• Заманхат
  • 02 Мамыр, 2020

ЕҢБЕГІ ЕРЕН ЕРҒАЗЫ

Азамат ОМАРОВ, журналист

Қазақ баласы – ұлы даланың қасиетті бұлағынан сусындап өскен ұлағатты, кең ұрпақ. Бабаларымыздың сонау ежелден ұлағаттап келген тәлім-тәрбиесі, мәнді өмірі, тарихы осы күнге дейін қадір-қасиетке зор мәнімен ие болған құнды қазына. Адам баласы үшін тәлім-тәрбие дегеніміз бірінші мезетте,  құлшыныспен еңбек ету. Ал, еңбектің ақ жолымен жүру, имандылық пен сабырлықты талап етеді. Еңбекке имандылықтың керегі неге десеңіз, адамның бастапқы өмірі имандылықтан басталады.  «Имансызда – сабыр жоқ» деген қанатты сөз бар ғой. Осы орайда, киелі рухани байлық пен дүниенің байлығы туындап, жалпы айтқанда, «байлық» деген бір мағыналы қасиетке де иемдене тырмысуымыздың керектігі жөн. Сонымен қатар, осы қасиеттерге тән, жақсы мінез бен жомарттылықты бойымызға сіңіру керектігін, ата-бабаларымыз өскін ұрпаққа «тәрбиелік мағынасы бар дүниелерге ден қойыңдар» деп, сара мен дара жолды нұсқап көрсетіп кеткен. Сондай-ақ, осындай қасиетке жетудің амалы, үлкен еңбек пен әділ ынсаптың керектігін талап ететіні шындық. Қазіргі таңда, осындай киелі қасиеттерге жету мыңнан біреуіне тиесілі екені рас. Дегенмен, еңбек жолынан таймай, өзінің жігер күшін қайраттап, иманына берік болып, сабырлыққа бойын тіккен пенде, әлбетте, мақсатына жетеді. Сондықтан, әр істің маманы өзінің жолындағы арман-мұратына мүлтіксіз табандылығымен жетсе, сонда ғана жан мен һәм көңілінің рухани рахатына бөленеді.

Бүгінгі мақаламыз адал еңбек жолында талаптанып, имандылықты жадынан тастамайтын, жаны жақсы адам, Жамбыл облысының Шу қаласындағы «Достық К» ҚК ЖШС-нің директоры Ерғазы Құсайынов төңірегінде өрбімекші.

– Ерғазы Расылханұлы, алдымен, ту­ған өлкеңізден бастап, балалық шағыңызды және де өзіңіз туралы айтып өтсеңіз?

Әрине, мен 1968 жылы қазан айының 5 жұлдызы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Кіші Қамқалы деген ауылында дүниеге келдім. Әкем Құсайынов Расылхан сонау жиырмасыншы ғасырдың басындағы Кеңес одағының ауыртпалық кезеңінде, яғни,  1920 жылы дүниеге келген екен. Анам Шәйкен Құсайынова 1921 жылы дүние есігін ашқан батыр ана. Ол құрсағынан он бала көтеріп, мен отбасы қара шаңырақтың кенжесі болып өстім. Негізі, біздің әулет киелі Хан Кененің бас батыры болған, атақты Шұбыртпалы Ағыбай батырдың тікілей ұрпағы боламыз. Батыр атамыздың әулеті деп, аталарымыз Кеңес одағының шолақ атқа мінген билігінің қыспағына көп ұшырағаны бар. Расылхан әкем, Сарыарқаның жеріндегі Тайатқан-Шұнақ атаулы киелі ата-бабамыздың өлкесінен, өткен ғасырдағы аштықтың 1930-31 жылдары жер аударып, Қырғызстанға өтіп кетіп, балалар үйінде тәрбиеленіп өсіп, ауыр кезеңдерді бастан кешкен арқалы азамат. Уақыт өте әкем, Ұлы Отан соғысы уақытындағы ауыр кезеңде мал шаруашылығына үлесін қосып, бірінші еңбек жолын мал бағудан бастаған екен. Әкеміз бен анамыз туралы айтсам, елге сыйлы, барған жердің берекесі, ел арасында ұйытқы болып ерекше құрметке иеленген жандар еді. Расылхан әкем, кейін темір жол саласында еңбек етіп, одан соң Мойынқұм Қаракөл кеңшарының орталық қоймасының меңгерушісі болып қызметін атқарды. Анашым да сол қоймада әкемнің көмекшісі болып жұмыс істеді. Уақыт өте екеуі де осы қызметтен зейнетке шықты. Ата-анамның маған деген мәпелеп берген тәлім-тәрбиесі, мен үшін өмірлік жолда қайталанбас мәңгілік мұра.

1975 жылы осы кіші Қамқалы ауы-лының Кәрім Мыңбаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, бесінші сыныпқа дейін сол мектепте оқыдым. Одан кейін Шу ауданының Бірлік деген ауылында мектеп оқуын жалғастырып 8-ші сыныпты осы мекенде бітірдім. 1983 жылы Алматы қаласына оқуға аттанып, Алматы қаласының Энерго құрылыс техникумына оқуға түсіп, Атомдық және гидроэлектростанцияларының өнеркәсіптік азаматтық құрылысы деген мамандықты тәмәмдап, оны 1987 жылы ойдағыдай бітірдім. Сол жылы әскер қатарына шақырылып, Кеңес одағымен шекаралас жатқан Қытай, одан кейін АҚШ шекарасындағы Камчатка түбегінде шекарашы болып әскери борышымды өтеп, 1989 жылы елге оралдым. Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін Қордай ауданындағы Сарыбұлақ кеңшарында бетоншы болып жұмысқа кірістім.

Еңбек жолын Қордай өңірінен бастаған екенсіз ғой.

Иә, одан кейін, 1990-91 жылдар жаңа типті кооперативтер ашылып жатқан кезеңдер еді, сол уақытта мен де құрылыс кооперативін ашып, құрылыс саласында жұмыс атқаруды бастадым. Сол жылдары Алматы Еуразиялық нарық институты жоғарғы оқуына түсіп, банк ісін ұйымдастыру деген мамандықты тәмәмдадым. Бірақ банк саласының мамандығын тәмәмдағанымен, өмір заңының өзіндік жолы бар демекші, осы күнге дейін құрылыс саласында елге қызметімді атқарудамын. Бішкек-Алматы аралығындағы жол жасалғанда, сол жұмысқа белсене қатысып кірістім, Алматы қаласында бірнеше нысандарға да атсалысып күрделі жұмыстар атқаруыма тура келді. Одан, уақыт өте 2008 жылдың Желтоқсан айынан бастап Шу қаласына келіп, мектеп салып, сол кезден-ақ Шу қаласында қалдым десем де болады. Қазіргі таңда құрылыс компаниямызбен осы өңірдегі құрылыс нысандаына бетон даярлап берудеміз, жби береміз (темір бетонды бұйымдар), тағы да одан басқа өзен бойынан құм шығарудамыз, аталған құрылыс нысандарының жұмыстарына. Құрылыс саласында үлкен нысандарға атсалыстық, оның ішінде, атап өтсем, Жамбыл облысы Шу ауданындағы «Создание специальной экономической зоны «Химический парк Тараз» деген үлкен жобаға қатыстық. Шу қаласында екі мектеп салдық, одан кейін Төле би ауданындағы мектептің құрылысына қатысып, біздің материалдан бетон алды. Қазір Шу қаласында Мәдениет сарайы, емхана, спорт кешені салынып жатыр, соларға атсалысып жатырмыз. Сонымен қатар, Мойынқұм ауданына шейін көпірлерге бетон апардық. Тараз-Алматы жолындағы күрделі жоба жұмыстарына да қатыстық. Қазір, енді, үлкен жобаның бірі Мерке-Шу-Бұрылбайтал бойындағы жол салынуда. Соның бірі көпірлердің айрықтарын бізге жұмыс жасау үшін нысандар беріліп жатыр.

Бетон құю деген, жалпы, құрылыс саласының мамандарының айтуы бойынша үлкен еңбек. Сондай-ақ, осы бетон құрамын, сапасын тексеріп жүретін мамандар сіздерге келе ме? Сонымен қатар, құрылыс компанияңызда қанша адам жұмыс атқарады?

Әлбетте, құрылыс талабының ең бастысы бетон болғандықтан, міндетті түрде қандай нысанға барса да, лабораториядан өтіп, сапасы тексеріліп, одан әрі температурасына дейін сараптама жасалып тұрады. Әр жұмыстың өзінің талабы бар. Біздің жұмыстың да талаптары мен тексеріс қорытындылары жеткілікті. Жалпы айтқанда, әр адам, басшы болсын, құрылысшы болсын, өзінің жұмысына тиянақтылық пен жауапкершілігін, міндетін дұрыс атқарса, сонда ғана жұмыс өзінің кәсіби бабында болады. Ал, компаниядағы жұмысшылар туралы айтсам, 45 адам жұмыс орнымен қамтылған.

– Отбасыңыз жайында айтып берсеңіз?

Екі қыз бен бір ұлым және де үш немерем бар.

– Ерғазы Расылханұлы, ендігі алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Жоспар ма, жоспар қасиетті атамекеніміз, туған жерімізді көркейтіп,  Елбасымыз алға міндет етіп қойған әлемдегі озық мемлекеттер қатарына қосылуға бүкіл  ел-жұртын бірге еселі еңбек ету.

Президентіміз де өзінің елге Жолдауында соны алға қойған жоқ па? Бұл біздің ұжымның алға қойған мақсат-мұраты, жоспары.

 

560 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз