар. Біздің ауылдың Тасарал деп аталу себебі де Ағыбай батыр туралы тарихи деректермен тығыз байланысты болған. Бұл күндері жастайынан осы ауылда тұрып, сексеннің сеңгіріне келген Қасенова Ағлипа апайымыздың деректеріне сүйенсек, Ағыбай батырдың жаз жайлауы Тайатқан шұнақ, қыс қыстауы Тарғыл тауының жағалауында орналасады. Бір күні батыр Тайатқан шұнақтағы Тастыбұлақ деген жерге келіп, жылқыларын айдап әкеліп, суармақшы болады. Қараса бұлақтың аузын үлкен түйедей тас басып қалған екен. Батырдың Қашқынбай деген баласы тасты әрі қозғап, бері қозғап, жылжыта алмайды. Оған Ағыбай әкесі: «Балам, ауылдың балаларын ертіп келсейші, мына тасты көтеруге шамаң келмейді ғой», – дейді. Бірақ баласы Қашқынбай болса бір өзі түйетасты бар күшін салып, аударып тастайды. Бұлақтан су аға бастайды. Ағыбай батыр Қашқынбайдың мықтылығына таңғалып, «жанымды жайғастыратын балам сен екенсің ғой» деп қараса, баласының бір аяғы тізесіне дейін жерге кіріп кеткен екен. Содан бір аяғының қарайып кеткенін көріп, үйіне алып келеді. Қарайған аяғы барлық денесіне жайылып, үш күннен кейін баласы Қашқынбай қайтыс болады. Баласынан айырылған Ағыбай батыр кейін төсек тартып жатып қалған екен. Оны естіген Балта ақын өз жырларымен қайғы жұтқан Ағыбайға: «Ұлы өлмейтін халықта жоқ, Қызы өлмейтін Қырымда жоқ, Қапыда келген қайғыдан тіріге келер пайда жоқ, Сен Ердің ері емессің бе, көтер басыңды» деп жұбату айтып, тәубесіне келтіреді. Содан, Ағыбай батырдың көші көл жағасындағы қазіргі Тасарал жеріне келіп тоқтайды, көшті бастап келе жатқан оның шешесі Қойсана аттан түсіп, ауылдан 7-8 шақырым қашықтықта жан-жағы сумен қоршалған үлкен аралды көріп, «Мына жер тас екен, өзінің аралы да бар екен» деп айтқан екен. Сол Аралда Ағыбай батырдың бес баласының бірі Аманбай қоныс теуіп, бірнеше жылдар бойы өмір сүріпті. Батырдың Аманбайдан басқа Аманжол, Қашқынбай, Дуана, Сопы деген ұлдары болады. Содан бастап, осы жер Ағыбайдың Тасаралы деп аталып кетеді. Қасиетті Балқаш көлінің жағасындағы Ағыбай батырдың Тасарал елді-мекені бүгінге дейін сан ұрпақтың құтты қонысы болып келеді. Бұл елді-мекенде қазақ халқының әрбір отбасына шамшырақ болған текті ұрпақтар өмір сүреді. Осы шағын ғана ауылдың жұртшылығы бүгінде егемен елдің бір бұтағы болып, баянды бейбіт өмірдің тізгінін жалғастыруда. Кез келген ауылдың туған перзенті өзінше тебіреніп, көкірегіндегі сүйіспеншілігін әрдайым келесі ұрпаққа жеткізуге асығып тұратыны шындық. Тасарал ауылының іргетасы сонау жиырмасыншы-отызыншы жылдардан бастап, бабаларымыз бен орта буын азаматтарымыздың қажырлы еңбектерінің арқасында қаланды. Осындай киелі атамекен биыл өзінің 90 жылдық мерейтойын тойлап, қуаныш пен шаттыққа бөлену үстінде. Ауыл тарихының шежіре беттері жайында Кәрім қажы Ақашұлы өзінің «Киелі Атамекенім» атты еңбегінде: «Киелі Тасарал өңірінде ата-бабаларымыздың ат ойнатып, дүбірлеткен тұлпар тұяқтарының іздері жатыр. Бабаларым артына өшпестей із қалдырды, өнегелі іс тындырды. Мұны бүгінде мақтанышпен айта аламын. Қазақтың әр жері киелі, қасиетті. Біздің Тасарал топырағы да талай-талай дарынды қияға самғатты, адам өмірінде салтанат құрып тұратын мәңгілік қолтаңбасын қалдырды», – дейді. Колхоздың алғашқы құрылу жылдары сонау Кеңестік дәуір тұсында қалыптаса бастады. Тасарал жерінде шаңырақ көтерген іргелі шаруашылықтар алғашқыда артель болып құрылады. Одан кейін «Қызыл қазақ», «Октябрьдің елу жылдығы» атындағы балық аулау колхозы деп аталады. Осы колхозда бірнеше жылдар бойы басшылық қызметтерде болған Кәрім қажы Ақашұлының деректері бойынша, 1928 жылы қыркүйек айында қазіргі Жамбыл облысына қарасты Бурыл-байтал деген жерде кедей шаруаларды жалдап, балық аулап, пайдасын көріп отырған Феодор Синогин, Иван Адольф, Иван Гусцов деген бай орыстар өмір сүреді. Олардың балық аулау құрал-жабдықтарын, саймандарын кеңес үкіметінің адамдары тәркілеп алып, Бурыл-байтал ауылдық кеңесіне өткізеді. Сол кезеңде бай орыстарға жалданып, балық аулап жүрген кедей шаруалардың басын біріктірген Ержікен Тұрабеков деген азамат Бурыл-байтал ауылдық кеңесіне өтініш жасап, орыстардан тәркіленген балық аулау құрал-саймандарын кедей шаруаларға бөліп беруін талап етеді. Ауылдық кеңестің басшылары өтінішті қабыл алып, әр жерден келген кедейлердің басын біріктіріп, ұйымдастыру шараларын жүргізеді. 1929 жылдың басында Шет ауданы және басқа жақтан келген кедей шаруалардан балық аулау бригадасы құрылады. Балық аулау бригадаларын Ержікен Тұрабеков пен Жолтұс Ахметов екеуі басқарады. Жолтұс Ахметов Тасаралда 1929 жылы алғашқы балықшы артелін құрушылардың бірі болды. Өз әңгімесінде ол: «Мен колхозды басқарған жылдар өте қиын кезеңдер еді. Жеуге тамақ, жағуға отын таппайтынбыз. Сонда көлдің балығымен ғана жан сақтап, аман қалдық. Жесек тамағымыз, жақсақ отынымыз да балық болды. Жұмысымыз да ауыр. Күні бойы мұздың үстінде түйемен валакуша тартамыз. Ломмен ойық оямыз. Кешке үйге келгенде, киімдерімізге мұз қатып қалатын. Балық аулау үшін таңғы бестен жұмысқа кірісетінбіз. Кейін соғыс жылдарын бастан өткердік. Соғыс басталғанда, ерлермен бірге Отан қорғауға аттандық. Соғыстан кейінгі өмірім Қаражыңғыл станциясында өтті», – деп балықшы колхозындағы ауыр жылдарды осылайша суреттеген екен. Осы бригадалар кейін «Артель» деп аталады да, оның басшылығына балық аулаудың маманы Иван Волоткин деген орыс жігіті сайланады. Ал, 1930 жылы «Қызыл қазақ» балық аулау колхозы құрылады. Колхоздың «Қызыл қазақ» атануы туралы соңғы кездері бірнеше деректер бар. Соның бірі алғаш балық аулау бригадасын ұйымдастырушы Ержікен Тұрабековтың қызыл шырайлы болып келгендігі болса, екіншісі 1947 жылы «Қызыл қазақ» колхозына қарасты Тасарал селолық кеңесінің басқарма төрағасының қызметін атқарған Қырбасов Еркештің қызыл өңді болып келгендігімен байланысты делінеді. Сол кезеңде «Қызыл» деген сөздің мағынасы аса биік деген ұғымды білдірген. Ал, Ержікен болса, колхоздың құрылуы мен дамуына белсенді атсалысқан азаматтардың бірі ретінде тарихтан ерекше орын алды. Колхозды ұйымдастырушылардың қатарында Бікір Ержанов, Көшкінбай Жұмабеков, Иманқұл Тілеуқабылов, Сембек Маломанов, Мут Баянтаев, Төтім Ахаев, Қалкен Ыбраев, Әуезхан Өскенов, Қабылбай Қозкеев, Сайхадам Сағындықов, Ыбыкен Тілеуғабылов, Еркебай Жақыпов, Сұңғатулла Жанкелтаев, Әбікен Балқыбеков, Смағанбет Рымбеков, Ермекбай Ахтанбаевтар болды. Кейін колхоз орталығы Бурыл-байталдан Қашқан теңізге орын ауыстырады. Оның басты себептері колхоздың негізгі балық аулау мекендері Қашқан теңіз, Талтүбек, Изенді, Құмарал, Жентбике болып келді. Осы жылдары колхозды басқару үшін маман тапшылығы да сезіле бастайды. 1931 жылдың күз айларынан бастап, ауыл балықшылары Арал теңізіне оқуға аттанады. 1932 жылдың ашаршылық кезеңі де колхозды айналып өтпеді. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегендей ашаршылыққа ұшыраған ауыл-аймақтардың жұртшылығы осы Тасарал ауылына келіп, көлдің балығын жеп, аман қалады да, оған жетпегендері өлім құшып, орта жолда қалып жатты. Сондықтан, Балқаш көлінің жағалауы ашаршылық жылдары да талай тағдырға араша түскен киелі қасиетті мекен болды. 1932 жылдың аяғы мен 1933 жылдың басына таман колхозшылар бір орталыққа бірігіп, балық аулауға күш-көлік ретінде қолдану үшін қолдарындағы бар малдарын ортаға салады. Осыдан колхоз қорына 50 бас түйе мен 15 жылқы қосылады. Қашқан теңіздің балығының азайып кетуіне байланысты балықшылар 1933 жылдың қысында колхозшылардың шешімімен қазіргі Тасарал жеріне қоныс аударады. Колхоз басшылығына Молдағали Базарбаев келеді. 1935 жылдан колхоздың экономикалық жағдайын қалыпқа келтіру үшін қосымша мал шаруашылығы ашылады. Жамбыл облысының Шу ауданына қарағандықтан, 135 бас қой қазіргі Шу стансасынан жеткізіледі. Кейін Шу арқылы колхозды басқару ыңғайсыз болғандықтан, орталық Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты Балқаш қаласына ауысады. 1937 жылдан бастап колхозды Мұқашев Түскей басқарып, оның орынбасары ретінде Дәкешов Әбдірей тағайындалады. (Кәрім қажы Ақашұлы. «Киелі Атамекенім». 2005). Колхоз орталығы Тасаралға ауысқан соң, жан-жақтан қоныс аударушылар көбейе түседі. Ауылға мектеп, мәдениет үйі салынады. Алғашқы құрылыс жұмыстарын Мут Баязитов деген азамат басқарады. Ауыл тарихында 1941-45 жылдардағы сұм соғыстың алапат әсері ерекше орын алды. Соғыс жылдары балық аулау мен басқа салада қызмет атқаратын 200-ден астам азамат майданға аттанады. Ер-азаматтардың барлығы майданға кеткенде, үйде қалған әйел-аналар мен жасөспірім қыздар балық аулау ісіне араласа бастайды. Соғыс жылдары колхоздың басқарма жұмысын Әліқұл Сатыбалдинов атқарады. Соғыс жүріп жатса да, балық аулау жұмысын тоқтатпаған әйел-аналар мен қыздар керзі етікпен су кешіп, сүзекі тартып, қыстың күндері мұз астынан балық аулап, оны майданға жөнелтті. Бүгінде соғыс жылдары балық аулаған ауылдан шыққан 80-ге жуық аналар мен қыздардың есімдерін атап өтпесе болмайды. Сәрсен Ожанова, Қалиман Жауынбаева, Қойсана Шоқанбекова, Жаңагүл Көккөзова, Несібелді Әлтаева, Амангүл Құрманова, Айтбала Аймағамбетова, Рышкен Шахжанова, Рахила Ержановаларды жауынгер аналар деп атасақ та болады. Басшылық қызметтегі Әліқұл Сатыбалдинов 1947-49 жылдары Тасарал селолық кеңесіне ауысып, оның орнына колхоз басқармасын 1951 жылға дейін Еркеш Қырбасов басқарады. Бұл күндері өз әкесі жайлы қызы Күлпан Еркешқызы: «Әкем Қырбасов Еркеш үлкен денелі, орысша-қазақша еркін сөйлейтін қызыл шырайлы маңғаз адам еді. Жігерлі, айтқанынан қайтпайтын батыл болды. 50-жылдары партиялық билеті үшін ЦК-ға Сталинге барып қайтқаны әлі есімде. Карл Маркс пен Лениннің кітаптарын жинап алып оқып отыратын. Сол жылдардағы халықтың басына түскен нәубет алдындағы ауыртпалық, арқа адамдарына аяздай тиді. Менің Бижан әжем он тоғыз құрсақ көтереді. Оның бәрі шетінеп кеткен соң, жалғыз қалған баласын жетектеп отырып, сонау Қарасудан Балқаш көлінің жағасына жаяулатып жетеді», – деп еске алады. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» дегенді көңілдеріне медеу еткен жандар, Орта-Дересіннен, Қоңыраттан, жан-жақтан жиналып, бір балық артелін құрады. 1928 жылы олар Бертіс балық комбинатына аулаған балықтарын өткізіп, күн көріс қамына кіріседі. Осы жылдары 19 жастағы Қырбасов Еркеш өткізілетін балықтарды өлшеп тұратын міндетті атқарады. Өзі еңбекқор, жұмысына тиянақты, есепке жүйірік адам болады. Колхоз басшылығының ұйғарымы бойынша, 1933 жылы 24 жасында ол Бертіс балық комбинатына қарасты Балық потребсоюзындағы дүкендерді басқару қызметіне тағайындалады. Халық та сол жылдардағы ауыртпалықтан әбден жүдеп шаршаған еді. Басшылық қызметтегі Еркеш әке де қиын сәттерде сол ауыл адамдарын өзінің қанатының астына алып, өзінің туғандарындай қамқорлық көрсетіп, сүйеніш болыпты. Кейін Еркеш Қырбасов 1942 жылы Тас-Арал балық заводына қарасты «Южный берег» деген басқарушылық қызметке ауыстырылады. Бұл жөнінде Күлпан Еркешқызы: – «Әкемнің қызметі ауысқан соң, Балқаш көлінің арғы қабағындағы құмды өлкеде өмір кештік. Сол жерге мектеп ашылып, балалар 3 кластық білім алатын. Шаншарбаев деген мұғалімнің болғаны да есімде қалыпты. Канал қазып, арық тартып, бақша көкөністерін өсіргендері де жадымда. Біз «Төменгі ауыл», «Жоғарғы ауыл» болып, екі ауылдың адамдары ұжымдасып, күн кештік. Ауылға «Болай» деген кеме келіп, аулаған балықтарды Тасарал балық заводына алып кететін. 1947 жылы директор Махмұтовтың ұсынысы бойынша Еркеш Қырбасов «Тас-Арал» ауылдық кеңесіне қарасты «Қызыл қазақ» колхозына басшылыққа ауыстырылады. Мың-Аралдағы ортақ басшылықтан Тас-Арал пунктінің жеке бөлініп шыққан кезі болса керек. Анасының айтуы бойынша: «Енді бұл колхозды кім басқарады дегенде, халық: «Анау тұрған қызыл қазақ басқарады», – деп Еркеш Қырбасовты көрсетіпті. Ауылда 1950 жылы «Ақжартас» балық пункті жұмыс істей бастайды. Басшылық қызметтегі Еркеш Қырбасов Тасаралдың өз басында тұңғыш балық соятын, тұздайтын, кептіріп, ыстайтын үлкен плот салдырады. Балықшылар балық аулауға кеткенде, әйел адамдар осы жерде қызу еңбек үстінде болатын.Жаздай сақталатын мұзды 4 бұрыштап ойғызып, қопақпен жауып үлкен мұз қоймасын жасатыпты. Бір түйемен сүзекі тартқызатын. Оны балалар да қызықтап барып көретін. Ауға түскен бекіре балықтарды барлығы бірдей бөлісіп жейтін болған. Осы жылдары Ақжартастың басында бірталай жанұялар тұрып жатты. Бригадир Жаппар Жүнісов, Дайрахан ата, Науанов Төлеухан, Шорин Нығмет, Шынарбек, Үсенов Әбдікеш, молла Адамбай аталар осы Ақжартаста еңбек етті. Ергеш Қырбасовтың тастан қаланған үлкен ат қорасы болған екен. Онда күніне 7-8 бие сауылып, барлық үйдің адамдары болып, 2 торсық саумалды 2000-3000 рет түнімен күбіде пісетін болған. Балықшылар кеш бата үйге келгенде, үйдің алдындағы, көлдің жағасындағы төбешікке жайғасып отырып, әңгімелесіп, асылған бекіре мен сазандарды жеп, қымыз ішіп, үйді-үйге тарқасатын. Ауылдың қыз-келіншектері болса,түйе жеккен арбаға отырып, Тасаралға қымыз таситын. Жолда әндетіп жүре беретін. Еркеш әкейдің үй-іші өте қонақжайлылығымен де ерекшеленген болатын. Әсіресе, Тасаралдың адамдары күндіз демей, түн демей, келіп жататын болған. Бір күн қонақ келмесе: «Бүгін неге біреу келмеді», - деп іздеп отырады екен. Содан басшылық қызметте болған Ергеш Қырбасов Ақжартастың басында 1956 жылға дейін отырады. Бір күндері қазақ өнерінің майталмандары Манарбек Ержанов пен Роза Бағланованы қарсы алып, өз үйінің ұзын албарында ән айтқызып, бір-бір ат мінгізіп жіберген екен. Қызы Күлпан Еркешқызының айтуынша, әкесі өмірінің 42 жылын балық шаруашылығымен айналысып, осы Балқаш көлінің жағасында өткізіпті. Еркеш Қырбасовтан кейін колхозды Мұсадық Бекмағанбетов басқарады. Мұсадық Бекмағанбетовтың еңбек жолы балық шаруашылығын одан әрі өркендету ісімен тығыз байланысты болды. Шаруашылықты басқару қадамында осы Тасарал ауылынан бастаған. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қоңырат кенішін тамақпен қамтамасыз ету бөлімін басқарып, алғашқы балық аулау бригадаларын құрған. Ол Продснабтың Балқаштағы, Соқырқойдағы учаскілерін басқарып, Тасаралдағы «Қызыл қазақ» колхозын өркендетуге көп еңбек сіңіреді. 1950 жылдары колхоздың басқарма төрағасы болып та қызмет істейді. 1955 - 1956 жылдары Қарағанды облыстық Халық шаруашылығы Кеңесінің тағайындауымен Сарышығанда салына бастаған балық зауытының директоры болады. Одан кейінгі жылдары Тасарал, Бозарал балық пункттерін басқарады. Партия мүшесі ретінде ауыл-қаладағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады.Тек қана адал еңбегімен танылған Мұсадық атамыз ағайынның, елдің аса ардақты азаматы болып, халық арасында ерекше құрметке бөленеді. Өмірінің соңғы жылдарына дейін туыстардың, ауылының арқа сүйері, үлкен қамқоршысы бола білген ақылшы да данагөй қариялардың бірі болды. Қазіргі таңда оның өмірін балалары Тілеш, Көбен, Майраш, Берік, Маржандар жалғастыруда. Бұлар да әке жолын қуып, тамаша азаматтар болып өсті. Бүгінде немерелері Ермек, Айзере, Ғұмырлар Тасарал мектебінің үздік оқушылары. Астана, Қарағанды, Балқаш қалаларында немере, шөбере, шөпшектері ата өмірін жалғастыруда. Елуінші жылдары балық аулау жұмыстары күрт әлсірей бастайды. Колхозды басқару қызметіне Қиса Қоқымбаев келеді. 1955 жылдың басында Қиса Қоқымбаев басқарған жылдары колхоздың экономикалық жағдайын біршама көтеру мақсатында барлық колхозшыларды бір орталыққа қоныстандыру қажет болды. Жақын маңдағы Сарымсақ, Талтүбек, Қашқан теңіздегі балықшылар Тасаралға көшіріледі. Қиса Қоқымбаев туралы баласы Байғали Қоқымбаев өз естеліктерінде: «Әкем Қиса 1927 жылы өмірге келеді. Ол 1946 жылдан бастап, Сарытұмсық деген жерде балық өнімдерін дайындау цехында жұмыс істейді. 1950 жылы әкем Прибалтикаға оқуға жіберіледі. Екі жылдық оқуын аяқтаған соң, әкем Сарытұмсықтағы балық қабылдау пунктіне келіп, жұмысын жалғастырады. Тасаралдың «Сарытұмсықтағы» балық заводын басқарады, кейін 1956 жылдан оны колхоз төрағасы етіп сайлайды», – дейді. Қиса Қоқымбаев ауыл жастарының институттарда білім алып шығуына ерекше көңіл бөледі. Ауылдағы кісілердің «балықшының балалары тек қана балықшы болу керек» деген сөзіне қарамай, оқуға жіберіп отырған. Ауылға қандай мамандықтар қажет екендігін де алғаш ұсынып, жастардың шет жақтарда білім алуына көп көмегін тигізеді. Көбінесе басын төмен салып, ойланып жүретінін байқаған ауыл адамдары оған: «Қисеке, сен неге басыңды төмен салып жүресің, бірдеңе жоғалтып алғандай, не іздеп жүресің осы», – деп сұрайтын болған. Ал, Қиса ағамыз болса, сонда ауыл балаларының болашағын ойлап, төмен қарап, қалың ойға шомып жүреді екен. Ауыл басшысының көмегінің арқасында ауыл мектебін бітірген балалар бірінен соң бірі білім алып, математика, химия, металлургия, темір жол, балық шаруашылығы мамандықтарына оқуға түсіп, жоғары білім алып шығады. Қиса Қоқымбаев өзі оқып, білім алған Прибалтика елдерінің ауыл жобаларын Тасаралға енгізе бастайды. Халыққа арнап, ауылға тұңғыш рет монша үйін салып береді. Қазіргі таңда Қиса Қоқымбаевтың артынан қалған тұяқтарының бірі Байғали Қоқымбаев – Қазақстан қарулы күштері саласында бірнеше жылдар бойы қызмет атқарған мектеп түлектерінің бірі болды. «Таға – тұяқты, тұяқ – тұлпарды, тұлпар – ерді, ер елді сақтайды!» деген осы болар. Ауған соғысының ардагері Қоқымбаев Байғали Қисаұлы білікті командир, білімді әскери маман ретінде талай адамды ажалдан арашалап қалған жауынгерлік бейнесімен даралана түседі. Осындай ерліктерінің арқасында Байғали Қисаұлы «Қызыл жұлдыз», «За воинскую Доблесть», «Ауған соғысы ардагері», «Бауыржан Момышұлы» деген т.б. бірнеше медальдармен марапатталды. 1956 жылы Қоржын түбек пен Ақ мамыққа әскерилердің келуіне байланысты, балық аулау пункті Тасаралға ауыстырылады. Колхозда бухгалтер болып Бөдеш Әлібиев тағайындалады да, есепші ретінде Берліғали Жүнісбеков, клуб меңгерушісі болып Қожыкен Шахжанов қызмет атқарады.1955 жылы Балқаш көлінің көтерілуіне байланысты балық та азая бастайды. Колхоздың тыныс-тіршілігі қайтадан саябырлаған кез. Ауылда дағдарыс жылдары орын алған сәттер болды. Осы жылдары колхоз басқармасына ауыл азаматы Шәйкен Күлмағамбетов келеді. Шәйкен Күлмағамбетов басшылық еткен тұста колхозда мал шаруашылығына қатты көңіл бөліне бастайды. Мал шаруашылығы саласында Жауымбаев Қарашолақ, Тұрғамбеков Шәріпбек, Ержанов Тұрбек, Бижанов Бақыш, Әрінов Аманжол, Алтаев Шмал, Әлжанов Омар, Шоқанбеков Есімбектер жан аямай еңбек етті. – «Әкеміз ер мінезді, шыншыл, қарапайым, еңбекқор болатын. Халық арасында беделді болып, бізді адалдыққа тәрбиеледі. «Бұл өмірде екі ғана мамандық бар. Оның біріншісі мұғалім, екіншісі дәрігер. Егер, адамға дұрыс білім бермесе, ол надан болып қалады, дұрыс емдемесе өмірмен қош айтысады» деп айтатын. Екінші айтқан өсиеті: «Балам, қолдарыңа билік тиді деп қарамақтарыңдағы адамдарға кекиіп, оқтау жұтқандай болмаңдар. Олардың тамақтарын тоқ қылып, ұйқыларын қандыртыңдар. Сонда ғана істерің алға басатын болады», – деп еске алады Исабай Шәйкенұлы. Үлкенге іні, кішіге аға, ағайын-туғанға қамқор, жалған айтудан аулақ, біреудің ар-ожданына нұқсан келтіруден ада бола білген Шәйкен Күлмағамбетұлының есімі ауыл тарихының шежіре беттерінен ерекше орын алады. Осы тұста колхоздың төрағасының орынбасары қызметін атқарған Шахжанов Қожкен ағамыздың еңбегін айрықша бағалауға болады. Ол алғашқыда ауыл балықшыларын жанармай, азық-түлікпен қамтамасыз етуді ұйымдастырып отырды. – Әкем Шахжанов Қожкен 1911 жылы Қарқаралы уезіне қарасты Мойынты болысының 11-ауылында дүниеге келген. 1917 жылы төңкеріс болып, Ресей империясы құлағаннан кейін, өкімет басына большевиктер келген соң, байлардың балалары жаппай қуғынға ұшырайды. Осы жылдары әкеміздің де басына қауіп төніп, ағасы Әукенді бір түн ішінде НКВД-ның әскерлері келіп алып кетеді. Содан оның не өлі, не тірі екені белгісіз. Әкеміз тым жас болғаннан соң болу керек, оған ешкім тиісе қоймапты. Өкімет қорадағы малдарды тартып алып, адамдарды түрмеге отырғыза бастайды. Одан кейін талай жылдар өтеді. Коллективтендіру кезеңі, ашаршылық жылдары, соңы «ақтабан шұбырындыға» ұласады. Ашаршылық жылдары ауыл адамдарымен қоса, Балқаш көлінің жағасына жеткендердің ішінде менің атам Шахжан да болған екен, – деп еске алады Сепбол Қожкенұлы. – Бастауыш мектептің үш класын ғана оқып бітірген Қожкен әкеміз көлдің жағасындағы Тасарал елді-мекені балық шаруашылығымен айналысатын болғандықтан бүкіл өмірін осы шаруашылықтың ортасында өткізді, – дейді Зәуреш Қожкенқызы. Ол сол жылдардағы балық шаруашылығының ең қиын сәттерін басынан өткізе білді. Бастапқыда өзі де бригадир болды. 1939 жылы Тасаралдан төрт адам Аймағамбетов Балғара, Бейсекеев Қасенқұл, Мұқашев Қаракөз, Шахжанов Қожкен әскер қатарына шақырылады. Осы кезде фин соғысы басталып, одан кейін 1941 жылғы Ұлы Отан соғысына жалғасады. Қожкен Шахжанұлы 1943 жылы Ленинград облысында болған қатты шайқаста жарақат алып, бірнеше ай бойы госпитальда жатады. Жарақатынан айықпаған соң, туған ауылына қайтып келеді. Елге келген соң, өмірінің соңына дейін колхоз төрағасының орынбасары қызметін он екі жыл бойы атқарады. Колхоз төрағасының орынбасары қызметін бірнеше жылдар бойы атқару деген оңай шаруа емес. Барлық жұмыстың уақытында тиянақты орындалып, жауапкершілікпен атқарылуы төраға орынбасарының мойнында болады. Төраға орынбасары бола жүріп, партия ұйымының хатшылық қызметін де бірге алып жүрді. Осы тұста ауыл жастары қалалық, республикалық сайлауларға да қатысу мүмкіндігіне қол жеткізді. Ол үнемі жастарға: –«Келешек өмір сендердікі, білімсіз елді басқару мүмкін емес, сондықтан, білім алу қажеттігін» ескертіп отырды. Өз балаларының да жоғары білім алуына да жағдай жасады. Балалары Серікбол, Сепбол, Зәуреш, Бикеш, Сәулеш, Мағираш, Қорабайлар өз мамандықтарын жақсы игеріп, министрліктер мен басқа да басшылық қызметтерде жұмыс істеп жүр. Олар әке еңбегін де, білімін де ақтап, биік мақсаттарды бағындыра білді. Өнер мен спорт саласын қатар бағындыра білген ұлдарының бірі Серікбол марқұм 11 жасынан 30 жасқа дейін еркін күреспен айналысып, Балқаш қаласында 12 дүркін чемпион атанған. Қазақстан Республикасы бойынша өз салмағында 6-шы орынға табан тіреген Серікбол Шахжанов ауылдастардың намысын қорғап, мол олжаға кенелтті. Осы жылдары колхоздың ауыл шаруашылығын қажетті жаңа техникалармен жаңғыртуды, осы саланың білікті маманы, бас механик Шабанбаев Леш атқарып отырды. Ол колхоз орталығына жаңа автотұрақ салу жұмысын қолға алып, оны халық игілігіне жаратуға мұрындық болды. Колхоз жұмысындағы балық аулау тәртібін реттеп отыру үшін арнайы құрылған бақылау топтарын ауыл азаматтары Төлеубеков Мағауия мен Бейсекеев Алпысбай басқарды. Колхоз тарихында ең ұзақ уақыт төрағалық қызметті атқарған тұлғалы азаматтардың бірі – Әлібиев Бөдеш болды. Ол 1968 жылдың қыркүйек айының 13 жұлдызынан 1995 жылдың желтоқсан айлары аралығында «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы балық аулау колхозы басқармасының төрағалық қызметтерін атқарды. Ол осы қызметте жүріп, өз бойындағы барлық білімі мен күш-жігерін колхоздың одан әрі гүлденуіне жұмсады. Кеңестер Одағының 60-70 жылдар белесінде колхоздың таңғажайып жетістіктері ескеріліп, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің Қазақ ССР-і Министрлер кеңесінің Ауыспалы Қызыл Туы бірнеше рет ауылымыздың қанжығасына байланды. Әлібиев Бөдеш туралы сол жылдары бірге қызметтес болған, қазіргі таңда «Балқашбалық» комбинатының директоры Ахат Құспаев: «Әлібиев Бөдеш ағамызбен 1985 жылдан бастап, бірнеше жылдар бойы әріптес болып, бірге қызмет атқардық. Ол кісі «Балық шаруашылығы министрлігіне айтқан сөзі өтетін, өте сыйлы адам болды. Сол жылдары Тасарал Қарағанды облысында жалғыз балықшы колхозы еді. 100 түтіннен тұратын кішкентай ауылға 27 жыл бойы басшылық ету оңай емес, әрине, күнде халықтың көз алдында боласың. Бөкең ауылдың барлық мәселесін шеше білетін іскер адам еді. Мен басшылық еткен жылдары сол ауылдан бір кемшілік байқамадым. Темірдей тәртіп орнатып, қарамағындағы еңбеккерлерді тәрбиелей білді. Мен ол кісінің мінезін жылқыға теңейтін едім. Жылқы мінезді, болмысы дара, ерекше тұлғалы азамат еді», – деп еске алады. Биыл ауыл ағасының құрметіне ас беріліп,«Балқашбалық» комбинаты ұжымының шешімімен балық аулайтын кемеге оның есімі берілді. Әлібиев Бөдештің төрағалығы тұсындаТасарал ауылы көп жетістіктерге қол жеткізді. Ол колхозды жаңа техника жабдықтарымен қамтамасыз етіп, еңбеккерлерге автогараж салуды да жүзеге асырды. Ауылда алғаш балық қабылдайтын тоңазытқыш орнатылған үлкен цех қоймасы да осы жылдары пайда болды. Сонымен қатар, балықшылар аулаған балықтарды сойып, тұздап, кептіріп, қақтап отыратын заманауи цех жасаудың үздік үлгісі де Әлібиев Бөдеш басшымыздың ақыл-кеңесімен жүзеге асты. Осы жылдары ауыл халқына арналған көптеген жаңа тұрғын үйлер де бой көтеріп, 200 орынды құрайтын мәдениет үйі халыққа тарту етілді. Бөдеш Әлібиевтің қаржы мәселесін шеше білудегі іскерлігі оның балабақша мен жаңа мектеп құрылысын жүргізе білу сәттерінде ерекше байқалды. Басшының халыққа деген жанашырлығы мен қажыр-қайратын жұмсаудағы тағы бір айрықша еңбегі ауыл мектебіне қосымша бөлмелердің құрылысын жасатып, әмбебап дүкен мен жаңа монша үйінің іргесін көтерген тұсында көрінді. Басқарма әкімшілігінің ғимараты контораның да алғашқы кірпіші де осы білікті басшының ұйғаруымен қаланған болатын. Осы жылдары ауыл тұрғындарының қалаға қатынауы да қиындап кеткен болатын. Осы мәселені шешу үшін ауылға 13 километрлік грейдер тас жолының да салынуы Бөдеш Әлібиев сияқты іскер басшының ұйғаруымен жүзеге асты. Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін, елімізде орын алған 90 жылдардағы тоқырау жылдарына қарамастан, Бөдеш Әлібиев колхозды басқарған жылдар жаңашылдық пен мәдени жетістіктерге толы кезеңдер болды десек артық айтқандық болмас. Себебі бұл жылдары еліміздегі көптеген ауылдар қаңырап бос қалып, онда тұрып жатқан адамдардың жан-жаққа үдере көшіп кеткендігі баршаға аян. Осы тұста ауылдағы құрылыс саласын жүргізуге қатысқан, құрылыс материалдарын тасымалдаушы және прораб қызметтерін атқарған аяулы азаматтардың бірі Майкотов Тілеуберген мен құрылыс сызба жұмыстарымен айналысқан Құрманова Қаншайымның еңбектерінің зор екендігін айту ләзім. Сонымен қатар, Әлібиев Бөдеш ауыл еңбеккерлерінің қаржылық жағдайын шешуге, балықшылар мен ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайларын жақсартуға бет бұрды. Ол үшін балық аулау кемелерін толығымен темір катерлерге ауыстырып, бүкіл балық аулау плотын жаңартты. Колхоздағы мал шаруашылығын дамытып, түйе мен жылқы өсіруді одан әрі көбейте түсті. Ауылдағы электр жүйесін қолға алып, әр үйдің шаңырағын жарықпен толық қамтамасыз етіп, алғашқы үй телефондарын да іске қосты. Колхозда 1962 жылдары балық аулау жоспарын артығымен орындап, 3000 центнердің орнына 4500 центнерге дейін артығымен орындаған атақты балықшылар Балғара Аймағамбетов, Бәкен Ержанов, Мәтқали Түсіпбеков, Жиман Бейсекеевтердің бригадалары тамаша көрсеткіштерге қол жеткізе білді. Жазушы Түсіпхан Күлмағамбет атақты балықшы Жиман Бейсекеев туралы өзінің «Тасаралға тіл бітсе» деген эссесінде:– «Бұрындары кәнігі балықшылар балық жұлдызы жарқырап көрінбейінше қара қайықты суға салмаған. Көл еркесі ақ шағаланың қиқуын, қанат қағысын назарларынан қалыс қалдырмаған. Табиғатпен тілдесе білген. Өте ерте кезде балық жұлдызы малдың құтын, амандығын сақтайтын байлық көзіне баланып, тазалықтың, имандылықтың негізін адамдарға бағыштайтын тәңірлік сипаттағы рух қуаты болып табылған. Осы өңірдің атақты балықшысы Жиман Бейсекеев теңіз құпияларын жазбай тани білетіндігімен ерекшеленген», – деген жолдары ерекше назар аудартады. Жиман Бейсекеев – Тасарал ауылынан шыққан ең алғашқы «Еңбек Қызыл Ту орденінің» иегері, «Еңбек сіңірген колхозшы». Бірнеше бесжылдықтың озаты, «Еңбек ардагері», «Почетный донор СССР» төсбелгісі сияқты бірнеше марапаттарға ие болған тұлға. Оның осы ерен еңбектері ескеріліп, ауылдық округке бірнеше рет депутат болып сайланған. Наурызбай Жиманұлы әкесі жайында жазған естеліктерінде: «Әкем 50 жылдан астам колхозда балықшы бригадирі болды. Өзім жастайымнан әкемнің ақылын тыңдап өстім. Ол кісі көп жылдар бойы Алматы облысындағы «Қосағаш» балық аулау учаскесінде де қызмет етті. Сонда мен 5-6 жастағы баламын, жаз айларында әкемнің жанында болатынмын. Қамыс арасында маса көп. Кешкілік уақыт масаханадан шықпаймыз. Әкемнің «Спидол» деген радио-приемнигі болатын, соны тыңдайтынбыз. «Шалқар», «Маяк», сағат түнгі 12-ден кейін қытай қазақтарының концерті берілетін. Музыкаға жақын өскеніме әкемнің ықпалы болды ма деп те ойлаймын», – дейді. Ол 1976-1986 жылдары ағасы Ғасымқұл екеуі ауыл маңында Ағыбай аралының оңтүстік бөлігінен сүзекі тартып, бөлімше дайындап, бригада құрып, балық аулады. Қазір халық осы түбекті «Жиман тартысы» деп атайды. Таңертеңгі сағат 10-11-лер шамасында Жиман Бейсекеев ағасымен бірге екі қайықты балыққа толтырып алып, ауылға келе жататын. Ауылдың бар баласы қайықтың дауысын естіп, жағаға қарай жүгіретін. Өздерінің бойымен бірдей сазанды сүйретіп, үйлеріне қайтатын. Балалардың күндегі әдеті сол болатын. Ағасы Ғасымқұл екеуі балаларға күнде балық беріп тұратын. Сол кезеңдердегі ауыл балалары Жиман ағамыздың осындай ерекше қасиеттерін үнемі еске алып отырады. Жиман Бейсекейұлы «Балқаш көлінің барлық жағынан да балық ауладым» деп айтып отырады екен. Сондықтан, Алматы облысында «Жиман станы», «Жиман протогы», «Жиман учаскесі» деген атаулардың әлі де кездесетіндігі таң қалдырмайды. 1968-1990 жылдар аралығында ол Приозерск қаласымен де тығыз байланыста болды. Әскерилерге арналған қала жабық болғандықтан, ешкім рұқсат қағазсыз кіргізілмейтін. Әскери госпитальға ауырған кісілерді апарып, талай ауылдастарының түрлі аурулардан жазылып кетуіне себепші болған да осы кісі болатын. Тіпті, сырттан да келетін, танитыны бар, танымайтыны бар, ешкімге «жоқ» деген сөзді айтпаған екен. Ол өз жанұясын ғана ойлап қана қоймай, халықтың жанашыр әкесі де бола білді. Себебі кез келген уақытта оларға көмек беруге дайын тұратын. Атағы елге жайылған балықшы аға өзінің туған балаларына «Таспен атқанды, аспен ат» деген мақал бар, ешкімге жамандық жасамаңдар деп айтып отыратын. Менің елге жасаған жақсылығым балаларымның алдынан шықсын деп армандайтын еді. Әке арманы да орындалып, бүгінгі ұрпақтары Жаңбырбай, Наурызбай, Әлібектер де бұл күндері халықтың қалаулы азаматтары болып ержетіп, кешегі әке үмітін ақтап, еліміздің мақтаныштарына айналды.Наурызбай Жиманұлы бұл күндері халық арасында композиторлық өнерімен танымал болып, бірнеше әндер шығарды. Жиман Бейсекеев әрдайым балаларына «дұрыс жүріңдер, еңбекті таза істеңдер, сонда еңбектерің еленеді» дейтін және ол кісі ешкімді бөліп-жармайтын, ауылдың бар адамын, балаларын өзіндей көретін. Бір сөзді жұмсақ мінезді адам болған деседі. Сондықтан, Жиман Бейсекеевтің қайырымды істерін, жасаған жақсылықтарын ауыл адамдары әрқашан мақтан тұтады. Осы тұста, «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деген мақал бекер айтылмаса керек. Әлі күнге дейін балалары әкелері туралы жұртшылықтан тек қана жақсы сөздерді ғана жиі естиді. Ауылдағы атақты балықшылардың бірі Мәтқали Түсіпбековтің де өз туған колхозына сіңірген еңбегі зор болды. Оның омырауында «Еңбек Қызыл Ту» ордені төсбелгісі үнемі жарқырап тұратын. Әкесі жайлы Мәшрүпбек Мәтқалиұлының айтуынша, ол кісі еңбекке ерте араласа бастайды. Оның балалық шағы колхоздың «Артель» ретінде құрылған тұсына сәйкес келіп, қиын уақыттарға тап келгендіктен, он үш жасынан бастап балықшы болады. Кейін соғыс басталғаннан кейін, Отан қорғауға аттанады. Жауға қарсы шабуылдарда жеңіске жетіп, бірнеше рет медальдармен марапатталады. Соғыстан кейінгі жылдары елу екі жылға жуық уақыт туған ауылында балықшы болып еңбек етеді. – «Мен есімді білгелі, әкем Мәтқали алғашқыда ауыл жастары мен мектеп оқушыларынан құрылған балықшылар бригадасын басқарады. Таңғы сағат 5-6 шамасында балық аулауға кеткен әкеміз түнгі 12-лер шамасында үйге оралатын. Кейде әкемізді мүлдем көрмейтінбіз», – дейді. Өйткені, әкелері үйге жұмыстан кеш оралып, келесі күні қайта таңғы 5-те қайта балық аулауға кететін. Жаз айларында моторлы қайықпен аралдың сыртына ау салатын. Сосын оны қайтадан жинайтын. Оның моторын жүргізуші Әбдіхалықов Жұмкен деген ағамыз болады. Жұмкен ағамызды барлық балықшылар керемет моторист деп атаған екен. Себебі, ол кісі көлдің алапат толқындарында да моторды ерекше басқару қабілетін игере білген. Балықшылар балықтарын аулап әкелген соң, ауларын тарап, келесі күнге жуып, тазалап, келесі күнге дайындайтын. Ұйықтайтын 3-4 сағат қана уақыты болатын. «Әкемізді сол плоттың басында ғана көретінбіз. Аналарымыз болса, оларға үйден тамақ пісіріп апарып беретін. Біз болсақ, әкелерімізді көргенімізге мәз болып, сол жерде ойнап жүретінбіз. Ал, қыс айларында балық аулау үшін көлдің арғы бетіндегі қабаққа атқа жегілген шанамен баратын. Онда бір айға дейін болып, айдың соңында ғана үйге оралатын. Ат-шанамен келе жатқан әкелерімізді алдынан жүгіріп шығып, қарсы алатынбыз. Бірақ, менің әкем үнемі соңында келе жататын. Біз болсақ әкемізге ренжіген кейіп танытып: «Мынауың не, әке, әлде атың нашар ма? Алдында жүрмейсің бе?», – дейтінбіз. Сонда әкем: «Мен өзім ғана емес, жанымдағылардың аман-есен ауылға келгендеріне көзімді жеткізгім келеді. Сондықтан, артында жүремін. Әйтпесе, менің атымнан мықты ат жоқ», – деп астындағы сәйгүлігін мақтап отыратын болған. Кейін аттардың орнына көліктер қолданылды. Оның көлік жүргізушісі Сармантай Көккөзов болды. Ең бастысы, олар қоғамдық көлікті тек қана тиісті жұмысына ғана пайдаланып, өзіне қажетті үй шаруасына қолданбайтын. Сол кезеңдерде мұзды ойып, үйге әкеліп ерітіп, шәй қайнатамыз. Мұзды үйге тасу үшін үйдегі түйеге жегілген шаналармен баратын. Сонда, көршілер күліп: «Көлік тұрғанда неге шанамен тасып жүрсіңдер?», – дейтін. Әкеміздің қоғам мүлкіне деген адалдығын осыдан-ақ байқауға болады. Балық аулау үшін Балқаш көлінің жер қыртысын да жақсы білу керек. Егер, жер қыртысын білмей, кез келген жерден балық ауласа, балық ауламақ түгілі, құрған ауларының өзі жыртылып, іске аспай қалатын. Мен өзім де бес жылдай уақыт балықшы болып еңбек еттім. Сол кезде ғана балықшының өмірінің өте қауіпті де, қатерлі болатынына көзім жетті. Қыстың кезінде мұздың бұзылғанын төрт рет көрдім. Қатты дауылдарда да мотормен судың үстінде қалған кездеріміз болды. Қайран әкелеріміздің де балықшы болып, қандай бейнет пен қауіпті бастан кешкендерін сол кезде ғана түсіндік», – дейді Мәшрүпбек Мәтқалиұлы. Осылайша Көкше теңіздің жағасында өмір сүріп жатқан жұрт ықылым заманнан бері балық аулап, баққуатты күн кешкен. Балықшылар қауымы кыста сүйменмен мұз ойып, жазда асау толқынмен алыса жүріп, теңізден несібесін теріп жүреді. Қашан да қауіп-қатері мол, қиындығы мен ауырлығы жүк боларлық қасиетті шаруашылықты игеру екінің бірінің қолынан келе бермес. Өйткені, тулаған теңізде балық аулау тек қайсар мінезді, батыл да ержүрек жандардың қолынан келеді. Сондықтан болар, Балқаш көлінен ақ маржан балық сүзген ауыл балықшылар қауымы қай кезде де зор мәртебе мен көшеметке лайық болмақ! Жазушы Түсіпхан Күлмағамбет: – «Аядай Тасаралда бармағынан бал тамған небір ісмер адамдар болған. Соның бірі – Сайлау ағамыздың әкесі Шәріпбек. Ол кісі керемет өрімші болыпты. Қазақ үшін киелі қасиетке ие болған заттық ұғым бейненің бірі – қамшы. Кезінде Шәріпбек қария өрген төрт өрімді тобылғы сапты қамшысы талай атқа мінерлерді қорғайтын киелі иесі болған», – дейді. Аңыздық сипаттағы «Қарадөң» ертегісінде сарыала сапты қамшы киелі қасиетке ие болған. Ол иесін намыстандыра, шабыттандыра алатын, иықтан басып тұратын албастының жынын қағып алатын рух күші боп қастерленген. Шәріпбек атамыз қамшы өрер алдында дәрет алып, рухани тазарып барып кіріседі екен. Шамасы, қамшының киесінен қорқып, оның сескендіретін ерекше қасиетін сезінгеннен болса керек. Тасарал мектебінде еңбек сабағынан дәріс берген ұстаз, қолынан шебердің иісі аңқыған Жәңгір Тұрабаев атамыздың есімі өзінің домбыра жасайтындығымен есте қалған. Анасы баласын қалай тоғыз ай көтеріп, толғатып босанса, Жәңгір атамыз да домбыраны солай аялап, баптап, бар ықыласын салып, оған жан бітіретін болған. Түсіпхан Күлмағамбеттің айтуынша, Жәңгір ата: «Әр домбыраның өз тағдыры болады, о баста олардың қай-қайсысы болса да киелі, таза. Оны иеленген адам төрге іліп қойып, оған саусағын да тигізбесе, оның ғажап үнін естімесе, домбыраның қасиеті кемиді. Ол өз иесіне қуаныш, бақыт сыйлай алмайды. Жансыз, рухсыз бір кесек ағашқа айналады. Домбыраның үнінен адамның жан-дүниесі тазарады. Рухы асқақтайды. Рухы асқақ адамның пендешілігі аз болады, қатігездік пен арамдыққа бара бермейді. Міне, домбыраның қасиеті», – деп аяқтайды екен мектептегі әр сабағын. Жазушы ауылдастары туралы жазған эссесінде өз ойын: – «Бағзыда Тасаралдықтар құстың ұясындай ұйысып, тыныштыққа бөккен қоңыр тірлікті қалайтын. Тектілік – төзімділікте. Қазақта «Қоңыр» деген кеңістік бар. Қоңыр жел теңіз тербейді. Тербелген көңіл сергектеу болады. Тектіліктің, төзімділіктің, ұлағаттылықтың реңі – қоңыр. Сондықтан да, Тасарал ауылы ежелден қоңыр тірлікті жақсы көрген», – деп сабақтайды. Ауыл тарихында халыққа қажетті алғашқы дәрігерлік пунктер де ашылып, медициналық қызмет көрсету жұмыстары да қолға алына бастайды. Алғаш 1959 жылы Балқаш қаласындағы медицина училищесінің фельдшер-акушер мамандығын тәмамдаған, небәрі 18 жастағы жас маман дәрігер қыздардың бірі Манат Ілиясқызы да еңбектегі тәжірибелік қадамдарын өз туған ауылы Тасаралдан бастап, бірнеше жылдар бойы адам жанының арашашысы болғандығын әрдайым мақтан етеді. Оның әкесі Ілияс бірнеше жылдар бойы ауылда дүкенші болған. Тіпті, жоғалып кеткен балалардың өзі «Дүкеншіміз Ілияс» десе, қай ауылдың баласы екендігі белгілі болып, әке-шешесін тез тауып ала қойған деседі. Сондықтан, ауыл жұртшылығы оны керемет құрметтейді. Ауыл тұрғындарына небір қиын кезеңдерде де тамақ пен ас-суды үзбей тасып отырған. Ілияс ағамыздың жаны жайдары, кішіпейіл, үнемі күлімдеп тұратын жүзі әлі есімізде. Ілияс аға өз ісіне адал, қызметіне шынайы берілген беделді азаматтардың бірі болды. Ауылдың осы қоңыр тіршілігін өзінің поэзиялық шығармаларында ерекше толғаныспен жырлай білген ауыл ақыны Көбен Бекмағанбетов: Аталар құрып өткен өз тұрмысын, Дүниенің таңғажайып бір бұрышы, Дарияның ортасында дара тұрған Тас-Арал – табиғаттың ескерткіші. Тас-Арал – ата мекенім, Атағың алысқа жетеді, Еңбекшіл ұрпақ өсірген Мен сені мақтан етемін», – деп одан әрі жырлай түседі. Қазіргі ауылдағы қазыналы қария-ларымыздың бірі Көбен Бекмағанбетов мамандығы дәрігер болса да, қазақ халқының сөз өнері мен саз әлемін жанына серік еткендігімен ерекшеленеді. Оның жазған кітаптарында туған жерге деген сағыныш лебі есіп тұрады. Өлеңдерінің басым бөлігі ағайын-туыс, дос-жаранға деген құрмет пен ыстық сүйіспеншілік махаббатқа толы. Қарапайым ауылдың тыныс-тіршілігі мен адам бойындағы адамгершілік, инабаттылық иірімдері шынайылықпен ақын жүрегінің түкпірінен орын алып, оқырманға тамаша әсерлілік дарыта түседі. Тасарал ауылының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында жазушы, журналист Тілеухор Қосуақ та өз туған ауылына демеушілік танытып, қызы Алуамен бірге 200 мың теңге қаржы бөлді.Тілеухор Қосуақ, 1947 жылы 6 қаңтарда Қарағанды облысы, Балқаш қаласы, Тасарал ауылында дүниеге келген. Жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. «Өмір өзегі», «Әйелдің көз жасы», «Азапты аластаған арулар», «Қызыл көйлек» әңгімелер, «Әйел айтқан хикая», «Мәрмәр махаббат» романдарының авторы болды. Оның «Әйел айтқан хикая» кітабында 90 жылдардағы қазақ ауылының өмірі шынайы көрініс тапқан.

***

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Тасарал ауылындағы Тасарал селосының орта мектебі – тарихы терең, өнегелі білім ордаларының бірі. Бүгінгі таңда 85 жылдық тарихы бар мектеп ұжымына да ауылдан білім алып шыққан азаматтардың сый-сияпаттары мен жүрекжарды пікірлері жетерлік. 1933 жылы алғашқы сауаттандыру мектебі қазіргі Тасарал қонысынан 7 шақырым Ұстабай деген жерде киіз үйде ашылған, оның алғашқы мұғалімі Бейсенбек Батпанов болған. Алғашқы білім ордасында Жөкіш Ахметов, Касенхан Абдығаппаров, Нұрғали Әлжанов, Райхан Қайпышев, Ақыжан Қожабеков, Көшербай Қатпаев, Рахметолла Алтаев, Рахманәлі Шымырбаев т.б. білім алған. Кейін 1934 жылы «Ескі алаңда» мектеп салынып, оған оқу жасына толған ұл-қыз балалардың барлығы қамтылған. Сол кезде оқушылар саны 250-дей болған екен. Ал, 1936 жылы «Қызыл қазақ» колхозының орталығы Тасарал қонысынан бастауыш мектеп үйі ашылады. 1937 жылы жаңа мектеп салынып, бастауыштан жеті жылдық мектепке ауысады (Тарихы терең, өнегелі білім ордасы. Редакторлары Н. Бейсекеев, Т. Түсіпбекова, М. Бейсекеева. Кітаптан алынды). Осы жеті жылдық мектепке 1942 жылға дейін Қосымхан Нұрмұханбетов директорлық қызмет атқарды. Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты Қосымхан Нұрмұханбетов соғысқа кетті де, 1942-1945 жылдары мектепті Қынаят Жақыпбаев деген азамат басқарады. Соғыс кезінде мектептің үш сыныбының оқушылары тұз тасу жұмысына босатылғандықтан, қайтадан бастауыш мектеп болып жұмысын жалғастыра түседі. 1945 жылы соғыс жеңіспен аяқталады. Мектеп қайтадан жетіжылдық болып ашылады. Соғыстан аман оралған Қосымхан Нұрмұханбетов 1945-1946 оқу жылында қайтадан директор болып тағайындалады. 1950-1954 жылдар арасында мектепке Ғалиев Жақсырахым деген азамат директор болған. Жақсырақым Ғалыұлының Тасарал ауылында қызмет атқарған кезінен қысқаша естелігі бүгінге дейін мектеп мұрағатында сақталған көрінеді: «Мен 1950-жылдың қыркүйегіне дейін Тасарал қонысында мектеп директоры болып қызмет істедім. Осы үш жылым маған ерекше ұмытылмайтын жыл болды. Жақсы адамдармен дәмдес болып, болашақ өмір жолыма пайдалы ғибрат алдым. Имандылықтың, адамгершіліктің өнегелерін көрдім. Сый-құрмет қызметке көрсетілмейтіндігін, адамгершілікке көрсетілетіндігін аңғардым. Ұзақ жолдан келе жатқан жолаушыны таныса да, танымаса да, ауыл тұрғындары қонақ етіп қызмет көрсететін. Мұндай қонақжайлық Тасарал тұрғындарының көпшілігіне тән болатын. Алпамсадай, батыр тұлғалы Әлекең /Әліқұл/ анда-санда бармағына бір түкіріп қойып сөйлейтіндігі, күле жүріп, жұмыс тындыратындығы, Мұсекеңнің /Мұсадық/ үстіне қыл жуытпайтындығы, жинақы, жұмысқа да солай қарайтын әдеті болатын. Сыртынан қарасаң, іші көрінетін, айтайын дегенін бүкпей ортаға тастайтын Күлмағамбетов Шайкен, Қайпышев Рақыш, мығым денелі, сөзі нық колхоз бастығы Еркеш, түйе фермасының маманы Шахыжанов Қожыкен, Аринов Аманжол болатын. Балабақша меңгерушісі Үміт апай мен пошта меңгерушісі Манардың ықтияттылығы бір төбе еді. Қази ақын мен хат-хабар тасушы Кенған ақсақалдардың жүрген жері думан еді». Ал, бірнеше жылдар Тасарал сегізжылдық мектебінде директор болған Боқай Найманбаев Қызыл ту орденімен, «Қазақ ССР-нің үздік мұғалімі» белгісімен, бірнеше мәрте Қазақ ССР-і оқу министрлігінің мақтау қағаздарымен марапатталды. Ауылдан шыққан жас талапкерлер Әлібиев Бөдеш, Жексен, Мүтәліп, Қартай, Қоқымбаев Қиса, Шоқанбеков Мартбай «Мен айтайын, сен тұр» дейтін жанып тұрған азаматтар болатын. Осы азаматтардың қолдауымен мектеп мәдени ошаққа айналды. Аз күнде едендері тақтайланды, есік-терезелері сырланды, біршама бұзылған жерлері жөнделді. Заманауи талапқа сай жабдықталды. Әр пәнге лайықты көрнекті құралдар алынды. Балық заводының өзінде бар жалғыз ГАЗИК-пен мектептің шаруасы тындырылды. Жаңа келген мұғалімдер үшін ең тәуір деген үйлер бөлініп, отын-сумен қамтамасыз етілді. Соның арқасында оқу сапасы да жақсарды, шәкірттердің білімге деген ынтасы артты. Мектеп мұғалімдері: Найманбаев Боқай, Сәттібаева Шарбан, Галиева Рымжан, Шоқамбеков Мартбай, Сламбекова Сәулелер білім беру жетістіктерімен үлкен беделге ие бола бастады. 1954 жылы мектеп директоры болып, Боқай Найманбаев тағайындалып, ол 1959 жылы жаңа мектеп, яғни, қазіргі мектеп үйін салуға басшылық жасады. 1963 жылы жетіжылдық мектеп Тасарал сегізжылдық мектебі болып қайта құрылды. Осы жылдары оқу ісінің меңгерушісі Егінәлі Әлібеков болған. 1963-1964 оқу жылында мектеп директоры Боқай Найманбаев «Қазақ ССР-ы оқу-ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталды. Ауылдың әлеуметтік-мәдени өміріндегі көп жылғы еңбегі бағаланып, оған «Еңбек Қызыл Ту» ордені берілді. Оқу іргесінің мықты болып қалануына, шәкірттердің білімді болып шығуына үлес қосқан ұстаздардың ұстазы Боқай Найманбаев басқарған ұстаздар тобы да көп жылдық іс-тәжірибелерін аямай, жемісті еңбек еткені үшін «Қазақ ССР-і оқу ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Олардың қатарында Шарбан Сәттібаева, Егінәлі Әлібеков, Баршагүл Бақышева, Күләш Найманова, Жәңгір Тұрабаев, Ахмет Бейсенқұлов, Елубай Қотырашев, Нұржамал Жолданова, Ыбырайқұл Ермекбаев, Сәуле Сламбекова, Қамажан Қарашолақов, Ұлан Қысанов, Нұрғазы Бікіров, Үмила Баймағанбетова, Кәсен Жүнісов, Сәулет Ахмедиева, Күміскүл Әбенова сияқты ұстаздар жастарға да көмек бере білген көрнекті ұстаз тұлғалар еді. Мектеп бітірген түлектер жыл сайын жоғарғы оқу орындарына түсіп, еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр. Мектеп түлектері ішінен 4 ғылым докторы мен 7 ғылым кандидаты шықты. 1980 жылы Боқай Найманбаевтың зейнеткерлікке шығуына байланысты осы мектептің түлегі Қасенова Ағлипа директор болып, ал, оқу ісінің меңгерушісі ретінде Оспанова Алтын Мақашбекқызы тағайындалды. 1995-2000 жылдары мектеп директоры қызметін осы мектептің түлегі Мейрам Балқараұлы Аймағамбетов атқарып, 2000 жылы денсаулығына байланысты қызметінен босатылады. 2000 жылдың 18 сәуірінен бастап мектеп директоры қызметін Ерғали Балқараұлы Аймағамбетов атқарып келді. Ерғали Аймағамбетовтың тұсында мектеп ұжымы білім саласындағы үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Болашақ шәкірттер тәрбиелеп, оқытуда көпжылдық іс-тәжірибелерін аямай жемісті еңбек еткендері үшін, облыстық, аудандық білім беру «Құрмет грамотасымен» марапатталған ұстаздар Базаркүл Махаджанова, Күлмаш Шажағаева, Күләш Құрманова, Машырүпбек Түсіпбеков, Түймекүл Бейсекеева облыстық білім департаментінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Бүгінде ауыл мектебінде дәстүрге айналған қуантарлық жайт, ол «Көк толқын» әдеби-шығармашылық газетінің жарыққа шығуы болып отыр. Газет ай сайын мектеп өмірі, ауыл тынысы, ұлағатты ұстаздар, жас қаламгер оқушылар жайында сыр шертеді. Газетке жас ұстаз Бейсекеева Мәрия басшылық жасайды. Қазіргі кезеңде мектепте 20-дан астам мұғалім еңбек етіп, оның 10-ы бірінші санаттағы ұстаздар атанды. Мектеп мұғалімдері жас ұрпаққа білім берудің қазіргі заманғы жаңа үрдістерін енгізіп, бүкіл ұжымды осы бағыттан таймауға жұмылдыруда. Бүгінгі таңда ауыл мектебінде 89 оқушы білім алуда. Тасарал ауылынан шыққан еліміздің барлық аймақтарының өндіріс орындары мен мемлекеттік мекемелерінде қызмет атқарған мектеп түлектері де жетерлік. Атап айтқанда, Аймағамбетов Ерғара, Аринов Қуандық, Тиесов Малшыбай, Шахжанов Серікбол, Шахжанов Сепбол, Ахметов Кендай, Әбенов Болат, Садықов Кеңесқали, Шөженов Жұмағұл, Махабаев Қасқабай, Қысанов Нұрлан, Түсіпбеков Шұғайбек т.б. есімдерін атауға болады. Ахметов Кендай Төлеуханұлы қазақ даласында тың басталған тынымсыз жылдары теміржолшының үйінде, яғни, Сарыарқаның Қаражыңғыл стансасында дүниеге келеді. Екі жасқа толған шағында бала Кендайды әкесі Төлеухан мен анасы Әкима теміржол бойындағы «47 нүктеде» тұратын әкесінің ағасы Жолтұс аға мен Қойкен жеңгесінің қолына уақытша береді. Кейін бауыр басып қалған баланы Жолтұс аға әке-шешесіне бергісі келмейді. Кейін мектепті тәмамдаған соң, Кендай Сары-Шаған стансасындағы темір жол бойында өз еңбек жолын бастайды. Жоғары оқу орнын бітіріп, теміржол саласында 50 жылға жуық қызмет атқарады. Отызыншы жылдары «Қызыл қазақ» атанған ауылдың негізін қалаушылардың бірі Жолтұс Ахметовтың ізін жалғастырушы ұрпақтың жанұясы қазіргі таңда «Мерейлі отбасы» атанып отыр. Ол осы «Мерейлі отбасынан» алған қомақты қаржыны жағдайы қиын отбасыларға зекет ретінде садақа қылыпты. Кендай Ахметовтың есімі «Қазақстандағы жүз жаңа есім» ішінен орын алады. Иә, аманатқа адалдық деген осы болар, сірә! Тасарал мектебінің түлегі, еліміздегі заң салаларында басшылық қызметтер атқарып жүрген, ауылдың беделді азаматтарының бірі Жұмағұл Шөженовты ауыл патриоты деп атасақ да болады. Себебі, ол өзінің туған ауылының тоқсан жылдық мерейтойын өткізу жұмыстарын шешу мәселесінің көпшілігін облыс басшылығының алдында көтере білген азамат. Жұмағұл Шөженовтың іскерлігінің арқасында биыл Ағыбай батырдың кесенесіне баратын жол мен ауыл бұрылысындағы жолды жөндеу мәселесі шешіліп, мектеп пен мәдениет үйлерін жаңарту мақсатында қаржы бөлінді. Жұмағұл Нығметұлы – Ағыбай батыр туралы тарихи шежірелерді зерттеп танытушы, сондай-ақ оның батырлығы мен ел арасындағы ерліктерін баяндайтын бірнеше кітаптардың авторы. Автордың тарихи деректерге толы тың дүниелерінің бірі «Ақжолтайдың ақ жолы» деп аталады. Еліміздегі «Ұлы даланың жеті қырын» дәріптейтін еңбектегі Ағыбай туралы тың мәліметтерді автор Петербург, Мәскеу, Омбы мұрағаттарынан іздеп тауып, ғылыми айналымға енгізді. Мектеп түлектері Аринов Сүйіндік, Мақашев Мақсұт сияқты азаматтар еліміздің спорт саласында танымал бола білді. Аринов Сүйіндік Аманжолұлы КСРО-ның спорт шебері атанса, Мақашев Мақсұт КСРО тері қолғап спорт шебері, одан басқа Нұрмағанбетов Марат, Көккөзов Ермек, Бейсекеев Дәулет, Алтаев Бауыржан, Сайхадамов Серікбол, Қайпышев Абайлар қазақша күрестің шеберлері болды. Ауылымыздың негізгі кәсібі балық шаруашылығы болғандықтан, «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы колхоз тұсынан балық аулап, бүгінгі таңға дейін «Ағыбай батыр» ЖШС-де әкенің ақ таяғын ұстап, ізін жалғастырушы азаматтарымыз ұшқан ұя – мектептеріне өз үлестерін қоса беруді зор міндет деп біледі. Ауыл азаматтары Көбен Бекмағанбетов, Хамза Түсіпбеков, Наурызбай Бейсекеев, Жұмағұл Шөженов, Нұржан Сейітовтар ауылдың тоқсан жылдық мерейтойына қатысты барлық шараларға мұрындық болып, «Балықшылар саябағының құрылысын» салу жұмыстарын ұйымдастыруға тікелей басшылық етуде. Бүгінгі таңда Тасарал селолық округін жас маман Нұржан Сейітов басқарады. Жас та болса бас болып, ауылдың қоңыр тіршілігін шама-шарқынша ұйымдастырып, береке мен бірлікті сақтауға тырысып, көшбасшы бола білген, ауыл әкімінің бүгінгі ауылды одан әрі жақсартуға деген жоспарлары да аз емес. Ауылда Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешендерін дамытуға арналған бірнеше бағдарламалардың аясында жұмыс істейтін «Онбай қажы», «Жолдан», «Ержігіт», «Қызыл қазақ», т.б. онға жуық шаруа қожалықтары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Қазақ эстрадасының жұлдыздары Мирас пен Құралай Тасарал ауылы туралы жаңа бейнебаяндарын жұртшылыққа тарту етті. Елімізге танымал қос әнші біздің атамекеніміз «Тасарал» өңірін әнге қосуды жөн санаған екен. Балқаш көлінің жағасында түсірілген бейнеклип бірден көрген жанды өзіне баурап алады. «Тасарал вальсі» деп аталатын бұл бейнебаяндағы әннің сөзін жазған Тасарал ауылының тумасы Жұмағұл Шөженов болса, музыкамен көркемдеген белгілі сазгер, композитор Наурызбай Бейсекеев. Туған ауылға арналған осындай алғашқы музыкалық тың туындыны тамашалаған ауыл жұртшылығының қуанышында шек болмады. Иә, ауыл – таусылмайтын әңгіме. Әрбiр қазақтың, әрбiр дала баласының жүрегiнде бойтұмардай жатталған қасиеттi ұғым бар: ол – «Ауыл». Ал, Тасарал ауылының тарихына бойлаған сайын оның таңғажайып шежіреге толы, кешегі бабалар жолынан сыр шертетін асқақ арман мен мұраттарға жетелейтін тұңғиық бір әлем екендігіне көз жеткізе түсеміз. «Бiр әңгiме қозғашы ауыл жайлы, Одан артық әңгiме табылмайды»,– деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлаған ауыл жайлы әңгiме айту, кез келген далалықтың парызы. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» демекші, ауылымыз тек қана жоғары биіктерден көрініп, ынтымағы жарасқан, береке-бірлігі мығым болса, бүгінгі «Мәңгілік Ел» ұрпағы да бақытты болашаққа қол жеткізері хақ. «Тасарал – Атамекенім, атағың алысқа жетеді, Еңбекшіл ұрпақ өсірген, Мен сені мақтан етемін!», – деп ауыл азаматы Көбен Бекмағанбетов жырлағандай, қазақтың кең жазира даласының тарихында Тасарал ауылы – табиғаттың мәңгілік ескерткіші болып қала бермек!

997 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз