• Еркін ой мінбері
  • 02 Наурыз, 2020

«КАПУСТИН ЯР» ӘКЕЛГЕН ҚАСІРЕТ

Бақтылы Боранбаева, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

АҚШ пен КСРО арасындағы «Қырғи қабақ» соғыс кезінде Кеңес өкіметінің территориясында құрылған әскери нысандардың бірі Қазақстанның батыс аймағындағы «Капустин Яр» және «Азғыр» полигондары болып табылады. Бұл екі полигонда ядролық қарумен бірге, ұшақтар мен зымырандар сынақтан өткізілді. 1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін немістің кейбір әскери техникалық құжаттарын қолға түсірген кеңестік ғалымдар, ФАУ 1 және ФАУ 2 ракетасын жаңадан шығару ісін бастайды. Сөйтіп, КСРО Министрлер Кеңесінің 1947 жылы 13 мамыр күні 4 облыстың, атап айтқанда, Астрахан, Волгоград және Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының территориясында Орталық мемлекеттік Капустин Яр сынақ полигонын құру жөніндегі шешімі қабылданады.

КСРО билігі әскери сынақ аймақтары жөніндегі қандай да бір мәліметтерді аса құпия ұстады. Астрахан облысының жеріндегі Капустин Яр селосының атымен аталған полигон «өте құпия» деген грифпен ғана көрсетілді. Полигонның алғашқы әскери басшысы болып генерал-лейтенант В.И.Вознюк тағайындалды. Бұл әскери құпия обьектіні ол 27 жыл басқарған. Кеңес Одағы 1947 жылы күзде «Капустин Яр» полигонында алғашқы баллистикалық ракетаны ұшырып, сынақ сәтті өткізілді. Капустин Яр сынақ полигонына Батыс Қазақстанның Жаңақала, Орда аудандарының территориясынан 1 555 784 гектар жер бөлінеді. Сондай-ақ «Азғыр» және «Капустин Ярдың» «Тайсойған» бөлігі үшін Гурьев облысы да 1,5 миллион гектар жер беруге мәжбүр болды. Демек, 1951 жылы 21 желтоқсанда КСРО Министрлер Кеңесінің Орал облысы Орда ауданының жерін, «Капустин Яр» сынақ аймағына беру жөніндегі № 5263 бұйрығы шығарылады. Осы жарлықтың негізінде 1952 жылы 31 қаңтарда Орал облыстық Еңбекшілер Депутаттары атқару комитеті кеңесінің: «В соответсвии с постановлением Совета Министров Казахской ССР от 14 декабря 1951 г. №1013-119 С, установившим план внутри республиканского переселения на 1952 г. Исполком Облсовета депутатов трудящихся решил: «Утвердить на 1952 год план переселения из колхозов области 300 колхозных хозяйств в хлопководческие районы Южно-Казахстанской области, в том числе из Джангалинского района 125 хозяйств и Урдинского района 175 хозяйств» деген № 62 санды төмендегідей қаулысы негізінде аудан таратылып, халқы туған жерден қуылып тынады. 1. Облыстың 300, атап айтқанда, Жаңақала ауданынан 125, Орда ауданынан 175 колхоз шаруашылықтарын 1952 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының мақта өсіретін аудандарына көшіру жоспары бекітілсін. 2. Жаңақала және Орда аудандық атқару комитетінің төрағалары Валиев пен Ваисов жолдастарға міндеттелсін: а) көшірілетін колхоздарды және қоныс аударуға тілек еткен колхозшылар жанұясын осы жылдың 15 ақпанына дейін анықтап көш жұмысын көктемгі егіс маусымына дейін аяқтау; б) қоныс аударудың шарттары мен жеңілдіктері колхозшыларға таныстырылып, жаппай түсіндіру жұмыстары жүргізілсін; в) көшірілетін колхоз шаруашылық-тарының анықталғандығы жөнінде және қоныс аударатын жанұя басшылары мен еңбекке қабілетті жанұя мүшелері жөнінде он күн сайын (ежедекадных) ақпар беру. 3. Аудандық атқару комитетінің сұранысы бойынша қоныс аударушы колхозшыларды және олардың мүліктерін тасымалдап теміржол станциясына жеткізу үшін автокөлікпен қамтамасыз ету Топольцев және Плотников жолдастарға міндеттеледі. 4. КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысы (1951 жыл. 21 желтоқсан № 5263) бойынша қоныс аударушылар үшін төленетін жеңілдіктер есебін жүргізуді көрсетіп аудандық ұйымдарға тиісті тапсырмалар беру Одокиенко (Облфинотдел), Алексеев (Облсельхозбанк), Наумов (Облуполминзаг) жолдастарға міндеттеледі. 5. Қоныс аударушы колхоз шаруашы-лықтарының және колхозшылардың малдарын сатып алу жұмыстарын жүргізу ісі Коцурь (Облзаготживкантор) мен Вьюн (Облзаготкантор) жолдастарға міндеттелсін. 6. Қаз ССР Министрлер Кеңесі Батыс Қазақстан облысында Қоныс аудару және құжаттау жұмыстарын кең көлемде жүргізетін арнаулы бөлімдердің жоқтығын ескеріп, Батыс Қазақстан облысының колхоз шаруашылықтарын жоспарлы негізде Республикалық қоныс аудару басқармасының қызметкерлерін көмекке жіберуді сұрайды. Бұдан кейін, Еңбекшілер депутат-тарының Батыс Қазақстан облыстық кеңесі атқару комитетінің 1952 жылы 29 мамырдағы мәжілісінде (хаттама №21) колхоздарды Оңтүстік Қазақстан облысына қоныс аудару жұмыстарын ұйымдастыру туралы шешім шығарылады. 1. Орда және Жаңақала аудандарының колхозын Оңтүстік Қазақстан облысына қоныс аудару жұмыстарын ұйымдастыру үшін 3 адамнан комиссия құрылсын. Комиссия төрағасы: Ахмедзянов, мүшелері: Алексеев (ауыл шаруашылық банк), Маркин (Облыстық ауыл шаруашылық басқамасының веттехнигі). 2. Аудандық атқару комитеті және қоныс аударушы колхоз төрағаларымен бірлесіп малдарды реализациялау және колхозшыларды жөнелтуге дайындық жұмыстарын жедел түрде жүргізу комиссияға міндеттелсін. Ежелден ата-бабаларымыздың құтты қонысы болған, шөбі шүйгін, жер асты суы мол, төрт түлік малы үшін жазы сая, қысы пана болған, табиғаты ерекше Нарын құмындағы Орда ауданы халқының Ұлы Отан соғысынан кейінгі тыныштығы тағы да осылай бұзылды. Батыс Қазақстан облысының Орда ауданы жеріндегі Хаки соры деген тұзды көл 1947 жылдан іске қосылған әлемге белгілі Капустин Яр әскери сынақ аймағы үшін нысана орталығы ретінде таңдалып алынды. Әскерилер мәліметі бойынша, сордың аумағы 832 мың гектар жерге созылып жатыр. Тәуелсіздіктің тізгіні тиген сонау тоқсаныншы жылдардың басында Хаки соры құлаған зымырандар «қабіріне» айналып, оның аймақтағы халықтың денсаулығына тигізген зардабы мен экологиялық қасіреті жөнінде ақпарат құралдарында жиі көтеріліп, қоғамда бұқаралық қозғалыс туғызған болатын. ХХ ғасырдың 80 жылдарының соңына таман бүкіләлемдік антиядролық қозғалыс кең қанат жая бастады. Осы тұста, 1992 жылы Батыс Қазақстан облысында «Нарын» қоғамдық қозғалысын ұйымдастырып және оның белсенді жетекшісі болған К.Көбейсінов ағамыздың деректеріне қарағанда, Қазақстанның батыс аймағында шамамен 39 ядролық жарылыс жасалған. 1994-2005 жылдар аралығында полигонның аймақтағы экологиялық зиянды әсерін анықтау мақсатында 13 ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген екен. Алайда, бұл құжаттардың «Капустин Яр» және «Азғыр» сынақ аймағындағы жердің ядролық және химиялық ластану деңгейін анықтау үшін жеткіліксіз екендігі айтылды. Комиссия отырысының қорытындысында полигонға жақын орналасқан аумақтардағы тұрғындардың арасында жүйке, қан тамыр аурулары, эндокринді жүйе сырқаттарының жоғары екендігі көрсетіліп, жарылыс болған аймақтардың топырағы, суы мен ауасы толық зерттеліп, тұрғындарға жарылыс зардаптарының қалай әсер етіп жатқандығын анықтау үшін 4 бағдарлама дайындалып, зерттеу жұмыстарының басталатындығы айтылды. Бұл тақырыпқа көпшіліктің назарын тағы бір аударудағы біздің мақсатымыз – Нарын құмындағы Орда ауданы жерінің әскери сынақ алаңына айналып, кеңестік әміршіл жүйе тұсында қазақ халқының туған жерінен еріксіз қуылғандағы көрген азабы мен әлеуметтік зардабын көрсету. Облыстық мұрағат қорында сақталған екі бума құжаттардың ақиқатына жүгінсек, Орда аудандық атқару комитетінің төрағасы А.Ваисов (А. Уәлиев болуы мүмкін – Б.Б.) 1952 жылы 11 шілде күні облыс орталығына: «Уральск, Облисполком Поляковой. Переселенцы 223 хозяйства 724 человек 11 июня отправлено эшелон № 2433 подробности почтой Ваисов. Пред. Урда Райисполком. 11.VІІ. 1952 г.», – деп шұғыл түрде жедел хатын жолдайды. Сонымен бірге жоғарыға Теректі ауылдық кеңесіне қарасты 3 колхоздың 223 отбасындағы 724 адам, 44 сиыр, ірі мүйізді 33 жас мал, 7 қой, ешкіні 43 вагонға тиеп, №2433 эшелонның Батыс Қазақстан облысы, Рязань-Орал темір жолы бойындағы Сайхын бекетінен Оңтүстік Қазақстан облысының Ильичев ауданы, Жетісай ауылына жөнелтілгенін айтып арнайы жазбаша мәлімдеме жасайды. Ресми деректерге қарағанда, Оңтүстік Қазақстанға қоныс аударылған колхозшылардың барлық малы мемлекет белгілеген бағамен сатылып, түгелдей жан-жаққа таратылады. Ал, жоғарыдағы вагонға тиелген мал жөніне келсек, шілденің 4-і күні облыстық атқару комитетінің төрағасының орынбасары Ғабдулиннің А.Ваисовке: «Реализации скота переселяемые колхозов Южно- Казахстанскую область оставьте ограниченное количество одинокие колхозников» деп жіберген жеделхаты бойынша қалдырылған болуы мүмкін. Жалпы, Кеңес үкіметі «Капустин Яр» әскери сынақ аймағына берілген аумақтардағы халықты қоныс аудару, көшіру жұмыстарын қалай ұйымдастырды? Бұл жөнінде мұрағат деректеріне сүйенсек КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Қоныс аудару Бас басқармасының (Главного переселенческого управление) № 59 бұйрығымен қоныс аудару ісіне жауапты өкілдер үшін 1951 жылы 23 қараша күні арнайы нұсқау бекітіліп, 21 бөлімнен құралған жадынама (памятка) дайындалған. Жадынамада қоныс аудару ісін дұрыс ұйымдастыру мен халықты тасымалдаудың тәртіп, ережелері мұқият жазылып көрсетілген. Алайда, мұрағат қорында сақталған сан түрлі жедел хаттар мен тұрғындардың отбасынан немесе бауырынан ажырамай бірге қоныс аударғысы келетінін айтып, аудандық атқару комитетіне жазылған жалынышты түрдегі өтініштерінен қоныс аудару ісі шын мәнінде, колхозшылардың еркінен тыс, жоғарыдан келген бұйрықты бұлжытпай орындап, шұғыл түрде жүргізілген ел ішіндегі дүрбелеңді анық көруге болады. Мәселен, Орда аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы А.Ваисовтың 1952 жылы 30 маусым күні Теректі ауылдық кеңесіне қарасты Калинин атындағы колхоздың бастығына жібереген жеделхатында: «Сіздің колхоздың колхозшыларын Сайхын станциясына тасуға барған автомашиналар ауылды аралап, әр жердегі үйлерді жинап тиеп жүретін көрінеді. Бұл жағдайда колхозшыларды тасу жұмысы 5 июльге дейін аяқталынбайтын болып отыр. Сондықтан, колхозшыларды бір орынға жинап сол жерден автомашинаға отырғызуды, сөйтіп, колхозшыларды Сайхын станциясына көрсетілген мерзімге тасып бітіруді ұйымдастыру сізге міндеттеледі» деген бұйрығы біздің пікірімізді дәлелдей түседі. Осылайша, 1952 жылы шілденің аптап ыстығына қарамастан Ордадан Оңтүстік Қазақстан облысына қоныс аударылған көшпен бірге болған халық ақыны Қайрат Жұмағалиев: «Шымкентке дейін тура 17 күн жүрдік. Жолда кез келген өткізу пункттеріне тоқтаймыз. Қашан қозғаламыз, қайда барамыз, ол жағы беймәлім. Ырғатылып келіп пойыз тоқтағанда, жапа-тармағай түсе қалып, самауыр жағып, шай қайнатып ішеміз. Кейде шай қайнағанша пойыз жүріп кетіп, ыстық суды жерге төге салып, әрең ілінеміз. Қозғалған поезға асығыс отырам деп жүріп, бір адам темір дөңгелекке басылып қаза тапты», – деп, ал, оңтүстіктің ыстық ауасы мен суына үйрене алмай, қарт адамдар мен жас балалардың іш сүзегі ауруына ұрынып, жаппай шетінегені туралы «ауа райы қоңыржай, жер асты ылғалынан сүзіліп шыққан құдықтың салқын суына үйренген біздер мында келіп еріксіз арықтың суын іштік. Осыдан іш ауру пайда болып, әсіресе балалар қынадай қырылды. Өлімнің көптігі соншалық, адамдар бір-біріне көңіл айтудан қалады екен. Заң қатты ешкімді себепсіз жұмыстан босатпайды, өліктерді жерлеудің өзі сын болды ғой. Өлікті жерлейтін адам жоқ. Қандай қасірет еді! Осылай біздің арқамызда ауылдың шетінде айналасы ат шаптырым қорым – зират пайда болды. Зираттың үлкейгені соншалық, білмейтін адам оны «жаңадан орнаған ауыл екен» деп қалатындай дәрежеге жетті. Өйткені, қабірдің қасындағы біздің колхоз көзге көрінбей қалды», – деп еске алады. Ал, төлқұжаттарын жинап алғандарына қарамастан, еріксіз қоныс аударылған сол адамдардың бірқатары кері жасырын қашып келіп, туысқандарын паналағаны туралы ақын ағамыз: «Тағы бір сұмдықты айтайын: біздің бәрімізде паспорт жоқ, құжатымызды жинап алған. Адам санатында емеспіз. Төлқұжат жоқ. Қайда барамыз. Қашқандардың өзі малын қорасына байлап, отын жағып қойып, ешкімге білдірмей айлы түнде соқа бастарын алып, кетіп жатты. Шіркін осының бәрін кезінде айта алмадым», – деп қамығады. Осылайша, біз ел тәуелсіздігінің арқасында ғана кешегі айтылмаған тарихи шындықтың ақиқатына көз жеткізе алып отырмыз. Бір таңқаларлығы, жоғарыда Оңтүстік Қазақстан облысына қоныс аударылған Теректі кеңесіне қарасты «Калинин», «Каганович» және «Интернационал» колхоздарында өткізілген жалпы жиналыстың қаулысында ежелден бабаларымыздың құтты қонысы болған, шөбі шүйгін, жер асты суы мол, төрт түлік малы үшін жазы сая, қысы пана болған, табиғаты ерекше Нарын құмындағы Орда ауданы жерінің әскери сынақ алаңына айналатыны айтылмайды. Керісінше, бұл жердің шабындыққа да, мал жайылым үшін де қолайсыздығы, колхозшылар табысын арттырудың ешбір мүмкіндігі жоқ екендігі айтып түсіндіріледі. Жиналыста сөйлеген колхозшылар мақта өсіріп тұрмысты түзеуге болатын оңтүстікке көшуге өздерінің ризашылығын білдіріп, «Сталин жолдас» пен «коммунистік партияға» алғыстарын айтады. Осылайша, жерінің билігі әскерилер қолына көшіп, еріксіз таратылған Орда ауданының бұдан басқа 4 ауылдық (Азғыр, Батырбек, Сүйіндік, Лабай) кеңесіне қарасты жерлері көрші Гурьев облысына (қазіргі Атырау облысы) беріледі. Сондай-ақ Қасымтау және Талап ауылдық кеңестеріне қарасты «Көсем», «Бастауыш», «Энгельс», «Талап» т.б. колхоздарының халқы мал-жанымен облыстың көрші ішкі Чапаев, Жаңақала аудандарына қоныс аударылады. КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысы (1950 ж. 7 маусым. № 2427) негізінде Чапаев аудандық атқару комитеті мәжілісінің (1952 жыл. 29 тамыз. Хаттама №27.) шешімімен Орда және Жаңақала аудандарынан көшіріліп әкелген колхоздардың жалпы жиналысында жергілікті колхоз шаруашылықтарымен біріктіру туралы шешім шығарылған. Мәселен, Жаңақала ауданынан көшірілген Шалқар ауылдық кеңесінің «Бостандық» колхозын Чапаев ауданы Еңбек ауылдық советінің «Коммунизм» колхозымен біріктіріліп, колхозшылар жиналысының (1952ж. 16 тамыз) қаулысымен колхозға «Коммунизм» атауы берілсін, орталығы «Еңбек» ауылы болып бекітілсін. Колхозшылардың жалпы жина-лысының (1952 ж. 24 тамыз) шешімімен Орда ауданының Куйбышев атындағы колхозы Чапаев ауданының «Советская степь» колхозымен біріктіріліп, ірілен-дірілген колхозға Куйбышев атауы берілсін, колхоз орталығы Мерген ауылы болып бекітілсін. 60-п. Орда ауданы Талап ауылдық кеңесі Энгельс атындағы колхоз Чапаев ауданы Кожехар ауылдық кеңесі колхозымен біріктіріліп, колхоз жиналысының (1952 ж. 11 тамыз) шешімімен ірілендірілген колхозға Родник-Новый атауы берілсін, орталы Родник-Новый ауылы болып бекітілсін. Жаңақала ауданынан көшірілген «Алғабас» колхозы Чапаев ауданы Бірінші май атындағы колхозбен біріктіріліп, колхозшылар жиналысының (1952 ж. 8 тамыз ) шешімімен ірілендірілген колхозға Бірінші май атауы беріліп, колхоз орталығы «Қарағай» ауылы болып бекітілсін. Орда ауданынан көшірілген «Бастауыш» колхозы Чапаев ауданы Ворошилов атындағы колхозбен біріктіріліп, колхозшылар жиналысының (1952 ж. 8 тамыз ) шешімімен ірілендірілген колхозға Ворошилов атауы беріліп, колхоз орталығы Каленый ауылы болып бекітілсін. Орда ауданы Чапаев атындағы колхоз Чапаев ауданы Ленин атындағы колхозбен біріктіріліп, колхозшылар жиналысының (1952 ж. 6 қыркүйек) шешімімен ірілендірілген колхозға В.И. Ленин атауы беріліп, колхоз орталығы Октябрь ауылы болып бекітілсін. Орда ауданы «Көсем» колхозы Чапаев ауданы Киров атындағы колхозбен біріктіріліп, колхозшылар жиналысының (1952 ж. 16 қыркүйек) шешімімен ірілендірілген колхозға Киров атауы беріліп, колхоз орталығы Верхний Вологин ауылы болып бекітілсін. Тексеру комиссиясы құрылып, құрамына колхозшылардың жалпы жиналысында сайланған Бигалиев, Бекесов, Утеков жолдастар бекітілсін. Ресми деректерге қарағанда, тара-тылған ауданның Қарулы күштер қолына кеткен территориясында үш сынақ полигоны қызмет жасаған. Олар: Мемлекеттік орталық, Мемлекеттік ұшу-сынақ және Азғыр атом полигондары. Алғашқы екеуі ортақ атаумен «Капустин Яр» деп аталынып, орталығы Ресей территориясында орналасқанмен, сынақ алаңы Батыс Қазақстан жерінде жүргізіледі. 1990 жылдары Ресей мен Қазақстан ғалымдары мен әскери мамандарының берген мәліметтері бойынша, бұл аймақта 29 жарылыс болып оның 19-ы жер асты, 10-ы әуеде жүргізілген. Жалпы «Капустин Яр» полигонында бұдан басқа 24 мыңға жуық ракеталар мен әскери техникалар сыналып, оның 159 түрі қару-жарақ ретінде кейін қолданылған. Сонымен бірге, бұл өңірде 619 орта қашықтықта ұшатын ракеталар жойылған. Ал, әуе кеңістігіне 30 мың тоннаға жуық улы заттар таратылған. Бұл сандық көрсеткіштер, сөз жоқ, қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына зиянын тигізгенін дәлелдейді. Мәселен, Санкт-Петербург және Батыс Қазақстан ғалымдарының бірлесіп жүргізген ғылыми жұмыстарының нәтижесі полигонға іргелес орналасқан Батыс Қазақстанның ауыл аймақтарындағы жер қыртысының, су көздерінің улануы адам денсаулығына қажетті мөлшерден 10 есе жоғары екендігін көрсеткен. Әрине, әскери полигон зардабы мұнымен ғана емес, ол сонымен бірге, аудан территориясын талан-тараж жасап, 32 мың гектар жердің Ресей Федерациясының Владимировка ауданына беріліп, халқының босқынға айналуына себеп болған еді. Міне, Ел аман, жұрт тынышта жер аударып, Зарлады-ау, Құм Нарынның жас баласы!», – деп оңтүстікке қоныс аударылған жерлесіміз ақын Қайрат Жұмағалиевтың анасы Жаңылғаным Өкенқызы жырлағандай, Оңтүстік Қазақстан облысына резервацияланған Орда ауданы халқының басына түскен қиындықпен салыстырғанда, жоғарыда айтылған облыстың ішкі аудандарына жүк тиелген әскери машинаның соңынан малдарын жаяу айдап, қоныс аударылған көш мал-жанымен аман қалған еді. Сөйтсе де, халықтың туған Ордасын қимай қиналғаны туралы ел ішінде әлі айтылып келеді. Өзім ес білгелі марқұм әкем Сансызбай Қадешұлының: «Қайран Ордам, құмаршығы мен құмының сағызын айтсаңшы», – деп жиі айтатын сөзі жадымда қалыпты. Ия, «Қайран Ордам» деп өмірден өткен әкем өзінің 70 жастағы атасының «Бұл жердің топырағын аяғыммен баспаймын деп Ордадан келгенше жылап келіп еді, тілегі болды ма, келген соң, бір айдан кейін қайтыс болды», – деп айтып отыратын. Сондай-ақ, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, өзінің мәдени болмыс бітімімен, ұлтжандылық қасиеттерімен ерекшеленіп тұратын марқұм Саламат Өтемісов ағамыздың да Алматыдан елге келген соңғы бір сапарында көз жанарын алысқа тіктей отырып: «Ордадан көшкенде мен 12 жасар баламын. Әкем колхоз басқармасы болды. Күнде абыр-сабыр. Адамдар үйге келіп, кіріп-шығып жатады. Бір күні әкем қасындағы адамдарға «Болмады, ертең көшетін болдық», – деді де шығып кетті. Артынан шықсам, әкем қораның артында жылап тұр екен. Қасына жайлап барған мені байқап қалып: «Балам-ай, әкеңнің көз жасын сенің көрмеуің керек еді, дегені есімде қалыпты», – деп мұңайғаны ұмытылмас. Ал, Ордадан шыққан көшті Чапаев ауданы (қазір Ақжайық ауданы, Алғабас ауылы) Киров колхозына бастап келген әкеміздің жездесі Қадеш Иманғалиұлының жан күйзелісінен туған мына жыр жолдарынан Кеңес өкіметінің резервациялық саясатының халыққа тигізген әлеуметтік зардабын анық көре аламыз. Жыл еді мың тоғыз жыл елу екі, Қаулы алды көшіруге біздің елді. Жұт болып мал өлген соң Қосуға тура келді әрбір елді. Зон жасап бір жағынан біздің елді. Осыған ыңғайлы боп Орда жері. Осындай әрбір түрлі жағдайменен, Қалайда ел көшуге тура келді. Көшуде туған жерден болмады оңай, Жоғарыдан келген бұйрық болды солай. Өмірлік туған жерім мәкән болмай, Осындай арманменен кеткен талай. Жел соқса қайда бармас суда қайық, Қонысымыз бар туған ата Жайық. Туған жер оймен қырға амандасып, Барлығын ақтық рет аралайық. Аралап ақтық рет көрсек бәрін, Ішінде ата-анамның жатқан жерін. Қоштасып барлығының мәйітімен Азырақ тарқатармыз іштің шерін. Мәкәным қыр мен құмның арасындай, Құм Нарын қалың орман панасындай. Өсірген тәрбиелеп ата-анамның, Кетелік бір күн түнеп моласына-ай, Бабалар келіп тұрмын молаңызға-ай Ескірген мәйіттерің жобаңызға-ай. Әрдайым сыйынармыз аруақтарыңа Бата алып бір түн сізге қонамыз да-ай. Бабалар ақтық рет келіп тұрмын, Әдеппен сәлемімді беріп тұрмын. Бұрынғы тіршіліктерің ойға түсіп, Қайтейін, көздің жасын төгіп тұрмын. Жатсаң да тілекші бол бабаларым, Туысқан үлкен-кіші балаларым, Біз кеттік Ақжайыққа дәмі тартып, Қалды ғой бабалармен қайран Нарын. Жаз болса, сайрандаған жақсы бастау, Баурыңа ата-анам салған қыстау. Қар шеген суыңды ішіп сайрандаған, Қайтейін, бәріңе де айттым қош-сау Бай шағыл көп қатқылдың арасындай, Қалды аман ақ тікеннің панасындай. Қорған мен Меңес шағыл жайлаған жер Қаңырап өз еліңнен қаласын-ай. Атақты елге мәлім Қасым тауым, Жерімнің кіндігі еді-ау асқар тауым. Туған жер осы арада Самбай шағыл, Жатады бабалар да бір топ қауым. Колхоздың егіндігі қошқар ашық, Егінді талай алдық атпен басып, Тел өстік осы арада-ау тентек болып, Жас кезде не істемедік асып-тасып. Біздің ел осы араны көп жайлаған, Қоралап көп түлікпен мал айдаған. Қыр мен құм екі араның кіндігі еді-ау, Кетем деп бұл арадан кім ойлаған?! Нарын құм осы арадан жалғасады, Кең ашық аралары бел асады. Өсімдік ішіндегі алуан түрлі Аспанмен тал мен терек таласады. Жайлаған қазақ халқы мынау Нарын, Өсіпті сайран қылып талайларың. Қысы-жазы пана болып жан мен малға Бөлеген өсімдікпен жұрттың бәрін. Көк қамыс кең ашықтар қандай еді, Көлемі, аралары дардай еді. Курорт болып төрт түлікке жазы- қысы, Шіркіннің ет пен суы балдай еді. Жүрген жер қыр мен құмды араладым, Таусылмас айта берсем армандарым. Не пайда болған іске өкінгенмен, Азырақ осылай деп баяндадым. Ауылым қорған шағыл етегінде, Кешікпей алдыменен кетеміз де Алдымен басшы болып барасың деп, Тіркеді отыз үш үй есебіме. Июньнің он алтысы кеші болды, Бояный (военный) көп машина келіп болды. Тиеліп таң атқанша отыз үш үй Ертемен Ордаға да жүріп болды. Осымен туған жерден жүріп кеттік, Орданың көгалына барып жеттік. Қайтейін, елмен көрген ұлы той деп, Үкімнің бұл ісіне шүкір еттік. Орданы бір тәуліктей араладық, Орманын сол бір түні паналадық. Аралап бір күн, бір түн көш жөнекей Шіркінді ақтық рет сайрандадық. Орданың амандастық қаласына-ай, Халқына, үлкен-кіші баласын-ай, Айнала қалың орман қоршап алған, Сипаты бір-біріне жарасып-ай. Сен, Орда өз еліңе бас қала едің, Тағдырын шештің бұрын астананың, Орнатып социализм өз еліңе Жолына коммунизм бастап едің. Жөнеліп Ордадан да жүріп кеттік, Сол түні Жаңақалаға барып жеттік. Ертеңіне түске дейін болып сонда Түс ауа Жаңақаладан жүріп кеттік. Туралап жүріп келеді Сарыарқада, Шөл кірді ыссылықтан бірқатарға. Үн-түнсіз келе жатыр көшкен халық Көңілсіз бір-біріне сөз айтарға. «Кировке» кешке қарай келіп жеттік Күтірге әр жердегі бөлініп кеттік. Үйлерді әзірлеген беріп жатыр, Түсіріп жүгімізді мәкән еттік. Ұмтылмас үйренгенше туған жерім, Қарсылап алып жатыр қосқан елім. Не пайда өкінгенмен болған іске. Қайырлы қоныс болғай келген жерім. Келемін көптен бері ұйқым қашып, Аз ғана өлең жаздым көңіл ашып. Бұл жердің отырықшы халқыменен Бұйырса, ел болармыз, араласып. Ия, бұл бейбіт күнде атамекені әскери сынақ алаңына айналып, елінен еріксіз қуылған халықтың жан тебіренісі еді. Қазақтар жөнінде Ресейде алғаш монографиялық еңбек жазған А.И. Левшин «Қазақтар туған жерін, ата мекенін қатты қастерлейді, кір жуып, кіндік кескен жерінен ешкім ешқайда кетпейді», – деп қазақ халқының туған жерін ерекше қадір тұтатын ұлттық мінезіне көңіл аударған болатын. Алайда, тоталитарлық билік басындағылар қазақтың бұл ұлттық ерекшелігімен санасып жатпады. Міне, ұлт тарихында орын алған бұл оқиға бүгінгі жас ұрпақтың тәуелсіздіктің қасиетті ұғым екенін сезінуіне септігін тигізеді деген ойдамыз.

1610 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз