• Заманхат
  • 12 Желтоқсан, 2012

ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЛЫМЫ

Клара Қабылғазина, филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті

Қысқа тарихи мерзім ішінде Қазақстан атты мемлекет әлемдегі аса қарқынды дамушы елдер қатарына қосылып, халықаралық қауымдастықтың да белсенді мүшесіне айналады. Елімізде мемлекетаралық ықпалдастық, әріптестік, достық жағдайлар сипат ала бастады. Осы тұста қоғамдық интеграцияны жүзеге асырудың, ынтымақтастықтың маңызы күш санап арта түсті. Бұрынғы Кеңес одағы тұсында Қазақстан интеграциялық үрдістерден тыс қал­ған болатын. Өйткені, жабық жүргізілген саясат республикадан тыс болып жатқан ақпараттарға жол ашпады. Ұзақ жылдар бойы жүргізілген бір ғана идеологияның әсерінен мемлекет жан-жақты дамудан шет қалды. Кейіннен, Кеңес одағы ыдырап, мемлекетіміз тәуелсіздік алған соң барып қана еуропалық өмірге көз тігіп, халқының әлеуметтік жағдайы жоғары болып отырған мемлекеттерге зер сала бастадық. Өмірдің, заманның беталысын жіті байқаған Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықаралық интеграцияға аса назар аударды. Қазіргі таңдағы халықаралық инте­грациялық үрдістер әлемнің даму тенденциясы мен заңдылықтарының негізі болып есептеледі. XXІ ғасырда әлемдік және аймақтық мәселелерді бірлесе шешу интеграция мен ғаламдану үрдісінің талабымен байланысты болып отыр, яғни ешқандай мемлекет өз мәселелерін жеке шеше алмайтындығын көрсетеді. Шындығында бұл жайды бүгінгі таңдағы бүкіл әлемдік интеграциялық бірлес­тіктер, одақтар және топтардың жиынты­ғымен түсіндіруге болады. Нарық жолына түсуге бет бұрған елдерге деген халықаралық ұйымдардың көзқарасы оң болып,экономиканың алға басулары үшін көмектері ерекше болған еді. Дамыған мелекеттер Қазақстанның бола­шағына сеніммен қарады. Ал, Қазақстан болса халықаралық қауымдастыққа өзінің бейбітсүйгіш ел екенін, басқа елдермен ашық әрі өзара тиімді саяси, экономикалық қаты­настарға дайын екендігін, өз елінде ұлт­аралық келісім мен ішкі ұлттық бірлігін сақтай білетіндігін, демократиялық даму жолы­ның туын берік ұстаған, әлем қорын­дағы парасат пен құндылықтарды жоғары бағалап қана қоймай, оларды дамытуға ат салысатын, ашық демократиялық қоғам құрып жатқан ел екендігіне олардың көзін жеткізе алды. Дербес ел, мемлекет,халық болып, әлем елдерімен терезесі тең мемлекет болу үшін Елбасының әр жылғы халыққа Жолдауы арнауы дәстүрге айналды. Соның нәтижесінде, ел бірлігінің арқасында 170 тен астам мемлекеттермен экономикалық, мәдени, рухани байланыстар орнады. Тұрақты даму – Қазақстан үшін негізгі міндет. Тұрақты даму деген экономикалық даму, əлеуметтік даму жəне қоршаған ортаны қорғау сияқты салалардан тұрады. Қазақстандық 2007-2024 жылдарға арналған тұрақты дамуға көшу Тұжырымдамасы экономикалық өсімге ерек­ше назар аударып отыр. Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік салада көптеген маңызды шаралар жасалды. Нәтижесінде халықтың тұр­мыс деңгейі еселеп өсуде. Жыл сайын жәрдемақы, зейнетақы да өсіп жатыр, алайда ол әлі халықтың талабын толық ақтай алмай отыр. Халықтың жағдайын жақсарту жолында атқарылатын міндеттер әлі де көп. Мысалы, араб мемлекеттеріндегідей, тіпті, көршілес ре­сей­ліктердің осы салада жасап жатқан істері үйренуге тұрарлық. Адамға қажеттінің бәрі жасалмай олардан тыныштық, ұлтаралық келісім сұрау, оны орындату қиын дүние. Әрине, ондай қақтығысты жолдардың көбінен өттік. Дегенмен, әлі де болса адамдардың талап-тілегін қанағаттандыру алдыңғы кезекте тұрған мақ­саттардың бірі болуға тиіс. Әлемге танымал болған Ванга көріпкелдің «Адамдар бастарында үй, ауыздарында тамақ болса, дендеріңнің саулықтарынан басқа не ойлау керек. Ақылсыз болмаңдар, адамдар, өмірді қадірлеңдер! Жеті қат жер туласа тек адамшылықты, иманды, адамдар құтқарылмақ» дегені адамзаттың тірлігінің ең қымбат екен­дігін, қайталанбайтындығын айтып отыр деп түсінгеніміз жөн.Біздің қазақ та текті халық, сол тектіліктің, парасаттылықтың арқасында саяси тұрақтылық сақталып, ел толеранттылық көрсетіп отыр. Қазақстанда түрік мектептерін ашып, халықаралық достықты насихаттап жүрген азамат Хаяти Явуздың сұхбатында («Қазақ әдебиеті», № 49,2011) «Жергілікті ха­лыққа, әсіресе, қазақ халқына құрметіміз зор. Себебі, қазақ халқы өте таза, адал ниетті тіпті, қазақ халқы, қазақ баласы менен де әлдеқайда таза. Өйткені, қазақтың кең пейілділігі, жомарттылығы, болмыс табиғатындағы таза­лығы әлем халықтарында кездесе бермейтін қасиет. Әйтпесе, халықтың өз бойында саф тазалығы болмаса 20 жылдың ішінде осындай жетістікке жетуі мүмкін бе? Оның үстіне Ел басшысы пайым-парасаты терең, болашақты, келешекті болжай алатын көреген болса, ондай түзу ниетті халықтың болашағы зор. Егер қазақ сол кеңпейілділігінен ажырамаса, тазалығынан айырылмаса онда болашағы жарқын боларына сенемін. Біз ең алғаш келген күннен бас­тап қазақ халқы дастарханын жайып, барын салып қарсы алады. Ешқандай танымайтын адамдар, бірақ, өз бауырындай көрді» – деген екен. Бұдан артық қандай баға керек?! Біздің ішіміздегі өзара проблема жасап жүрген кейбір жайларымызға да олар назар аударыпты. Міне, түбі бір ағайындар осылай ағынан жарылған. Яғни, «сырт көз – сыншы» бола тұра мұндай пікірлердің білдірілуі біздің бірігуіміздің, қоғамдық интеграцияға жол ашылуының көрінісі деп тануымыз керек.Олай болса, ел ішінде іріткі салатын, адамдар арасында алауыздық тудыратын, бейберекет тірлікке жол салатын, ұлттың ұлылығын ұлықтамайтын жайлардан неғұрлым алшақ болу қажет. Қазіргі дүние біртұтас жүйеге айналып келеді. Мұнда оның жекелеген бөліктерінің жай-күйі жалпы жаһандық жүйеге тікелей тәуелді. Әлемдік жүйенің әр бөлігі басқа бөліктерге ықпал етеді және өзі де солардың ықпалына түседі. Бұл кез-келген салаға- сая­сатқа, экономикаға, қауіпсіздікке, ғылыми – техникалық, ақпараттық және басқа да салаға қатысты. Ақпараттық және басқа техно­логия­лардың осы заманғы дамуы, шектеу­сіз әлемдік рынокқа шығу, бүкіл дүниежүзімен сауда жасау мүмкіндігі, әлемдік білім мен ақпараттың негізгі ортасына қосылу мүмкіндігі, бүкіл әлем­мен еркін байланысқа түсу, басқа елдерден үйрену, өзге халықтардың мәдениетін білу арқылы рухани баю мұның бәрі қазіргі дүниенің бізге беретін нәрсесі. Әлемде озық технологиялардың дүниеге келуімен ақпарат кеңістігі де айтарлықтай ұлғая түсті. Ұлы державалар да өздерінің техникалық және өзге де жетістіктерін пайдаланып, өз ықпалдарын, пәрменділігін жүргізуге ұмтылуда. Әрине, әлемдегі болып жатқан мұндай өзгерістерден табиғи және адами байлығы мол Қазақстан шет қалуы мүмкін емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қа­зақ­стан қоғамы жаһандану мен ұлттық мем­лекетті жаңа тұрғыда нығайту процесін бастан өткізуде. Капитал, өндіріс, шикізат, интел­лект қозғалысы бір немесе бірнеше елдер ынтымақтастығы шеңберінен сыртқа шығып, глобальды қауымдастық шеңберінде қадамдар жасау жағдайын республикаға барынша жақындатады. Мақсат – оның сыртында қалып қоймай, керісінше, тепе-теңдік құқында ол процестің ішіне ену. Бұл елді дамытуға жаңаша көзқарасты талап етеді. Соған байланысты Қа­зақстан қоғамы тек экономиканы сандық, көлемдік жағынан ғана көтеріп қоймай, ендігі жерде оны ғылымның, техниканың, техно­логиялардың, коммуникативтілік жүйе­лері­нің озық жетістіктерімен үйлестіре отырып көрсетуге бағыт ұстайды. Осындай жауапты қадамдар мен міндеттер тек етек жеңі жинақы, ұйымшыл, білімді, жоғары мәдениетті, интеллектуалды әрі адамгершілікті елмен, оның осыған сай азаматтары арқасында, олардың тиімді еңбегі арқылы ғана мүмкін болмақ. Батыс елдер тарихы мен әлеуметтік тәжірибесі жоғары рухани мәдениетсіз, терең тамыр жайған адамгершіліксіз ешқандай озық техника мен технология жекелеген елдерді, олардың азаматтарын да бақытты ете алмайтыны дәлел­денді. Жоғары дамыған материалдық байлық қоғамдық ортада жоғары дамыған рухани кеңістікке жол ашады. Яғни, еліміздің табысты тіршілігі мен тәуелсіз, әрі бәсекеге төтеп беретін мемлекет болу кепілдігі – біздің адамдарымыз. Біз, қазақстандықтар, сан жағы­нан шағын елміз. Алайда, басты мәселе тек халық санында ғана емес, алдымен, сапада, жоғары рухани мәдениеттілік, интеллект пен патриоттық үйлесімінде. Қазіргі тарихи уақыт пен глобальды қауымдастыққа тепе-теңдік принципі негізінде тіршілік ету жаңа типті адам тәрбиелеуді алға қойды. Ол – білімді, тәрбиелі, коммуникативтік қабілеті жоғары, биологиялық және психологиялық денісау, әлеуметтік бағдары мен рухани мәдениеті қалыптасқан адам», – деген пікірі халық алдына қойылған мақсат, міндетті айқындап берді.Дұрыс бағдардың дұрыс жолға бастайтыны анық.

420 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз