• Тарих толқынында
  • 02 Наурыз, 2020

АБАЙДЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТАНЫМЫ

Құрмет Қабылғазыұлы, абайтанушы

Ұлы Абайдың экономикалық танымын өз алдына дара тақырып есебінде зерттеуді кездестіре қоймағандаймыз. Абайдың тұтас идеясын немесе оның өмірдің белгілі саласына көзқарасын, мысалы, философиялық көзқарасын сөз еткендерінде, зерттеушілер оның экономикаға танымын көбінесе ойшылдың бойкүйездіктен арылып, еңбекке шақыру, жалаң малшылықты доғарып, қолөнермен айналысу, сауда-саттыққа араласу, егін салуға үгіттеу сынды дәріптемелері шеңберінде бақылап, пайымдайды. Оның өзі жасаған қоғам экономикасын қалай түсінгенін, экономикалық өмірдің кейбір заңдылықтарын қалай танығанын ішкерілей зерттеп, оны экономикалық теория биігінен көре алмайды. Абай танымын тек сөз жүзінде түсінеді және түсіндіреді.

Абайдың экономикалық танымы да, оның басқа көзқарас-танымдары сияқты, оның тұтас шығармашылық өрнегінің бір тілін құрап, оған мықтап сіңірілген. Десе де, Абайдың экономикалық пайымдары ойшылдың өлеңдерінен гөрі, қара сөздерінде анығырақ һәм жеттігірек жеткізілгенге ұқсайды. Қара сөздерінің ішінде бірнешеуі, мысалы үшінші сөз, он бірінші сөз, отыз үшінші сөз, қырық екінші сөз, осы тақырыпқа арналады. Сондай-ақ, Абай қара сөздерінің 1890,1898 жылдар аралығында жазылғандығын ескерсек, қара сөздерінің Абайдың жан-жақтылы түсінік-танымының пісіп, ой өрісінің кеңіген кездерінің жемісі екендігін аңғарамыз. Абай қара сөздері, көп санды зерттеушілердің танымындағыдай, өлеңдерінің толықтырушысы ғана емес, өлеңдерімен үзеңгілес және үндес жататын прозалық шығармалары саналады. «Кейбір қара сөздерінде бұрынғы өлеңдерінде айтылатын ойлары қарапайым, жеңіл, оңай ұғымдармен қайтадан айтылады». «1891жылдан кейін өлеңмен айтпақ болған сөздерінің талайын қара сөз үгітіне айналдырып жіберген. Кей уақытта бірталай өлеңдерін сол қара сөзде айтқан пікірлерінен шығарып, өлең қылып кеткені де бар». Демек, Абайдың екі жанрдағы шығармалары бірімен бірі үндесіп, сыбайласып жатады, өзара толықтасып, ұқсас ойды басқаша жолмен жеткізеді. Академик Мұхтар Әуезовтың: Абай «қара сөздерінің бағасы – Абай заманындағы жағдайды, тарихтық шындықты өз қалпында бұлжытпай толық танытып береді» деп көрсеткеніндей, Абай қара сөздерінде қазақтың кезіндегі экономикалық тірлігі баяғы бейнесінде дәл жеткізе бейнеленеді. Абай өз елінің экономикалық формациясын таниды, оның ішкі ерекшеліктерін ажыратады. Абай жасаған мезгілде қазақтың тарихи қалыптасқан қоғамдық құрылымы мен экономикалық формациясының іргесі сөгіле қоймаған кезі болатын. Россия қазақты тұтасымен жаулап алғанымен, оның шаруашылық жүргізу тетіктері мен формалары қазақтың шаруашылық тәсілін толық қарымына алып кете алмаған-ды. Оның үстіне, Шар үкіметінің өзінің жаңа отары – Қазақстан сынды елде экономикалық өзгеріс жасап, оның тұрмыс-тіршілігін жандандыру құлқы да жоқ болатын. Ол күллі Қазақ даласын өзінің жаңа тепсіп келе жатқан өнеркәсіп капиталы қажетсінетін мал, тері, жүн-жұрқа сынды шикізаттарды алатын алаңы деп қана санайтын. Мұнымен қоса, қазақ экономикасының ішкі бөлігінен өзіндегі дәстүрлі формацияны бұзып-бүлдіретін фактор әзірге туындамаған еді. Сонымен, маусым айналымына ілесіп, даланың от пен суына бағып көшіп-қонумен жалғасын тауып келе жатқан жаратылыстық экономиканың керегесі тым бекем еді. Абай өз дәуіріндегі қазақ экономикасын «жаратылыстық экономика» деп дәп басып атамаса да, оның біріншіден, табиғатқа сүйенген, екіншіден, жалаң да тұйық экономика екендігін жете пайымдайды. Мәселен, Абай бірде қыс, жаз, күз, жазғытұрым мезгілдеріндегі табиғат пыйғылын, малшы күйін суреттеу арқылы мал шаруашылығы тағдырының табиғатқа бағыныштылығын, табиғат жадыраса мал күйінің жақсарып, малшы дидарының жадырай түсерін, табиғат сүркей тартса, мал шаруашылығы тынысының тарылып, малшы күйінің мүшкілдерін аса тартымды баяндаса, бірде жалаң да тұйық экономика, оның бар мазмұны мал басын өсіру ғана, «әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларымдікі де көп болса дейді, …әрбір қазақтың ойы осы,…төрт аяқты малды көбейткеннен басқа ой жоқ,…басқа тірліктің, егін-сауданың керегі жоқ» (үшінші сөз) деп көрсетеді. Жаратылыстық экономикада шаруашылық мақсаты абстракттанбай, тым нақтылы болатындықтан, осы нақтылы мақсатқа құрылған өндіріс те әрдайым әуелгі деңгей және шеңберде қайталана береді. Абай жаратылыстық экономиканың осы қасиетін де байқайды. «Мал көбейткен қазақ малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ» (үшінші сөз), «ол малды суармақ, тойғызбақ, саудасын жиғызбақ, күзеттірмек, бақтырмақ, ұры-бөрі, қыс, суық, сұғанақ – солардан сақтанбақ, солардан сақтарлық кісі таппақ» (сегізінші сөз), ал, былайғы жұрт «ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ аңдып, болмаса сөз аңдып... пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар» (қырық екінші сөз) деп, бай қазақтың барға мәз тұтып, қолындағы барын ептеп молайтып, жай қазақтың басқа харекетті өзі ашуға немесе басқа жақтан үйренуге ниет етпей, қазақ экономикасының әуелгі шеңберде, деңгейде тұйық қайталанып жатқандығын дұрыс таниды. Сонымен бірге, «қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ» (жиырма алтыншы сөз), «өзара жауығып, бірін бірі аңдып» (жиырма төртінші сөз), «бірінің біріне қаскүнем болмағының» (үшінші сөз) себебі де шаруашылық жүргізудің тар өрісте тұйық айналатындығында деп біледі. «Малдан айырылғандар көбейсе қыстауы босар еді деп, ол мені кедей болса екен деп, мен ананы кедей болса екен деп, әуелде ішімізден қас сағындық. Әрберден соң сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластық» (үшінші сөз), мұның бәрі «жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүргендігінен» (жиырма төртінші сөз) туындап отыр деп көрсетіп, жауласу мен топшылдықты тұйық та тар өрісті экономикадағы шекті байлыққа деген таластың барлыққа келтіріп отырғандығын тұжырымдайды. Байлықты басқалай тәсілдермен немесе басқа жақтардан молықтырудың көзі ашылмаған жағдайда, мәнсап пен билік қазақ сахарасындағы бірден-бір байлық есебінде танылатын малды оңай және молырақ иелеудің ең ұтымды жолы болып қалған-ды. Абай «осындай қастарға сөзім өтімді болсын және де ептеп мал жиюға күшім жетімді болсын деп, қызметке, болыстық, билікке таластық» (үшінші сөз) деп билікті монополиялаудың мал табу жолын монополиялау болып қалыптасқандығының сырын ашады да, мұның төркінін де жаратылыстық экономикаға, ондағы шаруашылық жүргізу тәсілінің мешеулігіне апарып сайдырады. Екі беткейлік, ұрлық, парақорлық, алдамшылық сықылды жаман әдеттердің де осы шекті байлыққа деген тойымсыз талпыныстан бастау алып жатқандығын айтады. Абай қара сөздерінде жұмыссыздық көп ретте сөз болады. Абай қазақтың ел қыдырып, сөз қуып, «өзінің азды-көптісін біреуге қоса салып, көре жүр, көздей жүр деп басын босатып алып, сөз аңдып, тамақ аңдып, ел кезіп» (қырық екінші сөз) бос тентіреп жүретіндігін сынайды және мұның да өндірістің жалаңдығына сілтейді. «Eгер егін салса, иа, саудаға салынса қолы тиерме еді» (қырық екінші сөз) деген салмақты сауал тастайды. Сонымен бірге, жұмыссыздықтың пәленің басы екендігін, «жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» деп бойкүйездік, рухани салғырттық, бояма кербездік сынды пәлелердің сонан туындайтындығын жете ұғынады. Абайдың өз тұсындағы қазақтың экономикалық халын, сондағы экономиканың сыйпатын түсінгендігінен оның осы экономиканы өзгерту санасы да күшті болды. Абай қазақтың шаруашылық тірлігіне бұрылыс жасаудың тетігі, экономиканың тұйық қалпын бұзу мен шаруашылық жүргізудің жалаңдығынан арылу деп тапты. Бұл дәріптемелерін қара сөздерінде бастан ақыр жалғастырып отырады. Мұнда ол дүние осы кеңдікте екен деп «өз елімен, өз жерімен ойрандасып» (жиырма екінші сөз), «өзара қажалыспай жүріп, көруді» (отыз үшінші сөз), өзге ұлттардан ғылым, өнер, мал табудың басқаша жолдарын үйренуді, «хиқмет те, мал да, өнер де, ғылым да бәрі орыста зор» (жиырма бесінші сөз) екендігін көрсетіп, өте-мөте орысты үлгі тұтып, малды бөтен жақтан іздеуді, экономиканы ашық үлгіге беттетуді ұсынады. «Жоқ қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қылып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістетерлік күн боларма екен?» (жиырма төртінші сөз) деп көкірегі қарс айырыла арман етеді. «Мал табудың» қазақтағы жалғыз аяқ жолының ұзаққа апармайтындығына көз жеткізген Абай, экономиканы көп бағыттауды, шаруашылық тәсілін молайтуды кірісе қуаттайды. Қазақты бөтен ұлттармен салыстырып, «олардан үлкен байлар, үлкен моллалар көп шығатындығының, салтанат-әсем де соларда болатындығының» себебі, олардың «еңбек қылып, мал табудың жолын білгендігін» (екінші сөз) – мал табудың қазақтан басқа жолын білгендігінен деп тұжырып, өндірістің басқа түрлеріне түрен салуды ұсынады. Осы ретте, «алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі, қазақтың әулиесі сол» (отыз үшінші сөз) деп қолөнершілікке, «түбінде баянды еңбек егін салған» (отыз үшінші сөз) деп егіншілікке, «егіннің ебін, сауданың тегін үйреніп мал ізде», «өнер – өзі де мал» (отыз сегізінші сөз) деп сауда-саттыққа бейімделуге, техника игеруге кеңес береді, соған қузайды. Мұнан ары Абай осының барлығының еңбекке тоқтайтындығын қорытады, барлық қоғамдық байлықтың еңбек пен басқа факторлардың бірігуінің жемісі екендігіне көз жеткізген ол, еңбекті және еңбеккерлікті тым жоғары бағалайды. «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, ретін тауып істесе, кім бай болмайды?» (үшінші сөз) деп қорытындылайды. «Өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң қара жер де береді, құр тастамайды» (төртінші сөз), «малды не жерден сұрау керек, не терден сұрау керек қой» (жиырма тоғызыншы сөз) деп батыс классикалық саяси-экономияның негізін қалаушы Уиллиям Петтидің «жер–байлықтың анасы, еңбек байлықтың атасы» деген ұлағатты тәлімін қазақша қайталағандай болады. Қазақ тірлігінің күйсіздігін, еңбексіздік, жалқаулықпен байланыстыра қарап, жұртты ендігі жерде «адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қылуға» (алтыншы сөз) шақырады. Абай төңірегіндегі қоғамдық реалдықты зерделеу барысында, өз тұсындағы қазақ экономикасының сыйпаты мен ерекшеліктерін танып, білу, оның озық үлгіге, игі бағытқа бейімдеуді үйретумен қатар, экономиканың ішінара заңдылықтарын немесе экономикадағы заңды болмыстарды байқай алды. Абай сол тұстағы экономикалық қыймылдардың өзінен экономиканың ең ірі заңдарының бірі – сұраныс пен ұсыныстың қатынасы заңдылығын таныды. Ол мәлім түрдегі экономикалық байлықтың санының молайғандығына қарап, оған сұраныстың кемитіндігін, оның бағасының құнсызданатынын, «кедей көп болса, ақысы кем болар еді, малдан айырылғандар көбейсе, қыстауы босар еді деп....әуелде ішімізден қас сағындық» (үшінші сөз) деп, еңбек күштің көбеюімен оған болған қажетсінудің кеміп, оның бағасының (ақысының) арзанға тоқтайтындығын, малдан айырылғандар көбейсе, қыстауға болған сұраныстың кеміп, босаған қыстаудың молаятындығын, мұнда бір шарттас заңдылық барын бағамдайды. Мұнан сырт, Абайдың еңбектің адамның психологиялық жүктемесін жеңілдету қасиеті барын білуі (төртінші сөз: «әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады»), әрқандай байлықтың тең мәнділігін тануы (алтыншы сөз: «малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады») сыңайлы танымдары да оның ішінара экономикалық заңдылықтарды әйбат аңғарғандығын деректесе керек. Абай экономикалық психология тақырыбында адам қажетін екі жікке тұрғызады. Ол адам баласының «ішсем, жесем, ұйықтасам» дейтін қажеттері «бұлар тәннің құмары», «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» дейтін қажеттері «мұның бірі жан құмары» деп түсіндіреді (жетінші сөз). Демек, Абай адам қажетінің бір сыдырғы еместігін, сондай-ақ осы екі қажеттің (құмардың) тең мәнде еместігін «тән құмарының» (адамзаттың бірінші қажетінің) төмен сатыда және негіздік орында екендігін, ал, «жан құмарының» (екінші қажеттің) тән құмарына (бірінші қажетке) сүйеніп, және онан жоғары сатыда тұратындығын тұрақтандырады. «Бұлар (тән құмары) болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, әм өзі өспейді, қуат таппайды» (жетінші сөз), «аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын!» (жиырма бесінші сөз) деп пайымдайды. Теңгермешіліктің теріс әсерін ұғынуы да Абайдың көрегендігі саналуы тиіс. Абай «қазақ ойлайды, бірлік, ат ортақ, ас ортақ, киім-дәулет ортақ болса екен дейді» (алтыншы сөз) деп қазақтың алға ұмтылмауының, өз күшіне сүйеніп тірлік қылу ниетіне келе бермейтіндігінің бір бастауының осы теңгермешілікте екенін «олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не зиян» (алтыншы сөз) деген сауалмен түйеді. Қазақтың керенау, жігерсіз, табансыз, бойкүйез мінездемелерін ашып, сергектікке, қайраттылыққа, байламдылыққа, жапакештікке тәрбие айтуы, тапқан малды игі мақсатқа жұмсап, қызығын көруді қуаттауы да Абайдың осы аталған қасиеттерді тұрмыстың молшылығы мен тіршіліктің жаңғыруына бастайтын ізгі әдеттер деп түсінген экономикалық таным-түйсігі саналары хақ. Абай дәуіріндегі қазақ эконо-микасының тар өрістілігі мен бір сарындылығынан, ойшылдың экономикалық танымдары мазмұн жағынан тым кең өріс аша алмайды. Абай оларды белгілі биіктен күзетіп, олардың мәні мен себебін, ықпалы мен нәтижесін теориялық тұрғыдан және де тереңдей, арнаулы зерделеуге мүмкіндік ала алмайды. Десе де, Абайдың экономикалық танымдары қазақтың экономикалық теория тарихында маңызды орын алары сөзсіз.

442 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз