• Заманхат
  • 22 Қаңтар, 2020

ҮШТІЛДІЛІК БАҒДАРЛАМАЛАРЫ БОЙЫНША БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ГЕНЕТИК МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУ

Аңдатпа: Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты болу үшін: компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттар болып отыр. Осыған байланысты әрбір білім алып жатқан студент үш тілді меңгеріп қана қоймай, бәсекеге қабілетті, іскер болуы абзал. Бұл мақалада қазіргі заманға лайық үштілді білетін, әмбебап, ғылымда, өнеркәсіп пен медицинаның әр түрлі салаларында бәсекелестікке қабілетті, еліміздің өркендеуіне үлес қоса алатын, ізденімпаз «Генетик» мамандарын даярлау жолдары мен мәселелері қарастырылады. Кілт сөздер: көптілді, маман, білім, ғылым, студент.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде, Ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту және білімділікке ұмтылу әрбір қазақстандық жастың міндеті делінген. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» [1-3]. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Осыған байланысты әрбір білім алып жатқан азамат үш тілді меңгеріп қана қоймай, бәсекеге қабілетті, іскер болу керек. «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз». Студент санасына: қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі орынсыз сән-салтанат емес, керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен қаражатты орынды пайдалану көргенділікті көрсететінін құя білу керек. Сонымен қатар, «Ұлттық бірегейлікті сақтау керек. Біріншіден – ұлттық код ретінде ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншіден – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек. Білімділікке, саналылыққа, сауаттылыққа, парасаттылыққа ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген» [1]. Сондықтан, білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау қажеттілігі туындауда. Осыған байланысты біздің мақсатымыз қазіргі заманға лайық үштілді білетін, әмбебап «Генетик» мамандарын даярлау және сол мамандар өндіріске қажетті, елміздің өркендеуіне үлес қосатын ізденіске ие болатын кадрлар болу керек. Кез келген білімді жас өмір талабына сай мамандықты өзгертіп, нарықтық экономикаға бейімделе алу керек. Ең басты капитал білім екендігін түсініп қана қоймай, үнемі жетілдіріп отыру керек. Білім әр адамның рухани азығы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала беретіндігі анық, сол үшін біз үнемі жетіліп, ізденіп, дамып отыруымыз керек. Қазіргі кездегі латын әліпбиіне көшу ұсынысы да орынды, бұл биологтар үшін аса қиындық тудырмайды, себебі биологияда кездесетін терминдердің көпшілігі латыннан аударылған және студенттерге арнайы латын тілі жүргізіледі. Сонымен қоса, ағылшын тілін меңгеру арқылы әлемнің кез келген жерінде отырып, ғылым мен білімнің көкжиегіне шыға алады деген сөз. Үштілділік – нақты тұлға, ұжым, халықтың белгілі бір қоғамда қарым-қатынас үдерісінде қажет болған жағдайда үштүрлі тілді алма-кезек қолдану құбылысы. Біз үштілділікті тəуелсіз еліміз үшін стратегиялық мəні ерекше құбылыс деп бағалаймыз, сондықтан да, бұл құбылысты төрттілділік пен бестілділіктен бөліп қараймыз, үштілділіктің кез келген сыңары ретінде кез келген шет тілін алуға болар еді, бірақ біз бұл жерде де қоғамның нақты сұранысы басым түскен қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне ерекше мəн берген жөн деп түсінеміз [3]. Ұлтаралық қатынастарды реттеуде, қоғамдық татулық пен келісімді тұрақты ұстауда, халықаралық маңызды мəселелерде ортақ шешімге келуде, жаңа инновациялық технологияларды, заманауи көзқарастар мен идеяларды енгізіп, кеңінен таратуда орыс тілінің ролі айрықша екендігі баршаға мəлім. Тарихи көршілестік барысында орыс тілінің атқарған қызметі орасан зор. Себебі, орыс тілі, мəдениеті қазақ халқының өркениет жолын таңдауына үлес қосты. Жаңа дəуірде, жаңашыл бастамалар кезеңінде орыс тіліне жүктелер міндет те күрделене түспек. «Үш тұғырлы тіл» идеясының үшінші құрамдас бөлігі – ағылшын тілін үйрену. Ағылшын тілін меңгеру дегеніміз – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу деген сөз. Бұл үш құрамдас бөліктердің негізгі идеясы мынаған саяды: Қазақстанды бүкіл əлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек [4-5]. Яғни, мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз, ағылшын тілін үйренеміз. Осы тұрғыдан алғанда, биология факультетінің студенттеріне арнайы көп тілді топтар ашыла бастады, ол топтар қазіргі кезде арнайы курстарды ағылшын тілінде және орыс тілінде меңгере алады. Ол деген сөз ағылшын тілін білмесең, ол арнайы курстан осы тілде оқи алмайсың деген сөз, сондықтан, студенттердің басым көпшілігі сауаты бар деп айтуға болады. Ағылшын тілін меңгерген студенттер пайызы жылдан жылға өсіп келеді. Ал, магистранттардың студенттерге қарағанда басым көпшілігі ағылшын тілін меңгерген, емін-еркін сөйлей алатын жастар деп айтуға болады. Арнайы курстарды меңгеру барысында олар өз тілінде емес, ағылшын тілінде білім алады, сол тілде терминдермен танысып, емтиханды сол тілде тапсырады, әрине қиын, бірақ пәнді оқу барысында тілді қосымша мамандығына сәйкес игереді. Дегенмен, әлі де шешілмеген мәселе көп, соның бірі ауылдан келген жастар және басқа мемлекеттен келген оралман студенттерді тілді меңгеру қиын топтарға жатқызуға болады. Студенттерге және тілді меңгермеген оқытушыларға университет тарапынан тілді білу үшін қосымша, тегін курстар ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Айта кететін жайт, шығармашылық, немесе рефераттық жұмыстарды орындауда интернет жүйесінде қазақ тіліндегі ақпараттың аздығы және мәліметтердің нақтылығының төмендігі, ауыл балаларына, әсіресе көршілес шет елден келген отандас студенттерімізге өз қиыншылықтарын туғызуда. Ал, тек пәннің мазмұны бойынша ғылыми ақпаратты толық игергенде ғана студент өзіндік жұмысының тапсырмаларын орындауда едәуір тиімді құралдарды таңдап алуға, оларды бірізділікпен құруға мүмкіндік алады. Сондықтан, қазақ тілінде оқу-әдістемелік құралдарын жасау бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып қала береді. Сонымен, білім беру саласында оқытудың кредиттік жүйесі бойынша білім беруші оқытушылар студенттердің мамандықтарына сәйкес өзіндік жұмыстарына ерекше көңіл бөліп, студенттер үшін ұтымды, әрі өмір дағдыларын дамытатын жұмыс түрлерін іздеуі қажет ететіні айқын. Молекулалық генетика және генетика кафедрасына маманданған студенттердің екі тобы соңғы жылдары көп тілде білім алады. Осы топтарды оқытуда бірқатар қиындықтар кездеседі: біріншіден, көбінесе, топта қазақ тілді студент саны көп, ауылдың балалары мен оралмандар, орыс тілін жетік меңгермегендіктен олар қазақ тобы негізінде құралған. Ал, орыс мектебінен келген студенттер қазақ тілін білмейді. Екіншіден, орыс және қазақ топтары да ағылшын тілін терең меңгермеген. Ағылшын тілде емес, өз тілінде генетика мен биотехнология терминдері мен сөйлемдерін түсіну қиын. Сондықтан, көптілді топтарды жүйелі мектеп-университеттің бастапқы курстарынан бері оқыған студенттерден құрастырмағандықтан, мамандық бойынша терең білім беру, генетика есептерін шығарып үйретудің қиыншылықтары аз емес. Мысалы, студенттерге терминдер мен есептер түсінікті болуы үшін бір есепті екі тілде жазу, тексеру қажет. Сондықтан, қазіргі уақытта осы қиыншылықтарды жеңу мақсатымен үш тілдік сөздіктер мен есеп жинағы құрастырылуда. Үшіншіден, әлі де болса қарқынды даму үстіндегі биотехнология мамандарын дайындауда арнайы курстардан мысалы, «Биотехнологияның молекулалық-генетикалық негіздері», «Генетикалық талдау», «Адам цитогенетикасы» сияқты көптеген пәндерден ағылшын және қазақ тілдерінде оқулықтар аз, оқытушылардың оқулық жазуға уақыттары жетіспей жатады. Төртіншіден, жетекші ЖОО базасы негізінде ғылыми іс-тәжірибеден өткен оқытушылар саны кафедрада бір-екеу. Сондықтан, университеттің жас мамандарын тілдік қайта даярлаудан өткізу керек. Қазіргі заманда әмбебап, ізденуші маман болуға білім мен ғылымның негізгі ұстамы – теория мен практикалық бағытты қатар алып жүру тағы да бір мақсаттың бірі. Өйткені, өндіріспен байланыспаған білім жүйесінің білікті маман дайындай алмайтынын өмір көрсетіп отыр. Бұл жағдайдан шығудың бірден-бір жолы, жоғарғы оқу орнының (ЖОО) ғылыммен ықпалдастығын күшейту қажет болып отыр [1-4]. Дамыған елдердің экономикасындағы түбегейлі өзгерістерге байланысты Қазақстанның жоғары оқу орындарында да, кәсіби маман даярлау жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізілуде. Жұмыс берушілер тек жоғары кәсіби білімді маманды ғана емес, жаңаша, күрделі кәсіби-өндірістік проблемалар туғанда шұғыл шешім қабылдай алатын және мекеменің жұмысына бірден кірісіп кетуге тәжірибелік қабілетті, жаңа дағдарыстың бағытына сай, ойшыл жастарды жұмысқа алады. Сонымен қатар, қазіргі қоғамдағы мекеме, маманнан кәсіби білім мен біліктілігіне қоса басқа да құзыреттіліктерді: компьютермен үш деңгейде (өңдеушілік, желілік, кәсіби бағдарламалар) жұмыс істей білуді, кемінде бір шет тілін білуді, маркетинг негіздерін, психологиялық әдістемелерді, менеджерлік дағдыларды игеруді талап етеді [1-6]. Студентті және магистранттарды болашақ кәсібіне сай жан-жақты дайындау үшін, мақсатты түрде ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдарымен келісе отырып, өндірістік тәжірибе жұмыстарымен ұштастыру қажет. Сол себепті әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде дәстүрлі оқыту формалары мен өмірдің талабы арасындағы алшақтықты жоюға, маманның тиімді кәсіби әрекет жасауына қажетті ғылыми білімнің көлемінің ұдайы артуы мен мамандардың нақты даярлануы арасындағы алшақтықты жоятын және толыққанды білімді қалыптастыруға, өзіндік жұмыс пен өзіндік білім алу дағдыларын дамытуға мүмкіндік берілген. Осыған байланысты молекулалық биология және генетика кафедрасының дәстүрлі оқу жобасының аясында, 5В060700-Биология және 5В070100-Биотехнология мамандығы бойынша «Жалпы генетика», «Биология және биотехнологияны зерттеу мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу» институттарымен, «Ана мен бала» орталықтарымен келісімшартқа отырып, студенттер практикасын сол институттарда жалғастырады. Студенттер практика уақтысында институттарда болып жатқан ғылыми жұмыстарға, эксперименттерге қатысып, ғылыми ой жинақтап, тәжірибе алмасады. Мысалы, «Ана мен бала» орталығына барған студенттерге адамға тәжірибе жасатпайды, бірақ түрлі тұқым қуалайтын аурулары бар әйелдерге сынамалар алу арқылы талдау жүргізеді. Алайда, тәжірибеден өткен студенттердің «Экомед» орталығы сияқты репродуктивті медициналық орталықтарда жұмысқа тұруына жол ашылады. Ғылыми институттарда жұмыс істеп келген студенттердің көпшілігі келешекте сол институттарда өздерінің мамандықтары бойынша жұмыстарын жалғастырады. Бұл қуантатын жай. Бірақ дегенмен, осындай ғылыми орталықтар студенттерді шектеулі санмен алады, студенттердің басым көпшілігі университетте зертханаларда қалатындықтан, оларға жұмыс жүргізу үшін материалмен қамтамасыз ету қиындықтары туындайды. Соған қарамастан, практика барысында оқытушы генетикалық жұмыстарды: жоспарлау, ұйымдастыру, сарынын белгілеу, экспериментті жүргізу, нәтижені алу; бақылау арқылы бақылап бағыт-бағдар беріп отырады. Белгілі ғылыми жұмыстарда нәтижеге қол жеткізу үшін мынандай аналитикалық жүйеге бағдарлайтын сұрақтардан құрылады: – Бүгінгі күні қай эксперименттік нәтижелерге жеттік? – Қайда, қандай нәтижелерге жетуіміз керек? – Не icтeyiміз керек? – Алынған нәтижені қайда қолданамыз? – Дәлелдігі қандай? Бipiншi сұраққа жауапты бүгінгі күннен іздеуіміз керек. Ол талдау, жинақтау електерінен өтіп сұрыпталады. Осылай талдау жүргізіледі. Сонымен бірге, ойлау өнерінің кілті – әр студенттің ic-әрекетін шыңдау (делегирование). Әр студенттің шама-шарқына лайықты жұмыс беріп, оның үнемі шыңдалуына басшылық жасау басты мақсат. Кафедрада оқыту үдерісінің жолдары (мотив) даму жүйесін қамтамасыз ететін «Мына студент жұмысын нәтижелі орындауы үшін не icтeyiміз қажет?» деген сұраққа жауап іздеу барысындағы ынтымақтастық істің нәтижесіне жетелейді. Бұл жолдың төмендегідей eкi амалы бар: студенттің үнемі еңбекке өзін мәжбүр eтyi, егер адам өз мақсатын дұрыс түсінсе, ешбір сыртқы бақылаусыз, өз-өзін басқару, бақылау негізіндегі еңбекке деген құлшынысын оятуы. Әлбетте, студенттердің бipiншi орында әлеуметтік-тұрмыстық хал-ахуалдары, екінші орында шығармашылық ынтасы, үшінші орында кәсіптік шеберліктің шыңына жету ықыласы байқалады, сараланады. Практика барысында студенттердің келесі қасиеттеріне ерекше көңіл бөлінеді: өз-өзін таныту (когнитив), қауіпсіздік қажеттілікке бағдар жасау, өзін мойындату, әлеуметтік қажеттілікке мойын ұсыну, алынған нәтижеге қорытындыны жаңаша философиялық көзқараспен құра білу. Ал, жұмысты бақылау төмендегідей кезеңдерге жіктеледі: I кезең. Қалыпты айқындау (мақсат, міндет, кеңістік, уақыт). II кезең. Қол жеткен табысты басқа сапаға айналдыру. III кезең. Мүмкін болар нәтижені бұрынғы қол жеткен табыстармен салыстыру. IV кезең. Өзекті мәселені шешу. Осы қасиеттерді бойына сіңіре білген, нәтижеге қол жеткізген студент диплом қорғап, жақсы маман бола алады, ал, нәтижеге қол жеткізбейтін әлсіз студенттерге көмек көрсетуге тура келеді. Осы жерде сұранысқа ие болатын үш тілді, белсенді студенттермен қоса әлсіз топтағы көмек қажет ететін студенттер де болады. Сол көмек керек студенттерге негізінен қосымша өздерінің икемі бар жұмыс түрлерін ұсыну керек деп ойлаймыз. Бұл жерде биологтар үшін гүл өсіруші (флорист) немесе қаланы гүлмен безендіруші секілді жұмыстармен қамтамасыз ету керек сияқты. Сонымен, халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялануға қабілетті, еңбек нарығын қанағаттандыратындай жоғары генетик мамандарды дайындау үшін көптілді білім беруде оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық базаларды дамыту қажеттілігі бар. Сонда ғана қазіргі кезде еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие генетик мамандарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға болады. Жоғары дәрежедегі «Генетик» мамандарды дайындау үшін тілдік курстарды тегін оқытуға жол салу керек және оқытушыларды арнайы шетел іссапармен тәжірибе алмастыруға жіберген жөн. Ғылыми институттармен байланысты нығайтумен бірге университеттегі зертханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту абзал.

Ж.Чунетова, Б.Жұмабаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Биология және биотехнология факультеті

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Государственная программа развития образования Республики Казахстан на 2011-2020 гг. 2. Закон Республики Казахстан «Об образовании» от 27 июля 2007 года № 319 - III. 3.Егорова Ю.А. Проблема интеграции науки и образования // Современные наукоемкие технологии. – 2008. - №1-С.74-75. 4. Б.А.Альмухамбетов. Тенденции развития системы повышения квалификации педагогических кадров в Казахстане. – Алматы: «Ғылым», 2001- – 290с. 5. Тұрғынбаева Б.А. Мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту.- Алматы, 2005.- 208 б. 6. А.Ю.Абинова. Проблемы интеграции системы образования в национальный инновационный комплекс//Вестник КазНУ, 2014. - http: //artiklekz.com|artikle| category| 163

610 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз