• Тарих толқынында
  • 02 Мамыр, 2020

 ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ БОЙЫМЕН

Алтайдан Атырауға дейін созылған ұланғайыр қазақ даласының қай бұрышына барсаңыз да тұнған шежіре, киелі мекен, құтты қонысқа тап боласыз. Қазақ елінің әрбір тауы мен тасы, қарасаң көз сүріндірер кең байтақ даласы мен тамаша табиғаты – туған жеріміздің бізге сыйлаған баға жетпес байлығы. Осынау өлкені қадірлеп-қастерлеу – барша қазақстандықтың міндеті екені даусыз. Әсіресе, өскелең ұрпақты туған өлкесімен таныстыру, қадір-қасиетін бағалауға үйрету, сол арқылы олардың өз еліне деген отаншылдық, патриоттық сезімдерін арттыра түсудің берері мол. Соның бір дәлеліндей, Алматы менеджмент университетінің бір топ студенті Шымкент – Түркістан – Тараз бағытымен саяхаттап, киелі жерлердің құдіретін сезініп қайтты.

Алматыдан аттанған топтың саяхаты «Тұран-туризм» компаниясының арнайы бағдарламасы бойынша Шымкенттен басталды. Атақты дендросаябаққа аялдаған қонақтар белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен бой көтерген бақтың тарихымен танысып, Президенттер еккен ағаштарды тамашалады. Бір уақ таза ауа мен жасыл желек аясында тыныстап алған саяхатшылар сапары ары қарай жалғасты.

Түркістанға бет алған жастар жол-жөнекей Шымкент қаласынан 80 шақырымдағы Бәйдібек ауданында орналасқан Ақмешіт үңгіріне тоқтады. Бұл Орталық Азиядағы ең үлкен үңгірлердің бірі, Қаратаудың етегіндегі әктасты жыныстар қабатында пайда болған ойық жарқабақ. Ұзындығы 254, ені 65, биіктігі 25 м. Жарқабақ саңылауларынан әлсін әлі су тамшылап тұрады. Ішінен қарағанда төбесі киіз үйдің шаңырағы секілді көрінеді. Ел арасында осы үңгірде бір әулие әулетімен киіз үй тігіп, сатымен шығып-түсіп жүрген деген аңыз айтылады.

Қасиетті саналатын бұл орында келушілер бір сәт өмірдің жалғандығына ой жүгіртіп, тылсым табиғатпен тілдеседі.

Оңтүстікте көнеден келе жатқан   «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген ұлағатты сөз бар.

Арыстан баб Отырар, Сайрам, Яссы өңіріндегі  сопылардың рухани ұстазы ретінде танымал. Ислам дінінен басқа отыз үш дінді білгені және әулие кісі болғаны жайлы аңыз бар. Арыстан баб кесенесінің ең көне бөлігі – қабірхана шамамен XII ғасырда салынған. XIV ғасырда мазар қайта қалпына келтірілген. Кесенені әйгілі билеуші Әмір Темір салдырған. Әулиелігін халық мойындаған қасиетті  бабаға ғибадат етушілер әлі де көп.

Саяхаттаушы топ бұдан кейін киелі Түркістанға бет алды. Басты нысан – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Түркістан қаласында орналасқан бұл архитектуралық кешенді орта ғасыр сәулетінің жауһары деп атайды, ол ЮНЕСКО-ның Әлемдік мәдени мұра тізіміне енген. Қожа Ахмет Яссауи (Әзірет Сұлтан) – XII ғасыр ойшылы және түркілік сопылық бағытты дәріптеген ақын. Бізге оның  «Диуани-Хикмет» («Даналық кітабы») атты кітабы белгілі. Яссауи зираты мұсылман қауымының тағзым ететін орнына айналған. Бұл киелі орын да Әмір Темірдің бұйрығымен тұрғызылған. Мұнда Абылай ханның, Бөгенбай батырдың және тағы басқа көптеген қазақ билеушілері мен қолбасшылары жерленген. Келушілер алдымен кіреберісте орналасқан Тайқазанды тамашалады.  Оның сыйымдылығы 60 шелек, диаметрі – 2,2 метр, салмағы 2 тонна. 1934 жылы Ленинградқа алып кетіп, Эрмитаждың бір залында экспонат болған бұл қасиетті қазан  1988 жылы өз орнына қайтып оралған. Сондай-ақ, қонақтар кесене ішін аралап көріп, ежелгі сәулет өнерімен, көне жәдігерлермен,  Қ.А.Яссауи  өз өмірінің соңғы күндерін өткізген жер асты қылуетімен танысты.

Кесенеге тәу еткен келушілер бұдан әрі киелі шаһардың көшелерімен қыдырып, жаңа қаланы тамашалады. Түркістан – Қазақ хандығының астанасы болған, тарихы тереңде жатқан шаһар. Бұл қалада кезінде ұлтымыздың тағдыры талқыланып, түрлі шешімдер қабылданған. Қазақтың небір ұлы тұлғалары дүниеге келген мекен.

Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының орталығына айналған Түркістан адам танымастай өзгеріп, жаңғырып, ерекше түлеу үстінде. Қаланың жан-жағынан жаңа құрылыстар бой көтеріп, киелі мекеннің сәулетін арттырып жатыр. Бір ерекшелігі, қалада салынған, салынып жатқан құрылыстың барлығы тарихи стильді сақтап, заманауи үлгілермен үйлесім тапқаны қуантады. Қала қонақтары көше бойлай орналасқан  облыс әкімдігі, Астана алаңы, Медиаорталық, Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, саябақ, музыкалық мектеп және басқа көрікті ғимараттармен танысты.

Киелі қаланың келбетінен ерекше әсер алған саяхатшылар қоналқадан кейін көне Таразға беттеді. Атақты Айша Бибі кесенесіне тоқтаған олар ХІ-XII ғасырлардағы сәулет өнерінің керемет ескерткішін тамашалады. Кесене Жамбыл облысының Айша бибі ауылында орналасқан. Сырты керамикалық плиталармен қаланып, ойып жасалған өрнектің сән-салтанаты ерекше. Үндістандағы атақты Тәж-Махалмен теңдес махаббат ескерткішінің тұрғызылуына Айша бибі мен Қараханның шексіз сүйіспеншілігі себеп болған. Бұл жайында ел арасында аңыз да бар. Келушілер осы хикая туралы гидтің әңгімесін тамсана тыңдады. Кесененің әрбір кірпіші сол аңыздан сыр шертіп тұрғандай. Сондай-ақ, қонақтар Айша бибінің күтушісі болған Баба әже Хатун кесенесіне де тәу етті. Ежелгі заман шеберлерінің қолынан туған сәулет жауһары баршаны таңғалдырды.

Екі мың жылдық тарихы бар көне Таразда орналасқан тағы бір киелі мекен – Қарахан әулиенің кесенесі.  Х-ХІІ ғасырларда ұлы Қараханидтер мемлекетінде билік орнатқан Ша-Махмұд Бұғра Қараханның қабірінің басына орнатылған Әулие Қарахан кесенесі «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-мұражайына кіреді. Қарахан  Әулие өз заманында аса данышпан, құдіретті патша болған.  Оның Әулие-Ата атануы да содан. Қарахан кесенесі – сәулет өнерінің тамаша туындысы.

Гидтің айтуынша, ғимаратты салу барысында 30 түрлі өрнекті кірпіш пайдаланылған. Келушілер кесенені айнала орналасқан көрмедегі ежелгі жәдігерлерді де тамашалады. Кесене маңында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған бұл тарихи заттар Қазақстан аумағында көне қалалар қалай дамығанының айқын дәлелі. Көрмедегі көне шырағдандар, құмыралар, көзелер, түрлі ыдыстар, су құбырлары сол кездегі қала мәдениетінің дамуынан хабар береді. Мұндағы әрбір затта қолөнер шеберлерінің қолының табы қалған. Гидтің әңгімесімен өрілген көне тарихпен жүздесу келушілерге ерекше әсер етті.

Бұдан кейін қонақтар көне шаһардың тарихи бөлігінде орналасқан ескерткіштерді тамашалады. Қала орталығындағы жаяу жүргіншілер жолымен жүріп, қала тынысымен танысты.

Айта кетерлігі, саяхаттаушы студенттер Алматы менеджмент университетінің қонақүй бизнесі және туризм мамандығында оқиды. Сондықтан да, сапарды ұйымдастырушылар теория мен тәжірибені ұштастыруды да естен шығармапты. Саяхатшылар жеке кәсіпкер Сұлушаш Смайылованың қонақжай шаңырағына тоқтап, ұлттық тағам әзірлеуге қатысты. Болашақ мейрамхана мамандары қой сойып, ет асу, қамыр илеп, бауырсақ пісірудің қыр-сырына қанықты. Өз қолдарымен әзірленген қазақша етті тамсана жеген студенттер Сұлушаш апайларынан қонақтарға ет тарту дәстүрін үйренді.

Осылайша екі күндік сапар қызықты аяқталды. Жас саяхатшылар туған өлкеміздің тамаша жерлерін өз көздерімен көріп, терең тарихына қанықты. Халқымыздың материалдық және рухани әлемімен танысып, ол жерлерді қадірлеп-қастерлеудің үлгісіне куә болды. Сапар соңында «Тұран-туризм» компаниясының директоры Раушан Шәмілқызы студенттерге арнайы сертификаттар табыстады.

Дина ИМАМБАЕВА

1053 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз