• Тарих толқынында
  • 28 Наурыз, 2020

БОПАЙ ХАНШАНЫҢ ЖҰМБАҚТАРЫ

Азамат Ақылбеков, мемлекеттік қызметкер

...Біз қазіргі күнде өткенді көп аңсаймыз, бабаларымыздың өр істеріне таңқала қарап, сағынамыз! Аталарымыздың көптеген істерін ерліктің шыңындай көтермелей бағалаймыз, аңыздарға тура сол мағынасындай сенеміз! Тіптен, сонау бағзы заманғы дала ұл-қыздарын (қазіргі қазаққа қаншалықты қатысы барын) пір тұтамыз, ал, ең қызығы кеше ғана ел үшін жалындай жанып өткен тұлғаларымызды тиісті деңгейде мақтан тұтып, дәріптей де алмайтын кездеріміз бар! Сонау, сақ заманындағы Томиристі мақтан көреміз, кино да түсіреміз, ал, артында өшпес із қалдырған Бопай ханшаны солай дәріптей алып жүрміз бе? Осы сұрақ ойға оралғанда, «әр қазақтың көкейінде жүруі керек-ау» деген мұңлы ойға еріксіз қаласың... Әрине, халық жадында ел үшін еңбек етіп, жанын қиған көптеген ата-бабалар, апа-әжелеріміздің аруақтарына бас иіп, есімдерін құрметпен атаймыз. Бірақ, көпшілігі елеусіз-ескерусіз қалғаны да рас-ау! Бопай ханша туралы ел аузындағы деректермен қатар, заманымыздың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлиннің талассыз, ғаламат еңбегінің арқасында біраз сырға қанықпыз да, ал жалпы мағлұматтар мынандай тәртіпте өрбиді.

Қазақтың Ұлы Ханы – Абылайдың ұлы Қасым мен бәйбiшесi Айкүмiстен алты бала өмiрге келiптi. Олар: Кенесары, Саржан, Есенгелдi, Көшек, Ағатай сұлтандар және Бопай Ханша атымен тарихта қалған қызы болатын. Тарихи деректер бойынша, Саржан мен Есенгелдi Қоқан құшбегiлерiнiң қолынан аярлықпен ажал тапқан. Ал, атақты Кенесары, інісі Наурызбай, басқа да қазақтың сұлтан-батырларымен бірге Орыс империясы отаршылдарына және Қоқан хандығына қарсы күрес-соғыстардың басшысы ретінде және көзсіз ерлігімен елге кеңінен  танылған.

Хан Кененің қарындасы – Бопай ханша жасынан тәрбиелі, өзі төре қызы болғасын, Ұлы Даланың жазылмаған заңдылықтарына сәйкес, өршіл мінезді, намысқой, ер қаруы бес қаруды да, саяткерлікті де шебер меңгерген, өзін қай жерде де болсын үстем, ұстамды түрде ұстай алатын, нағыз халық ұғымына сай, ерекше жан болып өскен. Уақыты келгенде, ата-салтқа сәйкес, төре ұрпағы Сәмеке сұлтанға ұзатылған. Бұрын қанша ерке, еркекшора болғанымен Бопай адал жар, сүйікті ана бола білді, осы некелерінен алты бала сүйген.

Көп ұзамай, басында Қасым сұлтан бастаған, кейінірек оның ізін жалғастырушы ағалары қоса шейіт-құрбан болған соң, Кенесары сұлтан бастаған, Орыс империясының отарлауына қарсы күрес басталды!

Уәли ханның ұрпақтары Кенесары ханның қарулы күресіне қарсы болғаны анық, міне, сол кезде Бопай ханша қайсарлықпен барған жерінен бөлініп, алты ұлын ертіп, ағасына келіп қосылған және олар опат болғанша жандарынан табыла білді. Бұл туралы атақты тарихшы Ермұхан Бекмахановтың (саяси қуғынға ұшыраған) дерегінде, Бопай ханша туралы: «Өзінің әскери ерліктерімен Кенесарының қарындасы Бопайдың да даңқы шықты. Ол көтерілістің алғашқы күндерінен-ақ оның белсенді қатысушысына айналды. Ол өзінің күйеуі Сәмеке мен оның туыстары сұлтан Сартеке және Досан Әбілқайыровтарды да көтеріліске қатысуға шақырған екен, олар қарсы болған»... екендігі айтылады.

Бопай ханша, көпшілігінің ерліктері анау-мынау ерге бұйырмайтындай, көбіне қыз-келіншектерден құралған 600-дей (алты жүздей) арнайы жасақты басқарды. Бұл топ негізгі әскерді ішкертін-тыл жағынан қару-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз ету және көштерді басқару, ауылдарды қорғау істерімен айналысты. Елден зекет жинау, күреске қарсы адамдарды бағындыру, қажет болса шабуды да қолданумен қатар, қиын-қыстау кездерде алғы шептерден де көрініп жүрді. Бұл істерде өзін мықты жағынан көрсете алып, барлық жұмыстарды шебер ұйымдастыра алды. Бопай ханшаның Хан Кеңестеріне де қатысып, өз ойларын айтып жүргені, онымен елдің санасқаны да деректерден айқын көрінеді. Ел аузында оның бейнесі: «Ол жорықтарда өзін әйелмін деп сезінбей, ісіне әділ де берік, қатал талап қоя алатын батыл басшы екенін танытқан. Ағасына ұқсаған сұсты да нұрлы тұлғасын көріп, затың әйел ғой деп сөз тастайтын ұры көзді жігіттерге бұйрықты бере жалт қарағанда, олар кірерге жер таба алмай, сасқалақтап қалады екен...» деген тұрғыда сақталған. Кенесары ата дәстүрмен, түгелге дерлік қазақ рулары атынан 1841 жылы 7-қыркүйекте Хан болып сайланып, Қазақ мемлекетін қайта қалпына келтіргенін, оны қарындасының барынша қызу, қуана қолдағаны айтпаса да түсінікті болар.

Ел аузынан басқа атақты жазушы Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романында  Бопай ханша туралы біршама деректер бар екенін жоғарыда айтып өттік, алайда, ол роман тарихи ғана емес, көркем шығарма болуына және советтік идеологияға байланысты (және оқушыларды тарту мақсатында), ханшаға қатысты сезім-махаббат тұрғысындағы да біраз оқиғалар желісі өрбіген (алыпқашты сөздер болуы да әбден мүмкін). Мысал ретінде, мына, үзіндіні келтіре кетсек болады: «Қатын құтырған заман болды ғой осы кез... Сырымбет қырқасынан байын, малын тастап алты баласымен Кенесарының қарындасы Бопай да барып қосылды деген де рас па?

– Рас. Қасымның ұлдары арлан қасқыр болса, қыздары қаншық бөрі емес пе. Бопай қазір қолына найза алып бір топ жігіттерді басқарады деседі. Күйеу жұрты, Уәли ханның ауылын шабамын деп тісін қайрап жүрген көрінеді.

– Бопай келіп ағасының тобына қосылса Жанайдар батыр да со жерде десеңізші...

– Неге?

– Жанайдар мен Бопай жас кездерінде Қозы Көрпеш пен Баян сұлудай болған жоқ па еді? Тек Қасым төре Жанайдарды қара қазақ деп Бопайды оған бермеген. Алты бала тапса да Бопай Жанайдар десе ішкен асын жерге қояды деген өсек бар. Екеуінің басы Кенесары ордасында қосылған болар».

...Бұдан басқа бір эпизодты келтірсек, жазушы, ханшаның Хан Кеңесінде ел тағдырын, жерінің мәселесін патриоттық сенімде ойлайтындығын және орыс өкіметіне берілген адамдарға ымырасыз екенін суреттей кеткен: 

– «Ақ патшаға жағынып, жаны шығып жүргенінің өзі де сол емес пе? – деді Бопай сәл қабағын шытып, – патша жандаралдары бекініс салып, келімсектеріне аздаған үлес бергені болмаса, жердің шұрайлысы әлі де Сәмеке, Нұралы, Бөкей, Уәли хандардың ұрпақтарында ғой. Мал үшін олар қазақтың жері түгіл, жанын берер. Бірі бүкіл Есіл, Нұра бойын жайласа, бірі сонау Сырымбет тауының, Құсмұрын мен Шұбарға дейінгі кең алқабын алып жатыр. Ал, өзгелері бір Уәли ханның ана Айғаным қаншығы жайлап отырған бөктерге үш болыстың малы сыяды, – Бопай кенет ағасына ашулана қарады. – Қашанғы ол қаншықты басымызға шығарып қоямыз? Қоңырқұлжадай оны да шабатын мезгіл жетті, жібермейсің бе бір батырыңды.

Кенесары қасқыр көрген бүркіттей түйіле қалды.

– Қатын аулын батыр шаппас. Қайын атам жұрты демесең өзің шап!

Табылған сөзге үйдегілер шу ете қалды.

– Жөн.

– Тапқан ақыл.

– Қатынды қатын шаппаса, батыр шапқаны ерсі.

– Уәлиханның аулына жолай соғасың, – деді Кенесары аз сөйлей, – ең алдымен арғы беттегі Аманқарағай приказының малын бері айдап өтесің.

Қуанғаннан Бопайдың екі көзі жарқ етті.

- Мен дайын».

...Бұл жерде, түсінгенге, Хан Кененің ата-салтты темірдей тәртіпте ұстайтындығы да баса көрсетіліп, дәріптеліп-ақ отыр. Бұдан әрі романда:

«...Бір жеті өтісімен алты жүз жасақ ерткен Бопай алдымен Аманқарағай приказын, содан кейін Сырымбет тауындағы Уәлиханның бәйбішесі Айғанымның ауылын шапты. Кенесары қолы Көкшетау жақты шауыпты. Ескі кек қайтқандай. Ал, батыр қарындасы Бопай Сырымбет саласындағы Уәлиханның жесірі Айғанымның кең сарай алты ағаш үйінің күлін көкке ұшырып, қоймасындағы басулы кигіз, иленген терісіне дейін қалдырмай барын сыпырып әкеп, ата кекті бір қайтарды. Енді Кенесары көңілденбегенде кім көңілденбек? Құдай абырой беріп Ақмола, Ақтау бекіністері де тез алынды. Осы жеңістердің арқасы ғой, енді Қараөткел, Қарқаралы, Көкшетау, Баянауыл өкіріктерінің кей ауылдары бірден Кенесары жағына шыға бастағаны»... деген деректер келтіріледі.

Бопай Ханшаның бұндай істері туралы, көптеген тарихшыларымыз жариялаған архив материалдарында да мәліметтер көптеп ұшырайды, соның бірі ретінде мына деректі келтіруімізге болады: «Бопайдың Арғын руына зекет жинауға келгені туралы Патша өкіметіне жансыз Самрат Мамаев былай деп хабарлайды: «Кенесары төлеңгіттерімен бірге Кенесары ісіне қатысуымен қырға кең танылған, оның әпкесі Бопай да келді» (көп жерде қарындасы делінеді, бұнда неліктен әпкесі деген түсініксіз).

...Заңғар жазушымыз Ілияс Есенберлиннің Бопай ханша туралы кейбір сезім-махаббат мәселесі туралы неліктен жазғаны түсінікті делік, өкінішке орай, қазіргі кейбір «жазғыштардың» жазбасымақтарында одан да асқан былапыт мағынадағы жазбалардың кездесетіндігі екен. Сондайлардың бірі, ең өкініштісі, әжептеуір ауылдық ақсақалдың жазғаны! Оқырманның хабарлауынша, ол кітап: Қазақстан Республикасы Білім Министрлігі рұқсатымен, жауапты редакторы Кәдірбек Сегізбайұлы болған Бердәулетов Камалдың «Бұқарбай батыр» (Өмірі мен ерлік жорықтары) Алматы: «Қазақ университеті» баспасынан 1992 жылы шыққан), атты кітабы екен.

Біздің мақаланы оқыған оқырман ол турасында былай пікір айтады:

«...Кітаптың мазмұны төмендегідей, Бопай ханым мен Бұқарбай батыр арасындағы өтірік.

Осы кітаптың 34-бетінде Батыр өз аузымен айтты-мыс дейтін оқиға былайша беріледі. Қосында жүргенде Бұқарбай батырдың Кенесарының Бопай атты қарындасында көңілі болып, бір жолы түнде жеке жататын үйіне барып, есік қағады. Төре қызы батырды қабылдайды.

Бір мезгілде ағасы Наурызбай келіп: – Есікті аш, әңгіме бар, – деп асығыс есік қағып, жетіп келмесі бар ма.

Сол уақытта сескеніп, тұла бойым мұздап сала берді,- деген екен.

Сонда қыз: – Батыр-ау, мұның қалай?- деп ағасына әзілдепті. Есікті ашпаймын!

– Неге ашпайсың?

– Қонағым бар. Сен қазақтың жақсы атын міндің, жақсы асын іштің, сұлуын құштың, сен туған анадан мен де туған жоқпын ба? Үйімде бір күн қонақ қондыруға менің де ықтиярым бар,- дейді.

– Ой, тілің кесілсін,– деп Наурызбай кете берген екен.

Бұл төрелік сыпайыгершілік еді. Егер оқиға басқаша өріс алғанда, жаугершілікте жүріп, өзара шабысып жату қалай болар еді, құдай бір сақтады, – деп батыр елге келгенде әңгімелеп берген екен.

34-бетте: – Шындығында қай батыр өзімен көңіл жарастырған жанды сөз етеді. Дұрысында Бопай қыз жасағымен Бұқарбай қолының бірлесе соғысуы жайында Кенесары-Науызбай білмеуге тиіс құпия отырыс болған сияқты. Соны батырдың жанында болған бір сарбаз басқаша жорып ел арасына таратқан сыңайлы...».Бұл менің мақалама көзіқарақты оқырмандардың пікірлері және осы туралы менің өз ойымды білгілері де келіпті. Олай болса, менің ойым былай!

... Ана «Жазушының» осы айтқанынан-ақ талай нәрсенің шала екені, жала екені, «ауылдың мылжың алты ауыз әлеуләйі» екені көрініп тұр! Біздің қазіргі қазақтың «қатын өсекке» сонша құмар болғаны ма? Қазақ неге осынша бұзылып кеттік?! Өздері айтқандай, керемет атақты болған Бұқарбай батырға «сүйіктісін» қолма-қол сатқызып, соншалықты төмендеткендерін, ой-намыс-санасын соншалықты түсіргендерін байқамағаны ма?! Кешіріңіздер, (жазған марқұм да) бұрынғының «жаным арымның садағасы» дейтін мәрт азаматтары ондайға мүлде бармаған! Одан кейінгі айтарым, қай қазақ баяғыда сүйектері қурап қалған аруақтар туралы артынан жаман сөз сөйлеп, көрін тіміскілеуші еді?!

Қосымша айтарымыз: Бопай ханша Кенесары ханнан жасы кіші болғанымен, Наурызбайдан анағұрлым үлкен ғой! Ата-салтты берік ұстанатын Науан, алты баланың анасы, өзінен 15-18 жас үлкен, анасындай көретін әпкесімен қалайша «тілің кесілгір» деп міней сынап әзілдеспек! Ойлансаңыздаршы! Өтіріктің құйрығы бір тұтам деген осы болады!

...Бопай ханшаның әкелерін тастап, Хан Кенеге келген балаларының ержеткендері де азаттық жолындағы күрес-соғыстарға ерлікпен қатысты, жекелеген жасақтарды басқарды. Алғаш Ермұхан Бекмаханов шығарған архив материалдарынан мынандай деректерді кездестіруге болады: «Бопайдың ұлы – Нұрқан да көтерілістің белсенді қатысушысы болды. Патша отрядтарымен болған бір шайқаста ол тұтқындалады. Оның ержүректігі туралы жүзбасы Лебедев былай деп жазды: «Біздің қолымызда қазір қолға түскендер – Кенесарының туған жиені, оның қарындасы Бопайдың баласы, сұлтан Төрехан (Нұрхан – Е.Б.) Сәмекин, Тұңғатар болысының құрметті биі – Инемнің шәкірті Айдарбек Қуандықов және Кенесарының төлеңгіті – Сәрсенбай бар, олардың алғашқысы жанұшыра қарсылық көрсетуі нәтижесінде қатты жараланған»... Ұмытпасам, ханшаның тағы бір немесе екі ұлы Кене Ханның соңғы шайқасында опат-шейіт болды. Өкінішке орай, қалған ұлдарының кейінгі тағдырлары қалай қалыптасқаны туралы мәліметтерді көре алмадым (бір әңгімелерде қазір де ұрпақтары бар дегенді естігеніміз бар, хабарласуға тырысамыз).

Белгілі деректерде Бопайдың сенімді серіктері ретінде, ерліктері кез келген еркектен кем емес, «Арғынның» қызы Алтыншаш пен «Табынның» қызы Ақбөкен, т.б. есімдері үнемі аталады.

Бопай ханшаның қазақша айтқанда көріпкелдігі де болғандығы, оған қоса қазақ қыздарының Кене Ханның соңғы шайқасына көптеп қатысып, көпшілігі опат болғаны, қолға түскендері және кейінірек, ханшаның жауласқандармен мәмілеге келіп, көптеген тұтқындарды құтқарып алған еңбектері белгілі қырғыз тарихшысы Белек Солтоноевтың (репрессияға ұшыраған) «Қызыл Қырғыз тарихы» атты үлкен еңбегінің «1847 жылында Кене Хандын Кыргызга экинчи чабуулуу (кой жылы)» атты тарауында былай айтылады: «Кене хан кыргызга аттанарда Бопуйкан деген карындашы «түшүмдө саамайым өрттөнүп кетти, кыргызга аттанбаңыз» деген.

...Аткошчу балдар аскер эмес, алардын кээ биринин алганы үч ат болгон. Казактын кыздары чачтарын төбөсүнө түйүп алып качкан болсо алар таанылбастан көп өлтүрүлгөн. Бир кыз чачын түшүрө сала «мен кызмын» дегенде саяк кыргызынан Норбай балбан деген кармап барып баласына алып берген. Анын тукуму азыркы кайдуулатта болуп, ушул кезде Кетмен Төбөдө.

...Кененсары өлгөн соң бир жылдан кийин ат, тон, колго түшкөн казактын көбүн Кенен-сарынын бир тууган карындашы Бопуйкан келип жыйып кеткен»... Бізге жеткен кей деректерде адам басына 60 (алпыс) жылқыға дейін құн төленіп, босатылған. Ал, үйленгендер болса сол елде қала берген. Жалпы, бұл соғыста қазақ елі зор шығынға ұшырады, қазақ даласында айдалып жүрген поляк зерттеушісі А. Янушкевичтің (1846. Шілде) күнделігінде «Кенесарының 1500 сарбазынан өлiдей, екi зеңбiрегi мен 500 қызынан айрылғаны» айтылады...

...Хош делік! Бұл айтқандарымыздың барлығын да көзіқарақты оқырман біледі деп ойлаймыз. Ендігі мәселе, сөзіміздің басында Бопай ханшаның жұмбақтары деп бастаған соң, сондай ойларымызбен бөліскіміз келеді. Ол қандай жұмбақтар еді деген сұрақ туындайды. Қарастырып көрелік!

Ең алдымен Бопайдай асыл апамызды қалай атаған дұрыс? Ханша ма, әлде Ханым ба?! «Ханша» деген сөз тілімізде бұрыннан бары анық және хан тұқымынан шыққан қыздарға қолданылады. Оған, ескі жырлардағы «Әлпештеген ханшасын, Ат артына мінгізіп»... деген сөз тіркестері дәлел! Қазіргі көп кездесетін «Ханшайым» сөзінің оған қатысы бар екені туралы, ескі жыр-аңыздардан (әйел есімдері көптеп кездеседі) қосымша дәреже-атау ретінде кездеспегендіктен қарастырмай-ақ қоялық. Ал, «Ханым» сөзіне келсек, ол ханның жұбайына қолданылатын сөз (қазіргі ұғымымыз, әрине, басқа). Олай болса, Бопай апамыз, ел аузында неліктен көбіне «Бопай ханша» атымен қалды екен? Былай қарасаңыз барған жері де хан тұқымы ғой, сондықтан «Бопай Ханым» аталуы керек емес пе?! Бұның сыры әлде, барған жерінен саналы түрде бас тартып, ағасы бастаған қозғалыс-күреске қосылуында ма және солай болғандықтан, Сәмеке сұлтан да одан ресми түрде бас тартты ма екен деген ойлар да келеді. Біз де сондықтан, ел аузында, жадында көбірек сақталған, яғни, «Бопай ханша» атты атаумен айтуды жөн санадық.

Бопай ханша да көптеген замандастары сияқты, сол заман ағымына сәйкес, тып-тыныш Орыс империясы билігінің қолтығына кіріп алып, шен-шекпен, сыйлықтар алып, байлығы шалқыған ханым ретінде балаларын оқытып, тып-тыныш өмір сүруіне толық мүмкіндігі болды! Алайда, ол алды белгісіз, арпалысқа толы, бас кететін өмір жолын ерікті түрде таңдады. Туған балаларының өмірін күрес жолына, еркіндік жолына айырбастауға дайын болды! Бұның сыры неде, егер, тек қана, бауырларын қимағандықтан ғана деп ойласақ, қатты қателесетініміз анық! Бопай апамыздың бұл жерде жеке бастың мүддесі емес, түгел ел қамы, халық тағдыры сияқты жоғары деңгейдегі ұғым иесі екенін сезінуге, білуге тиіспіз десек қателесе қоймаспыз! Бұған, барған жерінің де осал еместігі бесенеден белгілі бола тұра, алты бірдей ұлын ертіп Хан Кенеге барып қосылғаны, сол ерлік істерді барынша қолдағаны соның дәлелі болса керек! Сәмеке сұлтан қалайша балаларын жіберіп қойды, неге ол жасөспірім ұлдар, көптеген замандастары сияқты жүрмей, шен-шекпеннен бас тартып, қатерге толы жолды таңдады! Туған әкесіне қарағанда нағашы жұртын неліктен ерекше сыйлады, жақсы көрді, міне, бұл да Бопай ханшаның бір жұмбағы болса керек.

Хан Кене жақын туыстары 15 (кей деректерде 17) сұлтандармен және адал серіктері 1500-дей адамымен бірге қайғылы шейіт-опат болған соң, бірге келген қалған жұрт (аз емес еді, 10 мыңнан астам адам) жан-жаққа тарыдай шашылған еді, Ағыбай батыр бастаған біраз ел ата-жұрт Арқаға асты, кейбіреулер Жетісудың әр түкпірінде қалды (мысалы, біздің Талдықорған өңіріндегі ұрпақтары қазір де кездесетін «Арғын», «Жағалбайлы», «Керей», «Қаңлы» руларының адамдарының бұл жерге келуін ақсақалдар сол оқиғалармен байланыстыратын). Ал, аман қалған, өз туыс-жақындарын, ауылдас адамдардың көпшілігін шаңырақтың үлкені ретінде Көшек сұлтан жинастырып, Шымкент өңіріне қоныстандырды (ондағы тірі қалған Кене ханның ұлдарының арғы өмір жолдарымен біраз таныспыз). Сол кезде Бопай ханша қайда кетті, ол оқиғалардан соң, бір жылдан кейін өзі барып, қырғыздың басты адамдарына «өлгендер өлді, тірілерді қайтарыңыздар» деп келісім-қолқа сала жүріп, қиын істі салихалық-даналықпен қиюластыра келтіріп, біраз жанды қайтарды дедік, оларды қайда апарды екен? Кейінгі өмірі қалай қалыптасты, өмірден қашан және қалай өтті? Бұл да бір жұмбақ.

Бопай дегенде кей зерттеушілер Әбілхайыр ханның жұбайы Бопаймен шатастыратын да сияқты (Ол кісінің жатқан жері Орынбор өлкесінде). Бұл мүлде қате, екеуі екі дәуірде өмір сүрген ханымдар (негізі тарихта бірнеше Бопай кездеседі), сондықтан, кейінгі зерттеушілер мұқият болғаны дұрыс дер едік.

Бопай ханшаның тағы бір жұмбағы дегенде мынаны да айтқымыз келеді, тарихшы Рашид Оразов, ғалым Балкашиннің еңбек-деректеріне сүйене отырып, ханшаның, «әкесі Қасымның қасына Түркістанда жерленгені» туралы мәліметтерді келтіреді, ал, қазіргі зерттеушілер Ақтөбе облысында, «Кілем Жайған» деген жерде деп отыр («Кілем Жайған» атауының шығуы туралы мәліметтерді Р. Оразовтың төмендегі еңбегінен байқаймыз). Осы туралы да ғалымдар алдында тың зерттеулер күтіп тұр демекпіз.

Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында Бопайдың қайын жұрты Уәли хан ұрпақтары екендігі нақты жазылған, алайда, ханшаның Әбілхайыр ұрпағы Сәмекеге ұзатылғаны анық (Е. Бекмахановтың еңбегінде тура көрсетілген). Олай болса, бұл деректер неліктен екі түрлі нұсқада айтылды екен деген сұрақ та туындайды. Бұл жерде заманымыздың атақты жазушысы соншалықты қателесуі мүмкін бе, әлде, Совет идеологиясының талабымен солай жазуға мәжбүр болды ма (Мысалы, «хан тұқымдары билік жолында бір-бірін аяуды білмей, туған бауыры болса да сөзсіз өлтірген» деген жалған ұғымды көрсете кету ме?..), сияқты мәселе ашық қалып тұр... Мүмкін, бұл жұмбақтардың біраз шешіміне Ақтөбелік Алмас Жантекеевтің әкесі Сұлтан қариядан (1909 жылғы) естіген, естеліктей қалған мына бір 1970 жылдардағы әңгіме арқау болар. Зерделеп көрелік (жалпы әңгіме нобайы сақталды):

– «...Атадан ержүрек туған Қасым сұлтанның алтын құрсақты бәйбішесі Айкүміс анамыз өмірге атақты ұлдарымен қатар бар қазаққа мақтанышқа айналған Бопай ханшаны да дүниеге әкелген! Ағаларының ерлігі бір төбе десек, әйел басына қарамай қазақ үшін жан берген ұрыстарда ерлікпен көзге түсіп, артында өшпес із қалдырып, тарихта мәңгі аты қалды. Жасында бұлаң өскен ерке ханша, Сәмеке сұлтанға ұзатылып, адал жар бола білді, алайда, барған жері ағаларына қарсы болғанда, бәрін тастап, алты баласын ертіп, Кенесары ханға қосылды. Барлық ұрыстарына қатысқанымен қатар, ақылгөйлігімен де көзге түскен, қырғызбен ұрыс басталарда қызба Наурызбайды басып, талай жерде ақылын айтып та отырған, негізі, ағайын елмен шатақтасқанды мүлде қолдамаған да екен! Бірақ, болар іс болды!

Хан Кене, Наурызбай, Ержан, Құдайменді сұлтандар, көптеген батыр сарбаздар, оған қоса өз ұлдары да шейіт болған сол ұрыстан соң, Бопай ханша өз аяғын өзі шайнаған қақпанға түскен бөрідей күй кешкен! Бір күнде шашы ағарып, беттерін әжім басып, бұрынғы сұсты сұлулығынан айрылып, ұлғайған жанға айналғандай болып шыға келген деседі. Дегенмен, асылдың аты да, заты да асыл, болған іске берік болып, қырғыздың манаптарына барып, келісімге келіп, көптеген тұтқындарды босатып алған екен. Оған өзінде қалған мал-мүлкін түгел жұмсап, елден де жылу-көмек сұраған! Содан, Арқаға қайтқан соң, Бопай ханша күшігін алдырған қасқырдай аласұрып, қасына сенімді жігіт-қыздарды жинастырып, кезінде Хан Кенеге қастасқан бай-би-сұлтандардан өш алуды бастаған. Ондай ауылдарды шауып, малдарын барымталаған және олжа дүниелерді өзі алмай кедей-кепшікке үлестіріп кетіп отырады екен. Өштескен орыс, казак-орыстардың да талайымен шайқасқа да түскен екен, тіптен олар Бопайды «Степная волчица, Невидимка, Амазонка...» деген атаулармен атаған деседі. Бұның бәрі күтпеген жерден бас салып, артынша ұстатпай лезде жоқ болып кеткендіктен туындағаны сөзсіз. Мүлде өштескендердің бастарын шауып алып, туыстарына жіберіп те отырыпты. Бұл өшпенділік арта түседі, сірә, Бопай ханшаны жақтайтындардың қатары өсе түссе керек, оны жайшылықпен ұстап алу мүлде мүмкін еместей көрінеді. Өштескен ауылдарына аяқ-асты, күтпеген жерден шабуылдар жасап, ұсталмай құтылып кетіп отырады. Бұл да олардың іштей жақтастарының көптігін және тілеулес адамдардың хабар беріп отырғанын көрсетсе керек. Алайда, бірде бір би ме, сұлтан ба аярлықпен «татуласайық» деп алдап шақырып, Бопай ханшаны қолға түсіреді де, Орынборға Орыс билігіне тапсырады. Жақтастарының артынан қатты қудалау жүреді, әйткенмен, оншақты адал адамдары ханшаны сатқан адамның баласын ба, інісін бе қолға түсіріп, оны босатуды талап етеді. Амалы қалмаған әлгі адам, орыс билігіне барып, «өзінің қателескенін» айтып, беретін параларын беріп, Бопайды босатуды сұрайды. Орыс билігі ханшаны босатқанымен одан «енді қылмыстық істерге бармауға» уәде алады.

Бопай ханша тұтқыннан босатыла салысымен оның адал серіктері тағы топтала бастайды. Бірақ, бұл жолы ханша оларды өзі таратып жібереді. Өзіне мүлде адал берілген екі жігітті ертіп, елден жырақ жаққа кетіп қалған деседі. Содан бастап өзіне «енді ханша да емеспін, ханым да емеспін, елге енді жоқпын! Кенесары мен Наурызбайдың күйігін өмір бойы арқалап, азалап қана өтермін» деп серт берген екен. Сол сөзінде тұрып, соңғы қасында қалған екі жігіттің біріне күйеуге тиіпті, содан кейінгі уақытта да бірер бала сүйген деген де сөз бар. Бопай ханшаның дүние салған жері Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданында, Ырғыздың бойында, зираты «Кілем Жайған» деген жерде, биігірек төбенің үстінде орналасқан...».

...Біздер бұрынғыны аңсаймыз, себептерін де жоғарыда шолып өтті. Ерлікке толы саналы ғұмыры ел үшін күресумен өткен, бар тағдыры аянышты трагедиялық оқиғаларға толы, Бопай ханшаны да ел ұмытқан жоқ. Қазіргі күнде ес жиып, ел ардақтыларын еске алып, дәріптеп жатқан уақытымызда оның да есімі ұмытылмасы хақ...

...Осы мақаламызды да «Бопай ханшаның жұмбақтары» деп бекер атаған жоқпыз, өйткені, жоғарыда келтірген мәліметтеріміздегі кейбір кереғар пікірлерді өздеріңіз де байқап отырсыздар, олай болса, алдағы уақытта жас ғалым-зерттеушілерімізге бұл тақырыпта да ашылмаған сырлар жеткілікті екендігін айта отырып, соны түбегейлі мұқият қарап, зерттеймін деушілерге «іске сәт» деп сәттіліктер тілеймін.

672 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз