• Тарих толқынында
  • 30 Наурыз, 2020

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА – ПРЕЗИДЕНТ НАЗАРЫНДА

Демократиялық елдерде жыл сайын мемлекет басшылары халқына жаңа жолдаулар арнайды. Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев Жолдауының мақсаты – Қазақстанның өткеніне сараптама жасап, бүгінгі және алдағы уақытта жасалу керек жұмыстардың басын ашып, алдағы істерге жол көрсету. Жолдауды талқылау барысында азаматтар арасында елдің сыртқы және ішкі саясаты туралы ақпаратталады. Назар аударсақ «жолдау» сөзінің түбірі – «жол». Яғни «жол сілтеу», «жол табу» деген мағынадан келіп шығады. Бұл халықпен сырласу, ақылдасу, халыққа Президент жоспарларын жеткізу деген сөз. Жолдаудың ең негізгі талабы – халықпен байланыс орнату.

қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Президент Жолдауы қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Осы Жолдау арқылы еліміздің екінші Президенті экономикалық және әлеуметтік өмірде жасалатын реформалар арқылы қазақстандықтардың мұқтаждықтары мен тілектерін сезініп, оларды шешу жолдарын бағдарлап берді. Саясаттанушылар бұл Жолдауды қоғамда халық пен билік арасын жақындастырар маңызды құжат деп бағалауда. Қазақстан 20 жылға таяу уақыттан бері экономикалық жағынан тұрақты түрде үнемі даму үстінде екені көпшілікке мәлім. Қазақстан экономикалық күйзелістерге ұшыраған жоқ. Әлем елдері мұны «қазақстандық даму жолы» деп мойындады. Бұл бірқатар елдерге үлгі болуда. Сондықтан да, таяуда АҚШ-та БҰҰ-ның 74-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Қ.К. Тоқаев БҰҰның өңіраралық тұрақты даму орталығын (МЦ ООН по ЦУР) Қазақстанда ашуды ұсынды.

Азиядағы елдермен бірлесіп, экономи-калық тұрғыдан бірін-бірі қолдап, тәжірибе алмасып, аймақтың тұрақты дамуына септесейік деген идея ұсынды. Қасымжомарт Кемелұлы мемлекет басшылығына келісімен елдегі қоғамдық-саяси жүйені реформалауға және қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешуге батыл кіріскені бәрімізге белгілі. Жаңа Президенттің келуімен еліміздің дамуының жаңа кезеңі басталды деуге болады.

 Қоғамда үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Шетелдіктерге жер сатылмайтыны мәлім болды. Соңғы жылдары билік пен халықтың арасындағы байланыс әлсіреп кеткені бәрімізге мәлім. Сондықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғары буында бірқатар кадрлық өзгерістер жасауда. Ол президенттікке келгелі Ақордадағы жауапты қызметтегілерді 3 рет ауыстырды. Бірқатар министрлер, әкімдер, Президент аппаратының жауапты қызметкерлері ауыстырылды және бұл іс әлі де жалғасуда. Астаналық қала билігін іскер, әрі жас азамат Алтай Көлгіновке тапсырды. Жастардан кадрлар резервін жасақтау жүруде. Президент басшы қызметкерлерден азаматтардың сұранысы мен тілектеріне құлақ асуды талап етті. Әділ ашық, әрі әділ жұмыс жасауға шақырды. Жаңа Президент халықтың билікке деген сенімін нығайту жолында тың істерді қолға алуда. Аймақтарды аралап, қордаланған мәселелерді шешуге атсалысты. Нұр-Сұлтан қаласы әкімі таңғы 7-дегі жұмысын қаладағы үлескерлердің құрылысы бітпей жатқан 76 үйлерін аралаудан бастағаны көпшілік көңілінен шықты. Ал, үлескерлер саны 14 мың екен. Қала әкімдігі азаматтарды қоғамдық қабылдауды көбейтті. Қала әкімдігі 3 айда 400 адамды қабылдағаны соның дәлелі. 13 шілдеде Елорданың 8 әкімі тағайындалды. Қаланың 4 ауданының әкімдері бір күнде «Ашық әкімдік» күнін өткізді. Жаңа Президент демократияны қолдау бағытында тіпті халықтың бейбіт митингілерге шығуына рұқсат беруді қарастыруды, жиындар өткізуге қалалардан тиісті орындарды белгілеуді тапсырды.

Әлеуметтік-экономикалық салаларда туындаған мәселелер болса азаматтардың билікпен келісіп, айғай-шу, даңғазамен, күшпен емес, ақылмен, сабырмен, диалог жолымен шешуге, келісім жолдарын іздестіруге шақырды. Сондықтан, Президент үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдерінен құралған Ұлттық кеңес құру туралы шешім қабылдап, оның алғашқы ұйымдастырушылық мәжілісін өткізіп, іс-қимыл жоспарының жобасын да жасатты.

Министрлерге, облыс әкімдеріне, түрлі ведомство басшыларын халықпен кездесуге, олардың арыз-шағымдарын тыңдап, мұқтаждықтарын сөзбұйдаға салмай шешуді тапсырды. Әлеуметтік желілерді пайдаланып, халықтың талап-тілектерін қарауды, тиісті шешімдер қабылдап жауаптарын беруді ұйымдастыра бастады. Бұл істе Президенттің өзі өнеге көрсетуде. Әлеуметтік сала мәселесі кез келген мемлекет үшін маңызды, өйткені, ол дегеніміз халықты баспанамен, жұмыспен қамту, жалақыны уақытында беру, жұмыссыздықпен, қылмыспен күресу. Қалаларда мектептердің жетіспеушілігін реттеу, мектептердің тарлығы немесе тозығы жеткендігі, оқушылардың үш ауысыммен оқуы, елді мекендер арасындағы жол қатынасының нашарлығы, азық-түліктің, дәрі-дәрмектің қымбаттауы немесе жетіспеушілігі, шалғай ауыл-селодан халықтың жаппай қалаларға қоныс аударуы т.с.с. Оған Арыс қаласындағы апат қосылды, оның зардаптарын жою, қаланы қалпына келтіру жолындағы қауырт істер атқарылуда. Президент әлеуметтік саладағы мәселелерге арнап 2 трлн теңге қаржы жұмсауды көздеуде. Сол қаржының біразы жұмсалуда. Аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салуды қолға алды. Президент тапсырмасымен халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігінің қарыз жүктемелерін төмендету, сөйтіп мыңдаған адамның қарыздарын кешіру қолға алынды. Ірі қалаларда азаматтар банктерден несие алып, тұрғын үйлер алуда. Халықтың тұрмыс жағдайын көтеру үшін жаңа жұмыс орындары ашылуда. Үкімет басшысының мәлімдеуіне қарағанда Елбасы негіздеген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 58-і орындалды. Түйіндей келе айтарымыз – қазақстандықтар үшін өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру – Президент Жолдауының басты бағыты екені анық.

 

Сейітқали ДҮЙСЕН,

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері

440 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз