• Еркін ой мінбері
  • 25 Наурыз, 2020

ҚАЗАҚ ҚАСІРЕТІНІҢ ТАМЫРШЫСЫ

Қайсар ӘЛІМ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты

Жазғандарын сырттай ғана байыппен бақылап, шығармаларына деген сүйінішіңді өзге түгілі өзіңнен де жасырып, санаңда қымтап ұстап жүрсең де, «мені айт, мені айт» деп үнемі байыз тапқызбайтын, жаныңа жақын, бірақ, мәлім де беймәлім астарлы, сыры бөлек һәм сағындыра түсетін, әлемі әлдилі жазушылар болады екен. Өз басым қазіргі кездегі сондай қаламгерлердің бірегейлерінің бірі ретінде жазушы Нұрдәулет Ақышты ұялмай атай аламын! Расына жүгінсем, оның әрбір туындысын бақайшағына дейін бұтарлап оқыдым деуден аулақпын. Бірақ, неге екені белгісіз, «Қиянда» атты алғашқы әңгімесі балауса сезімді түрткілеген оптимистік сарынымен есімде қалыпты. Таза өмірдің таңғы шықтай мөп-мөлдір мәйекті маржандары көкірек көмбесінде әлі күнге жалтырай түсетіндей... Көңіл кірлетпейтін неткен кәделі сый десейші... Қазір байқасақ, шығармашылықтың тұма бастауында өмірді ар безбенімен саралай білудің кәдуілгідей көнтерлі де көркем, кернеулі тәсілдерінен үзіліп түскен асыл тасты моншақтар екен-ау! Жылтыраққа кім қызықпайды? Әсілі, ішкі мазмұн жарқылын айтсайшы. Бар гәп осында екен. Нұрдәулет шығармаларының одан бергі де, кейінгі үрдістегі топталған туындыларының назарымызды ұдайы аударып келе жатқандығына негізгі себеп – осы көркем шығарманы өмірге әкелу жолындағы талғампаздығы ма десек, еш қателеспес едік. Мәселен, «Жұмбақ іздер», «Үндемейтін ұл», «Қиырдан келген көгершін», «Сынық домбыраның сазы», «Таң алдындағы дабыл», «Жатақхана қыздары», «Ұры қыздың тағдыры», т.б. кітаптарының аттарынан аңғарылып тұрғанындай, әрқайсысының оқиғалары мен тақырыптық мазмұны да әралуандық көркемдік шешімімен біте қайнасып, оқырмандарды ұстараның жүзінде ұстағандай, қылпылдата ойлантып отырады. Осы себептен де, жазушы Нұрдәулет әдеби ортада «тақырып тамыршысы» аталып, лайықты бағасын алып келе жатқанына көп болды. Оның әрбір туындысы «нендей тақырыптың иін қандырды екен?» деп ынтызар көңілмен күтілетінінің сыры осында болса керек. Міне, Н.Ақыштың кезекті кітабы «Рақымсыз көктем» деп аталады екен. Оған осы аттас хикаямен қатар «Қалмақтан қашқан Қыстаубай», «Сұлу үшін сабалған», «Соғыстан соңғы үйлену» әңгімелері топтастырылыпты. Бәрін бір деммен оқып шығып, жазушының қазақ әдебиетінің алтын қоржынына сүбелі үлес қосқанының тағы бір дәлелдеріне қанағаттанып қалдық. Сонымен, «Рақымсыз көктем» хикаясы несімен құнды? Алдымен, тақырыбы сонылығы өз алдына орай оқуға құлшындырса, әп деп бастағаннан қилы тағдыр илеуіндегі сұмдықтардың әсерінен шыға алмай қаласыз. Өмір шындығын көркемдік тұрғыда да қабылдаудың әркез оңай бола бермейтіні аян ғой. Бұл хикаяға еліміздің шекаралық аудандарының бірінде өткен ғасырдың отызыншы жылдары болған қасіретті оқиға негізге алыныпты. Шығарманың идеялық мақсаты – кеңестік қызыл империяның қазақ халқына жасаған зорлық-зомбылығын көркем ойлар жүйесі арқылы көрсету. Тосын сюжеттік құбылыстар ауыр ойға жетелей отырып, еңсені түсіргенімен, болашақ күндердің жарқын шақтарына деген ой-мұрат, аңсар-арман алға жетелеу сезімімен жазушы шеберлігінің шыңына сүйсіндіре түседі. Міне, бұл көркем қиялдың емес, өмірлік нақты бүтін болмыстың ащы жиынтығына суарылған композициялық шешімнің шынайылығының белгісі болса керек. Оқырманның оқу үстіндегі әлемтапырықтанған көңіл-күйінің сабасынан асып, түйсік қалтқысында ойналмалы күй кешуінің де жойқын қалтарысты сыры осындай тосын тақырып ұсынған сый-таралғы болғаны ақиқат. Қазақ қандай құқайды көрмеген? Қаншеңгелді қырғынның қасақана ұйымдастырылған кезекті ойранында қолдан жасалған «басмашылармен» – бейбіт тұрғындардың тағдырымен от көсеу шайқасында бір сержант Лужков оққа ұшады. Соның кегін алу керек! Кейін осы бір ғана адамның қазасы – көп қазақтың, дәрменсіз бейшара жандардың қырғынына түрткі болады. Зұлмат зорлыққа басқан адам кейпіндегі қызыл әскершілердің айуандық қылықтарынан жан түршігеді. Жас ананың құрсағындағы шарананың өзін тірі қалдырмаудың қамындағы жосықсыздық төбе шашты тік тұрғызады... Жылдар өтеді. Қызыл империя кезеңінің кірпішешендей жиырылған саясаты салтанат құрып тұрған шағында әлгі қаншама қазақтың қанын судай ағызуға себепші болған Лужков атты қызыл солдатқа ауылдан асқақтатып ескерткіш соғылады. Сана тұмшаланғандықтың кесепаты ғой, бәрі түйсікке кеш жетеді. «Атаңа нәлет-ай, білмегенімізді қарашы!.. Біздің ата-апаларымыздың қанын ішкен екен ғой бұл Лужков! Біз оған ескерткіш орнатып, әспеттеп жүрсек!»– деп кіжінді бір ер мұғалім. Хикаяның соңғы түйінінде аңғал қазақтардың сан соқтырған саясатқа қаншама жыл қаншалықты адал жүрекпен қызмет етіп келгендігі былайша бетке басылады. Тұтастай ұлттың ар-ұяты мен намысының табанда тапталғандығының көрінісі мынау: «...әлгі Лужковқа орнатылған ескерткіштің қылшығы да қисаймапты. Сол баяғы көрініс – сол сержанттың кегі үшін қарадай қырылған жазықсыз жандардың бүгінгі ұрпақтары гүл қойып, күтіп-баптап дегендей, өз сенімдеріне адалдық танытып жатыр екен. Тіпті осы ауылда туып-өскен Жанар деген жас ақын қыз «Отанның азаттығы үшін қаза тапқан батырға» деген өлең де шығарыпты...» Ал керек болса, көк аспан айналып жерге түскендей екен... Аталмыш хикаяны оқып түгескенде, талантты қаламгердің, адамның іс-әрекетін, ішкі дүниесін әлдебір қоғамдық құбылыстың зардабы ретінде, яғни, адамды болмыстың проекциясы ретінде көрсете алғандығына тәнті боламыз. Жазушы шеберлігінің бір ерекшелігі осында. Бұл ретте Н.Ақыштың көркемдік шеберлігінен басқа, өмірге жақын, онда да өз ұлтына етене, әсіресе халқының тағдыр-талайын, жерінің табиғатын, елінің болмысын өзге қаламгерлер бара қоймайтын тосын қырынан, нанымды көрсетуінен туғандықтан, қазіргі әдебиеттің табысы деп бағалауға әбден болар еді. Демек бұл – жазушы жанрды емес, жанр жазушыны таңдап алатын ұтқыр да кесек мінезді таланттың айрықша қыры іспетті. Көрнекті қаламгер, білікті ғалым Н.Ақыштың өз сөзіне жүгінер болсақ, қазіргі тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиеттің алдындағы қадау-қадау міндеттер былайша түйінделер еді. «Отаршылдықтан зардап шеккен қандай жұрттың да алдыңғы ойлы азаматтары азаттықты, тәуелсіздікті аңсап, отаршылдықты сынап өткен. Біздің әдебиетті жасаушы тегеурінді буынның алдында да сондай міндет тұрды. Ең алдымен, ұлттық еркіндікті ашып айтудың мүмкіндігінің пайда болуы – осы тәуелсіздіктің берген құқығы». Осындай өмірлік кредосына адалдық пен сергектік танытып келе жатқан қарымды қаламгердің бұл туындысы өркеші биік, өрелі шығарма екенін тағы қадап айтқым келеді. Ұлт жазушысы ұлттық мүдде мен елдікті сақтау жолында әркімді қырағы болуға үндейді.

617 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз