• Заманхат
  • 09 Қаңтар, 2013

Оқушы жастарды еңбекке баулудың психологиялық ерекшеліктері

Еліміздің президенті Н.Назарбаев «Жас Отанның» ІІ съе­зінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасын «жас мемлекет» деп атады. Бұл жерде Қазақстанның 20 жылдан енді асқан қысқа тәуелсіз тарихы емес, еліміздің жастар мемлекеті екені: «ел азаматтарының 5 миллионға жуығын 14 пен 29-дың аралығындағы жастар құрайтыны» айтылды. («Егемен Қазақстан» газеті, 2012 жылғы 17 қараша). Бүгінде жастар мәселесі ұдайы мемлекет назарында. Бұл – замана талабынан туындайтын қажеттілік. Қазір «Болашақ», «Жасыл ел», «Жастар – Отанға», «Дипломмен – ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Жас мамандар қоры» секілді мемлекеттік бағдарламалар жүзе­ге асырылуда. Сонымен қатар, Қазақстан бұдан 15 жыл бұрын «Қазақ­стан-2030» стратегиялық бағдар­ла­масын қабылдады. Қазір осы стратегиялық жобаға сай серпінді индустриалды-инновациялық бағдарлама қарқын алып, экономиканы әртараптандыру қарқынды дамуда. Индустрияландыру барысында жалпы құны 9,6 трил­лион теңге болатын 600-ден астам жоба іске асады. Бұл жастарға 370 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын береді. Сөйтіп, халықты жұмыспен қамту жөнінде Қазақстан межеленген «бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енуге» жақындай түседі. Мысалы, қазірдің өзінде Дүниежүзілік экономикалық форумының мәліметі бойынша Қазақстан соң­ғы жылда 21 қадам алға басып, әлем елдері арасында 51-ші орынға көтерілді. 550 кәсіпорын іске қосылып, 150 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бұл үрдіс одан әрі жалғаса келе, 70 млрд. доллар көлемінде инвестиция тартылып, тағы да 1,5 млн. жұмыс орын ашылады деген үміт бар. Экономика қуаты 1,5 есеге артады. Міне, осының бәрі де бізге жаңа экономикалық саясатты қабылдауға мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, қазір қазба байлықты игеруші отандық немесе шетелдік компаниялардан қазақстандық азаматтардың жұмысқа көптеп тартылуын талап ете бастадық. Себебі, бүгінгі заман өндірісі өте күрделі технологияға негізделеді. Содан болар, шетелдік компаниялар осыны алға тартып, жұмысшыларды шеттен тасуда. Олар біздің жұмысшыларға қарағанда әлдеқайда мол жалақы алады. Мұндай айырмашылық кейбір өңірлерде «әлеуметтік теңсіздік» саналып, жұмысшылар арасында наразылықтар туғызуда. Сонымен қатар, Үкімет компаниялардың «қазақстандық тапсырыс» көлемін ұлғайтуды талап етуде. Бұл – еліміздегі құрал-жабдық өндірісін дамыту қадамы және осы шаралардың елімізде жұмысшыларға деген сұраныстың артуына ықпал етуі. Осыған байланысты елімізде жұмысшы мамандығы және жұмысшы мәртебесі артты. Сонымен, «жаңа заман жұмысшылары қандай болуы қажет?». Бұл – мағынасы терең күрделі мәселе. Өйткені, қазіргі заман жұмысшысы тек кәсіби шебер ғана емес, сонымен қатар көптеген адами қасиеттерге ие болуы тиіс. Соның ішіндегі ең маңыздысы – біліктілік, еңбекқорлық және жауапкершілік. Сондықтан негізінен жұмысшы мамандарын дайындайтын лицейлік оқыту жүйесі (бұрынғы кәсіптік-техникалық училищелер) бұл мәселеге баса назар аударады: – Адамдар өз қабілеті мен еңбекке бейімді­лігі жөнінен тең жаратылса да, өмірде олардың еңбеккорлығы, іскерлігі әрқилы болып келеді: біреулер үшін еңбек − шаттық, біреулер үшін – міндет. Бірақ бұл айырмашылық адам табиғатынан емес, негізінен тәрбие арқылы пайда болатынын ескерсек, онда жас адамды еңбекке баулу бүкіл тәрбие жүйесінің маңызы, ең бастысы, оның болашағын айқындау болып табылады. Жастарды еңбекке баулуда бастапқы орында оның санасына «еңбек» дегеннің не екенін ұғындыру қажет. «Еңбек – міндет емес, еңбек – қажеттілік» атты қағиданы олардың өмірлік ұстанымына айналуын қамтамасыз ету – оқытудың басты қағидасы. Себебі, адамның өз ісіне деген жауапкершілігі адам бойында еңбекке деген қызығушылық болғанда ғана пайда болады. Ондай адам жаңалық ашуға, жұмысын жетілдіруге, өзі де адами тұрғыдан дамуға бейім. Олай болмаса – адам бойында еңбекқорлық, жауапкершілік сұйылады. Ал, өмірге бейім емес адам әрқашан әлжуаз болатыны анық нәрсе: егер адам бойына жас кезінен осы қағида сіңбесе, ол оның өмір сүру ережесіне айналмаса – одан еңбекқор, жауапты маман, кәсіби шебер (өз ісінің маманы) шықпайды. Міне, осы қасиеттердің бәрі де адамға тәрбие­мен келеді. Бұл іске асуы күрделі және ұзаққа созылатын процесс болса да, оның жүзеге асуы қашан да тәрбие мақсаты болып қала береді. Оған қол жеткізу үшін тәрбиелеудің педагогикалық және психологиялық тәсілдерін жетік меңгеру қажет. Біз бұл мақалада оның кейбір ерекшелігіне тоқталып өтеміз. Жастарға білім беру қасаң түрде жүрмеуі қажет. Себебі, оқыту процесі жастардың психологиялық ерекшеліктерін ескереді. Жастар күрделі ойлау конструкциясына психологиялық тұрғыдан дайын болмайтындықтан, көп жағдайда оқыту-үйрету процесіне «ойын элементтері» араластырылады. Бұл тәрбие ықпалын арттыруға қол жеткізеді. Әсіресе, жастардың бойына еңбекке деген қатынасты орнықтыруда оның маңызы зор. Соның бірі – еңбек мотивациясын қалып­тастыру. Мысалы, әлемдегі озық оқу орны Гарвард студенттері университет қабырғасында жүріп еңбек туралы мынадай «жазылмаған ережені» игереді екен: 1. Ұйқыны жақсы көргеннің түсіне арманы кірер, ал ұйқыны жеңгеннің – арманы орындалар. 2. Оқу инемен құдық қазғандай, шаршасаң да «кеш болды» деп сылтау таппа, «әлі ерте» деп жігерлен. 3. Оқудың азабы уақытша, ал білімсіздіктің азабы − мәңгілік. 4. Оқу (еңбек) – уақыт өтуі емес, оқу (еңбек) – бойыңа құйылып жатқан күш. 5. Оқу өмірдің бір сатысы, ал осы сатыдан өтуге бейімі жоқтың бойында қандай да бір қабілет бар ма? 6. Өзіңді еңбектен ләззат табуға мәжбүрле. 7. Өз жетістігіңді ардақтай білсең ғана бар­лық нәрсеге үлгеріп жүресің. 8. Үлгере алу әркімнің қолынан келмес, ол өзін-өзі қамшылап отырғанның ғана қолынан келеді. 9. Уақыт – зымырандай ұшады, қайта оралмайды. 10. Бүгін аузың аңқайып жүрсе, ертең көз жасың тоқтамайтын болады. 11. Өз-өзін қайрай алған адам − болашақ бақытын егіп жүрген адам. 12. Қалтаңдағы ақшаң басыңдағы біліміңе тікелей тәуелді. 13. Жалқаудың ертеңі таусылмайды. 14. Кітапты кеміріп отырған парталас көршің − ертеңгі бәсекелесің. 15. Маңдай терсіз ештеңе де жоқ. Өздеріңіз байқағандай, бұл «ережелер» қазақ халқының даналық сөздерін қайталағандай әсер қалдырады. Сондықтан оқыту барысында ұлтымыздың мақал-мәтелдерінен «еңбек туралы», «еңбекке қатынас» туралы даналық сөздерді «ереже» ретінде ұсынып, оны жастардың өмі­р­лік принциптеріне айналуын қамтамасыз етуге тиістіміз. Мысалы, жоғарыда келтірілген «гар­вардтық ережелердің» барлығының түйіні қазақтың бір ғана «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» деген мақалының мағынасына сыйып тұр. Бұдан басқа қазақта «еңбек» туралы көптеген дана сөздер бар. Және, қазақ ойшылдары Әл-Фараби, Абай, ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин, этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың, қазақтың билері мен батырларының, ғалымдары мен жазушы-ақындарының еңбек туралы сөздерінің бай қоры бар. Міне, осы мол рухани байлық жастар тәрбиесіне психологиялық-педагогикалық негіз бола алады, әрі, онда ұлттық діліміздің барлық ерекшеліктері ескерілуі себепті − бұл даналық баланың жан дүниесіне сіңімді болады деп санаймыз. Адамды еңбекқорлыққа тәрбиелеу – адам бойында кездесетін «жалқаулықпен» кү­ресу­мен қатар өрбиді. Сондықтан тәрбиеде «жалқаулық» секілді жаман қасиеттен құтылу жолдарын да анықтап отыру қажет. Болмаса «еңбек еш болары» анық. Бірақ бұл да жеңіл шара емес. Ол үшін біз жастарға «ынта мен жігер болса, алынбайтын қамал жоқ» дей отырып, өз мүмкіндігін біле білуді үйретуіміз қажет: 1) Егер адам қолынан келмейтін немесе өзі дайын емес іске орынсыз ұмтылса – ол ынта мен жігерді күйретіп, адамды тікелей жалқаулыққа апаратын жол болып шығады. Шәкірт осыны білуі қажет; 2) Сонымен қатар, өнімді еңбек адамның өз демалысын ұйымдастыра білуіне тәуелді. Өйткені, шаршаған организм қарқынды еңбекке жарамсыз; 3) Адам бір ғана іспен айналыспайды, бірнеше істі қатар алып жүреді. Сондықтан ол істерді де оймен реттеп, өз кезегінде атқару қажет. Сонда іс алға басады; 4) Және, бастаған істі тиянақты етіп, өз уақытында атқару да маңызды; 5) Әрбір істі уақытында бітірген соң, өз-өзіңізді мақтап қою да артық емес; 6) Ең маңыздысы − адам өз ісінің жемісін алдын ала бағалай білуі тиіс; 7) Ал, еңбек ұжымдық жігердің жемісі болғандықтан, басқа әріптестеріңмен ақылдасып отыру да жауапкершілікті күшейтеді. 8) Егер адам «бос уақытын» психологиялық тұрғыдан бағалай білсе, онда ол «бос уақыт» пен «жалқаулықтың» ара-жігін ажырата алар еді. Сөйтіп, уақытын дұрыс жоспарлау арқылы еңбегін өнімді ете алады. Міне, біз бұл қысқа мақалада еңбекқорлыққа баулу мәселесінің негізгі, принципті жақтарын қарастырдық. Дегенмен, тәрбиенің осындай «әліппесін» меңгерудің өзі әркімді үлкен жетістіктерге жетелейді деп санаймыз. Камила Тургунбаева, Алматы полиграфиялық колледжінің психологы Пайдаланылған әдебиеттер: 1.«Егемен Қазақстан» газеті, 2012 жылғы 17 қараша. 2. Қазақтың мақал-мәтелдері. «Көшпен­ділер» баспасы, Алматы, 2002 ж. 3.А.С.Макаренко. Книга для родителей. – Воспитание в труде. – изд. «Правда», Москва, 1986 г. 4.Сайт«Профессионал.ру»: 15 способов преодолеть лень. − http://professionali.ru/Soobschestva/frilans_i_drugie_sposoby_svobodnogo_zarabotka_/15-sposobov-preodolet-len/

482 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз