• Еркін ой мінбері
  • 24 Наурыз, 2020

ТОКУГАВА ДИНАСТИЯСЫ

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА, жапонтанушы

Мемлекеттік жүйе қай дәуірде болсын, ұлт басшысына тікелей тәуелді. Ел басшысының тұлғалық болмысы ол құрған жүйеден айқын көрінеді. Көсемнің қолтаңбасы ол негізін қалаған қоғам болып табылады. Ел тізгінін ұстаған тұлға қандай қазық қадаса мемлекеті солай дамиды. Ұлттығын сақтап қалған ел ретінде ерекше ілтипатқа ие болып отырған Жапония мемлекетін өркениет жолына салған көсемдердің өнегесі өзгеге үлгі болардай.

Жапонияны ұлттық мемлекет ретінде әлемдік аренаға өздігінен шыға қалды деуге болмайды. Бұл жолда көш бастаған көсемдер ұлтының тағдыры үшін қабырғасын қайыстырып жүріп күресті, аянбай тер төкті. Жапонияны ел ретінде басын біріктіріп, 1600 жылы шйогунат құрған Токугава династиясының ұлт мүддесін ту еткен қос ғасырлық саясатының арқасында қазір Жапония бірегей ұлттық мемлекет ретінде әлемге танылып отыр. Күншығыс елін ұлт тұтастығына қауіп төндіретін батыстық идеологиядан сақтау жолындағы күресу міндетін тағдыр Токугава династиясына жүктеді. Мемлекеттің ұлттық жүйесіне селкеу түсірмей, ХХ ғасырға аман жеткізу жолында Токугава династиясының әр шйогуны (қолбасшы көсем) аянбай күресті. Тарихы ежелгі Нара, Хэйан дәуірлерінен басталатын Токугава династиясы аса текті ру ретінде тарихта қалды. Бұл династия императордың Фудзивара руымен туыс бола тұра, атағын мансұқтап, дандайсымай, елдің гүлденуіне үлкен үлес қосқан шйогундарымен белгілі. Токугаваның бар өмірін аттың жалында өткізген атақты көсемдерінің ел тізгінін ұстаған 1600-1868 жылдар аралығындағы кезең де Эдо дәуірі деп аталады. Бұл жапон қоғамына Батыс тарапынан қауіп төнген аса күрделі кезең еді. Алтын сарайларымен, гүлденген шаһарларымен қызықтырған Күншығыс еліне Португалия, Испания миссионерлері дендеп еніп, жапон халқын тілінен де, діңінен де айыруға әрекет ете бастаған шақта ұлт көсемі Токугава Иэясу Жапонияны жабық мемлекет деп жариялады. 1603 жылы император қолынан шйогун титулын алған Иэясу Жапония тарихындағы ең беделді тұлғалардың бірі. 1542 жылы Микавадағы Окадзаки сарайында (Айчи префектурасы) даңқты батыр Хиротада Мацудайраның отбасында дүниеге келген ол ұлты үшін ұлы істер атқарған бірегей тұлға. Иэясудың арғы аталары туралы Мурасаки Шикибудың «Гэндзи моногатари» кітабында жазылған. ХVІІ ғасырдағы орталықтандырылған ұлттық жапон мемлекетінің басында осы Иэясу тұр. 1603 жылы императордың бұйрығымен сарай министрі болған Иэясу Бакуфу үкіметін Эдо шаһарына орналастырады. Фушимиге ақша сарайын салдырып, Киотоға көшіреді. Батыс елдерімен сауда байланысына аса сақтықпен қарап, сакоку саясатын жүргізген Иэясудың кезінде Сумпу, Осака, Нагасакиде ақша сарайлары салынып, бұл шаһарлар ірі сауда орталықтарына айналды. Шйогун Токугава Иэясу 1612 жылы христиан дінінің таралуына тыйым салатын заңға қол қояды. Бұл кезде Еуропа миссионерлері елдің ішкі саясатына араласа бастаған еді. 1611 жылдан бастап бөтен дінді таратушылармен қатаң күрес басталады. 1622 жылы дінін сатқан 120 кісі дарға асылады. 1624 жылы жапон жеріне испандардың кіруіне тыйым салынатын заң күшіне енеді. 1629 жылы мыңнан астам христиан дінін қабылдағандар халық алдында жазаланады. 1635 жылы жапондарға теңіз асуға, ал шет елге қандай да бір жағдаймен кеткендерге қайтып оралуға тыйым салынады. Өйткені, Батыс елдеріне кеткен жапондар тілі мен дінінен ажырап қалған еді. ХVІ ғасырда Күншығыс елінің шаһарларына орналасып алған Батыс дінінің насихатшылары жүздеген самурайды шоқындырып үлгерген. Токугава шйогуны елдің азғындауы алдымен діннен ажырап, тілін ұмытудан басталатынын білді. 1636 жылы португал, испан саудагерлеріне Нагасакидегі жасанды Дэдзима аралында ғана уақытша тұруға рұқсат етіледі. 1639 жылы елден португал ұлтының өкілдері шығарылып, олардың аралдарға аяқ басуына тыйым салған үкім күшіне енеді. Португалияның дипломатиялық миссиясының өкілдері миссионерлік әрекетпен айналысқаны үшін жазаланды. Осы жылдан бастап христиан дінін ел аумағында тарату мен насихаттауға біржолата тыйым салынады. Португалиядан қандай да бір кеменің Жапония жағалауына жақындауына болмайтындығы жөнінде арнайы заң шығады. Өйткені, христиан миссионерлері сауда кемелерін өте тиімді пайдаланатын. 1641 жылы шет ел саудагерлеріне Дэдзима аралынан басқа жапон жеріне аяқ басуы біржолата тоқтатылады. Осылайша, Жапония 1639 жылдан 1853 жылға дейін шет ел үшін жабық мемлекет болды. Португал, испан миссионерлері Күншығысқа ХVІ ғасырдан бастап дін насихатын қарқынды жүргізген болатын. Елдің Оңтүстік бөлігі Кюсю аралдарына, әсіресе, Нагасакиде ата діннен безіп, Батыс идеологиясына еріп кеткендер көбейген еді. Иэясудың үкімімен тілінен, дінінен ажырағандар мен миссионер шет елдіктер аямай жазаланды. Иэясу билік тізгінін ұстап тұрған кезде шет елдіктердің бірін қалдырмай ел аумағынан шығарды. Жат дінді қабылдаған 400 жапон азаматы Филиппинге айдалды. Шйогунат ібіліске ергендерді қатаң жазалау арқылы ұлттық діннің жойылмауына күш салды. Соның арқасында ұлт рухы бөтеннің табанына түскен жоқ. 1616 жылы Еуропаның сауда кемелері Кюшюдің екі аймағына Нагасаки мен Хирадоға ғана тоқтауға рұқсат етіледі. 1624 жылы Испания кемелерінің Жапонияның теңіз айлағына келуіне тыйым салынады. Қалған испан азаматтары Жапониядан қуылады. 1639 жылы еуропалықтардың аралдарға аяқ басуына түбегейлі тыйым салынады. Нагасаки аймағына Голландия, Қытай және Корея сауда кемелерінің жылына тек екі рет қана тоқтауына рұқсат етілді. Токугава Иэясу билікті баласы Хидэтадаға бергенмен ұлттық саясат тізгінін ұстап тұрды. Ол өмірінің соңына дейін Жапонияның ұлттық мемлекет болып қалу жоспарын саяси стратегия ретінде ұстанған көсем. Иэясу кемел жасқа жеткенде Сумпудегі сарайында көсіліп жатпаған. Ел ақсақалдарының басын қосып, ұлт болашағына қатысты ақылдасып отырған. Мемлекеттік жүйедегі барлық мәселе Иэясудың қатысуымен шешілген. Иэясу негізін қалаған біртұтас саяси жүйенің арқасында жапон халқы Мэйдзи реставрациясына дейінгі 265 жылдық кезеңді мамыражай күйде өткізді. Хидэтададан кейін тізгінді қолына алған Иэясудың немересі Иэмицу де ұлттық ұстанымды берік сақтауға күш салды. Иэмицу тарихта өткір де қатал саясаткер ретінде қалды. 1637-1638 жылдардағы Шимабарадағы христиандар көтерілісін қылыштың жүзімен басқан ол жабық мемлекет жүйесін біржолата орнықтырды. Көсем тағына Иэмицуден кейін отырған Иэцуна да мемлекеттік жүйенің негізін нығайтты. Одан кейін ел басқарған Цунайоши өнерге өте жақын болған, табиғаттың сақталуына қатты мән берген. Цунайоши аң-құс атуға тыйым салған заң шығарған. Будда дініндегі тіршілік иесіне қиянат жасамау, төрт аяқтыға тимеу қағидасын барша мойынсұнатын заң ретінде бекіткен. Кімде кім ұшқан құс, жүгірген аң, тіпті итті атса да қатаң жазаланған. Иэнобуден соң Иэцугу шйогун атанып, портты қала Нагасакидің шет елмен сауда байланысын жеке бақылауда ұстаған. Ол Қытайдан жылына отыз кеменің, Голландиядан екі кеменің келуіне ғана рұқсат еткен. Кииде туған Токугава Иошимунэ де беделді саясаткер болды. Кйохо әкімшілік реформасын жүзеге асырған ол әр аймақтағы даймйоларды бағындырып ұстады. Ол қасына жиырма самурайды алып, елдегі жағдайды солар арқылы біліп отырған деседі. Иошимунэ шенеуніктерге көп шектеу қойған. Сұңғыла саясаткер қол астындағыларға халықпен бірге қарапайым өмір сүру қағидасын нұсқаған. Құмар ойындарға тыйым салған көшбасшы халықтың алдында асқындамау үшін самурайлар мен даймйолардың салтанатты сарайда тұрмауын, елден ерек қымбат киім киіп, таңсық тағам тұтынудан бас тартуын талап етіп, шенеуніктердің әлеуметтік мәселесін жеке өзі бақылаған. Бұл қатал саясатты шйогун алдымен өзінен бастаған. Самурайлар мен даймйоларға төленетін айлықты да азайтқан. Даймйоларға 1 пайыз көлемінде салық салған. Оларға елді Эдодан емес ауылда отырып басқаруды тапсырған. Шенеуніктердің астанада тұру шығынын бір жылдан алты айға дейін азайтқан. 1722-1731 жылдар аралығында жүргізілген шен иелеріне қатысты осындай саясаттың арқасында бюджет үнемделіп, ел экономикасы бұрынғыдан да қарқындай түсті. Иошимунэ Жапонияға Еуропадан тауардың кез-келген түрінің кіруіне тыйым салды. Ұлттық идеологияға үлкен мән берген көсем Батыстан тек қолданбалы өнер туралы кітаптардың кіруіне рұқсат еткен. Иошимунэ Токугава династиясында Иэясудан кейінгі ең беделді шйогун саналады. Мемлекет қайраткері Тойотоми Хидэйоши Токугава династиясының тұңғыш шйогуны Иэясу туралы «Ешкім арқанмен байлап, ауға түсіре алмайтын, әккі де сұңғыла саясаткер» деп жазған екен. Осы сөзді Иэясудың ұрпағы Иошимунэге қатысты да қолдануға болады. 1697 жылы Фукуи префектурасындағы Сабаэ аймағында даймйо болған Иошимунэ 1705 жылы Кии уәлаятының әміршісі болып тағайындалды. Әділ де парасатты басшы ретінде басқару жүйесінде қатал тәртіп орнатты. Иэшигэ мен Иэхарадан кейін билікке келген Иэясудың ұрпағы Токугава Иэнари елді елу жыл басқарды. Иэнаридің кезінде де Батыс миссионерлері Күншығысқа идеологиялық шабуылын тоқтатпады. Олар түрлі мәселелерді сылтау етіп, кемемен келе берген соң Иэнари «Жапония жағалауына жақындаған шет ел кемелерін ескертусіз атып тастау» жөніндегі заңға 1825 жылы қол қойды. 1839 жылы Батысқа есік ашуды үгіттеп, жабық мемлекет режимін алып тастау жөнінде ұсыныстар айтқан және Еуропаға өзгеше ықыласпен қарайтын ғалымдарды, ұлттық мемлекет болуға қарсы зиялы топ өкілдерін қатаң жазалау жөнінде бұйрық шығарады. Елді 1853 жылға дейін басқарған Иэйоши 1825 жылы әкесі қол қойған қатаң заңның күшін жойып, «Жапония жағалауына жақындаған кемелерді азық-түлікпен, отын-сумен қамтамасыз ету арқылы бірден кетуін талап ету» туралы заңға 1842 жылы қол қойды. 1853 жылы адмирал Путятиннің жетекшілігімен орыс делегациясы, артынша коммодор Перри бастаған американ әскери жасағы келеді. Бірақ, Жапония шет елге есік ашуға асықпайды. Ұлттық сипаттағы мемлекетті сақтап қалу анағұрлым маңызды еді. 1844 жылы корольдің Голландияның әскери кемесі Нагасакиге Вильгельм ІІ корольдің хатын жеткізеді. Бұл хатта Жапония қақпасын Батыс елдерімен еркін сауда жүргізу мақсатында ашу шйогуннан талап етілді. Әйтседе, шйогун бұл хатқа ешқандай жауап қайтармайды. Ел іргесі күшейтіліп, Хоккайдодағы Хакодатэ қаласы мен Кунашир аралына әскери жасақ қойылады. Иэсададан соң көсем болған Иэмочи шйогунге де ел тұтастығын сақтап қалу оңай болмады. Батыс мемлекеттері Жапонияға кіруге мүдделі болатын. Митода туған Иошинобудың кезінде елде Мэйдзи реставрациясы басталып, Жапония шет елге есігін екі жарым ғасырлық жабық режимнен кейін ашты. Токугава династиясының 15-ші шйогуны болған Токугава Иошинобу тарихта Кэйко деген атпен қалды. Осылайша, Токугава династиясы салған ізбен Мэйдзи кезеңінде (1868-1912) шет елдермен байланыс орнағанда Жапония іргетасы берік ұлттық мемлекет ретінде көрінді. 1912-1926 жылдар аралығындағы Тайшйо кезеңінде Жапония әлемге ұлттық держава ретінде белгілі болды. Күншығыс елі капиталистік заманда да ата-баба салтынан ажырамады. ІІ дүниежүзілік соғыстан кейінгі қиын кезеңде бөтенге бас ұрмай, рухани бодандыққа тойтарыс бере білді. Токугава династиясы көтерген ұлттық рухтың асқақтығы болар, Батысқа еліктеу дертіне ұшыраған жоқ. Жаңа заманға қадам басып, технологиясы шарықтап жетілсе де тегін ұмытпады. Ғылым-білімнің асқар шыңын бағындырса да ата салттан ажырамады. Батыс саясаткерлері елді екі жүз алпыс бес жыл изоляцияда ұстаған Токугава режимін айыптағаны бар. Еуропа идеологиясын Күншығыс халқы қабылдамағаны үшін айыптады. Бөтен ұсынған жол мемлекетті ұлттық бағдарынан адастырып, жолынан тайдыратын, оның аяғы рухани бодандыққа апаратынын Токугава көсемдері білді. Олар жеке даңқы мен мансабын мансұқтамай елінің игілігін ойлап әрекет етті. Бүгінге дейін көрген жанды қайран қалдырар алтын сарайлар мен сызат түспеген көне мұралардың жеке қолда кетпей, мемлекет мүлкі ретінде сақталуы да ұлттық стратегияның көрнекті мысалы бола алады. Токугава династиясы жүргізген саясаттың жеті ерекшелігін атап айту керек. Біріншіден, ұлттық бакухан Үкіметі орнап, әр аймақтағы даймйолар бір орталыққа бағынды. Соның арқасында Жапония біртұтас ұлттық держава ретінде мойындалды. Екіншіден, әскери Үкімет ел қорғанысын тек территориялық тұрғыдан ғана емес, идеологиялық жақтан да қамтамасыз етті. Нәтижесінде ұлт аласапыран заманда өз діңінен ажырамады. Үшіншіден, Токугава династиясындағы елді қос ғасырдан артық уақыт басқарған он бес шйогунның барлығы Иэясу негізін қалаған саяси бағытты ұстанды. Саясат ұлттық мүддеге қызмет етті. Төртіншіден, ұлт көсемдерінің барлығы халыққа адал қызмет етті. Ұлттық мүдде жоғары тұрғандықтан шйогун да өзін халықтың құлы деп есептеп, қажыр-қайратын еліне арнады. Бесіншіден, Токугава династиясынан шыққан көсемдер ұлт руханиятын әрдайым биікке қойды. Жас ұрпақ таза ұлт әдебиетімен сусындады. Алтыншыдан, экономикалық даму ұлттық стратегияның құрамдас бөлігі ретінде жүзеге асты. Жетіншіден, жабық мемлекет болудың арқасында Жапония ұлттық күш-қуатын сақтап қалды. Бүгінде Жапонияның саяси аренасында Токугава руының өкілдері бар және олар үлкен беделге ие.

1127 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз