• Келелі кеңес
  • 02 Мамыр, 2020

ҒҰЛАМАНЫҢ РУХАНИЯТ ЖАЙЛЫ ТРАКТАТЫ

 2020 жылдың 29-қаңтарында ЮНЕСКО-ның қолдауымен ежелгі Отырардың  (Фарабтың) ұлы перзенті Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы республикамызда үлкен салтанатпен басталды. Отырар арабтар жаулап алғаннан кейін Фараб атанып, ортағасырлық араб-мұсылман өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан «әл-Фараби» («Фарабтық») ныспылы көптеген ғалымдарды өмірге әкелген киелі топырақ. Менің тарихи-деректанулық зерттеулерім Отырардан шыққан отыздан (30) астам әл-Фарабилердің болғанын анықтап отыр. Солардың  ішіндегі бірегейі, ғылымның барлық саласына қалам тербеген энциклопедист ғалым,  қазақ жерінің  бірегей тұлғасы   Әбу Насыр әл-Фараби (870-950).

Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына дайындық жұмыстары өткен 2019 жылы  қолға алынды. Арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, ғалымның әлем мұрағаттарында сақталған жазба мұраларын іздестіру, қолжазбаларын жинау, оқу, зерттеу бойынша  ғалымдарымыз  кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Әбу Насыр әл-Фарабидің бұған дейін отандық ғылымда аты аталмай келген бір жазба мұрасы – «әл-Мауиза» («Уағыз») атты трактатының қолжазбасы Каир қаласындағы «Араб қолжазбалары институты» дерекқорында 382 инвентарлық нөмірмен сақтаулы екендігін анықтадық.

66 беттік (33 парақ) микрофильмдік нұсқада «әл-Мауизадан» өзге тағы  бір трактат барлығы,  ал  одан  «мин әл-уасайа Әби-л Хасан әл-Амари» (Әбу-л Хасан әл-Амари өсиеттерінен) деген жолдарды  оқуға болады.

 Ніл өзенінің шығыс жағалауындағы үш қабатты «Араб қолжазбалары институты» араб әлеміндегі көп жазба мұралар сақталған маңызды мекеме. Ол араб тілді  еңбектерді жинау, сақтау, қалпына келтіру мақсатымен 1946 жылы іргетасы қаланған. Араб елдері Лигасы (АЕЛ) Бас хатшылығының Мәдениет департаменті жанынан Каир қаласында ең әуелі «Қолжазбаларды жандандыру институты» (“Institute for the Revival of Manuscripts”) деген атпен ашылған институт 1955 жылы Мәдениет департаментінен бөлініп, «Араб қолжазбалары институты )The Institute of Arabic Manuscripts) ретінде жұмыс істеп келеді.

 Әбу Насыр әл-Фарабидің аталмыш  қолжазбасы  арабтың  хаттаттық өнерінің өте әдемі насх жазуы түрімен жазылған. Кіріспесінде еңбектің көлемі 13×18 см., қатар саны 14-15, қолжазбаны көшірген адамның аты-жөні Шамс ад-Дин ал-Құдси, көшірілген уақыты – һижри жыл санауы бойынша 879 жыл (милади 1501),  Ахмед ІІІ кітапханасы (әл-Мактабату Ахмад ас-салис), қолжазба нөмірі 3195/3 екені жайлы дерек келтірілген.

Дәл осындай тағы бір мекеме, яғни Осман империясын 1703-1730 жылдары билеген сұлтан Ахмед ІІІ (1673-1736) атындағы кітапхана Түркия Республикасы Стамбул қаласындағы Топкапы сарайында. Топкапы – ХІХ ғасырдың ортасына дейін Империяның бас сарайы саналған. Кітапхана 1719 жылы дін ілімі, мұсылман заңы (фиқһ) бойынша түрік, парсы және араб тілдеріндегі кітаптарды сақтау мақсатымен  салынған.

Қолжазбада Ахмед ІІІ кітапханасының аталуы трактаттың бір нұсқасының Топкапы мұрағатында сақтаулы екенін білдіреді.

Әбу Насыр әл-Фарабидің  аталмыш еңбегінің Сұлтан Ахмед ІІІ  есімімен байланыстырылатын тағы бір маңызды тұс – трактаттың соңғы бетіндегі мөр. Билеушінің аты мен дәрежесі жазылған мөр – тұғра Осман империясы билігі кезінде кеңінен қолданылған. Әр билеушінің жеке мөрі – тұғрасы болған. Сол кездегі барлық мемлекеттік құжаттар осы тұғра мөрімен бекітілетін. Тұғрада билеуші сұлтан мен әкесінің лауазымы оюлы араб әріптерімен безендіріле тоқылып, барлық сөз ерекше хаттаттық үлгіде үндестік тапқан.

«Әл-Мауизаның» қолжазба нұс­қасының әйгілі Осман империясының мемлекеттік мөрімен бекітіліп сақталуы сол кездегі Ахмед ІІІ кітапханасының жазба мұраға деген ерекше ықыласын аңғартады.

Трактат  басмаламен (Бисмиллаһи-р рахмани-р рахим) басталып  «Қала әл-Муалим ас-сани Әбу Наср әл-Фараби ради Аллаһу анһу фи-л «Мауизати...» (Екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби (р.а.) «Әл-Мауизада» былай деді) деген сөйлемнен кейін шығарманың негізгі мәтініне ойысқан.

Екі автордың шығармасы енген микрофильмдік көшірмеде Әбу Насыр әл-Фарабидің трактаты «...таммат уасайа аш-шейх Әби Наср уа алхамдулилла» (шейх Әбу Насырдың өсиеттері аяқталды, Аллаға мадақ) деп аяқталып, келесі автордың еңбегінің мәтіні жалғасады. Трактаттың соңғы беттері көмескі тартып, көрінбеуге айналған.

Жинақтың соңы «тамма ал-китаб би ауни Аллаһ Тағала уа хусна тауфиқиһи» (кітап Алла Тағаланың көмегі және тауфиқ етуімен тамам болды) деліне келе, әрі қарай хамдала (Алланы мадақтау), саллалаламен (пайғамбарымызға салауатпен) жалғасқан.

Соңғы қатардан  «фи хамис ашара мин рамадан әл-му‘зам...» (Ұлық Рамазан айының он бесінші жұлдызында) деген сөйлемді оқыдық.

 Әбу Насыр әл-Фарабидің бұл белгісіз қолжазбасына зерттеу жүргізе келе, аталмыш трактаттың ғылымда әртүрлі («Әл-Мауизадан» басқа) атпен танылып, Отырар перзентінің жазба мұрасы ретінде жарияланып жүргенін байқадық.

Трактат мәтіні ғылым тарихында алғаш рет «әл-хикмату-л халида» («Мәңгілік даналық», парсыша «Жауидан (жаудан) хард» (атты жинақтың мазмұнында берілген. Кітаптың авторы парсы тарихшысы, философ Ахмед ибн Мұхаммад ибн Йақуб Маскуиһ (320-421 һижри, 929-1030 милади). Парсы, араб, үнді, грек және мұсылман ойшылдарының кейбір еңбектері  ұшырасатын бұл туындыда әл-Фарабидің біз сөз етіп отырған шығармасы «Калам Әби Наср әл-Фараби фи Уасайа...». «Әбу Насыр әл-Фарабидің «Уасайасы» («Өсиет» сөзі) деп аталған.

«Жауидан (жаудан) хард» немесе «әл-хикмату-л халиданың»  толық нұсқасы 1952 жылы Каирде шыққан. Баспаға әзірлеген мысырлық философ, ғалым Абд ар-Рахман Бадауи (1917-2002).

Абд ар-Рахман Бадауи жинақты құ­рас­­тыруда трактаттың әлем мұра­ғат­тарындағы бірнеше нұсқаларын пайдаланған.

  1. Париж нұсқасы (әл-Мактабату-л аһлиа, № 3957. Хатқа түскен мерзімі шамамен – һижри ҮІІІ /милади ХІV);
  2. Ватикан нұсқасы ( Ватикан араби, № 408);
  3. Мысыр нұсқасы (Дар әл-кутуб әл-Мисриа, № 4419. Һижри 692/милади 1203);
  4. Мысыр нұсқасы (Дар әл-кутуб әл-Мисриа, № 672);
  5. Мысыр нұсқасы (Дар әл-кутуб әл-Мисриа, № 1966);
  6. Стамбул нұсқасы (№ 6171);
  7. Лейден нұсқасы (Лейден кітап­ханасы, № 381).

Ахмед ибн Маскуиһтің «әл-хикмату-л халидасының» қолжазбаларын Әбу Насыр әл-Фарабидің «Калам Әби Наср әл-Фараби фи Уасайа...» (немесе қолымыздағы атауы бойынша «әл-Мауиза») трактатының да жазба нұсқалары деп танимыз.

Отырар ойшылының біз зерттеп отырған трактатының аты кемеңгердің 160 еңбегінің тізімін берген түрік ғалымы Ахмед Атештің (Аһmеd Атеş) (1917-1966) еңбегінде де кездеседі («Fârâbî‟nin Eserlerinin Bibliyografyası», Анкара, Belleten, C. XV, S. 57, 1951). Ахмед Атеш трактаттың атын «159. Vasаya. Yazma: Ayasofya 4855 (varak 62b-63a)» деп жазған.

Ғалымның жазба мұрасын зерттеген белгілі араб фарабитанушысы Мұхсин Маһди (1924-2007) әл-Фараби шығармаларынан тұратын «Китабу-л милла уа нусус ухра» (Дін кітабы және өзге де мәтіндер, Бейрут, 1991) атты өзі жарыққа шығарған кітапта Түркияның Анкара қаласындағы Айя София кітапханасында ойшылдың бірқатар жазба мұралары сақтаулы екенін жоғарыдағы ғалым Ахмед Атештің жазбасы («Fârâbî‟nin Eserlerinin Bibliyografyası», Анкара, 1951) арқылы таныс болғанын кейін (1961), аталған қолжазбалармен өзі тікелей жұмыс жасағанын айта келе, онда «Калам Әби Наср әл-Фараби фи Уасайа...» (№4855) деп басталатын небәрі 4-5 беттен тұратын бір еңбегі бар екенін және ол «Әрбір адам баласы өз-өзіне оралып, жеке басының және өзгелердің ахуалын түсінген кезде...» деп басталып, «...және сол аралық ішінде ізгілікке ие болуы керек болған бар уақытын алдамшы нәрседен (нәпсісін) кері қайтарумен әуре болып жүргенде өткізіп алады. Сөйтіп ізгілікті қолдан шығарып алады»  деп аяқталатынын жазады. Ғалым Мұхсин Маһди бұл трактаттың «Рисала фи-с сиасати» («Саясат жайлы трактат») деген атпен ғылымға Луис Шейхо танытқан Әбу Насыр әл-Фарабидің «Жауами-у сиаса» (Саясат) еңбегі екенін тағы айтады!

Ахмед Атеш еңбегінде айтылған бұл жазба нұсқа біздің қолымыздағы «әл-Мауизадан» үзінді.

Отырар перзентінің «Жауами-у сиаса» атты трактаты бар екені туралы кейбір ортағасырлық жылнамашы-тарихшылар жазған. Катиб Челеби атымен танымал османлы тарихшысы Мұстафа Абдуллаһ Хаджи Халифа (Katip Çelebi) (1609-1657) өзінің атақты «Кашф аз-зунун» еңбегінде әл-Фарабидің шығармаларының қатарында «Китаб жауами ас-сиаса»  трактатын да атап өткен (Хаджи Халифа. Кашф аз-зунун. Каир, 1957. 6-том, 39-бет). Дегенмен, Катиб Челеби жеткізген «Жауами ас-сиасаның» мәтіні қолымызда болмағандықтан, оның дәл осы трактат екенін дөп басып айту қиын.

 Ал «Калам Әби Наср әл-Фараби фи Уасайа...» – «Әл-Мауиза» трактатының ғылымдағы бір аты деп түйіндейміз.

Әбу Насыр әл-Фарабидің  аталмыш  трактатының Шығыс кітапханасы (әл-мактабату аш-шарқиа, Бейрут, Ливан) және Ватикан апостол кітапханасы (Biblioteca Apostolica Vaticana, Ватикан) нұсқалары да барлығын айту керек.

1897 жылы шығыстанушы, теолог ғалым Луис Шейхо (Luis Cheikho) (1859-1927) Парижде өткен Халықаралық шығыстанушылар конгресінде «Араб тіліндегі көне қолжазба нұсқалар» атты баяндама жасап, Әбу Насыр әл-Фарабидің бірқатар еңбегінің қолжазбасы Бейруттегі «Шығыс кітапханасында» сақтаулы екенін айтқан. Ол «...арабша насх хатымен көшірілген ескі жинақ... мұнда бірнеше трактат берілген. Қолжазба ХІV (милади) ғасырдың (һижри ҮІІІ) соңғы жылдарында хатқа түскен деп болжауға болады... әл-Фарабидің сүннет пен шариғат жайлы жазған еңбектерінен үзінділер... сондай-ақ, фалсафа, шариғат, саясат тақырыбында жазылған авторы белгісіз 6 беттен тұратын трактат және бар. Ол әл-Фарабидікі болуы да мүмкін» депті (L.Cheikho. Notice sur un ancient manuscript arabe. Actes du Onzieme Congres International des Orientalistes, Paris 1897).

Луис Шейхо атап кеткен қолжазбаларды зерттей келе, алдымен  «Машриқ» журналында (Бейрут, 1901), кейін «Мақала фалсафиа қадима ли ба‘ди машаһир фаласиф әл-араб муслимин уа насара» (Кейбір мәшһүр араб философтарының      (мұсылмандар мен христиандар) көне философиялық шығармалары (1908, 1911, Бейрут) атты еңбек жарыққа шығарып, кіріспесінде: «...Бейрут қаласындағы «Шығыс кітапханасы» қорында Әбу Насыр әл-Фарабидің бірқатар трактаттары бар екенін, осыған дейін айтқан едік... Солардың ішінде ғалымның небәрі 13 беттен аспайтын саясат жайында жазылған  тағы бір трактаты сақтаулы. Хатқа түскен мерзімі һижри жыл санауының VІІІ ғасыры (милади ХІV). Бұл трактаттың тағы бір нұсқасы Ватикан апостол кітапханасынан табылды. Екі қолжазбаны салыстырып, трактаттың әл-Фарабидікі екеніне көз жеткіздік. Әбу Насыр әл-Фарабидің «Рисала фи-с сиасати» («Саясат» (туралы) трактаты) атты мұндай еңбегі ғалымның библиографиялық көрсеткіштерінде кездеспейді. Әйтсе де, ойшылдың ғылымға белгілі «ас-Сиасату-л маданиа» («Азаматтық саясат») атты еңбегі барлығын білеміз. Қолымыздағы трактат «Азаматтық саясатпен» тақырыбы ұқсас болғанымен, мазмұны басқа, дербес ғылыми шығарма. Ғалымның «Рисала фи-с сиаса» трактатын аталған екі нұсқа негізінде жариялап отырмыз» депті ол (L.Cheikho.  Traites Inedits D’anciens philosophes arabes musulmans et chretiens. Beyrouth Imprimerie Catholique, 19116 p.18). Еңбек  кейін 1985 жылы Каирде үшінші рет басылған.

Луис Шейхо бұл кітапта жоғарыда айтқан  «Калам Әби Наср әл-Фараби фи Уасайа...» (кітапта: Ахмед ибн Маскуиһ «әл-хикмату-л халида», Бейрут, 1911) мен оның қолжазба нұсқалары туралы сөз етпеген.

Луис Шейхо тарапынан екі – Шығыс кітапханасы (Бейрут, Ливан) және Ватикан апостол кітапханасы (Biblioteca Apostolica Vaticana, Ватикан) нұсқалары негізінде ғылыми айналымға енген «Рисала Аби Наср әл-Фараби фи-с сиасати» («Әбу Насыр әл-Фарабидің «Саясат» (жайлы) трактаты) – «әл-Мауизаның» екінші аты.

Қазақ даласының ұлы тұлғасының «Уасайа...» немесе «Рисала фи-с сиасати», немесе «әл-Мауизасының» ғылымға белгілі келесі бір аты – «Рисала фи-с сиасати аш-шар‘иати  ли Әби Наср әл-Фараби» – Әбу Насыр әл-Фарабидің «Шариғат саясаты» («Шариғи саясат») трактаты. Трактат «Ас-сиаса аш-шар‘иа. Мажму‘а расаил» («Шариғат саясаты. Трактаттар жинағы») атты кітапқа енген («Дар әл-кутуб әл-илмиа» баспасы, Ливан, 2003).

Оны  баспаға әзірлегендер –Мұхаммед Хасан Исмаил аш-Шафиғи мен Ахмад Фарид әл-Мазиди. Құрастырушылар трактатты баспаға Луис Шейхо еңбегі негізінде дайындағандықтарын ескерткен.

«Рисала фи-с сиасати аш-шар‘иати ли Әби Наср әл-Фараби» (Әбу Насыр әл-Фарабидің «Шариғат саясаты» («Шариғи саясат») трактаты – «Әл-Мауизаның»  үшінші аты дейміз.

Түркияның Измир қаласындағы Докуз Ейлул (тоғызыншы қыркүйек) университетінің профессоры (Dokuz Eylül Üniversitesi İlahiyat Fakültesi) Фатих Токташ (Fatih Toktaş) «Farabi ve Risale fi‘-s Syase» – «Фараби және саясат» (2009) «Risale fi‘-s Syase‘nin tahkiki» – «Саясат жайлы трактатты зертеу» (2011) атты екі мақала жариялаған.

Фатих Токташ ғылыми зерттеулерінде қолымыздағы «әл-Мауиза» трактатының қолжазба нұсқалары («Рисала фи-с сиасати аш-шариати...» және «әл-Мауизадан» басқасын) туралы мәлімет беріп, Топкапы Ахмед ІІІ (Topkapı Sarayı Müzesi Kütüphanesi Ahmed III) кітапханасында Әбу Насыр әл-Фарабидің тіркеу № 3185/4 бір жазба нұсқаның бар екенін және ол «Risale fi‘-s Syase» («Саясат» (жайлы) трактат) екенін айтқан.

Ол «Mecmu‘atü’r-resail» (Трактаттар жинағы) деген атпен сақталған жинақта төрт трактат бар екенін, нұсқаның көшірілген (насх) мерзімі – һижри 884/, милади 1479, көлемі 170×120 мл., әр беттегі қатар саны 11, «Risale fi‘-s Syase» мәтіні жинақтың 240-263 беттеріне енген және жинақтағы төртінші трактат екенін жазған.

Қолымыздағы Әбу Насыр әл-Фарабидің «әл-Мауизасының» қолжазбасы да Ахмед ІІІ-нің Топкапы кітапханасында дедік.  Көлемі 13×18 см., қатар саны 14-15, орналасқан беттері 167 мен 198, көшірген Шамс ад-Дин ал-Құдси, көшірілген уақыты – һижри жыл санауы бойынша 879 жыл (милади 1501),  тіркеу нөмірі 3195/3.

Бір кітапханадағы «Risale fi‘-s Syase» мен «әл-Мауиза» жайында берілген мәліметтер әртүрлі (хатқа түскен мерзімі, жинақ көлемі, бет саны, тіркеу нөмірі). Соған қарағанда, әйгілі Ахмед ІІІ кітапханасында Әбу Насыр әл-Фарабидің трактаты «Risale fi‘-s Syase» – «Саясат (жайлы) трактат» және  «әл-Мауиза» («Уағыз») деген екі түрлі атпен сақтаулы.

Отырарда  дүниеге келгенімен, ғылым, білім іздеп, бар ғұмырын араб елдерінде өткізген үлкен ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің «әл-Мауиза» Рисала фи-с сиасати» немесе «Рисала фи-с сиасати аш-шариати» немесе  «Калам Әби Наср әл-Фараби фи Уасайа...» және Катиб Челеби жеткізген «Китаб жауамиу ас-сиаса») атты трактаты терең зерттеуді қажет етеді. Ең маңыздысы, шығармадағы автордың өзі қойған нақты атауын анықтап, қолжазбалары салыстырып, өзге де нұсқаларын әлі де іздестіріп, еңбекті қазақ тіліне толық аударып, ғылыми айналымға енгізу – алдағы үлкен міндет.

 

«Әл-Мауиза» трактатынан үзінді

(Трактат мәтіні ЕАР «Араб қолжазбалар институты» қорында сақталған микрофильмдік қолжазба, трактат туралы алғашқы дереккөз – «Әл-хикмату-л халида» («Мәңгілік даналық»), сондай-ақ, ғалым Луис Шейхо жариялаған нұсқа «Рисала Аби Наср әл-Фараби фи-с сиасати» мәтіндері негізінде алғаш рет аударылып беріліп отыр).

«Әрбір адам баласы өз-өзіне келіп, жеке басының және өзгелердің ахуалын түсінген кезде өзінің белгілі бір адамдар тобымен ортақ дәрежеде екенін, енді бір топтың лауазым жағынан өзінен жоғары тұратынын, келесі бір топ адамдарының өзінен төмен тұратынын көре алады. Сол себепті ұлық патша өз заманында өзінен лауазымы артқан ешбір жанды көрмесе де, өз хәліне үңілгенде, адамдар ішінен ізгілік жағынан өзінен әлдеқайда үстем біреуді кезіктіреді. Өйткені, әлемде барлық жағынан кемел ешбір нәрсе жоқ. Сондай-ақ, төменгі топтан шыққан белгісіз бір адам да өзінен де төмен тұрған біреуді көре алады.

Адам баласы осы үш тапқа да саясат ілімін қолдану арқылы табысқа жетеді: саясатты жоғарғы тапқа қарата қолданса, олардың дәрежесіне көтеріледі, өзімен тең дәрежеде тұрған адамдар табына қолданатын болса, олардан үстем тұрады. Төменгі тапқа қатысты қолданған кезде ол таптың дәрежесіне түсіп кетуден аулақ болады.

Адам баласы саясат және өзге де ілім түрлеріне қол жеткізуде қолданатын ең тиімді әдіс – адамдардың ахуалы, олардың жұмыстары, айналыстатын істері жайында өзі көрген және көзінен таса қылған, естіген, хабардар болған жайттарды ойланып (біліп), оларға зер сала қарап, адамдар үшін ол амал-істердің жақсысы қайсы, жаманы қайсы, пайдасы мен зияны не дегеннің ара-жігін ажыратып, өзгелер көргендей пайдасын өзі де көру үшін оның жақсы жақтарынан айырылмай, зияны тиіп кетуден сақтанып, басқалар сияқты бәлесінен аулақ жүру екенін айтамыз.

Әрбір адам баласында екі қуат болады: бірі – ақыл қуаты (ойлау, зерде) келесісі – хайуани қуат. Бұлардың әрқайсысы қалау мен таңдауға ие. Адам осы екеуінің ортасында тұрады. Ол қуаттардың әрбірінде жеңімпаз болуға деген күрес болады: хайуани қуаттың күресі түрлі ішіп-жем, шығын жасау және жан тыныштығы сынды құмарлыққа бейім тұратын ләззат ісіне ұқсас болады. Ал ақыл қуатының күресі ізгі оң нәтижелерге күш жұмсайтын түрлі ілім мен түрлі әрекет сынды мақтаулы нәтижелерге ұқсас келеді.

Адамда біртіндеп ақыл пайда болып, сол ақыл қуаты күшейгенге дейін әуелі хайуани кеңістікте тұрады. Демек, хайуани қуат ақыл қуатынан басым. Неғұрлым басым әрі қуатты нәрсені бәсеңдетіп, оны ең күшті, ең міндетті нәрсеге қарай ыңғайлау (бейімдеу) қажет. Ізгілікті болғысы келген кез-келген адам әркез нәпсісін тыйып, ең тура, ең дұрыс нәрседен оны алыстатпай, бір сағат та нәпсіні елеусіз қалдырмай қаперінде ұстау керек. Егер нәпсіні бір сағат ұмыт қалдыратын болса, нәпсі деген жанды (тірі), жанды нәрсе қозғалысқа ие болғандықтан оның басқа шетке қарай жылжуы заңды (өйтпеске мүмкіндігі жоқ). Ол хайуани жақ. Хайуани жаққа жылжыған нәпсі ол жерден өзіне бірер нәрселерді ілестіріп, тіпті адам баласы ол жақтан нәпсісін кері қайтарғысы келсе де, оны елеусіз қалдырмай, бақылауда ұстаудан да өткен екі есе қиындыққа тап  болады. Және сол аралық ішінде ізгілікке ие болуы керек болған бар уақытын алдамшы нәрседен (нәпсісін) кері қайтарумен әуре болып жүргенде өткізіп алады. Сөйтіп ізгілікті қолдан шығарып алады.

Адам барлық істерінде мақтарлық та, айыптаулы да жағдайды басынан өткізетінін, одан тыс қала алмайтынын қоса айтамыз. Пайдалана білсе, бұл екі жағдайды да ол өз пайдасына жарата алады. Ол екеуінің әрқайсысынан нәпсісіне тиімді бір пайда таба алады және екі жағдайда да нәпсісін тәрбиелей алатын жағдайға жетеді. Егер адам өзіне пайдалы нәрсеге қол жеткізгісі келетін бір әдіс-тәсіл табатын болса онда мақтауға тұрарлық жетістікке жетуге тырысу керек. Егер тек қана мұқтаж болса, оған күші жетпейтін болса, онда тек қолынан келетін нәрсеге қарай жағдай жасау керек. Қысқасы адам мақтарлық жағдайда тек үш тәсілді көздеу керек. Бірінші мынау жақсы деп қарайтын көзқараста болатын болса, екінші нәпсіні осыған лайықты тәрбиелей алса, яғни, өз нәпсісіне қарсы тұра алатын болса, үшінші нәпсісіне жауапкершілік арта алатын жағдайға келе алатын болса, онда мақтарлық жағдайға қол жеткізуге болады. Шүбәсіз мақтарлық жағдайға жолыққан кезде бұл үш тәсілдің біреуін істеуге ұмтылу керек.

Ал айыптаулы жағдайға кез болса одан сақтанып, аулақтауға тырысу керек. Егер оның жолын таба алмай, айыпты жағдайға түссе мүмкіндігінше оған қарсы нәпсісін күшейтуі тиіс. Бұған қарамастан одан құтылу әсте мүмкін болмай жатса, одан арылуға әрі оның ұқсасына айналмауына нәпсісін үгіттеуі керек. Және осы жағдайға түсірген себептердің мейлінше жиіркенішті екенін көрсетіп, оның сұмпайылығына нәпсіні иландыру керек. Сондай-ақ, оның зиянына ұрынғандардың мысалын нәпсінің көз алдына шығарып, көңілін аударту керек. Адам баласы ірілі, уақты, хайырлы, хайырсыз болсын қандай хәлде де (барлық жағдайда да) нәпсісін тәрбиелейтін жағдайға жете алатыны анық болды.

Әуелі адам баласы қолға алуы тиіс нәрсе: бұл әлемнің және оның бөліктерінің жаратылған нәрсе екендігін білу әрі оған сену екенін айтамыз. Барлық болмыстардың әрбірінде себеп, дәлел бар ма, жоқ па дегенді түсіну. Индукция арқылы әр болмыстың бар болуының себебі болатынын табады. Сосын осы болмыстардағы жақын себептерге зер салып, олардың да себептері бар ма жоқ па дегенді қарастырады. Сөйтіп ол себептердің де себебі бар екеніне көзі жетеді.  Содан кейін бұл себептер шеті болмаған бір жаққа қарай жүре ме, әлде аяқталған бір жерде тоқтай ма немесе кей болмыстар кей болмыстарға айналма жолмен себеп бола ма дегенді ойланып, соған үңіледі. Соңында бұл болмыстардың шеті жоқ бір жаққа қарай жүруі мүмкін еместігін (абсурд) әрі ақылға қонымсыздығын, себебі ол болмыстардың шегі жоқ нәрсе туралы ілімге ие емес екендігіне жауап табады.

Тағы да айтарымыз, кей болмыстардың кей болмыстарға шетінен себеп болуы да мүмкін емес. Өйткені бұл оның өзіне себеп болатын бір нәрсенің болуын міндеттейді, мысалы егер алиф бә-ге, бә жим-ге, жим алиф-ке себеп болады дейтін болсақ, онда алиф өз-өзіне себеп болған болар еді. Бұл абсурд. Демек себептердің шегі бар деген сөз. Көптік аяқталатын әуелгі нәрсе ол бір. Сонда себептердің себебі бар және ол – бір. Ол себеп пен себеп болушының бір нәрсе болуы мүмкін емес. Демек әлем себептерінің себебі онсыз өздігінен Жалғыз. Адам бір нәрсені тануда тек көзге көрініп тұрғанына ғана сезім мүшелері немесе ақыл түсінігі (ақыл жүгірту) арқылы баға бере алатын болса, онда себептердің Себебі болған жаратушы Алла Тағаланың сипатын ұғына алмаған болар еді»...

Әбсаттар Дербісәлі,

Р.Б.Сүлейменов атындағы

 Шығыстану институтының директоры,

ҚР ҰҒА-ның  корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Айдынгүл Хаван,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты

Шығыстану факультеті

 

717 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз