• Тарих толқынында
  • 28 Желтоқсан, 2019

ҚАЗІРГІ ЗАМАН ЖАСТАРЫ ЖӘНЕ ИСЛАМ

Риза ЫСҚАҚ, журналист

Бүгінгі жастар XXI-ғасырдың озық цифрлы технологияларына және көбінесе Батыс үлгісіндегі өмір сүру дағдысына ұмтылған буын екені рас. Әрине, Қазақстан Республикасы Конституция бойынша зайырлы мемлекет, әйткенмен, негізгі әрі дәстүрлі дін болып ислам діні есептеледі. Ал, ислам мәдениетінің ең негізгі ұстанымдары мен қағидаларын ескерсек, VII-ғасырдан бері өзінің алғашқы келбетінен айнымай, әлемдегі басты табанды (өз қағидаларына берік), сондай-ақ монотеистік діндердің бірі екенін оңай аңғаруға болады. Бұл тұста назар аударуды талап ететін сөз – «Дін». Дін дегеніміз – өзіндік шарттары бар дүниетаным, ұстаным. Ол шарттар бірнешеу: Құран Кәрім – Хақ һәм Киелі Кітап. Пайғамбардың хадистері мен өмір жолы барша мұсылмандарға ҮЛГІ-ӨНЕГЕ! Сонымен қатар, тағы бір маңызды қағида – шариғатты ресми заң ретінде ұстанбаса да, шамасы келгенше, мүмкіндігі жеткенше ЕҢ ӘУЕЛІ этикалық тұрғыдан өз тарапынан ерікті түрде (дәстүрлі исламның ресми мазһабын ұстанған молдалармен кеңесе отырып) мінез-құлықтың жарқын идеалдарына ұмтылу (жалпы, шариғат тақырыбы зайырлы мемлекеттер үшін юрисприденциялық сипатқа емес, тек индивидуалды Этикалық сипатқа ғана ие. Бұл зайырлылықтың әлсіздігі емес, керісінше әлеуметтік тұрақтылық пен саяси мобильділікті және жан-жақтылықты күшейтейтін фактор!). Қорыта айтқанда, дін дегеніміз – ТҰРАҚТЫ қағидалар әлемі. Ал, бүгінгі заман жастары инновациялар мен өткінші модаға тым құмар. Осындай жағдайда, қалай заманауи бола тұра, жас адам дінге де берік бола алады?! Бүгінгі күні мынадай екі түрлі әлемді – ТҰРАҚТЫЛЫҚ ӘЛЕМІ (Дін) мен ӨТКІНШІ (және көбінесе ұлттық дүниетанымға жат шетелдік үлгідегі) ӘЛЕМ (XXI-ғасырдың жағдайы) арасында қалай үйлесім табуға болады? Өте қызықты сұрақ! Негізінен осыған ұқсас мәселе Ислам діні пұтқа табынушылық дәуіріндегі түркі даласына келгелі өзекті болуда (тәңіршілдік дегеніміз – ол да сол заманның «образ жизни», өмір сүру салты емес пе еді!), бірақ бұл қарама-қайшылықтар жеке-жеке және өте қысқа кезеңдерді ғана қамтыған. Мәселен, IX-ғасыр. Әлбетте, Тәңірге табынушылар Ислам дінін едәуір жеңіл әрі жылдам қабылдағаны рас. Дегенмен, кейбір пұтқа табынушы тайпалар бірден Исламға бет бұра қоймағаны да белгілі. Алайда, осы дін таралу мәселесі 1-1,5 ғасырдың ішінде бейбіт жолмен өз шешімін тапты. XVIII-ғасыр – Ресей империясының Орта Азияны отарлау кезеңі. Иә, бастапқыда аздаған Православ дінінің таралу ареалы мен Исламның дәстүрлі кеңістігі арасында кішігірім келіспеушіліктер болды. Алайда, Екатерина II-нің тұсында Ресей Империясында ислам дініне көзқарас «жұмсара» түсті. Дегенмен, бір ғана мәселе – белгілі бір кезең бойы Ресейден қазақ даласына жіберілген татар молдалары дербес әрі үйреншікті қазақ молдаларын ығыстырып отырды. Әйтсе де, осы үрдістің арқасында пұтқа табынушы басқа балгерлердің қоғамға ықпалы әлсірей түсті. Келесі кезең – Азаматтық соғыс жылдары. Атеистік бағытты ұстанған большевиктер мен барлық дін өкілдері (православ священниктері, мұсылман молдалары, еврей раввиндері және т.б.) арасындағы қарама-қайшылықтар 1930 жылдардың соңына дейін жалғасты. Ал, 1991 жылы атеизм мен дін арасындағы конфликт өзектілігін жойды. Себебі, біздің Республика зайырлы Конституцияны қабылдады. Демек, бір жағынан, атеистер дін өкілдерінің құқықтарын шектей алмай қалды, екінші жағынан, дін өкілдеріне де атеисттерді жөнсіз кемсітуге болмайтын болды. Алайда, белгілі бір деңгейдегі басқа жаңаша қарама-қайшылықтар пайда бола бастады. Ал, ендігі жаңа кезең – XXI-ғасырдың басталуы. Бір тараптан: жаһандану, нарықтық экономика, кейде шектен тыс либерализмге бағытталған ғаламтор технологиялары, ал, екінші жақтан ұлттық дәстүрлі сана-сезім, жалпы дәстүрлі діни дүниетаным (дәстүрлі Ислам іспеттес дәстүрлі ресми діндер), дәстүрлі отбасылық құндылықтар және тіпті кәдімгі «светская этика». Соңғы пункті түсіндіріп өтейін: кейінгі кезде АҚШ және Батыс Еуропа елдерінде үстемдік еткен шектен тыс либералді (тым еркін) этиканың және юстицияның кейбір тұстары тіпті сол өңірге тән католиктік діни түсінік тұрмақ, тіпті ҚАРАПАЙЫМ әрі үйреншікті «светская этика»-ның қағидаларының өзіне қарсы келіп тұр. Мысалы, этика мен жеке бас еркіндік арасына жасанды түрде салынған жік секілді мәселелер мынадай: аборт мәселесі және оның себеп-салдары, жыныстық тәрбие мәселесі, әрі оған жастардың көзқарасы, сосын қарттар үйі мен жетімдер үйі мәселесі (аталмыш мәселенің туу себептері), заманауи жастар өнері мен білім беру жүйесінде ұлттық нақыштың болу қажеттілігі мен глобалды халықаралық «талаптарының» арасындағы қарама-қайшылықтар мәселесі, «чайлд фри» (балалы болғысы келмеу ұстанымы), шектен тыс феминизм (көп тұста – ер адамдарды әйелдерден төмен санау. Алайда, бұны көбінесе «жыныс аралық теңдік» деген лозунгпен бүркемелеуде), жынысты ауыстыру және жыныстық девиациялар (Батыс елдерінде біржыныстылықты легитимді түрде насихаттау(!?) бұл бізге өнеге ме?!), Еуропаның кейбір елдерінде: кейде бір отбасы ішіндегі ата-анаға да, балаға да қатысты құқықтар мен міндеттер арасындағы сәйкессіздік пен үйлеспеушіліктер мәселесі (мысалы, ата-анасының баласына «сен жақсы оқуың керек» немесе «сәл ғана ұзын юбка ки» деген бәсең дауыспен айтылған қарапайым сөздердің(!) өзі «бала құқығын шектеу» деп қабылдануы мүмкін) және т.б. ауыр-ауыр мәселелердің кейбірі өкінішке қарай, «ең өркениетті» атанған елдерден шығып отыр. Және бұл аса өзекті, рухани-әлеуметтік түйіткілді сауалдардың бір бөлігі ғана! Жоғарыда айтылып өткен мәселелердің барлығы Еуропада дәстүрлі моральге, дәстүрлі дінге, дәстүрлі этикаға және дәстүрлі отбасылық құндылықтарға айрықша қауіп төндіріп тұрғанын мойындау қажет. Әрине, біздің бүгінгі Қазақстанда дабыл қағуға әлі ерте, десек те, жоғарыдағы мәселелердің пайда болуының алдын алу керек! Сол үшін жастар тәрбиесі, ақпараттық орта, дәстүрлі ұлттық құндылықтарды балалар мен жастар арасында насихаттау және жалпы әлеуметтің моральдік хал-ахуалы мен орташа мәдени деңгейін көтеру, осының барлығы – дін өкілдеріне, Үкіметке, тағы отандық бизнеске жүктелсе, бұл – тұрақты һәм салауатты дамудың кепілі болар еді. Ал, енді, жастар тақырыбына көшейік. Жоғарыда айтып өткен жағдаяттарды жастардың біршама бөлігі туа салысымен бақылаушы ретінде күнделікті көріп келе жатыр. Нақтырақ айтсам, кейде (әлі де заң тарапынан толық реттелмегендіктен бе, әлде жалпы әлеуметтік әдептің жетіспеушілігінен бе?) шамадан тыс пайдакүнемдік пен қаржылық спекуляцияға бейімділік сипатын көрсетіп тұратын нарықтық жағдай, кейде теріс бағыттарға (Қазақстан Республикасында тыйым салынған – вахаббизмді немесе гомосексуализмді насихаттау) жол ашатын реттелмеген алып ақпараттық кеңістік, Батыс эстетикасына тым қатты еліктеген музыка, киім сәні, косметика, зиянды «бич-пакеттер», ішімдіктер, одан әрі өтсе есірткі және құмар ойындар, ашық-шашық 24 сағаттық телеарналар мен интернетке психикалық тәуелділік және т.б. Осының барлығы – бүгінгі қоғамымызда өмір сүріп жатқан балалар мен жастардың сана-сезіміне үлкенді-кішілі зиянды ықпал етіп жатқандығы аса өкінішті жағдаят. Әйткенмен, мемлекет тарапынан, ресми дін өкілдері, отандық патриоттық бизнес өкілдері және басқа да еліміздің қоғам қайраткерлері жұмыла әрекет ететін болса, шешілмейтін мәселе жоқ. Негізгі сұрақ – мақаламның ең басында сұрап өткендей, қазіргі заман үлгісі мен діни өмір сүру салтын бірге қатар алып жүру мүмкін бе?! Иә, Қазан төңкерісіне дейін мүмкін еді. Мысалы, Абай, Шәкәрім, Ахмет, Ыбырай – олардың әрқайсысы өз буынының (сол дәуірдің талаптарына толықтай сай және ол заман үшін жаңашыл болған) өкілі еді, әрі өте дәстүрлі мұсылман болатын. Қайткенде де, Қазақ елі бүгін жаһандық даму үрдісіне ілесіп келеді. Оның үстіне, отыз дамыған елдің қатарына қосылуға ниетті. Бұндай жағдайда жақсыдан үйрен, жаманнан жирен қағидасын барынша қатаң ұстануымыз керек! Бүгінде осы әлеумет пен дін арасындағы қарым-қатынасты жаңадан байыппен тереңнен қайта қарау керек. Әлбетте, «Асыл арна» сынды телеарнаның эфирде болуы, оқу орындарында дінтану пәнінің болуы, тағы аталмыш kaz.islam іспеттес сайттардың жұмыс жасауы өздерінің оң септіктерін тигізуде. Десе де, бұл тақырыпты бұдан да тереңірек, кешенді түрде қарастырып, шешімін табу қажет. Кешенді дегеніміз, бүкіл халық болып, жастар арасындағы діни сауаттылықты, жалпы білім және мәдени деңгейлерін арттыру, қоғам ішіндегі моральдік хал-ахуалды жақсарту, салауатты өмір салтын насихаттау, жастар мемлекеттік және саяси емес ұйымдарының санын көбейту, еліміздің жастарын игі бастамаларға жұмылдыру: «Жас Отан жастар қанаты» болсын, мемлекеттік экологиялық ұйымдар болсын, спорттық немесе әскери секциялар болсын, шығармашылық үйірмелер болсын, волонтерлік ұйымдар болсын, жастар бизнес орталықтары болсын, бір сөзбен айтқанда, жастардың қоршаған ортасын, айналасын салауаттандыру керек. Бұл – кез келген науқас үшін оңалту медициналық кешеніне тап болғандай аса жағымды әсер ететін еді. Алайда, осы жоғарыдағы пайдалы іс-шаралардың барлығы да бір жағынан заманға сай өткізілуі керек болса: – IT ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУ – ЖАСТАРҒА ТӘН БЛОГ, КТА, ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬЛЕР, КЛИП, ВАЙН ЖӘНЕ Т.Б. ТҮСІРУ (сол жобаларға жастарды мейлінше кеңінен тарту арқылы). Менің жаңаша ұсыныстарымның бірі – ЕЛІМІЗДЕ РЕСМИ, ДӘСТҮРЛІ ИСЛАМҒА НЕГІЗДЕЛГЕН АРНАЙЫ МЕКТЕПТЕР, МЕДРЕСЕЛЕР, УНИВЕРСИТЕТТЕР (кітапхана, баспахана, газет-журнал, кішігірім ағарту-сауаттандыру теле-киностудиясы да артық болмас) САЛЫНСА ЖӨН БОЛАР ЕДІ. Әлбетте, оқыту барысында зайырлы ресми заңдарды, ұлттық қазақы дүниетанымды сақтай отырып және замана тынысынан қалыс қалмай отырып (арасына бүкіл ғылыми академиялық пәндерді, экологиялық іс-шараларды, спорт, ғаламтор байланыс құралы (тек пайдалы тұстарын!), өнер сайыстары (тіпті физикалық жаттығу ретінде қабылданса (идеология ретінде емес!) брейк данс биін де алуға болады) және т.б. қоса отырып), бұл үрдісті жүзеге асыруға тиісті боламыз! Біріншіден, бұл ұлттық қауіпсіздік деңгейін арттырар еді. Өйткені, оқытушы ұстаздар, имамдар және жалпы қоғам қайраткерлері өзіміздің Қазақстан топырағында тәрбиеленіп, білім алып шықса екен, сонда сырттан келген кері діни ағымдардың зиянды ықпалы әлсірей түспек. Екіншіден, сол арнайы оқу орындарын тәмамдаған жастар өзге де құрдастарына дұрыс үлгі, түзу бағыт-бағдар беріп жүретін еді. Осы тұстан қарастырсақ, жас діни мамандар – педагог, ата-ана, полиция, Парламент, спорт немесе өнер мекемелері және БАҚ өкілдерінің қызметін сәл де болса жеңілдетпек. Әрі үлкен демеу болмақ! Ойымды қорытындылай өтейін. Әлбетте, қазіргі жастарға оңай емес! Алдымен, дәстүрлі ұлттық және діни, жалпы сана-сезіммен XXI-ғасырдың реалды мәселелері арасында өз-өзін сақтау мен өзінің орнын табу айтарлықтай қиын болып тұр. Сондықтан, дін өкілдері біздің жастарды тек құрғақ сөзбен үгіттеп, мораль оқып «ұрысып» қана қоймай, сонымен қатар, оң ықпал ету әдіс-тәсілдер аясын барынша кеңейтуі керек. Бұл үрдісті біртіндеп жүзеге асыру қажет. Мысалы, «Асыл арна» телеарнасы сықылды, бірақ, жастар аудиториясына бағытталған діни-ағарту мазмұнындағы телеарна ашылса, мысалы, Халяль тв секілді. Ұлттық және діни құндылықтарды заманға сай тәсілдермен бірдей насихаттайтын ірі, қызықты жоба ретінде телебағдарламаларды, пьесаларды, кино туындыларды, тіпті әлеуметтік роликтерді, жеке фейсбуктен кем түспейтін отандық дұрыс үлгідегі, ұлтжандылық нақыштағы әлеуметтік желіні, жастар сайтын, «Дін жайлы түсінік және жастар өнері» және осындай іспеттес газет-журналдар шығарылса, қоғамымызда рухани иммунитет пайда болып, асқақ рухани жаңғыру сәтті жүзеге асар еді! Мағжан Жұмабаев өткен ғасырдың басында айтқандай, жалпы бүгінде «Мен саналы жастарға сенемін!» деген қағида дұрыс. Саналы жастар белгілі бір мөлшерде кез келген ғасырда бар. Алайда, саналы жастар көбірек пайда болуы үшін, соған қолайлы орта қалыптастыра білген жөн. Жастар жылында әлеуметтік көмек маңызды, дегенмен жаңа пәтер немесе жаңа наубайханадан бөлек, жаңа жастардың өмір сүру ортасы пайда болса, өте орынды болар еді. Мен саналы жастар тудырар әмбебап ортасы бар келешектегі Қазақстанға сенемін!

802 рет

көрсетілді

76

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз