• Еркін ой мінбері
  • 02 Наурыз, 2020

«ҚҰДЫҚТЫ ИНЕМЕН» ҚАЛАЙ ҚАЗЫП ЖҮРМІЗ?

Отырықшы елдердің консервативтік қатып қалған ой-өрісіне қарағанда, еркін далада өскен көшпенді халықтардың ақыл-ойы, санасы кең, әрі бейтарап сипатта болып келетіндігін бүгінгі таңда батыстық психолог-ғалымдары да мойындай бастады. Айталық, кәрі құрлықтың оқырманы әу баста нені қалай түсінсе, сонысынан өмірбақи айырылмай өтуге бар. Мысалы, Қазақстан деген елдің жері жазық дала деген ақпаратты миына сіңірген болса, онда Алатаудың, Көкшетаудың әсем табиғаты тамылжыған ғажайып өлкесінің барын айтып ұқтыра алмайсың. Біраздан соң, «стан»-мен аяқталатын елдің бәрін Ауғанстан деп ұғып, олар ислам лаңкестері деп түсінеді. Мың рет айт, деректі фильм көрсет, кітап, газеттер оқыт, оған да илана қоюы екіталай. Ал, біздің қазақ ақпарат ағыны тоқтап қалса да, жеті қырдың астындағыны түйсікпен ұғып, бәрін біліп отырады. Ең алыс ауылдағы қарапайым қара қазақтың өзі күнде энциклопедия ақтарып, Интернет сығалап отырған батыстық оқымыстыдан қалыспайды. Кез-келген ғаламдық мәселелерді кіммен болса да бірігіп талқылауға даяр тұрады. Бұл енді, исі қазақтың ақпарат табудағы, алған білімі мен танымын қорытудағы айрықша қабілетінің бір ерекшелігі болса керек. Бүгінгі таңда ежелден ойы сергек, көзі ашық, көкірегі ояу қазақ жұрты да отырықшы елге айналды. Алайда, біліммен қара үзіп, алға шығуымыз былай тұрсын, еліміз жоғары оқу орындары берген дипломдарды әлемнің ешбір елі мойындамай отыр. Оқу бітірген соң, дипломы бары да, жоғы да екі қолға бір күрек табуы мұң болды. Мектеп директорының парамен ұсталғандары аз болғандай, енді, ол тізімге білім министрінің бұйрығымен, үкіметтің «батасымен» тағайындалатын ЖОО ректоры енген соң не шара. Оған мысал ретінде облыстарымыздың бірінде орынтағына отырғанына бір ай толмай жатып пара алғаны үшін құрықталған университет ректорын келтіруге болады. Ал, «аракідік ішіп-жеп, астыртын қылғытып» қойса да ұсталмай жүргендері қанша ма?! Мұндай жағдайда білім беру саласындағы мемлекеттік саясат қандай болуға тиіс? Әрине, ең алдымен, ойға оралатыны, шығыны аз, нәтижесі жемісті болуы қажет. Өйткені, нарықтың заңы солай. Келесіде, қазіргі қоғам өмірінің мақсаты мен талаптарына жауап беретін тиімді болуы қажет. Сонымен қатар, әлем ғылымы мен мәдениетінің көшінен қалмайтын және біртұтас жүйелі болғаны абзал. Әлем тұтасып, рухани дүние жаһанданған мына аласапырын заманда біздің жарқын болашағымыз, келешектің кемел азаматтары нені біліп, оны қалай игеруі керек? Әрбір мәдениетті адам адамзат руханиятының мәдени мұраларын, оның негіздерін міндетті түрде танығаны дұрыс. Ал, бұл тұрғыдан келгенде, бізде де ескірген әдістеме мен көзбояушылықтар жеткілікті. Қарапайым бола тұра, әркімге түсінікті, белгілі дүниенің өзін ауырлатып, шақшадай басыңды шыр айналдырып жіберетін оқулықтар мен сабақ берудің көнерген әдістемесімен ендігі жерде алысқа шаба алмасымыз анық. Жеке тұлғаның дені сау, табиғи ойлау жүйесіне әйтеуір міндетті түрде осылай ұқтыруым керек дегенді алға тартып, теріс тәсілмен «шабуыл жасаудың» психологиялық жағынан зардабы көп көрінеді. Айталық, ғылыми танымнан, жүйелі білім мен мәдениеттен қорқатын, өз әлеуетіне сенбейтін немесе барлық нәрсеге догматикамен қарайтын, сыңаржақтыққа бой ұратын әпербақандық жоғарыдағыдай ессіз «шабуылдаудан» туады екен. Жалпы білім беретін орта мектептерде адамзат мәдениетінің құндылықтары жүйелі түрде оқытылуға тиіс. Неге мәдениетке жабысып қалдың десеңіз, әр адам күнделікті қолданбаса да, міндетті түрде білуге тиіс теориялық ұғымдар болады. Соның бірі мәдениет – адам баласынан ғұмыр бойы бір елі қалмайды, оның өмірін жөнге салып, анықтап отырады. Мысалға, математика ғылымын алайық. Натурал және бүтін сандарды, рационал мен иррационалды қандай сипатына қарай қалай бөлуді, дифференциал мен интегралдың негіздерін әркімнің білгені жақсы. Бірақ, сол үшін бәріміздің математик болуымыз міндетті емес. Математика – моделдеу әрі абстракциялық ойлау ғылымы. Сонымен қатар, физика, химия және математика пәндері моделдеуді лайықты айқындағанымен, оны геометрлік сызбалармен көрсеткенде, ойға қонымды болатыны белгілі. Олай болса, математикалық моделдеу ойды геометриялық тұрғыдан, графикалық жағынан көре білгенде ғана адам баласы оның негізгі заңдылығын түсініп, өмірде қолдана алады екен. Физика, химия пәндерінен орта мектеп оқушыларын ұшы-қиырсыз қаптаған формулаларды жаздырып, есеп шығартып қояды да, дәл қандай заңдылықтың қызмет етіп тұрғанын әр оқушыға түсінікті етіп көрсете бермейді. Ішкі сыры мен себептерін түсінбей заңдылықтардың жалпы құрылымдарымен жіті таныспаған соң, ол пәндер тез ұмытылады және оны қайта еске түсіру де мүмкін емес. Жалпы әрбір ғылымға қызмет ететін негізгі заңдары мен ішкі сипаттарын күрделі реттерімен жүйелі түсіндіруді біз бүгінде мәдениет ретінде тануымыз керек секілді. Іргелі базалық ғылыми пәндердің сыртында жалпы мәдениетті игеруге, әрине, міндеттіміз. Оған: дүниетану, биология, тілтану, қоғамтану, өнертану, тұрмыстық және технология мәдениеті секілді пәндер жатқызылмақ. Тілтану жағынан келгенде, бізде ана тілімен қатар, шет тілін оқыту ісі біршама жолға қойылған, өзгеге үлгі боларлықтай тәжірибеміз де баршылық. Дегенмен, іс жүзінде сөйлеуге шорқақ, өз ойын жазбаша білдіруге осал жастардың кездесіп жататыны саланы жетілдіру тетіктерін әлі де қарастыру керек екенін көрсетеді. Гуманитарлық пәндердің мазмұнын тарихтан бастап, құқық негіздерімен сабақтастырып, өмірмен жіті байланыстыру қажет секілді көрінеді. Бүгінде ХІІІ-XIV ғасырлар тарихы көшпенділермен тығыз байланысты екендігі ескерілмейді. Керісінше, отарлаушылар жасаған жасанды тарихқа сүйенеміз де, өзімізді асқан жабайы әрі маймылдан тараған қаңғыбас тайпалар деп түсіндіре салудан таймаймыз. Сол секілді философияны діни қағидалармен сабақтастырып түсіндіруді өмірдің өзі талап ете бастады. Оның өзінде сауда-cаттық, қаржы-несие мәселелері секілді кейбір экономикалық аспектілер де белгілі мөлшерде қарастырылып жатса нұр үстіне нұр. Әдебиет пәні орта мектептерде біршама тәуір оқытылуы мүмкін. Ал, музыка, бейнелеу өнері секілді пәндердің жағдайы мүлде сын көтермейді. Негізі аталмыш екі пәнді әдебиетпен бірге топтастырып оқытудың біртұтас жүйесін құруға болатын секілді. Оны өнертану деген жалпы атаумен жоғары деңгейге көтеріп, өнер саласының түрлі ағымдарын, адамзат тарихындағы асыл мәдени мұраларды таныстырып, түсіндірсе жас буынның рухани мәдениетінің деңгейі артқан болар еді. Қазір, көп жағдайда бұл пәндер негізінен бастауыш мектепте ғана тақпақ жаттатып, хормен ән айтқызудан аса алмай жүр. Оның өзінде арнайы дайындалған мамандар болса ғана. Орта мектепте өнер тарихы мен рухани құндылықтар жайында тіпті әңгіме қозғалмайтын да шығар. Ал, театр, балет, кино, телевизия өнері жайында ешкім ауыз ашпайтыны енді айдан анық. Мұндай салғырттықты өзгертетін уақыт келді. Күнделікті тіршілікте өмірлік қажеттілікке айналған тұрмыстық мәдениет мәселелері де ескерусіз қалмауы керек секілді. Оның өзінің ішкі заңдары мен қағидалары бар. Сәулет өнерінен, дизайннан хабардар болумен қатар, антропометрика, эргономика, белгілі заттың өңін, түр-түсін үйлестіре білудің алғашқы мағлұматтары әрбір мәдениетті де өркениетті адамда болуға тиіс. Тұрмыстық және экологиялық тазалықтарының негізін тану да бүгінгі өмір талабы. Жасайтын өніміміз, көрсететін қызметіміз тұрмыстық мәдениеттің барлық талабын қанағаттандыруы міндетті. Өмір мен еңбекті үйлестіре білудің өзі айналып келгенде тұрмыстық мәдениетпен тікелей байланыспақ. «Баланы жастан» демекші, мұның бәрінің негізі мектепте қаланатыны мәлім. Адами қоғам дамуының ең негізгі факторы техника мен технологияның өркені. Олай болса, технология мәдениеті де жеке пән ретінде оқытылып, оған арнайы мамандар сапалы білім беруге тиіс. Технология дегеніміз өзіндік тарихи даму жолы бар, ішінара көптеген ұстанымдардан тұратын, салалап жүйелеуге болатын ғылым. Адам баласы тұтынып келе жатқан материалдық байлықты жасау принциптері санаулы ғана көріністерге негізделеді. Айталық, ерітіп құю, таңбалау, басып шығару, бөлшектеу, жапсыру т.с.с. Металл, балшық, пластмасс дейсіз бе, бәрі бір. Қазіргі заманда қарқынды дамып, ауыздан түспейтін болған нано, микро технологияның да принципі негізінен ұқсас. Соның негізгі мазмұны мен заңдылықтарын жеткіншектерге түсіндерсек, оның жемісі де болар еді. Шетел технологиясын соқырлықпен көшірумен қашанғы күнелтеміз. Жалпы білім беру саласында теориялық бағытта жоғарыдағы мәдени мәселелерді игертумен шектелмей, оның практикумының да орны ерекше болмақ. Себебі, әр адам алған білімін іс жүзінде қолма қол атқарғанда ғана оның іскерлік сапасының тиімділігі арта түсетіні белгілі. Әр бала өз қабілеті мен дарын бейіміне қарай таңдау жасап, саз аспаптарында ойнап, қолөнер туындыларын жасауы мүмкін. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушылары үшін нақты жобалармен айналысуына мүмкіндік жасалғаны абзал. Мысалы, жылқы фермасын салу, оның құрылыс жобасының есебін жасатуға болады. Биологиялық, зоотехникалық жағдайын зерттеу, жұмыс орындарының ұйымдастырылуын реттеу, эстетикалық, тазалық талаптарын қанағаттандыру үшін қандай үкіметтік орындардан нендей рұқсат алу, қаржы көздерін табудың жолдарын іздестіру секілді нақты іс-әрекеттер үйретілсе, баланың өмірге дұрыс жолдама алуына көмектескен болар едік. Жалпы практикумдық жобалар арман-қиялға негізделген алға жетелейтін сипатта көрініс тапса құба құп. Практикум жұмыстарының жобасын барлық пәндердің мамандары талқылап, баға беріп, ақыл-кеңес қосып отырса нақты құндылыққа негізделген болар еді. Мұның бәрі баланың болашақ мамандығы мен кәсібін дұрыс таңдауына, жоғары оқу орындарына түсулеріне зор қолғабыс жасағандық болар еді. Жоғары білім демекші, бұл жүйені қазіргі таңда теориялық бағытқа негізделген зерттеу университеті етіп ұйымдастырып жатқаны замана талабынан туындап отырған қажеттілік. Енді, жеделдетіп практикалық бағыттағы инженер, техник, технологтар дайындайтын институттарға бөліп жіктемесе мемлекет қаражаты мен қаржысы шын мәнінде желге ұшып жатыр. Көптеген мамандықтарды бұрынғыдай құрғақ уағыздан құрылған догма дәрістермен төпелеудің қажеттілігі дәл қазіргі таңда қажеті шамалы. ЖОО бағдарламаларының деңгейі бірізділікке негізделгенімен, ішінара бірер бөлігінің ғылыми-зерттеуге басымдық бергені, тереңдетілген көпжылдық оқуға, енді, бір тобының практикаға басымдық берген қысқа мерзімдік білім беруге көшуі заңды құбылыс. Қалай болғанда да, ең негізгі ғылыми заңдар мен заңдылықтарды, басты ережелерді білімге талаптанған әрбір жастың білуін міндеттеуге тиіспіз. Себебі, заңдар мен заңдылықтарды толық біліп игерген адам ғана нақты әрі шынайы ойлай алады. Қазір ақпарат көп. Алайда, оны түсініп, өзіне қажетін іліп әкетіп, кәдеге жарата білетін қабілеттілікті игеру бәрінен маңызды болып отыр. Білімі мен біліктілігін арттырған, оны қолданысқа, айналымға енгізе білген адам әрдайым өзгеден оқ бойы алға оза береді. Қазақ баласы туадан зерек. Енді, прагматикаға шынайы бейімделген компактілі білімге шындап ден қойса, табиғи байлықтан жүздеген есе артық құндылығымыз сол ғана болмақ. Оған үкіметтік бюджеттен қосымша қаржы жұмсаудың да қажеті шамалы. Тек қана барлық деңгейдегі білім ошақтарында шын біліктілікті қолдайтын дені сау аура қалыптасса, сыбайластық пен жемқорлықтан құтылса, қазақ білімі өзін ғана емес, әлемді жарылқауға да қабілетті болар еді.

Қуандық Шамахайұлы, Астана Қаржы академиясының профессоры

471 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз