• Заманхат
  • 02 Мамыр, 2020

ЖАҚСЫ ІСТЕРІМЕН ҮЛГІ БОЛАТЫН ЕЛ

Вакур СҮМЕР,

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, ғылым докторы

Вакур мырза, алдымен Қ.А.­Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының бағыт-бағдары, атқарып отырған жұмыстары жайында тоқталып өтсеңіз?

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты стратегиялық зерттеу орталығы ретінде құрылған Еуразия ғылыми-зерттеу институтының негізгі міндеті – Еуразия аймағындағы, атап айтқанда, түркітілдес мемлекеттер мен қауымдастықтардағы экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени оқиғаларға жіті назар аударып, оларға қатысты тың зерттеулер жүргізу және стратегиялық ұсыныстар әзірлеу.  

Институт Алматы қаласында құ­рыл­­ған. Мұның бірнеше өзіндік себеп­терін атап өтуге болады. Тәуелсіз Қазақ­станның алғашқы астанасы Алматы – қазіргі таңда елдің ең үлкен мегаполисі және Орталық Азияның ең маңызды, жанданған экономикалық, әлеуметтік-мәдени орталықтарының бірі. Кеңес Одағы мен Югославияның ыдырау үде­рістерінен кейін Еуразия аймағы қарқынды өзгерістер мен трансформация үдерісін бастан өткерді. Орталық Азия мемлекеттері тәуелсіздікке қол жеткізіп, қысқа мерзім аралығында мемлекеттік құрылымдарын қалыптастыру жетістігін көрсетті және аталмыш елдердің әрбірі аймақтың маңызды факторына айналды. Түркия осы трансформация үдерісінің бастапқы кезеңінен бастап, Орталық Азия түркі мемлекеттеріне белсенді түрде қолдау көрсетіп, тиімді ықпалдастық платформаларын құруда маңызды рөл атқарды. Білім беру ісі де осы ынтымақтастық салаларының бірі болып табылды. Қазақстан да осы мемлекеттің негізін қалаушы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы басшылығының арқасында аймақтың ең жылдам дамып келе жатқан мемлекеттерінің бірі ретінде білім беру саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және оған қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институты да бауырлас екі елдің ұштасқан ұлы мұраттарының нақты нәтижелерінің бірі.

Институттың басшылық қызметіне 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап келдім. Көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарды атқарамыз. Әртүрлі маңызды тақырыптар бойынша іс-шаралар ұйымдастырамыз. Мысалы, Экономика, қаржы және энергия конгресін (EFE - Ekonomi, Finans ve Enerji) 2018 жылдың сәуір айында үшінші рет өткіздік. Конгресте 10 мемлекеттен келген 70 астам ғалымдар өз баяндамаларын ұсынды. Аталған конгреске қатысқан Нобель сыйлығының лауреаты, профессор, доктор Әзиз Санжар құрметті қонағымыз болды. Сонымен қатар, институтқа қарасты ақпарат құралдарының сапасын арттырып, материалдардың үздіксіз жарияланып тұруына күш саламыз. Үш тілде жарық көретін апталық «Е-Бюллетеніміз» бар. Ай сайын шығып тұратын «Азия Еуропа» («Asya Avrupa») журналымыз оқырмандар тарапынан оң пікірге ие. Еуразиядағы саясат, экономика, әлеу­мет­тік-мәдени бағыттардағы зерттеулерге арналған  «Eurasia Outlook»  атты кітабымызды да жыл сайын жариялап келеміз. Бұл жарияландарымыздан бөлек бірнеше салада кітаптар шығарып та үлгердік. «Eurasian Research Journal» атты басылымы да өз оқырмандарын қалып­тастырып үлгерді.

Заман талабына сай, әлеуметтік желіні белсенді түрде қолданамыз. Twitter, Facebook, Instagram, YouTube сонымен қатар, https://eurasian-research.org/ интернет сайтымызды да жиі-жиі оқырмандарға ыңғайлы етіп, кейбір функцияларынан жаңартып, жаңа ақпараттармен толтырамыз. Осындай жұмыстардың арқасында әлемдік қауымдастықтардың жоғарғы индексі бойынша институт ретінде алғаш рет 2018 жылдың ақпан айында екі категория бойынша жоғары бағаға ие болдық. «Халықаралық қатынастар саласындағы ең үздік стратегиялық орта­лық» және «Орталық Азиядағы ең үздік стратегиялық орталық» атандық. Ал 2019 жылдың ақпан айында «Интернетті өте жақсы қолданатын ұйым» және «Әлеуметтік желіні өте жақсы қолданатын стратегиялық орталық» көрсеткіші бойынша үздік шықтық. Үздіктерді анықтау 8 мыңнан астам орталықтарды салыстыра келе жүргізілген. Әр сала бойынша шамамен 100-дей орталық жоғарғы индекс бойынша талаптарға сай таңдалып алынған.

«Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» аясындағы тарихи-рухани тақырыптарға қаншалықты ден қойып келесіздер?

Былтыр қазан айының ішінде респуб­ликалық деңгейде екі конференция өткіз­дік. Біріншісі, 9-11 қазан күндері Атырау қаласында Жошы ұлысының (Алтын Орда мемлекеті) 750 жылдығына орай, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Аты­рау облысы әкімдігі, Қазақстан Рес­публикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы РМҚК және Атырау өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі бірлесіп ұйымдастырған «Жошы ұлысы және Сарайшық – Қазақ мемлекеттілігінің бастауында» атты халықаралық ғылыми-практикалық кон­ференция ұйымдастырдық.  Конферен­ция – Қазақстан Республикасының Тұң­­ғыш Президенті – Елбасы, Түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында өтті. Конференцияның ашылуында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Қазақ ұлттық аграрлық университеті «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Хангелді Әбжанов және институтымыздың дирек­торының орынбасары, ғылым докторы Суат Бейлур қатысып, сөз сөйледі. 80-нен астам отандық және шетелдік ғалым қатысқан конференцияда институттың аға ғылыми қызметкері Өмірбек Қанай «Орта ғасырлық Еуропа карталарындағы Сарайшық қаласы» атты тақырыпта баяндама жасады.

Екінші бір үлкен конференциямыз қазан айының 23-25 күндері Қарағанды облысында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Еуразия ғылыми-зерттеу институтының бастамасымен және Қарағанды облысы әкімдігі, Қарағанды облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті «Марғұлан» орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен Алтын Орда мемлекетінің құрылғанына 750 жыл толуына орай, «Сарыарқа және Алтын Орда: Уақыт пен кеңістік» атты  халықаралық ғылыми конференция өткіздік. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өзі қатысып, баяндама жасап, конференцияны ашып берді. Конференцияға шетелдік және қазақстандық ғалымдар қатысты. Айрықша тоқталғым келетіні, конференция аясында Еуразия ғылыми-зерттеу институтының қолдауымен жарық көрген Германияның Бонн университетінің про­фессоры, ғылым докторы Нұрлан Кенжеахметтің «The Tūqmāq (Golden Horde), the Qazaq Khanate, the Shibanid Dynasty, Rūm (Ottoman Empire) and Moghūlistan in the XIV-XVI Centuries: from Original Sources» атты еңбектің тұсаукесері жасалды. Институттың қол­дауымен шыққан кітаптың ерекшелігі – Батыс пен Шығыс бірнеше тілді еркін меңгерген Нұрлан Кенжеахметтің Еуропа және Азияның мұрағаттарынан жинаған дереккөздерімен топтастырыла жазылды. Кітап Алтын Орда тарихына қатысты зерттеулер еңбектері арасында өзінің маңызды орнын алады деп сенеміз.

Бұл орайда айтайын дегенім, руханият пен мәдениет саласында Қазақстан көп жақсы істерімен үлгі болатын ел. Ел ішінде саяси тұрақтылық пен бейбітшілік болған кезде түрлі салаларда даму мен өсу байқалады. Рухани және мәдени салада жетістіктер аз емес. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы арқылы бұл сала бірізділенді. Қазақстан өзінің тілі мен дәстүрінің дамуына айрықша мән беріп, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтап келеді.

Ғылыми-зерттеу институты ретінде біз Қазақстанның рухани, мәдени салада жасап жатқан саясатын әрқашан қолдап, осы бағытта іс-шаралар өткізіп отырамыз. Сондай ғылыми жиындардың бірі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары, археолог Айбар Қасеналиннің археологиялық қазбалар аясында табылған құнды жәдігерлер төңірегінде «Ұлы Дала қазынасы: Қазақстанның жаңа архео­логиялық ашылымдары» деген атпен өткен конференциясын атап өткім келеді. Ғылыми басқосу жиынында Алтын Орда кезеңі мен қазақ даласының сол кезеңде де маңызды, саяси аймақ болғанын ғылыми негізде танытуға тырыстық. Салмағы 250 гр. болатын алтын тостаған мен алтын сырғаның Алтын Орда дәуіріне қатысты екені туралы ақпарат жиынға қатысушылар үшін де өте маңызды, ғылыми тұжырым болды.

Тағы да айта кететін маңызды іс-шара ол – Елбасының бағдарламалық мақалаларын қолдау және жандандыру мақсатында Қазақстанда ғана емес Түркі  халықтары арасында тұңғыш рет ескі қолжазбаларға қатысты «Түркі тілдеріндегі тарихи қолжазбаларды зерттеу (Қолжазбаларды жариялау, каталогын жасау және цифрлау) халықаралық симпозиумын» бірнеше ғылыми мекемелермен бірлесіп өткіздік. Симпозиумға АҚШ, Германия, Түркия, Ресей, Иран, Грузия және Орталық Азия елдерінен келген Түркітану ғылымындағы есімдері белгілі 50-ден астам түркітанушылар қатысып, баяндама жасады. Жан-жақты ортақ зерттеуді қажет ететін ескі қолжазбалардағы тарихи сырлар мен деректерді ортаға шығару ғылыми жаңалық болады. Институт үлкен істің алғышарттарын жасады.

Халқымызда «Сырт көз – сын­шы» деген сөз бар. Тәуелсіздік жылдарынан бергі Қазақстанның жетістіктеріне қатысты қандай пікірдесіз?

Қазақстан тәуелсіз ел ретінде да­­­му жолын тез айқындаған мемлекет деп білемін. Кеңес Одағы ыдыраған соң, посткеңестік елдердің ортақ мәселесі ­­– нарықтық экономикаға көшу үдерісі еді. «Алдымен экономика, одан кейін саясат» қағидасын сәтті жүзеге асырған Тұңғыш Президент Н.Назарбаев сая­­­са­­­­тының арқасында Қазақстан экономикалық реформаларды сәтті жүзеге асырды. Қазақстан экономикасын әртараптандырып, саяси тұрақтылықты қалыптастыру арқылы шетелдік ин­весторлардың назарын өзіне қарата алды. Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары тұралап қалған ел экономикасын дамытуға үлес қосқанын білеміз. Оның үстіне, Қазақстан сыртқы саясатта бейбітшілік пен келісімнің өзіндік моделін қалыптастырған ел ретінде танылды. Орталық Азия мемлекеттері бірлігі, ТМД, Еуроодақ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ сияқты және басқа да халықаралық ұйымдар мен мемлекеттер арасында Қазақстан өте ақылды және сәтті саясат жүргізіп, өзінің имидждік орнын қалыптастырды. 1992 жылы Лиссабон хаттамасы бойынша ядролық қарудан бас тартып, аймақтағы қауіпсіздік пен бейбітшілікті одан сайын арттыра түсті. Республика астанасы Алматыдан Нұр-Сұлтан (Астана) қаласына ауысып, 1999 жылы UNESCO-ның Бейбітшілік сыйлығын алды. Қазақстан мәдениет пен білім, ғылым саласында да маңызды шешімдер қабылдап, жақсы жұмыстар жалғасын тауып келеді. Дүниежүзі бойынша бәсекелестікке түсе алатын білім, ғылым мекемелері құрылып, қазақ мәдениетінің жан-жақты дамуына көп қолдау бар. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін, көптеген салада жасаған реформалары сәтті шығып, аймақтағы және одан да кең географиялық алаңда әлемдік қауымдастықта өзінің маңызды рөлін айқындай білген ел деп танимын.

Сонымен қатар, Қазақстан көп ғасырлық мәдени және тарихи құндылықтарға ие, экономикалық даму жолын айқындаған мемлекет. Жер көлемі 2,7 миллион шаршы шақырым болатын Қазақстан Еуразияның жүрегінде Ресей, Қытай және Үндістан секілді әлемдік күшті елдердің арасындағы маңызды географиялық аймақта орналасқан. Қазақстан жерасты қазба байлығы жағынан да айрықша маңызға ие. Осындай қасиеттерінен-ақ Қазақстан әлемде алдыңғы қатарлы ел екендігін және болашақта Азияның қарқынды дамуынан қалмай қарышты дами береді деп ойлаймын.

Айрықша тоқталғым келетіні, Қазақстан Түркияның туысқан мемлекеті. Қазақстан жұртшылығының да Түркияға деген сүйіспеншілігі жоғары. Түркия азаматтары Қазақстанды қазіргіден де жақын танып білуі керек.  Турист ретінде келетіндер саны қазіргі көрсеткіштен бірнеше есе артуына жұмыстар жасалып жатқанына қуанамын. Қазақстанда тарихи жерлер мен қайталанбас табиғат таңғажайыптары бар. Соның бәрі көптеп айтылса, жарнамаланса, саяхатшылар көптеп келсе, ел экономикасына салмақты үлес қосылады. Жалпы алғанда, Орталық Азиядағы ең үлкен елді жақыннан білгісі келетіндер көп. Қазақстан ­ – біздің атажұртымыз, сан ғасыр бұрын ата-бабаларымыз осы жерлерден көшкен. Мен Түркияда және басқа шетелге шыққан сапарларымда үнемі Қазақстан туралы жылы лебізімді айтып жүремін.

Баламалы энергияны дамытуды зерттеп жүрген ғалым ретінде еліміздің бұл саладағы мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз?

Қазақстанның баламалы энергия көздерін өндіруде көптеген сәттілікке ие ел ретінде танимын. Елдегі жел энергиясын дұрыстап пайдаланатын болса, Қазақстанның қазір тұтынып отырған көрсеткіштен 12 есе көп электр энергиясын, онымен қоса, елдің оңтүстік аймағынан күн энергиясын да өндіруге болады. Күн энергиясы тек оңтүстік аймақта ғана емес, елдің басқа аймақтарынан алуға болады. Елдегі халық санының аздығы бұл саланы игеру бағытын біраз кешеуілдетуде. Болашақта Қазақстан осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз экономикасына едәуір мөлшерде пайда түсіреді деп сенеміз. Баламалы энергия көздерін пайдалануда Түркияның тәжірибесі мен инвестициясы Қазақстан үшін маңызды болады деп ойлаймын.

Сұхбат соңында өзіңіздің ғы­­­лы­­ми-шығармашылық жұмыс­та­ры­­ңыздан хабардар етсеңіз. Ғы­лымға қалай келдіңіз? Зерттеу бағы­тыңыз қандай?

– Ғылым жолындағы нәтижелі еңбегімнің бірі ­– «Түркиядағы су мен саясат: Қайта қалыптасу және Еуропа одағына қосылу» тақырыбында кітабым шықты. Көптеген халықаралық және отандық ғылыми басқосулар мен конференцияларға қатысып, баяндамалар жасадым. Еңбектерім де түрлі ғылыми жинақ бетінде жарияланып тұрды. Докторантурамды Таяу Шығыс техникалық университеті Халықаралық қатынастар кафедрасында оқыдым және оқу бағдарламасы бойынша Калифорния-Дэвис университетінде 1 жыл (2008-2009 жж.) ізденуші болдым. Бұған қоса, докторантурамның бітер шағында АҚШ Чапел-Хилл Солтүстік Каролина университетінде (University of North Carolina-Chapel Hill) тағы да бір жыл (2013-2014жж.) ғылыми-зерттеумен шұғылдандым.

Еурокомиссия жанында зерттеуші, бірнеше жобаларда сарапшы ретінде қызмет атқардым. Трансшекаралық өзен-көлдер саясаты, аймақтық баламалы энергия көздері, климаттық өзгеріс және Түркияның Еуропа одағына кіру үдерістері салалары бойынша зерттеу жұмысымен айналысамын.

Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Д. ЖҰМАЖАНҰЛЫ

 

 

794 рет

көрсетілді

93

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз