• Еркін ой мінбері
  • 12 Желтоқсан, 2012

Мемлекетшiл рухы жоқ елдің тәуелсіздігі тайғанақ

Әбдірашит Бәкірұлы, философ-публицист

Еліміз тәуелсіздік алуы − қазақ хал­қының ең қуанышты, ең бақытты сәті. Бастапқыда жер көлемі мен қазба бай­лығы жөнінен алғашқы ондыққа енетін мем­лекеттің тәуелсіздігінің тұрақтылығына ешқандай кедергілер кездеспейтіндей көрінді: бір жағынан, тарих бізге оң көзімен қарады, екіншіде − осынша қазына-байлық үстінде отырған елдің егемендігі тиянақты болуы тиіс деп санадық. Алайда, жиырма жыл өткен соң, елімізде әртүрлі саяси-қоғамдық, экономикалық-әлеуметтік, тіпті, адами қарым-қатынастың қалыптасуына байланысты ел-жұрт тәуелсіздіктің баяндылығы туралы алаңдай бастады. Ол жағдайға жететіндей бізге не болды? Мәңгілік жоқ іздеген халық едік, жоғымыз табылғанда − бұл не алаң? Тарихта жойылып кеткен мемлекет пен халық аз ба? Иә, ол халықтар дүркіреп тұрды, байлыққа белшесінен батты. Даңқы да мәңгіліктей көрінген. Алайда, мемлекет ғұмыры «мемле­кетшіл рухпен» өрілетіні естен шыққан еді, олар жойылды. Оларды ешқандай дүние-мүлік құтқара алмады. Ендеше, ақиқат біреу: жанталаса ұмтылған байлық жасанды, ал, мемлекетшіл рух − ғасырлармен ұласатын құбылыс! Бүгін «мемлекетшіл рух» мәселесін қарастырамыз. Тарихи шолу Ұлттың өрлеуi үшiн ұлтқа күштi рух, рух болғанда да – мемлекетшіл Рух керек. Бiзде ол бар ма? Осы мәселенің тарихы­на тоқталайық: кеңестік дәуір қазақ ұлтына тәуелсіздік тәжірибесін бере алмады. Керісінше, бiр­не­ше ұрпақтың санасына егiлген интер­националистік тәрбие қазақ халқының ұлт­тық, отандық иммунитетiн әлсiретті. Басқа болса бір жөн, қазақтардың өзі Одақ ыды­рағанына қайғырғанын байқаған өзге ұлт өкілдері, тәуелсіздігімізді жатырқай қарсы алды. Ол кезде қазақтар екіге жарылды: біріншісі, кеңестік жүйемен етене бітісіп кеткен буын Одақтың ыдырауын трагедия санаса, екіншісі − «тәуелсіздігімізді қалай нығайтамыз?» деп сұрақ қойған, тарихи жадын жоғалтпаған, кеңестік идеология уытына берілмеген зиялы топ еді. Ең бастысы, алып империяның 1980-ші жылдардан өршіген дағдарысын көрген орта буын мен ұлттық өрлеуге ден қойған жастар тәуелсіздікті шаттана қарсы алды. Рух оянды. Елiмiзде, әлемде тарыдай шашылған қазақтарда үлкен энтузиазм, қанаттану пайда болды. Ұлттық санадағы серпіліс, құлдық мiнезден арылу жан-жақты жүрiп жатты. Алматының орталық көшелері жеделдете Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің аттарын алды. Ұлт өзiндiк «менiн» ту көтерiп, тарихи әдiлеттiлiктi талап етiп − мәре-сәре болып жатты. Сөйтіп, тарихи жаңғыру, тіл мен салт-дәстүрдi қалпына келтіру, шеттегі қандастарды атамекенге көшіру шаралары ұлттық өрлеу бағытта жүзеге аса бастады. Ұлттың белсенді әрекеті жемісін берді − жаңа тәуелсіз республика қазақтардың мемлекеті екендігi, басқаша болуы мүмкін еместігі өзге ұлт өкілдерімен іштей мойын­далды. Содан кейін-ақ, олардың көбі ақырын күтпей, тарихи отандарына көш түзеді. Көшіп кетушілердің бұл шешіміне тарих таразы, бірақ, бір-екі жылда Қазақстан халқы екі миллионнан астам адамға азай­ғаны рас. Есесіне, Қазақстанды «елім» деп мойын­дағандар ендігі жерде тағдыры қазақ ұлтымен кіндіктесе байланысарын ұқты. Мұны − «тәуелсіз мемлекет» ретінде, біз­ді өзге мемлекеттермен қатар, қазақ­стан­­дық диаспораның «тануы» деп айту керек. Бұл –қазақ ұлтының алғашқы тәуел­сіздік жеңісі. Әрине, ол үшін Президент ұлттық бірлік пен келісім мәселесін ішкі саясаттың өзекті деңгейіне көтерді. Бірақ, онымен қоса, «бірлік қазақ халқының төзімділігінің арқасында сақталып отыр» деген сөз де айтылды. Бұл – ұшқары пікір. Өйткені, халық мінезі солай болғанымен, ұлтаралық келісімнің ресми билік бақылауында болуы, саясатта көрініс табуы – өзге ұлт өкілдерінің сенімін нығайтты. Ал, сенім − қиыншылықтарды жеңетін, алаңсыз еңбек етіп, ұрпақ жалғастыруға бастайтын күш... Алайда, тәуелсіздікті нығайту барысында мемлекеттің болашағы бір ұлтпен, яғни, қазақ ұлтымен байланысты екені анықталуы қажет еді. Бірақ, елімізде сонымен бірге «көпұлттылық» саясаты да қатар дамыды. Біз бұл шындықты ерекше атап өтуге тиістіміз. Сондықтан, бүгін «тәуелсіздіктің алғашқы таңымен бірге оянған мемлекетшіл рухты ары қарай дамы­тып кете алдық па?» деген сұрақ бекер қойылып отырған жоқ. Оның басты себебі, мемлекетті құру мен басқару жүйесін үйлестіру өте қиын кезеңге тап келгендігінде. Шынында да, алғашқы кезде бұрынғы жүйеден қалған жоспарлы экономиканы нарықтық арнаға бұру барысында қоғамда қиындық кездесті. Алайда, табиғи байлығы мол елдiң экономикалық даму потенциалы жоғары. Сондықтан, көп ұзамай әлем­дік алпауыт компаниялар елімізге iрi инвестициялар құя бастады. Қаржы шикіз­ат өндірісіне құйылғанымен − дамудың жаңа көкжиегі көрінген еді. Әйтсе де, іс жүзінде бәрі ойдағыдай болмай шықты. Көз ұшынан көрiнген көкжиек жеткiзбей келеді… Қалайша? Оның себептерін субъективті фак­торлардан іздеу қажет: социалистік жүйе­нің қойнауынан шығып, нарықтық эко­номика заңдарын меңгермеген билік өз мүмкіншіліктерінiң көбiн қолдан берді. Әккi шетелдiктер бiздi алдап соқты демесек те, аңғалдығымызды шебер пайдаланды. Алдымен, жер мен жер асты байлығын өздері артық “жырып” жеуге мүмкіндік беретін шарттарға қол жеткізді. Бұл тұста коррупция да қарап жатпастан, өзінің жаңа бір кезеңін бастап жіберді. Оны біз қазір айқын сезінудеміз. Мысалы, кезінде асығыс түрде жүргізілген жекешелендіру өзін-өзі соншалықты ақтай қойған жоқ. Мемлекет меншігін жекешеге алғандар оны еселейді, жекеменшік психология халықтың жағдайын түзейді деген үміт желге ұшты. Сөйтіп, ұлттың «мемлекетшіл рухы» жекешелендіру бәйгесінiң қалың шаңының арасында қала берді. Бiз тәуелсіздікпен бірге, қоғамда жекешелендірудің әділ жүруін қамтамасыз ете алмадық. Сондықтан, жаңа бүршік атқан «үлттық мүдде» идеясы кей тұстардағы тамыр-таныс­тық, рулық-жүздік, «бармақ басты, көз қысты» дейтіндей мемлекетшіл рухқа қайшы әрекеттердің көлеңкесінде қалып қойды. Бұл құбылыс − тоғышарлықтың ұлттың рухын күйрете отырып, оның өмір сүрі-сүрмеуіне зор қауіп төндіретіндігін көрсетті. Ұлттық болмыс, ұлтшылдық және мемлекетшіл рух туралы Қазақ ұлты тәуелсiздік алғаннан бері рухани iзденiсте: бірінші, әлемдiк тәжiрибеге сай мемлекеттiлiгiн нығайту, өзiндiк даму жолын анықтау; Екінші, iшкi әртектiлiк жағдайда, ұлтаралық татулықты сақтай отырып, қазақ ұлтын мемлекет құраушы ұлт деңгейіне көтеру. Алайда, осыған дейін бұл екі мәселе де өз шешімін табуға толық қол жеткізе алмай келеді. Экономика шикізат экспортымен шектеулі күйде қалса, халықтың іскерлік қабілетін оятатын орта және шағын бизнес қанатын кеңге жая алмай жатыр. Қазір бұл құбылыс арнайы зерттеуді талап етеді. Ұлттың өз болмысын дамытуы тек табиғи қажеттiлiктен туындамайды. Себебі, жаһандану үрдісіне енген сайын, мемлекет көп ұлт атынан емес, тек бiр ұлт атынан танылатыны анықталуда. Себебі, дүниежүзілік мемлекеттердің бәрі де дербес ұлттық-азаматтық сипатта болып келеді, біз де сол бағытта жүруге тиіс­піз. Қазір әлем алдында көп ұлт атынан сөйлейтін бір ғана «мемлекет» бар, ол – Бірік­кен Ұлттар Ұйымы. Міне, құдайға шүкір, жиырма жылдан соң шетелге сапарлап шыққан отандастар өздерiн «қазақ» деп атағанға үйрене бастады, өзге диаспора өкiлдерi «қазақ» деуге арланбайтын болды. Бұны жетістік деп санайық, алайда бұл қазақ ұлтына қойылатын үлкен талап! Яғни, бүгінгі қазаққа «қазақ» дегенге ұялмайтын, керісінше, мақтанатын дәрежеге жету міндет болуы тиіс. Бұл − өте жоғары жауапкершiлiк. Осы жолда қазақ халқының бар даналығын, бар асыл қасиеттерiн жарқырата көрсете алмасақ − бiз өзiмiзге жүктелген осы мiндетті (мүмкін, тарихи миссияны) атқарып шыға аламыз ба, тиянақты етеміз бе? – күмәнді нәрсе. Мемлекеттің бір ұлт атымен аталуы бақ қонған ұлттардың ғана еншісі. Міне, біз «мемлекетшілік» туралы айтқанда мәселенің осы жағына назар аударуға тиістіміз. «Ұлттық болмыс» − «ұлтшылдық» − «мемлекетшілік» − «мемлекетшіл рух» ұғымдары бір қатарда тұрған, сонымен қатар, қазақ ұлтының ерекшеліктерін әр қырынан бейнелейтін ұғымдар. Барлығының бастауы «ұлттық болмыстан» басталады. Мәселен, «ұлтшылдық» – әрбір адамның өз ұлтына қатынасы, ол – не бар, не жоқ. Алайда, оның болу-болмауы адамның «ұлттық болмысына» тікелей байланысты. Адамның «ұлттық болмысы» қалыптаспаған жағдайда оның бойында «ұлтшылық» қасиет толық болмайды. Біз оны қазіргі қазақ-орыс тілді болып бөлінген қазақтардың арасындағы өткір пікірталастан анық байқап жүрміз. Орыстілді қазақтардың біразы таза қазақы болмыспен тәрбиеленген қандастарын «бәсекеге қабілетсіз», ал, қазақ тілін ғылым мен білімде, қоғамдық қатынас­тар жүйесінде, мемлекеттік тіл қызметі функ­­циясында «жарамсыз» санауы осының кө­рінісі болса керек... Келесі тұрған ұғым − «мемлекетшілік». Ол ең алдымен мемлекет заңдарында көрініс табатын құбылыс. Ал, «мемлекетшіл рух» − осы аталғандардың барлығының жинақтаулы бейнесі. Мемлекетшіл адамның бойында жоғарыда аталған қасиеттер толығымен қалыптасқан. Бірақ, осы аталған құндылықтардың қалыптасуы мемлекеттің өрлей дамуы сатыларымен сәйкес келетінін ескеру қажет: егер мемлекетте ондай даму байқалмаса, онда халықтың «мемлекетшіл рухы» оянбаған күйде қала бермек... «Қазақ ұлтшылдығы» мен «мемлекетшiл ұлтшылдық» Осы сұраққа келiп тiрелгенде мынадай мәселе көлденеңдеп алдан шықты. Ол: Бірінші, «қазақ ұлтының дамуы қазақтар үшiн» дейтiн ұлтшылдық; Екінші, «қазақ ұлтының дамуы көпэтносты мемлекеттiң дамуын қамтамасыз етуші локомотив» дейтiн мемлекетшiл ұлтшылдық. Қазiргi тiл, дiн, әдiлеттiлiк жолындағы күресте осы екеуiнiң қайсысы бiзге пайдалы, болашақ үшiн қайсысы тиiмдi? «Қазақ ұлтшылдығы» мен «мемлекетшiл ұлтшылдықтың» арақатынасы қандай? Әрине, бiреулер мұны жасанды схема деуі мүмкiн. Бiрақ, қазiр «қазақ ұлтшылдығы» төзiмсiз, ал, «мемлекетшіл ұлтшылдық» дәрменсiз болып отырғанын ескерсек, бұл − жасанды схема емес. Шынында да, бiздiң ұлттық құндылықтарымыздың бiрқатары одан әрi сын көтермейтіндей күйге түстi. Әлем алдында өзiмiздi идентификациялау (бiздiң қалауымыздан тыс) iркiлiссiз жүрiп жатыр. Соған қарамастан, бiздiң мемлекеттiк басқару механизiмiнiң оралымсыздығы − қоғам мен мемлекеттің дамуын белгiлi-бiр жүйеге түсірмеді. Қоғам өзінің қолдағы бар мүмкіндігіне сай объективтi даму логикасынан алшақтап кетті. Оның көрінісі ретінде қазақ ұлтының саны жағынан басымдыққа ие бола отырып, сапалық жағынан тарихи әділеттілік саналатын жетекшiлiк ролге жете алмауын атасақ жеткілікті. Бұл пiкiрге намыстану қажет емес шығар. Осылай дегенде − «ұлт» үшін шырылдап жүрген азаматтарымыздың көңiлiне қаяу түсiрейiк деген ой болған жоқ. Бұл сөз, керiсiнше, ұлттық мәселенің «мемлекеттiк» деңгейге көтерiле алмай отырғанына баса назар аударылса деген ниеттен туындады. Өйткені, ұлттық даму мен мәдени жаңғырту жауапкершiлiгiн мойнына алған билiк «ұлтшылдықтан» да, «мемлекеттiк ұлтшылдықтан» да кем түсіп жатыр десек, бұл – ащы айтқандық емес. Кейінгі кезде интернетте «Борат» кейпіндегі «қазақ ұлты − тарих алдындағы мешел ұлт» деген пікірлерді айтушылар тым көбейіп барады. Бұл, тіптен, әрбір адамның жүрек қалауы болатын дінде де орын алуда. Дiндегі берекетсіздіктен «әсiредiншiлдiк» немесе «дінсіздікке бет бұру» және т.с.с. құбылыстар пайда болады. Бұл оқиғалар, әсіресе, «мемлекетшіл рухтың» қалыптасуына өте зор зиянын тигізді. Жеке кейбір адамдардың өз халқына қатысты іс-әрекеттеріне ерік беріп қойған биліктің мемлекетшіл саясаты мұндай болуы тиіс емес, абайшылап айтсақ «бұлай болмаса керек-ті»... Бұл оқиғалар, егер, билiкте «мемлекетшiл ұлтшылдық» жоқ болса, онда мемлекетті құраушы ұлт мәртебесін аяқасты етуге жол ашатындығын ескермесе болмайды. Мұндай жағдайда, бетін аулақ етсін ұлттық мәселеге қатысты адамгершiлiк қалыптан ауытқу, әділеттілік прин­циптері мен қолданыстағы заңдарды ұлт мүддесіне қарсы қолдану немесе жеке мүддеге орай бұрмалау кездеседі. Бұл – оған жауап ретінде ұлттық төзімсіздікке, ең қауіптісі − «әсіреұлтшылдыққа» («нацизм») жетелейтін қатерлі құбылыс. Ендеше, биліктің қазақ ұлтына қатысты саясаты ұлттық өрлеуге, немесе, өзгеге үлгi болатындай ұлтқа айналуға, немесе, ұлт ретінде сапамыздың артуына қызмет етуі тиіс. Шындыққа жүгінсек, жоғарыда аталған оқиғалардың жиі қайталануы атқарушы биліктің қателіктерінен ғана туындап отырған жоқ. Оның басты себебі – билік жүйесінде «мемлекетшіл рух­тың» салтанат құра алмай жатуы. Мысалы, ірі кәсіпорындардағы толқулар негі­зі­нен шетелдiк қожайындарының қазақ жұмысшыларын дискриминациялауы арқасында пайда болуда. Ал, билік осы мәселеге көз жұма қарамуы керек. Қандай да болмасын шетелдік компаниялардың заңсыз әрекеттеріне биліктің көз жұма қарауы жұрт арасында «билік кімге қызмет етуде?» деген сұрақты тудырады. Сөйтіп, биліктің көп нәрсені «бiлсе де бiлмегендей» болған әрекеті қарапайым адамдардың «мемлекетшiл рухын» жаншып, әркімнің болашағын деген сенімдерінің сұйылуына себепкер болады. Қалай десек те, қоғамдық санада өз болашағын бүгінгі мемлекеттік құрылыммен байланыстыра қарау төмендемеуі тиіс. «Мемлекетшіл рух» күйзелісінің зардабы мен себептері Қоғам күйзеліс жағдайында тұрғанымен − тірі адам тіршілігі тоқтап қалмайды. Бұл – өмір заңы. Бұрын да, қазір де қоғамды шырмауықтай шырмаған коррупция жағдайында қарапайым еңбек адамдары күнкөріс көзін ашуға, шағын кәсіпкерлікті дамытуға әрекет етуде. Жаппай жұмыссыздық жағдайында одан басқа жол бар ма?.. Өйтпесе −«үкімет не береді?» − деп күтіп отыруға мұрша жоқ. Әркім де қиын да күйзелісті жағдайдан шығуға өз қәлінше кірісуде... Соның ішінде, тығырықтан біршама тез шығаратын төте жол сауда болып тұр! Сондықтан, көпшілік саудаға бет бұрды. Былай қарасақ, мұның еш сөкеттігі жоқ. Дегенмен, осы − «сауда» мәселесін «мемлекетшіл рух» тұрғысынан талдап көрейік. Сауда − қазақ халқының қашаннан келе жатқан төл кәсібі емес еді. Бірақ, бүгінде күнкөріс қамымен сауданы намыс көретін қазақ саудаға жаппай бет бұрды. Бұл қазақ психологиясын күрт өзгерті: адамдар бойкүйездіктен арыла бастады. Қазақы қалыптағы адами қасиеттер бағасының бағыты өзгеше арнаға ауысты. Алдыңғы қатарға іскерлік пен көзін тауып «мал табарлық» қасиеттер шықты. Жаппай белең алған бұл үрдістің пайдалы да, зиянды да жақтары бар: біріншіден, адамдар өздеріне ғана сенуге үйрене бастады. Олардың өз беттерінше әрекет жасауға қабiлеттілігі – нарық­тық экономика жағдайында оң құ­бы­лыс. Нарық пен сауда – қазақтарға бұрындары бағаланбай келген көп нәрсенің құны бар екенін көрсетті. Тегін жатқан дүние мен қызмет жоқ екендігін ұқтырды. Ол, өз тарапынан, уақыт пен өз қадіріңдi бағалаудың маңызын арттырды. Осы өзгерістер бізді ысырапшылдықтан − үнемшілдікке, не нәрсені болса да бағалай білуге, қолда бар затты ұқсата алуға үйретті дей аламыз. Бірақ, сауда ұлттымыздың діліне өзгерістер алып келді: қазақтың бұрынғы батырлық заманында бір ауыз сөзге тоқтайтын өр халық едік, енді «сөз саудалайтын» жұртқа айнала бастадық. Сөз қадірі кетумен бірге сөзге тұру қасиетінен, кесіп айтар турашыл мінезден ажырай бастадық. «Саған-маған» деген, бір-біріне тек пайда мен табыс көзімен қарайтын ұстаным адамдар арақатынасында, мемлекет пен адам арақатынасында берік орнықты. Екіншіден, осыған байланысты, өмір сүру ырғағы өзгерді. Жайбасарлық жайына қалды. Уақыттың жылдамдағаны соншалық, бұрынғы бейғамдық келмеске кетіп, өмір қаталданды. Адамдарда мейірім азая бастады. Қатыгездік көзге көрініп тұрмаса да, өзгенің тағдырына деген самарқаулық бұрынғы туыстық қатынас негiзiне құрылған ұлттық менталитеттен өз орнын жаулап ала бастады. Қайырымдылық дегенің қауқары жоқ қарттарда болмаса, ауыл мен қала жастары одан бiршама «арылды». Бұл - қазақы болмыстың, оның рухани тұтастығының күйреуінің басы дейтіндей құбылыс. Сонымен қатар, шарасыздықтан адами қалыптан ауытқу мен азғындау да қазіргі заманның үйреншiктi көрiнiсiне айналып алды. Бұған iлесе, заман қиыншылығымен қатар келген жастардың оқу-білімінің азаюы, азғындықтың үздіксіз жарнамалануы өз дегенін жасады: ұлттық мүдеге кереғар, құнсыз, ұлтты аздырып-тоздыратын мiнез-құлықтар жастардың бойына сiңе бастады. Бұл процесс әлi тоқтаған жоқ. Міне, біз қазір, бір жағынан – біршама ұлттық құндылықтардың жаңғыруы жүріп жатқан, екінші жағынан – оны күйретуші деструктивиті күштердің шабуылына ұшыраған осындай қойыртпақты қоғамда өмір сүрудемiз... Бұл мысалдан байқағанымыз: әншейінде құлаққа елеусіз ғана естілетін «сауда» атты құбылыстың ұлттың діліне, мемлекетшілдік сезіміне тигізер зардабы осындай екендігі! (Сауда көрігін қыздыра келе мемлекет мүддесін сатып жіберу – әбден мүмкін нәрсе). Одан құтқаратын бір ғана жол бар, ол – мемлекетшіл рухты жаңғырту. Ендігі әңгіме сол туралы болмақ. Мемлекетшіл рухты түлету − алға басу қадамы Мемлекет заманға сай салиқалы саясат жүргізуі тиіс. Бізде осы жағы кемшін. Мәселен, кейінгі кездегі қабылданған кейбір стратегиялық жобалар халық арасында жаппай қолдауға ие бола алмады. Себебі де түсінікті: өйткені, осыған дейін қабылданған біршама жобалар аяқсыз қалды, не, басталмай жатып құмға сіңген судай жоқ болды. Онымен бірге, ол жобаларға шаш етектен шашылған қаржы да ұшты-күйлі жоғалды. Сондықтан, халық жаңа жобаларға сенімсіздік танытуда. Бұл − билік тарапынан жіберілген қателіктердің қоғамдық көңіл-күйдегі көрінісі. Яғни, үкіметтің бір мақсатқа жұмылған рухани келбеті болмаған соң, халық та өзінің болашақ бағыт-бағдарын жоғалта бастайды. Сондықтан, дәл қазір кез келген адам «мемлекетім үшін өмір сүрудемін, өмірімнің мәні де, мағынасы да сонымен байланысты» демесе болмайды. Ол үшін мемлекетке деген сенім керек. Оны жан-жақты қалыптастырмайынша «мемлекетшіл рух» туралы айтудың өзі мүмкін емес. Жал­пы, қоғам дегеніміз сусорғышқа ұқсас құбылыс. Оны «өз бетінше» өмір сүріп жатқан адамдар қауымдастығы деп санау қате пікір. Шындығында, әрбір адам «өз бетінше өмір сүрудемін» деп ойлауы мүмкін, бірақ, қоғам олай өмір сүрмейді. Қоғам билігінің барлық сыр-сипатын, мінез-құлқын, әдетін айнытпай қайталап отыратын айна, немесе, бойына сіңіретін сусорғыш. Сондықтан да, біздегі билік тарабын жайлаған коррупция қоғамға сіңіп, «өмір сүру тәсілі» ретінде қабылданып, ондай кесел «заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегенге саятын философиялық түйінмен ақталмаса игі. Бұл өте кертартпа «философия»! Себебі, бұндай «философия» − қоғамды осындай кейіпке түсірген билікті бірден-бір ақтау тәсілі. Мұндай жағдайда бәріне ортақ, бәрі бірдей ұстануы тиіс заң екінші қатарға сырғиды. Сөйтіп, билік «мемлекетшіл рух­ты» ұмыт­қандығын көрсетеді. Иә, «Мемлекеттік қыз­меткер туралы» заң қабылданған. Онда әрбір қызметкерден мемлекет мүддесін жоғары қою талап етіледі! Бірақ, өмірде олай емес. Оның бірнеше себебі бар: біріншісі, әрине, коррупция! Екіншісі − қазақтың «әке-көке», «құда-жегжат» дегендей және т.с.с. мінезі. Мысалы, бір туысы үлкен қызметке келсе жүздеген қазақтың көмейі бүлкілдей жөнеледі... Ал, егер «туыс» мінез танытып мемлекет мүд­десін жоғары қойса, онда одан өткен жаман адам жоқ. Оны «кеудесіне нан піскен», «асқанға бір тосқан» деп қарғай жөнелеміз. Өкінішке орай, бұл қарғыс міндетті түрде жүзеге асып, ол «туыс» қызметпен көп ұзамай қош айтысуға мәжбүр. Себебі, мемлекетшіл мүддені көздеген адамды жеке пайдасын көздеген кландық жүйе бейтарап қалдыра алмайды, «маған болмаса, саған да жоқ» деп оны шет қақпайлайды. Тіпті, қызметтен аластатып, сау басын саудаға салып қоюы да бек мүмкін. Жалпы, билік жүйесін жаңартып, оған жас қан жүгіртіп отырмаса ­– қоғамда да, билікте де мемлекетшіл рух ешқашан оянбақ емес. Ел болып кетуді ойлаған жұртқа осындай – «елшіл» қасиетті сіңіріп, өзіне осындай талап қойғаны дұрыс. Атам қазақ айтпақшы «Атаның ұлы болма, халықтың ұлы бол» деуіміз қажет. «Қызмет деген қолдың кірі». Алайда, қазір, олай болмай қалды. Бүгінде сол «кір» үшін арды аттап өтуге болады» деген ой үстем. Баяғы қазақ «бір үзім нанға бір елі қолың жетпей аштан өлер болсаң, құранға шық, құдай кешіреді» дейтін. Онда өлім мен өмір мәселесі көтеріліп, алда өмір құндылығын таңдау тұрушы еді. Қазір «қызмет-кір» үшін арды ғана емес, өмірді де тәрк етуге даяр топ пайда болуда. Бұл үлгі арамызға тез тарап барады. Шынымды айтайын, осыны ойлап елдегі болып жатқан жағдайларды ой елегінен өткізіп, оларды қандай да бір заңдылыққа негіздейін десем, ешбіріне көнбейді. Ақыры шатаса бастадым. Ал, халық ше? Ол да бағыт-бағдарынан адасып, шатасу үстінде секілді көрінеді, маған. Мұның бәрі де біздің бойымызда ұлы мемлекетшіл рухтың сөніп қалғанынан болса керек... Осыған дейін, биліктегі мемлекетшіл рухтың жоқтығы оның коррупциямен етене жақын болуымен түсіндірдік. Енді, келесі сұрақты қоялық: ол – «халық өкілеттігін арқалаған парламент депутаттарында мемлекетшіл рух бар ма?» деген. Біздің білетініміз, анда санда жеке депутаттардың үн көтеріп қойғаны болмаса, депутаттардың көбінің халықтық мәселеге келгенде бұғып қалатыны ғана. Ал, енді, еліміздің тәуелсіздігіне тікелей қатысы бар «кедендік одақ» пен «еуразиялық парламент» секілді маңызды мәселелерде неге «сен тимесең мен тимен» әдісіне көшті? Олай болса − оларды халық сайлаған дей аламыз ба? Не себептен халық атынан сайланған депутаттар халықтың мұңын мұңдаудан, жоғын жоқтаудан қашады, не себептен биліктің айтқанына бас шұлғып тұрады? Себебі, олар «партиялық тізім» арқылы өткен! Одан басқа себеп жоқ. Ендеше, бұл –халық қалаулыларының да «мемлекетшіл рухтан» ажырағаны емей, немене?!. Мемлекетшіл рух мәселесін қарастырғанда міндетті түрде ұлттық мәселеге келіп тірелеміз. Осы тұрғыда, қазіргі «көпұлтты мемлекет» саясаты біздің жағдайға сәйкес келмей жат­қанын тап басып айту қажет. Себебі, бұл мәселе жауапкершілікпен тікелей байланысты. Мәселен, біз Қазақстанды «көпұлтты» дей отырып, әрбір ұлттың мемлекеттік жауапкер­шілігін жоққа шығарамыз: біріншіден − қазақ ұлтының өзінің тарихи Отанында екенін түсіне отырып, барлық жауапкершілікті мойынына алуына «көп ұлтты мемлекет» принципі қайшы келуі, яғни, оған «қазақ көп ұлттың бірі, ал жауапкершілік 130 ұлтқа ортақ» деген ұстаным қолбайлау бола бастаса, екіншіден − өзге ұлттар да «тарихи әділеттілік тұрғысынан бұл жер, мемлекет қазақ ұлтының елі мен жері, мемлекеті. Сондықтан, барлық жауапкершілік алдымен қазақ елінің мойнында» деп санап – онда да мемлекетке деген жауапкершілік назардан тыс қалуда. Бұлай дегеніміз − еліміздегі көп ұлттардың қатысуымен Қазақстан атты мемлекет құрылып жатқанына күмән келтіру емес. Бүгінде еліміздің әрбір азаматы, қандай ұлт өкілі болмасын, мемлекетке сіңірген еңбегі үшін қандай құрметке болсын лайық. Мұнда, әңгіме тек «мемлекетшіл рух» төңірегінде болып отыр, яғни, оның асқақтауына қандай нәрселер кедергі болып отырғанын талдап өту көзделді. Ал, бұл – бәрімізге ортақ мақсат.

432 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз