• Заманхат
  • 02 Наурыз, 2020

ОН БЕС ОЙ (еркін толғам)

Сөз мырзадан түйіндемелер

Жолтай Әлмашұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

«... Жұртшылық жүрегін жылытып, санасын сілкілеп, кім екенін, қайдан шыққанын және қайда бара жатқанын айнадан көрсеткендей етіп, алдына сый-сыбаға етіп тарта алар татымы бар Ұлттық идеология керек!..» *** «...Ханның айтқанын қара да айта алады, тіпті асырып та айта алады, алайда, қараның сөзінде қадір бар ма? Апырмай, өміршең бүгінгі қазақ әдебиетінде де осындай қадірсіздік синдромы қапталдасып, қатар шауып келе жатқан жоқ па екен осы?!..»

«Тәртіп – тәрбиеден, ақыл – Алла-дан!».

***

Ол былай деді: «Күні кеше әлемдегі ең ақылды халық саналатын – еврейлердің жиі қолданатын қанатты тіркестерімен жақынырақ таныстым. Әрине, өте ойлы, өте терең, өте байыпты. Алайда, өзімше ой барлап қарасам, шамасы, біздің қазақ халқы да ешкімнен кем соқпайтын сияқты. Айталық, ғасырлар бойы жинақталған, астары түпсіздікке бастайтын мақал-мәтелдерінің өзі неге тұрады? Нақыл сөздері ше? Тек... жалғыз ғана айыбымыз – сол асыл қазыналарымызды өз мән-мағынасымен өзгелерге жарқыратып таныта алмай келеміз немесе танытуға ықылассызбыз!..»

***

«...Адам біткен ішпейтін-жемейтін, алмайтын-бермейтін, таласпайтын-тартыспайтын болса ғой. Әй, бірақ... одан кейін ой дүниесін ортайтып, сезім әлемін салқындата бастайтын шығар, ә? Өмір бейнесі деген осы ма, әлде?..»

***

Өз заманында қазақтар жайлы әртүрлі деректер жинаған Ресей патшайымы 2-Екатерина ақыр аяғында мынадай тұжырым-сөз айтыпты дейді. «Егер, қазақтар өздерінің кім екенін еске түсірсе, дүниежүзін жаулап алған болар еді...» Расында да, осы біздер, қазақтар, ертеде қандай ел болғанымызды, кім екенімізді және қайдан шыққанымызды ақыл безбеніне салып таразылай алсақ, дәл бүгінгі бейуайымдау, бейшаралау және бейопалау күнімізді оқыс талақ етер ме едік, қайтер ек, а?..

«...ӘКЕНІҢ СӨЗІ МЕН ІСІ!..» (кертолғау)

Сөз мырза бүгін әңгіменің сорақысын шығарды – маңдайдан ұрғандай етіп былай деген: «Кешегі аталар мен әкелердің ойланбай айтқан және істеген ісі үшін бүгінгі ұрпағы барынша мол зардап шегіп жатқанын сен білесің бе? Әрине, білуге тиіссің. Әйтсе де, оны парасат талқысына салып, кейінгіге үлгі етерліктей ұлағат айтып, қимыл-қозғалыс жасап жатқан бірің жоқ – бар болсаң, бірен-саран ғана! Сосын да, сондай сорақылық кеше де болған, бүгін де бар, ертең де бола бермек. Мен нені айтам? Халқына тұтқа болар аяулы Азаматқа жазықсызға жала жауып, сол үшін куәге тартылып, жолын кес-кестеген баяғы шалажансар аға буынды айтам. Мен нені айтам? Кертартпа-керпиғыл саясатқа салпаң-салпаң етіп еріп алып, еліне де, жеріне де кесірі орасан зор қиянат әрекетке баруға тайсалмаған, оған ойша сараптама жасап, салмақтап баға беруге ынталылық байқатпаған шошаңмінез аға буынды айтам. Мен нені айтам? Екіжүзділікті айтам, ермелекті айтам, ойсыздықты айтам, табансыздықты айтам...Ең сұмдығы – олардың осындай тұрпайы да тұрлаусыз, абыройсыз да әбес істері артында қалатын, ертең өсіп-өнетін ұрпағына қорғасындай салмақ, қара тастай зіл батпандай ауыр! Абырой-беделіне мейлінше нұқсан! Өмірді таза да шынайы сүруіне, халқына қадірлі де қасиетті қалыпта ғұмыр кешуіне барынша кедергі, тосқауыл!..» Ойланып қалайын. Ойланбасыңа бола ма? Расымен де, алысқа бармай-ақ, соңғы екі-үш ғасырда біздің қазақ кезең-кезеңімен қайталанып отырған, таяқ жеп жатса да, ойсарайында салмақтамаған осындай шырғалаң кесапаттар мен кесір-әрекеттерден қашан ғана сабақ алар екен? Қайткенде өзі үшін ғана емес, ертеңгі елі мен ұрпағы үшін де өмір сүріп жатқанын бағамдап, жан әлеміне жауапкершілік жүктеп, ой биігіне көтеріле алар екен? Өткенді қойып, бүгінгі естиярлар мен әкелер өз іс-әрекетінде осыны сана әлемімен салмақтап жүр ме? Жағдайы шатқалақтап тұрған тіл мен ділге, дәстүр мен ататарихқа кім жанашыр, кім қамқор? Бүгінгі сәби күні ертең жанайқайын айтып, аға буынның әрбір қисық та шалыс қадамдарына лағнет айтып, ішқұсалыққа белшеден батпасына кім кәміл?.. Әлде... осы кеткеніміз кеткен, өзіме ғана қолайлы болса жетіп жатыр, басқада шаруам шамалы деген шалағай ойдың тұтқыны болғанымыз болған ба? Басқа халықтарды қайдам, тап осы Қазақтың ендігі жерде өткеннің ащы зардабынан сабақ алар кезі әлдеқашан-ақ келді емес пе, а?.. Сөз мырза, бұның түпкі себебі қайда, қай «үңгірде» тығылып жатыр екен осы, а?..

«...ҚАЗАҚТЫ ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ СҮЙМЕК?..» (бүгінгінің сөзі)

Таң атпастан тағы да мазамды алып, өз дегеніне икемдеп бара жатқан – кәдімгі Сөз мырза! Ол былай деді: «О, Жаратқан десе, менің түйсігім бойынша осы қазақ бір-бірін тым жақсы көре бермейді, білем. Қазақ қазақты қалай, қайтіп, қандай мінезбен сүйгені жөн? Бұл жайынан бас қатырып, ой толғап жүргендер, әй, тым аз-ақ шығар! Сенің де әуселең белгілі. Жасың жерортадан асып барады, сөйтсе де ел жүрегіне жетер ештеңе айтқан да, жазған да жоқсың – осы өтірік пе?..» Денем дір-р ете түскен. Оның айтқанынан емес, өзімнен өзім шошыдым. Қазақпын ба? Әлбетте, қазақпын! Қазақ деген елдің намысы, абыройы, мәртебесі... маған да ортақ па? Әрине, ортақ! Е, ендеше... Расымен де, осы күнгі қазақ қазақты қалай сүйеді екен? Сүю деген ұғымға не кіреді өзі? Ол, ең алдымен, қазақтың өз Ана тілін қадірлеуі! Бүгінгі қазақтың бәрі бірдей қазақшаны әуелетіп әкетіп жатыр ма? Әй, қайдам... Соны көре тұра, көрмегендей боп, еш үндемей жүре беретінім өтірік пе? Одан соң... бұл қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері болушы еді – ол сол қалпында сақталып отыр ма? Тағы да көңілге күдік ұялайды. Арғы-бергі тарихы ше? Оны қай қазақ құлшына оқып, біліп алғанша асығады екен? Күдік көбірек! Қысқасы, осылардың бәрі де аяқ асты болып, абыройы төмендеп, шетке ығыстырылып жатса, онда қазақ қазақты қалай сүйгені? Қазақ бір-бірін сүйе ме осы? Мына мен... қазақты қаншалық сүйе алам? «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос...» Ұлы Абай қалай дөп айтқан! Кемшілігін ғана термелеп, жоғын ғана айтып, ал, барын білуге ұмтылмай, озығын қоқысқа лақтырып, өзгенің қаңсығына тамсана берсек, түбі барар жеріміз қайсы? Қазақтың қазақты сүюі – бар мәселенің түйіні! Тоқ етері осы шығар, Сөз мырза!

«...ҚАЗАҚҚА АСА ҚЫМБАТТЫСЫ – ҚАЗАҚ!..» (шертолғау)

Сөз мырзаның бүгінгі мінезіне кісі шыдамас. Кесіп-кесіп айтады, кеңірдектеп тіл қатады, кесек-кесек тастайды. Тыңдап мен тұрмын. Ол былай деді: «Не десең о де, бірақ қазақтың қазаққа тым қадірсіз екені әу бастан-ақ белгілі болды. Бір жүз бір жүзге шекелейді. Бір ру бір руға қиғаш қабақтанады. Бір топ екінші топқа тосқауыл қойғанша асығады. Бір адам екінші адамды шалып жібереді де, содан рахат іздейді. Жаман әдет – жұқпалы! Бірінен көргенін бірі бұлжытпай жасап жатыр! Екі жақ та ештеңе ұтып жатқан жоқ өкінішке орай! Қазаққа қадірсіз болған – қазақ осы! Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп зар тілегін айтуы да осыдан білем! Абай «барсакелмес ауылға» қоныс аударғалы да ғасырдан асты – өзгерген не бар? Не байқадың? Не көрдің? Нең бар өзгерген?..» Ауыр сауал болды мынасы! Не деп жауап айтармын! Ойланып, ой шырмауығына оратылайын. Қазаққа осы күні расында да не қымбат? Әрине, білім қымбат! Әрине, тәрбие қымбат! Әрине, көбею қымбат! Әрине, бақытты ғұмыр қымбат! Осылардың бәрінен де қымбаттысы – ынтымақ болар, сірә! Ынтымақсыз елден ырыс та қашады! Қазақты басқа емес, ең алдымен қазақтың өзі қадірлеп үйренбей болмайды. Қазаққа мына замандағы аса қымбаттысы – қазақтың өзі болып тұр! Қазақты сыйлап үйрен, Қазақ!!! Бір қазақ бір қазаққа бауырындай елжірей алса, бұл елді ешқандай жау бөктергілеп кете алмасы анық!!! Сен маған осыны айтқызып отырсың, Сөз мырза!

«...ОЛИГАРХ, ОСЫ СЕН ҚАНДАЙСЫҢ?..» (кертолғау)

Сөз мырзамен бетпе-бет кездесіп тұрмын. Ол маған асқақ көңілмен қарап, әйтеуір бір жерімнен мін іздегендей, көзбен тінтіп барады. Тінтіп болды да, былай деді: «Сенің жүріс-тұрысыңнан әлдебір Олигархтың қимыл-қозғалысын байқап қаламын. Кей-кейде тым асқақсың. Паңсың! Өзіңе-өзің риза болған жанның бейнесін көргендей болам. Бір сәтке болса да, өзіңе сырт көзбен қарап, сынай алмағаның ба?..» Шамданып қалайын. Сынаудың да сынауы бар, ал, Сөз мырза менің жеке бас кемшілігімді қаузап отыр. Қалай жүрем, қалай аяқ басам – бір Алланың жаратуы. Өзім қолдан жасап алғам жоқ. Осыны айттым. Ол күлді. Күлді де, қайтадан сөз ілгектеп әкетті: «Бұны нығырлап айту себебім – біз қай-қайсымыз да осы күні Олигарх десе шошына қарап үйрендік. Оларды мақтаудан гөрі даттап ала жөнелуге бейімбіз. Дүниеқоңыз, ақшақұмар, байлыққа көзі тұнған...деп жабыла құрдымға құлатпақ боламыз. Бірақ, бәрі де сондай ма? Сенің жүріс-тұрысыңа қарап, сыртыңнан кереғар тон пішкен сияқты ұшқары пікір бұл да. Айтпақшы... саған риза болғаным – таяуда осы Олигархтардың өмірінен қысқа роман жазыпсың. Кітап боп шығып жатыр деді ме? Қысқасы, Олигарх деген өте күрделі кейіпкер, ой-шұңқыры көп образ...» Енді масайрадым. Ә, бәсе! Сөз мырза менімен көптен бері сырлас, тіпті дос емес пе еді! Ол менің жазғандарымды оқымаса... Ал, Олигарх жөнінде айтқан ойы ойландырады. Дүние-байлық кімге керек емес? Кімнің шалқып өмір сүргісі келмейді екен? Алайда... ой-ниет тазалығы, елге деген, адамдарға деген ықылас сезімі тағы бар – біздің Олигархтарға жетпей жатқаны сол жағы шығар, сірә да! Сөз жоқ, бірді екі ету, барды көбейту, жүзді мыңға ұластыру, мыңнан миллион жасау... ақылдың, парасаттың шаруасы! Бәріне де ыждағатты болу, қолдағыны үнемдей білу, есебіңнен жаңылыспау – басты шарт! Енді, ішкі жансарайыңа келер болсақ... оның қатпар-қатпар құпиясын кім ашып бере алар? Кім тамыршыдай дөп басып айта алмақшы? Осындай-осындай қадау-қадау ойларды көркем тілдің суретіне салып, үсті-басын қайта-қайта қырнап, жанымызды жалдап, біраз уақытымызды заялап, «Олигарх және Олимп» деген қысқа роман жазғанымыз да рас! Ә дегеннен жақын «достардан» қарсылық та, «оны жазып не керек» деген тоқмейіл пікір естіп үлгергеніміз тағы рас! «Олар роман кейіпкеріне мүлде жарамайды» деп, маңдайға қос қолдап ұра жаздаған «сыншылардың» да болғаны рас! Шын баға беретін қай кезде де – халық! Ойға алғанды өз биігінде жеткізе алдық па, жоқ па – оған алдияр оқырман төреші! (Шығарманың толық нұсқасын жақын күндері Әдебиет порталына жариялап та қалармыз, Алла сәтін салса...). Бір нәрсенің басы ашық: біз қалаймыз ба, қаламаймыз ба, ұнатамыз ба, ұнатпаймыз ба – ендігі жерде Олигархтар да өмір деген ұлы айдында бірге жүзе бастады, қайдан келдің, неге жағдайың өте жақсы деп бас-көзге қарамай, жағасынан алу да әбестік, тек... жалпыадамзаттық тәртіпке, ар-ұятқа, иман мен инабатқа шақыруға толық хақылымыз! Өйткені, Адамзат қоғамына бәріміз де қожамыз, біздің ортақ үйіміз! Ол үйдің тыныш та мамыражай болуы – басты мақсат!!! Бізге алдымен сол керек!!! Мен осылай ойлаймын, Сөз мырза!..

«...ҚАЗАҚ ҚАСІРЕТІ ЖӘНЕ КІТАП ТАРИХЫ...» (монолог-сыр)

Жыл сайын, осы күні неге екенін қайдам, менің есіме еріксіз жиырмасыншы ғасырдың бірнеше зобалаңы – кәмпеске, ашаршылық пен репрессия сойқандары қат-қабатталып кіріп, есімді алатыны бар. Бұлар бір-бірімен сабақтас, біріне-бірі жол ашқан, бірінде бітпегенді екіншісінде жалғастырған сойқан жылдар ғой, анығында! Жалпы, 20-ғасырда қазақ бастан кешкен (тіпті, қолдан ұйымдастырылған десе де болады) қасіреттің ең ауыры да, ең тажалы да, міне, осының айналасынан табылмақшы. Ендеше, зерттеуші де, тарихшы да, тіпті, қолына қалам ұстаған кез-келген ой адамы бұл кезең кесапаттарына селқос қарауы еш мүмкін емес. Аспандағы айды неге алып бермейсің демейміз, алайда, шама-шарқына қарап әрекет етіп, өз сөзін айтпаса, нағыз ұлтқа жаны ашымас безбүйрек деп соларды айту керек. Қарап қалдық па? Өз даусымызды өзіміз естіртпедік пе? Әлбетте жоқ! Түсінер көңілге біз де айтарымызды сабақтап отырып, ойдағыны шама-шарқымызша көркем сөзбен әдіптеген сияқтымыз, асылында. Әр жылдардағы мақала-толғамдарды тізімдемегенде, әр кезеңдердегі әңгіме, эсселерді қайталамағанда, тіпті, кейінгі 10-15 жылдағы тарихи пьесаларды да тілге тиектемегенде – көлемі 550 беттік «Күлкі мен көз жасы» романын жазып, 2007 жылы баспа арқылы кітап етіп шығарғанымыз алдияр оқырманның есінде болар-ақ! Сол романда біздей пақырыңыз кәмпеске сойқанын да, ашаршылық ылаңын да, тіпті, репресияның қалың қатпарлы қиянаттарын да оқиға астарына орап, кейіпкер көкейіне бөлеп, сөз қиылысына сыналап қалап көрсетіп баққан сияқты ма едік! Біткен соң, әлбетте, желдіртіп сөз қосақтай жөнелу оп-оңай көрінер, сірә! Ауыр жазылды, әрине! Біздей көп жылғы алтын уақыты мемқызметте өтіп жатқан көнтерлі кісіге уақыт тапшылығы өз алдына, ой еркіндігінің шырмауықша оралып, әр сәттерде маталып-тұсала бергені тағы бөлек, қым-қиғаш тарихи аласапырандар мен алапат тартыстарды ауыр оймен аралап өтіп, соған жазушылық көзбен баға беру қиынның қиыны болғанын жасырып қайтелік! Кей күндері жұмыстан оралып, тамақтанып алған соң, түннің бір уағына дейін, әредік таң сыз бергенше үстел үстінде шегеленіппіз – ешкімге міндетіміз жоқ, әрине! Жан қинап жазсақ, өзіміз үшін жазған шығармыз көп болса! Кім оқыды, кім оқымады – оны да тәптіштеп-таразылап жатқымыз жоқ. Айтпағымыз мүлде басқа. Бүгін маған Сөз мырза келіп, өте ауыр сын айтты. Былай деді: «Сендер, жазушылар, тым селқос, барынша болбыр, жұртқа жаны ашымас, мейлінше бойкүйез пендеге айналдыңдар! Осындай мінездеріңнің кесірінен тарихқа кеткен есеміз ескерілмей, жіберілген қателіктеріміздің бағасы берілмей, жабулы қазақ жабулы күйінде жатыр – қашан оянып, елдің есін жиғызасыңдар?..» Осылай деген. Осыны шегелеп тұрып айтқан. Жүрегімді зырқ еткізген. Ау, сонда не тілейді екен мына біздей бейбақ қаламгерлерден? Жазбай жатырмыз ба – жазылды ғой талай дүние! Айтпай жатырмыз ба – айтылды ғой талай ащы әңгіме! Естушің – керең, оқушың –соқырдың кейпіне кіріп кетсе, оған не шара! Оған кім төреші?.. Сөз мырза, құлақ қой, тағы да қайталап айтам: елу жасыма дейін жазып бітірген «Тар дүние» атты трилогияның бірінші кітабы – «Күлкі мен көз жасы» романы секілді көптеген көркем дүниелердің де көз жасы бар! Қазақ бастан кешкен небір қияметтер мен қысталаңдар, зорлық-зомбылықтардың да обалы түптің-түбінде үлкен мінбелерден сұралатыны секілді жазықсыз көз жасының да ақысы сауал болып төбеден төгілері хақ! Өмірде ешқашан ештеңе ұмытылмайды, жоғалмайды және ескірмейді! Бұған имандай кәміл сенімің болсын, Қазағым!!! Сен де сен, Сөз мырза!!!

«...КІЖІНІП ҒҰМЫР КЕШКЕН СОҢ...» (ойсалар)

Тағы да Сөз мырза сөйлеп тұр. Әңгімесі ірі. Кесек-кесек турайды, кеңірдектеп ой лақтырады. Мынаны айтып тұрған: « Қуану азайды, кіжіну көбейді. Шаттану кеміді, ашу тасыды. Екінің бірі артынан кері кетіп, қисая тіл тиектейді. Түсінем. Жетіскеннен бе? Ашу мен кіжіну тектен-тек туа бермесі анық. Бірақ... үнемі кіжініп өмір сүру адамға не бермек? Жарықты жауып - ысырып қойып, тек қараңғыны көруге ынтығу – қаншалық дұрыс? Түсінсем бұйырмасын! Не нәрсе осы?..» Бұл жолы Сөз мырзаның не айтқысы келгенін тез ұға алмадым. Мені де ойландырып тастады. Сонда... адам біткен ренжімесін, кіжінбесін деп ұрандап тұр ма? Өмірдің көлеңке бетін көрмей-ақ қойсын дегені ме? Олай ету мүмкін бе өзі? Е-е, мына сіз бен біз сүріп жақтан сырлы өмір ақ пен қарадан, жақсы мен жаманнан, өтірік пен шындықтан... тұратынын білсе де, білгісі келмегені ме? Өмір деген – ол Өмір ғой! Кіжіндіреді-көңілдендіреді, даттайды-ақтайды, сүріндіреді-тұрғызады... Солай емес пе, Сөз мырза!..

«...АЛ, ӨЗІН СЫНАСАҢ...» (ирония)

Сөз мырзамен кезекті кездесу сәтіміз-ді. Тағы да өзі келген. Тағы да әңгіме тиегін өзі ағытқан. Былай деді: «Кейбір кісілер бар, оларды еш түсініп болмайсың. Бәрін байқағыш. Бәріне баға бергіш. Кемшілікке мүлде қырағы. Сынап сөйлеуге өте шебер-ақ. Ананы да, мынаны да сын садағына алып, кеңірдектеп жатқаны. Тілі де өткір. Осып түседі. Ал, бірақ... сол сабазыңның өз бас кемшілігін айта бастасаң, жатып кеп тулайды. Қара есекке теріс мінеді. Бұл қандай адам, а?..» Ойпырмай, менің де көптен бері ойымда жүрген кермек «құбылысты» қозғағанын қарашы! Солайы солай. Діттеп келгенде, мен сынағышпын дегендердің басым бөлігі бойына кір жуытпайды. Өзі сүттен ақ, судан таза! Бір міні болсашы сабаздың! Қысқасы, ондайларға сөзді шығындап шаршамаңыз. Тек... тыңдай бергейсіз! Солай ма, Сөз мырза?..

«...ҮНСІЗДІК ДАУСЫ!..» (кертолғау)

Сөз мырза тұтқиылдан киліге кетіп, тосын сауалын беріп жатқан. Онсыз да көңіл-күйім жоқ еді, оны тыңдауға да аса самарқаулық байқатқам. Соны сезді ме, тіпті бастырмалатып ала жөнелгені! Былай деп төгілді: «Ел ішіндегі өзің секілді өз сөзін емін-еркін айта алатын, ешкімнен «ақыл сұрай» қоймайтын, жолы да, жөні де біршама «түзу» қайсыбір кісіні байқап-бақылап көрсең де, белсеніп-ақ жүр. Әр-әр жерлерден дауыс шығарып, үн қатысып қояды. Ел жағдайы, саясат пен әлдебір мәселе жайынан пікір қосып, әр қиядан қайырып, іштегісін ашады. Келісетінін де, келіспейтінін де жасырып қалмайды – ағынан жарылады. Әдебиетті айтады, мәдениетті сөз етеді, рух жайынан төгілдіреді – молынан қозғап, тіпті, кем-кетігін алдыңа тартады, мереке-мейрамдар мен олардың маңыздылығы турасында ой бөліседі, жөн-жосығын таразылап-түсіндіріп әлек – ойыңды сілкілеп тастайды. Ал, сен болсаң... үнсіздік үстіне мүлде меңіреу күйдесің! Аузыңа су ұрттап алғандайсың! Айтатындар айта берсін, менің шаруам қанша дегендей сүлесоқтық! Ау, осының дұрыс па? Жөн бе енді...» Көңілсіз жанның жүрек қалтасына қабылдауға қиындау жағдайды қозғап қояр емес! Онсыз да ішіңде бықсып жатқанды түрткілеп, тіліңнің ұшына тартқылайтындай. Жауап қатпасам да болатын ба еді? Үндемей қалудан өткен «тапқырлық» жоқ-ақ шығар қазіргі кезде! Ағыңнан жарыла айтқаныңның бір «қайырымын» ілгектеп ала қойып, (ол да бөтен емес, көбіне өз жаныңдағы «жақсы тілеулі» біреу), тобықтан қағып жіберіп, қарап отыратындар қаншама керісінше! О, оны мейлінше жақсы, тіпті шебер меңгеріп алған «данышпандар» аз ба айналада! Осы күні ең дұрысы, ең қолайлысы да, салмақтап байқасаң, сол емес пе! Бірақ... ішкі үн дабыра салып, дегбірді алып, басқаша дыбыстап болар емес. Сенің үнсіздігің мүлде басқа «тұсау» екенін неге ғана сездіргің келмейді деп дікектеп тұр. Айт, айтсаңшы жауап лебізіңді деп қос тақымдап қояр түрі жоқ. Ал, ендеше тыңда! Мен неге соңғы уақыттарда барынша тартыншақтап, үнсіздіктің ішінен үй тігіп алып, жантаюға бейімделіп барады екем? Уа, Сөз мырза, сен менен өткен талантты да ақылдысың ғой. Сенің «данышпандығыңа» қай кезде де шүбә келтірген кезім жоқ – барлық уақытта алдыңда бас июші ем ғой. Алайда, сенің де сезе бермейтін, байқамай қалатын жағдаяттарың бар болып шықты – соған іштей таңмын. Жалғыз ғана сауалым бар өзіңе. Айтшы, сен үнсіздік даусы дегенді естіп пе ең? Естімегенсің-ау деймін. Ендеше, түсіндіріп өтейін. Жер-жахандағы ең сұмдық дауыс – осы Үнсіздік даусы! Онымен де «ауыратындар», шамасы, аз емес болар! Ол дауыста, тыңдаңыз, бәрі де бар: ашу мен абыржу, ызалану мен ыршу, нала мен нәлет, өкпе мен өкініш, қыжыл мен қобалжу, шарасыздық пен ширығу, әлдену мен әлсіздік, тояттау мен түңілу... Тағы да айта берейін бе? Жоқ, тоқтайын! Бұдан әрі әңгімені созбалап жатпайын. Тек ескертерім: түптің-түбінде осы Үнсіздік даусының мерейі бәрібір, бәрінен де үстем болатындығы... Арғысын, қажет деп тапсаң, ақыл таразысымен салмақтап, өз жөніңмен парықтап ала жатарсың... Чао!!!

«...ҚАРЫЗБЫН КӨЗДІҢ ЖАСЫНА ДА...» (Ана толғауы)

Сөз мырза маған айтты: «Ал, мықтылығыңды алақанға салғандай салмақтап көрейін, Ана туралы көсіле бір толғап байқашы осы жолы...» деді. Қапелімде не дейін! Қалай көсіле жөнелерсің? Сол сәтте неге екені белгісіз, көз алдыма марқұм Анам – Бекзада Шаханқызы келіп тұра қалғаны! Баяғы қалпымен! Мейірімді күлкісімен! Жып-жылы жүзімен! Ал, мен... кіп-кішкентай балақан екенмін деймін. Апам басымнан сипап қойып, «қазір шомылдырамын» дейді. Шешінуді ойлап, іштей қысылып кеткендеймін. Өзім-ақ шомыла берсем ше! Көрініс көз алдымнан аунап кетті, енді, мектептегі кезім екен деймін. Сабақтан ылғи бестік алып, үйге қуанышым қойныма сыймай жүгіріп келе жатқандаймын. «Апа, мен тек бес алдым бүгін...» Анамның жүзінде қуаныш жұпары жайлап бара жатады. Тағы да бұл көрініс аунап кетіп, енді студент кезім... дидарланады. «Апа, мен оқу бітірген соң, дереу елге оралам, сізге тек қана қуаныш сыйлайтын болам...» Анамның дидарында күміс күлкі қалқып тұрып қалады. Тағы да аунап кетіп, кейінгі өмір суреттері тізбектелгенде... анашымның бірде қуанып, бірде қабаржып, бірде күліп, бірде тұнжырап тұрған бейнелері сырғып-сырғып өтіп жатады. Апыр-ай, мына өмірде мен анашымды көп қуанттым ба, жоқ көп қапаландырдым ба? Көзінен қаншама рет мөлдір тамшылар моншақтап тамып кетті екен, а? Тіршілік барлық уақытта мейрам емес! Қуаныш пен күйзеліс, шаттық пен қайғы... қатарласып келіп жатары айна қатесіз ақиқат! Әлбетте, ұлы ретінде барынша, барлық уақытта да асыл анаға тек қуаныш сыйласам екен деп талпынғаным, тырысып баққаным рас! Ой-арманға жеттік пе, жете алмадық па? Бәріне де дана уақыт төреші! Ал, бүгін... 8 наурыз қарсаңында тағы да асыл Анашымды еске алып, сағына сыр төгіп отырған жайым бар. 8 наурызда дүние есігін ашқан еді, тірі болса тоқсан екі жасқа толар еді осы күні! Сексен жасын тойлап болып, ал, енді, тоқсанға жетіңіз, оны да дүркіретіп атап өтеміз дегем, сонда жарықтық ойланып отырып, оны бір Алла біледі ғой деп еді – Алланың берген ғұмыры қысқалау болды. Сіз туралы әркез ойлап отырамыз, Апа! Сізге деген сағыныш бір сәт те бәсеңсіген емес, Апа! Келіндеріңіз, қыздарыңыз, немере-шөберелеріңіз өзіңіз жайлы жыр-дастанды көбірек тыңдағанды ұнатып тұрады – қадіріңіз болар! Қуанышты күндеріңіз көп-ақ болған шығар, Апа! Бірақ, көз жасын еріксіз төгуге тура келген сәттеріңіз мүлде болмады десек, тым асыра сілтеу! Әсіресе, менімен тетелес – Нартай інім он жасында шетінегенде қатты қайғырғаныңыз есімнен шығар ма! Сіздің қайсыбір көз жасыңызға да қарыздармыз, Апа! Ұрпақтарыңыз ешқашан, ешбір жағдайда жылап-сықтамаса екен деп тыртысып-ақ келеміз, Апа! Енді, бұл әңгіменің аяғын жоғары нотамен аяқтасам деймін. Келген ұлық Мереке құтты болсын! Жер бетіндегі барша Аналардың жанарынан ешқашан жас төгілмесін! Аналарға – шаттық өмір! Шат өмір!!! Сөз мырза, Аналар мерекесі қарсаңында бар пейіліммен, мейлінше ақтарыла төгілгенім осы болды. Бұдан әріге шамам жоқ... Кешіргейсің...

«...КӨКТЕМ КЕЛДІ...» (көңіл толқыны)

Сөз мырза, қайда жоғалдың сағымға айналып? Сенің кей-кейде осылай жым-жылас боларың бар, қайтейін! Ал, мен... саған сыр айтсам ба деп едім, басқа жан әлеміме жақын кімім бар дейсің мына бейдауа өмірде! Білесің бе, тап бүгінгі күнді, неге екенін қайдам, биыл тым асыға күттім. Көктем шынымен де барынша ұзап кеткендей көрінді өз көңіліме! Неге? Ол, шамасы, ең алдымен менің ақпан аяғына таман өзімді жайсыз сезініп, қайдағы-жайдағы ескі сырқаттар оянып кетіп, денсаулық сыр беріп, мазамды алғандығынан болды ма? Ол, расымен, ақпанды жеп-жеңіл, лапылдақ көңілмен өткізіп жібере алмай, аяқ астынан аурухана төсегіне таңылып, апталап жатып алғандығымнан болды ма? Биылғы ақпан, жасыратыным жоқ, менің ойымнан шыққан жоқ! Тіпті, айдың құбыжығы сынды, оған жанар тіктемей, көз үстімен қарап, өгей санап, жек көріп қалғанымды да жасыра алман! Жә, бәрін де қойшы, ең бастысы, міне, бүгін жарқырап таң да атты, таңмен таласа көктем де есік қақты – Наурыздың алғашқы күнімен қауыштым. Еңсем көтеріліп, жаным жадырап, жұмысқа да асыға жетіп келгенімді қалай бүркемелеп жатайын! Ойым да жадырап, сезімім де сергектеніп, әп деп жұмыс күнін бастай бере, осы жолдарды жазғым кеп кеткені! Көктем! Мен бұл сыралғы айға қандай ғашықпын десеңші! Көктем мендегі көңіл бөгетін оп-оңай, әп-сәтте, тас-талқан етіп бұза алатын ерекше ай! Баяғыда-а... қазақ университетінің журналистика факультетіне түспекке ниеттеніп, алғашқы шығарма жазуға отырған кезде де көзіме оттай басылғаны – «Көктем» деген еркін тақырып болған-ды. Еш ойланбастан, соны таңдап, ақыр аяғында бестік баға алғанымыз да күні кеше сияқты еді, құдай-ау, одан бері де қырық бес жыл өте шығыпты-ау! Мен үшін көктем айы сол балаң кездегі оған арнап ғашық та асық жүрекпен ағыл-тегіл сыр төккен балауса шығармам сияқты барынша қымбат! Ендеше, қош келдің, Наурыз! Айтпақшы, сенің тағы бір аса қымбат боларың – тап бүгін адамдарға алғыс айту күні екен! Оны да ойымның биік төрінде аялап тұрған жайым бар. Бүгін мені танитын-танымайтын, сыйлайтын-сыйламайтын, түсінетін-түсінбейтін, көретін-көре алмайтын, қысқасы, барша адамдарды алақаныма салғандай аялап тұрып, бәріңізге де іштегі таза ниет-пейіліммен алғыс сезімімді жеткізгім келеді! Аман болайықшы! Ауырмайықшы! Қалғаны... пенделік қоңыртөбел тірлік қой! Сөз мырзам, сен де тыңдап отырған боларсың! Саған да мың алғыс! Менімен біраз жылдан бері сырлас-мұңдас болып, жан сырыңды алғаусыз бөлісіп келе жатқаның үшін...

«...СӨЗ МЫРЗАМЕН ТЕКЕТІРЕС!..» (әзіл-шыны аралас)

Алыстан айбат шеге, мұрты едірейіп, мені басып-жаншып өтердей боп, екпіндеп-ақ келе жатыр екен, қашанғы тайсақтай берейін, қасқая қарап, қарсы алдым оны! Келе сала былай деп әңгіме тиегін ағытты: «Әй, шырағым, өзіңде торғайдың миындай да ми жоқ білем! Тең теңімен, тезек қабымен дегенді неге ұмыттың? Көрпеңе қарап көсілмейсің бе? Елде нең бар, жұртта қандай шаруаң бар? Жазғың келе ме, жаз! Тоқтағың келе ме, тоқта! Қойғың келе ме, қоя сал! Жазушының шаруасы – жазу! Мықты жазсаң – мәртебе! Орташа жазсаң – ол да пайдаға жарап қалар! Ал, енді...одан төмен түсіп жатсаң, өзгеге емес, бір Аллаға ренжі! Қайтесің өзгеге телміріп! Көзіңді сатып!.. Бәрібір сен дәметті екен деп, ешкім де, ешқашан да солқ еткізіп тегін жатқан «олжаны» сүйреп әкеліп бере салмасы анық! Бұл – өмір! Кәдімгі ащы өмір...». Менің де делебем қоза түскен. Сөйлемей-ақ қойсам ба деп ем, бірақ, ішкі дүниемді бірнеңе қытықтап ала жөнелгені. «Сөз мырза, құрылысшы үй салады, сосын оның қалай салынғаны жөнінде сырт көзден ой-пікір сұрайды. Ондағысы мақта дегені емес, кемшілігі болса, келесі жолы қайталамайын дегені емес пе! Суретші сурет салады, сосын ел пікіріне құлақ төсейді – кім не дер екен деп елеңдейді – тағы да өзіне-өзі сын көзбен қарағандағысы. Сазгер ән шығарады, сосын әнін тыңдатып алып, қандай деңгейде екенін білгісі кеп тұрады – тек мақтау тілегені ме? Ендеше, жазушының жазығы не? Ол тоқалдан туып па? Өзгеге иек арта сөйлесе, жағымпаздығы, талантсыздығы немесе тілемпаздығы ма екен?..» Сөз мырза менің бұл уәжіме аса қанағаттанбағандай, иегін әнтек көтеріп тұрып былай деді: « Жазсаң, өзің үшін жаздың! Жақсы ма, жаман ба – оның да бағасын іштей біліп тұрсың! Сөйте тұра неге өзгенің басын қатыруға, неге үндемейсің деп қиялап тартуға, қисая тіл тиектеуге аса құмарсың, а?..». Кезекті маған қарай аударып тастап, қарап тұр. Енді, не дерімді де біле алмай, тосылып қалайын. Осы жоқ жерден тайталас іздеп, тартысқа түсе беруге әу бастан жоқ едім. Оның үстіне ылғи да айтарым «пікір айту мәдениетін жоғалтпайық» болушы еді! Тоқтай салсам ба! Сенікі дұрыс деп бас изеп тұра берсем бе? Жоқ! Бұның да ыңғайсыз жері бар екен. Дар алдында тұрған мүсәпір пендең де ең болмағанда бір ауыз сөзін айтып барып, басын өлімге тікпей ме? Айттым: «Аса мәртебелі Сөз мырза, сені тыңдамай, бас-көзге төпеп, андағайлап шауып ала жөнелген кезім жоқ еді, енді мынаны тыңда! Бар жазығым - ана сүтімен келген кішкене қабілетті қайрап, қал-қадерімше көркем сөз кестелеп, жазушы болуға талпынғаным ба? Бар жазығым – әңгіме, повесть, роман (әрқайсысы бір-бір атан түйеге жүк боларлық сала ) жанрына қалам тербеп байқағаным ба? Бар жазығым – аса асау жанр драматургияға «тәуекел кемесін» салғаным ба? Бар жазығым – тәуелсіздіктің елең-алаңында ақтаңдақтар тақырыбына өзімше «ат қосып», қолда бар дерек-дәйекті өзімше «тірілтіп», алғашқылар сапында кітапқа айналдырғаным ба? Мұқағали ақын айтпақшы «өлмей-ақ жүр ғой өлең жазбаған адам да» деп, тым-тырыс жатып алғаным қалай болатын еді! Мына алмағайып заманда онсыз да қалам ұстағандар саны күрт төмендеп, әсіресе үлкен жанрды «өгейсіткені» өтірік пе?.. Жазығым қайсы? Мінім қай жерде? Ау, әр сөздің де ақ-қарасы болмас па! Обал-сауап ше?..» Сөз мырза енді ғана аз-кем мейірленген сыңайлы. Даусын жылытып, былай деген: «Бір ғана мінің бар егер қабылдай алсаң! Тым аңғалсың! Мейлінше ашықсың! Кеудеңде кейбір айтылуға тиіс емес пікір-сырды сақтау деген жоқ! Аңқылдап сөйлегенің – атаққұмарлықтың «сарайына» жетелеп әкетерін сезбейсің! Сондай ойға соқпақ саларын өлшеп жатпайсың! Екінің бірін өзіңе дос санайсың! Сенгішсің! Үміт күтпейтіннен – үміттенесің! Түсінгісі келмейтінге – түсіндірмек боласың! Жарқылдап отырып, ілік іздегенге ілгек тауып бересің! Адамның бәрін өзіңдей көресің...» Тоқтадым! Тоқтап тұрмын! Тоқтамай ше? Әй, осы мені өлтіретін адам жоқ шығар! Расында да мен... ойыма келгенді дереу халқыма жеткізгенше асығатын осы заманның аңқылдақ-ақымағы болармын, сірә! Бұл сөзіме, титтей де қарсылығым жоқ, рахаттана күліңіздер! Күле бер, адамдар! Тап бүгін өзіңе де бұдан артық не дейін, Сөз мырза?..Сен де күл...

«...КІТАПҚА ОРАЛ!..» (Сөз мырзаның өсиетнамасынан)

«...Мына абыр да сабыр, дабыралы да дүрбелеңді тіршілік атты дүниеңізде ойыңыз онға бөлініп, көңіл кеңістігіңіз тұманданып, бақыр басыңыздан нелер өтпей жатыр дейсіз! Қасыңда ақылшың жоқ, жаныңда ыстық ықыласты жанашыр да көрінбес. Жападан жалғызсың делік. Дос пен қастың арасын дөп басып ажырата алмадың, тілекші мен тобықтан шалушыны шатастырып жүрсің, шың қайсы, шыңырау қайсы - тағы да бас айналар қиналу сәтін бастан кешірген жайың бар делік. Мұндай мұнарлы күндерде кімге, бәлкім неге арқа сүйегенің мақұл? Кім сені қолтықтан демеп жіберер шын жанашыр? Таппай, қатты қиналып жүр ме едің? Ол, шамасы, кітап! Кітаптай таза, кітаптай шыншыл, кітаптай мөлдір, кітаптай әділ, кітаптай ақиқатшылды... қайдан табарсың, уа пендем! Ендеше, кітапқа орал! Кітапқа бас қой! Кітап оқуды қалған тірлігіңе серік ет! Сонда ғана ақиқаттың ақ жолын тауып, болашағыңа батыл қадам жасайсың!..»

«...БОЛУ ЖӘНЕ БОЛА АЛМАУ!..» (Сөз мырзадан тағы бір түйін)

«...Кім-кімнің де алдына қандай да бір мақсат қоймасын, әйтеуір болғысы келіп ұмтылары ақиқат! Болатындар да баршылық! Бола жаздап жүргендер де аз емес! Бола алмағандар да, өкінішке орай, бір төбе! Бірақ... кімнің болғысы келмейді екен? Кімнің ой мен арман биігіне шырқап көтерілгісі жоқ дерсің! Асылы болу мен болмау – өмір қағидасы! Тіршілік өзегі...».

«...ЖАСА, МӘРТЕБЕЛІ МАНСАП!..» (ойсалар)

Сөз мырза осы әлгінде менімен қайта жолығып тұрып, ескі жараның аузын тырналағандай, баяғы әуенге қайта басқаны. Ол айтты: « Саған айтпасам, ішіме сыймай барады, тыңда мені! Осы күнгі адамдар, адам болғанда оқыған, білімді, көргенді көрінетін адамдарды айтам, маған өз биігінен әлдеқашан ысырылып, тым төмендеп кеткендей көрінеді. Неге дейсің бе? Тыңда. Бір танысым бар еді, өткен жылы кісі қызығарлық жап-жақсы лауазымынан босап қалып, қарапайым қызметке тұрақтаған-ды, содан бері тез өзгеріп, мінезі де жайдарыланып сала берген. Қарым-қатынасымыз да оңғарылып, сөзіміз де жарасып кеткен. Е, өмірді енді ғана түсіне бастаған екен ғой деп топшылағам, сөйтсем қателесіппін. Таяуда бағы жанып, қайтадан биіктеу орынтаққа отыра қалмасы бар ма – енді жүрісі де, сөзі де, өзі де қайтадан құбылып сала берген. Әзер тілге келіп, еріне ыңыранып, сұрағыңа жауабы да қысқарып, мүлде басқа кейіпке ауысқан-ды. Сол кезде ойға қалдым. Апырмай, осы мансап деген мыстаның адамды қалай-қалай илеп алады екен, а? Неге ғана әп-сәтте о бастағы өз бейнесінен өзі тұра қашады? Қандай құдіретті едің, мыстан-мансап!..» Осылай деді де, тағы да маған желкесін көрсетіп, кетіп бара жатты. Ойланып мен тұрмын. Мансап! Оу, мансап-еке, мен де сені бір кісідей білемін ғой, ықылым заманнан бері құшағыңда қандай құпияң бар тығып ұстаған? Неткен сұрқия сыр сенікі бітпей қойған? Адамдарды әп-сәтте ойыншық еткеніңді қашан, қай кезде қояр екенсің осы? Әй, қоярмысың? Қоймайсың-ау осы қылығыңды! Ендеше, не дейін саған! Амалым жоқ, өзім де сол бақыр бас көп пенденің бірімін ғой, саған қарап тұрып бірнеңе деп кесіп айтуға болар ма! Не демек керек! Сөз мырза өзіңді мыстан деп мұқатпақ болып кіжінді, мен ондай мінезге басып ожарланбайын. Титтей де қызғанышым жоқ, бар болмысың сол-ақ болса, жаса, жасай бер, мәртебелі Мансап!!!

«...ХАТПЕН, ТЕЛЕФОНМЕН ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІМЕН...» (ойсалар)

Сөз! Сөз достым-ау, тағы нені баста-дың? Мұныңды қалай түсінемін, айтшы өзің? Сен маған кеше былай дедің: « Баяғыда-а... күн көсем Ленин жазушы Горькийді жанына жақын санап, тіпті, жиі сөйлесіп, ақылдасып отырған деседі. Тікмінез Сталин де Булгаковқа телефон соғып, тілдесуге ынталы болған. Шолохов, және басқа да ақын-жазушылармен сөз алмасуға қарсы болмаған. Өткен ғасырда өмір сүрген елжанды азамат Ілияс Омаров ұлт руханиятының танымал тұлғаларымен әлде телефонмен, әлде хатпен байланыс жасап отыруды өзіне абыройлы міндет санапты. Кешегі Өзбекәлі Жәнібеков те солай еді. Біздің тұңғыш Президент Назарбаевтың жанында едәуір уақыт біртуар қаламгер Кекілбаевтың жүргенін де білеміз. Ал, бүгінгі Президент... Тоқаев та өнер-мәдениет саласының белгілі-белгілі тұлғаларымен тығыз байланыс жасап, ой бөлісіп отыруға аса ынталылық байқата бастады – жақсы өнеге емес пе? (Өзі де жазушының ұрпағы ғой). Жалпы, ел билеген және елін сүюге тиіс қандай да бір қолында күші бар би-бағландар халықпен байланыс орнатудан қашқалақтап, тұйықтала бермей, осылай етсе, нұр үстіне нұр! Сен қалай ойлайсың,а?..» Қалай ойлаушы ем, қос қолымды көтеріп қостамаймын ба мұндайды! Саясаттың биік баспалдағында жүрген кез-келген жаны таза азамат бұны құп көрері хақ. Өнер-мәдениет, әдебиет өкілдері, қалай десек те, халықтың арасынан қайнап шығады, етене араласып ғұмыр кешеді, көрген-түйгені мол болады. Хат жазу қазіргі уақытта шетке ығысып, қалып бара жатқан шығар, бірақ телефонмен тілдесуге қандай кедергі бар? Бәрін былай қойғанда, тұрақты жұмыс істейтін, хан мен қараға ортақ әлеуметтік желі бар емес пе! Осы орайда әртүрлі деңгейдегі басшылардың әлеуметтік желіге тіркеліп, телефонын жариялап, тіпті өз сайтын ашуы – замана талабы ғана емес, билік пен халық арасындағы алтын көпір болары ақиқаттың ақиқаты! (Тек ашып алып, жауап бермей отырып алмаса болғаны да). Айналып келгенде, ат төбеліндей ғана ұлт екенбіз, «бас-басына би болмай», бәріміз бір болып, елдіктің бейбіт туын жоғары көтере алсақ, мәртебесін асқақтата алсақ – басқа қандай арман керек!!! Сөз мырза, менің де жансарайымдағы жалқы ой – осы!!!

575 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз