• Ұлттану
  • 02 Мамыр, 2020

ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІ ҒАСЫРЛАР ТОҒЫСЫНДА

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушы, тарихшы

Патшалық Ресейдің отаршылдары Қазақстанның Оңтүстік облыстарын басып алған соң, сол жерде мықтап орнығу мақсатымен 1865 жыл­дың 12 желтоқсанында осы күнгі Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарын біріктірген Орынбор гене­рал-губернаторлығына бағынысты Түр­кі­стан облысын құрады. Оған 1865 жылы бүгінгі Жамбыл, Қызыл­орда,­ Түркістан облыстарының жері­ түгелімен, 1866 жылы қазіргі Өзбек­стандағы Ташкент, Жызақ облыстарының аумағы тұтасымен, Сырдария облысының солтүстік алабы мен Шыршық өңірі және Тәжікстанға қарайтын Ходжент аймағының шығыс, шығыс-сол­түстік аумағы қосылады. Бұл кезде Жетісу аймағы Омбы генерал-губер­наторлығына қарап тұрған еді.

Түркістан облысының орталығы алғашқыда Шымкент қаласы болады. Облыстың алғашқы бастығы болып оңтүстікті тұңғыш жаулаушы Михаил Григорьевич Черняев, коменданты болып Веревкин тағайындалады. 1865 жылы Черняев бастаған орыс шенеуніктері Шымкентті Ресейлік типтегі қалаға айналдыру жөнінде шешім қабылдап, қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі жазықтан әкімшілік және орыс солдаттары мен қызметкерлері, қатардағы тұрғындары тұратын ұзынынан бір көше, көлденеңінен төрт көше салуды ұйғарады.

Алғашқыда Шымкенттегі қазіргі Ордабасы алаңынан солтүстікке қарай екі шақырымға созылатын бас көшенің жоспары құрылады. Бас көше Царское, сәл кейін Николай деп, ал оның орта белінен шығысқа қарай созылған бірінші көше – Александр, екінші көше – Мещанская, үшінші көше – Садовая, төртінші көше Черняев деп аталатын болады (Николай бүгінгі – Қазыбек би, Мещанская – Түркістан, Александр – Майлықожа,  Черняев – Тәуке хан көшелері). Черняев 1865 жылы Николай көшесінің басынан өзіне және облыс қызметкерлеріне арнап, бір қабатты әкімшілік және тұрғын жайлар салдырады (Бұл жер – қазіргі Ордабасы алаңындағы ескі «Универмагтың» орны). Бірақ 1865 жылдың аяғында Түркістан облысының орталығы Ташкентке көшіріледі де, Шымкент жай қала ретінде қалады.

1866 жылы Черняевтың орнына Түркістан облысының бастығы болып Дмитрий Ильич Романовский тағайындалады. Ол бұл орында бір-ақ жыл отырады. 1867 жылы бұл таққа Николай Никитич Головачев жайғасады.

1867 жылы жаңадан отарланған өлкені басқарудың оңтайлы әдіс-тәсілдері Петербуртегі «Ерекше комитетте» қаралып, жалпы Түркістан өңірінен екі облыстан тұратын ерекше генерал-губернаторлық құруды жоспарлайды. «Ерекше комитет» Түркістан облысына қарайтын жерлерді – Ташкент, ал шығыс жақтағы Жетісу жерінен жаңадан құрылатын әкімшілік аймақты – Алматы облысы деп атауға шешім шығарады. Сонымен бірге, бұларды біріктірген генерал-губернаторлықтың жаңа орталығын Әулиеата маңындағы жазықтан тұрғызып, оны патшаның құрметіне Александроград деп атау ұйғарылады.

Бірақ ұзамай бұл шешімді «Ерекше комитет» қайта қарап, батыс облысты – Сырдария, шығыс облысты – Жетісу деп атау ыңғайлы деп табады. Ал генерал-губернаторлықтың орталығын қай жерден таңдау керектігін жаңадан тағайындалатын генерал-губернатордың өз еркіне қалдыру керек деп шешеді. Бұл «Ережеге» император 1867 жылдың 11 маусымында қол қояды. Сол күні Түркістан генерал-губернаторы болып, инфентария генералы, фон Константин Петрович Кауфман тағайындалады. Кауфман генерал-губернаторлықтың орталығы етіп, Ташкентті таңдайды.

Сырдария облысына – бүгінгі Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Өзбекстанның Ташкент, Сырдария облыстарының түгел аумағы мен Жызақ облысының жарты жері қарайды. Жетісу облысына –  қазіргі Алматы облысының жері кіреді. 1868 жылы Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына Зарафшан округі кіреді (Ол 1887 жылы Самарқан облысы болып өзгереді). 1876 жылы жаңадан жауланған Қоқан хандығының жерінен Ферғана облысы құрылады.  1881 жылы бұрын Закавказье генерал-губернаторлығына бағынып келген Закаспий облысы Түркістанның генерал-губернаторлығының бағынысына өтеді. 1886 жылы Жетісу облысы орталығы Омбы қаласы болған дала генерал-губернаторлығының құрамына беріледі. 1886 жылы Түркістан генерал-губернаторлығы ресми түрде – «Түркістан өлкесі» деп өзгертіледі. 1892 жылы Жетісу облысы Түркістан өлкесінің бағынысына  қайта беріледі.

1865  жылы Сырдария облысы алғаш құрылғанда оның аумағы 8595 шаршы шақырымды құрайды. Сол жылы орыс есепшілерінің жүргізген санағы бойынша, халқының саны – 818 47 адам болған. 1886 жылы оның аумағы әлдеқайда кеңейіп, 403 253 шаршы шақырым болады. Яғни, Сырдария облысы Түркістан өлкесінің 70 пайыз аумағын алып жатады. Халқының саны 1 219 400 адамға жетеді. Ол солтүстік-батысында – Торғай, оңтүстік-шығысында – Ферғана, батысында – Орал, шығысында – Жетісу, оңтүстігінде – Самарқан, Бұқара, Закаспий облыстарымен шектеседі.

1868 жылдың 21 қазанында облыстарға бағынысты уездер құрылады. Уезд деген бүгінгі аудан іспеттес құрылым. Бір уезге бүгінгі бірнеше аудандардың жері кіреді. Сырдария облысы – Құрама, Ходженд, Шымкент, Жызақ, Әулиеата, Қазалы, Перовск (кейінгі Қызылорда) болып, жеті уезге бөлінеді. Аталмыш уездерге қараған аймақтарды нақтылып айтсақ, оларға мынадай  аумақтар кірген:

Әулиеата уезіне – осы күнгі Жамбыл облысының жері (Жуалы ауданынан бөлек) түгелімен, Қырғызстанның қазіргі Қарабалта кенті мен Талас облысының батыс беті қараған.

Шымкент уезі – қазіргі Түркістан облысының Түркістан, Созақ, Бәйдібек, Түлкібас, Отырар, Ордабасы, Арыс, Төлеби, Сайрам және Жамбыл облысына қарасты Жуалы аудандарының аумақтарын түгел қамтыған. Шымкент – Сырдария облысындағы ең үлкен уезд еді. Жерінің аумағы – 124 650 шаршы шақырым.

Құрама уезіне – бүгінгі Түркістан облысындағы Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Мақтарал, Жетісай, Шардара  аудандарының және Ташкент облысына қарайтын алты ауданның жері кіреді. Уезд көлемі –  54 616 шаршы шақырым.

Перовск уезі – осы күнгі Қызылорда облысындағы Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш, Тереңөзек аудандарының аумағын қамтиды. Жер көлемі – 65 840 шаршы шақырым.

Қазалы уездіне – қазіргі Қызылорда облысына қарасты Сырдария, Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарының жері кіреді. Аумағы – 59 800 шаршы шақырым.

Жызақ уездінің солтүстік және солтүстік-батыс шеті қазіргі Мақтарал ауданының Өзбекстанмен шекаралас аймағын қамтыған (бұл өңір 1963 жылға дейін Қазақстанға қараған болатын). 1963 жылдан кейін бұрын қазаққа қараған осы өңірден  Өзбекстан республикасы Сырдария деп аталған облыс ашып алды. Қалған аймағы Жызақ облысына кірді.

Ходжент уездіне қазіргі Өзбек­станның Тойтөбе, Піскент аудандарынан бастап, Тәжікстанның Ходженд облысына дейінгі орасан аймақ кірген.

1872 жылы Жызақ уезді таратылып, оның 70 пайыз жері Самарқан облысына өтеді, қалған аумағы Сырдария облысында қалады. Сол жылы Шымкент уездінің жарты жерінен Түркістан уезді құрылады. 1886 жылы Ходжент уезді жаңадан құрылған Самарқан облысына беріледі және осы жылы Түркістан уезді таратылып, ол Шымкент уездінің бір учаскесіне айналады. Осыдан бастап Шымкент уезді – Түркістан және Веловод болып, екі учаскеге бөлінеді.

Патша үкіметі Сырдария облысы сияқты Жетісу облысын да уездерге бөледі. Жетісу облысы – Тоқмақ, Ыстықкөл, Верный, Қапал, Сергиополь сияқты бес уездге бөлінеді. Бірақ Жетісу өлкесі осы еңбегіміздің  тақырыбы болмағандықтан, оның ары қарайғы тарихына тоқталмаймыз.

Түркістан билігі өлкеде уездерді құрып болған соң, 1868 жылдың аяғын­да уездерге қарасты ауыл-қоныстарды болыстықтарға бөліп, болыс сайлау науқанын бекітеді.  Соған орай жер-жерде болыстықтарға болыс сайлау тәртібі жүргізілді. (Бір айта кететін нәрсе – уездер мен болыстықтар тарихы оқулықтардан шет қалған және қазіргі буынның жадында тіпті сақталмаған). Алғашқыда әр болыстықтың аумағы, бүгінгі тілмен айтқанда, екі-үш ауыл әкімшіліктерінің (яғни, совет кезіндегі төрт-бес колхоздың) жеріне пара-пар болады. Бір болыстыққа адам сандары 1000-нан 2700 дейін тұрғындары бар төрт ауылдан он бес ауылға дейін қарады. Ілгеріде қазақтар он-он бес үй болып, әулет-әулетке қарай бір ауыл болып отыра беретін. Орыс үкіметінің уездік есеп комитеттері ондай әулеттік ауылдар бір-бірінен он-он бес шақырым қашықта орналасқан болса, олардың әрқайсысын бір ауыл деп санады. Егер, бір-біріне тым жақын отырса, бәрін қосып, бір ауыл деп есептеді және бәріне ортақ бір атауды алды.

Құрама уездінде 1868 жылы жиырма болыстық болса, 1872 жылы олардың саны жиырма төртке жеткен. Одан соң бұл уездегі болыстықтардың тұрғындар саны басқа уездердегі болыстықтарға қарағанда, әлдеқайда көп болған. Бәлкім, бұған Ташкент уездінде ауылдар мен адамдардың санының көптігі әсер еткен болар. Ташкенттегі Өзбекстан мемлекеттік архивінде сақталып қалған «Ведомсть о численности киргизского (қазақтар деп ұғыңыз) населения Сыр-Дарыньской области» деп аталатын құжат бар. Сонда 1889 жылы осы жиырма төрт болыстықтың тұрғындар сандары мен оған қараған ауылдардың тізімі қатталған. Ол тізім былай өрілген:

Аблық болыстығында      –      3270;

Аққорған болыстығында    –     3330;

Александров болыстығында – 4625;

Ақжар болыстығында            – 3985;

Алтын болыстығында           – 5490;

Бөкі болыстығында               – 3605;

Болат болыстығында            – 5560;

Қайыпата болыстығында     – 3730;

Жәлелтөбе болыстығында   – 3510;

Шарапхана болыстығында  – 3875;

Қытайтөбе болыстығында   –  3625;

Қосқорған болыстығында   –  4355;

Майдантал болыстығында   – 2595;

Ниязбек болыстығында        – 4270;

Османата болыстығында      – 2655;

Піскент болыстығында         – 4245;

Тілеу болыстығында             – 3620;

Тойтөбе болыстығында        – 4455;

Арал болыстығында –          – 2870;

Қордан болыстығында         – 5725;

Шардара болыстығында      – 9350;

Шыназ болыстығында         – 5230;

Шатқал болыстығында        – 4260 адам тұрған.

Сонда 1889 жылы Ташкент уездінде 98 мың 237 адам болған. Бұған Ташкент қаласының  сол кездегі 140 мың халқын қоссаңыз, барлығы 238 мың 237 адам болады.

1868 жылы Шымкент уездінде 22 болыстық ашылады. Олар – Сіргелі, Тілік, Қоңыр-Маңғытай, Тама, Алтыата, Божбан, Қаңлы-Сапар, Жаманбай,  Сары, Маңғытай-Саңғыл, Күнгей Сіргелі, Бестамғалы, Беспақ, Боралдай, Қазығұрт, Тартоғай, Қарамұрт, Майлыкент, Қарабұлақ, Шөл, Арыс, Сарыкөл.

1870 жылы Ташкенттен шыққан «Кочевое население Чимкентского уезда» деген анықтамада осы болыстықтарда тұратын қазақтардың үй саны 31 401 деп көрсетілген. Сондай-ақ осы жылы қала ретінде саналған Шымкенттегі 925 үйде  –  1150 (оның 40-ы орыс), Түркістандағы 965 үйде – 5223, Сайрамдағы 669 үйде  – 1770, Манкенттегі 352 үйде – 1690, Қарабұлақтағы 603 үйде – 3150, үлкен қышлақтар қатарына жататын  – Қарамұрттағы 246 үйде 1230, Сұлтанрабаттағы 180 үйде – 870 адам тұрған.

1890 жылға қарай Шымкент уездінде болыстықтардың саны 25-ке дейін көбейеді. Кейбіреуі таратылады, кейбіреулері бір-біріне қосылады. Жоғарыда аталған «Ведомость о численности киргизского населения Сыр-Дарыньской области» деген құжатта 1889 жылы Шымкент уезіндегі болыстықтардың аттары мен оларда тұратын халық саны былай көрсетілген:

Ақтас болыстығында          –5380;

Арыс болыстығында           – 5095;

Бадам болыстығында          – 7510;

Байырқұм болыстығында  – 6225;

Бөріжар болыстығында      – 6150;

Қазығұрт болыстығында   – 5365;

Қарамұрт болыстығында   – 8385;

Қошқарата болыстығында – 5785;

Майлыкент болыстығында  – 9560;

Машат болыстығында          – 8415;

Сарыкөл болыстығында     – 6225;

Сырдария болыстығында    – 5790;

Қаратау болыстығында        – 5726;

Ноғай-Қира болыстығында – 9622;

Шу болыстығында                – 7810;

Ақтөбе болыстығында         – 6148;

Хантау болыстығында         – 10 305;

Шаян болыстығында            – 9251;

Ақмола болыстығында        – 5355;

Бөген болыстығында           – 5410;

Қаракөл болыстығында      – 5930;

Жылыбұлақ болыстығында – 6537;

Созақ болыстығында            – 2896;

Қарнақ болыстығында – 6375 адам тұрған.

1889 жылы Шымкент уездіндегі халық саны  – 169 435 болған.

1872 жылы құрылған Түркістан уездіне Шымкент уездінен Қаратау, Ноғай-Қира, Шу, Ақтөбе, Хантау, Шаян, Ақмола, Бөген, Қаракөл, Жылыбұлақ, Созақ, Қарнақ болыстықтары бөлініп берілген еді. Бұрынғы Шөл енді Сіргелі болыстығына қосылады. Түркістан уезді 1886 жылы қайтадан Шымкентке бірігеді.

1892 жылы Шымкент уездіндегі «Қала маңы» (кейінгі Беловод) учаскесіне Арыс, Ақтас, Бадам, Байырқұм, Боралдай, Бөріжар, Сырдария, Сарыкөл, Қазығұрт , Қарамұрт, Машат, Майлыкент Қошқарата болыстықтары қараған. Осы жылы ылғи өзбектер тұратын бұрынғы Қарамұрт пен Манкент қышлақтары– Машат болыстығына, Сайрам қышлағы – Қарамұрт болыстығына, Сұлтанрабат, Жалғандық, Доңызтау қышлақтары –  Бадам болыстығына  қосылады.

Шымкент уездінің Түркістан учаскесіне Бөген, Шаян, Қаракөл, Жылыбұлақ, Арыстанды, Ақмола, Ноғай-Қира, Ақтөбе, Хантағы, Қаратау, Шу болыстықтары кіреді. Бұл кезде бұрынғы Тілік, Шөл, Сіргелі, Күнгей Сіргелі, Бестамғалы, Созақ, Жаныс, Бөген  сияқты болыстықтар таратылып кеткен болатын. 1900 жылдан кейін Шымкент уездінде Сырдария учаскесі ашылады.

Жызақ уезді құрылған кезде оған Атақорған, Қызылқұм, Өзбек, Пістелітау, Жаңақорған болыстықтары қараған. Халқының саны – 29 700.

Ходжент уездіне Еспене, Дамиян, Сауат болыстықтары кірген. Халқының саны – 8 352.

Әулиеата уезді құрылғанда, оған Аса, Ащыбұлақ, Тастөбе, Қарабастау, Билікөл, Ойық, Өтеміс, Қарабәкір, Мақпал, Көшеней, Арғын, Ағашақ, Шу, Аспара, Талқан, Күйік, Құрағаты, Күркіреу, Боқайыр, Қарабура, Кеңкөл,  Қарақыстақ тәрізді 22 болыстық қараған.  Көлемі – 65 420 шаршы шақырым, 1889 жылғы халқының саны – 201 700 адам.

Перовск уезді пайда болғанда, оның құрамында 12 болыстық ашылады – Кентүп, Шаған, Қараөзек, Аламесек, Романов, Жаңақорған, Жөлек, Қостам, Қышбөгет, Сайран, Аяқкөл, Телікөл. Жер көлемі – 65 840 шаршы шақырым. 1889 жылы халқының саны – 103 225 адам.

Қазалы уезді ашылғанда, оған  Ақтоғай, Ақтөбе, Ақшатау, Сарытоғай, Райым, Шыбынды, Мақпал, Аққыр, Заңғар, Қармақшы, Қуаңдария, Жамансыр атты 12 болыстық кіреді. Аумағы – 59 800 шаршы шақырым. 1889 жылғы халық саны – 110 477 адам.

1886 жылы Александр үшінші патшаның «Түркістан өлкесін қайта құру туралы Ереже» атты бұйрығына орай Құрама уезді Ташкент уезді болып өзгертіледі. Уезд орталығы  Ташкенттен қала іргесіндегі Көктеректе орнығады.

1897 жылғы бүкілресейлік санақта Сырдария облысының халқы 835 432 адам болды. Бұл кезде Сырдарияның құрамындағы Ходжент уезді тұтас және Ташкент уездіне қарайтын халқы көп үш-төрт болыстықтар Самарқан облысына беріліп кеткен болатын. Соған байланысты Сырдарияның 1870 жылдардағы бір миллионнан асқан халқы азайып қалады.

Ташкент архивіндегі мәліметтер бойынша, осы жылғы санақта Сырдарияға қараған уездердің халық саны мынадай көрсеткішті құрапты:

1897 жылы Ташкент уезінің халық саны 448 493 адамға жеткен (оның 249 915 еркек, 198 578 әйел). Олардың 206 105-і қазақ, 100 мың 630-ы өзбек, 108 765-і сарт пен құрама (яғни бұлардың жартысы қазақ), 4531-і тәжік, 17 510-ы орыс, 2921-і украин мен белорусь, 2616-ы татар, 2214-і поляк, 1465-і еврей, 1062-і неміс, 613-і парсылардан тұрыпты.

Шымкент уездіндегі халық саны – 285 059 адам. Оның ішінде қазақтар – 224 704 (78,8%), өзбектер – 20 709 (7,61%), украиндер – 4388 (1,47%), орыстар – 2 236 (0,78%). Кейбір тарихи жазбаларда ХІХ ғасырдың аяғында Шымкент уездінде 316 мың адам тұрған деген деректер де кездеседі.

Әулиеата уездінде 276 169 адам тұрған. Оның ішінде қазақтар – 250 988 (90,8%), өзбектер – 8474 (3,06%), украиндер – 5339 (1,93%), орыстар – 5129 (2%).

Қазалыда 140 541 халық болған. Қазақтар – 135 850 (96,6%), орыстар – 2821 (3,4%).

Перовск уездінің халқы 133 663 адам болыпты. Қазақтар – 130 663 (98,5%), орыстар – 3000 (2,5%).

Осы жылы Сырдария облысына қарасты қалалар – Қазалыда – 7585, Перовскіде – 5058, Шымкентте 11 194, Әулиеатада 11 722, Ташкентте 155 673, Петро-Александровскіде 3 111 жан тұрған.

Жалпы, патшалық Ресей кезінде уездердегі болыстықтардың шекарасы мен атаулары жиі өзгеріп отырған. ХІХ ғасырдың аяғына таман жоғарыда аталған уездердегі болыстықтар саны әлдеқайда көбейген. ХХ ғасырдың басында ірі-ірі болыстықтарды екіге, тіпті, кей жерлерде үшке бөліп тастау үрдісі жүрген. Бұған, біріншіден, болыстықтардағы адамдар мен ауылдардың санының көбейіп кетуі әсер еткен. Екіншіден, Ресей шенеуніктері қазақтың өзара туыс  руларын бір болыстыққа біріктірмеу саясатын жүргізген.

1870 жылдары болыстықтар алғаш құрылған кезде бұрыннан бір ортаға ұйысып өмір сүруге дағдыланған қазақтың өзара туыс руларының әрқайсысы өз алдарына бір-бір болыстықтарға айналған-ды. Жылдар өте, қазақтың ұйымдасып тірлік қылатын ағайындық қатынастарын һәм бірлігін бұзуды мақсат еткен Ресей шенеуніктері алдымен осы болыстықтардағы бір рулық жүйені жоюды көздейді. Содан бір болыстыққа әр рулардан құралған ауылдарды біріктіру жұмысын қолға алады. Сөйтеді де, болыс сайлау кезінде әр рудан бір үміткер алып, қазақтарды болыстық шенге өзара таластырып қояды. Мұның барлығы сайып келгенде, қазақтарды бір-біріне жауластыру, араздастыру, ақыр түбінде, Алаш балаларының арасында рулық талас пен жаулықты өршіту саясаты жатты. Нәтижесінде солай болды да. Шен мен шекпенге қызыққан немесе өзге руды алдына салғысы келмеген пайымы төмен, өресі тар қазақ байлары мен билері орыстың айтағына еріп, бір-біріне деген жаулықты өршітті.

Дегенмен, жергілікті би-болыстар ел арасында дауға түскенімен, бір-бірімен шабысқа түскен жоқ. Шенге таласқандарымен, елді алатайдай бұзған жоқ. Қайткенде де, ол уақытта қазақ азаматтарының бойынан ілкі ұлттық ізгілік кеткен жоқ-ты. Ел арасында бір бай бір ауылды асырайтын, бір би бір рулы елді билейтін, жесірі мен жетімін жатқа бермейтін ізгі жосық сақталып тұрды.

Түркістан өлкесін билеген орыс шенеуніктері жыл сайын әр облыстың экономикасына, тыныс-тіршілігіне, ауа райына, халқының әл-ауқатына, егін мен мал шаруашылығына, өнеркәсіп пен қол өнердің дамуына, өлкедегі мұсылман жұрттарының этнографиясы мен ауыз әдебиетіне, ертедегі һәм кейінгі құрылыс нысандарына, өзен-су атауларына, жалпы, табиғи ерекшеліктер мен өмірдің барлық салаларына қатысты дерек-мәліметтерді жинастырып, «Шолу» кітаптарын шығарып отырған. Мысалы, «Обзор Сыр-Дарыньской области» деген шолу кітап 1868 жылдан 1914 жылға дейін әр жылы шығып отырған. Сондай-ақ әр жылдары статистикалық комитеттің мәліметтері де жеке-жеке кітап болып шығып тұрған. Оның үстіне, 1868 жылдан 1917 жылға дейінгі аралықта патша отаршылдарының жазбагерлері жазып, Ташкенттен шығарған кітаптар мен газет-журналдардағы мақалалар жиыстырылған «Туркестанский сборник» деген арнайы томдар жинақтары шыққан. (Соңғы үш томы 1939 жылы құрастырылған). «Туркестанский сборниктің» жалпы саны 594 том. Біз осы аталған кітаптардың бәрімен неше жыл бойы танысып шыққанбыз.

Бұлардан басқа Түркістан өлкелік статистикалық комитет 1891 және 1911 жылы халық санағына қатысты біз үшін аса маңызды болып табылатын екі жинақ шығарған. Бұл кітаптарда уездерге қарасты барлық болыстықтардың және сол болыстықтарға қараған ауылдардың аттары нақты берілген. Содан соң аталмыш ауылдарда қанша еркек, қанша әйел бар екені жазылған.

1911 жылы жарық көрген «Список населенных пунктов Сырь-Дарыньской области»  деген сондай еңбектің бірінен бұрынғы болыстықтар мен ауылдар тұрғындарының сандары өскенін көруге болады. Сондай-ақ, болыстықтар шекараларының да өзгергені анық байқалады. Бұрын бір үлкендеу ауылдың көлеңкесінде қалып, аттары жазбаға түспей жүрген кіші ауылдар мен кыстақ-мекендер түгелімен құжатқа түсіп, әрқайсысының тұрғын сандары белгіленген. Қала-шаһарларда жергілікті тұрғындардың қанша екені және оларда орныққан келімсектердің де сандары дәл көрсетілген.

Бұл құжат қазіргі көпшілік түгілі, тарихшымыз деп жүрген талайлардың өздеріне де белгісіз дүние. Әрі мұнда біздің өткен ғасырда ата-бабаларымыз өмірге келген, ғұмыр кешкен һәм бүгінгі ұрпақтың түп тірегі тараған әр ауылдың аттары бар. Сондықтан да, бұл бізге өте қымбат та құнды құжат. Соған орай, аталмыш құжаттағы барлық ауылдың аттарын тізіп бермесек те, ондағы болыстық атауларын, олардағы адам сандарын көрсетіп беруді жөн санадық. Одан соң құжатта ұлттардың аты қалай жазылса, біз де солай бердік.

1911 жылы Түркістан өлкесінің және Сырдария облысының орталығы – Ташкентте 164 724 мұсылман, 69 565 еуропалық тұрыпты. Шаһардың барлық тұрғыны – 234 289 адам. Ондағы ұлттардың құрамы мынадай болыпты: Қазақ-өзбектер – 168 771, орыстар – 46 463, поляктар – 4110, еврейлер – 3593, немістер – 3245, армяндар – 1919, татарлар – 1861, құрамалар – 1074, дұнғандар – 40, сығандар – 242, парсылар – 620, индиялықтар – 21, қытайлар – 13, болгарлар – 35, бұхарлық еврейлер – 322, ауғандар – 46, қашғарлықтар – 193, ағылшындар – 3, француздар – 17, швейцариялықтар – 16, шведтер – 6, бельгиялықтар – 9.

Ал бұл кезде «Қала маңы» (Пригородный), Троицкий, Ханабад және Піскент сияқты төрт  учаскеге бөлінген. «Қала маңы» учаскесіне жататын болыстықтар:

Зеңгіатада – 73 орыс, 1 еврей, 1880 қазақ, 1824 құрама-сарт үйі бар: 10841 еркек, 9031 әйел (Ескерту: ары қарай еркектермен әйелдер санының арасына сызықша қойып кете береміз),  Болатта – 23 орыс, 2671 қазақ, 2589 құрама-сарт үйі бар: 18544–16878, Шыназда – үй саны – 12 орыс, 3 еврей, 728 құрама-сарт, 1228 қазақ: 4932–4045, Алтында – үй саны – 2287 қазақ: 6463 –5194, Жаушықұмда – үй саны – 1699 қазақ: 3178–2608. Осы учаскедегі еуропалық ауғындылар тұратын – Богородицкое, Успенское, Садовое, Казанское, Шыназ селоларында 194 үй, 457–408. Учаске бойынша үй саны – 315 орыс, 4 еврей, 5141 сарт, 9165 қазақ: Барлығы 44415 еркек, 38964 әйел.

Троицкий учаскесіне қарайтын – Александровта – үй саны – 1768 қазақ, (бұдан былайғы осындай жазбалардағы 1768 сияқты санды осынша қазақ немесе сарт үйі бар деп түсініңіз) . 2366 құрама-сарт: 14843–13650, Ақжарда  – үй саны – 80 орыс, 360 сарт, 2572 қазақ: 10350–9095, Кіші Жетісуда – үй саны – 3209 қазақ, 20 сарт: 8420–7475, Шарапханада – үй саны 2412 қазақ: 8715–7313, Ниязбекте – үй саны – 91 орыс, 11555 құрама-сарт, 2633 қазақ: 13291– 11153. Бұл учаскедегі – Никольское, Троицкое, Черняевское, Кауфманское, Константиновское, Ново-Николаевское. Алексеевское, Акь-жарь, Искендерь-Волынское, Подшеватское тәрізді орыс поселкаларында 906 орыс отбасында 2897– 2835. Учаске бойынша – 1077 орыс, 4301 құрама-сарт, 12594 қазақ үйі бар. Барлығы – 58516 еркек, 51521 әйел.

Ханабад учаскесіне жататын – Қанжығалыда – үй саны – 1717 құрама, 93 қазақ, 1 орыс: 5262–4306. Аблықта – үй саны – 2062 құрама-сарт: 7024–5824. Тілеуде – үй саны – 1581 құрама: 5284–4880. Қорданда – үй саны – 1 орыс, 1095 құрама-сарт: 26–2093. Жәлелтөбеде – үй саны – 1961 сарт, 9 орыс: 4987–4268. Қосқорғанда – үй саны – 1932 қазақ, 642 сарт: 7239–5813. Жетікентте – үй саны – 400 қазақ, 3388 сарт: 8328–6935. Қытайтөбеде – үй саны – 2421 сарт. 99 қазақ, 11 орыс: 6950–6060. Учаске бойынша – 4485 қазақ, 9608 сарт, 3298 құрама, 22 орыс үйі бар. 47706–39909.

Піскент бөлімшесіне қарайтын – Аққорғанда – 56 қазақ, 1264 сарт, 23 орыс: 3067–2265. Бөкіде – үй саны – 185 қазақ, 1411 сарт, 100 орыс: 5412–2717. Қайыпатада – үй саны – 766 қазақ, 171 сарт, 53 орыс: 2348–1887. Қарызда – үй саны – 1073 сарт: 2170–1818. Османатада – үй саны – 1076 қазақ, 185 сарт: 2590–1926. Піскентте – үй саны – 178 қазақ, 1060 сарт, 1еврей, 4 армян, 30 орыс: 2570–7949. Майданталда – үй саны 1538 қазақ, 179 сарт: 3873–2520. Тойтөбеде – үй саны 1138 қазақ, 758 сарт, 1 армян, 15 орыс: 26106–19875. Бұл бөлімше аумағындағы Солдатское, Самарское, Павловка селоларындағы 158 орыс отбасында 514–415. Бөлімше бойынша – 4937 қазақ, 6101 сарт, 1 еврей, 5 армян, 379 орыс отбасы, 26106 еркек, 19875 әйел  болған.

Ал Ташкент уезді бойынша – үй саны – 31181 қазақ, 3298 құрама, 25151 сарт, 5 еврей, 5 армян, 1793 орыс үйі тұрған. Оларда 167 112 еркек, 140249 әйел өмір сүріпті. Сонда Сырдария облысының орталығы – Ташкент қаласының тұрғындарымен қосып есептесек, 1911 жылы Ташкент уездінде 541 650 адам тұрған. Мұның 300 мыңнан астамы қазақ болғаны даусыз. Оның үстінде орыс жазбагерлері құрама деп көрсеткен ұлт та – қазақ екені талассыз. Сонда  ол кезде бұл өңірде 300 мыңнан астам қазақтың болғаны – біз үшін ғажап сан ғой. Бірақ сол 300 мың қазақтың қазіргі ұрпақтарының жетпіс-сексен пайызы әр түрлі саяси ағымдарға байланысты һәм көрші елдің жүргізген жымысқы саясатының арқасында өз ұлттарын жоғалтып алғаны өкінішті... Мұндай өзгеріске қандастарымыздың намыссыздығы да бір себеп...

Уездегі мал сандары – 57 мың 700 жылқы, 66 мың 410 ірі қара, 1 миллион  786 мың  777 қой-ешкі, 4 мың 655 шошқа.

Аталмыш құжаттағы жазба бойынша, Әулиеата қаласында 2958 үй болған. Ол үйлерде мына ұлттар тұрған: 14 000 қазақ, 148 сарт, 4 890 орыс, 39 армян, 73 неміс, 33 поляк, 117 татар. Қалада – 10627 еркек, 8815 әйел, барлығы – 19 442 тұрғын тұрыпты.

Ал енді Әулиеата уездіндегі Шу учаскесіне жататын болыстықтардағы жан санына тоқталайық: Қарабәкір болыстығындағы 32 ауылда үй саны – 1337 қазақ, 10 сарт: 4424–2878. Көшенейдегі 10 ауылда үй саны – 1335 қазақ: 4593–3055. Таластағы 6 ауылда үй саны – 923 қазақ: 2810–2086. Ағашақтағы 11 ауылда үй саны – 1651 қазақ: 6988–3953. Мақпалдағы 9 ауылда үй саны – 1443 қазақ: 5393–3990. Құмарықтағы 10 ауылда үй саны – 1749 қазақ: 5460–3582. Арын-Шудағы 10 ауылда үй саны – 1186 қазақ: 3167–2637. Аққолтықтағы 23 ауылда үй саны – 1216 қазақ: 3857–2893. Учаскедегі Михайловское, Шаповаловское, Гродеково, Ровное атты селоларда 314 орыс отбасы болған. Учаске  бойынша тізімге – 10950 қазақ, 10 сарт, 83 орыс үйі  енген. Оларда барлығы – 36869 еркек, 25221 әйел есепке алынған.

Аса учаскесіне қараған – Аса болыстығындағы 8 ауылда үй саны – 5136 қазақ, 51 қарақырғыз: 4325–3785. Күркіреудегі 6 ауылда үй саны – 935 қазақ: 2196–1322. Билікөлдегі 6 ауылда үй саны – 1203 қазақ: 3507–2098. Тастөбедегі 6 ауылда үй саны – 933 қазақ: 2874–226. Қарабастаудағы 5 ауылда үй саны – 1049: 3234–2368. Ащыбұлақтағы 8 ауылда үй саны – 1210 қазақ: 3559–1789. Шақпақтағы 10 ауылда үй саны – 1306 қазақ: 3460–3070. Ошақтыдағы 11 ауылда үй саны – 1957 қазақ: 4737–3367. Ойықтыдағы 11 ауылда үй саны – 2008 қазақ: 7112–3683. Ботамойнақ-Алмалыдағы 12 ауылда үй саны – 1921 қазақ: 6335–4831. Учаске бойынша – 13 847 қазақ, 51 қарақырғыз, 97 татар, 116 дұнған, 587 орыс отбасы бар. Бұл отбасыларда 44 621 еркек, 31 909 әйел тұрыпты.

Бұлармен қатар, болыстықтарға кір­мейтін Головачевское, Бурно-Ивановка, Ново-Георгиевское, Теріс, Благовещенское, Казанское, Жалпақтөбе, Сайлық, Бесағаш сынды әртүрлі ұлттар тұратын селоларда – 273 орыс, 116 дұнған, 97 татар үйі болған. Бұлардағы еркектер – 1548, әйелдер – 1429.

«Тау етегі» (Горный) учаскесіне кіретін Үшқорған болыстығындағы 18 ауылда үй саны – 1485 қазақ: 3447–288. Қарабурадағы 27 ауылда үй саны – 1620 қазақ: 6128–5456. Баутеректегі 17 ауылда үй саны – 1932 қазақ: 5796–4840. Күркіреудегі 13 ауылда үй саны – 1520 қазақ: 3825–2622. Боқайырдағы 4 ауылда үй саны – 473 қазақ: 1031–809. Бестастағы 33 ауылда үй саны – 1491 қазақ, 41 неміс: 3284–2685. Кеңкөлдегі 14 ауылда үй саны – 1426 қазақ: 3040–2243. Қаракөлдегі 18 ауылда үй саны – 672 қазақ: 4560–4029.

«Тау етегі» учаскесіне кіретін – Дмитриевское, Александровское. Покровское, Грозненское, Ключевое, Жайылған, Үшқорған, Орлово, Николайполь, Владимирское, Андреевка, Романовка деген селоларындағы 743 орыс, 153 неміс, 245 сарт отбасыларында 3936 еркек, 2723 әйел тұрған. Ал бұл учаске бойынша – 11609 қазақ, 245 сарт, 194 неміс, 747 орыс үйлерінде 35047 еркек, 29 295 әйел саналған.

Әулиеата уездінің төртінші учаскесі Меркеге жататын Меркі болыстығына жататын түземдік Меркіде үй саны – 1 орыс, 2 татар, 274 сарт: 1191–728. Еуропалықтар тұратын Меркіде, Кузминкада, Каменкада, Луговоеде, Подгорноеда үй саны – 284 орыс: 1098–1092. Шалдабар болыстығындағы еуропалық 2 селода үй саны – 335 орыс: 1452–1342. Қарабалтадағы еуропалық 3 селода үй саны – 541 орыс: 2037–1916. Ащыдағы Новотроийцкоеда үй саны – 146 орыс: 402–364. Қалған 11 нөмірмен белгіленген 46 қазақ ауылдарында үй саны – 1715 қазақ: 5761–3745. Аспарадағы 11 ауылда үй саны – 1671 қазақ: 6416–3566. Қарақыстақтағы 36 ауылда үй саны 1728 қазақ: 5335–4410. Құрағатыдағы 31 елді-мекенде үй саны – 1848 қазақ: 7834–5083. Шұңқырдағы 20 ауылда үй саны 1313 қазақ: 4648–3957. Талқандағы 34 ауылда үй саны – 1219 қарақырғыз: 7518–6139. Жайлаудағы қазақ-қырғыз аралас 35 елді-мекенде 1094 үй. 3116–3609. Учаскедегі болыстықтарда – 10541 қазақ, 51 қарақырғыз, 274 сарт, 1307 орыс отбасы санаққа ілінген. Еркектер – 46 811, әйелдер – 34 947.

Ал Әулиеата уезді бойынша  – 46 906 қазақ, 51 қарақырғыз, 97 татар, 116 дұнған, 529 сарт, 194 неміс, 1721 орыс отбасы шоғырланыпты. Барлық еркектер – 163 348, әйелдер – 121 372. Әулиеата қаласын қосып есептегенде, уезде барлығы – 304 162 адам мекен еткен.

Уездегі малдар саны – 57 мың 326 жылқы, 2 мың 411 түйе, 61 мың 101 қара мал, 1 миллион 315 мың 077 қой-ешкі. 3 мың 089 шошқа, 6 мың 300 есек.

Патша өкіметі Сырдария облысының құрамындағы Шымкент уездін де Түркістан, Сырдария және Беловод учаскесі етіп, үшке бөлгенін жоғарыда айтқанбыз. ХІХ ғасырдың аяғында-ақ облыстағы ірі қалалардың бірі саналған Шымкентте 1911 жылы 3 017 үй болыпты. Онда 1 074 қазақ, 320 татар, 82 поляк, 340 еврей, 35 неміс, 19 армян, 12 717 сарт, 1 547 орыс тұрыпты. Қала тұрғындары  8 519 еркекті, 7 192 әйелді, барлығы – 15 711 адамды  құраған.

Уездегі тағы бір ірі қала – Түркістанда 2 616 үй бар екен. Сол үйлерде 332 қазақ, 62 парсы, 632 татар, 70 поляк, 11 481 сарт, 172 армян, 390 еврей, 112 неміс, 3 149 орыс мекендеген. Құжаттағы мәліметте сол жылы Түркістанда 10 657 еркек, 9 048 әйел, барлығы  19 705 жан бар деп көрсетілген.

Уездегі Түркістан учаскесіне жататын «Қала маңындағы» Қарашық пен Базар мекендеріндегі үй саны – 80 сарт: 260 еркек, 188 әйел. Созақ болыстығына қарасты Созақ елді мекенінде 554 сарт, 11 татар, 7 орыс,  Шолаққорғанда 380 үй сарт болған. Болыстық бойынша – 944 үй, 2389–2157.

Қарнақтағы ірі-ірі 8 ауылда және Сауран станциясында үй саны – 831 қазақ,  1000 сарт, 8 орыс: 4652–3711. Иқандағы 8 қышлақтар мен ауылдарда үй саны – 1182 сарт, 19 орыс: 3080–2663. Көкшеқұмдағы 8 ауылда үй саны – 1318 қазақ: 3285–2420. Ноғай-Қирадағы 10 ауылда үй саны – 1075 қазақ: 4953–4057. Шіліктегі 15 ауыл мен Отрабат пен Темір станцияларында үй саны – 1219 қазақ: 3748–3634. Қаратаудағы 12 ауылда үй саны – 1847 қазақ: 5368–3142. Қаракөлдегі 28 ауылда үй саны – 1258 қазақ: 4858–3741. Ақтөбедегі 19 ауылда үй саны – 1398 қазақ: 4625–3653. Жаңасудағы 6 ауылда үй саны 1060 қазақ: 3144–2563. Шудағы 6 елді мекенде үй саны – 1043 қазақ: 3727–3258. Құрышудағы 24 елді мекенде үй саны – 1102 қазақ: 4202–3999. Жылыбұлақтағы  17 ауылда және жайлаулы қоныстарда үй саны 1508 қазақ: 5043–4023. Шағатайдағы 28 ауылда үй саны – 1367 қазақ: 5826–5080. Хантағидағы 10 ауылда үй саны – 1417 қазақ, 30 орыс: 5828–2908. Учаске бойынша – қазақтар 15645, сарттар 4026, орыстар 57, татарлар 11 үй. Бәрін қосқанда 64 982 еркек, 50 451 әйел, ал барлығы – 115 433 адам.

Беловод учаскесіне қарайтын Қарабұлақ болыстығындағы – Қарабұлақ қышлағында 1218 сарт, Манкентте 856 сарт үйі бар екен. Екі қышлақта 1331– 1055. Түлкібас пен оның аумағында 389– 301. Болыстық бойынша 4764–1712.

Өз алдына бір болыстық болған Сайрам кентіндегі үй саны – 1688 сарт: 3663–2531. Кәленатадағы Қарамұрт, Сұлтанрабат, Жалғандық, Доңызтау қышлақтарында үй саны – 1079 сарт: 2600–1869. Майлыкент болыстығындағы 37 ауылда үй саны – 1516 қазақ; 3598–3148. Ақсудағы 32 ауылда үй саны 1015 қазақ: 3074–2014. Қошқаратадағы 64 қоныста үй саны – 1758 қазақ: 6987–4932. Машаттағы 14 ауылда үй саны – 1087 қазақ: 2904–2758.

Сарыбұлақтағы 16 ауылда үй саны – 1091 қазақ: 3658–3104. Боралдайдағы 28 ауылда үй саны – 1506 қазақ: 3957–3651.Түлкібастағы 9 ауылда үй саны – 1332 қазақ: 3234–2046. Сайрамсудағы 11 ауылда үй саны – 971 қазақ: 2601–1815. Қаратөбедегі 17 ауылда үй саны – 1113 қазақ: 2335–1540. Қазығұрттағы 19 ауылда үй саны – 1066 қазақ: 2517–2301. Бадамдағы 15 ауылда үй саны – 1050 қазақ: 2107–1990.

Учаске бойынша барлығы – 84 356 адам.

Сырдария учаскесіне қарасты Ақтастағы 10 ауылда үй саны – 1211 қазақ:   2001–1810. Арыстағы 17 ауылда үй саны – 1515 қазақ, Арыс станциясында – 43 орыс: 1711–1522. Сарыкөлдегі 8 ауылда үй саны – 999 қазақ: 1317–1177. Бөгендегі 7 ауылда үй саны – 809 қазақ: 1009– 901. Арыстандыдағы 7  ауылда үй саны – 1007 қазақ: 1405–1106. Бөріжардағы 6 ауылда үй саны – 1200 қазақ: 1347–1123. Байырқұмдағы 23 қоныста үй саны – 1300 қазақ: 1712 –1400. Бәйжігіттегі 6 ауылда үй саны – 809 қазақ: 1212–983. Сырдариядағы 21 қоныста үй саны – 1111 қазақ: 1841– 1502. Байтоғайдағы үй саны – 1000 қазақ: 1500–1102. Шаяндағы 11 ауылда үй саны – 1322 қазақ: 1602–1308.

 Учаске бойынша еркектер – 16 657, әйелдер – 13 934. Барлығы – 30 591 адам.

Уездің Веловод және Сырдария учаскелерінің жеріне орналасқан ауғынды еуропалықтардың бірнеше ондаған селолары болған. Біз дерегін беріп отырған құжатта осы селолардағы еуропалық тұрғындардың бәрін орыс деп көрсеткен. Сонымен, құжатта түскен орыс селоларының тізімі мынадай:

Антоновкада – 45, Белые-Водыда – 82, Высокоеде – 190, Ванновкада – 140, Дорофеевкада – 182, Георгиевкада – 177, Каменная балкада – 31, Корниловкада – 63, Красноводскоеде – 40, Петропавловкада – 47, Черная речкада – 65, Михайловкада – 32, Царскоеде – 21, Александровскоеда – 24, Пакровкада – 7, Троицкоеде – 39, Суплатовада – 59, Романовода – 75, Борисовкада – 13, Николаевкада – 23, Максимовкада – 8, Казанскоеде – 99, Войтовада – 106, Ново-Кузминовкада – 16, Ильинкада – 25, Алмалыда – 54, Самсоновода – 41, Васильевскоеде – 24, Вознесенскоеде – 47, Фогеловода – 21, Мамаевкада – 51, Темирлановкада – 67, Обручевкада – 43, Леонтевкада – 19, Орловкада – 21, Китаевкада – 35, Шубаровкада 37, Березовкада – 15, Скреплевкада – 13, Рудневкада – 18, Покровкада – 12, Веряховкада – 27, Троцкоеде – 18, Успеновкада – 22, Галкинода – 29, Манджурскоеде – 30, Трехсвятскоеде – 26, Ленгерде – 47 орыс отбасы тұрған. Бұларда 10 347 еркек, 10 203 әйел, барлығы 20 550 адам тұрған.

Сонда барлық болыстықтардағы қазақтарды, өзбектерді және басқа ұлттарды  орыс поселкаларындағы келімсектермен қосқанда, 1911 жылы Шымкент уездінде 326 346 адам тұрған.

Уездегі мал саны – 77 мың 105 жылқы, 5 мың 200 түйе, 57 мың 609 қара мал, 2 миллион 105 мың 404 қой-ешкі, 3 мың 300 шошқа.

Орыстар 1853 жылы Ақмешітті жаулап алғанда, оның атын Орынбор генерал-губернаторы Перовскийдің құрметіне Перовск деп өзгерткен еді. Перовск алдында қамал, кейін Сырдария ортасындағы ірі қалаға айналады. 1911 жылы уезд орталығы Перовскіде 2865 қазақ, 1988 сарт, 1861 татар, 67 неміс, 190 парсы, 190 армян, 67 еврей, 98 поляк, 3309 орыс тұрыпты. Қалада  602 үй болды. Олардағы жан саны – 6612 еркекті, 5144 әйелді, барлығы – 11 756 адамды құраған. Уезд Перовск және Жөлек болып, екі учаскеге бөлінген.

Перовск учаскесіне қарайтын Царская болыстығындағы 9 ауылда үй саны – 1622 қазақ: 4548 еркек, 4262 әйел. Кеңтүптегі 7 ауылда үй саны – 1326 қазақ: 3520–3936. Көткеншектегі 7 ауылда үй саны – 2511 қазақ: 6909 –6021. Аламесектегі 6 ауылда үй саны – 904 қазақ: 1962–2070. Шағандағы 7 ауылда үй саны – 1276 қазақ: 3193 – 2882. Қысбөгеттегі 12 ауылда үй саны – 1390 қазақ: 3650 – 3120.

Қостамдағы 7 ауылда үй саны – 1150 қазақ: 2800 – 2300. Қаракөл-Қуаңдариядағы 6 ауылда үй саны – 818 қазақ: 1848 – 1945. Айнакөлдегі 8 ауылда үй саны – 1467 қазақ: 3284 – 3277. Қараөзектегі 8 ауылда үй саны – 1088 қазақ: 2499 – 2467. Масловтағы 6 ауылда үй саны – 1021 қазақ: 2487 – 2002. Байзақтағы 7 ауылда үй саны – 1092 қазақ: 2429–2320. Аламесек базарда үй саны – 15 қазақ, 5 татар, 20 сарт: 90 – 62.

Ылғи қазақтар тұратын осы болыстықтармен қатар, учаскеде Александровское және Ново-Астраханское деген екі орыс селосы болған. Екеуіндегі үй саны – 42: 85–109.

Учаске бойынша 15 747 қазақ, 42 орыс, 20 сарт, 5 татар отбасы болған. Барлық еркектер мен әйелдердің саны – 34422–30710. Жалпы халық – 65 132.

Жөлек учаскесіндегі Скобелев болыстығында Скобелев орыс селосында қазақ, орыс, парсы ұлттары аралас тұрып, 97 үйді құраған. Оның қасындағы Жөлек ауылында 70 үй қазақ тұрған. Бұлардағы тұрғындардың бәрін қосып есептегенде – 209 еркек, 187 әйел бар екен. Осы болыстықтағы қалған 9 қазақ ауылында – 1452 үй, 4586 еркек, 3816 әйел. Тілеу болыстығындағы 4 ауылда және қыстауларда үй саны – 700 қазақ, 3 орыс: 2170–1670. Головачевтағы 8 ауылда үй саны – 1635 қазақ: 4691–4009. Саурандағы 15 ауылда үй саны – 1961 қазақ: 5208–4507. Приречнаядағы 23 ауылда үй саны – 1742 қазақ: 4940–4216. Жөлектегі 34 ауылда үй саны – 1624 қазақ: 4385–3604. Жаңақорғандағы 26 ауылда үй саны – 1076 қазақ: 3815–2518. Гродековтағы 11 ауылда үй саны 1571 қазақ: 3380–3500.

Учаске бойынша – 11 923 үй (36 780 еркек, 31 935 әйел). Ал Перовск уезді бойынша – 27 670 үй (71 292 еркек, 62 645 әйел). Құжатқа барлығы – 113 937 адам тіркелген.

Уездегі мал саны – 27 мың 215 жылқы, 6 мың 100 түйе, 16 мың 700 қара мал, 409 мың 809 қой-ешкі, 1 мың 101 шошқа.

Қазалы уездінің орталығы Қазалы қаласында 3774 қазақ, 1809 татар, 3650 сарт, 7 грузин, 17 парсы, 48 армян, 35 поляк, 266 еврей, 53 неміс, 3954 орыс болыпты. Қаладағы 709 үйде 8493 еркек, 7386 әйел, барлығы – 15 879 адам тұрған.

Уезд – Қазалы және Қармақшы болып, екі учаскеден тұрған. Қазалы учаскесіне жататын Ақтоғай болыстығындағы тек қазақтар тұратын 28 ауылда үй саны 1744-ке жетіп, онда 8941 еркек, 6027 әйел есептелген. Ақтөбедегі 45 елді мекенде үй саны – 2038 қазақ: 10268–8434. Ақшатаудағы 34 ауылда үй саны – 2064 қазақ: 4050–3365. Қостамдағы 45 елді мекенде үй саны – 2044 қазақ: 6650–6138. Сарытоғайдағы 21 ауылда үй саны – 1521 қазақ: 5416–5372. Қаракөлдегі 46 қоныста үй саны – 2236 қазақ: 7987–7730. Райымдағы 19 елді мекенде үй саны – 967 қазақ: 4183–3619. Шебендідегі 46 елді мекенде үй саны – 2407 қазақ: 7612–7182. Қалымбастағы 24 ауылда үй саны – 1705 қазақ: 4869–4165. Мақпалдағы 19 ауылда үй саны – 1251 қазақ: 3802–3729.

Қазалы учаскесіндегі  17 977 қазақ отбасында (63 778 еркек, 55 761 әйел) барлығы – 119 539 адам болған.

Қармақшы учаскесіне қарасты Қармақшы болыстығындағы 12 ауылда үй саны – 2280 қазақ: 5662–5009.Жамансырдағы 10 ауылда үй саны – 1696 қазақ: 4011–3900. Қуаңдариядағы 11ауылда үй саны – 2276 қазақ: 5404–5262. Аққырдағы 9 ауылда үй саны – 1765 қазақ: 3714–3541. Көшербайдағы 6 ауылда үй саны – 1674 қазақ: 4667–4326. Қорғыншыдағы 5 ауылда үй саны – 1000 қазақ: 2876–2555. Қарабастоғайдағы 6 ауылда үй саны – 1515 қазақ: 4650–4102. Заңғардағы 7 ауылда үй саны – 1804 қазақ: 5041–4368.

Учаске бойынша 14018 қазақ отбасында (36 012 еркек, 33 069 әйел) барлығы – 69 081 адам тұрған. Ал жалпы уезд бойынша санаққа түскен 31995 отбасында (99 780 еркек, 88 824 әйел)  барлығы – 188 604 тұрғын болған.

Уездегі мал саны – 32 мың 512 жылқы, 9 мың 600 түйе, 6 мың 521 қара мал, 517 мың 207 қой-ешкі, 700 шошқа.

Аталмыш уездерден басқа Сырдария облысының құрамына Амудария өзенінің аяқ жағы мен Қарақалпақстан жерін қамтыған, орталығы Порт-Александровск болған Амудария бөлімшесі кірген. Бұл бөлімшедегі 19 болыстықта 8528 қазақ, 132 тәжік, 1976 түркімен, 147 араб, 100 парсы, 17033 қарақалпақ, 7517 өзбек, 163 орыс, барлығы – 35 596  отбасы (102 490 еркек, 96 733 әйел) тұрған. Жалпы халық саны – 199 223.

Нәтижесінде, 1911 жылы Сырдария облысында 1 миллион 693 мың 922 адам, 6 миллиондай бас мал болған.

Ал осы жылы Жетісу облысында 891 мың 611 адам, 1 миллион 957 мың бас мал тіркелген.

Иә, осы айтылған деректердің барлығы құрғақ сандар болғанымен, тарихтың бір парағы ғой. Бұлардың да тарихқа қызығатын біреулер үшін бір керегі болар...

1153 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз