• Келелі кеңес
  • 02 Мамыр, 2020

ИНКЛЮЗИВТІ ҚОҒАМДЫ ҚАЛАЙ ҚҰРАМЫЗ?

Жадырасын СӘДУАҚАСОВ, «Қазақстан мүгедектер конфедерациясының» Бас сарапшысы

Қоғамдар көбіне-көп дағдарыс кезеңінде өзгеріске ұшырайды. Дағдарыс әлеуметтік жүйенің әлсіз басқарылуына, қызметтер үдерісінде жетістіктердің төмендеуіне әсер етеді. Осымен қатар, дамуды басқа бақытқа бұруға ұмтылдыратын, жаңа парадигмалар қалыптаса бастайды. Сондықтан, дағдарысты теріс қырымен бірге, жаңа сапалы жүйе құруға өту кезеңі, рухани даму сәті деп қарағанымыз да дұрыс. Ендеше дағдарыс бұл жаңа оң өзгерістер бастауы. Осы қарама-қайшылықтар, қоғамның «Рухани жаңғыру» қажеттілігін туғызады.

Тарихқа зер салсақ, қоғамда өнегесіз заңдардың  қолданылуы дағдарыстың басты себебі болып отырыпты. Оған қарсы шыққан ізгілікті адамдардың іс-әрекеті теріс бағаланыпты. Мысалы, Заратустра,  Иса пайғамбар, Мұхамед пайғамбарлар өз кезеңіндегі қоғам этикасы мен мораль көзқарасы бойынша ағымға қарсы жүруші жағымсыз адамдар саналды. Оларға осындай сипат берген  өнегесіздік-ізгілік антиподы еді. Мұны барлық әлеумет топтары ақиқат деп қабылдады. Демек, өнегесіздіктің басымдылыққа ие болуы, көргенсіздіктің өктемділігі қоғамды опатқа  итермелейді. Бұған тарих куә. Ізгіліксіз адамзат қоғамы, адамгершілік келбетіне ие  бола алмайды. Сондықтан қоғамымыздың «Рухани жаңғыруы» заман қажеттілігі.

Қоғамның рухани дамуының көрсеткіші, қоғам мен мемлекеттің мүгедек балаларға деген қарым-қатынасымен өлшенеді. Осы параметр ғана мемлекеттің гуманистік ұстанымын айқындайды. Мүгедек жандардың ызғарлы жауы - қоғамнан шеттетілуі. Сондықтан мүгедек балалардың шешілмеген негізгі мәселесі, оларды әлеуметтендіріп қоғаммен біріктіру.

Біріктіру (интеграция) - екіжақты үдеріс. Қоғам қабылдауға даяр, ал мүгедек балалар қоғамда өмір сүруге даярлануы керек. Сонымен бірге, мұның басқа балаларға әкелетін рухани пайдасының бағасы өлшеусіз. Олар үшін «қайырымдылық» балалық шақтан  өмір қағидатына айналып, әрбір адамның өз таңдауларымен өмір сүруге құқығы барын түсінеді. Балаларды рухани тәрбиелеу, әлеуметтік күйзелістің алдын алуға, ізгілікті орта құруға, қазіргі «тоқтаусыз тұтыныс қоғамынан» жаңа жасампаздық қоғамға,  «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына» өтуге мүмкіндік береді.  Осы ақиқатты әрбір қоғам мүшесі қабылдағанда, әлемде діни, нәсілдік және т.б. кемсітушіліктермен бірге мүгедектік атауы да жойылмақ. Бұл «БҰҰ мүгедектер құқықтары туралы Конвенциясының» Стратегиялық мақсаты.

Жер бетіндегі мүгедектер миссиясы – ғаламды ізгілікке қайта бейімдеу. Ал мемлекет пен бизнес және қоғам «әлеуметтік инновациялар» мен«ізгіліктік инвестициялары» арқылы, оқыту-ағарту  т.б. шаралармен, мүгедек-балаларға осы өмірдегі  тағдыр тағайындаған міндеттерін орындауға көмектесуге міндетті.

Соңғы ғасырда, адамзат техникалық дамуда зор серпіліс жасағанмен, адам өмірінің сапалығын арттыруға, тек ғана материалдық серпіліс жеткіліксіз. Өркениет дамуының, «қандай құндылыққа сүйенсеңде мақсат – тек баю» деген материалдық идеологиядан, ізгілік пен рухани құндылықтардың басымшылдығына негізделген парадигмаға өту, қоғам мүшелерінің «рухани жаңғыруы» қажеттілігі күн тәртібінде алға шығуы, тарих қорытындысы.

Қазір,  Ата Заңымыз бен «Мәңгілік Елі» – Жалпыұлттық идеямыздың, «Қазақстан-2050» Стратегиясының және  «БҰҰ мүгедектер құқықтары туралы Конвенция» қағидаларын жүзеге асырудағы қойған мақсаттарымыз, ислам дінінің басты  мақсаты – ізгілікті қоғам ортасын тәрбиелеуімен үндесіп, қоғам мүшелері арасындағы әлеуметтік ара қашықты жақындатып рухани жаңғыруымызға, ерекше мүмкіндіктер мен жауапкершіліктер жүктелген кезеңде өмір сүрудеміз.

Сондықтан, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы,  Абай атамыз өсиет еткен «Пайда ойлама, ар ойла» жолына немесе ата-бабаларымыздың ұстанған Ұлы үрдісі «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген рухани байлық жолына бағыттайтын, дер кезінде қабылданған  Стратегиялық «Ұлттық идея». «Ұлттық идея» – барлық Қазақстан азаматтарын, олардың әлеуметтік мәртебесінен, діни нанымынан, ауқаттылығынан тәуелсіз, өз еріктерімен рухани серпіліп,  эволюциялық дамудың жаңа орамына көтеретін,  ізгілікті өркениетке  жеткізетін бағдар...

Академик Оразалы Сәбден ағамыз Үкіметке ұсынған «Мемлекеттік төрт спиральды (шиыршықты) басқару жүйесіндегі», төртінші шиыршық (спираль) – Қоғамға арналған «Әлеуметтік инновация». Бұл Скандинавия елдерінде соңғы он жылда қарқынды дамып келе жатқан үдеріс. Әр елдің, осы бағытта, ұзақ мерзімді ұлттық инвестициялық жоспарлары жасалған. Онда оқыту-насихаттау және арнайы мамандарды даярлау, іс жүзінде атқарылатын шаралардан алда жүреді.  «Әлеуметтік инновацияларды» мүгедек жандардың қоғаммен араласып әлеуметтенуіне (тәрбие, білім, мамандық алу, ашық нарықта кемсітушіліксіз жұмысқа тұру, өз таңдауыңмен өмір сүру ортаңды таңдауға) мүмкіндік беретін тіршілік ортасын құру жобаларын  (қолжетімді орта, қолжетімді дизайн, универсалды дизайн – жалпыға ортақ дизайн, инклюзивті әлеуметтік кеңістік – иклюзивті дизайнды) кешенді, жоспарлы түрде орындаудан бастап, соңғы сатыға, яғни – «инклюзивті қоғам» ортасын құруға қадам басу жатады.

Бұл біздің заманауи «инклюзивті қоғам» құра отырып, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарын жетудегі мақсатымыз болуы керек. Оған қалай кіріспекпіз? Осы мақсатты іс жүзінде дұрыс пайдалану үшін еліміздегі  қолжетімді ортаны қалыптастыру бағыттарында атқарылып жатқан шаралардың сапасын арттыруға назар аударуымыз қажет. Ол үшін:

Еліміздегі «Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018-ші  жылдарға арналған іс-шаралар»  жоспарын орындауда жіберіліп отырған жүйелі кемшіліктерін; Осы маңызды шараларды іс жүзінде  орындауға бағытталған құрал «Мүгедек жандарға, қолжетімді ортаның сақталуы үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде жүргізілетін төлқұжаттау (инвентаризациялау) әдістемелік ұсынымының» тиімді пайдаланбауын және көрсетілетін қызметтер қолжетімдігін қамтамасыз етуі ескерілмеуін; 03.12.2015 ж. N 433-V ҚРЗ «Конвенцияны ратификациялауға байланысты заңнамалықтарымызға енгізген өзгерістердің», әлі де жетімсіздігін; Барлық мемлекеттік іс-шараға қатысушы мамандардың арнайы оқытылып даярланбағанын,  сол себепті, қолжетімді дизайн – жалпыға ортақ дизайн – инклюзивті дизайн ұғынымдарын, этика – мораль – ізгіліктік ұғынымдары сыяқты, түсінбеушіліктерінен туатын кетік-кемшіліктерін айқындап сараптасақ деймін.

Осы мәселелерді тиімді шешу жолдарын даярлап, шет елдерінің озық «әлеуметтік инновациялық жобаларымен» үйлестіріп, Үкімет – бизнес – қоғамдық ұйымдар серіктестігі аясында, «әлеуметтік инклюзивтік кәсіпкерлік» есебінде, іс жүзінде тиімді орындалса.  Сонда ғана мүгедек жандар екпінді мүше болатын «инклюзивті  қоғам»,  «Жалпыға ортақ еңбек ортасы» қалыптасады.

Қытай данышпаны Конфуций былай деген: «Қараңғылықты қарғағанша, кішкентай шырақ жағайықшы!». Егер әлсіз жандарға алдарына мақсат қоюды үйретсек, рухын көтеріп мақсатына жетер жолға бағдар берсек, нағыз шынайы көмек осы. Қанеки, жүрегімізді толқындырған бар жақсылықтарды оятар, ізгілікке бағдар беретін рухани шырағымызды жағайықшы!

609 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз