• Заманхат
  • 25 Наурыз, 2020

МӘУЛӘУИМЕН ТАНЫСУ

Төрәлі ҚЫДЫР, шығыстанушы

Университет қабырғасында жүрген кезімізде профессор Лекен Рүстемов құрастырған парсы тілінің ізашар кітабында берілген Мәуләуидің «Махаббат» атты туындысын оқығанымызда, бұл өлеңді жеңіл ғана талдағанымыз бар. Сондағы «Махаббаттан от нұрға, дию хор қызына, арыстан тышқанға, патша құлға айналады» деген жолдарды өзімізше түсініп, ақынның әйел затына деген алғашқы сүйіспеншілігінен туған өлең болар деп ойлағанбыз. Алайда, мұндағы махаббаттың астарында үлкен мән бар екенін, бертін келе парсы әдебиетімен тереңірек таныса келе көз жеткіздік. Шайырлар отаны Иран жұртына тілұстартуға барғанымызда сондағы ұстаздардың сопы ақындардың шығармаларын талдағанын көріп, таңырқағанымыз бар. Себебі, сопылық тақырыпқа барған шайырдың бір ғазалы тұрмақ, бір бәйітін бір сабақ бойына шарх (комментарий) жасағанына таңдана қарағанбыз. Алғашында түймедейді түйедей етіп тұрған болар деп онша мән бермегеніміз де рас. Бірақ, шайыр ғазалдарын олай талдамаса, ақынның түпкі айтар ойын түсіну, тіптен, мүмкін емес екен. Әлем әдебиетінің асыл қорына қосылған парсы поэзиясының бар құдіреті: оның көркемдік ерекшелігі мен поэтикалық қуатымен бірге бар сырын ішіне бүккен сопылық астарында екен. Тасаууфтың өлең сөзбен өрнектелуінде екен. Адамзат деген жұмбақ әлемнің ішкі дүниесінің сырын ашуға талпынған парсы шайырларының шеберліктерінде екен. Сондай, парсы әдебиетіндегі хас шебердің бірі – Мұхаммад Жәләләддин Руми.

ҒАШЫҚТЫҚТЫҢ ПІРІ

Ғашық болған жігіт сүйгенінің үйіне келіп есігін қағады. Есіктің ар жағында тұрған қыз «бұл кім?» деп сұрағанда, жігіт «есікті аш, бұл менмін, сенің ғашығыңмын» дейді. Алайда, қыз оған есікті ашпайды. Арада біраз уақыт өтіп жаңағы жігіт машұқының (сүйіктісінің) үйіне қайта келгенде, қыз есікті қағып тұрған кім екенін сұрайды. Сонда жігіт жаңағы жауапты және қайталайды. Қыз есікті ашпайды. Арада бірнеше жылдар өткен соң махаббаттан басы айналған жігіт сүйіктісінің үйіне қайта келіп, есігін қағады. Ар жақтан кім екенін сұрағанда, жігіт «бұл ма...?, мен, мен ... білмеймін кім екенімді, ұмыттым» дейді, сонда, машұқы «енді міне, шынайы ғашық болдың» деп есікті ашып, жылы қабылдайды. Бұл аңыз не ертегі емес, шығыс мұсылман әдебиетінде «пир-е ешқ», яғни, «ғашықтықтың пірі» атанған Жәләләддин Румидің шығармасынан үзінді. Бар өмірін иләһи махаббаттың жолына арнаған Мәуләуи өз шығармасы арқылы ғашық пен машұқ бейнесінің сырын ашуға тырысқан. Сондықтан да, оның қаламынан туған дүниелерде ғашықтық мәселесі бірінші кезекте тұрады. Ғашықтық болғанда да, бұл өткінші дүниеге деген махаббат емес, рухани кемелдікке жету жолындағы ғәріптің (Хақты танушы) өз Негізіне, асыл Жарына қайта қауышсам деген асыл арманы...

«ЕКІ ДАРИЯНЫҢ ТҮЙІСУІ»

«Ғашықтықтың пірі» атанған Мәуләнә Жәләләддин Рәми 1207 жылы Балх шаһарында (бүгінгі Ауғанстан жерінде) дүниеге келген. Әкесі Баһауддин Уәләд та өз заманында дін іліміне жүйрік, соның ішінде фикһ, хадис салаларын жетік меңгерген ғалым болған. Оның ілімі мен діндарлығын жоғары бағалаған ортасы «Султанул ғұлама», яғни, «Ғалымдардың сұлтаны» деген лақаб берген. Ол ілім нәріне шөліркеген жастарды қасына жинап, шәкірт тәрбиелеген. Сол талабалардың қатарында Мәуләуи де болып, алғашқы сауатын әкесінің қолында ашса керек. Орта Азия мен Мәурәннәһр аймағын моңғолдардың жаулап келе жатқанын білген әкесі ол жерде артық тұра алмайтынын біліп, қоныс аударуға мәжбүр болған. Сонда, Мәуләуи он үш-он төрттердегі бозбала екен. Ислам әлеміне діндарлығымен аты шыққан Баһауддин Уәләдтің өз отанынан жырақ кетіп, Ларан деген жерде тұрып жатқанын естіген Селжүктер сұлтаны Алауддин Кейқұбад өз қарамағындағы Кония шаһарына келіп тұруға шақырады. Сұлтан ұсынысын қабыл алған ғалым бүгінгі Түркияға түбегейлі ат басын бұрса керек. Сапар барысында әке-бала ислам әлеміне «Мантақатут тайр» және «Тәзкирәтул әулие» атты шығармаларымен даңқы шыққан шайыр Фариаддун Аттармен кездесіп, сұхбаттас болған. Сол кездесуде жас баланың бойындағы ілім мен білімге деген құштарлықты байқаған Аттар өзінің «Иләһинама» атты шығармасын сыйлағанын ислам тарихшылары жарыса отырып жазған. Содан Кіші Азияға біржолата қоныс аударған Мәуләна өзінің мәнді де мағыналы шығармашылық ғұмырын сонда өткізді. Сондықтан да, ақынның атақ-даңқы кіндік қаны тамған жері Балхтың атымен емес, бертін келе қоныс тепкен мекені бір кездері Рум империясының қарамағында болғандықтан да, «Жәләлиддин Руми» деген атпен мәшһүр болды. Сонда өсті, жетілді. Мәуләнә әкесі Баһауддин Уәләд қайтыс болған соң, Сейд Бұрханиддин Термизиге (әкесінің шәкірті) шәкірт тұтынып, соның тәрбиесінде болды. Заманында «Лалаий пір» лақабымен танымал болған Термизий болашақ шайырға ислам тәлімдері мен сопылық ілімнен дәріс берді. Өзімен бірге ертіп Шам, Дамаск шаһарларына алып барды. Сонда, Жәләлиддин Руми мәшһүр ғалым-ғұламалармен танысты. Шейх Әкбәр Мұхиддин ибн әл-Араби, Шейх Сағаддин Хамауи, Шейх Аухадиддин Кермани, Шейх Садраддин Қунауи секілді ислам әлеміне даңқы шыққан оқымыстылардың сұхбаттарына қатысып, өз білімін жетілдіреді. Шайыр өмірін түбегейлі өзгерткен «Ұлы оқиға» ғұлама Шәмсәддин Мәләкдад Тебризимен ұшырасқан соң жүзеге асты. Оның қырық жасқа келген шағында Шәмспен танысуы оған екінші өмір сыйлады десе де болады. Парсы әдебиетін, соның ішінде, Мәуләуи мұрасын қарастырған зерттеушілердің бәрі де бұл жүздесуді «Бәрхурде ду дарио», яғни, «Екі дарияның түйісуі» деп атап, Мәуләнә өмірінің екінші һәм негізгі кезеңі басталғанын жазады. Себебі, осы уақытқа дейін заһири (сыртқы) ілімдермен айналысып келген Руми ұстазы Шәмспен кездескен соң, батыни (ішкі) ілімдерге түбегейлі ден қойып, рухани кемелденудің жолын іздеген. Осы кездесуден кейін ақын қолына қалам алып, өзінің қайталанбас шығармаларын дүниеге әкелген. Мәуләнәны Мәуләнә еткен де осы кездесу. Сондықтан да, зерттеушілер Руми мен Шәмстің сұхбатына өте жоғары баға берген. Шәмсәддин Термизи тасаууф ілімін жетік меңгерген ғұлама болған деседі. Румиге дейін жүз жиырма ғалыммен кездессе де, өзімен тең сұхбаттас адам табылмапты. Содан бір күні түс көріпті. Түсінде «Өзіңе лайықты шәкірт табылса не істер едің?» деген ғайыптан дауыс жеткенде, Шәмс «Ондай кездесу үшін басымды беруге де дайынмын» деп жауап қайырыпты. Сонда ғайыптан «Сенің іздеген шәкіртің Конияда» деген дауыс келеді. Содан ол Конияға қарай жол тартып, сонда Мәуләнәмен кездеседі. Бір-бірін тапқан қос ғалымның сұхбаты бірнеше айларға созылады. Рухани кемелдікке жету жолындағы қайғы мен ауыр машақаттың қыр-сырына үңілген Мәуләуи шәкірттеріне, дос-жарандарына назар аударуды да қояды. Бар ынтасы мен ықыласы Шәмстің сұхбатына ауады. Оның айтқан сөздерін зор ыждаһатпен тыңдайды. Мәуләуи ұстазы Шәмстің келгенін ұлы оқиғаға балап: Өлі едім, тірілдім, жылауда едім, мен күлдім, Ғашықтық дәулеті келді де, шексіз дәулетке ие болдым, – (Жолма-жол тәржіма. – Т.Қ.) деп жазды. Сондай-ақ, тағы бір жерде «Күн мен айым келді, жанарым келді, Алтын кенім мен арманым келді» деп жырлады. «Екі дарияның түйіскенін» көре алмаған дұшпандары мен ұстазы Румиді қызғанған шәкірттері бұл сұхбатқа кедергі жасамақшы болады. Соны сезген Шәмс бір күні Мәуләуиге айтпастан белгісіз жаққа кетіп қалады. Румидің қайғылы да азапты күндері басталады. Ұстазына деген махаббаттан бірнеше жыр жолдары дүниеге келеді. Ол айнала-төңірегіне назар аударуды әсте қояды. Содан, бір күндері Шәмстің Дамаскіде жүргені туралы хабар келеді. Осы жаңалықты ести салысымен ақын ұстазына өлеңмен бірнеше хат жазады. Сондай хаттарының бірінде шайыр бар ықыласы Дамаскіге қарай ауғанын, күні-түні сол жаққа қарай алаңдайтыны туралы жазылған «Дамаск» атты ғазалын жазып жібереді. Алайда, ұстазынан хабар болмайды. Сонда, ақын: Жүз хат жібердім, жүз жол көрсеттім, Не жол білмейсің бе, не хат оқымайсың ба?! Егер, хат оқымасаң, онда хат сені оқиды, Егер, жол білмесең, онда жол сені табады, – (Жолма-жол аударма. – Т.Қ.) деген мазмұндағы хат жолдайды. Осы хабардан кейін Шәмс Конияға қайта келеді. Ұстазының оралғанына қуанған шайыр «Кім айтты мәңгілік суы таусылды деп, кім айтты сенім үміті өшті деп» деген жыр-жолдарын жазған. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сұхбат тағы бірнеше айларға жалғасқан. Шәмске деген ыстық ықыластан Мәуләуи бірнеше ғазал, рубаи жанрында қалам тербеуінің нәтижесінде «Диуани кәбир» (Үлкен диуан) дүниеге келеді. Бұл жинақ «Диуани Шәмс» (Шәмс диуаны) деген атпен де белгілі.

«НӘЙДІҢ НЕ АЙТЫП ЖАТҚАНЫНА ҚҰЛАҚ САЛ»

Ақын шығармашылығында ең бір шоқтығы биік тұрған туындысы, сөз жоқ, «Мәснәуи-е Мәуләуи». Шайыр өзінің Хаққа деген ішкі сырын осы шығарма арқылы жеткізген. Көлемі жағынан замандастарының бірнеше шығармасын орап түсетін ақын мұрасы мәснәуи жанрында дүниеге келгендіктен де, жинақ «Мәснәуи» деп аталады. Әрбір өлең мен әр бәйіттің жазылуы мен дүниеге келуіне ерекше мән беретін зерттеушілер, «бұл шығарманың дүниеге келуіне шәкірті Хисамиддин Чәләби тікелей әсер еткен» – дейді. Бір күні Чәләби ғашықтық жолға түскен барша шәкірттердің бәрі Санаидың «Иләһинамасы» мен Аттардың «Мантақатут таир» мен «Мұсибатнамасын» бірнеше қайталап оқумен ғана шектелуде деген пікірге келеді де, ұстазының жалғыз отырғанын аңдып, алдына кіріп «Ғазал диуандары көбейіп, оның құдіреті туралы айтушылар азайып қалды. Егер Хәкімнің (Санаи) «Иләһинамасының» үлгісімен, Аттардың «Мантақатут таирының» уәзнімен еңбек жазар болсаңыз, артыңыздағы ғалымдарға үлкен естелік болып қалар еді» дейді. Сол сәтте Мәуләуи басындағы сәлдесі мен қолындағы кітабын Чәләбиге ұстатып, «Мәснәуидің» алғашқы он сегіз бәйітін жырлап сала береді. «Нәйдің не айтып жатқанына құлақ сал, Ол саған жалғыздықтың мұңын шағады, – (Жолма-жол аударма. – Т.Қ.) деп бастап, нәйдің сырлы әлемін жырлайды. Ақын ғашықтардың ішкі сырын осы нәй арқылы жеткізуге тырысады. Ол ғашықтық отының нәйге түскенін, егер нәй ғашықтар қиссасын айтар болса, жүректерді тебірентіп, тыңдаушыны мәжнүн қылатынын, сондықтан да мүміндер жүрегін жаулап алуда заһар мен есiрткi секiлдi нәйге тең келер ешнәрсе жоқ екенін жазады. Нәй – шайыр туындысының басты символы һәм ұстыны. Расында, ұстаның су жағалай өсiп тұрған қамыстардың iшiнен бiр талын үзiп алған күнiнен сыбызғының жалғыздығы басталған, нәйстанға қайтсам деген тiлегi орындалмас арманға айналған. Iштегi бар қуаныш қайғы-мұңға, ал, қайғы-мұң ғашықтықтың сырына ұласқан. Сыбызғының мұңды әуенi – жалғыздықтың зары, соның iшiнде асыл тегiне, бастапқы қалпына қайтуды аңсаған әр сопының iштегi мұңы, Жаратушымен қауышуды қалаған ғашықтың күндегi құлшылығы. Осылайша, жалғыздықтан жабыққан сыбызғының қайғы-шерiн тарқатамын деп Руми ақын Хаққа ғашықтардың iшкi-сырын, олардың дүниетанымын ақтарып сала берген. Алла берген шабыттың арқасында жүректегi иләһи нұр көкейден даналық сөз ретiнде шығып отырған. Сондықтан да, бұл шығарма ғасырлар бойына Хақ жолына түскен жандардың қолынан түспес асыл қазынасына айналған. Діни медреселерде кеңінен оқытылатын негізгі шығарма болған. «Мәснәуидің» осы алғашқы жол-дары нәйге арналғандықтан да мұны кейде «Нәйнама» деп те атайды. Мәуләуитанушылар ақын шығармасының белгілі бір әуенге құрылғанын, сондықтан да Мәуләуи мүридтерінің «Мәснәуиді» нәймен әндете жырлағанын жазады. Жалпы, Руми ғазалдарының өзге шайыр туындыларынан өзінің әуенділігімен ерекшеленіп тұратынын тәжік ғалымы академик Б.Ғафуров жазған болатын. Себебі, мәуләуия жолының өзге тариқаттардан негізгі өзгешелігі – мұнда самағ биінің болып, оның белгілі бір аспапта (най, рубаб және т.б.) орындалатындығында жатса керек. «Мәуләуи мәснәуиінің» өзге шығар-малардан оқ бойы озық тұруының тағы бір басты себебі, мұнда, Қасиетті Құран аяттары мен Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде кездесетін пайғамбарлар туралы хикаялар мен діни өсиеттердің өлең сөзбен өрнектелуінде енді. Сонымен қатар, әуенге құрылған ұйқас, рәдиф пен қафияның іштей бірлігі, көркемдік ерекшелігі, поэтикасы секілді әдеби шығармаға қойылатын талаптың бәрі бұл шығармада «жоғары деңгейден» табылатын. Сондықтан да, шайыр мұрасы кейінгі ақындар мен әдебиеттанушылар тарапынан жоғары бағаланған. Тіпті, атақты сопы-шайыр Әбдірахман Жәми өз таңданысын жасыра алмай: Мәуләуидiң мазмұнға бай Мәснәуиi, Пехлеуи тiлiндегi Құран, – (Жолма-жол аударма. – Т.Қ.) деп жоғары баға берген болатын. Сондай-ақ Мәуләуидің баласы Сұлтан Уәләд: Көкке жетелер саты бұл кәләм (Мәснәуи), Кім онымен жүрер болса, жетер көкке, – (Жолма-жол аударма. – Т.Қ.) деп, бұл шығарманың рухани маңызына назар аударған. Сонымен бірге парсы ақыны Шаһ Қасым Әнуар да «Адам болмысының ішкі сырына үңілем деген кісі «Мәуләуидің мағынаға толы мәснәуиін» оқысын» деген болатын. Әрине, орта ғасырдан бастап, бүгінгі Батыс пен Шығыс ғалымдарының шығармаға берген оң бағаларын санамалай берсек, бір кітапқа жүк болатын түрі бар. Шығыс шайырларының манақыбтары мен тәзкирелерінде Мәуләуи мұрасына қатысты пікірлердің өзі бір төбе. Себебі Мәснәуи – белгілі бір заманның немесе белгілі бір саяси жүйенің туындысы емес, бұл – мәңгі таусылмайтын кәміл инсан тақырыбына арналған жазба жәдігер.

«ҒАШЫҚТЫҚТЫҢ СЫРЫН АЙТУ – ЖҮРЕКТІҢ ІСІ»

Жоғарыда айтқанымыздай, ақынның жырлаған басты тақырыбы – ғашықтық. Онда да, Жаратқанның жамалына деген сопылық ғашықтық. Имам Ғазали, Ибн Араби еңбектері секілді сопылықтағы әдебиет емес, әдебиеттегі сопылық. Осы уақытқа дейінгі теоретик мутасаууфтардың (сопытанушылар) иләһи ғашықтыққа қатысты ойларын бойға сіңіріп, іс жүзінде қолданып, содан соң оны көркем сөзбен жырлаған. Шайырдың түсінігіндегі ғашықтық – әлемнің бастауы һәм тірегі; он сегіз мың әлемнің жаратылысына да осы ғашықтық себеп болған; «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деп Абай ақын жырлағандай, күллі адамзат баласы да осы ғашықтықтың негізінде пайда болған. Сондықтан, ақын не айтса да, не жазса да басты тақырыбы – ғашықтық. Ғашықтықтың бастауы һәм шегі жоқ. Әзәли машұқ (Жаратушы) бар екен, ғашықтық та мәңгілік жасайды. Аллаға деген ғашықтықты сөзбен айтып жеткізу қиын. Оны тек ғашықтықтың өзінен сұрау керек. Тілмен ғашықтықтың сырын айтып жеткізу мүмкін емес, Қаншалықты айтқанменен оны түсіну мүмкін емес. Ғашықтық «айн», «шин», «қаф» әріптерінің қосындысы емес, Қайта осы үш әріптің астарына жасырынған бір құпия, Ғашықтықтың сырын айту – жүректің ісі, – (Жолма-жол аударма. – Т.Қ.) деп ақын ғашықтықты тілмен айтып жеткізу мүмкін еместігін, оны тек жүрекпен сезіну керектігін айтады. Тағы бір жерде: Қаншалықты ғашықтықты айтам деп тырысқаныммен, Ғашықтыққа келгенімде ұяламын өз ісімнен. Қаншалықты қаламым жүйрік болғанымен, Ғашықтыққа келгенімде жүрмей қойды қаламым. Қалам ғашықтықты сипаттауға кіріскенде, Қалам сынып, қағазым жыртыла кетті сол сәтте, – (Жолма-жол аударма. – Т.Қ.) дейді. Сопылық шығармаларда Фархад пен Шырын, Мәжнүн мен Ләйлі бейнесі жиі кездеседі. Мұндағы Фархад – тариқат арқылы Хаққа жетудің құралы болса, Мәжнүн – ғашықтық арқылы машұққа (Хақ) қауышудың символы. Себебі сопылық әдебиетте Фархад еңбекпен мұрат-мақсатына жетсе, ал, Мәжнүн машұқы деп бетбақдаланы кезіп кетеді. Мәуләуи Хаққа жетудің екінші жолы – Мәжнүн жолын таңдаған. Бұл – самағ арқылы фәнаға кенелу жолы. Хәкім Абайша айтсақ, «Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (шексіз) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ, сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, сол таза мұсылман, толық адам делінеді». Рухани кемелдікке шақырған Мәуләуи бұл жолға Аллаға ғашық болып қана қол жеткізуге болатынын айтады. Оны тілмен айтып жеткізу мүмкін емес, оның ләззәтін түсіну үшін жүрекпен сезіну һәм сол кейіпке (фана) ену ләзім. Имам Ғазалидің «(Рухани) кемтар немесе сол (рухани) кемтарлығы арқылы айуанға жақын болған адамға ғашықтық туралы айтылса болды, ол шаһуаттық арманнан басқа нәрсені көз алдына елестете алмайды» деп жазғанындай, иләһи ғашықтықты түсіну үшін белгілі бір дәрежеде рухани дайындық керек.

«ӨЛМЕСТЕН БҰРЫН ӨЛ»

Он төрт жыл бойына жазылған Мәуләуи «Мәснәуиі» іштей алты дәптерге бөлінген. Әр дәптердің көтеретін тақырыбы да әртүрлі. Шайыр негізгі айтар ойын хикая немесе қисса арқылы жеткізіп отырған. Сондай хикаяттардың бірінде шайыр сопылықтағы «Муту қәблә ән тәмуту», яғни, «Өлместен бұрын өл» қағидасын әдемі тәмсіл-мысалмен жеткізіп берген: Бір күні бай саудагер ұзақ сапарға шықпақшы болып, ағайын-туыстарын жинайды да, олардан өздері үшін қандай сыйлық алып келуін сұрайды. Олар өз қалағандарын айтады. Сонда саудагер тоты құсына қарап, «Саған қандай сыйлық керек? – дегенде, құс «Жолда көп тоты құстарды көрсеңіз, менің тотым қапаста отыр деп айтыңыз, сонда олар не деп жауап берсе, соны маған жеткізсеңіз, сол мен үшін үлкен сыйлық» дейді. Саудагер жолда кетіп бара жатып ағашта отырған бір топ тотыны көреді де, «менің де тотым бар, ол торда қамалып отыр» дейді. Сонда, қонақтап отырған барша құстар жерге құлап түседі. Саудагер тотылардың жансыз денесін көріп, шошып кетеді де, қорыққанынан қайта жолға түседі. Саудагер кете салысымен барша тотыларға жан бітіп, олар да ұшып кетеді. Ол сапардан үйіне келгенде тотысына айқайлап «Сен не айтып едің? Мен бір топ тотының обалына қалдым. Сенің сәлеміңді жеткізгенімде оның бәрі бірден өлді» дейді. Сонда, тордағы тоты талып қалады. Саудагер тотыны тордан сыртқа шығарып, оның жансыз денесіне қарап отырады. Бір кезде тотыға жан бітіп, сыртқа ұшып шығады да, егесіне «қош-сау болыңыз» дейді. Саудагер аң-таң болып, ең болмаса құстарға айтқан сөзінің сырын айтуын сұрайды. Сонда тоты «Мен торда қамалып отырған құс едім. Сен көрген тотылар маған бұл қапастан қалай құтылудың жолын көрсетті» деп ұша жөнеледі. Сол тоты сенің жаның болар, Ал, қапас, ол сенің тәнің болар, – (Жолма-жол аударма. – Т.Қ.) деп автор қиссасын аяқтайды. Шайыр осы қисса арқылы адам жанын тоты құс, ал, тәнін қапас арқылы әдемі жеткізе білген. Фәни дүниенің алдамшы дүниелеріне біржолата берілген жан тәннің ләззәтін іздеп, жан рахатының тыныштығын әсте ұмытады. Адам рухани азғындыққа ұшырайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Қабірлерді зиярат етіңдер, олар сендерге өлімді еске салады» дегеніндей, мұндай азғындықтан өлімді еске алу ғана құтқара алады. Парсы халқының «Аш болсаң базарға бар, тоқ болсаң (бай болып, тек дүниені ғана ойласаң) мазарға бар (ол саған дүниенің мәңгілік емес екенін еске салады деген мағынада)» дейтіні де содан. Шығармада келтірілген әр қисса не хикаяның соңы осындай ғибратты нақыл сөзбен түйінделіп отырады. Терең сопылық мәнге ие болған жерлерді қарапайым оқырман әсте түсінбеуі немесе жоғарыда жазғанымыздай, өзінше түйін жасауы мүмкін. Осы ойымызды белгілі мәуләуитанушы ғалым, доктор Зәрринкубтің «Сирр-е ней» (Найдың сыры) атты кітабынан жеткізсек те болады: «Мәснәуи» жырын тыңдаған адам оны жеңіл қабылдамау керек. Себебі, мұндағы ойлар астарлап, жұмбақталып берілгендіктен, оқырман тек қиссаның сыртқы қалыбын ғана қабылдап, ондағы жасырын сөз бен ғибратқа толы хикметті түсінбеуі мүмкін. ...Сондықтан да, (оқырман) көбінесе қабығын жұтып, дәні сыртта қалып қояды». Сондықтан да, Шығыс мұсылман әдебиетінде шархтан (комментарийден) көп еңбек жоқ. Ш.Мәржанидің Бұхарада оқып жүргенінде «шарх кітаптың өзіне шарх жасалған» деп жазатынындай, Мәуләуи «Мәснәуиінің» мазмұнын ашу үшін бірнеше талдау еңбектері дүниеге келген. Солардың негізгілері қатарында «Жауахирул асрар» (Сырлар жаухарлары), «Мифтахул мағани» (Мағыналар кілті), «Жауахирул мағани» (Мағыналар жаухарлары), «Сираж-и шабистан» (Шәбістан шамы), сондай-ақ түркі әдеби тіліндегі «Мәбдә-и нур» (Нұр бастауы) секілді шарх кітаптарын атаған жөн.

«ОЛЛАҺИ, МЕН ӨЛЕҢНЕН ЖИІРКЕНЕМІН»

Жәләләддин Руми өзін ешқашанда шайырмын деп есептемеген. Сондықтан да, замандастары секілді патша сарайларында өлең сөздің жарысына да түспеген. Ақындықты кәсіп қылып жан бақпаған, оны атақ-даңққа жеткізер құрал деп те санамаған. Қырық жасына келгенше, яғни, ұстазы Шәмс Тебризбен кездескенше бір бәйт те жазбаған деседі. Мәуләуитанушы ғалым Кәзім Мұхаммадидің сөзімен айтар болсақ, «Алайда, Мәуләуи өзге ақындар секілді шайыр емес. Ол қаншалықты көп өлең жазса да, сол жазған дүниелері жоғары деңгейден табылып жатса да, ол өзін ақынмын деп есептемеген, оны мақтан да тұтпаған. «Шайыр» деген атқа ие болу үшін кейбір ақындар секілді бір өлең жазамын деп, басын тауға да тасқа да соқпаған». Мәуләуи өзінің «Фиһ мә фиһ» (Ішіндегісі ішінде) атты шығармасында ақындықты Өзіне ар санап «Мен қайда? Өлең қайда? Уаллаһи, мен өлеңнен жиіркенемін, мен үшін одан жаман нәрсе жоқ. ...Біздің ортамызда шайырлықтан өткен қорлық жоқ», – деп жазады. Сондай-ақ, ол ғазалдарында: Мен одан сандырақтайтындай, өлең маған не бопты!? Мендегі бар дүние басқа шайырлардан өзгеше... (Жолма-жол аударма. – Т.Қ.) Бәйіт пен ғазал хақында шынымды айтар болсам, Ей, Жаратқан, Муфтағилун, муфтағилун, муфтағилун өлтірді мені, – (Жолма-жол аударма. – Т.Қ.) деп жырлаған. Сопы шайырлардың өзге ақындардан айырмашылығы: олардың тақырып іздемейтіндігі және ұйқас қумайтындығы. Сондай-ақ, жазған дүниесін көп өңдемейтіндігі. Себебі, Хаққа ғашық ақын өз туындысын жазуға кенелгенде, яғни, машұқының дидарын көргеннен кейінгі ерекше бір жағдайда (халат) немесе Жаратқанның жамалына қатты ынтыққан уақытта пайда болатын үлкен илһамның үстінде отырып жазады. Сондай күйге (халға) жеткен ғәріп (Хақты танушы) сол кездегі көңіл-күйін бірден төгіп салады. Жоғарыда Мәуләуидің «Мендегі бар дүние басқа шайырлардан өзгеше» деп жазатыны да содан. Шығармада басты мәселе ұйқас емес, мазмұн болғандықтан да «Муфтағилун, муфтағилун, муфтағилун өлтірді мені» – деп қалам тербеді. Ол атақ-даңққа дәметіп, жеңіл тақырыптарға барып, ұйқас қуған сарай маңында жүрген кейбір шайырларды сын садағына алды. Ондай ақындардың сөз өнерінің қадірін қашырып жүргенін ашына отырып жазды. Оның «бұл күнде ақындықтан өткен қорлық жоқ» деп қалам тартуының астарында көркем сөзге деген қамқорлық жатыр еді. Хаққа деген ғашықтықты жырлаған Мәуләуи өзінен бұрын өткен шайырлардың айтқанын қайталамауға тырысты. Сондықтан да, ол: Ескіні сатушылардың заманы өтті, Біз жаңа саудагерміз, сондықтан, бұл – біздің базар, (Жолма-жол аударма. – Т.Қ.) деп, ескі тақырыпты қаузаушылардың дәурені өткенін айта келе, әдебиет деген ұлы майданға тың тақырып, жаңа леппен кіруге тырысты. Тағы бір жерде «Енді, жаңа сөз айт, екі әлем өзгерсін» деп жырлады. Бұл да болса оның сөз өнеріне деген үлкен жауапкершілігін көрсетсе керек. Ол мағынасыз тақырыптың ғасырлар бойына жырланып келе жатқанына қатты ашынды. Өлеңдегі басты мақсат ұйқас емес, мазмұн екеніне назар аударды. Сондықтан да, оның негізгі шығармасы «Мәснәуи-е мәғнәуи-е Мәуләуи», яғни, «Мазмұнға бай Мәуләуи мәснәуиі» деп те аталды. Бұл пікірден шайыр аруз іліміне, тіпті, назар аудармаған екен деген ой тумаса керек. Ақын мұрасын зерттеген ғалымдардың бәрі де оның шығармаларының белгілі бір әуенге, ырғаққа және ұйқасқа құралғанын жазған. Мәуләуитанушы ирандық ғалым Кәзім Мұхаммади «...Мәуләнә үш жарым мыңдай ғазал жырлаған. Сонда елу бес өлең өлшем бірлігін қолданған. Біздің шайырларымыздың ешқайсысы да парсы тілінде мұншалықты өлең өлшемін дамытқан емес. Шәміс Қайстың көне заманда болған, бірақ, бұл күнде ұмытылған өлшем деп жүргендерінің басым бөлігін осы Мәуләуи дүниеге әкелген әрі кәдімгі (жиі кездесетін) өлшемдерден анағұрлым артық жасаған» – деп жазды. Сондай-ақ, ғалым Фәрузанфар: «Мәуләнә – талант. Яғни, бұрыннан ақын емес адамның (аяқ астынан) өлең шығаруы; ешбір әдеби ортада өлең сырын игерместен, шайырлықта жаттықпастан, көркем сөзбен жыр жазуы әрі оны керемет жеткізе білуінің өзі ғажап! Әрі оның қаламынан туған дүниелер көлемі жағынан біздің бұл күнде есімдері күллі әлемге белгілі мәшһүр болған атақты шайырларымыз Фердауси Туси, Сағди Ширази және Хожа Хафиз шығармаларын бірнеше есе орап түседі. Бұдан шығатын қортынды, Мәуләнаның шайырлығы иләһи құдіреттің арқасында пайда болған», – деп оның шайырлық шеберлігін жоғары бағалаған. «Уаллаһи, мен өлеңнен жиіркенемін» – деп жазған Мәуләуи өз шығармалары арқылы парсы әдебиетінің деңгейін тағы бір сатыға көтеріп кетті. Оның қаламынан туған сөз зергерлері кейінгі ұрпақтың рухани дүниесін байытып, ұлттық дүниетанымның қалыптасуына өз септігін тигізіп келеді. Атап айтсақ: 1) Жоғарыда аталған «Мәснәуи-е Мәуләуи». Шәкірті Хисамиддин Чәләбидің өтініші бойынша жазылған негізгі шығармасы. 2) Ұстазы Шәмс Тебризиге арналған «Диуани Шәмс» атты ғазалдар мен рубаилар топтамасы. Мұны кейде «Диуани кәбир», яғни, «Үлкен диуан» деп те атайды. Ғашықтық сырлары кеңінен жырланған бұл диуанда жалпы саны 3228 ғазал, 138 тәржиғ бәнд және 1995 рубаи енгізілген. 3) Өлең аралас қара сөзбен жазылған «Фиһ мә фиһ» атты шығарма. Мұнда Мәуләуидің ғашықтық туралы ойлары қарапайым тілмен жазылған. 4) Мәуләуидің рухани сұхбаттарда шәкірттері мен тыңдаушыларына арналған көсемсөзі мен үгіт-насихаттары жазылған «Мәжәлис сәбғә», яғни, «Жеті мәжіліс» атты еңбек. 5) «Мәктубат». Мәуләуидің достарына, замандастарына және шәкірттеріне арнап жазған хаттары. Мұнда шайырдың 145 хаты енгізілген. «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» демекші, артына мәңгі өлмес мұра қалдырған шайыр 1275 жылы алпыс сегіз жасында бұл фәни дүниемен қоштасып, өзінің асыл тегіне, машұқына қарай аттаныпты деседі. Жан берерінің алдында мына өлең жолдарын оқыпты деген сөз бар: Дариядан едік, дарияға қарай бара жатырмыз, Жоғарыдан едік, жоғарыға қарай бара жатырмыз, Біз ана жақтан да, мына жақтан да емеспіз, Біз мекенсізбіз, мекенсіз жаққа бара жатырмыз. (Жолма-жол аударма. – Т.Қ.)

ТҮЙІН

Классикалық парсы әдебиеті жарнамалауға мұқтаж емес. Фирдаусидің «Шахнамасы», Сағдидың «Гүлстаны» мен «Бостаны», Аттардың «Мантақатут тайры», Санаидың «Иләһинамасы», Низами мен Жәмидің хамсасы, Хафиздің ғазалдары мен Омар Хаямның рубаилары әлем әдебиетінің асыл қорынан өз орындарын алған. Әлемде осы шайырлардың атын атап шабыт шақырмаған, жырларын оқып тамсанбаған ақын кем де кем. Қолына қалам ұстаған жандарды табындырған да міне осылар. Оларға арнап бірі жыр жазды, екіншісі еліктеді, тағы бірі солар туралы қалам тербеді. Олардың шығармаларындағы образдар мен сюжеттер түркі халықтарының әдебиетінде кеңінен жырланды. Қарап тұрып қызығасың һәм қызғанасың. Жәләләддин Руми шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне бірнеше рет аударылған. Шайыр мұрасын ағылшын тіліне тәржімалаған Колман Баркез өз сұхбатында Христиан дінінің толтыра алмаған рухани кеңістігін Мәуләуи шығармалары толықтыруда дей келе, «Мәснәуи» Америкада ең көп сатылатын кітаптардың бірі екенін айтыпты. Руми шығармаларының мұншалық көп сұранысқа ие болуын мәуләуитанушылардың жемісті еңбегі деп бағалаған жөн. Сондай ғалымдардың қатарында Зәрринкуб, Әбдулкәрим Суруш, Шафиғи Кәткәни секілді бірнеше ғалымның есімдері зор құрметпен аталады. Осындай жоқтаушылары бар Мәуләнә Жәләләддин Мұхаммед Руми мұрасы мәңгі өшпейді. Осыдан біраз жыл бұрын Иранға барғанымда Мәуләуиге арналған республикалық конференцияның үстінен шыққаным бар. Үш күнге созылған ғылыми мәжілісте ақын шығармашылығына қатысты жақсы баяндамалар жасалды. Соның ішінде бір ғалым (атын ұмытыппын) өз баяндамасын қорытындылай келіп, «Мәуләуи секілді алып шайырларымыздың мұрасы тұрған кезде парсы тілі, парсы мәдениеті ешқашанда өлмейді» дегені есімде. Мойындамасқа шараң жоқ...

1043 рет

көрсетілді

85

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз