• Тарих толқынында
  • 02 Мамыр, 2020

ТАРИХИ САНА МЕКТЕПТЕ ҚАЛЫПТАСАДЫ

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,

ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, тарихшы-өлкетанушы

Алматы қаласында ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың қатысуымен тарихшы-мұғалімдердің жиыны өтті. Елімізге белгілі тарихшы-ғалымдар, ЖОО басшылары, мұғалімдер, оқулық авторлары, баспагерлер қатысқан бұл отырыста ұлттық тарихқа көзқарас, оқулықтардың сапасы және басқа мәселелер сөз болды. Жиынды тарих ғылымдарының докторы, түрколог, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жүргізді.  Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов Қазақстанда тарих пәні бойынша негізге алынатын академиялық оқулық жоқ екенін ашық айтты. Сол себепті мектепте оқытылатын тарих пәні оқулықтарының мазмұны мен сапасына жиі сын айтылады. «Тарихи сананы қалыптастыруда атқарылған жұмыстар көп. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» секілді мақалалары тарих ғылымы, жалпы ұлтымыз үшін үлкен жаңалық болды, осы салаға үлкен серпін берді. Енді тарих саласына деген көзқарасты өзгерту үшін ғылыми-зерттеулер, жаңа концепциялар керек. Қазақстан тарихы бойынша бір базалық оқулық дайындау қажет» деді министр А.Аймағамбетов. Осы орайда   тарих пәні оқулықтарына қатысты ұсыныстарымыз бен пікірлерімізді ұсынамыз.

  1. Мектептерге арналған тарих оқулықтары туралы пікірлер мен ұсыныстар. Біздің қоғамда сирек те болса кездесіп қалатын келеңсіздіктердің түп-төркінінде тарихи сана қалыптаспағанының әсері жатыр. Тарихи сана балабақшада емес, ЖОО-да да емес, мектепте қалыптасады. Сондықтан, өзге оқулықтарды былай қойғанда, Қазақстан тарихы оқулықтарына бар болғаны ресурс деп қарау дұрыс емес.Тарих дегеніміз идеология.

Баршаға белгілі, Шағатай ұлысына Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан толық кірді. Қазір бұл жерлер Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары аумағына жатады. Бұл облыстарда Алматы, Шымкент секілді мегаполистерді қоссақ, Қазақстан халқының шамамен 45%-і тұрады. Шағатай ұлысының орнында XIV ғасырда Моғолстан мемлекеті құрылды. XV ғасырдың 2-жартысында осы Моғолстан жерінде Қазақ хандығының негізі қаланды. Олай болса, бізге Шағатай ұлысы мен Моғолстан мемлекетінің тарихы қалайша бөтен болады? Ал 7 сыныпқа арналған Қазақстан тарихы оқулығында Шағатай ұлысы мен Моғолстан мемлекетіне 1 параграф арналған. Ал 10-сыныпқа арналған Қазақстан тарихы оқулығында Шағатай ордасы мен Моғолстанға 4-5 жол ғана арналған. Меніңше, Шағатай ордасы мен Моғолстан тарихы да Жошы ұлысының тарихымен бірдей Отан тарихы ретінде оқытылу керек.

  1. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы: проблемалар мен ұсыныстар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген жолдар бар. Сол бағдарламада сабақтарды мүмкіндігінше тарихи орындар мен музейлерде өту туралы керемет ұсыныстар айтылды. 2017 жылы мен өз оқушыларыммен Төле би ауданындағы өзім ұзақ жылдан бері зерттеп жүрген Есім хан ордасының орнында сабақ өтуге әрекет жасадым. Бірақ қаржы қарастырылмағандықтан, оқушыларымды апаруға мүмкіндік болмады. Облыстық «Рухани жаңғыру» кеңсесі тек өзімді алып барып, сол ауылдағы мектеп оқушыларына сабақ өтіп қайттым. Айтайын дегенім, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы берген мүмкіндікті барынша пайдалансақ.

Мен бірнеше жыл әрекет етіп,  2017 жылы Шымкент қаласындағы Өңіраралық архивпен бірлесіп, «Құнды құжат» атты облыстық байқау ұйымдастырдым. Байқаудың мақсаты оқушылардың үйлеріндегі ескі фотосуреттер, құжаттар, қолжазбалар, майданнан жазылған хаттарды жинау еді. Жиналған құжаттардың құнды дегендерін аталған архив өз қорына алды. Мен оны өз тәжірибемде 2005 жылдан бері пайдаланып келемін. Мәселен 7-сыныптың бір оқушысы үйіндегі қағаздардың арасынан тауып алған бір газеттің жыртығындағы мақаладан 1942 жылы Харьков қазандығында жоғалып кеткен 102-дивизия туралы білдік. Құрамында 11 373 жауынгері бар дивизия талқандалып, тірі қалған жауынгерлері неміс тұтқынына түскен. Тұтқыннан аман келген оншақты жауынгердің ұрпағын таптық. Сөйтсек, бәрі Польшадағы «Сталаг 318 F» концлагерінде болыпты. 2016 жылы мен бір журналист пен операторды алып, сол концлагерьде болып, деректі фильм түсіріп қайттық. Фильм қазақ және орыс тілдерінде «Екінші Дүниежүзілік соғыстың ашылмаған құпиялары: кеңестік тұтқындардың қилы тағдыры», «Неизвестные судьбы войны Вторая мировая война» деп аталады.

2018 жылы «Құнды құжат» байқауы облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасына енді. 2022 жылға дейін жыл сайын байқауды өткізуге 650 мың теңге бөлінетін болып еді. Байқау 1 жыл өтті де тоқтап қалды.

  1. Ұлттық кодты оятудағы «Өлкетану» пәнінің маңызы.

Сол «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған «Ұлттық кодты» ояту үшін мектептердің 5-7 сыныптарында «Өлкетану» пәні енгізілгені керемет болды. Мәселен, біз ежелгі Грек, Гим, Қытай, Үнді, Мысыр тарихын білеміз. Ал туған ауылымыздың тарихынан мақұрымбыз. Соның кесірінен қаншама құнды тарихи-археологиялық ескерткіштеріміз аяқасты болып жатыр. «Өлкетану»  пәні осы олқылықты жояр еді. Өкінішке қарай, «Өлкетану» пәні 5-7 сыныптарда 3 жылда бар болғаны 20-ақ сағат өтіледі. Келешекте осы сыныптарда «Өлкетану» пәнін аптасына 1 рет өткізуге қол жеткізу керек.

  1. Өлкетану: проблемалар мен ұсыныстар. Жоғарыда айтылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тек сакральды орындарға көп көңіл бөліп кетті десем қателеспеймін. Мәселен, 2018 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысынан Республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне кірген 26 нысанның қатарына Төле би ауданы Кеңесарық ауылында орналасқан Есім хан мен Сайрам ауданы Ханқорған ауылында орналасқан Абылай хан ордалары енбей қалды. Мен тиісті мекемелерге осы жайында құлаққағыс жасадым. Мәдениет Басқармасы енгізуге уәде берді. Енген-енбегені әзірге белгісіз.

Мен ұзақ жылдар бойы естеліктер жинап, архивтер мен кітапханаларда отырып, 2015 жылы «Ауыл тарихы – ел тарихы» атты кітап шығардым. Сол кітапта тарихшы ғалымдардың назарынан тыс қалған біраз нәрсе қамтылды.  Айталық, Қазақ хандығы тарихындағы үлкен ақтаңдақтардың бірі – «Қатаған қырғыны». Ұзақ жыл ізденіп, Есім хан мен Тұрсын сұлтан әскерлері арасында өткен басты шайқас болған жерді анықтадым. Есім ханың бала-шағасы тығылған Сайрамсу бойындағы «Сулыүңгірдің» арғы тарихын зерттеп жүрген археолог Жәкен Таймағамбетов екені белгілі. Үңгірдің бергі тарихы да қызықты. Ал Кеңесарық ауылында орналасқан Есім хан ордасын барып көрген Халықаралық Түркі академиясының археологтары ол жерде сонау IV ғасырдан бері патшалар ордасы болған деген пікір айтты. Өкінішке қарай, ол да зерттеусіз жатыр. Осы айтылғандарды тереңірек зерттеп, ғылыми айналысқа енгізу тарихшы-ғалымдардың шаруасы.

Кенесары хан бастаған Ұлт-азаттық көтерілісінің тарихын зерттеп жүрген тарихшылар үшін де тың жаңалығымыз бар. Мәселен, Ботбай Тойшыбек бидің баласы Байсейіт батыр көтеріліс жеңіліс тапқан соң, ауылымен Сайрамсу бойындағы Сілбілі деген жерге тығылған. Ауылды тау асып келіп, қырғыздар қырып кеткен. Кәдімгі «Бауырластар зираты». Орны төмпешік-төмпешік болып, әлі қараусыз жатыр.

Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстанның Ресейдің қол астына өту кезеңін зерттеуде де проблемалар жеткілікті. Соның бірі «Иқан шайқасын» зерттеген кезімде бірқатар кедергілерге тап болғаным бар. Оңтүстіктегі орыс поселкелерінің де тарихы толық зерттелген жоқ.

Ұлт-азаттық көтерілісі. 1916 жылы қазіргі Өзбекстанның Жызақ-Шымқорған өңірінде болған ұлт-азаттық көтеріліске Мырзашөлдік қазақтар қатысқан. Ол елеусіз жатыр. Жалпы, 1916 жылғы көтерілісті айтқанда, Торғай мен Қарқара, Меркіні ғана айтамыз. Шымкент өңірінде де патша жарлығына қарсы шығып, атқа қонғандар болған.

Ұжымдастыру мен ашаршылық. Ұжымдастыру кезіндегі Созақ («Аллаху») көтерілісі де әлі толық зерттелген жоқ. Меніңше, 1932-33 жылдардағы ашаршылықта қанша адам қырылғанын шамалап болса да анықтауға болады. Мәселен, архивтерде 1929-31 жылдары құрылған артель-колхоздардың шаңырақ саны мен адам саны көрсетілген құжаттар жатыр. 1932-33 жылдардағы құжаттардың тұсында «изьято»деген штамп тұр. Ол қайда?

Сондай-ақ, 1934-35 жылдардағы қорда колхоздардың тізімі мен адам саны көрсетілген құжаттар баршылық. Соларды салыстыра отырып, адам шығыны қанша болғанын шындыққа барынша жақындатуға болады.

ІІ дүниежүзілік соғыс.  Ресми тарих ІІ дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 млн 200 мың адам аттанып, 600 мың адам оралмай қалды дейді. Меніңше, бұл қате. Мәселен мен қолымдағы шежіре мен архив құжаттарын салыстыра отырып, бір атадан тарайтын үш ауылды зерттедім. Сол үш ауылдан 188 адам соғысқа кетіп, 122 адам қайтпай қалған. Яғни, үштен екісі оралмай қалған.

Жоғарыда айтылғанның бәрі 2015 жылы баспадан шыққан «Ауыл тарихы – ел тарихы» атты кітабымызда көрсетілген. Айта берсек, қолға алатын шаруа жеткілікті. Осы зерттеулерді ең болмағанда жергілікті ЖОО-лардың тарих кафедралары қолына алар деген үміт бар.

Алматыда өткен аталмыш жиынды қорытындылаған сөзінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов деректер мен фактілер бірізділенген базалық тарих оқулығы жазылатынын айтты. Ендігі жерде әр оқулық әр жаққа тартып, оқушыларымыз бен мұғалімдерімізді қинамайды деп үміттенеміз. Сондай-ақ, министр мектепте жұмыс істейтін тарихшы-мұғалімдердің республикалық ассоциациясы құрылатынын айтты. Осындай өзекті мәселелерді қозғаған жиында қозғалған мәселелер мен айтылған ұсыныс-пікірлер шешімін табады деп сенеміз.

 

606 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз