• Тарих толқынында
  • 02 Наурыз, 2020

ЕҢ АЛҒАШҚЫ ЖӘНЕ ЕҢ ҰЛЫ ТҮРКОЛОГ

Жанғара Дәдебаев, филология ғылымдарының докторы, профессор

Түркология ғылымы – әлемдік ғылыми ойдың телегей-теңіз іспетті ең ірі саласы. Махмұт Қашқари (Махмұт ибн ал-Хұсейн ибн Мұхаммед ал-Қашқари) – осы ғылымның негізін қалаған ғұлама, дүние-әлемдегі ең алғашқы және ең ұлы түрколог. Ғұламаның Қашқари аталуы оның Қашғарда білім алып, сонда тұруымен байланысты. Атамекені – Баласағұн, Барысхан, Талас, Шу өңірі.Өмір сүрген кезеңі – 1029-1101 (1029/1030-1126/1127) жылдар шамасы. Махмұт Қашқаридың жарық дүниеге келгеніне 2019 жылы 990 жылдың жүзі болды.

«Түрк тілдерінің сөздігі» екі тілде (түрк-араб) түзілген сөздік қана емес, ол – анықтамалық, түсіндірмелік, талдамалық, зерттеушілік сипатта жазылған іргелі ғылыми еңбек. Онда орта ғасырдағы түрк тайпа-ұлыстарының әрқайсысының және бәріне ортақ сөздік қоры, қоныстанған аймағы, тарихы, географиясы, этног-рафиясы, сөз өнері туралы ғылыми маңызы зор мәліметтер жинақталған, түрк тілдерінің ғылыми жүйесі, түрк тілдерінің тарихи фонетикасы мен тарихи грамматикасының ғылыми си-паттамалары, түрк әлемінің картасы берілген. М.Қашқари «Түрк тілдерінің сөздігі» еңбегімен түрк халықтарының лингвистика, әдебиеттану, тарих, деректану, мәдениеттану, этнография, фольклористика сияқты ғылым бағыттарының негізін жасады. «Түрк тілдерінің сөздігі» 1915-1917 жылдары Түркияда үш том болып жарық көрді. Осы басылым негізінде Сөздік 1928 жылы неміс тіліне аударылып, баспадан басылып шықты, 1939-1941 жылдары Сөздіктің түрік тілінде үш томдық аудармасы мен бір томдық түпнұсқасы және үш томдағы барлық сөздердің бір томдық тізімі (индексі) жарияланды. Сөздік өзбек тілінде 1960-1963 жылдары жарық көрді, ондағы сөздердің тізімі (индексі) 1967 жылы жеке том болып шықты. Сөздік 1982-1984 жылдары Қытайда ұйғыр тілінде Шынжаң баспасынан басылып шықты, осы жылдары ағылшын тілінде жарияланды, қазақ тілінде А.Егеубаевтың аудармасында 1997-1998 жылдары үш том болып баспадан шықты. Сөздіктің орыс тіліндегі аудармасы 2006 жылы жарық көрді, аударған, алғысөзі мен түсініктерін жазған З. – А. М. Әуезова. Индексін Р. Эрмерс түзген. Сөздіктің қолжазбасын түрік ғалымы Али Эмри 1914-1915 жылдары Стамбул қаласындағы ескі кітаптар базарынан көріп, сатып алады. Сөздікте оны Мұхаммед бин Әбу Бәкір ибн Әбдулфатх деген тәңірдің құлы М.Қашқаридың өз қолымен жазылған қолжазба нұсқадан 664 жылы (1266 жылы) көшіріп жазғаны туралы мәлімет сақталған екен. Қолжазба бүгінде Стамбул кітапханасында Али Эмри қорында сақтаулы. Али Эмри сөздікті ретке келтіруді Килисли Рифат деген мұғалімге тапсырады. Килисли Рифат (1873-1953) Түркияның Килисли деген қаласында дүниеге келген, сонда бастауыш білім алған, 1888 жылы Стамбулдың мұғалімдер даярлайтын мектебін бітіріп, мектептер мен лицейлерде араб, түрік тілдерін оқытқан, одан кейін Стамбул университетінің әдебиет факультеті мен заң факультетінде қатар оқып, екі мамандық бойынша жоғары білім алған жоғары білікті ұстаз еді. Сонымен қатар, ол түрік әдебиетінің тарихы бойынша көптеген еңбектер жазған, араб, парсы тілдерінен түрік тіліне бірталай әдеби ескерткіштерді аударған белгілі ғалым, аудармашы еді. Али Эмридің тапсырмасын орындауға Килисли Рифат құлшына кірісіп, сөздікті ретке келтіреді, баспаға дайындайды. Махмұт Қашқаридың «Түрк тілдерінің сөздігі» еңбегінің Стамбулдың ескі кітаптар базарынан табылуы, оны Килисли Рифаттың ретке келтіріп, баспаға дайындауы, Стамбулда баспадан басылып шығуы (1915-1917) түркология ғылымының тарихындағы теңдесі жоқ тамаша жетістік болды. В.В. Бартольдтің 1921 жылы Ресей Археологиялық қоғамының Шығыс бөлімшесінде жасаған «ХІ ғасырдағы түрік-араб сөздігі» деп аталатын баяндамасы Махмұт Қашқаридың Сөздігін тануға арналған алғашқы ғылыми еңбек еді. В.В. Бартольд Махмұт Қашқаридың Сөздігіне ғылыми сипаттама берумен бірге ондағы тарихи, географиялық, этнографиялық және басқа бай материалдарды Орта Азияның түркі халықтарының тарихы бойынша он екі лекциясының басты дерек көзі ретінде пайдаланды. Осы лекцияларын В.В. Бартольд 1926 жылы Стамбул университетінде оқыды. В.В. Бартольд осы дерек көздеріне сүйене отырып, Орта Азия халықтарының тарихы мен мәдениеті туралы маңызды ғылыми нәтижелерге қол жеткізді. «Түрк тілдерінің сөздігі» кітабындағы бай дерек көздері В.В. Бартольдтің лекцияларының ғылыми танымдық маңызын байытқан басты негіз қызметін атқарды. Ғалым «Түрік-монғол халықтырының тарихы» деген атпен 1926-1927 оқу жылында Ташкентте оқыған лекциялар курсын дайындау барысындағы ғылыми ізденістерінде де Махмұт Қашқаридың сөздігін басты дерек көзі ретінде пайдаланды. Осылайша, ХІ ғасыр ескерткіші «Түрк тілдерінің сөздігі» ХХ ғасырдың басында тюркология ғылымының дамуына соны серпін берді. Түрк тілі мен әдебиеті туралы «Түрк тілдерінің сөздігінің» Стамбулда табылғанын Халел Досмұхаммедұлына дүние соғысының алдында ғана (1914) біреу хат жазып білдірген. Халел Досмұхаммедұлы бұл кітапты көруге асығып, Стамбулдағы әріптестеріне сол сәтінде хат жазып, олардан кітап туралы толық мағлұмат сұраған екен. Бірақ 1914-1918 жылдары Түркия шекарасы жабылып, Халел Досмұхаммедұлы өз хатына жауап ала алмаған. Түрік ға-лымдары «Түрк тілдерінің сөздігі» қолжазбасының жанып болмаса өртеніп жоғалуынан қауіптеніп, баспадан бас-тырып шығаруға асыққан. Халел Досмұхаммедұлы «Диуани лұғат ат-Түрік» (Шолпан. – 1923. - № 6, 7, 8) атты мақаласында Қашқари сөздігінің Стамбулда жарық көруіне байланысты: «Түрік азаматтарының білімге, түрік ұлтының тілі һәм әдебиетіне мынадай назар салғандықтарына қуанышымыз қойнымызға сыймай отыр», – деп жазды, одан ары қарай бірнеше маңызды пікір түйіп, терең ой қорытты. Сөздіктің авторы туралы мынадай ой айтты: «Диуани лұғат ат-түрктің» шығарушысы – Махмұд бин ал-Хұсейн бин Махмұд ал-Қашғари деген түрк ғалымы. Бұл адамның аты бұрынғы ескі тарих кітаптарында көрінген жоқ еді. Тәржіме халі (биографиясы) туралы сөздер өз кітабынан ғана табылып отыр. Бұл адам – 999-ыншы жылдан 1212-нші жылға дейін Күн батыс, Күн шығыс Түркістанды билеп тұрған «Қараханы» түрк хандарының ең күшті болып, дәуірлері жүріп тұрған заманда болған адам. Атасы Хасен «түркше аты «Бехрикин» осы қараханылардың атақты бектерінен болған. Бұл «Бехрикин» осы күнгі Ыссықкөлдің күн батыс пен оңтүстік арасының жағасындағы «Барсхан» шаһарында болған. Кітаптың шығарушысы Махмұдтың туған, кіндік кесіп, кір жуған жері, ата қонысы Ыссықкөл жағасы Барысхан шаһары болады. Махмұд Қашғари Азиядағы түрк бектерінен, әскериінен, ғалым, шайырларының (ақын) алдыңғы қатарынан болған. Өзінің өмірін түрк қауымдары арасында, түрлі түрк рулары ішінде өткізген. Өзін «Қашғари» (Қашғарлық) деп атағанынан, Қашғар хандарымен болған сұхбаттарын жазғанынан оның Қашғарда өмірін өткізгендігі білінеді... Бұл түрк ғалымы, түрк қаһарман бегі Бағдад халифасының алдына барған». Халел Досмұхаммедұлы Сөздікте жазылған мәліметтерге сүйене отырып, бірнеше нақты және дәлелді пікір негіздейді: а) сөздік авторының ата-тегі; ә) туған жері; б) тұрған жері. Осы үш мәселеге қатысты түрлі кезеңнің ғалымдары түрліше болжам айтады. Халел Досмұхамедұлының пікірінде қапы жоқ. Біз осы пікірді негізді деп білеміз. Халел Досмұхаммедұлы сөздік туралы, оның авторы туралы ойларын тарата келіп, ойын тиянақты жинақтайды, құнды қорытынды жасайды. Сондай қорытындының бірі мынадай: «Қалай болса да біздің мынаны айтуға шамамыз келеді: Түрік қауымының тіл, әдебиет һам мәдениет тарихы үшін 1889-ыншы жылы Орхон жағалауларында Ядринцев тапқан, Томсен, Радлов һам басқа ғалымдар тарапынан үйреніліп, нәшр етілген, барлық мәдениет, хан дүниесінің назарын өзіне қаратқан, хан ерлерінің фікірін алыстырған (өзгерткен) ескі түрік, Орхон «бітіктастары» қандай аһамиаты болса, Махмут Қашғари кітабының да аһмиаты сондай. Махмут Қашғаридың түрік қауымына, өз ұлтына мунасабаты Күлтегін, Білге хандардың мунасабатындай һәм түрк руларын, түрк тілін білуі, әсіресе, білімі олардан артық болған». Халел Досмұхаммедұлының қо-рытынды ойында мынадай тағы үш мәселенің басы ашық: а)Махмұт Қаш-қаридың кітабының маңызы мен мәнінің жоғарылығы; ә)Махмұт Қаш-қаридың өз қауымына, өз ұлтына құрметі мен сүйіспеншілігінің зор екендігі; б)Мах-мұт Қашқаридың білімі мен білігінің артықтығы. Халел Досмұхаммедұлының тағы бір пікіріне назар аударайық: «Махмуд Қашғари Тянь-Шань үстінде һәм оның екі жағында оғыз, шігіл, йағма, тухси, қырғыз, ұйғыр, қыпшақ, йамақ, басмыл, татар, башқұрт, булғар, қарлұк, сияқты түрк қауымдарының тілдері тақаррабаты осы соңғы заманда Радлов кітаптарында жазылғандай қылып татбики (сравнительная) фонетикасын береді. Түрк тіршілігінің һәр жағынан алынған һәр түрлі 238 шамалы таза түрк өлеңдері һәм 270 шамалы мақалдар, өте көп сөйлемдер келтіреді. Әсіресе, Махмуд Қашғаридың түрлі рулардың ләһже (наречие) айырмалары туралы берген мағлұматы өте қымбатты». «Түрк тілдерінің сөздігінде», соңғы заманда Радлов кітаптарында жазылғандай, орта ғасырлардағы түркі тілдерінің (оғыз, шігіл, йағма, тухси, қырғыз, ұйғыр, қыпшақ, йамақ, басмыл, татар, башқұрт, бұлғар, қарлұқ) салыстырмалы фонетикасының, лексико-логиясының, грамматикасының ғылыми сипаттамасының берілуі – теңдесі жоқ іргелі ғылыми-зерттеу нәтижесі. Сөздік авторы түрік сөздерін түзгенде қолданылатын негізгі әріптер саны он сегіз екенін, бұлардан басқа жазуда жоқ, ауызша қолданылатын, негізгі әріптердің қатарына қосылмайтын жеті әріп барын көрсетеді. Түрк тілінде жазылған еңбек-тер бұларсыз оқылмайтынын айтады. Бұл жеті әріп негізгі әріптерге ұқсас жазылатынын, олардан шекесіне ноқат белгілер қойылып ажыратылатынын көрнекі түсіндіреді. Түрк қағандары қадым замандардан бері хат-хабарларын, кітаптарын осы әріптермен жазған. Сонымен қатар, М.Қашқари ұйғырлардың тілі де түркше екені, түрк жазуын қолданатыны, әйтсе де олардың бұдан басқа бір жазуы бары, бір-бірімен өзгеше бір тілмен сөйлесетіні туралы мәліметтер береді. Ғұлама ғалым тіл тазалығы туралы өзіне дейін ешкімнің ойына келмеген ой айтады, «ең ашық-айқын әрі тура-түзу тіл – тек бір ғана тілді біліп, тек сол тілде ғана сөйлейтін, өзге тілде сөйлейтін елдермен барыс-келіс жасамайтын, араласпайтын кісілердің тілі» екендігі туралы тұжырым жасайды. Екі тіл білетін және өзге тілде сөйлейтін басқа елдердің адамдарымен араласып қалған кісілердің тілінде бұзықтық барын ескертеді. Еңбектің маңызды құндылықтарының тағы бірі – онда бүтін түрк тілдеріндегі негізгі қағидалар мен ережелер ғылыми жүйеде негізделген. Осылардың бәрі автордың ғылыми танымының тереңдігі, ойлау кеңістігінің кеңдігі, жүйелілігі туралы пікір түюге негіз болады. Тарихи, ғылыми маңызы жағынан М.Қашқаридың бұл зерттеуімен тең түсер басқа ғылыми еңбек түркология тарихында жоқ. Ал, енді, ХІ ғасырдағы түрк халықтарының әдебиеті мен мәдениетінің таңғажайып тамаша ескерткіштері іспетті «238 шамалы таза түрк өлеңдері һәм 270 шамалы мақалдар» - баламасы жоқ рухани байлық. Бұлардың үстінде тарихи аңыздар, болған оқиғалардың баяны, қанатты сөздер, әдет-ғұрып, салт-сана деректері бар. М.Қашқари еңбегі Қарахандар дәуіріндегі түркі халықтарының дүниетанымын, философиясын, тарихын, әлеуметтік жүйесін, тілі мен әдебиетін, мәдениетін, этнологиясын, географиясын, түрк мемлекеттігін зерттеудің баға жетпес құнды дерек көзіне айналды. Бүгінде түрк әдебиеті мен мәдение-тінің ең байырғы ескерткіштері ретінде «Шу қаған», «Ер Тоңға» дастандары аталады. Түрік әдебиеті мен өзбек әдебиетінде бұл дастандардың толық мәтіндері түзіліп, халықтың игілігіне ұсынылды. Аталған ескерткіштердің мәтіні де М.Қашқари жинаған және өз еңбегінде мысал түрінде берген мәліметтер мен деректерге негізделеді. М.Қашқари заманында, Х-ХІ ғасырларда Алып Ер Тоңға, Шу қаған туралы жыр, аңыздар желісі үзілмегенге ұқсайды. Афрасиаб пен Алып Ер Тоңғаның бір тұлға екені туралы мәлімет – М.Қашқари сөздігінің айрықша тарихи маңызы барын білдіретін қалың деректердің бірі. Алып Ер Тоңға туралы мәліметтің М.Қашқаридың сөздігіне дейін Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» даста-нында айтылуы Алып Ер Тоңға мен Афрасиабтың бір ғана тарихи тұлға екені туралы мәліметтің тарихи шындыққа негізделгеніне жеткілікті негіз болады. М.Қашқаридың атамекені – Барсхан қаласы. Барсхан – Тараз қаласының шығысында, Ыстықкөлдің күнгей тарапында. Қаланы Афрасиабтың ұлы Барсхан салдырған. Барсхан осы қалада тұрған. М.Қашқари бұл қаланы өзінің әкесінің қаласы екенін жазады. Ұлы ғұламаның әкесі Хұсейн ибн Мұхаммед – Барсханда дүниеге келген, қарахандар әулетінен, түптегі – Афрасиабтан, Мавераннахр өлкесін өзіне қаратқан Жүсіп Бура Қараханның немересі, Барысханның әкімі, әкесінің (Мұхаммед ибн Жүсіп Қадырхан Бура Қараханның) көзі тірісінде оның орнына хан тағына отырған. Мемлекеттің шамшырағы (Шамсидавла) Арыслан Елік деген лақабы болған. Анасы Бибі Рабия ханым – өз заманындағы аса білімді әйелдердің бірі. М.Қашқари еңбегін қазақ тіліне аударған аудармашы, ақын, ғалым, профессор Асқар Егеубай оның авторы жөнінде былай деді: «Ата-тегінің шыққан жері, өзінің өсіп-өнген жері... – Баласағұн, Барсхан жері. Өзі де Талас, Шу топырағында, Барсхан қаласында дүниеге келген». Бұл пікір Х.Досмұхаммедұлының тұжырымдарымен негіздес және М.Қаш-қаридың өз сөзімен де үндес. Қарахандар мемлекеті туралы ғылы-ми негіздемені ғылыми айналымға В.В.Григорьев енгізді. М.Қашқари Қарахандар мемлекетінің бас қала-ларының бірі, шығыстағы астанасы Қашқарда қызмет еткен. Қашқар – хан ордасы, Орда кент деп аталған. Ауасы таза болғандықтан, хан осы жерде тұрған. Бұл дәстүр Афрасиабтан Қарахандар мемлекетінің хандарына дейін жалғасқан. Қарахандар қағанатының екі қанаты болды: шығыс қағанат; батыс қағанат. Жоғарғы билік Арыстан Қара-қаған лақабымен аталатын шығыс қағанат ханында болды, хан ордасы Баласағұн еді. Батыс қағанаттың ордасы Таразда тұрды, батыс қағанат хандары Бура Қара-қаған лақабымен аталды. М.Қашқари, өзінің айтуына қара-ғанда, түрктен шыққан, асыл текті, аса білімді, өте шешен сөйлеп, түсінікті жазған адам екен. Сонымен қатар, ол асқан найзагер болған. Ғұлама өзінің тегінің асылдығын тектен-тек айтпаған. Зерттеушілердің пікірінше, Махмұт Қашқари – Қарахандар мемлекетінің хан-дарының тұяғы. Ибн ал-Асирдің және басқалардың мәліметтеріне қарағанда, ол – Хұсейін-ханның ұлы, Мұхаммед Бура-ханның немересі, Юсуф Қадырханның шөбересі, Абул Хасан Харун ибн Сүлей-мен Бура-ханның неменесі. Махмұт Қашқари бектің, ханның баласы, ханның немересі, ханның шө-бересі болғанмен, өмірде көптеген қиыншылықтар көрген. 1056 жылы Қашқарда билік басына Махмұт Қаш-қаридың атасы Мұхаммед Бурахан келеді, бір жылдан астам уақыт өткенде, ол хандық билікті Барсханның әмірі болып тұрған ұлы Хұсейінге беру туралы шешім қабылдайды. Хан тағына Махмұт Қашқаридың әкесі Хұсейін отырады. Ханның бұл шешімінен оның кіші ханымының ішінде дұшпандық оты лап етіп жанып, хан сарайын өрт алды. Көп ұзамай Қашқар билігінің басындағы әкелі-балалы Мұхаммед Бурахан мен Хұсейін, Мұхаммед Бураханның бір туған бауыры Арслан-хан бин Жүсіп дұшпандардың қастандығынан өлім тапты. Атасы Мұхаммед Бурахан мен әкесі Хұсейін өлгенде, Махмұт Қашқари жас жігіт еді. Қарахандар әулетінің ішінде та-лас-тартыс, ұрыс-соғыс етек алады. Оның кейбір сұрапыл суреттері Ибн ал-Асирдің «ал-Камил фи-т-таʻрих» кітабында көрініс тапты. Махмұт Қашқари 1057 жылы Қашқардан қашып шығуға мәжбүр болды. Қашқардан Мавераннахрға, Бағдатқа дейінгі ел-жұртты аралап, болашақ кітабына қажетті материалдарды жинады, білімін жетілдірді, біліктілігін арттырды. Махмұт Қашқари ата-баба жолымен мемлекеттік билікке талпынбаған, қызықпаған, ғылым, білім жолын таңдаған және бұл жолдағы қиындық-тардың бәрін де жеңе білген. Ол ойына алған ғылыми еңбегіне қажетті мәліметтерді жинауға көп уақыт, үлкен күш-қайрат жұмсаған, ұзақ жылдар бейнет шеккен. Сөздікте түрк тілдерінің фонетикасы, лексикасы, морфологиясы, синтаксисі халық ауыз әдебиетінің, дәстүрлі мәде-ниетінің аса мол үлгілерінің негізінде салыстырмалы түрде сараланды, түрк халқының сөздік қоры, сөздерінің қасиет, құпиялары, шығу тегі анықталды. Түрк тілдерінің сөздік қорындағы сөздердің қалың қатары (7500 сөз шамасында) тізіліп, әр сөздің араб тіліндегі ау-дармасы қатар түзілді. Әр сөздің ма-ғынасына тиісті ғылыми түсініктер берілді. Мысалы, жад сөзіне мынадай түсінік беріледі: «Жаңбыр, жел, сондай құбылыстарды шақыру үшін жады тастардың жәрдемімен дұғалау. Бұл әдет түрктер арасында көп тараған. Мен мұндайды йағмалардың ішінде көп көрдім, оларда өрт шыққанда өртті тоқтату үшін солай істеп еді. Ұлы тәңірінің құдіретімен жазда қар жауды. Көз алдымда өрт сөнді». Берілген түсініктің өзегінде автордың ел аралап жүріп тапқан, сұрап білген, өз көзімен көрген жайлары бірдей қамтылған. Нақты шындық, сөздің көзден таса құбылыстарға әсерінің нәтижесі, олардың арасындағы байланыстар, сабақтастықтар сыры бары анық сипатталған. Бүгінде ондай сырлы құбылыстардың мәнісін білу оңай емес. Сан қырлы, түрлі сипатты ұлан-ғайыр жұмыстардың орындалуына автордың білімі мен білігі, өз зерттеу нысанына, туған халқының тіліне, сөз өнеріне, өмір-тарихына, келешегіне деген құрметі мен сүйіспеншілігі негіз болды. М.Қашқари «Түрк» деген есімді Ұлы Тәңірінің өзі қойғанына назар аударады. «Түрк – Тәңірі жарылқаушы Нұқтың ұлының есімі. Бұл – Тәңірдің Нұқтың ұлы Түрк балаларына берген есімі. Оның әулеті де түрк деп аталады», – дейді. Түрік әулеті туралы ойын тарата отырып, автор пайғамбарымыздың айтуы бойынша сақталған нақыл-насихат сөзін келтіреді: «Ұлы Тәңірі: «Менің бір тайпа қосыным бар, оларды түрк деп атадым. Оларды күншығысқа орналастырдым. Бір ұлысқа ашуланып, назалансам, түрктерді соларға қарсы саламын», – депті». М.Қашқаридың «Түрк тілдерінің сөздігі» /«Диуани лұғат ит-түрк»/ «Диван лұғат ат-Түрк» – ХІ ғасырдың ескерткіші, екі тілде (түрік және араб) түзілген. Сөздік, зерттеушілердің бол-жауынша, 464/1072 және 466/1074 жылдар аралығында автордың төрт рет редакциялауынан өткен. «Кітапты... төрт мәрте қайта жазып уа түзегеннен кейін 466 жылы... бітірдім», – дейді сөздіктің авторы. Кітап, осылайша, 1074 жылы жазылып бітті. Кітап авторы түрк тілдерінің сөздерін жинап, топтастырды, қағидалары мен мән-мағыналарын баяндады, олардың арасындағы айырма-шылықтарды парықтап салыстырып, талдап-түсіндірді, тиісті бөлімдерге саралап түсірді, әуелде алдына қойған мақсатына жетті, тілегі орындалды. Кітаптың жазылып біткен жылын 466/1074 жыл емес, 476/1083 жыл екені, автордың өз сөздігін 1072, 1076, 1077, 1083 жылдары өңдеп, редакциялағаны туралы болжам жасаушылар бар. Олар өз болжамдарын ғылыми негізде тиянақтап, қисынын келтіреді. Біз сөздіктің жазылып біткен мерзімін автордың өз қолымен жазып қалдырған, Халел Досмұхаммедұлы көрсеткен жылға сай қабылдауды дұрыс көреміз. «Түрк тілдерінің сөздігі» кітабының қай жерде жазылғаны туралы да зерттеушілер арасында түрлі болжамдар бар. Бұл жерде Махмұт Қашқаридың өз сөздігін жазу барысындағы еңбегінің мынадай кезеңдерін есте ұстаған абзал: а) еңбекті жазуға қажетті мәліметтерді, деректерді іздеу, табу, жазып алу, жинау; ә) жинаған мәліметтерді ғылыми пайымдаудың методологиялық жолдарын, амалдары мен тәсілдерін негіздеу; б) жазып, жинаған мәліметтерді, деректерді методологиялық жүйеге түсіру; в) жазып алынған, жиналған және методологиялық жүйеге түсірілген мәліметтер, деректер негізінде түркше-арабша сөздік жасау; г) түркше-арабша түзілген сөздіктің әр сөзіне анықтама, түсінік беру, ғылыми сипаттама жазу. «Түрк тілдерінің сөздігі» кітабының жазылуы дегенде, біздің ойымызда автор еңбегінің осындай кезеңдерінің бәрі тұрады. Автордың өз еңбегін Қашқарда немесе Барсханда, болмаса Баласағұн мен Таразда, Бұхара мен Нишапурда, Исфаханда немесе Бағдатта жазғаны туралы ойлар негізсіз емес. Махмұт Қашқари бұл еңбегін жазуға бүкіл өмірін арнады және осы еңбегін жазуға қажетті мәліметтер мен деректерді белгілі бір қаладағы кітапханада отырып іздеген жоқ, күн батыста – Рұмға, күн шығыста Қытайға дейінгі ұлан байтақ жерді алып жатқан түрк елінің ауылдары мен аймақтарын, далалары мен қалаларын, түрк халықтарымен шектес тұрған ел мен жерді жаяу аралап, шарлап жүріп, бір талдап жазып жинады. «Түрк тілдерінің сөздігі» кітабының қай сөзі, қай бөлімі қай қалада немесе қай далада жазылғанын анықтау оңайға түспейді. Сондықтан, ғұлама өз еңбегін Қашқарда бастап, Баласағұн мен Барсханда жалғастырды, Іле, Шу, Талас бойларындағы бір ауылдарда толықтырып, бір қалаларда өңдеді, Исфаханда немесе Бағдатта соңғы нүктесін қойды деу де, Қашқарда бастап, Бағдатта аяқтады деу де қисынсыз емес. Сонымен қатар, мұндай пікір айту үшін нақты, бұлтартпас дерек қажет екені де түсінікті. Дұрысы – сөздіктің жазылып біткен жылы туралы да, жазылған жері туралы да Халел Досмұхаммедұлының сөзіне тоқтау. В.В.Бартольд М.Қашқаридың өз еңбегін Бағдатта аяқтап, Аббасидтердің халифі Әбіл-Қасым Абдоллах әл-Мұқтадиге алып келгені туралы дерек береді. Халиф Бағдат кітапханасының қызметкерлерін шақырып алып, М.Қашқаридың еңбегін бірнеше дана етіп көшіртіп жаздырған. «Түрк тілдерінің сөздігі» туралы зерттеу жазған авторлардың бірі А.Б.Халидов өзінің «Ысқақ әл-Фара-би мен Махмұт әл-Кашқаридың сөз-діктері» деп аталатын еңбегінде Мах-мұт Қашқаридың алдына қойған ғы-лыми «мақсатына толық жеткенін, бірақ басқа жағынан анық сәтсіздікке ұшырағанын» жазды. А.Б.Халидов ай-тып отырған «сәтсіздігінің» мәнісін М.Қашқаридың бұл еңбегін «қоғамдық мойындау» болмағанымен, оның еңбе-гін «өз замандастарынан ешкімнің баға-ламағанымен» түсіндірді. Бұл түсінікте А.Б. Халидовтың М.Қашқари мен оның еңбегіне деген көзқарасы көрініс тапқан. А.Б. Халидовтың сөзінде түркологтар қоғамы «мойындайтындай» негіз жоқ екенін айтқан дұрыс. «Түрк тілдерінің сөздігі» сияқты тұтас түрк жұртының игілігіне, түркология ғылымының алғашқы ескерткішіне, баға жетпес құндылығына айналған жәдігерді «қоғамдық мойындаудың болмауы» «Түрк тілдерінің сөздігі» кітабының да, оның авторы М.Қашқаридың да «сәтсіздігі» емес. «Түрк тілдерінің сөз-дігі» кітабы да, оның авторы М.Қашқари да А.Б.Халидов айтып отырған «сәтсіз-діктен» биік, жоғары. «Түрк тілдерінің сөздігі» секілді ғылыми негізі берік энциклопедиялық еңбек түркі жұртының орта ғасырда дамыған мәдениеті, ғылымы мен білімі болғанын көрсетеді. Махмұт Қашқари осындай әлеуметтік ортада қалыптасты, «Түрк тілдерінің сөздігі» осындай әлеуметтік ортада туды. Мұның «өзі мәдени, тарихи жақтан муһим бір факт болады». «Түрк тілдерінің сөздігі» кітабының авторы орта ғасырдағы түрк мәдениеті мен тарихын, әдебиеті мен тілін терең білумен қатар араб, парсы мәдениетін, араб, парсы тілдерін, әдебиетін, бұл салалардағы ғылым жетістіктерін жете меңгерген. Ғалым сөздік құрамындағы сегіз кітап пен олардың бөлімдерінің атауларын араб тілі бойынша зерттеу еңбектерде қабылданған, ғылыми қа-уымға таныс терминдермен атағанын жазады. Сөздік түзілген екі тілді, түрк-араб тілдерін, жарыса парлап аққан екі сәйгүлікке балағанда, өзінің ана тіліне деген мақтаныш сезімін де білдіргенге ұқсайды. «Бұл кісі Дажле, Ефрат жағасында тұрып, мұндай қылып құр көңілмен өз ұлтын мақтауы һәм өз ұлтының тілін, әдебиетін араб тілі, құран һәм араб әдебиетімен «қатар жарысып барған ат» деп жарыстыруы, әрине, өз елінде, Қашғар һәм Түркістанда, мәдени сүйеніші, арқа таянышы болған себебінен болады. «Диуан лұғат ат-түрк» шынымен осыны «лұғат» кітабы сыйдырған шамада ашып береді. Бұл кітаптан біз ол замандағы түрк дәулеттерінің ішкі түзілісін, түрктердің иқтисадий, ижтимаий тіршіліктерін, дін, иғтиқадтарын, түрлі тарихи хикая, ғанғаналарын, түрлі шаһар-қыстақтарын, жайлау-қыстауларын, мадди һәм рухани мәдениетін үйренеміз. Мұнан да артық керекті болғаны, әрине, тіл һәм әдебиет жағы». Халел Досмұхаммедұлының мақа-ласына орала беруіміздің мәнісі – онда «Түрк тілдерінің сөздігі» туралы қазақ ғылымында алғаш рет және ғылыми тұрғыда мейлінше орнықты, дәлелді, негізді ойлардың тұтас бір жүйесі берілген. Сонымен қатар, автор өз пікірлерін М.Қашқари мен оның еңбегіне деген шынайы құрметімен сабақтас өреді. Бүгінгі және келер ұрпақ үшін бұл – өте қымбат құндылық. Халел Досмұхаммедұлының мақала-сында көтерілген мәселелер және олар туралы тұжырымдардың, ойлар мен пікірлердің ғылыми маңызы зор. М.Қашқаридың өмірі мен еңбегі туралы ғасырлар бойы жазылып, жинақталған ғылыми ойлардың қорында Халел Досмұхаммедұлының тұжырымдары, пікірлері күні бүгінге дейін өзекті. «Түрк тілдерінің сөздігі» кітабында түрк сөзінің бай қоры, өзіне тән ерекшеліктері, құлаққа жағымды, жүрек-ке жылы тиетін қасиеттері, сонымен қатар түрк жұртының тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, кәсібі, наным-сенімдері, дәстүрлері, тарихы мен дүниетанымы, өнері мен мәдениеті, әдебиеті, рухани құндылықтары туралы аса мол деректер мен мәліметтер жинақталған. Сөздікте түрк тілдес халықтардың, ертедегі ру-тайпалардың тұрмыс-тіршілігі мен салт-санасының барлық салалары бойынша мәліметтер әрбір жекелеген сөз, атау негізінде нақты мысалдар арқылы беріледі. Мысалы, сөздікте отыздан астам ауру түрлері аталады, оларды емдеу жолдары көрсетіледі, екі жүзден астам дәрі аталады, оларды пайдалану жолдары туралы мәліметтер, кеңестер беріледі. Сол сияқты тау мен дала, өзен, көл, дария, теңіз, бұлақ, шөл, ауылдар мен қалалар, қыстақтар мен жайлаулар, сай-салалар, ру-тайпалар, туыстық, жекжаттық түрлері, лауазымдар, атақ-тар, лақаптар, мінез-құлық, дене мү-шелері, жан-жануарлар, аңдар мен құстар, жәндіктер, тағам, сусын, астық, өсімдіктер, дәнді дақылдар, көлік, үй-жай, киім-кешек, ойын-сауық, қайғы-мұң, наным-сенім, өнер, білім, ауру, дәрі, шаруашылық, кәсіп, еңбек, қару-жарақ, соғыс, аспан денелері, жыл, жыл мезгілдері, ай, апта, күн, уақыт, мерзім және басқа заттар, нәрселер, құбылыстар атаулары бойынша берілген мәліметтер, аңыздар, жырлар, өлеңдер, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, ақпараттар, анықтамалар, талдаулар, пайымдаулар – түрк халықтарының тарихының, мате-риалдық және рухани мәдениетінің теңдесі жоқ құнды дерек көздері. Махмұт Қашқари – заманындағы теңдесі жоқ түрколог, шығыс тілдерінің, шығыс тарихының білгірі, араб тілін ана тіліндей меңгерген тілші, тіл мен әдебиет теориясын терең білген білімдар, тарихшы және географ, фольклорист және этнограф, энциклопедиялық білім иесі. Сонымен қатар, ол – болашақ еңбегі үшін түрк халықтары тілдерінің әрқайсысының сөздік қорын толық қамтитын материалдарды өз аяғымен жүріп, өз қолымен жинаған ерен еңбекқор, әр тілдің әрбір кішігірім айыр-машылықтарына дейін парықтап біліп, оларды көңіліне ұялатып, берік сақтаған ойшыл, теңіздей шалқыған білім мен білік тапқан данышпан. Автор өзінің еңбегі туралы: «Бұл бір мәңгілік жәдігерлік уа таусылмас-түгесілмес, азып-тозбас бір байлық болсын деп, бір Тәңірге сыйынып, осы кітапты түзіп шықтым да, оған «Диуани лұғат-ит-түрк» деген ат бердім», – дейді. «Түрк тілдерінің сөздігі», автордың шығармашылық ұстанымына сәйкес, сегіз кітаптан тұрады. Әр кітап іштей тиісті бөлімдерге бөлінеді. Ойларының түсінікті және айқын болуы үшін, автор араб тіл біліміндегі белгілі атауларды қолданады. Ал, сөздіктің қорын анық-тауға келгенде, өз ұстанымына сәйкес таңдау жасайды. Мысалы, ал Халил «Китаб ал-Айн» сөздігінде белгілі бір кезең кеңістігінде қолданыста бар сөздерді де, қолданыстан шығып қалған, қолданылмайтын сөздерді де ескеретін болса, М.Қашқари өз сөздігіне негіз етіп түрік халықтарының ру-тайпаларының, ауыл-аймақтарын жаяу аралап жүріп жинаған сөздерінің бәрін емес, тұрмыста қолданылатындарын ғана алған. Қолданыстағы сөздердің өзін автор белгілі бір ұстаным тұрғысынан іріктеуден өткізген. Мысалы, мұсылман түріктері елдеріндегі таулардың, шөл-дердің, ойпаттардың, дариялар мен көлдердің аттарының қатарынан кең танымал болғандарын алып, онша белгілі болмағандарын, сондай-ақ, түрік тілдеріне кейін кірген сөздерді кітапқа енгізбеген. Тұтынушылардың талаптары тұрғысынан келгенде, М.Қашқаридың бұл шешімі ғылыми және практикалық маңызы жағынан бірдей бағалы және орынды. Автор сөздікке енген сөздерді жұрт-тың қызығып пайдалануын көздеген. Осы ұстаным жүйесінде бірқатар қағидалар түзіп, өлшем үлгілерін жасайды, әр тайпаның тілінен сөз жасауға негіз болған түбір сөздерді алады. Сөздіктің құрылым жүйесін, негізге алған ұстанымдарын, қағидаларын сипаттай отырып, М.Қашқари өзінің оқушыларын екі топқа бөледі: а)ілгері асқандар; ә)өрлеп-өсу ниетіндегілер және бұлардың әрқайсысы үшін өз еңбе-гінің пайдалы, игілікті болуын есте ұстайды. «Сондықтан, сөздің қысқасы жақсы, – дейді ол, – ілгері кеткендерге тура нышан көрсетіп, кең жол ашып беру үшін, өрлеп-өсу ниетіндегілерге саты қойып беру үшін, осыларды істедім». М.Қашқаридың өмір бойы ерінбей еңбек етіп, бейнет кешіп жүріп бітірген ісі – елге, елдің өсер өркеніне игілікті болатын білім мен білік қорын жасағаны. М.Қашқаридың танымы бойынша, дүниеде адамзат үшін ең маңызды, ең мағыналы, ең мәнді, құтты байлық – білім мен білік байлығы. Ақыл-ой, ғалым, данышпан ұғымдары білім, білік байлығымен сабақтас парықталады. Білім мен білік жоқ жерде адамның өмірі мәнсіз, мағынасыз. Құт белгісі білім екені, әдептіліктің басы тіл екені туралы ойлар желісі халық даналығының басты арнасынан таралады. Ғұлама халық қазынасының осы арнасынан мынадай даналық сөз табады: Ұлым, үгіт алғын: Біліксіздік – қатер, Ақылды ақыл алады, – деген даналық сөз айтады. «Адам дүние табады, тапқан дүниесін не өзі жұмсамайды, не өзгеге бермейді, дүниесіне дүние қосылмай қалса, жылап жібереді. Жылап жүріп алтын жинайды. Ақырында өзі кетіп, алтынын артында қалдырады», «Дүниеге бой алдырған адамның мінезі бұзылады. Егер ондай адамның көзі дүниеге түссе, онда ол дүниеге түлкіге түскен бүркіттей ұмтылады» секілді ойларда халық даналығының жарқылы жанар жасқардай інжу-маржаны жатыр. Адам өмірінің өтпелілігі, дүниенің ғапылдығы мен жалғандығы туралы әлемнің түрлі халықтарының даналық сөздерінде айтылған. Махмұт Қашқаридың еңбегіндегі мына сөздің жөні бөлек. Көрнекті қазақ ғалымы, данышпандық ойдың маманы, философ М.С. Орынбеков М.Қашқари сөздігіндегі осындай сөздердің өзегінде жатқан ой сарындарын сопылық философиямен байланыстырады. Сопылық филосо-фияның халық даналығының осын-дай мәнімен байланысты туып, қа-лыптасқаны, өз кезегінде халық дана-лығының өзекті желілерінің біріне айналғаны негізсіз емес. Қураған ағаш иілмес, Иілген жақ жазылмас – деген қанатты сөздің философиялық мәні зор, сыртқы ажар-көркі мінсіз. Тұрмыстағы қарапайым нәрселердің, заттардың нақты, деректі сипаттары, белгілері арқылы шығармашылық ойлаудың шырқау биігіне шарықтайтын қуатты ой түю халық даналығының ерекше және ерен үлгісі екенінде сөз жоқ. Жұп ұғымдардың мағыналық-құрылымдық жүйесіндегі өлшем мен мөлшердің өзінде өлшеуге сыймас поэтикалық қуат жатыр. Күміс күнге қонса, Алтын аяғымен келер, – деген сөздің ажары, мазмұны мен пішіні жайында да осыны айтуға болады: ажары ашық, мазмұны бай, пішіні көркем. Бірөңкей келісіммен керемет жарасып тұр. Абай айтқан «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы» дегеніміз осындай болса керек. Мына сөздің мағынасында да терең мән бар: Адам – бір үрілген қап, Аузы ашылып, алқыйар. Адам болмысы туралы әлем халық-тары аз айтқан жоқ. Соған қарамастан түрк халықтарының мына сөзі олардан биік. Адамның өзгеруге тиіс, бірақ өзгермейтін пенделігін Абайдың: «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы», – деп сипаттауы М.Қашқаридан беріде. Адам М.Қашқари заманынан Абай заманына дейін аздап өзгерген, Абай заманынан біздің заманымызға дейін де біршама өзгергенге ұқсайды. Бірақ түпнегіз әуелгі қалпында. М.Қашқари халықтың даналық сөздерін ел аузынан жинап, таңдама-лыларын өзінің сөздігіне енгізгенде, олардың түпнегізіне, сыртқы сұлулығы мен ішкі байлығына ерекше мән береді, ғылыми саралау мен бағалау құзіретінің кемелдігін көрсетеді. Сөздік авторы қалдырған шығармашылық еңбек үлгісінің бірі – түрк сөздерін араб тіліне мазмұн байлығын азайтпай, пішін сұлулығын бұзбай келісті аударған шеберлігі. Ғұлама өз білгендерін өзгелердің білуіне, олардың өз білгендерін кейін-гілерге жеткізуіне зор көңіл бөледі. «Түрк халықтарының, – дейді ол, – көрген-білгендерін толғайтын ақын мен жыраулардан, қайғылы уа қуанышты күндерде шыққан мағынасы терең мақал-мәтелдерден мысалдар келтірдім, енді мұны пайдаланғандар кейінгілерге, олар өздерінен кейінгілерге жеткізсін». Автордың кітапты жазудағы мақсаты асыл. Түрк жұрты, түрк жұртының өскен және өсер өркені үшін мәңгілік мұра, таусылып-түгесілмес, азып-тозбас байлық болса екен деген мақсатпен көп жылдар бейнет шегіп, «Түрк тілдерінің сөздігі» секілді энциклопедиялық еңбек жазу – Махмұт Қашқаридың туған халқына деген құрметінің, ойлаудағы құзіреттілігі мен жүйеге жүйріктігінің, таным байлығының, даналық болмы-сының, кемел адамшылық қасиетінің жарқын көрінісі. Махмұт Қашқаридың «Түрк тілде-рінің сөздігі» автордың алдан күткен үмітін жандырғандай болып, түрк жұртының өскен және өсер өркені үшін мәңгілік мұра, таусылмас-түгесілмес, азбас-тозбас рухани байлыққа айналды. Оны бүгін «пайдаланғандар кейінгілерге, олар өздерінен кейінгілерге жеткізсін».

4499 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз